Өлең, жыр, ақындар

Сырласу

  • 07.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1639
Айтпашы, әже, ойынды түсінемін,
Көңіл жүдеп, енбесін түсіме мұң.
Сырым аулақ болса егер сол жандардан,
Неліктен маңдайға әжім түсіремін?..
Ол кезде кім тыңдаған ауыл мұңын,
Сыйлапты ғой өмір тек ауырлығын.
Ақын жанға кешірмес кінә емес пе,
Өткен күнді еске алмай қалу бүгін.
Білем, әже, заманың басқа болған,
Арулардың жанары жасқа толған.
Ауыртпалық түскенде қарындасқа,
Ағасы бола алмапты жасқа қорған.
Ащы дауыс өксіген құлағымда,
Жыр ғып оны мен әлі құрадым ба?
Жоқ. Кешірсін азалы әпкелерім,
Жырланбаған көз жасы тұр алдымда.
Көз жазбай сол бір шаққа қарап келем,
Көп нәрсені өмірден қалап келем.
Сен көрмеген бақыт пен қызық көрем,
Жеткізсе оған мені егер талап деген.
Айтпашы, әже, ойыңды түсінемін.
Көңіл жүдеп, енбесін түсіме мұң.
Сырым аулақ болса егер сол жандардан,
Неліктен маңдайға әжім түсіремін?..
* * *
Етегі гүлмен жабылған,
Есімде жасыл орманың,
Секіріп биік жарыңнан,
Жағанда талай ойнадым.
Мұңдасып сырлы көңілмен,
Тыңдадым үнсіз күйінді,
Жалындай ыстық сезіммен,
Сағынам сол бір күнімді.
Наздана тулап тас бұлақ,
Құйылып көлге жататын.
Құздардан биік тас құлап,
Толқынға өзін ататын.
Бұлдырап ұшқан шағала,
Шүйіліп көлге төнетін.
Көл беті бейне шарайна,
Күн нұрын оған төгетін.
Жастықпен сезбей өтіп ем,
Сырыңды терең, тұңғиық.
Кеш ұққанға өкінем,
Жүрекке арман тұнды ұйып.
Жабырқап еске аламын,
Алалық кетті — шыны ма.
Тереңдеп батып барамын,
Өмірдің шексіз сырына.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Маңырақ

  • 0
  • 0

Жанымды бір көргеннен жадыратқан,
Жер бар ма, шіркін, өтер Маңырақтан.
Бір кезде осы ауылда, осы маңда,
Естай да "Назқоңырын" аңыратқан.

Толық

О, жігіттер

  • 0
  • 0

Ал, құрбым, көлік дайын жүр кетелік,
Жолдардан бізді күткен бірге өтелік.
Алатауым — ақ отау мың сан қонған,
Көгілдір сағым биік түр көтеріп.

Толық

Мұңданба

  • 0
  • 0

Айтшы ақыным,не ұтасың,
Сағың сонша сынғанда.
Жұртың сыйлар барда атың,
Жабырқама,

Толық

Қарап көріңіз