Өлең, жыр, ақындар

Сұлу терек

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1592
Кербезсің маңызданған, сұлу терек!
Орандың желбіреген жасыл желек.
Тұрасың ырғатылып, тәкаппарсың,
Басқа ағаш көрінбейді саған серік.
Сымбатты, оқтай түзу бойың мінсіз,
Бұл жақта сенде-ақ көрдім мұндай көрік.
Аспанға бой созасың үндемейсің,
Тәкаппар, жалғыз өскен дәтін берік!
Маңыңнан өтіп жатыр кедей, бай да,
Жас, кәрі, зорсынған да, кішкентай да.
Біріне иілмейсің, қарамайсың,
Аспанда-ау, сенің көңілің Күн мен Айда.
Сұлуым! Айтшы маған сен сырыңды,
Тәкаппар болсаң дағы сен бір мұңды.
Көкке бой қанша созсаң жібермейді,
Ұстап түр қу қара жер тамырыңды.
Сұлуым! Келші маған басыңды иіп,
Енгізші құшағыңа беттен сүйіп.
Оралып мойныма жапырақтарың
Желбіреп жібектей боп тұрсын тиіп.
Есіттім Сарыарқадан, сұлу терек,
Әдемі жапырақтарың жасыл жібек.
Арқаның еркесіне иілмесең,
Босқа өткен сұлулығың неге керек?!

1922 жыл, 16-сәуір, Ташкент



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырда

  • 2
  • 4

Күңіреніп қырда отырып көкірек кернеп,
Ән салдым домбыра алып ырғап, тербеп.
Аузымнан өлеңімді қағып алып,
Ызыңдап кетті жаттап асау жел кеп.

Толық

Орман

  • 0
  • 0

Орман міне,
Мұның да үні
Кейде жұмсақ, кейде шу.
Кейде тынық,

Толық

Тұлпарым...

  • 0
  • 1

Бұрын атым — тұлпар еді, бәйге көк,
Енді міне, поезд болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға!
Тұлпар қол ма?

Толық

Қарап көріңіз