Өлең, жыр, ақындар

Мен өмір сүремін...

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 46
Мен өмір сүремін...
Нұр жанарында бақыттың,
Ақ кірпігінде уақыттың.
Мен өмір сүремін...
Қауырсынында құстардың,
Суық ернінде мұздардың.
Мен өмір сүремін...
Орамалында апамның,
Тақиясында атамның.
Мен өмір сүремін...
Нүктесіз мүлдем сұрақсыз,
Ақша бұлттарда түрақсыз.
Мен өмір сүремін...
Іздерім сіңген көшем мың,
Әжімінде шешемнің.
Мен өмір сүремін...
Домбырасында әкемнің,
Күмбірлеп, жоқтап әкел мұң.
Мен өмір сүремін...
Таранған Күннің шашында,
Жұп-жұмыр Айдың басында.
Мен өмір сүремін...
Қайғысында әлдидің,
Қуанышында сәбидің.
Мен өмір сүремін...
Көк сиясында қаламның,
Топырағында даламның.
Мен өмір сүремін...
Құшағын кезек ашқан күн,
Қос парағында аспанның.
Мен өмір сүремін...
Нұрында түнгі шырақтың,
Ойында сансыз кітаптың.
Мен өмір сүремін...

Жалғыздық жүрген жондарда,
Бақытсыз жүрген жолдарда.
Мен өмір сүремін...
Терезесінде жетімнің,
Сарғышы күзде бетімнің.
Мен өмір сүремін...
Жұлдыз шамында түндердің,
Күміс шығында гүлдердің.
Мен өмір сүремін...
Мезгілсіз өткен шақтарда,
Сарғайып қалған хаттарда.
Мен өмір сүремін...
Ақ ұлпа қарда құлаған,
Қол шатырларда жылаған.
Мен өмір сүремін...
Саусағы әжім талдарда,
Аяғы талған жолдарда.
Мен өмір сүремін...
Қоңыр күпіде күз киген,
Көктемгі гүлде қыз сүйген.
Мен өмір сүремін...
Қарағай, қайың, орманда,
Кешеде, бүгін, арманда.
Мен өмір сүремін...
Жақсылық барда, ар барда,
Бұлытсыз атқан таңдарда.
Мен өмір сүремін...
Жүрегінде өмірдің.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұң патшасы

  • 0
  • 0

Қарап тұрған жалғыз жанар тесіле,
Ай көзінен сіңдіріп мұң төсіме.
Тәнсіз жүрек ақтара сап қайғысын,
Төне қалды бұлт көйлегін шешіне.

Толық

Қара шал...

  • 0
  • 0

Жел тербеген жусан, шалғын биіне,
Қарап тұрып сағынышым үйіле,
Асығамын өткеніме кешегі,
Балалығым қалған сонау үйіме.

Толық

Қол бұлғаймын достарыма көктегі...

  • 0
  • 0

Қол бұлғаймын достарыма көктегі,
Құс біткеннің бәрі маған өкпелі.
Өкпелеңдер, мейлің, мейлің ренжіңдер,
Жат көрмеңдер, жеккөрмеңдер тек мені.

Толық

Қарап көріңіз