Өлең, жыр, ақындар

Таласым-ай

  • admin
  • 07.01.2024
  • 0
  • 0
  • 70
Тасқындап тауды тілген, Таласым-ай,
Таластың дейтін еді даласы бай.
Айнадай атшаптырым айдынында,
Аққу мен жүзуші еді жарасып Ай.
Жылғаңа көз жасындай жылап аққан,
Жабырқап жарты аспанның қарасын-ай!
Арса-арса арналарың, сағаларың,
Сипалап жар-құзыңды жағаладым.
Аққайран, ақсазаның асыр салған,
Дариям, сені қайдан таба аламын.
Тіленген шөлден қақ-қақ қабырғасы,
Ішінде жарқабақтың қамаламын.
Жағаңда жатушы еді төрт түлігің,
Елемей шілденің де өртті күнін.
Асыр сап айдыныңда жүзуші еді,
Көрсетіп ұл-қыздарың ептілігін.
Тарқаған балалықтың базарындай,
Қалайша сенің сәнің кетті бүгін.
Көк шалғын көк теңіздей тербетілген,
Ғайып боп бара жатыр жер бетінен.
Суырып қиыршық құм, ақ топырақ,
Қурайлар зар илейді тербетілген.
Арнадан асып аққан, Таласым-ай,
Сен қашан кең өлкеңді шөлдетіп ең?
Айналып ақ бұлтқа кетсем бе екен,
Сел болып саған құйып өтсем бе екен.
Кезерген кенересі кең далама,
Телегей-теңіз болып жетсем бе екен.
Айналсаң сулы жерге, нулы жерге,
Арман не, кіндігімді кескен мекен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақындардың айнасы

  • 0
  • 0

Ақындардың айнасы – жалтылдаған жанарлар,
Сенбесеңдер – өмірге ақын болып қараңдар.
Қараңдаршы, әнекей, ана көздің сырларын,
Сыршыл бол да, қанекей, соны барып тыңдағын.

Толық

Көрер бейнет

  • 0
  • 0

Көрер бейнет,
Табар зейнет болмаса,
Бірде ортайып,
Бірде көңіл толмаса.

Толық

Түгел еді, дүнием түгел еді

  • 0
  • 0

Түгел еді, дүнием түгел еді,
Түгел ғой деп әкем де күлер еді.
Түн ұйқысын төрт бөліп жыл он екі ай,
Түгендеуге жоғымды жүрер еді.

Толық

Қарап көріңіз