Өлең, жыр, ақындар

Полтава

  • 23.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3718
Соғыстың қуаты мен сипаты бар, -
Айнығыш адамындай мансап құмар.
Олар да кетті өтіп бір заматта,
Құдіреті жүріп тұрған патша жаққа.
Байрон

АРНАУ
Бұл саған - бірақ муза мұңды зарын
Сен, сірә, құлағыңа ілермісің?
Ашылып осындайда ұяң жаның,
Тілегін жүрегімнің білермісің?
Немесе ақынның бұл арнауы да
Баяғы махаббаты сықылданып,
Кім кепіл, ескерусіз қалмауына,
Көңіліңді көлегейлеп аулақ салып?
Біліп қой, сонда дағы, саған деген
Сүйкімді нәзік үндер туғандығын, -
Ойнақы тағдыр шіркін маған деген
Ойлашы, сенен аулақ қуғандығын,
Сол мезет сенің қайғың құлазыған,
Ең соңғы лебізің мен ишаратың –
Болғанды қасиетті бар қазынам,
Жанымда жалғыз ғана махаббатым.
Бірінші жыр
Кочубей әрі ауқатты, әрі атақты,
Көкорай шалғын жері көз жеткісіз;
Көп жылқы көлбей алып кең алқапты
Жайылған бақташысыз, күзетшісіз.
Айнала хуторларын Полтаваның
Қоршаған бір өзінің бау-бақшасы,
Толтырған қазынаға қоймаларын,
Бәрі сай, қалай шашса мол ақшасы.
Аң ішік, атлас бұйым, сап күміс те
Ілулі тұрады ылғи көріністе.
Бірақ ол мақтанбайды байлығымен
Тамаша кілең жалдас жылқысымен,
Қырымнан қырық алатын салығымен, -
Туған жер ата қоныс қыртысымен, -
Қызы бар бір ғажайып, - көр де құмарт,
Етеді соны мақтан Кочубей қарт.
Сымбаттан Марияның жоқ ешбір міні,
Оған тең таба алмайсың Полтавадан,
Жас көркі секілді дәл көктем гүлі
Орманның саясында күн шалмаған
Киевтің тауларында өскен бойлап
Түп-түзу бәйтеректей бой сымбаты,
Қимылы - айдында аққу жүзген ойнап.
Қыздың бір құралайы, асыл заты,
Ақ төсі - ақ көбіктей уылжыған,
Қара бұлт, қара бұйра шаш төгілген,
Екі көз - екі жұлдыз нұрын жиған,
Алқызыл ерінінен гүл көрінген
Тек қана көркін емес Марияның,
(Сырт бояу тайып болар көз көргенше!)
Қадірлеп ақылы мен ұяң жанын,
Есімін қадір тұтты жұрт мейлінше.
Сондықтан Украина әм Россия
Салды кеп күйеулерін тұс-тұс жақтан;
Бірақ та безді шошып жас Мария,
Жұғудан неке суын сырлы аяқтап
Көп күйеу келді-кетті құр жолаушы,
Гетманның1 өзі сонда салды жаушы.
Қарт еді ол, қажығанды жылдар мұжып,
Қамалап соғыс, еңбек, михнат, қызық.
Бірақ та бұрқылдаған сезімі бар,
Қарт көңіл жас сұлуға болды құмар.
Жас жүрек тез ысыр да, тез суынар,
Еселеп келер-кетер жас махаббат,
Жас жүрек жас сезімге күнде құмар,
Жаңарып тұрған сайын табар рахат.
Қарт жүрек, тасқа айналған жылдар көміп,
Бұрқ етпе құмарлыққа ере бермес,
Махаббат жалынында әбден еріп
Балқымай бірте-бірте, тебіренбес,
Бірақ бұл кеш жанған от ерте сөнбес,
Өмірің суығанша суый көрмес.
Естіп ұшқан бүркіт тегеурінін,
Тығылар киік емес құзға барып,
Қыз бақты болар істің емеурінін,
Тыпыршып ауыз үйде ызбарланып.
Булығып, ашу кернеп жетті анасы,
Зарлады, қысып тұрып қыздың қолын:
"Ұятсыз! Арсыз қақпас, адам насы!
Мүмкін бе?.. Жо-жоқ, ойбай, болмас оның!
Көзіміз тірісінде көне алмаспыз.
Күнәкар болмасын ол қуыс кеуде.
Ат қойған өзі кеше балғын жас қыз
Тиіс оны әке деуге, туыс деуге.
Есалаң, күні күңгірт батар шақта.
Алмақшы балғын жасты қарт құшаққа".
Дір етті тұла бойы Марияның,
Қуарып кетті жүзі аруақтай;
Лезде тапсырғандай ғазиз жанын,
Сылқ түсті босағада, кірпік қақпай.
Жиды есін, тағы қайта жұмды көзін,
Тіл қатпай жатты баяу алып демін,
Әкесі, анасымен таппай төзім,
Болады жұбатпақшы қыз жүрегін,
Балғын жас солмасын деп уайыммен,
Серпілтпек алас ұрған ой тұманын..
Еш болды, дәл екі күн ұдайымен
Мария көз жасымен жуды жанын.
Ұйқысыз, ассыз-сусыз құр сенделді,
Күп-күңгірт көлеңкедей нұры семді.
Үшінші күн дегенде болды ғайып,
Бос отау қала берді аңырайып.
Қай мезгіл, қай айламен жоқ болды қыз,
Болмады оны сезген ешбір пенде.
Балықшы су жағалап жүрген жалғыз
Естіпті ат дүбірін сол бір түнде.
Сөйлесіп өтіпті бір жігіт пен қыз
Таңғы шық басқан шөпте ертеңінде
Қос аттың тұяғынан қалыпты із.
Түктеніп жаңа шыққан мұрттың түгі,
Жас толқын бұйра шаштың жөні басқа;
Кей кезде қарттың дағы қатал түрі,
Жүздегі қылыш дағы, бурыл шаш та
Көрінер сұлулықтың болып көркі,
Қиялға құмарлықтың түсер өрті.
Жаманат бұл жат хабар сумаң қатып,
Шалынды құлағына Кочубейдің:
Ар-ұят адыра қап, қызы барып
Еніпті құшағына қарт дүлейдің!
Не деген масқара бұл, неткен сұмдық!
Ата-ана түсіне алмай болды дел-сал
Сол кезде тыр жалаңаш жетті шындық
Ақтарып сырдың бәрін, - бар ма амал!
Ашылды әшкере боп сонда ғана
Қылмысты қыз жанының барлық сыры;
Сыр бүгін аулақтанып, болып нала,
Көрсеткен күйеулерге не бір қыры;
Толықсып тастағанда қайнап шарап,
Әңгіме әзілменен қызған кезде,
Тыңдайтын Гетман сөзін, үнсіз қарап,
Көңілін бөлмей оның одан өзге,
Атақсыз, абыройсыз қалған артта.
Баяғы жарлы жалқы жас кезінде
Шығарған Гетман жырын айтып жатқа,
Бұл неге іркуші еді жас көзінде?..
Малорос әміршісі атағы бар,
Алдынан атты әскері өткен шақта,
Қымсынбай қыз басымен, болып құмар,
Қарайтын кернейлеткен сол жасаққа...
Әрі бай, әрі атақты Кочубей де.
Досы көп, кезектесіп киген жейде.
Абырой, арын сақтар мал табады.
Шайқап бір алар еді Полтаваны
Жауының ат ойнатып ордасына
Жауыздан алар еді ол әке кегін,
Бойлатар еді семсер қолқасына...
Басқа ой сықты оның көкірегін
Қым-қуыт кез еді ол бір лайсаң,
Жұлқынып жауларымен жас Россия,
Ер жетіп келе жатқан сол бір жайсаң,
Петрдің ақылымен күшін жыя.
Абырой, атақ жолы жатқан ғылым,
Ұстазы Россияның болды қатал:
Берген-ді қанды сабақ швед мығым,
Сан рет ойда жоқта бастап жанжал
Тағдырдың көтерді де сан соққысын,
Шынығып өсті Ресей жинап күшін –
Астында ауыр балға шыны қирар,
Көк болат - соққан сайын пісер, ширар.
Мәз болып пайдасы жоқ құр атаққа,
Жау жүрек Карл басты бір шатаққа.
Ойпаттың тыныштығын желдей шайқап,
Қыраттың шаңын қаққан құйындай-ақ,
Еңсеріп орыс қолын айпап-жайпап,
Қадала қарт Москваға басты аяқ.
Белгілі оның дағы жүрген жолы:
Бұл жолмен келген тағы бізге дұшпан.
Қырылып қайтарында қалың қолы,
Даңқымен тағдыр ұлы қош айтысқан
Тебіренді Украина тынып іштен,
Көптен-ақ көкірегіне ұшқын түскен
Аңсаған қанды сапар ескілікті
Талай жан тағы да бір соғыс күтті.
Кіжінді, Гетманға олар айтты тілек.
Бұғауды үзетұғын кез жетті, деп;
Карлдың тез жетуін жатты тілеп,
Болмашы қуанышқа іштей түлеп.
Мазепа ортасында қалың даудың:
Жетті енді! - деп шуласты тұс-тұс жақтан.
Қарт Гетман жөнін іздеп айнымаудың
Таймады Петрге бір берген анттан.
Жүзінен салқын сабыр қашпай қаны,
Басқарды ол, бұрынғыша Украинаны,
Жұрт сөзін естімеген адамға ұсап,
Жатты ол тойын тойлап, қызық жасап.
Не болған бұл Гетманға? -
десті жастар, -
Қажыған, алжыған ғой бұл бейшара,
Қайрат жоқ, жалыны жоқ қолды бастар,
Жыл мұжып, іс қажытқан, бар ма шара.
Несіне, қолыменен қалтылдаған,
Ұстайды күміс шоқпар алтындаған2
Жауымыз Москваға тез бармаспыз ба,
Соғысып, ойран-сүрен салмаспыз ба!
Қария болар ма еді Дорошенко,
Яки жас Самойлович болса нетті,
Кешегі Палей менен Гордеенко
Бастаса, әскер құрап, мына көпті, -
Мерт болып, қар жамылып, жат жерінде
Жас казак қалар ма еді, қайран ұлан;
Қайғылы Малоростың әскерін де
Босатып алмас па едік жау қолынан".
Осылай өз бетімен лаулап жанып,
Жас жігер арпалысты албырттанып,
Қатерлі өзгеріске құмарланып,
Не жойқын өткендегі ұмыт қалып.
Ұмытты туған елі бағынғанын,
Богданның бақытты еткен дау-жанжалын,
Ұмытты қасиетті шарттарды да,
Даңқты боп өткен сонау қарттарды да.
Қашанда қарттық шіркін басады аңдап,
Қарайды күдіктене әрбір жайға,
Үңілер мәселенің соңын барлап,
Асықпас, аптықпас та ол мұндайда.
Сіресіп мұз бүркеген теңіз түбін
Кім, сірә, көре алмады терең бойлап?
Бір зындан қара ниет жанның сырын
Қандай жан ақылымен білер ойлап?
Жаншылған құмарлықтың жемістері –
Ойлары ондай жанның жатар аулақ,
Орнаған көкейіне көптен бері
Бір ойы болар, бәлкім, тұрған қаулап.
Кім білсін? Әйтеуір тек Мазепаның
Жауыздық билегенде кәрі жанын,
Күлгірсін, болатын бір парықсыз жан, -
Жабайы жалбақтаған жазықсыз жан
Қандай ол шебер еді сыр тартуға
Өзіне бағындырып жұрт жүрегін,
Қатерсіз, өз айтқанын тыңдатуға,
Бақылап басқа жанның көкірегін?
Сенгенсіп, өп-өтірік, басқа жұртқа,
Жампаңдап отыратын той-думанда.
Сыр бермей, салатын ол ойын ыққа,
Маңына қариялар жиналғанда;
Өтірік өкінгенсіп өткен күнге,
Мадақтап сөз қылатын бостандықты,
Жамандап үкіметті жұртпен бірге,
Ашынған жанша талай жасын сықты.
Естияр сыр айтатын есуасқа!
Аз болар білетін жан оның сырын:
Қаһары қара тастай, жаны қасқа
Тигізбей қоймайтын ол бір қырсығып
Тірлікте көрген жапа бір де бірін –
Ұмытып көрген, сірә, емес пенде,
Қылмысты қара күңгірт көңіл кірін
Жауыз қарт жұқтырған-ды талай жерге.
Білмейтін ар-ұжданды, әділетті,
Қатыбас шал еді бір тас жүректі.
Ол дайын қара судай төгуге қан,
Онда жоқ туған халық, туған отан,
Ол сірә еш нәрсені сүймейтұғын –
Шын жауыз екенін жұрт білмейтұғын
Көңілін зұлым қарттың күпті қылған
Сұрқия ойы бар-ды бір жасырын;
Қатал көз қадалған бір тұтқиылдан
Бірақ та қалған сезіп оның сырын
"Жоқ, жауыз, жыртқыш неме! Жоқ,
сойқанды! –
Деп ойлап, қайрады тіс Кочубей де, -
Салмай-ақ қойдым саған мен ойранды.
Қапаста кисін қызым қанды жейде;
Қылышы казактардың мойнын қиып,
Өлмей-ақ қой, сұрқия, өртке күйіп,
Москва жендеттері ортасында,
Шыңғырып, қан-жоса боп көр басында,
Аларсың еске сол күн, сол сағатты:
Аяққа өзің басқан ар-ұятты,
Қызыма кіндік әке болғаныңды,
Той-тойлап, үйімізде қонғаныңды;
Есіңе түсер менің сый-құрметім,
Өзіңнің одан соңғы сұм ниетің,
Біреудің көгершіндей балғын қызын
Шоқыған түн ішінде, кәрі құзғын!.."
Мінеки! Кочубей мен Мазепа да
Бір кезде дос болғанды кәдімгідей:
Екеуі сырласатын оңашада
Ортаға ой сезімін салып дәмдей.
Майданның даласында жалын атқан,
Аттары екеуінің қатар шапқан;
Сан рет әрбір күнде, әрбір кеші
Бітпейтін екеуінің әңгімесі,
Көрсетіп зымиян ойын Кочубейге
Ашатын құпиясын Гетман кейде,
Болатын алдағы бір өзгерісті,
Дау-жанжал араласқан не бір істі, -
Әншейін айтқан болып сөз ретін,
Ақырын Кочубейге сездіретін.
Жүрегі Кочубейдің ол кездегі
Досына адал еді еш қалтқысыз;
Білмейді ащы кектен енді өзгені,
Қан қатқан, қайтып оны жұбатқысыз.
Күндіз-түн әлдилеген жалғыз ойы:
Қанды кек, төгілген қыз абыройы.
Бірақ ол ашуына салды ақыл
Томаға-тұйық сырды көрді мақұл
"Қауқарсыз, қасіретпен тынды" десін:
"Табытқа туралап бет бұрды" десін:
"Жауыздық ойламайды ол Мазепата,
Бар кінә қызында ғой жүзіқара:
Кешті ол қызына да, тәңірі көрсін;
Ұмытып көкте құда жерде заңды,
Масқара үй ішіне таңба салды.
Енді ол тәңіріне жауап берсін..."
Сөйтіп ол көз жіберді алдағыға,
Қырандай қойды қарап жан-жағына,
Екі айтпас, серттен қайтпас өңшең ерді
Өз үйі төңірегінен іздей берді.
Ашынды ол әйеліне бастан-аяқ;
Жазыпты қатал арыз аямай-ақ;
Шыдамсыз әйел біліп барлық сырды,
Ашулы күйеуін тез асықтырды;
Төрт бөліп тәтті ұйқысын жеті түнде
Тынышын алды әйелі оның мүлде,
Жебеген түн ішінде аруақтай,
Кек ал, деп сыбырлады ол дамыл таппай,
Сөкті де, жас төкті де, қуантты да,
Күйікті Кочубейден алды антты да.
Ойланды ойран соққы ер Искра
Қосылды Кочубейге, белді байлап;
"Жеңеміз, - десті,- жауды жер тықсыра",
Құлшынды қайраттарын кекке қайрап.
"Кім, бірақ, ынтасымен от боп жанып,
Көпшілік тілегі үшін жанын салып,
Жазылған жау үстінен арызды алып.
Петрге табыс етер, қорықпай барып?"
Бақытсыз сол бір сұлу менсінбейтін
Полтава казактары арасында
Бар еді бір жас жігіт жұрт білмейтін,
Сол қызға болған ғашық ол жасында.
Не бір кеш, не таңертең таппай тағат
Өзеннің өзі өскен сағасында,
Күтетін Марияны талай сағат,
Украина шиесінің саясында.
Қайғырып, ұзақ күтіп талушы еді,
Жұбанып, сәл жолықса қалушы еді,
Үмітсіз болса дағы сүюші еді.
Сыр бермей, іште бәрін түюші еді,
Қыз шіркін қайтарса егер ер көңілін,
Өткізер жаспен бұлап ер өмірін
Күйеулер келген кезде топ-тобымен,
Жабырқап кететін-ді ол жөнімен.
Ұяты әшкере боп Марияның,
Казактар күлсе дағы қарқылдасып,
Биледі бұрынғыша оның жанын
Баяғы бір Мария қайран ғашық.
Кім де кім айтса атын Мазепаның,
Құп-қу боп қашушы еді өңі мұның,
Құпия күйініші өртеп жанын,
Төгетін қара жерге көздің нұрын.
Жұлдызды, айлы түнде жүйрік мініп,
Кім екен келе жатқан суыт жүріп?
Тұяғы дүбірлеткен кең даланы
Болдырмас мынау кімнің жануары?
Бұл казак солтүстікке шеккен сапар,
Аялдар дәрмені жоқ, уақыты тар;
Тар кешу, тағы дала, нулы орман
Бірінде бой суытып, емес қонған.
Шыныдай - жарқыраған болат қолда,
Сыңғырап алтын толы қойын дорба,
Желпілдеп, желмен ойнап жібек жалы
Келеді бір мүдірмей жануары.
Ақша да керек бұған, болат керек,
Ежелден ер серігі жақсы ат керек,
Солардың бәрінен де, бұған бірақ,
Басына киген бөркі қымбатырақ.
Бөркі үшін қияр ақша, болатын да,
Садақа етер кәміл ол атын да,
Тек қана бөркін жауға бермес, сірә,
Айрылмай өз басынан көнбес, сірә.
Мұншама болды неге бөркі қымбат?
Бар еді бөркі ішінде тігулі хат,
Сазайын тартса екен деп Гетман жауыз
Кочубей жазған жолдап Петрге арыз.
Ешкімнен, еш нәрседен сескенбеген,
Бір қатер болады деп ескермеген,
Мазепа бас тартпады бұзық істен,
Езуит3 қосылды оған долы күшпен.
Солқылдақ, тиянақсыз бақыт үшін,
Бүлік сап, бүлдірмекші халық ішін
Жамылып қараңғы түн, ұрыға ұсап,
Арами ниеттерін ортаға сап;
Сапырып жатты олар сөз саудасын:
Бағалап қастық құнын, патша басын,
Саудаға түсті жарлық - заңдары да,
Вассалдар анттары мен арлары да,
Белгісіз бір қайыршы жұрт білмейтін
Сарайға болды үйір іздеп мансап,
Итаршы бір шабарман Орлик4 дейтін
Жүретін ертіп келіп, шығарып сап.
Тіміскіп соның өңшең жалдаптары
Білдірмей талай жерге таратты уын:
Булавин бастап, сонау ар жақтағы
Казактар жатты лайлап Донның суын
Тағы да бас көтертті тағы Ордаға,
Запорож тентектерін алды ортаға,
Қорқытты оларды, - енді өлесің деп,
Петрден көресіңді көресің деп.
Сақ қарап, жан-жағынан көз аудармай,
Мазепа жатты жолдап құпия хат;
Москваға шықты қарсы Бақшасарай,
Қорқытып қулығымен сұрқия қарт,
Мақұлдап отыр король Варшавада,
Сүйенед Очаков та патшаға да,
Майданның төрінде тұр Карлы мұның,
Желігін жиған бойға барлығының;
Өршітіп арам ойын үсті-үстіне,
Қан соққы қаруын ол жатты сайлап;
Түнегі жауыздықтың түсті ішіне,
Қылмысты қаһарынан қаны қайнап.
Шарт етіп түскенде бір кенет жасын
Сасқанын бұл шіркіннің не қыласың!
Баяғы Полтавадан жазған шағым,
Алдынан өтіп ұлы падишаның,
Тиді кеп өз қолына дәл Гетманның –
Қаны қас Россияға сұм дұшпанның.
Гетманды қимайтындай құрбандыққа,
Қаһарсыз, қорқытусыз, салыпты ыққа.
Бір жақтан соғыс ісі көңілін бөліп,
Шатымды жалған көріп жиіркеніп,
Қалдырып оны ешбір ілтифатсыз,
Патшамыз жұбатады зұлымды тез:
Өтірік арыз жазған ол ұятсыз
Жазасын тартады, деп береді сөз.
Көлгірсіп, күйінгенсіп Мазепа сұм
Зарлайды, патша ағзамға иіп басын:
"Оллаһи, жарық дүние, құдай кепіл,
Патшаға қызмет еттім дәл жиырма жыл
Айныр ма адалдықтан Гетман сорлы,
Әрқашан жан-тәнімен адал болды;
Алдында абзал ағзам шексіз жомарт,
Бақыт пен тахыт тапты Мазепа қарт!..
Ойпыр-ай, өшпенділік екен соқыр!..
Бұл ғаріп көр аузына келіп отыр,
Ант бұзар, қастық ойлар мұндай жан ба,
Төкпек пе абыройын қартайғанда?
Дәл кеше Станислав қағынғанға
Көмегін бермеген бұл, жалынғанда,
Ұялып, Украинаның алмай тәжін,
Құпия хаттары мен шарт қағазын
Патшаға табыс еткен осы еді той,
Айнымас адалдықтың досы еді ғой.
Цареград сұлтанына салмай құлақ,
Ханнан да қашпап па еді аулағырақ?!
Ақ патша жауларымен жұлысуға
Жұмсаған ақылын да, қылышын да...
Ал енді, ата сақал ағарғанда,
Қай дұшпан қастығымен салар таңба?
Кім дейсің? Искра мен Кочубей бұл!.."
Деп ойлап, қатал қақпас кеткен бейпіл,
Тілек қып сол екеуін дарға асуды...
Қан құмар көз жасымен бетін жуды.
Кімді аспақ?.. Қатал шіркін қайырымсыз!
Біле ме, қызы кімнің құшағында?
Суыған қаны қара, жаны үнсіз
Жүрегі шімірікпес бұл шағында.
Дейді ол: "Әлін білмес есуас шал
Менімен егеспек пе, тілеп ажал?
Бейпіл ой кеткен билеп долы басын
Кесуге жатыр қайрап өз балтасын.
Тартты бұл, көзін жұмып, қай сапарға?
Табанын тірегендей жайы бар ма?
Болмаса... әке басын түскен дауға
Қыз сақтап қала алмайды, сұрап сауға.
Гетманға берер жолды ғашық жаны,
Әйтпесе, менің қаным шашылғаны".
Мария, о Мария, қайран сұлу,
Черкастар қыздарының гүлі едің той!
Төсіңде қандай жылан таратып у,
Еркелеп жатқанын сен білмедің ғой.
Түскендей қан құйлы жан қармауына
Ердің сен нендей күштің арбауына?
Не сиқыр сені осынша тартып тұрған?
Мария, кімге барып болдың құрбан?
Сол қарттың бурыл тартқан бұйра шашы.
Сүзіле құйқылжыған көзқарасы,
Беттегі айғыздалған әжімдері,
Зымиян улы сөзі, әзілдері, -
Бір саған бәрінен де болды қымбат.
Сол үшін ұмыттың сен анаңды да:
Сиқырлы барып жаттың төсекке жат,
Қидың той ата-мекен панаңды да.
Көзінің аунақшыған жанарымен
Қойыпты зымиян шал сені арбап,
Жылы сөз жайма-шуақ амалымен
Ұйықтатып ұжданыңды, арынды алдап,
Көр болған көздеріңмен жаутаң қатып,
Сен отан телміресің таппай тағат;
Қу басын әлпештейсің алдыңа алып,
Өзіңе өз масқараң болып рақат.
Сен соған есің кетіп алданғансың,
Мардамсып құр бекерге сүйінумен, -
Жұрдай боп ар-ұяттан қалған жансың,
Құлдилап құларында биігіңнен...
Не керек ұят, аяң Марияға?
Не керек жұрттың сөзі құр көпірме,
Алдында бас игізіп қарияға
Отырса, ол сорлы ма бұл өмірде?
Ұмытып тағдыр, михнат, дүние шуын,
Қарт Гетман аялайды жас сұлуын.
Құпия сыр қалдырмай кеңеседі, -
Не керек Марияға жат өсегі?
Күнәсі, көксемейді ол жастық шағын;
Торлайды тек бір қайғы қыздың жанын:
Қамығып қалған артта күні кеше,
Көзіне елестейді әке-шеше,
Баласыз, жұбанышсыз ата-ананың
Есіне алады қыз қартайғанын,
Қарайды, жасы жуып көз жанарын,
Болады естігендей мұңлы зарын...
О, егер, есітсе ел не болғанын!
Не хабар Украинаға таралғанын!
Білмейді, білмейді әзір бұл ол жағын –
Құпия қанды сырдың амалдарын.
Екінші жыр
Мазепа тұнжыраулы. Ақылы дал,
Қамалап қатал ойлар, болған дел-сал
Мүләйім мұңлы көзбен Мария да
Қарайды қайта-қайта қарияға.
Құшақтап қарт тізесін қайысады,
Махаббат сөзін айтып майысады.
Бос әуре! қара күңгірт ой түнегін
Серпілтпес махаббатың, от жүрегің!
Аудармай еш ілтифат бейбақ қызға
Отыр ол түсі суық, қарап жерге;
Тіл қатып, сөз айтпайды бір ауыз да,
Назданып өкпелейді қыз бекерге.
Таңданып, жәбірленіп, сонда сұлу,
Алқынып, атып тұрып, шақырды ашу:
"Сөзімді тыңда, Гетман: бір сен үшін
Қиғамын бүкіл дүние сүйінішін.
Бір рет мәңгілікке сүйіп едім,
Көңілімде жалғыз-ақ сыр түйіп едім:
Ол сенің маған деген махаббатың,
Сол үшін құрбан болған бар рақатым;
Сонда да көксемеймін еш нәрсені,
Бәрі де ұмытылад көрсем сені.
Есінде: бір ғаламат тыныш түнде
Болғамын мен сенікі жер үстінде.
Сүйем деп, сонда берген сертің қайда,
Махаббат бола ма екен осындай да?"
Мазепа
Дос жарым, бекершілік бұл айтқаның,
Жөн болар бұл қиялдан тез қайтқаның.
Қажытпа жүрегіңді күдік ойлап;
Құмарлық толқынында жаның ойнап,
Адаспа, адал сырым, илан маған:
Мен сені сүйем артық бақытымнан,-
Абырой, атағым мен тахытымнан
Мария
Жалған сөз: жалпылдайсың қулық жасап,
Тәтті кез өткеніне көп болды ма?
Қөңіліңді енді менен аулаққа сап,
Бір харам махаббатым дерт болды ма?
Күн болса ортасында қалың жұрттың
Той-тойлап, сапар шегіп мені ұмыттың;
Түн болса тұнжырайсың оңаша қап,
Қасыңа езуит пен қайыршыны ап.
Қолыңда жуасыған махаббатым,
Кез болды енді сенің ызғарыңа,
Жақында бір әйелдің атап атын,
Таңданғам шарап ішіп қызғаныңа;
Кім еді ол Дульская дегеніңіз?
Мазепа
Қызғаншақ болғаның ба? Жоқ еш негіз;
Мен бе екем, бұл жасымда желігетін,
Мансапшыл сұлулыққа бой ұратын
Мен бе екем есер жастай еліретін,
"Масқара болмас па еді ар-ұятым,
Суынып салқын тартқан қарт көңілге
Жарасар жеңілтектік қайткен күнде?
Мария
Жоқ енді, жуып-шайма, шынды айт маған,
Бұлтақсыз тіке сөйле, иланайын.
Мазепа
Жаныңның тыныштығы қымбат маған,
Мария, сенен несін жасырайын
Ойға алған ісіміз бар көптен бері.
Сол қазір ішімізде қайнап жатыр.
Тұр пісіп игі мезгіл жемістері,
Сағаты ұлы айқастың соққалы тұр.
Бір жақтан Варшаваның қамқорында,
Бір жақтан Москваның тар торында,
Еріксіз, абыройсыз, іштен күйіп
Көп заман басымызды жүрдік иіп.
Тәуелсіз, төрт жаты сай ел болатын
Мезгілі Украинаның жетті енді,
Жетті кез, қанды туды қолға алатын,
Петрмен шайқасуға будым белді.
Бәрі сай: бітті әңгіме, байланды серт,
Бұл күнде екі король5 өз жағымда;
Жақында қанды майдан қаулайды өрт,
Тағымды орнатармын дер шағында.
Сенімді достарым бар, небір тыңшым:
Езуит, Дульская әм қайыршым,
Өздері-ақ тындырады бар ісімді, -
Ойласқам айла-әрекет, әдісімді.
Жарлығын, жазған хатын қос корольдің
Қолынан тұрам алып мен солардың,
Мінеки айттым сырды қарсы алдында,
Сен, енді ризамысың, тынышталдың ба?
Мария
О, менің ең сүйіктім, абзал жарым,
Боласың туған жердің падишасы!
Жарасып алтын тәжге ақ шаштарың,
Тағында отыршы бір!
Мазепа
Сәл тоқташы
Болар іс біткен жоқ қой.
Соғар дауыл; Кім білед,
маған бақыт болар ма бұл?
Мария
Білмеймін сен бар жерде қорқуды мен,
Жүріп тұр құдіретің! Кәміл білем.
Алдыңда алтын тақ тұр.
Мазепа
Мерт болсам ше?..
Мария
Өлермін ол уақытта мен де сенше,
А, дүние, не болармын сенен қалып?
Қойшы әрі, тақыт күтіп тұруы анық.
Мазепа
Сен мені сүйемісің?
Мария
Сүйемін бе?!
Мазепа
Әкең бе, тұрар жерің, күйеуің бе,
Қайсысы қымбат саған?
Мария
Абзал досым,
Не сұрақ түсінбеймін, сенің осың?
Тынышымды кетіреді мұндай сауал
Үйімді ұмытпасқа бар ма амал,
Кеттім ғой масқаралап мен оларды;
Кім білед, әкем байғұс төгіп зарды,
Қарғаған болар мені.
Кім үшін мен,
Осылай айрылыстым үй ішіммен?
Мазепа
Қайсымыз қымбат болдық, соныменен?
Мария
О, тәңір!
Мазепа
Жауабың бер жөніменен.
Мария
Өзің айт билігіңді.
Мазепа
Тыңда онда:
Мерт болар туса жағдай бірімізге,
Қай жаққа шығар едің өзің сонда?
Жетер ең қайсымыздың түбімізге,
Қалар ең кімді қорғап ақыр сонда?
Мария
Ah, жетер! Түршіктірме жан-тәнімді!
Жедің той жүрегімді.
Мазепа
Айт шыныңды!
Мария
Болғанда өңің құп-қу, сөзің суық...
Ойпырмай, өкпелеме бекер енді.
Мен сенің құрбаныңмын, сөзімді ұқ;
Айтпашы ондай сөзді, жетер енді.
Мазепа
Мария, ұмытпа тек бұл сөзіңді,
Сынармын іс үстінде, күт кезіңді.
Тып-тыныш Украина түні қандай!
Сайраған сансыз жұлдыз, аспан ашық.
Ауасы маужырап бір ұйығандай,
Жапырағы күміс терек жамырасып.
Ақ Шіркеу6 аспанында нұр шайқалып,
Биікте қалқып қана жүзеді ай,
Гетманның бау-бақшасы тұр жайқалып,
Айнала бір тыныштық тұрған мүлгіп.
Тек қана сарай іші бір сергелдең.
Түбіне терең ойдың ауыр сүңгіп,
Телміріп тынық көкке терезеден,
Ішінде бір мұнара жапа-жалғыз
Кочубей отыр тұтқын, еш амалсыз.
Таң ата ажал жетпек. Қорықпай бірақ.
Отыр ол ойлап соны батылырақ.
Қия алмай отырған жоқ өмірді ол,
Өлім не? - бір тәтті ұйқы, - көңілді бол
Ішіне қанды табыт жатуға әзір.
Құлады тыныш ұйқтап, әттең, тәңір!
Тіл қатпай, тілсіз жандай тек томарсып,
Жауыздың аяғына бас ұра ма,
Патшаның қаса жауы болып қарық,
Жазықсыз қаны мұның шашыла ма,
Айрылып өмірінен - арынан да,
Өзімен бірге әкетіп жан достарын,
Олардың естіп қарғыс-зарын онда,
Көрер ме көр басында жолдастарын;
Астына қанды балта жатқанында,
Күліп жау, көздерімен атқанында,
Тапсырып дұшпанынан алар кегін,
Өсиет айтқызбастан, алар ма өлім!..
Кетті ойлап ол өзінің Полтавасын,
Әдеткі үй ішімен, достарын да,
Өткен күн атақ-абырой, қазынасын,
Қызының әнге дауыс қосқанын да,
Бір кезде етіп еңбек, тәтті ұйықтаған,
Есіне түсті бүгін ескі үйі де,
Адыра бүгінгі күн артта қалған, -
Қуаныш, қызығы да, жан күйі де.
Не үшін барад бастап соның бәрін? –
Ашылды құлпы кенет мұнараның, -
Селт етіп, қалды ойлап бұл сорлы жан:
Әулием шықты той, деп қарсы алдымнан
Қан жоса менің мына сапарымда,
Көсемім жетті білем ту көтеріп,
Өлімнің төсегіне жатарымда,
Тергеуге келген болар, мені көріп,
Кешуші күнәмізді, әулиеміз,
Тауабы жанымыздың, бас иеміз,
Жазықсыз, біздер үшін қуғын көрген
Христің рухын, тәнін алып келген
Алдында әулиемнің күш жинайын,
Өлімнің сапарында қысылмайын,
Мәңгілік өмірге тез қосылайын!
Кочубей күңірене тебіренді,
Шыныммен көрдім бе деп әулиемді,
Алдында ұлы не тәңірінің
Шағуға даяр еді барлық мұңын...
Амал не, әулие емес әлгі келген,
Баяғы бір бұзақы Орлик деген.
Езіліп езгу жаны жиіркене,
Тұтқынның кетті шығып ащы даусы:
"Тас бауыр, қатал пенде, келдің неге?
Мазепа жіберді ме мазақтаушы,
Өмірден қимай маған осы таңды
Бұза ма менің соңғы қоналқамды?"
Орлик
Біткен жоқ тергеу әлі, жауабың бер.
Кочубей
Айтқанмын айтарымды, бар, жүре бер.
Орлик
Бір жәйт тағы керек пан Гетманға.
Кочубей
Тағы не?
Тілектеріңді айтпадым ба?
Арызым жалған менің. Жауызбын мен
Бәле іздеп жүрген жанмын
Онікі жөн Не керек бұдан артық?
Орлик
Білеміз біз.
Осы сіз жұрттан асқан бай едіңіз,
Тықтың ғой Диканькада сан қазына,
Барасың өліп кетіп, дарға асыла,
Бар мүлкің, бар жиғаның тепе-тегіс
Әскери қазынаға түсуге тиіс, -
Заң солай. Менің айтар соңғы ақылым:
Қайда сол қоймаларың, айт жарқыным?
Кочубей
Жөн екен, қатасы жоқ мұның бір де;
Бар еді үш қазынам - бұл өмірде,
Атағым, абыройым еді бірі, -
Бойымнан азап сығып алды тірі;
Екінші бір қазынам көзім қимас
Еді ғой абыройы қызымның жас,
Күндіз-түн бақсам дағы салып жанды,
Мазепа ұрлады сол қазынамды.
Ең соңғы қалды менің бір қазынам;
Ол менің қасиетті кек пен ызам,
Апарам тәңіріме оны бірақ.
Орлик
Қария, неме керек құр сандырақ:
Дүниені тастап бүгін кетерінде
Болсаңшы сабырлырақ, салмақтырақ,
Кез емес қалжыңдайтын, жөн жауап бер,
Тағы да қысым көргің келмесе егер;
Ақшаны қайда тықтың?
Кочубей
Жауыз мұндар!
Тергеуің жетті емес пе, енді нең бар?
Кідір сәл: жатайын да табытыма,
Келерсің сонан соң да шабытыңа,
Барыңдар, Мазепаңды ерт, қанды қолмен
Санаңдар алтын жиһаз, бар ақшамды,
Қопарып қоймаларды терең көмген,
Өртеңдер үйім-жайым, бау-бақшамды.
Ерте бар қызымды да, арсыз шіркін,
Айтар да көрсетер ол: қайда мүлкім;
Ал енді, сенен жалғыз өтінішім:
Мазамды ала берме, тәңір үшін.
Орлик
Айт, қайда? Ақша қайда? Көрсет соны;
Көнбесең... теріс кетер тергеу соңы!..
Қай жерге тығып едің? Ойлан, шырақ,
Өзіңе боп жүрмесін шатағырақ...
Сөз қатпай, сірестің ғой? - дұрыс, дұрыс.
Ей жендет, кел, тез мұнда, іске кіріс!
Жылп етіп, енді жендет...
Азап түні-ай!
Қайда екен жауыз Гетман? О, сұмырай?
Аяусыз ар жыланы шатып өзін.
Қашты ма жоғалтпаққа енді көзін?
Оңаша бөлмесінде, төсегінде
Жат хабар белгісі жоқ реңінде, -
Жайлы ұйқтап, жатыр тыныш Мария қыз.
Мазепа жанында отыр жапа-жалғыз, -
Салбырап екі иіні, қарап жерге,
Тұнжырап, төнгендей боп қара көрге.
Бірінен бірі асқан қара күңгірт
Ойлардың ортасында ол отыр жым-жырт,
"Кочубей өледі ертең ессіз неме;
Қолынан келмейді енді ештеме де;
Неғұрлым мақсат жақын болған сайын
Гетманның қаталдыққа жаны дайын.
Тәкаппар, болса дағы бас асауың,
Алдымда идің басты, қаса жауым.
Өледі сол арызды жазған жан да,
Өледі оған еріп азғандар да".
Кенеттен көзі түсіп жатқан қызға
Бір ойға малтықты ол байқаусызда:
"О, тәңір! Мына жатқан нәзік пенде
Не болар жаманатты есіткенде?
Тынышын алмайын деп қанша жасыр,
Бүркеліп қалар ма бұл құпия сыр?
Жаңғыртып Украинаның ертең таңын
Дүмпуі естілмес пе айбалтаның, -
Бір соның төңірегінде шу көтеріп,
Даурығып дүние шіркін шығар еріп...
Жасаған, жетті көзім: тағдыр шіркін,
Толқытса жүрегіңді дүркін-дүркін,
Жалғыз шық сұрапылға, еш тайсалма,
Ондайда қатыныңа ақыл салма;
Арбаға ат пен берік ақ бөкенді
Өмірде көргенім жоқ бір жеккенді.
Адастым, бармай ойдың байыбына:
Қалыппын ессіздіктің айыбына...
Өмірде баға жетпес махаббатын,
Бар тәтті өмірінің рахатын,
Ол байғұс тартты сый ғып мына маған, -
Мен қартқа, - қарап артқа тұнжыраған –
Не шықты? Қандай соққы бермекпін мен!"
Деп ойлап, орнынан тұрды екпінмен,
Қарады қыз жүзіне; қандай тәтті
Ұйқыда толқып қана сұлу жатты!
Үлбіреп еріндері, аузы ашылған,
Жас кеуде жайлап қана тыныс алған;
Ал ертең, ертең... бір түршігіп,
Мазепа сырт бұрылды, теріс қарап;
Сыбдырын білдірместен үйден шығып,
Оңаша бақшасын ол кетті аралап.
Тып-тыныш Украина түні қандай
Сайраған сансыз жұлдыз. Аспан ашық.
Ауасы маужырап тұр ұйығандай,
Жапырағы күміс терек жамырасып,
Бірақ та Мазепаның көңілі жарым,
Жеп барад бір жат ойлар мұның жанын:
Күлгендей кекесінмен көп жұлдыздар
Қарайды Мазепаға төгіп ызғар.
Теректер судьялардай қатар түзеп,
Өзара сыбырласад, басын изеп.
Жазғы түн, жылы ауа тұрған тұнып,
Түрмедей бара жатыр тұншықтырып.
Кенет бір нәзік дауыс... күрсінгендей...
Болды оған сарайынан естілгендей.
Білмеді, әлде тұр ма ұйқысырап,
Әлде бір азапты жан күйзелді ме,
Немесе әншейін бір үн келді ме, -
Әйтеуір әлгі дүние ойын бұзып,
Қарт көңіл қобалжыды елегізіп.
Бір кезде Забеламен, Гамалаймен
Немесе кәдімгі... осы Кочубеймен
Қан майдан қаһарымен шабатын бұл,
Қатына, атой-айқай салатын бұл, -
Сондағы дауысымен осы түнде –
Үн қатты әлгі нәзік баяу үнге.
Қан қызыл таң шапағы шалқып, лаулап,
Аспанды алған кезде белуарлап,
Жалт етіп түсті көзге ой менен дөң,
Көк майса, қалың орман, толқынды өзен.
Ойнақы таңның үні мың құбылып,
Адам да ұйқысынан жатты тұрып.
Тәтті ұйқы құшағында жатқан тыныш
Мария естігендей болды сыбыс:
Сезді ол әлдекімнің үйге енгенін,
Аяғын аймалай кеп, сүйенгенін.
Күлімдеп, толқып қана оянды да,
Жұмды көз, таң нұрынан ұялды да.
Созды да үлбіреген ақ білегін,
Тіл қатты баяу ғана алып демін:
"Мазепа, сен бе келген?.." Дауыс өзге...
О, тәңір! Дір етті қыз сол бір кезде;
Қараса.. анасы тұр көз алдында...
Анасы
Үндеме, үндеме де мені тыңда.
Қор қылма біздерді сен: түнделетіп
Келдім мен, көз жасыммен тілек етіп,
Бүгін дар. Жалғыз сенсің жәрдем етер,
Қаһарын қатыгездің сәл жібітер.
Әкеңді құтқара көр.
Қызы (үрейленіп)
Қандай әке? Қандай дар?
Анасы
Білмеуші ме ең бүгінгеше?..
Елсізде жүрген жоқсың жалғыз жеке,
Сарайдың ішіндесің. Сен ендеше
Білуге тиістісін Гетман сырын,
Қатерлі екендігін кетсе қырын,
Жауласқан жанға рахым қылмайтынын,
Падиша оның сөзін тыңдайтынын.
Байқаймын, қасіретті үй-ішіңді
Мазепа мазағына қидың білем;
Жатырсың ойлап қана тынышыңды,
Қай кезде бұзып тұрмын ұйқыңды мен?
Сұмдық сот үкім оқып, тұр айқайлап.
Бас кесер балтасын ол қойған қайрап.
Байқаймын, жат болыппыз сені мен біз...
Есің жи, қызым енді! Мария тез
Ұш, жүгір, сен бол біздің періштеміз,
Әкеңді құтқарып қал дәл осы кез,
Жығыл бар, аяғына Мазепаның,
Төктірме қасиетті әкең қанын.
Байласын қанды қолын, көз жанарын,
Әкеңнен әрі тартсын балталарын,
Ұмтыл жет, - Гетман сенен аса алмайды
Сол үшін ұмытқансың бір құдайды,
Ар-намыс, ата-ана, алтын жайды.
Қызы
Не болдым? Мазепа... мен әкем менің...
Анам тұр боп сарайда, айтқаны елім...
Япырай, адастым ба ақылымнан
Немесе түсім бе бұл?
Анасы
Құдайға илан,
Түс те емес, қиял да емес, шындық нағыз
Білмейтін болдың не ғып, бейшара қыз;
Әкеңді кетті билеп долы ыза,
Қызының төзе алмады ұятына,
Ішінде кек жалыны қыза-қыза,
Ашынып арыз жазған патша атына,
Сол үшін қанды азап көрді қысым,
Жасырмай мойнына алды бар қылмысын,
Жабылған жалаларға жүз шыдамас!
Құрбаны ер шындықтың иді енді бас.
Құдірет жәрдем етіп, әскер бастап,
Шығар күн болмады той жауға ойқастап.
Дәл бүгін дарға асылмақ, отыр қазір,
Қараңғы тар қапаста, өлімге әзір, -
Қалайша білмейсің сен?
Қызы
Тәңір, тәңір!..
Дәл бүгін - қайран әкем!
...құлады қыз,
Түсті сұлық төсегіне, бейне жансыз.
Бас киім алуан ала. Найза жарқ-жұрқ.
Соғылған барабандар. Шапқан нөкер.
Сап-сап боп жер қайыса жиылған жұрт.
Бұлқына соққан жүрек, ағылған тер.
Жол жатыр, бейне жылан құйрығындай
Жыбырлап, өн бойына халық сыймай.
Алаңның ортасында қанды сәкі,
Үстінде қутыңдайды жендет әккі;
Қолында ауыр балта қылшылдаған,
Мәз, жұртқа сөз айтады ол былшылдаған.
Шаң да шұң, күлкі, күбір, ұрыс-керіс,
Жамырап араласқан бәрі тегіс.
Шықты бір өктем дауыс. Тым-тырыс жұрт.
Естілді ат дүбірі басқан сарт-сұрт.
Қаумалап қалың нөкер, қарап зілмен,
Қарт Гетман келе жатты қара ат мінген
Бойында Киев жолы жалғыз арба,
Көз тартты, үрей салып тұрғандарға.
Бұл күнде жер мен аспан жуасытқан,
Сенімін құдіретті бойда тұтқан
Күнәсыз Кочубей ол арбадағы;
Жанында Искра досы сол баяғы, -
Шалынар құрбандыққа жуас қозы
Сықылды келеді ешбір саспай өзі.
Тоқтады арба келіп ғаламат зор
Дауыстар күңіреніп, басталды хор
Түтіндер будақтады кадилдерден
Сыйынды іштерінен жұрт жиылған:
Жазықсыз, жау қолынан шейіт өлген
Бақытсыз қос құрбанға тілеп иман.
Мінеки, дар басына келді бұлар
Кочубей жата кетті бір сыйынып.
Тірідей түскендей-ақ табытқа тар
Әр адам үнсіз-тілсіз тұр бұйығып.
Жарқ етті болат балта, түсті қыршып,
Ғазиз бас домаланып кетті ыршып.
Күйзеле күңіренді халық үркіп.
Екінші бас та кетті, қатып кірпік.
Боялды көк балауса қызыл қанға,
Сүйсініп өз міндетін тындырғанға -
Көтеріп айдарынан екі басты
Сілкілеп жендет, жұртқа қанын шашты.
Өлді олар. Ессіз аңқау, ұмытшақ жұрт
Бытырап үйлеріне, болды быт-шыт;
Айтқаны, керіскені, ұрысқаны
Баяғы өздерінің жұмыстары.
Сейіліп қала берді алаң босап.
Сол кезде ала-құла жолды кесіп,
Екі әйел бастарына бүркеніш сап,
Жүгіріп бара жатты, өкпесі өшіп.
Қалмаған зәре-құты бұл екеуі
Қазалы жерге жылдам жетпек, тегі;
Көрсетіп сұқ қолымен дарды дереу,
"Кешігіп қалдыңыздар" деді біреу.
Бұзылды қанды сәкі күйретіліп.
Поп жүрді қара киіп, сүйретіліп.
Ішінде емен табыт қос казакты
Көтеріп бір арбаға салып жатты.
Алдында атты қосын үдей желіп,
Мазепа кетті алыстап дар орнынан;
Құлазып көкірегі, үрейленіп,
Жасытып ой сәулесін қара тұман.
Келмеді ешбір пенде отан жақын
Сазарып келе жатты ол, тынып іштен,
Сабылтып ақ көбікке астағы атын,
Үйіне келіп жетті кәрлі түспен
"Мария қайда?" деді келе сала,
Күңкілдеп жауап қатты бала-шаға...
Шошынып әлденелер түсті есіне,
Жарының келді кіріп бөлмесіне:
Бос бөлме тыныштыққа тұрды толып, -
Бақшада сенделді ол қапа болып,
Көл кезді, аралады бұталарды,
Ізі жоқ өзі түгіл, аң-таң қалды;
Қашқан той! Шақырды тез нөкерлерін,
Өзінің ең сенімді дегендерін,
Жүгіріп жетті олар. Осқырды аттар,
Даланы дүбірлетті төрт тұяқтар,
Бұлдырап белестерде бурыл, шұбар,
Жөнелді шар тарапқа қуғыншылар.
Төрт болып екі көздер жол бақса да
Қайтпады қыз Мария ол бақшаға;
Неліктен, не айламен кетті қашып,
Біле алмай бастар қатты көп сырласып.
Сазарып Мазепа отыр тісін қайрап.
Қойды ол дос-жарларын қалтыратып,
Кеудеде ашуының уы қайнап,
Өзінің бөлмесінде алды жатып.
Телміріп бос төсекке түні бойы
Сенделді, қара түнек жаншып ойы.
Аттарын ақыры тек аяңдатып,
Таң ата қуғыншылар жатты қайтып;
Ақ көбік, қызыл қан боп ат зорығып,
Қайтты олар қара тер боп, құр торығып.
Әлде өлі, бейшара қыз, әлде тірі,
Еш хабар әкелмеді бір де бірі, -
Секілді өте шыққан бір бос ызың
Өмірден зым-зыя боп, жоғалтты ізін
Қайғы мен қайыршылық түсіп басқа,
Анасы бұрды бетін бір қапасқа.
Үшінші жыр
Жанында жатса дағы ауыр қайғы,
Көсемі Украинаның сарылмайды,
Алысқа алас ұра ұмтылады,
Өзінің ниетімен өзі беркіп,
Шведтің ер короліне сырын шертіп,
Жарасып бара жатты ынтымағы.
Жауларым жүрмесін деп күдіктеніп,
Өтірік ауырды да алды жатып,
Дәрігерлер қоршап оны тұрды төніп,
Күлгірсіп, күйзелгендей ауру батып,
Жатты ол - жан қалса деп тілек айтып.
Құмарлық, соғыс, еңбек, қарттық, қайғы
Әм ауру - ажал торын әкеп жайды,
Ақырын қалды жатып төсек тартып,
Дүниемен қоштасқаны болар артық, -
Сондықтан архипастырь келсін, деді,
Жаназа қамын жасап көрсін, деді:
Ағарған жауыздықпен шашын сылап,
Жатты жұрт кешу айтып, жасын бұлап.
Уақыт та жатты өтіп. Сағат сайын
Қонағын күтіп Москва тұрды дайын;
Жаулары зиратында, құр бекерге,
Сыбата дайындады ол шведтерге, -
Жалт берді, кілт бұрылып, кең далаға,
Соғысты кешірді Карл Украинаға.
Жетті күн Я, сәт! - деп төсегінен
Мазепа тұрды атып, жазылды оңай,
Кешегі тірі аруақ сүйретілген
Әлсіреп көрге төніп, тартқан бай-бай,
Петрге ол бүгінгі күн шегіп айбат,
Қол бастап, қалшылдайды, көзі жайнап,
Сап түзеп, сапы үйіріп, мініп атқа,
Атойлап жөнелді енді Десна жаққа.
Күлгірсіп, Римнің тәжін киген алдап,
Баяғы қу кардинал7 сықылданып,
Еңкейіп, еңсе түскен кәрі жалдап,
Құлпырып шыға келді, дерті қалып.
Бұл хабар қанаттанып ұшты зулап,
Дүрлігіп Украина жатты шулап.
"Ант бұзды, кетті өтіп жау жағына,
Карлдың ол бас ұрыпты аяғына".
Алаулап тұрды жалын, атты тағы
Халықтар соғысының қанды таңы,
Патшаның ыза-наза, ашу-кәрін
Кім жазып жеткізе алар айнытпастан?
Шіркеулер қарғыс атып төкті зәрін,
Суретін Мазепаның жыртты бастан
Дуылдап өзара дау, шулы кеңес,
Таңдасты жаңа Гетман ертелі-кеш.
Үй ішін Искра мен Кочубейді
Алдыртып жағасынан Енисейдің -
Солармен төкті бірге Петр жасын,
Тыңдатып қапа, наза базынасын,
Тықты олар жаңа абырой қазынасын.
Қас жауы Мазепаның Палей қарт та
Айдаудан қайтты дереу, мінді атқа,
Салдыртып келе жатты Украинаға.
Сасулы ереуіл топ таппай пана:
Қан болып өжет Чечель8 құшты жерді,
Запорож атаманы - о да өлді.
Құмартып, қанды майдан даңқын іздеп,
Дулыға тәж орнына киген сабаз,
Полтава бөгеттерін шықтың көздеп,
Сенің де күнің жақын, тоқта біраз.
Патша да жөнелтті тез жасақтарын, -
Қалың қол көк дауылдай жетті екпіндеп;
Асыра айлаларын, мақсаттарын,
Екі қол орналасты бетпе-бет кеп;
Сілкіскен сан айқаста соққы батып,
Құмартып қанның дәмін алған татып,
Жауынгер жетемін деп кекті сертке
Осылай шығатын-ды жекпе-жекке.
Дауыл боп тигенінде бұлттай тозған
Нарваның қорқақтары емес, сірә,
Сап-сап полк көз алдында тұрды тура,
Салтанат тәртібімен құлаш созған;
Тіл алтын, әрі шапшаң, әм сабырлы,
Қаз-қатар тұрған самсап найза қырлы -
Көргенде құдіретті Карл мұны
Ыза мен ашу кернеп абыржыды.
Бірақ ол байлады бел: таңда ұрыс.
Тым-тырыс швед қолы жатыр тыныш.
Тек қана бір шатырда құрған кеңес
Күңкілі екі адамның тынар емес.
"Жоқ енді, жетті кезім Орлик досым
Орынсыз асығыппыз, болды тосын,
Жаңылдық есептен біз, - бұл бір лаң,
Жақсылық күте алмаймын енді мұнан.
Мақсатым кетті зая деп ойлаймын,
Не істермін? қаталастым, бос қармандым,
Мен мына Карлге енді сене алмаймын.
Өр, өжет бала ғой, бұл, - босқа алдандым;
Қолынан келеді оның екі-үш айқас,
Бұл жолы жеңіл жеңіс табады рас,
Жауына қоналқаға келе де алар,
Бомбаға күліп жауап бере де алар,
Орыстың мергенінше түнделетіп,
Жасқанбай жау шебіне жүрер де өтіп,
Тағы да бір казакты атып тастар,
Жараны жараға ол айырбастар9.
Бірақ та билігі мол алыппенен
Бұл емес алысатын, анық білем;
Полкындай дәл өзінің, қатып дабыл
Тағдырды үйірмекші болады бұл;
Соқыр бұл, қасарған бұл, шыдамсыз бұл,
Жеңіл де, мақтаншақ та, - күмәнсіз бұл,
Қай бақыт қолдайтынын құдай білсін,
Көбіне лақпа соқыр, қара дүрсін;
Жауының жаңа күшін сезбейді бұл,
Баяғы жеңісімен өлшейді бұл, -
Сөйтіп-ақ сындырады өз мүйізін,
Ұят-ау: қартайғанда, жетіп күзім,
Жүргенім жел аяқты жауынгер боп.
Қамалдым тұйыққа енді қара тер боп;
Өр, өжет, жеңіл, жуас, бақыты ба
Жігітке қыз сықылды боппын құмар".
Орлик
Күтелік бір шайқасты өтсін де түн;
Уақыт бар Петрмен де келіскендей.
Жөнге сап жіберерміз пәле бетін,
Тастасақ бір тықсырып, жеңіс бермей,
Падиша көнер деймін, теріс келмей!
Мазепа
Енді кеш. Орыстың бұл падишасы
Менімен келісуі мүмкін емес.
Шешілген тағдырымның нышанасы.
Көптен-ақ күйзелдірген іштегі егес;
Азовтың жағасында тойлап бір түн,
Бұл қатал патшамен бір отырғанмын,
Шарапқа ыдыстарды толтырғанмын,
Дуылдап әңгімеміз дүркін, дүркін.
Сонда бір сөз айтқанмын батылырақ.
Қосылып қалған еді жас қонақтар.
Бойында от ашуы тез бұрқырап,
Қолынан ыдыс түсіп, шашып қаһар,
Ұстап ап, бурыл тартқан сақалымнан
Бұл патша мені сонша қапа қылған.
Дәрменсіз ашуыммен арандамай
Кегімді бір алуға серт еткенмін,
Көтерген нәрестесін жүкті анадай,
Сол сертті көкірегімде тербеткенмін,
Жетті кез. Шықпан енді мәңгі есінен,
Ол, сені ұмытпасын өле-өлгенше,
Мен оның түскен кәрмін төбесінен
Тәжіне қадаламын көк тікенше;
Ол кезге қайта оралып бару үшін,
Мазепа сақалынан алу үшін, -
Берер ол құрбан етіп бар жиғанын,
Бақытын өмірінің, ар иманын.
Емеспіз еш үмітсіз, керек шыдам,
Кім қашар, тек әйтеуір атсыншы таң.
Тұншықты, бұдан әрі болмай дауы,
Орыстың патшасының талақ жауы.
Жаңа таң жалынында жанды шығыс.
Зеңбірек зіркілдеді, басталды ұрыс;
Бұрқылдап қызыл түтін ой мен дөңнен
Таңғы аспан арайында дөңгеленген.
Жүктерін жиды полктар қомданғандай.
Бытырап мерген жатты бұта сайын.
Зырлап доп, ысқырды оқ көкті шарлай,
Сұп-суық көк найзалар тұрды дайын.
Жеңістің сүйікті өңшең ұландары
Окоптар отын баса шведтер шықты;
Алдымен атты қосын сылаңдады;
Темірдей тегеурінмен басып мықты,
Соңында келе жатты жаяу әскер.
Тұс-тұстан жалын атып, жаңғырды жер.
Бақыты бұл майданның жалт бұрылды.
Болысты бізге енді; жау сырылды;
Аткөпір болды атты қосындары;
Жығылмай қалғандары жосылды әрі.
Қысыла, қымтырыла Розен қашты,
Шлипенбах түсті қолға, иді басты.
Тықсыра жөнелдік біз, жаулар жытып,
Тулары бара жатты қарауытып;
Әр басқан қадамымыз болып игі,
Біздерге тәңір өзі нұрын құйды.
Сол кезде тұла бойды шымырлатып,
Петрдің шабытты үні шықты шалқып:
"Тәңір жақ, бастық іске!" деп шатырдан
Шықты ол, қоршаған дос - жаны құрбан;
Жалтылдап екі көзі, түсі ызғарлы,
Қимылы өте шапшаң, тым қаһарлы;
Тамаша тұрған бойы бір ғаламат,
Бір өзі тәңірінің қаһарындай,
Адымдап келе жатты. Жеткізді ат.
Жануар жуас серік, тұрды ойқастап.
Төңкере айналаға көзін тастап,
Дірілдеп тұла бойы сезіп қауіп,
Опасыз оқтың сырын түсінгендей,
Қан майдан даласына кетті шауып,
Құдіретті иесіне сүйсінгендей!
Сәске түс.
Шыжыды күн жалын атып
Ұрыс та тынықты енді диқаншыдай.
Әр жерде казактар жүр ат ойнатып,
Тыйылған тым-тырыс боп керней-сырнай.
Полктар тізілді кеп, сапқа тұрып,
Дөңдерде ашыққан аңдай жатқан ұлып,
Жуасып зеңбіректер қалды тынып.
Жаңғырта кең алқапты тұрған тұнып,
Уралап кетті полктар тебіреніп,
Жақындап қалған екен Петр келіп.
Соғыстай құдіретті, шат-шадыман,
Өтті ұйтқып полктарының қарсы алдынан.
Даланы көзімен жеп келеді ол
Соңынан шеру тарта жөңкіген қол,
Петрдің өңшең түлек қырандары –
Тағдырдан үлес алған ұландары,
Қалың ел, қанды майдан қамын жескен
Ұлдары, жолдастары тете өскен:
Бар мұнда Шереметев қабілетті,
Брюс, Боур, Репниндер де бірте өтті,
Бақытты, тексіз ерке, жарым патша10,
О дағы өте шықты қас қаққанша.
Көк киген көкжалдары Карлдың да
Тізіліп тұрды сапта қарсы алдында;
Көтеріп ең сенімді нөкерлері,
Құндақтап, әткеншекпен әкелді оны;
Жарасы жанға батып, семіп өңі,
Отырды қозғала алмай Карл сері,
Соңынан келді өңшең көсемдері.
Ақырын батты ойға. Жанарынан
Байқалды ішкі толқын алас ұрған.
Көз жетпей қатасына, дұрысына,
Таңғалды ол тілеп алған ұрысына...
Кенеттен әлсіз қолын сілтеп зорға,
Полктарын жөңкілтті ол орыстарға.
Көкала кең алқапта түтін толқып,
Екі қол ұстасты кеп қоян-қолтық.
Басталды ұлы айқасы Полтаваның!
От нөсер құйып үстеп, жалап жалын,
Үйіле құлаған қол үстін басып,
Жаңа күш жатты айқасып, найзаласып.
Атты әскер ауыр бұлттай түскен жерге
Айқасып, аласұрған сергелдеңде,
Шыңылдап қылыш даусы бір тынбастан
Екі жақ кескілесе қырғын ашқан.
Шарқ ұрып шойын шарлар, қырып-жойып,
Тепсіне түскен жерін түседі ойып,
Кетеді шоршып-қарғып, домаланып,
Шорылдап шомып қанға, зәрені алып.
Түйрескен, тілгілескен швед пен орыс.
Ақыра қаһарланған қатал соғыс.
Соғылған барабандар, Айқай-сүрен,
Ышқынған, аласұрған, дүркіреген;
Бір жақтан зеңбіректер қаһар шашқан,
Ғаламат ажал-дозақ араласқан.
Үрейлі, аласұрған бұл толқында
Таялып тұрса дағы жан алқымға,
Саспаған сабырлы өңшең көсемдер бар,
Қырғынның қызығына болған құмар,
Топшылап өлерін де, жеңерін де
Майданның оңашалау бір жерінде
Айқасты сырттан аңдып тұрды олар,
Сыбырмен ақыл-кеңес құрды олар.
Москваның патшасына келіп таяу,
Ақ шашты жауынгер кім тұрған анау?
Теңселіп ішкі қамыс толқынынан,
Сүйеген екі казак қолтығынан,
Көп көрген кереметті батырға ұсап,
Тулаған қанды айқасқа тұр ол көз сап.
Қазір ол міне алмайды атқа қарғып,
Қажыған, қуғын-сүргін оны зар қып,
Есітіп Палей даусын салған аттан
Ағылмас казактар да түс-түс жақтан!
Бірақ та жалт етті оның көзі неге?
Орнады кәрі жүзге ашу-түнек,
Көзіне әлде жауы көріне ме
Тулады не себептен салқын жүрек?
Түтіннің қара қошқыл арасынан
Көрді ме Мазепаны - қаса жауын?
Айырып қарттық шіркін шамасынан,
Жүрегін жасыта ма, шағып тауын?
Бүлікшіл бір топ казак арасында,
Жақыны, басшы, қосшы - бәрі осында,
Мазепа тұрды суық, ойға батып,
Қырғынның қимылдарын көзбен атып.
Атылды мылтық кенет, жалт қарады ол
Қолында Войнаровский шиті мылтық,
Тұр екен түтінденіп, - атыпты сол
Жас казак жатты сұлап, қаны кілкіп,
Сабылып, ақ көбік боп, шаңға батқан
Жөнелді тулап, мөңкіп, аты үркіп.
Долдана екі көзден жалын атқан,
Жас казак бұзып-жарып тұрған қолды,
Үйіріп сом қылышын онды-солды,
Гетманға ұмтылды да жете алмады.
Нендей гәп, не ойы бар екен тағы,
Білмекке келді Гетман, қойды сауал;
Жас казак барады өліп, үңілді шал;
Жанары сөніп бара жатса дағы
Россия дұшпанына кәрленуде.
Әлсіреп, қаны судай ақса дағы,
Бейшара тырысады әлденуге,
Мария деген сөзді зорға айтып,
Мәңгілік сапарына кетті қайтып.
Жақын-ақ, жақын қалды жеңіс енді,
Ура! Біз бұзып-жардық, шведтер ықты.
Құтты сәт! құтты сағат, бәрекелді!
Тағы бір шақырдық күш - дұшпан жытты.
Жөнелді қуып ала атты әскерлер,
Майырылды кесе-кесе көк семсерлер,
Шегіртке қара бұлт боп көшкеніндей
Қисапсыз, қалды өліктен жер көрінбей.
Бастады Петр тойын шат-шадыман,
Көзінде оты ойнады абыройдың,
Салтанат, той дегенің аспас бұдан
Ғажайып көркі болып осы тойдың,
Отыр ол ортадағы шатырында,
Қонақ қып алысын да, жақынын да,
Сыйлайды ол, әзіл айтып тұтқиылда
Қадірлі, қолға түскен тұтқынын да.
Бас қонақ қайда бірақ шақырылған?
Қашанғы долы тентек жанын қағып,
Полтава жеңімпазы пақыр қылған
Қаһарлы ұстазымыз қалды нағып?
Мазепа қайда бүгін? Қайда зұлым?
Иуда қашты қайда, зәресі ұшып?
Отырмайды король неге тойда бүгін?
Жатпайды азғын неге жерді құшып?
Жалаңаш жазық дала әлсіз жермен
Король мен Гетманымыз барад жытып.
Бұларға сый-сыбаға тағдыр берген,
Екеуін осылайша бір қаңғыртып.
Соңынан қуған бекер, іштегі ыза
Корольге күш беріпті, қыза-қыза,
Ұмытып кетіпті ол жарасын да,
Көзінің үрей ойнап шарасында,
Тұқырып, қашып, қуған орыстардан,
Сүріне-қабына аты қарғып ордан,
Барады короліміз тайғақ жолда,
Ілесіп нөкерлері арттан зорға.
Даланы дөңгеленген көзімен жеп,
Жанында кәрі Гетман сүмең-сүмең.
Алдынан шықты хутор... атын тежеп,
Мазепа қалды сасып, әлденеден?
Неге ол жалт бұрылды, орағытты,
Көргісі келмегендей қора-жұртты?
Әлде бұл есіз қора құлазыған,
Үй, бақша түзге ашылып қалған есік,
Болды ма ертегідей енді бұған,
Көңілінен әлдеқашан кеткен көшіп?
Әулие фак өмірдің сұм жендеті!
Сен бүгін танисың ба бұл мекенді?
Көңілді осы үйдің ақ ниеті
Көтеріп, әзіл, ойын, келекеңді,
Сан рет отырмап па ең, ішіп шарап,
Жанқияр адамдарың жақын балап?
Мынау үй, мынау бақша, мынау алаң
Кезінде бір періште ұялаған
Сен соны ұрлағансың түнде барып,
Бұл жұрттан қаштың енді, қаштың танып!
Даланы қараңғы түн қалды басып.
Мекен боп көк Днепрдің құзды жары,
Дамылдап, сергек ұйқтап, жатты айқасып,
Петр мен Россияның дұшпандары.
Қиял кеп бұзбады ердің түнгі ұйқысын,
Полтава соққысын ол кетті ұмытып.
Сұрама Мазепаның көрген түсін! –
Күңгірт ой қойды оны дөңбекшітіп.
Әлдекім шақырды оны жеті түнде.
Оянды, жалт қарады:
Дәл үстінде,
Біреу тұр төне түсіп... саспасын ба:
Селк етті жатқандай бұл балта астында...
Дудырап шашы кеткен тарқатылып,
Көздері тесірейе шыққан тұнып,
Бет жара, үсті-басы пара-пара,
Аруақ тұр ай шатылып, бір масқара....
"Түсім бе?.. Жоқ... Мария, сенбісің бұл?"
Мазепа
Досым-ай, ақырын айт!..Сабырды біл.
Ата-анам жаңа ғана жұмды көзін...
Тұра тұр... Естіп қояр айтқан сөзің...
Мария, о Мария сорлы жансың!
Есің жи! О, тәңірім!... Не болғансың?
Мария
Тыңдашы: қандай қулық десеңші сені
Сөздері күлкі емес пе біле-білсең?
Ол келіп айтты маған құпия сыр:
Өліпті дейді менің әкем бейбақ;
Қарасам басын маған көрсетіп тұр,
Кәдімгі, ақ шашты бас... - тәңір, бол жақ.
Қай жаққа қашсақ екен улы тілден?
Япыр-ай, ойлап қара: жаңағы бас,
Адамның басы емес өзім білген,
Қасқырдың басы екен - көрдің бе, рас
Алдамақ болған мені сонымен де.
Ұятсыз екен ол да мен дегенде.
Не үшін соның бәрі? - Білем, білем:
Кетпесін қашып, дейді, мен сенімен
Мүмкін бе?
Ғашық жары тыңдады оны,
Бір терең күйініштен қайнап соры.
Ойының ұйтқи соққан құйынына
Ілесіп, айтты ол тағы сөзді мына:
"Бірақ та есімде бар сонау дала...
Той болды ұлан-асыр... жұрт жиналды...
Көрмеген өліктерді сонда және...
Сол тойға анам мені алып барды...
Сонда сен қайда болдың?..Сенен бөлек
Мен неге түн ішінде жүрмін қаңғып?
Жүр үйге! Кеш боп кетті, жүр ертерек!
Басымды осыншама босқа дал қып,
Не болса, соны ойлаппын, қойшы әрі,
Сен емес іздегенім, аулақ, кәрі!
Күлерлік көзқарасың қорқынышты.
Өзің бір сұмпайысың. Ол жақсы ғой:
Көзінде махаббаттың оты күшті
Сөздері тым ләззатты, балқиды бой!
Мұрты бар қардан аппақ, ол бір сылқым.
Қан қатқан бірдеме той сенің мұртың".
Естілді тағы күлкі ысылдаған,
Жеп-жеңіл жас киіктей сусылдаған,
Секіріп түсті дағы кетті зырлап,
Жоқ болды, қараңғы түн әкетті ұрлап.
Сейілді қараңғылық. Саз берді таң.
Казактар от басында алқа-қотан
Бықтырып бидайларын отыр қаулап.
Днепр жағасында аттар аунап.
Суарып жүрді оларды ат қосшылар.
"А-һо!" деп оянды Карл, тұрды орнынан;
"Мазепа, ұйқың, сірә, қанған шығар,
Тұр енді, болды уақыт, бозарды таң".
Біле ме, қайда Гетман оянғалы!
Қайғы-мұң құлазытып, ойы дал-дұл;
Тарылған тынысы да, мұздап қаны.
Үн-түнсіз салды ерін атына бұл,
Жөнелді қашқын король жанына еріп,
Қоштасып туған жермен, ақтық көріп,
Түршіге тұла бойы, көз төңкеріп.
Miнеки, жүз жыл өтті содан бері,
Құныққан құмарлыққа көңілдері.
Не қалды сол тәкаппар күштілерден?
Олардың тұстастары көшті жерден, -
Өктемдік, апат, жеңіс қанды жолы
Солармен бірге өшті, ақыр соңы.
Солтүстік байтақ елдің уалаятын
Сүйсінтіп, қалды ауызда сенің атың,
Еліңнің жауынгерлік тағдырында,
Полтава ері мәңгі болдың тұлға.
Кұлазып қорғандары Бендерінің
Айнала жел диірмен қалған қоршап,
Моласын қанды майдан ерлерінің
Өгіздер аралаған еркін жол сап, -
Сол елде - қалған қаусап, ығы-жығы
Баяғы ескі жұрттың бар тамтығы,
Мүк басқан, үш баспалдақ шөккен жерге,
Ескертед швед королін сол біздерге.
Сол жерде сона бір кез ақылсыз ер
Қоршаған нөкерімен шығып үйден,
Шайқасты түсіп қолдан қанды семсер,
Алдында түріктердің басын иген.
Жолаушы әлдеқалай барған мұнда
Гетманның таба алмайды қабірін де.
Мазепа ұмытылған бағзы күннен:
Тек қана шіркеулерде әр жыл сайын
Есімін бірге атап әзәзілмен,
Қарғысын төгеді жұрт оған дәйім.
Арада өтсе дағы не бір заман
Бейіті қос құрбанның есен-аман
Атамғы қасиетті молалардың
Төрінде ескерткіш тұр олардың.
Орнатқан өз қолымен дос-жар халық.
Емендер Диканькада тұр жайқалып;
Аңыз қып шәйт болған бабаларын
Айтады бұл күнге ше төгіп зарын.
Бірақ та қылмысты қыз аты өшкен;
Белгі жоқ өмірінен, өлгенінен,
Өтеді ел аңызы үндеместен,
Қап-қара бір түнекке ол көмілген;
Тек қана соқыр жыршы анда-санда,
Қыдырып қыстақтарды сарнағанда,
Гетманның ескі жырын ызыңдатып,
Жас казак қыздарына сөз тыңдатып,
Күнәкар қыз жәйтін тартады алға.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Евгений Онегин

  • 0
  • 0

Тәкаппар көпті таңдатпақ,
Бәсім жоқ, достық талғамым,
Бір саған лайық ардақтап,
Кепілдік келді арнағым.

Толық

Сығандар

  • 0
  • 0

Сығандар көші шұбырған
Бессараб жерін шарлауда,
Шатырға түнеп бұрыннан
бабалар салтын жалғауда.

Толық

Кавказ тұтқыны

  • 0
  • 0

Сөзімді құп ал достым езу тартып,
Еркіндік музасынан шыңын шалқып;
Арнадым қуғын көрген толғау жырды,
Шабытты бос кезімді сый ғып тартып,

Толық

Қарап көріңіз