Өлең, жыр, ақындар

Бала шақтан бір сурет

Елестерсің сен талай маған әлі,
Қасқалдақты қарасу, шағалалы
Тұңғиықгүл түбінен бала толқын
Ұрланып кеп жалап жүр жағаны, әні...

Жаз айында қарасу-күміс айна
Алтын күнге шағылған, күміс айға
Неше бұлақ түбіне жиып алып,
Қарасуға құлаған жылы сай да

Қарасудың ар жағы-қопа түбек
Ескі қамыс құрақ боп қайта түлеп
Су бетіне бір сәтке ытқып шортан
Жарқ етеді азуын айға білеп

Балықшы ата баппен ау қарап алып
Қайық басын бұрыпты жағаға нық
Қайық түбін сабалап шалпылдатқан
Әне, сазан,табан мен қарабалық

Суды сызып сұр үйрек, қоңыр қаз да
Тоқ көкқұтан мүлгиді, шабақ аз ба!?.
Тобығынан батпаққа бата шауып
Тәмәм бала шулайды майлы сазда

Құс базары-қарасу күзге дейін
Шатасушы ек санап кеп жүзге дейін
...Алтын шапақ, алтын су, алтын аққу
Бұдан артық сұлу кеш іздемейін...

...Елестерсің сен талай маған әлі
Қасқалдақты қарасу, шағалалы
Майлы сазда баттиып ізі қалған
Көрінгенде сарбала бағанағы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз