Өлең, жыр, ақындар

Шалқысаң – бірге шалқыдым

  • admin
  • 05.01.2024
  • 0
  • 0
  • 60
Шалқысаң – бірге шалқыдым,
Балқысаң – бірге балқыдым.
Біреуге сәуем тимесе,
Тиген жоқ жанға салқыным.
«Жалпылдап қалған бұл кім?» деп,
Жатсына көрме, жарқыным.
Жарқыным, осы – бар шыным.
Жақсыға жаны сүйінген,
Жаманға жаны күйінген.
Асылдан қалған сынық ем,
Тазадан қалған қиынды ем.
Сыйласа білсең «сіз-біз» деп,
Шыбығың болып иілем,
Шілтерің болып түйілем.
Пейілім дарқан даладай,
Көңілім әлі баладай.
Баладай жаным жабырқап,
Тартады кейде жадағай.
Үзіліп қалған арнасы,
Үздік те үздік сағадай,
Үгіліп жатқан жағадай.
Кейде өмір өстіп бұлданар,
Бұлданса, көңіл тұлданар.
Сарқырап құяр сағама,
Сарқылды неге жылғалар.
Қиқулап қазбен тырналар,
Тылсымнан беріп бір хабар,
Шырылдап шымшық, шегіртке,
Шалғыным қашан ырғалар,
Құр қалар ма екем, құр қалар?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қадалып көкке жатырмын

  • 0
  • 0

Қадалып көкке жатырмын,
Жұлдызым менің қай тұста?
Жанындай о да ақынның,
Ойлы да мұңды байғұс па?

Толық

«Ақынмын» деп болады айтуыңа

  • 0
  • 0

«Ақынмын» деп болады айтуыңа,
Ел аралап, жер көріп қайтуыңа.
Ақын деген табиғат перзенті,
Ол өмірге келмейді жай туыла.

Толық

Ризамын құбылыстың бәріне де

  • 0
  • 0

Ризамын құбылыстың бәріне де,
Көгілдір көктем, қыстың кәріне де.
Тағдырым тақия емес басымдағы,
Кезігіп, кез боламын әлі неге?

Толық

Қарап көріңіз