Өлең, жыр, ақындар

Сілкініс

  • 15.09.2022
  • 0
  • 0
  • 584
Үндемеуге шыдайды қалай дәтің,
қызыл сөзге жанулы талайда тіл.
Бір тірегім – Шешем ед, қартайған-ау,
Өлөң емес, өлімді кім айтады.

Әкемізден бесеу ек малақайлы,
соры – бөлек, қайтесің, солақайдың.
Мен панасыз бұлт болсам, төрт ағайын
төрт маусымы секілді он екі айдың.

Кімдер-кімдер еркек пе, ұрғашы ма,
білдірген соң мендегі жырға шүбә?
Қарындасым айнаға табынады,
айырбастап сырымды сырғасына.

Кімге күлкі болдым мен, кімге таба?!
Жұлдызды Ойды жұлдызсыз түнде табам.
Досым бар ед... байқаймын, менен гөрі
әйелінің қабағы қымбат оған.

Қайғылыда қалмайды, сірә, қадір,
қандай ғана тағдырға сынақ әділ?
Жарасынан жанымның дірдек қағып,
дірдек қағып қып-қызыл Жыр ағады!..

Айналамның бәрі де – құдай-тәңір!
Шекемізден сөйлейді дүлей тамыр!..
Өзгелерге мұңымды шаққан болып,
осылайша өзімді тыңайтамын.

Ғұмырымды қайғымен майдаласам,
Сөз де – нашар мендегі, Ой да – нашар.
Өкпемді айтып қайтемін өзгелерге,
өлөңдеткен өзіме майдан ашам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ертегі

  • 0
  • 0

Қара Аспанның Өң мен Түсі түйіскен
Шұғыласында
Періштелер сүйіскен.
Тіршілікті жарататын (тыныстан!)

Толық

Кейде

  • 0
  • 0

Кейде, мен
қырық жыны ерен қызыл кәрленген аязға
шыға саламын жалаңбұт… дымқыл жейдемен.
Кейде, мен

Толық

Сезік

  • 0
  • 0

Отыр едім мен бірде, жүрек – ояу, тіл – сұлық,
күле келді ол маған, қысық көзде күн сынып
– Жүдеулісің... немене, жүрсің бе әлде ауырып?
Күтінуге біздің де мұршамыз жоқ, бауырым.

Толық

Қарап көріңіз