Өлең, жыр, ақындар

Мұзды тау

  • 28.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1293
Мұзды тау мұнарлы ойға шомып батқан,
Зәрлі алған көкірегінде мұз боп жатқан.
Кеудең мен жүрегіңді сұп-суық қып,
Суық мұз жібіместей мәңгі қатқан.
Қарлы биік,
Мұзды тұйық.
Көкіректе суыр ма екен жанған күйік!..
Маңқиып тұнжырайсың көкке бойлап.
Түсіңді жылытпайсың, айналаңда
Жатқандай таусылмайтын бір ой ойлап.
Қарлы биік,
Мұзды тұйық.
Іш неге жібімейді, бетін суық.
Тек қана мұнар мен бұлт саған жуық,
Қиырға қалша қарап, тебіренбейсің.
Сұм қиял қатырғандай мәңгі буып...
Қарлы биік,
Мұзды тұйық.
Мұз жүрек, суық көкірек, кеудең биік,
Өмірге тебіренбейсің басыңды иіп,
Өмірге жібіместей мұз боп қатқан,
Бар ма әлде көкірегінде арман, күйік?..

Талақ қып тіршілігін қара жердің,
Ұсынып суық мұзға бойың бердің.
Жердегі тіршіліктен қашарлықтай,
Айтшы, тау, жерден қандай жәбір көрдің?
Мұзды шың, білесің бе жердің сырын?
Білемісің жердің гүлді ой мен қырын?
Беріліп махаббатқа дуана боп,
Жырлаған үзіліп-үзіп бұлбұл жырын?
Мұз биік, көріп пе едің аппақ гүлді,
Құшақтап жыр жырлаған жас бұлбұлды?
Ақ уылдыр, аппақ гүлге ғашық болып,
Жылаған үзіліп жырлап бұлбұл жынды.
Ғашық боп аппақ гүлге бұлбұл жынды,
Тербеткен жырмен талай торғын түнді.
Торғай да жапыраққа жасырынып,
Гүл құшқан түрлі күй мен көркем үнді.
Мұзды тау, мен де сендей болсам биік,
Алтын ай шақырса да көктен сүйіп.
«Жерді қой, ақым бұлбұл, кел!» десе де, —
Жердегі сүйгенімді кетпен қиып...

6-маусым, 1932 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қашқынның ауылы

  • 0
  • 0

Қараңғы түн.
Түн суық.
Ызғырық жел дауылы.
Таудың іші түнерген,

Толық

Біздің колхоз

  • 0
  • 0

Біздің колхоз
Түгел дайын,
Күш күтеді
Күннің райын,

Толық

Арқа сұлуына

  • 0
  • 0

Уа, шіркін, сүйдің ұзақ сусын қанбай,
Мойнымнан ақ білекті қойдың алмай;
Мас болып былқылдадың күйіп тәнің,
Керіліп маужыраған ақ маралдай.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар