Өлең, жыр, ақындар

Мұзтаудың мұзбалағы (О.Бөкейге)

Тауларға алыстағы көп қараймын,
Өзіңді таудың ұлы деп санаймын.
Мұнартып, шаңытады елес бейнең,
Ішінен ақ қайың, көк қарағайдың.

Алтайдың сайы менен саласынан,
Сылдырап аққан өзен жағасынан,
Көремін сенің ұшқыр қиялыңды,
Қылтиған бәйшешектер арасынан.

Жүйткісе, жел де тұрып, аласұрған,
Бұқтырма бұра тартса сағасынан.
Жаныңды тебіренген сезінемін,
Тұлпардай ұшқын атқан тағасынан.

Бойыңа сал өнердің берген бәрін,
Тұмса едің, нәрлі сөздің емген бәрін.
Кезумен кең далаңды кеттің сыймай,
Керілген кербұғыдай кербез дарын.

Сүрінбей сазға бөксе толарсағың,
Тұлпар ең шыққан жарып топ ортаны.
Сұңқар ең қиян көкке қанат қаққан,
Өр кеуде, өр Алтайдың Оралханы.

Сақтаулы жүректерде тұлға жаны,
Арналар әз рухқа жырлар әлі.
«Мен мұнда» деп тұрғандай сонау көктен,
Мұзтаудың мұқалмаған мұзбалағы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз