Өлең, жыр, ақындар

Ғазал

  • 31.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1655
(...ге, Абай үлгісімен)

Сөйлей көр, тіл мен жақ,
Сөзіңнің бәрі хақ.
Парыздай міндетің
Қалқаны мақтамақ...
Мамық төс, ақтамақ,
Бұраң бел, құшсақ нақ.
Үлбірек екі ерін,
Бейне гүл қызғалдақ.
Қараймын қасыңа,
Жібектей шашыңа.
Тістерің ұқсайды
Ақ меруерт тасына.
Кел, жаным, қасыма,
Нансаң бұл расыма;
Бар дүние тең келмес
Жалғыз бір басыңа.
Бал тамған сөзіңнен,
От жанған жүзіңнен.
Мөлдіреп қараған,
Айналдым көзіңнен.
Бал беріп сөзіңнен,
Өптірші жүзіңнен.
Ұжмақтай хор қызы
Артылмас өзіңнен.
Жүректің дертін бас,
Кел, жаным, көңілімді аш
Ақырын жымиып,
Күліп бір нұрың шаш.
Ғашықтық болсын паш,
Білсін де өзге жас.
Жалындай жандырып,
Лебіңмен қылшы мас!
Лебізің шекер бал,
Сымбатың өрім тал.
Шырайың саяда
Алмадай қызыл ал.
Сен бір шоқ қызыл гүл.
Қонған кеп мен бұлбұл.
Тарқамас құмарым,
Сені иіскеп бес мың жыл.
Сайра да біздің тіл,
Жырла да мың құбыл.
Бұлбұлдың ғашығы гүл,
Сүйгенім, өзің біл!

1915 жыл, маусым.
Біздің ауыл Есен



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Туған жерім – өз елім

  • 0
  • 3

Қайғы ойлаттың естен кетпей туған жер,
Қаны қашты, әм сарғайды ет пен тер.
Сені ойласам ішім күйер қапа боп,
Жүрегімде түйіншектей қайғы шер.

Толық

Kім басшы – аға халыққа?

  • 0
  • 0

Халық ағасы жұрт қорғайтын панадай,
Адасқанды жөнге салар данадай.
Қара халық жөн білмейтін, адасқан,
Соңынан еріп қалқақтаған баладай.

Толық

Анамның хаты

  • 0
  • 0

Байғұс ана хат жазыпты,
Депті «балам сағындым»,
Ұмыттың ғой бізді тіпті,
Бір келмедің неғылдым?

Толық

Қарап көріңіз