Өлең, жыр, ақындар

Мен Нұржанмын...

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 26
«Мына, бала айнымаған Нұржан ғой...»
Әкемнің көзін көргендер

Иә, Нұржанмын... мен Нұржанмын...
Нұржанмын...
Жаралдым ба, жұлдыз құйған нұрдан мың?
Нұрбек пенен Нұржан мүлдем бөлінбес,
Бір жүрекпін, бір денемін, бір жанмын...
Сағат тілі өтіп жатыр бірі кем,
Қайта оралмас уақыттардың бірі екем...
Танып тұрмын бұл Аспанды, бұл Жерді,
Бәсе, бәсе!
Өлмегенмін, тірі екем.
Нұрсың, әке! Қаулай алмас өрт енді!
Нұр ішегін, бұлт саусағы, шерт енді!
Барып қайттым қабіріңе кеше мен,
Барып қайттым қабіріме ертеңгі...
Қабіріңді сипалайды мың бір леп,
Жапырақтар қоштасуда бір-бірлеп.
Мен туғанда, сен қайтыпсың өмірден...
Ғұмырыңның жалғасы ғой бұл Нұрбек...
Қайың, жүрші, әкемізді сұрайық!
Жүрегімен жапырақтың жылайық.
Шешем мені туған кезде қайғырып...
Мен өмірге келген екем мұңайып...
Күз жетектеп, бұлтқа еріп көшем мың,
Жүрегімнің табанымен кешем мұң.
Саусағыңның иісі бар, ізі бар...
Қылау басқан кей шашында шешемнің...

Қайың, әке! Тамырыңнан сыр ұқтым,
Қайың, әке! Жалғасыңмын, шыбықпын.
Жиырмадамын...
Жиырма бесте кеттің ғой...
Жасым енді, бесеуінде қырықтың...
Кемпірқосақ — сағым мұңсыз, қаяусыз,
Маңдайына көк аспанның бояу сыз.
Қарап тұрмын көзіменен әкемнің,
Қысқа ғана бұл өмірге баянсыз...
Гүл өседі қабіріңнің басында.
Мен күздемін, сен көктемнің қасында.
Мен түндемін, сен таңдасың, жан әке!
Мен ұйқыда, сен ояусың, расында!
Шыдаймыз ғой түскеніне еңсенің,
Көнеміз ғой, көкіректе семсе мұң.
Мен өзіңдей қуанамын, мұңаям...
Балаңмын ғой, көшірмеңмін мен сенің.
Орайым да саған ұқсас,
Әрдайым
сағыныштан шөліркеген таңдайым.
Орайымды «сиыр жалаған» дейтін жұрт,
Күн жалаған «жарқырасын» деп маңдайым.
Әке! Сенің осы жалғыз балаңды,
Біреу «жақсы» дейді, біреу «жаман-ды».
Шаштарың деп иіскеймін жусанды,
Құшағың деп құшақтаймын даламды...
Туған жердің құшағынан хат ашып,
Жырым менен мұңдарым да матасып.
Маңдайымнан иіскейді қайран жер,
Қойнындағы төмпешік деп шатасып...

Суретіңдей сарғаяды сезімім,
Кірпігіме қайғы сіңген, көзім — мұң...
Әке, сенен маған қалған мол мұра —
Портретің және менмін...
Өзіммін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен өмір сүремін...

  • 0
  • 0

Мен өмір сүремін...
Нұр жанарында бақыттың,
Ақ кірпігінде уақыттың.
Мен өмір сүремін...

Толық

Апама ұқсайсың

  • 0
  • 0

Ойыңнан сенің қайғырам,
Жырыңды оқып түңілем.
Аппақ жаныңды парақтап,
Кітап жүзіңе үңілем.

Толық

Түсінікті еді бізге гүл тілі...

  • 0
  • 0

Түсінікті еді бізге гүл тілі,
Бақытты едік... иә... білем... күлкілі.
Жүрегіме, тереземе буланған...
Суретіңді өрнектеймін бұл түні.

Толық

Қарап көріңіз