Өлең, жыр, ақындар

Ақша қар

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1315
Ақша қар үлпілдеген қалқып ұштың,
Жер үшін шатты жайдан — көктен түстің,
Қайғысыз мәңгі сәби періштелер,
Мәңгілік жайын тастап жерді құштың.
Тастадың сансыз сәуле күн мен айды,
Еркін кең, нұрлы, таза, шатты жайды,
Өкінбей қара жерге түскеніңе
Жүзің шат, мың құбылып жалтылдайды.
Қиялдай қанатыңа ерік бердің:
Қалықтап ала бұлттың соңына ердің.
Көктегі сансыз сәуле жұлдыздардың
Қосылған әнін естіп, биін көрдің.
Ұшқындап сәні кеткен ағаштарға
Ақ күміс шашақ болып көрік бердің.
Құлпырып жұлдыздай боп күлімдейсің,
Не көркін көрдің айтшы қара жердің?
Мехнатты, былғанышты түсіп жерге,
Кіршіксіз аппақ таза болдың перде.
Ақша қар, уайымсыз жалғыз-ақ сен,
Мәңгілік шаттығыңды жанға берме!

1917 жыл, 18-қазан, Ақмола



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақ сабағы

  • 0
  • 0

Иесі болса дағы алтын тақтың,
Көнеді бенде ісіне жалғыз хақтың,
Тағдырға мойын сұнып, елден безіп,
Мен жүрмін ортасында бөтен-жаттың.

Толық

Тағы бір тілек

  • 0
  • 0

Өзгерді совет келіп, ел шырайы,
Өзгерді бұрынғы «жау» көрші райы.
Түсті кеп жарлылардың, бөлісіне,
Ірі ну, бай малы мен жер шұрайы.

Толық

Ызғырық аязда кедей аулы

  • 0
  • 0

Қар үстінен шаңытып
Құйқылжиды борасын.
Даладағы ауылдың
Басып көмед қорасын.

Толық

Қарап көріңіз