Өлең, жыр, ақындар

Әке тілегі

  • 13.07.2016
  • 0
  • 0
  • 13571
Болған едім сырласың да, ақылшың,
Деуші ең әркез - Әке, қымбат, жақынсың.
Балдәуренің бойжетті де бір күнде,
Туған үйден ұзап бара жатырсың.

Өмір деген - ойлағанға өр теңіз,
Балалығың, бал қылығың - көркем із.
Есейіпті Әкесінің алдынан
Кеше күліп жүгіретін ерке қыз.

Сырғиды екен көз ілеспей уақыт тым,
Сен деп мына өмір дәмін татыппын.
Жарыңменен қол ұстасқан сапарың
Апарсыншы айдынына бақыттың!

Тоқтамасын сол сапарда өр кемең,
Бірге күліп, бірге қуан елменен.
Шұғылалы, мынау ғажап дүниеге
Сен бақытты болу үшін келген ең.

Сыңарыңмен қол ұстасқан бүгінің
Жалғастырсын ертеңіңнің ғұмырын.
Бірге бөліс қиындығын өмірдің,
Бірге қадас отауыңның уығын.

Тілегі осы саған айтар Әкенің,
Бойға жима жат қылықтың бөтенін.
Ұғына біл мына өмірде алдымен
Жар болудың биік ұғым екенін.

Қызға міндет өмір осы жүктеген,
Сені алдан тосып тұрсын құт-мекен.
Буалдыр боп кетті Әкеңнің жанары,
Менен гөрі қайта анаң мықты екен...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Махаббат кездесуі

  • 0
  • 0

Қуаныш оты көзінде,
Білінгендей сол бізге бір.
Махаббат атты сезімге
Бөленді бүгін қыз-көңіл.

Толық

Отыз жылдық ой

  • 0
  • 0

Кетсе-дағы сол күндер алыс қалып,
Жетті ме олар өмірде табысқа анық.
Түлектермен бір кезгі Мектеп-Ана
Отыз көктем өтті де қауышты анық.

Толық

Анаға тілек

  • 0
  • 3

Жеткізіп арманға жол күні бүгін,
Бақ құшты қызың менен бүгін ұлың.
Болғанмен бар болмысың қарапайым,
Байқалып тұрады, ана, ұлылығың!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар