Өлең, жыр, ақындар

Жалғызы едім

  • admin
  • 08.01.2024
  • 0
  • 0
  • 214
Жалғызы болдым иманды ата-ананың,
Құлыны болдым жусанды жұпар даланың,
Жалбызы болдым бұлбұлды бұлақ жағаның.
Бұла боп өстім, бұғалық түспей мойныма,
Оранып ерке даланың сағым, самалын.
Өмірде тіптен жамандық барын білмедім,
Алаңсыз өтті күндерім менен түндерім.
Көрмедім ешбір үйлерді есік құлыптап,
Ішінен салып қойғанын, түнде ілгегін.
Атамның күйін тыңдадым, әнін әжемнің,
Жетектеп алып жүргендеріне мәз едім.
Ес білген шақтан сіңіріп өстім жүрекке,
Халқымның ғұрпын, салты мен дәстүр, әдебін.
Көктем деп көктем көкектер ерте келетін,
Көкек деп көкек әр жерден жемін теретін.
Даладан ошақ қазылып, қазан асылып,
Қаз-қатар үйлер наурыз көжесін беретін.
Дүркірей шапқан қозы-лақ соңынан еретін,
Қолыңды созсаң, саусақтарыңды еметін.
Қарайған жанға кейбірі қарап маңырап,
Іздейтін еді өрісте жүрген енесін.
Тартылып желі құлындар түгел байланып,
Биелер кетпей жүретін желі айналып.
Тайларды ұстап жігіттер күзеп шетінен,
Кезекте-кезек жататын қайшы қайралып.
Сіміріп саумал көпіріп тұрған көбігі,
Құлын болып айнала шаптым желіні,
Айғыр да болып азынап жерді тарпушы ем,
Таптамақ болып үйірге шапқан бөріні.
Па, шіркін, қайда балауса шағым, бал шағым,
Қап-қара батпақ шылаулы ойдан шаршадым.
Көгілдір аспан көз жетпес далам, туған жер,
Дауылыңды да сенің, жауыныңды да сенің аңсадым
Шалқар сағынышымды шерте де, шерте
Шертпе күйменен тарқадым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұмытып жалған дүниені

  • 0
  • 0

Ұмытып жалған дүниені,
Өртенген шағың есте ме?
Ұмытпай жүрмін мен сені,
Ұмытылар емес ештеңе.

Толық

Құрдасыма

  • 0
  • 0

Көктем өтті, жаз өтті, күз де келді,
Шықтым жолға жоғымды іздегелі.
Жалпаң мақтан, жалған сөз мезі етті,
Тек әділдік керек-ау бізге енді.

Толық

Шыр етіп кіндік қаным тамған мекен

  • 0
  • 0

Шыр етіп кіндік қаным тамған мекен,
Ең алғаш тынысымды алған мекен.
Өрілген өзегімнен өлеңімді,
Өзіңе өмір бойы арнап өтем.

Толық

Қарап көріңіз