Эссе және өлең-жыр байқауы

Ақжолтай батыр

  • admin
  • 07.05.2018
  • 0
  • 0
  • 2451
Атақты ер Ағыбай Шұбыртпалы,
Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.
Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұхарбай,
Бұларды соңына ерткен Кене ханы.
Мал үшін ерлік құрған емес,
Салғаны жанды ортаға елдің қамы.
Солардың біреуінен сөз бастаймын,
Әлеумет құлақ салса бұған тағы.
Жау шабу мирас қалған Абылайдан,
Бұл әдет Кенесары, Наурызбайдан.
Кененің жауға шапқан бас батыры —
Бастайын аз әңгіме Ағыбайдан.
Батыры Кенекеңнің өңшең саңлақ,
Әр елден жүйрік атты алған таңдап.
Арқаның алпыс тарау бойын өрлеп,
Жақсы атпен жігіттері жүрді алшаңдап.
Дұшпанға анталаған ұстатпады,
Кенекең талай шапты, бір шаппады.
Аруақты Кенесары, Наурызбайға
Жортқанда қарсы келіп жап батпады.
Ағыбай — аға батыр үлкен жасы,
Жөн айтар Кенекеңнің замандасы.
Қай жерде жақсы ат болса жый деп еді,
Барады бастан асып жау айласы.
Жігітін жаман атқа мінгізбеген,
Кенекең алты алаштан ат іздеген.
Аттанып бір жорыққа Ағыбайы,
Ат іздеп жасақ үшін күн-түн кезген.
Сұйық жал, қаншыр мойын, күміс құйрық,
Кең танау, омыраулы, тіп-тік иық.
Бір ел бар деп естіді күншығыста
Жылқысы аса сұлу, мінсіз жүйрік.
Бір адам Ағыбайға мақтайды көп,
«Жорғасы судай желіп, шаппайды» деп.
Біреу емес, мақтайды бірқатар жан,
«Биесі жабы тұқым таппайды» деп.
Ағыбай ыңғайланды «барайын» деп,
«Сол елді болса да алыс табайын» деп,
Аттанып сәурік пенен байтал әкеп,
«Жүйріктен өсім - тұқым алайын» деп.
Ағыбай бұл сапарға ыңғайланды,
Қасына жеті жолдас ертіп алды.
Жүйріктен өсім - тұқым алайын деп,
Бет қойып Күншығысқа кете барды.
Сол кезде жер ортасы келген жасқа,
Жан-жаққа сапар шеккен бұдан басқа.
Аз жүрді, көп жүрді ме — белгісі жоқ,
Келіпті Қызыл қайнар, Тек тұрмасқа.
Тектұрмас самал, салқын мұнары бар,
Атарлық арқар, бөкен, құланы бар.
Жолаушы, жолшы керуен қонатұғын
Түбінде Қызыл қайнар бұлағы бар.
Жігіттер, тыңдасаңыз, мінеки кеп:
Келетін бұл бұлаққа жолшы да көп.
Келіп-кетер адамы көп болған соң,
Қойыпты Қызыл қайнар,
Тектұрмас деп
Келеді ер Ағыбай өрге салып,
Қорықсын адамзаттан бұлар нағып.
Ұмтыла күн ішінде жүрді бұлар,
Қарауылды аламыз деп ерте барып.
Астында бусандырып мінген атын,
Тастамай батырлықтың салтанатын,
Ат қаңтарып, суытып жата кетті,
Келіп Қызыл қайнарға таңға жақын.
Оянды таң атқан соң көзін ашып,
Жатсын ба жамандар ұйқы басып.
Басына Қарауылдың Таңбай шықты,
Өзгесі ыстық қылды, бақыр асып.
Жолдастар ыстық қылды, асып бақыр,
Отырды от басында өзге батыр.
Ер Таңбай Қарауылға қарап тұрса,
Елсізден бір атты адам келе жатыр.
Аттыны келе жатқан
Таңбай көрді,
Таңырқап «не қылған жан мынау» деді.
«Елсізден бір атты адам келеді» деп
Ойдағы Ағыбайға хабар берді.
Батыр айтты: «Келе ме бері таман?
Кетті ме жын көрініп әлде саған?
Елсізде жапа-жалғыз келе жатқан,
Япыр-ай, оның өзі неткен адам?».
«Осы жер ел жоқ, күп жоқ жапан дала,
Тектұрмас сан біздей болғам папа.
Бет бұрмай осы араға келе ме екен,
Шықтағы Қарауылға қайыра қара».
Ер Таңбай Қарауылға қайта барды,
Жалғызға келе жатқан көзін салды.
Келді де Ағыбайға хабар айтты:
«Осы жерге тұп-тура келіп қалды».
«Келді деп осы жерге» хабар айтты,
Бұларды неткен жан деп таңырқатты.
Қолында ырғай шоқпар, сойылы бар,
Кезеңнен шыға келді ақсұр атты.
Айтқанша, ақсұр атпен шыға келді,
Өрімдей жап-жас жігіт, бұлар көрді.
Жіңішке, ұзын бойлы, тіп-тік, сида,
Отырған батырларға сәлем берді.
Иіліп сәлем берді бұларға кеп,
Тұлғасын Ағыбай да ұнатты бек.
Қасына кеп, танығандай амандасты:
«Есенсіз бе, ер Ағыбай - ағеке», — деп.
Сөйлесе сөйлер сөзге сондай епті,
Айтқан жоқ мұнан басқа бір сөз тілді.
Түсіп атын, басына іле тастап,
Жеңін жастық қылды да, жата кетті.
Етегін төсек қылып қалды ұйықтап,
Именіп бұлар қорқып қалды тоқтап.
Қорқады бір кісіден сегіз батыр,
Ерлігін елден арнап шыққан баптап.
Ағыбай ойлап отыр әрбір ойды,
Жіңішке бала жігіт сида бойлы,
Өздері асқан етіп жеді дағы,
Тағы да оған дәмді істеп қойды.
Ұйқысы түрегелді әбден қанып,
Бұлақтан дәрет алды, түзге барып.
Бір ауыз жөн сұраған жауабы жоқ,
Алдына асқан дәмін берді салып.
Отырып дәмін ішті асып-саспай,
Бұрылып басқа жаққа қадам баспай.
Бұларға қарамады мойнын бұрып,
Батырлар бір сөз айтпай қалды отырып.
Бір ауыз тым болмаса хош деместен
Әлгі келген жағына кетті жүріп.
Ағыбай айтты: «Мынау не қылған жан,
Мен мұның мінезіне қаламын таң.
Мынаның жайын білмей үйге барсам,
Өлімнен артық маған үлкен арман».
Атына бұ да мінді: «барайын» деп,
«Мұндайдың көріп едім талайын» деп,
«Мынаның жайын білмей бос қалғанша,
Қасына еріп өліп қалайын» деп.
Атына мінді Ағыбай қайрат етіп,
Қарамай әлгі жігіт қалған кетіп.
Аяңдап кетіп бара жатыр екен,
Артынан қуа шауып келді жетіп.
Бұларға Ағыбай жолықты кез,
Жан емес жолдас болған сыр - мінездес.
«Жарайды, Ағыбай аға, қош кепілсіз»
Деді де, жүріп кетті айтпай бір сөз.
Келеді екі батыр — жан батпайды,
Қарысып бірін-бірі ұнатпайды.
Елсізде жолдас болған екі батыр,
Екеуі бір-біріне тіл қатпайды.
Астында қинамайды мінген атын,
Тастамас батырлықтың салтанатын.
Алдынан екеуінің жусап тұрған
Бір құлан тұра қашты кешке жақын.
Құланды екі батыр қуып кетті,
Атына қамшы басып екпіндетті.
Ағыбай тозаңына ере алмады,
Ұзатпай жас батырың барып жетті.
Құланға құрық салды ағындатып,
Секіргенде қайыра қалды тартып.
Ауыз омыртқа үзіліп салмағымен,
Жығылып қара жерде қалды жатып.
Бала айтты: «Ағы байым, тез түсе қал,
Арам өліп кетпесін, бауыздай сал.
Айнала қабырғадан іре дағы,
Өзге етін керек қылмай, қазысы ал».
Қазысын алдыдағы жүре берді,
Кеш батып, бір бұлаққа бұлар келді.
Атынан түсті дағы әлгі бала,
Даладан етегімен тезек терді.
Ағыбай о да қарап тұрсын нағып,
Қам қылды дәм істерлік түрін танып.
Реттеп бағанағы тамақтарын,
О дағы бақыр асты шақпақ шағып.
Ыстығын істеп ішті күн батқанша,
Ат суып демін алды ел жатқанша.
Аттарын мықтап тұсап қоя беріл,
Екеуі қалады ұйықтап таң атқанша.
Тарқаттым Ағыбайдың мына тойын,
Шу қылған қызықпенен Шудың бойын.
Аманат жан ұяда тыныш тұрса,
Аудармақ баспа сөзге ендігі ойым.
Ағыбай сан ажалдан кеткен аман,
Ат қойған «Ақжолтай» деп барлық ғалам.
Жамиғат, айтушыны айып етпе,
Осымен сөз аяғы бітті тамам.

Басқа да өлеңдері

Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері

  • 0
  • 0

Мінеді ғаділ патша алтын таққа,
Иман бермей қалмайды көңілі аққа.
Шортанбай өзі тірі заманында
Сапар шегіп барып қайтты Семей жаққа.

Толық

Өкінсең жоқ келері...

  • 0
  • 3

Өкінсең жоқ келері...
Құбылып тұрған қызыл гүл
Қураса кетер мәнері.
Сабыр қылсаң жетерсің

Толық

Жетпіске келді бұл жасың

  • 0
  • 3

Жетпіске келді бұл жасың,
Дүние болды жолдасың.
Әндіжандық сарт едің,
Қай жеріңнен қожасың?

Толық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...