Өлең, жыр, ақындар

Садуақастың мырзалығы

  • 10.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2006
Әуелі сөз бастайын бисмилладан,
Сөз бастар бисмилласыз кейбір надан.
Хикая өлмей тұрып мен айтайын,
Туған жан бәрі өледі ата-анадан.
Қылсаңыз тағат құлдық бұ дүниеде,
Табарсың артық сауап о дүниеде!
Пайғамбар сүйер дос-ты төрт жарымен,
Бір күні кеңес құрды Мәдинада .
Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Ғалы да бар,
Ішінде жас аралас кәрі де бар.
Мәлік, Ашдира, Буалмирхан, Садуақас, -
Атақты батырлардың бәрі де бар.
Азаншы хазірет Біләл барған,
Бәрі де сүйген құлы жомартлардан.
Ішінде Садуақас жомарты бар,
Жоқ еді сақабаның бірі қалған.
Шығарған өз ойымнан кеңес емес,
Тілге нанған мұсылман бекер демес.
Сараңдықты жамандап отырған көп –
Жомарттық, мырзалықтан қылды кеңес.
Шын тыңдап, айтқан сөзді құлақты ұғар,
Пейілсіздер құлаққа мақта тығар.
"Жомарт", - деп, - айтарлыққа жан бар ма?"
Сұрапты пайғамбардан ғаділ Ғұмар.
- Аралап дүние жүзін жүре алмадым,
Ешкімнің мен соңына ере алмадым.
Өзім көрген жандарда, шын сөйлесем,
Жомартты Садуақастай көре алмадым.
Ғұмар:
- Сұрасам, қыл көпір тар ма? - дейді,
Сөйлейтін сізден озып бар ма? - дейді.
Жер жүзін араладың, иа, расул,
Жомарт жан одан да өтер бар ма?! - дейді.
Пайғамбар:
Сөзіне кейбіреудің ергенім жоқ,
Ешкімге нәсілімді бергенім жоқ.
Аралап кеп халықты жүрсем-дағы,
Жомартты Садуақастай көргенім жоқ.
Сақабалар:
Пенделер, құлдық ұрып, мақтаныңыз,
Жарандар, харам жолдан сақтаныңыз!
Садуақас бәрімізден артық екен,
Сіз ойлап, одан жомарт таппадыңыз!
Пайғамбар:
Сендердің қойдырды ма бергеніңді,
Жолына жомарттардың ергеніңді.
Мен жомарт Садуақастай көргенім жоқ.
Неге мен жасырайын білгенімді?!
Бәрі де де сахабаның шын деп ұқты,
Садуақас әдет (ғадет) қылған жомарттықты.
"Жомарт, - деп, - неге мені айтпады?!" - деп,
Мұңайып хазірет Ғалы тысқа шықты.
"Бір Құдай шын жыласа, берер несіп,
Кәпірді қойдай қырдым, басын кесіп!"
Бабасы жомарт деп айтпаған соң,
Киімнен сыртқа шықты, түгі тесіп.
"Жомарт - деп, - бір айтпады мені бабам,
Жомарт боп, менен асар қандай бар жан?!"
Бабасы аузына алып, айтпаған соң,
Өкпелеп Ғалы қайтты үйге таман.
Өн бойын уайым-қайғы басып барды,
Ажары, өңі, түсі қашып барды.
- "Еңбегім қанша қылған құр кетті!" - деп,
Салбырап, суы қайтып, жасып барды.
Алдынан Бифатима қарсы шықты:
- Қайратты ер едіңіз дінге мықты.
Қай жақтан келген сізге жүдеушілік,
Еш бұрын келмеуші едің бүйтіп тіпті.
- Мендей боп ешбір адам жүре алмады,
Кәпірдің қорғанына кіре алмады.
"Жомарт!" - деп, Садуақасты үш-төрт айтты,
"Жомарт" - деп, - мені аузына бір алмады.
Жүруші ем мен бабамның тілін алып,
Кетуші ем кәпірлерге қырғын салып.
"Жомарт"- деп, бір мәртебе айтпаған соң,
Келеді сол себепті көңілім қалып.
- Тақсыр, сізден көп кәпір қойдай ығар,
Бабамнан сұрап па еді ғаділ Ғұмар.
Жалған сөз менің бабам, сірә, айтпайды,
Жомарты Садуақастың рас шығар.
- Таласса екі кісі, шығар шығын,
Болады өкпе сөзім неге тығын?
Жалғызы Ғабдолланың қанын сұрап,
Сынайын Садуақастың жомартлығын.
Башар құл ер Ғалыға жалшы дейді,
Ғалы айтты:
- Бір шелекті алшы! - дейді,
Жалғызы Ғабдолланың сұрап қанын,
Үйіне Садуақастың баршы! - дейді.
Айтады енді Ғалы Башар құлға: -
"Ауру берді - дегейсің- жалғыз ұлға.
Мен келдім балаңызды бақсы қылып".
Айтыңыз: "Мен осында келдім зорға!"
"Баламды дәрігерлерге бердім" - дерсің,
"Тіліне дәрігерлердің сендім", - дерсің,
"Жатқан соң жалғыз балам өлейін деп,
Мен сізге арыз айта келдім!" - дерсің.
"Мен келдім - деп айтыңыз - қалаңызға,
Келген соң сөзді айтпай қаламыз ба?
Бауыздау қаны шипа Ғабдолланың"-
Деген соң келіп тұрмын балаңызға!"-
- Осылай деп айтыңыз барғанында,
Қосып айт өтірік, шын, жалғансы да.
Бауыздап Ғабдолланың қанын берсе,
Оның рас жомарт артық болғаны да!
Башар құл көк есекті мініп алды,
Қарына бір шелекті іліп алды.
Тамыздың екінші ақшам уақытында
Үйіне Сәдуақастың жетіп барды.
Алласыз айтқан сөзде мін бар дейді,
Пендеде Алла деген дін бар дейді.
Барумен Садуақастың қақпасына:
- Осы үйде, - айғай салып-кім бар?! - де
Алдынан Садуақас шыға келді,
Әдеппен қол қусырып сәлем берді.
- Асығып не ғып жүрсің өңің қашып,
Мейман бол үйге түсіп, мырза! - деді.
- Мұршам жоқ ас ішуге жасып келдім,
Ұялып мен бетімнен басып келдім,
Жомарттық екеніңнен үміткер боп,
Үйімнен үркіп шығып қашып келдім.
Жомарт ер үйге қонақ алып келді,
Алдына әр алуан тағам келді.
"Мынау бай, мынау кедей, мынау құл" - деп,
Ойламай, бәрін бірдей құрметтейді.
"Жігіттер, нәпсі тілін алма!" - дейді,
"Пәлеге тілін алып қалма!" - дейді.
Мінерде есегіне ертең қонақ,
Садуақас:
- Қалағаның бар ма?! - дейді.
- Келіп ем: "Сәлем сізге берейін!" - деп.
Жоқ еді ойлағаным: "Келейін!" - деп,
Амалсыз есігіңе келіп тұрмын,
Жатқан соң жалғыз балам өлейін деп!
Батылым барып арызымды айта алмаймын,
Сөйтсе де, сөзімді айтпай, кайта алмаймын.
Жалғыз балам қамы үшін келіп тұрмын,
Дәл арызымды айтуға бата алмаймын!
- Шығаршы қатты-қатты дыбысыңды,
Қойды ма Құдай алып тынысыңды?!
Сұрарсың азар болса жалғызымды,
Жасырмай толық айтшы жұмысыңды!
- Ендеше мен Башар құл, таны! - дейді,
Дәрігерлер айтты маған, әні! - дейді.
" Ап келсең Ғабдолланың қанын, - дейді,
- Қалады жалғызыңның жаны!" - дейді.
Бола ма қаны шипа балаңыздың,
Сөзі ғой балгер, бақсы данамыздың.
"Бауыздау қаны керек" - дегеннен соң,
Мен келдім жөні осылай наламыздың.
Мен келдім балаңыздың қанын сұрап,
Құрбандық бір шыбындай жанын сұрап.
Аллаға шын қақ тағат жомарт болсаң,
Жұмысым - сол, қайтамын, келген қалап.
- Сол болса қалағаның оңай - дейді,
Оны да маған берген Құдай дейді.
Мен қимай Құдай үшін тоқталам ба,
Сен келсең ділгір болып сұрай!- дейді,
Жомарт ер:
- Берейін!- деп, айтып қалды.
Баласын медіреседен іздеп барды.
"Шешесі ол баланы қимай ма ?" - деп,
Әуелі білейін деп, үйге барды.
Келеді - барайын деп баласына,
Барады - келе жатып анасына:
- Балаңды бір қонаққа беріп келдім,
Ырзалық, беріп үйде, қаласың ба?
Садуақас әйелі:
Айтасың маған келіп жөнін несін,
Есесін бір баланың Құдай берсін!
Баламыз бір қонаққа жарап кетсе,
Құдайдан одан артық не тілейсің?!
- Ей, қатын, бұл сөзіңнен танба! - дейді,
- Пайдасы тиер ақыр таңда! - дейді.
- Қонақты кешіктірмей жөнелтейік,
Шақыршы Ғабдолланы, қайда? - дейді.
- Қонақ қой бізге келген бұл бір кәріп,
Ғайыпты болжай ма адам көзбен барып?!
Науқас қой баласы үйде, тезірек тапшы,
Баланды шақырып кел, өзің барып!
Шешесі жетіп келді баласына,
Қарашы сөздерінің данасына.
Анасы есік ашып кіріп келді,
Дәрістен сабақ берген молдасына:
- Мен келдім сені іздеп, балам! - дейді,
- Ішімде толып жатыр сонам! - дейді.
- Ала жүр, тастамай құраныңды,
Сені үйге шақырады бабаң! - дейді.
Рұқсат оған берді молдасы да,
Бұларға разы болды Алласы да.
Шешесі баланы ертіп үйге келді,
Садуақас айтады енді баласына.
Баласын шақырып алды:
- Балам! - дейді,
Болмайық біз дағдарып алаң!- дейді.
Сені мен қиып бұған бермей қойсам,
Айырылып адамдықтан қалам!- дейді.
- Сені мынау сұрай келген Башар! - дейді,
Бұл байғұс қысылып тұр нашар! - дейді.
- Ем – дейді - сенің қаның баласына,
Апарып сырқауына шашар! - дейді.
Сені мен өксіп жүріп көрдім, балам!
Тіліне мейманымның ердім, балам!
Тілімді иа аласың, иа алмайсың,
Сыртыңнан сені билеп, бердім, балам!
- Ай, ата, айтқаныңнан мойын бұрман,
Алмасам әміріңді, мұнда тұрман!
Баласы ата тілін алмай ма екен,
Қылайын жолыңызда жаным құрбан!
Баласы айтқанына көнді дейді
Тіліне мейманының ерді дейді.
- Қонағым, риза бол енді маған,
Мен сенен аяп тұрмын немді?! - дейді.
- Баланың маған қисаң қанын - дейді,
- Жалғызымның жеп жүрмін қамын, - дейді.
- Бауыздап өз қолыңнан, басын кесіп,
Құйып бер шелегіме қанын! - дейді.
- Баламның сен білесің санын - дейді,
Мейман үшін баланың жанын қиды.
Бауыздап өз қолынан, басын кесіп,
Толтыра шелегіне қанын құйды.
Кескен соң бала басын талып қалды,
Жеткенше Башар үйге налып барды.
Шелекке Ғабдолланың қанын құйып,
Үйіне ер Ғалының алып барды.
- Қиды ма баласының жанын?! - дейді,
- Рас па екен жомарттығы оның? - дейді.
- Сен барып сұраған соң, кідірместен,
Берді ме баласының қанын?! - дейді.
- Өтпеді тамағымнан асым! - дейді,
Тыйылмас көзден аққан жасым! - дейді.
- Толтыра шелегіме қанын құйды,
Қанжармен кесіп алып басын! - дейді.
Сол жерде Ғалы айтты:
- Кетті сәнім,
Тозаққа кетер ме екен ғаріп жаным?!
Ах! - деп, тақсыр Ғалы талып кетті,
- Болады махшар күні қандай халім?!
Ах ұрып, тақсыр Ғалы талды дейді,
Тамам жұрт қойдай шулап қалды дейді.
Паруардігер сол күні Мұхаммедке
Хабарды Жебірейілден салды дейді.
- Сүйер достым Мұхаммед нар сен - дейді
Кәріп пен қасерге жар сен - дейді.
Бүгін қонақ болуға уақыты жетті,
Үйіне Садуақастың барсын!- дейді.
Пайғамбар Хақ жарлығын қабыл алды,
Сахаба, жарандарын жинап алды,
Жиюға бас-аяғын мұрша келмей,
Үйіне Садуақастың жетіп барды.
Алдынан Садуақас шыға келді,
Әдеппен пайғамбарға сәлем берді.
Сәлемін ғалік алды нұр Мұхаммед:
- Аман ба мал-жаның, мырза?! - дейді.
- Шүкірміз, үйге кір! - деп, шақырады,
Күн сайын жомартлығын асырады.
"Пайғамбар естіген соң, ренжір!" - деп,
Өлгенін баласының жасырады.
Бір киім жаба салды баласына,
Қарашы ақылының данасына.
Алдынан қарсы шығып, тағзым етіп,
Түсірді, атын байлап, қорасына.
Ер жомарт сәлем берді пайғамбарға,
Бұлардың сөзі сауап айтқандарға.
Келгенін не себепті Хақ расулдың
Қасында біле алмаған сақабалар да,
Таң қалар жомарттығын көрген адам,
Нанбайды айтқан сөзге кейбір надан,
Пайғамбар келгеніне тасып кетіп,
Даярлап алып келді түрлі тағам.
Тағамды дастарханға алып келді,
Пайғамбар қол көтеріп дұға берді.
"Тағамға: "Бисмилла!" - деп, ұмтылғанда,
- Жеме! - жеп Жебірейіл жібермеді.
Тамақтан тартты қолын нұр
Мухаммед, Таң қалып тұра қалды көп жамағат.
- Осы үйдің жалғыз ұғлы Ғабдолламен
Жесін - деп, - бірге тағам, - келді рұқсат.
Пайғамбар тұрып қалды тағам алмай,
Тек отыр барша асхап қол апармай.
Қайран қап қасындағы көп жамағат,
Амалсыз тоқтап отыр шыдап алмай.
Пайғамбар:
- Тағамыңды, сапыр! - дейді,
- Ішерміз суыған соң ақыр! - дейді.
- Жегенім жалғыз тамақ ұнамайды,
Бір желік: Ғабдолланы, шақыр! - дейді.
- Құдай артық жаратқан басыңызды,
Көп жылға бек жеткізсін жасыңызды.
Оқуға кетіп еді сабағына,
Ішіңіз қарамай-ақ асыңызды.
Пайғамбар қол созбаққа ыңғайланды,
Сақаба отырсын ба, ол жайланды.
- Бисмилла! - деп, табаққа қол созғанда,
Жеңінен Жебірейіл тартып қалды.
-"Соң оқырсың - деп шақыр - сабағынды!"
Оның үшін шытынатпа қабағыңды!
Жесін десең асынды, шақырып кел,
Ғабдолласыз жемеймін тамағыңды!
Қысылып шынын айтты Садуақас:
- Жаныма өтірік сөз болады қас!
Ғабдолла бүгін өлген, кайтып келмес,
Жамағат, ренжімей, ішіңіз ас!
Есітіп, ашуланды нұр Мұхаммед:
- Сен маған бағанадан айтпадың! - деп.
- Бір желік бірге тамақ, кел, балам! - деп,
Шақырды үш мәртебе: "Ғабдолла!" - деп.
Деді де:
- Ғабдолла! - деп, шақырды енді,
- Тез кел! - деп, үш мәртебе ақырды енді.
Үшінші мәртебеге есік ашып,
Ғабдолла сәлем беріп, кіріп келді.
Сыртынан құлып салған бөлмесіне,
Бекіткен біреу ашып көрмесіне.
Уақытсыз кеудесінен шыққан жаны,
Қоймады Алла әмірі келмесіне!
Пайғамбар сәлем алып:
- Балам! - дейді,
- Бола ма жазылғаннан шараң? - дейді.
- Әуелгі шақырғанда келмегенің
Себебі не дүр айтшы, маған?! - дейді.
Ғабдолла:
- Себебін мен айтайын, білгін! - дейді,
- Құдіретін бір Алланың көрдім! - дейді.
- Жұмақтың - хор қыздары - ішіндегі
Етектен, қолдан алып, жібермеді.
Үшінші шақырдыңыз, тұра алмадым,
Көңілді хор қызынан бұра алмадым.
Кешіктім сол себептен, тақсыр баба,
Жұмақтан жалғыз жеміс ала алмадым.
- Бәрекелді, жарайсың, балам! - дейді,
Сені берген атаң мен анаң! - дейді.
Пайғамбар қол көтеріп, бата беріп:
- Кел енді бірге желік тағам! - дейді.
Шаттанды, қуанышты ата-анасы,
Қасында барлық асхап, сақабасы.
Ғаламнан абзал туған хақ саруары,
Көзі көріп, заһар болды мұхжанасы(мұғжизасы).
Керемет мұхжанасы (мұғжизасы) заһар болды,
Тұсында екі жаһан нұрға толды.
Пайғамбар Ғабдолланы қасына алып,
Шаттанып, тамақ ішіп бір отырды.
Асын жеп үйге қайтты пайғамбарың,
Ондай ғып жаратпаған жанның бәрін.
Қасына жиып алып жарандарын,
Мақтайды Садуақастың жомартлығын.
Асхап айтты:
- Расул Алла, соөіңіз рас,
Сөзіңе ешбір адам қылмас талас!
Айтқаның Садуақасты рас екен,
Атыңнан айналайын, тақсыр-ау, бас!
Башардың баян қылған келгендігін,
Жалғызға қолқа салып жүргендігін.
Қажетін көңілдегі айтқаннан соң,
Баланың қанын құйып бергендігін!
Пайғамбар мұғжизасын көзбен көрді,
Мұсылман күллі мүмиін соңына ерді.
Жомарттан қадір, құрмет көргеннен соң,
Үйіне баршалары қайтып келді.
Қасында расул Алла шариарлары,
Олардай болу қайда жанның бәрі?!
Пайғамбар намаз оқып болған кезде
Есіктен кіріп келді хазірет Ғалы:
- Қуандық, айналайын, бабам! - дейді,
- Кетті ғой ес ақылым тамам! - дейді.
"Жомарттығын Садуақастың сынаймын!" - деп,
Болды ғой халім мүшкіл жаман!- дейді.
- Жүктедім бұл дүниеде адам қанын,
Тозаққа кетер ме екен кәріп жаным?!
Іс қылдым үлкен күнә бір Аллаға,
Күн бар ма құтыларға қайғы-зарым?!
Жаратқан Құдай артық хақ пайғамбар,
Жалғанда имансыздың пейілі тар.
- Кешір! - деп, бабасының қолын ұстап,
Жығылып аяғына, жылайды зар.
- Күншілдік ойға алмасын, ешкім! - дейді,
Нанарсың айтқан сөзге, естің! - дейді.
Пайғамбар қол көтеріп, дұға беріп:
- Ай, балам, Құдай кешсе, кештім! - дейді.
Пайғамбар дұға қылды хактан тілеп:
- Күнәсын Ғалы ердің кеше гөр! - деп.
- Түсіпті қатты қайғы қасіретке,
Бір ауыз айтқан сөзді бере гөр! - деп.
Расулім қолын жайып, бата берді,
Ер Ғалы батасын ап қайта берді.
"Рас-деп, - жомарттығы Садуақастың!"
Әр жерде мәшһүр қылып айта жүрді.
Мұхаммед - екі ғалам саруары,
Олардай бола бермес жанның бәрі.
Сол кезде түгел тұрған заманында
Сақаба отыз үш мың, торт шариары (шары).
Осындай бір уақиға болып өткен,
Дүниеде кімдер келіп, кімдер кеткен.
Қызықпа, нәпсіге еріп, бұл дүниеге,
Бұл дүние алдап жүріп түпке жеткен.
Жарандар, қонақты күт, ренжіме,
Мұсылман, қонақ күтпес, шығар деме.
Құдайым не бермейді шын ниетке?!
Жетеді жомарт адам тілегіне!
Мал жиып, закот бергіл жаның үшін,
Ораза, намаз оқы қамың үшін.
Пайғамбар, сахабаны кеңес қылдық,
Оқыңыз бір салауат оның үшін!
Дүние кең ғой, жүр ғой бос әркім сыйып,
Бой тоқтатар бір жан жоқ нәпсі тыйып.
Құдай үшін бұрынғы бала сойған,
Мыңнан біреу тоқтыны зорға қиып.
Мен бұл сөзге тоқтаусыз, әбден нандым,
Жомарттардың ісіне қайран қалдым.
Бұрынғының өлеңі болғандықтан,
Нұсқа қылып қағазға жаза салдым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мәшһүр Жүсіп пен Жүніс Шалқарбайұлы

  • 0
  • 0

Бісміллә-әуел сөздің бітидасы,
Екінші - хамит сана болсын-басы.
Құдайым барша жаннан артық қылып,
Қолыңа ұстағаның-дүрдің тасы.

Толық

Мұхаммедке пайғамбарлық келгені

  • 0
  • 0

Жаллат асми факің-қажы дана,
Халық еттің мақұлықаттың бәрін һама.
Достыңа уахи келген оқиғасын,
Айтпағыма иланғайсың асан маңа.

Толық

Бір әйелдің ботасын жоқтағаны

  • 1
  • 0

Боз інген боздап тұр-ау ботасына,
«Қонағым қыдыр болған» - жатасың ба?
Қыдыр болған кісіге қыдыр-дағы
Мен сиейін қонақтың батасына!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар