Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың Батысы мен Шығысы туралы ой

  • 06.01.2023
  • 0
  • 0
  • 311
Жүрегімнің қоздайтұғын жарасы,
Көңілімнің боздайтұғын наласы –
Қазағымның таусылмайтын таласы.
Тар боп бізге мынау байтақ кеңістік,
Сен Шығыс боп, мен Батыс боп керістік.
Түстік пенен Терістікті бөлістік.
Бір атымдық насыбайдан көңіл қап,
Түймедейден таптық таудай кемістік.
Шіркін, мұрнын сиыр екеш сиыр да
шүйіретін нәрсе үшін
О, құдая, жан алыстық, және жанды берістік.
Айтшы, ағайын, қашан шыннан сеністік?
Баласы боп бәріміз бір Отанның
Қашан ғана сүттей ұйып отырамыз
Ата жерін қоныс және өріс қып.
О, кесірлі кеселдер-ай, жып-жылы
Жүрегімді қатыратын беріш қып!
Бір-ақ қана кабинетте екі-ақ қазақ отырсақ,
Екеуіміз екі елміз.
Бауыр емес, бөтенбіз.
Екі бауыр өзара қасқырдайын қырқыссақ,
Жетіседі екенбіз!
Ұятынан осы айтқан сөзімнің
Осы бойда өртенуге аз қалдым.
Осы бойда өртенбесем –
Парқын қалай түсінемін жігіттегі мәрттіктің.
Нарқын қалай түсінермін
Қыздарымыздағы қазақи бір наздардың.
Осы бойда өртенбесем –
Қасиетімді қалай сақтап қаламын,
Қазақ болып қашан сонда маздармын!
Осы бойда өртенбесем –
Шоқан болып қашан шығам шыңға мен?
Мұхтар құсап жасаймын ба нұрлы әлем?
Иықтылармен теңестіріп иықты
Түсе алармын ба сынға мен?
Осы бойда өртенбесем –
Өмір бойы өтем батып мұңға мен!
Бар ма мәні мұншалықты назаның?
Елдігімді есейтем деп жазамын.
Неге мұнша қағам көңіл тозаңын?
Өрлігімді күшейтем деп жазамын.
Әзиз жүрек шындығын
Осылайша шырқыратып аламын.
Отан атты отбасының
Күлін солай бұрқыратып аламын.
Бәлкім, сонда өтеледі парызым –
Аралымның ең айдынды кезі боп,
Сонда мүмкін толамын.
Қазақ деген қалың жұрттың
Қасиетін, өсиетін, кепиетін, киесін,
Тілі менен тағдырының дамитұғын жүйесін
Сонда сақтап қаламын.
Өтелгені парыздың
Осы жырым сәуле болып құйылса
Саңылауына сәулесі бар сананың.
Сондықтан да ашпа араны сынадай,
Ақиқатқа жүгінейік мынадай:
Батыс пенен Шығыстың қанша болмақ арасы?
Оны өлшеуге көз түгілі,
Көңіл жетпес кеңжазира болса да –
Кем соғады айналайын
Ұлан-байтақ қазағымның даласы.
Алаулаған Күн шығады Шығыстан.
Мейірбан Күн күллі әлемге туысқан.
Бейнетқор Күн қалжыраған жұмыстан
Белдеулеп кеп Жер шарын
Батарында Батысымен ұғысқан.
Ғаламға ортақ Күн ана
Тіршіліктің көзі болып
Жарқыраған нарттай қызыл Туының
Оңтүстік пен Солтүстікке,
Шығыс пенен Батысқа да
Тең бөледі жылуын!
Жалғыз ұлттың, бір халықтың
Болмақ емес Шығысы мен Батысы.
Иемденуге Солтүстікті жекелеп,
Иемденуге Оңтүстікті жекелеп,
Жоқ ешкімнің хақысы!
Ғаламды Күн сондықтан да шарлайды.
Ортақ Ана
Кіндігінен жаратылған балаларын барлайды.
Күнделікті Күн шуағын сімірмей,
Жер бетінде адам мейірі қанбайды.
Сондықтан да Батыс пенен Шығысты
Картасымен қазақтың
Тұйықтауға болмайды.
Тұйықтасақ – сол қайғы.
Сен түстікке, мен болсам,
Терістікке қарап жатып ұйықтауға болмайды.
Ұйықтасақ – сол қайғы,
Тұйықтасақ – сол қайғы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нұрхан ағаның рухына

  • 0
  • 0

Көкшеде сенің барыңа
Қуанушы едім, қайтейін?
Жақын бір тартсаң жаныңа,
Жұбанушы едім, қайтейін?!

Толық

Ертегі

  • 0
  • 0

Санама сіңген көп сурет
Сабырды сарқып ішкендей.
Сиқырын, сірә, көрсін деп,
Салмағы маған түскендей.

Толық

Көкше десем...

  • 0
  • 0

Көкше десем —
Түседi еске көктемiм.
Көкше десем –
Мейiрленер көкте Күн.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар