Өлең, жыр, ақындар

Біздің тұрмыс – экспресс

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 677
Тұрмыстың қара ісіне,
Әлемді құл ғып күшіне,
Еріксіз жұтып ішіне,
Экспресс жөнейді.
Ғашықты жардан бөлсе де,
Талай жан жолда өлсе де,
Жасты, қанды көрсе де,
«Обал болды» демейді.
Жарым артта қаларын,
Меруерттей жасы тамарын,
Білсем де маған қарарын,
Поезға міндім таласып.
Талай жан жаннан айрылды,
Талай жар жардан айрылды,
Сұңқардай талай қайрылды,
Телміріп қалды адасып.
Экспресс зырлайды,
Ешқайда мойын бұрмайды,
Ешкімге қарап тұрмайды,
Аямай жанды баратыр.
Жарымды артта қалдырды,
Кеудені өртеп жандырды,
Алысқа көзді салдырды,
Ұшырып алға қаратып.
Аждаһадай иреңдеп,
Жорғалап кейде күйреңдеп,
Сумаңдап, кейде сүйреңдеп,
Экспресс зырлайды.
Ентігіп жылдам сыбырлап,
Аяқтары қыбырлап,
Адымы жиі жыбырлап,
Тұра тұр десем тұрмайды.
Зырла, экспресс, үш, зырла!
Жұлдыздай ақ, құлдырла!
Құйындай құтыр бұлдырла!
Аямай жүгір бәрің де!
Ерлер мінсе, шыдасын!
Қорқақтар мейлі жыласын,
Шыдамаса құласын!
Аямай сілте барыңды!

1922 жыл, 23-тамыз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Октябрь мерекесіне

  • 0
  • 1

Октябрь десе көкке қанат жаям,
Тіл жетпес сәулетін тек қылып баян.
Дүниені қалтыратқан Октябрьдің
Істері кереметті әлемге аян!

Толық

Далада

  • 0
  • 0

Жүген-құрық тимеген,
Жасынан ноқта кимеген
Алты жасар асауды
Ұстап міндім далада.

Толық

Советстан – отарба

  • 0
  • 0

Поезд іші дауам қайнап құбылмақ,
Әлсіз сорлы сәкі астына тығылмақ.
Біреу жетпек,
Біреу кетпек,

Толық

Қарап көріңіз