Өлең, жыр, ақындар

Анашыма

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​

Анашым деуші едің ғой «бал бөбегім»,
Құлақта сол бір айтқан сазды өлеңің.
Ең алғаш жыр жазғанда өзің жайлы,
Шимайлап,​ есімде көп жөндегенім.

Анашым айтушы едің «адам бол» деп,
Болмаса өнер-білім өспейсің деп.
Сенімің маған артқан шабыт сыйлап,
Келемін айналамды жырға бөлеп.

Анашым «сөз тасыма» деп үйреттің,
Күншіл мен міншілдерден жерін дедің.
Көрсем де өнеріңді сан мың түрлі,
Тек қағаз, қаламымды серік еттім.

Болса да бойыңда сан жақсы қылық,
Барлығын кете алмадым мен сіңіріп.
Төзім мен шыдамдылық жетіспейді,
Маған жат сендегі мол сабырлылық.

Үйренерім таусылмас өзіңізден,
Қолы шебер анашым,​ шайы күрең.
Сіз — көпшілсіз,​ ал қызың — кісікиік,
Жалғыздықта қаламын серік еткен.

Мерейтойың бүгінгі құтты болсын,
Көп алып ең алғысты көрдім өзім.
Елден алған ақ бата,​ разылықтар,
Осы күнге жеткізді сезіп тұрмын.

Әлі де ұзақ жүріңіз жер бетінде,
Сусындатып көзімді келбетіңе.
Ана сіз бар болған соң жас балаша,
Еркелейміз әлі күн​ өзіңізге!

Бақыттымыз расында,​ анамыз бар,
Ана деген — қорған ғой,​ ана — тұмар.
Ана сіздің дұғаңыз қасиетті,
Жауға шапса ұрпағың қалқан болар!

Бар бола бер,​ анашым, жаса тағы,
Төріміздің сәнісің,​ ақ баталы.
Құтты болып бүгінгі мерейтойың,
Қабыл болсын көпшіліктің дұғалары!

Гүлмекен Қасенбай
25.07.2023



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз