Өлең, жыр, ақындар

Жаз келеді

  • admin
  • 14.02.2024
  • 0
  • 0
  • 362
Жел жалығып, хал жиып,
Қалғып қана тербелед.
Жұмсақ қана жымиып,
Жібек қанат жаз келед.
Көк алтынға көмілген,
Ауаға алтын себілген.
Алтын емес себілген,
Жаздың шашы төгілген.
Әне, ерке жаз келед,
Ал, балалар, қараңдар.
Ойнап, алтын шаш беред,
Ал, балалар, тараңдар.
Қайғылансын, күрсінсін!
Енді ұзамас, ерір қар.
Еркетай жаз бір күлсе,
Күлмей, шыдап кім қалар?
Сұлу жаздың лебізі
Қар түгіл, мұзды балқытар.
Көл, өзенін, теңізін
Ойнатар, бәрін шалқытар.
Төл үйдегі үйшікті
Таста, бала, белді бу.
Белден батып күртікке,
Енді ізде қызыл су.
Баланы күміс дауыстан
Кім тоқтатар, кім тыяр!
Ерке жаз да алыстан
Жұмсақ қана жымияр.
Қаракөз, таста кестеңді,
Үйде отырып қуарма.
Тысқа шығып-кіргенде
Екі бетің – екі алма.
Дертің болса жүректе,
Төкпе жас көзден, аһ ұрма.
Жеткізер анық тілекке,
Шық та жазға сыбырла.
Жұмақ нұрлы жаз келед,
Алтын жүзді, алтын шаш.
Ағаштар ақырын теңселед,
Жанды-жансыз бәрі мас.
Күн батқан соң, қатқақ боп
Қуанғанда ессіз қар,
«Жаз келеді, жаз, жаз!» – деп,
Жымыңдайды жұлдыздар.
Алтын сәуле тұр сүйіп,
Жел маужырап, тербелед.
Жұмсақ қана жымиып,
Жібек қанат жаз келед.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тірілдім

  • 0
  • 0

Сансыз күндер ой астына көмілдім,
Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.
Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,
Өліп едім, бүгін тағы тірілдім.

Толық

Жер жүзін топан басса екен

  • 1
  • 1

Жер жүзін топан басса екен!
Асқар таудан асса екен!
Таудай толқын құтырып,
Улы көбік шашса екен!

Толық

Қарағым

  • 1
  • 7

Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме.
Оқымай ойын қуған балаларға.
Жолама, шақырса да қасына ерме!

Толық

Қарап көріңіз