Өлең, жыр, ақындар

Сен сыйлаған түйме

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 30
Сүрем өмір қос мезгілде: күз бен қыс,
Сен жақта ғой көк аспанда жүзген құс.
Суық сүйген төсімдегі сұңқарым,
Қарлығаштың жұпары бар ізбен ұш.
Өртеп өтед қарағаның сұрыма,
Сырды ашып ақтарсам ба бұрыла.
Мені көрсең қалушы едің ұялып,
Батқан күннің шағылысып нұрына.
Жақындадың жетектеп-ап ірі үміт,
Қорған іздеп, құшағыма жылынып.
Үзілердей костюмімнің түймесі,
Жалғыз жіпке тұрған еді ілініп.
Сол бір күзде жапырақ сыр тоналды,
Сол бір ару сезім шырақ жаға алды.
Жүргеннен соң үсті-бойға қарамай,
Костюмімде жалғыз түйме жоғалды.
Бір күні сен мені қатты қинадың,
Өз тәніме өзім тағы сыймадым.
Сандықшаға қара түйме салып-ап,
Жүрегіңді қоса маған сыйладың.
Жанарыңнан көріп таңның шапағын,
Нұр төгілген көздеріңе қарадым.
Костюмімнен тастамаймын қорықпа,
Қара түйме — қарашығың, қарағым!
Екі жүрек жақынырақ танысты,
Ғашық едік, жақындаттық алысты.
Құшағына сіңіп кетіп жаңбырдың,
Тоқтағанша билеуші едік вальсты.

Біздің бақты тойлағандай бар алап,
Ән айтушы ек өзен, көлді жағалап.
Құшағына сіңіп кетіп қаланың,
Күн батқанша жүруші едік аралап.
Бақыт мәңгі деп өзімді жиі алдай,
Аңғал, аңқау әдетімді тыя алмай.
Сол баяғы жүйткігенде автобус,
Қол бұлғаушы ең терезеден қия алмай.
Екі бақта адасумен жүр үміт,
Қара күздің келгені де білініп.
Үзілердей жүрек-түйме кеудемнен,
Жалғыз ғана үмітке тұр ілініп.
Үзілді жіп, түйме жерге құлады,
Көбейді сөз, жауабы жоқ сұрағы.
Сен сыйлаған, мен серт берген түйменің
Костюм емес, жүрек еді тұрағы.
Кетер болсаң, жеңіл болсын, жылап кет,
Тыйылмады қоңыр күзден сұрақ тек.
Қара түйме... мың жоғалтып, мың таптым,
Жоғалттым ғой сені сонда бір-ақ рет.
Сен бөтенсің — жүрегімнің күйгені,
Бәлкім көрем сен отырған күймені.
Жылдар өтті, костюмдерден үзіліп,
Қаншасына сыйладың-ау түймені.
Сәби сынды сезімменен сүйген ем,
Сен кеткелі сең соққандай күйге енем.
Мен келемін баяғы сол костюмде,
Сол баяғы қара көзді түймемен,
Үзілмейтін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Екі шың

  • 0
  • 0

Мұңды сүйер, мұң көтерер ер деген...
Жан-жүйкеңді жыр әлемі кернеген.
Ғашығың бар, жан досың бар, мұңың бар,
Бай адамды сен секілді көрмегем.

Толық

Тау

  • 0
  • 0

Таудан бұлттар көшеді
Салқын самал еседі.
Қолым созып биікке,
Тауға қарап өсемін.

Толық

Не үшін өмір сүріп жатқанымды

  • 0
  • 0

Не үшін өмір сүріп жатқанымды
білер ме атқан таңым, батқан күнім...
«Аһ» деп мен күрсінуге бола туғам
жолыңда жүру үшін Хақ Тәңірім...

Толық

Қарап көріңіз