Өлең, жыр, ақындар

Ер Тарғын

  • 05.02.2019
  • 0
  • 2
  • 69737
Ертеде қырғыз заманында бір Тарғын деген батыр өзінің қырғыз халқынан кісі өлтіріп, ханына қылмысты болып қашыпты. Қашып келіпті қырық сан Қырым жұртына. Ол уақытта Қырымда қырық мың мешіт бар еді, қырық ханы бар еді. Сол ханының үлкені Ақшахан деген еді. Сол ханның қол астына келіп кірді. Сонда ел арасында жүрді. Бір талай заман болды, айдан айлар өтті, һешбір кісі мұның батыр екенін білмеді, тек қонақ болды да жүрді. Ол уақытта Қырым жұртының арғы жағында бір жауы бар еді. Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт деген ханның елі еді. Олалай, Бұлалай деген ноғайда көп батырлар өтсе де, Олалай, Бұлалайдың елін бұрын алғандары жоқ еді.

Бұл уақытта Ақшахан талап етіп аттанды, неше мың шерік әскер болып, сол Тарғын аттанған әскерлеріменен бірге аттанып кетті, һешбір кісі де оған жүр деп айтпай-ақ.

Ол Тарғынның ол әскердің ішінде екенін тағы да һешкім білмеді. Бұл аттанған әскер Торғауытқа барып жетті. Бұлар барып жеткен соң, Торғауыт халқынан шың қағылып, барабан соғылып, неше мың көп әскер жиылып, соғыс қылды. Жер жүзіне қан сел болды. Олай болса да, һешбір бұзып ала алмады. Алмаған себебі, қамалдың ішіне кіре алмады, сыртында тұрып ұрыс қылды. Ол уақытта Тарғын батыр ұрысқан жоқ еді, һешбіреуі де мұны танып «соғысқа бар» деп айтпаған соң, енді Ақшахан көп кісілерін өлтіріп, Торғауытты ала алмай, кері жұртына қайтпақ болды.

Ақшахан жұртына қайтпақ болып тұрғанда:
Тарғын сынды батырың
Қайтарын жұрттың біледі,
Алладан пәрмен тіледі.
Құйысқанын қысқартып,
Екі айылын бек тартып,
Енді атына мінеді.
«Өлгенім жақсы, Құда деп,
Тоғыз сандай Торғауыт,
Он сандай Оймауыт
Барабан соғып, шың қағып,
Алдымнан әскер жүргізіп,
Бұйым болды бұ да» деп,
Алдалап батыр шабады.
«Жалғыздың жары — Құда» деп,
Сары ала туы салбырап,
Шапты батыр тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Сырттағы жүрген әскерге
Қарамайды бұл батыр,
Ішкі қамалға кірді желігіп.

Бұл Тарғын қамалға кірген соң, Ақшаханның әскерлері бұның Тарғын екенін танымаса да: — Е, тәйірі біздің ноғайымыздың бір батыры ғой, — деп, соңынан олар да кірді. Сонан соң бұлар қамалды бұзып алады, көңілдері ашылды. Ақшахан қуанып еліне қайтты. Елге келген соң, таранып тыныштанып көңілі қош болған соң, тағында отырып Ақшахан үкім қылды: — Сол жауды бұзып алған батырды тауып маған алып келіңіз, — деп. Онан соң ол Тарғын батырды тауып, хан алдына алып келді. Хан оныменен көрісіп, жөнін сұрап: — Сен кімсің? — дейді. Тарғын айтты: — Мен қырғызбын, — деді. Хан айтты: — Сен қырғыз болсаң, біздің жұртымызға неге келдің, не жұмысқа келдің? — деп. Онда Тарғын айтады: — Мен ханымыздың бір жақсы бегін шаһид еттім, онан соң жұртымды тынышсыздады, сол себептен сіздің қоластыңызға қашып келдім, — деді. Сонда хан айтты: — Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсыздаған жұртыңа көрсетпедің бе? — дегенде, Тарғын айтады: — Нақақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспайды, — деді.
Онан соң Ақшахан үкім жүргізіп, Тарғын батырды әскербасы қылды. Бұл батыр әскербасы болған соң, күні-түні жарақтанып, сақтанып жүрді. Ол уақытта Ақшаханның бір қызы бар еді.

Шашын дәндерменен тараған,
Бектер мінген бедеудей
Бауырынан жараған.
Бет ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Бет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған
Жарма бидай ақ ұндай.
Қасы сарыжадай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген.
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелдегі бір сөзді
Ақжүніс атты ару еді.

Бұ мәрттің мұндай батырлығын, ерлігін, қайратын қарауылшы құлдары, қарауылшы күңдері Ақжүніс аруға түсіндіріп айтты. Ол бозжігіттің асылын, қайратын есіткен соң, төзіп тұра алмады, бір құлын шақыртып алып, құлына мың ділдә беріп айтты: — Ділдәні беріп сенің тіліңді кескенім, — деді, — осында бір қырғыз жұртынан келген Тарғын дейтұғын бір батыр жігіт бар деп есіттім. Сол жігітті һешкімге білдірмей, маған шақырып алып келіп жолықтыр, егерде өзіңнен басқа кісіге білдірсең, сенің неше жеріңнен кесіп өлтіргенімді көр, — деді. Егерде алып келсең, кісі жатпастан бұрын менің мынау ашпалы алтын тереземнің тұсына алып кел! — деді.

Бұл құл Тарғынға барып жолығып, қыздың айтқан сәлемін айтып, алтын терезенің тұсына Тарғынды алып келді де, қызға хабар берді. Қыз терезеден Тарғынды үйіне кіргізіп алып, жөн-жосықтарын сұрасып, ас-су ішкізіп, ойнап-күлісіп алты-жеті сағаттай отырысты. Онан соң Тарғын қайтпақ болғанда, қыз Тарғынға айтты: — Осы жұртымызда сіздей ерлігі болмаса да, қырық сан қырымның мырзасы бір Жалмамбет дейтұғын жігіт бар еді, мен сол жігітпенен ашына едім, сол жігітті өлтірдім. Өлтіргенімнің мәнісі «бір бөтен жігіт екен» деп, білмей қате өлтірдім. Соның күйігінен ішер астан, ұйқыдан айрылып жатушы едім. Сол мырзаның қайғысы менен һәркез кетпес еді, бұл уақытта сізді естіп, біліп, шақыртып алып сізбенен сөйлесіп, ойнап-күліп отырдым. Сізден басқа һешбір кісіменен Жалмамбет мырза өлгенінен бері сөйлескенім жоқ.

Енді сіз арқылы мырзаның қайғысы менен көтерілсін, менен хабар болған уақытта менің жаныма келіп жүріңіз. Менім сізді шақырған лебізімді һәркез жерге тастамаңыз, — деді. — Бұ айтқан жарлығыңызды қабыл алдық, — деді де, Тарғын батыр қайтып кетті.

Һәр заман Ақжүніс бұ Тарғын батырды уақытыменен шақыртып алып жүрді. Бір замандар болғанда, бұ қызды бір ханның баласына айттыруға жаушы келді. Сонда Ақшахан қызына кісі жіберіп сұратты: — Мына айттыруға жаушы келіп жатыр, менен рұқсат, қызымның өзінің күйеуге барғысы келе ме екен, келмей ме екен? — деп білмек үшін. Сонда қызы айтты: — Әкем маған үш күн фұрсат берсін, — деді. Қыз бұл үш күн ішінде Тарғын батырды шақыртып алды да, Тарғынға айтты: — Мына мені бір хан баласына айттыруға жаушы келіп жатыр екен. Әкем мені ол ханның баласына бермекші болып, менен рұқсат сұрай маған кісі жіберіпті. Мен ондай хан баласына таңсық емеспін, өзім де хан баласымын, сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Мен сондай кісіге барамын, кімнің бақыты зор болса, — дейді. Енді мені осындай кісіге қор қылғанша, егерде батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін, сенен басқа һеш кісіге тимеймін, көңілім бек саған ауды. Егерде маған келмесең, мен шыдап тұра алмай, сенің қайғыңнан өлемін, — деді.

Онан Тарғын бұ қызды Ақшаханның қанаты «қара» дейтұғын бір жорғасына мінгізді де, алды да қашты. Үш күн кетті, үш күннен соң, хан қызының қарауылшы құлдары Ақшаханның бір қазысына барып хабар берді: — Солай ханның қызы Ақжүніс сұлу сарайында жоқ, қашып кетіпті. Білмейміз, кімменен қашқанын, — дейді. Онан қазы барып Ақшаханға хабар беріп еді. Хан айтты: — Ол жалғыз қашқан жоқ шығар, бір жігітпенен қашқан-ды, жігіттерді түгендеңіз, — деді. Жігіттерді түгендеп қараса, Тарғын батыр жоқ болды. Сонан соң ханға хабар берді. «Солай, Тарғын батыр жоқ», — деп. Сонда хан айтты: — Мұнда оның ру-туғаны жоқ, өз жұртынан қашып келген жігіт еді. Ол жоқ болса, алып қашып кеткен-ді, — деді. Онан соң өзіне қараған бүтін ел-жұртын жиды да, һүкім айтты: — Мен бұ қызымның ол қырғызбен кеткеніне риза емеспін, ол қара кісі еді, қызым кетсе керек еді хан баласыменен, сүйек қорлап қара кісіменен кетті, сол қызымды кім қуып жетіп айырса, сол кісі алсын! құй бай болсын, құй ол жарлы болсын, құй жас болсын, құй қарт болсын, тек кім айырса сол алсын, егерде қуып жетіп өлтірсе, құны жоқ болсын. Тек Тарғыннан айырыңыз да, өзіңіз алыңыз, — деді. Оның үшін қызыма бек қатты көңілім қалып өкпеледім, соның үшін айтамын, — деді.

Хан солай деген соң, жұрт қуды, бір мырза екі атпенен, бір мырза үш атпенен, тапқан кісі атын жетелей берді, бір атым болдырса да бір атпенен қуып жетермін деп, әскер былай далаға шыққан соң жиылып кеңесті: — Біз мұны қусақ та, ол бізге бермес, оны ала алмаспыз, — деп, егерде қаһары келсе біздерге қырғын таптырар, — деді де, жұрт қорқып, қумай үйлеріне қайтты. Сол қуарға шыққан кісілердің ішінде алпыс беске келген бір қарт кісі бар еді, бір-ақ сол қайтпай қалды: — Мен үйден бір қуамын деп шыққан соң, қумай үйге қайтып барғаным да өлім, қуып барып өлгенім де бір өлім, мен қайтпаймын, қуамын, қазам жетсе өлермін, шамам келсе ол қызды алармын, — деді де, қуып кетті. Бұл қуып жетіп келе жатқанда, кетіп бара жатқан Тарғынның астындағы Тарлан аты пысқырды. Ол ат артынан бір жау келе жатқанда пысқыратын еді. Тарғын аты пысқырған соң, артына қараса, артында бір жалғыз кісі келеді екен.

Сонда Тарғын сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
— Ақжүністей жолдасым,
Қыз да болсаң мұңдасым.
Қолаң шашты, қой көзді,
Әйелде ару сен едің.
Аш арыстан жүректі,
Палуан жолбарыс білекті.
Жігіттің мәрті мен едім.
Құдыреті күшті Құдайым,
Сындырмағай белімді,
Тарылтпағай жерімді.
Не [н] дей заман білмеймін,
Арт жағыма қарасам,
Қайнаған қара ол бұлттай,
Қайнап біткен болаттай.
Тұлғасына қарасам,
Сайдан шыққан құла аттай.
Қабағы тастай түйілген,
Лашын құстай шүйілген.
Жеңсіз берен киінген
Жалғыз қара көрінді.
Енді жүрсем, қашты дер,
Аруағым менің басты дер,
Менен қорқып састы дер.
Ажалым болса бұ жерден,
Жемей қоймас жебір жер,
Кіргізбей қоймас қазған көр.
Толғана мойнын бұрады,
Ақжүніспенен екеуі
Аз әңгіме құрады.
Жалғыз қара келгенше,
Қашатұғын қатын ба,
Қасқайып қарап тұрады.
Ертеңнен шапса, кешке озған,
Ылдидан салса, түске озған,
Томаға көзді қасқа азбан.
Біткен сүйек долантып,
Саурысын бедеу сұлантып,
Дауылдай жалы суылдап,
Құйрығы құйындайын шуылдап,
Теріскейден төмен желеді.
Ақжүніс пен Тарғынды
Көріп көңілін бөледі.
Алпыс бесте жасы бар,
Қорқатұғын ер емес,
Салып жетіп келеді.
Келді, Тарғын көреді,
Бұ да өзіндей ер еді.
Қарсы алдынан қараса,
Алпыстан асқан ағасы,
Ақ сақалды бабасы.
«Жасы үлкен ағам, — деп,
Ақ сақалды бабам», — деп,
Тарғындайын еріңіз
Әлгі келген қартыңа
Иіліп сәлем береді.
Қарсы алдынан қараса,
Омырауы даладай.
Әлпетіне қараса,
Тамнан соққан моладай.
Ердің берген сәлемін
Жақсы құптап алады.
Енді Тарғын сөйлейді:
— Батыр, сынап жүрмісің,
Тамам таудың арасын?
Аруағыңды байқасам,
Қаптаған қардай борайсың.
Көк бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,
Қай сапарға барасың?
Сонда қартың сөйлейді:
— Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Ажары сұлу көркем-ді,
Қыз да болса серкем-ді,
Ақжүністей аруды
Алып қашып барасың!
Беліме семсер ілемін,
Жазығым қарттау болмаса,
Бір Тәңірден тілеген,
Қазам жетсе өлемін.
Егер қазам жетпесе,
Қасыңдағы Жүністі
Айырып ала келемін.
Сонда Тарғын сөйлейді:
— Асу-асу бел едің,
Асудан соққан жел едің,
Жолдасымды бергендей
Қай батырдан кем едім?!
Менен қызды алғандай,
Өзің қандай, мен қандай,
Айтшы жөніңді, кім едің?!
Сонда қартың сөйлейді:
— Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін.
Мен де өзіңдей кен-дүрмін.
Менің жөнім сұрасаң,
Қырық сан қырым елінде,
Асыл жауһар белінде
Арғы атам — Ер Күлік,
Өзімнің әкем — Қоянақ,
Мен — Қоянақ ұлы Қарт Қожақ.
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жүлде алған,
Жасанған, жауға қол салған,
Ортадан ойып жол салған
Қарт Қожақ деген ер едім.
— Өзің үлкен данасың,
Өрттей қаулап жанасың.
Ерлігіңнен мінің жоқ,
Ер де болсаң бұл қызды
Нағылып менен аласың?!
Сонда Қожақ сөйледі:
— Алда тізгін оңдаса,
Көк сүңгіні салармын.
Балдағы алтын ақ берен
Қызыл қанға малармын.
Тәңірі тізгін оңдаса,
Не көрмеген бейбақпын,
Ер де болсаң алармын.
Жер жазығы төмен-ді,
Сені қорқақ демен-ді.
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Қалаған жерден атамын.
Айтпай туған ер болсаң,
Кезегімді бер енді.
Сонда Тарғын сөйлейді,
Толғай мойнын бұрады,
Әңгіме-дүкен құрады.
Бұл жанынан қорқар ер емес,
«Кезегін баба алсын» деп,
Қарт қояндай қасқарып,
Қарсы қарай тұрады,
Шошынып тізгін жимады.
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Жау жағадан алған соң,
Беренге батыр симады.
Бұ сықылды батырды
Қарт Қожақтай еріңіз
Атарына қимады.
Аруақты туған ер дағы
Тарғынды Қожақ сыйлады.

Тарғын бұ Қарт Қожаққа кезек беріп, «атсаң ат» деп, қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап атарға қимайды: — Не үшін десеңіз, мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын. Қой, жас болса да қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, һәм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды, бұл бек батыр екен, мұның өзін де атпайын, атын да атпайын, тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпенен атып уатайын, соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін. Сонан бұл ақылды болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да жүре берер, — деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын шіл пара қылып, уатып кетті. Сонан соң Тарғын «кезегің болды ма?» деп, қылышын суырып Қожаққа дүрсе қоя берді. Қожақ айтты: — Тоқта! Менің кезегім біткен жоқ, — деді, — мен сені аяғаннан өзіңді атпай оғыңды атып едім, өзімнің ерлігімді білдірмек үшін. Егерде ақылың болса менім аяғанымды білер де, қызды тастар да, жүре берер, — деп. Сен менің аяғанымды білмедің, ендеше барып тұр! Жаңадан өзіңді тура атамын, — деді.
Сонда Тарғын ойлады: «Мұның мұнысы рас екен. Бұл ғой менің өзімді байлап атса, таудай өзіме, таудай атыма тигізбей ме? Аяғаны рас екен, мен мұның қадірін білейін», — деді де, қызды тастады да жүре берді. Сонан Қожақ қыздың қасына келіп еді, қыз атынан түсіп, киімін басына бүркенді де жылай берді. Сонда Қожақ айтты: — Сен неге жылайсың, сен мені қарт деп жылаймысың, жә болмаса жаман деп жылаймысың? Әкеңнің айтқан уәдесі бар. Кім қызымды қуып жетіп айырса, сол өзі алсын. Егерде өлтірсе де құны жоқ деген, көп жылай берсең, басыңды қылышпенен кесіп жүре берермін, — деді. Қарт та болсам мен жек көретұғын қарт емеспін, һешкімнен де кем емеспін, — деп. Сен бүйтіп жылай бергенше, тұр, жылама! Басыңдағы бүркенгенің [ді] ал, өзіңді маған көрсет. Басыңды да, қасыңды да, бойыңды да, қабағыңды да, жарасаң аламын, егерде бір жерің жарамаса да алмаймын, — деді. Сонда қыз толғап айтады:

— Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ!
Атыңның басын тарт, Қожақ!
Менің немді сұрайсың?
Бұқар барсаң, қолаң бар,
Қолаңды көр де, шашым көр!
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де, басым көр.
Молдаға барсаң, қасында
Қиюлы жатқан қалам бар,
Қаламды көр де, қасым көр!
Емран барсаң, пісте бар,
Пістені көр де, мұрным көр!
Һәр шаһарға қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де, көзім көр.
Самарқан барсаң, сандал бар,
Сандалды көр де, тісім көр!
Ұсталарға барсаң қасында,
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де, қолым көр!
Тоғайға барсаң, тоғайда
Домаланған қоян бар,
Қоянды көр де, жоным көр!
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де, етім көр!
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де, бетім көр!
Мен Қырымның ішінде
Ақшаханың қызы едім.
Ата менен анамның
Асыранды қазы едім.
Қойда бағлан қозы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Тамам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
Менің немді сұрайсың?
Бұл уақыт болғанда,
Бұ заманның шағында,
Жылап тұрған көзім бар,
Жалынып тұрған сөзім бар,
Өксіп тұрған жасым бар,
Әуре болған басым бар.
Алғанымнан айырма,
Мені өзіңе қайырма!
Батыр Қожақпын десең,
Біз сықылды бейшара
Жылап тілек еткен соң,
Тілекті бермес болар ма,
Сіз сықылды асылдар!
Бес жасыңда Қарт Қожақ
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың,
Кәне шыққан мүйізің?!
Он жасқа келгенде,
Қызыл-жасыл киініп,
Қынай белің буынып,
Қызбалықты көрініп,
Бала болдың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?!
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүріліп,
Қарт бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,
Шыныңменен арланып,
Қызды бақтың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?
Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың,
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көк серек атты борбайлап,
Қамалды бұздың айғайлап,
Қане шыққан мүйізің?!
Қырық бес жасқа келгенде,
Қырым деген шәһардың
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің
Сұспай жалғыз барасың,
Қане шыққан мүйізің?!
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Билік сұрадың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?!
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың
Бәрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың,
Мені көріп қуанып?!
Өлтірсең де тимеймін,
Теңдік берсең, сүймеймін.
Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұ күнде
Жерде жатқан қу тезек.

Сонда Қожақ ойлады: «Бұ ғой менің бес жасымнан елу бес жасыма келгенше, менің не қылғанымның бәрін де тапты. Енді тап менің өзімнің қасымда жүргендей асылзада патшаның баласы тағы енді менің бұ елу бес жасыма шейін не қылғанымды тапқанда, алпыс жасымдағымды таппай ма? Мұны мен алсам, обалына қалады екенмін», — деді. «Енді бұ асылзаданың баласының тапқан сөзін таппады демеймін», — деді, — мұны өзінің сүйгеніне қосайын!», — деді де, Тарғын батырға қосты да қоя берді. — Барыңыз, менен озған дәурен екеуіңізге құтты болсын! — деп.

Тарғын ол қызды алып, сол кеткеннен кетіп, Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына барды. Он сан ноғайдың он ханы бар еді, сол он ханның ішінде бір Ханзада деген ханы бар еді. Сол ханның қол астына барып бір бидің үйіне қонып еді. Би мұнан сұрады: — Сіздің асылыңыз кімнен? — деді. Тарғын айтты: — Біздің асылымыз қырғыздан, — деді. Әмә, бұ уақытта асылым қырғыздан болса да, Қырым жұртына жақынбыз — деп. — Олай болса сіздің атыңыз кім? — деді. Сонда Тарғын айтты: — Менім атым — Тарғын, — деді. Ол би айтты: — Қасыңдағы жолдасың кім? — деді. Тарғын айтты: — Жолдасым — Ақшаханның қызы Ақжүніс сұлу, — деді. Бек айтты: — Ақшахан патшаның қызы Ақжүніс сұлу бұ болса, сахараға шығып, жұрт асып жүргені не себептен? — деді. Сонда Тарғын айтты: — Мен алып қашып жүрмін, — деді. Онда бек айтты: — Ақжүністей сұлуды алып қашып жүретұғын сен қай Тарғынсың? — деді. Онда Тарғын айтты: — Олалай ханның Торғауыт деген жұртын харап еткенмін, — деді. Енді бек бұларды бегрек те сыйлады. Сыйлаған себебі, мұның ерлігін есіткені бар еді, соның үшін сыйлады. Онан соң бұл бек Ханзада ханға барып мағлұм қылды. Хан есіткеннен соң, Тарғын менен Ақжүністі шақыртып алып, бір алтын сарайдың ішіне кіргізді де, хан бекке айтты: — Бұл батыр Ақжүністің қасында он күн, он бес күн отырған соң, жұртын, тағы батырларын, мырзаларын, шораларын сағынар, онан соң бұ дертті болар, іші шерлі болар. Бұл батырға менім қоластымдағы батырларымды, шораларымды, аралатып көрсетіп, үйір қыл! Сүйтіп аралатып болған соң, Ақжүністің қасына алып кел, сонан соң ол мұндағы жақсыларды көріп, таныс болған соң, өз жұртын сағынбас, — деді. Сонан соң бұ бек ханның жарлығы бойынша Тарғын батырды жұртын аралатып, жақсыларын көрсетіп таныс қылып ханға алып келді де, үйіне кіргізді. Бұ Тарғын батыр жұртты аралап қайтып келген соң, барша Ханзада ханның батырлары, мырзалары, жақсылары жиылып хандарына келіп, ханменен мәслихаттасып, сөйлесіп, Тарғынның ерлігін, батырлығын ханнан сұрап білді. Сонда барша жиылып отырған мырзалар, билер айтты: — Бұ Тарғын батыр болса, біздер оны бек құрметтеп сыйладық, сіздің жарлығыңыз жерде қалмасын”, — деп. Тағы да ханнан өтінді: — Бұ Тарғын батыр болса, біз мұны Шаған деген судың бойындағы қалмаққа жұмсалық, ол қалмақты Шағанның бойынан ығыстырып, бізге жерін тартып алып берсін, — деді.

Сонда хан Тарғынды шақыртып алып айтты: — Сен өз жұртыңнан қашып Қырым жұртына бардың. Ол Қырым жұртының Олалай, Бұлалай деген жауын алып бердің. Һәм сен біздің қоластымызға келген соң, мынау Еділден шыққан Шаған дейтұғын судың бойындағы қыл жалаулы көп қалмақты ығыстырып, солардың жерін біздерге тартып алып бер, — деді. Сонда Тарғын: — Бәлі, бас тақсыр, жарар, — деді — Алла тілесе, бірақ менім қасыма үш кісі жолдас беріңіз! — деді. Хан айтты: — Кімдерді аларсың? — деді. Тарғын айтты: — Бізге беріңіз Қарасайұлы Көбенді, Алшағырұлы Тегенді, Өмірұлы Себенді. Сол үшеуімен барып қарармыз, бізге айтқан жарлығыңыз жерде қалмас, — деді де, үш кісі жолдасын алып, Тарғын батыр қалмаққа барып жетіп, қалмақты Шағанның басына қарай бостырды. Қалмақтың аруағы қашып, бұларменен босқын тауып, ұрыса алмады. Қалмақты Шағанның басындағы белден асырды, қонысы [н] адыра қалдырды, сонан соң бұ батырдың көңілі бұ Шағанның басындағы белдің үстіне бір жалғыз біткен емен бар еді, сол еменнің басына барып шықты, егерде қалмақтың бізбенен ұрысарға ойлары болса, әскер жиғанда соны қарайын деп. Сол еменнің басында бір жалғыз-ақ көлденең біткен бұтағы бар еді, сол бұтағына атша мініп отырса, ол бұтақтың түбі шіріген екен, бұтақ сынып жерге түсті, Һәм Тарғын да бірге түсті. Тарғынның сонда бел омыртқасы буынынан шығып кетті. Сонда қасындағы үш жолдасы өздерінің найзаларын төрт бұрышты қылып қиындастырып, Тарғынның найзасының төртбұрышына екі аяғын, екі қолын байлап алдарына өңгеріп, екі айда Ханзада ханға алып келді. Ханзада бұл батырды неше кіре бақтырып қараса да, һешбір жазыла алмады. Жатқан орнынан қозғала алмады. Ол уақытта бұ Ханзада ханның елі Бұлғыр тау дейтұғын таудың ішін жайлайтұғын еді. Бұл Бұлғыр таудың ішінде алты бұлағы бар еді. Бұ Бұлғыр таудан ханның елі көшті де, баяғы қалмақтың жайлауы Шағанға барып қонды. «Тарғынды Шағанның бойына барып қонған соң, қайтып келіп алармыз» деп, Ақжүніс сұлуды, Тарғынды Тарлан атыменен, атын арқандап жұртқа тастап кетті, алты-жеті күндік азығыменен. Бұ тастап кеткен азығы таусылды. Ханзададан һешбір кісі келмей, Тарғын менен Ақжүністің азығы жоқ, арқандаулы тұрған Тарлан атты бағатұғын кісі жоқ, бұлар аштан өлмекші болып өлім халіне жетті. Сол уақытта Тарғынға қайғы түсті. Мұның Қырым жұртында қырық құрдасы бар еді. Һәм бірнеше мырзалары бар еді. «Олардың қасында болсам, мұндай пәлеге ұшырамас едім, — деп, — менің бір қызға бола, өз жұртымнан айрылып, бұл жұртта жатқаным қате екен», — деп сөйлеп жылайды, жылайды да толғайды:

— Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған құрғыр тау.
Қаптай қонар елім жоқ,
Елім, күнім кәрі боз.
Сөйлесетұғын тілің жоқ,
Ел таптырар ма екенсің?
Арысаң да жануар,
Көрсетер едің бір қара.
Саған мінер белім жоқ,
Белге қылар емім жоқ.
Бұ шамаға келгенде,
Ажалым аштан болды ма,
Ауызға жеуге жемім жоқ?
Егер өлсем бұ жерде,
Сүйегімді ұстар теңім жоқ!
Көк шалғынның үстінде
Көгеріп келіп жатырмын.
Үстіме киер кебін жоқ!
Еңіреп жүрген ер едім
Қаптаған қара борандай,
Өткені ме дүние боқ?!
Ащылы тоғай Алабас,
Ақ сары алдым Бозағаш.
Алтынды сарай, қара шаш,
Ала бастан боран бораса,
Бозағаштан борамас.
Тұлпардан туған талаудың
Артынан телміріп қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Алдынан найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Жануар түсер жерін қарамас.
Қапыда өткен дүние-ай,
Тұяғына айдай таға қақтырып,
Еділдің күзгі қатқан көкше мұзында
Шауып кетсем тая алмас.
Қарындасы кімнің бар болса,
Жамандық жер кез келсе,
Көкіректегі жанын аямас.
Жаттың жаман болмағы,
Жамандық жер кез келсе,
Ат саурысын бір берсе,
Қайырылуға жарамас.
Шағанның бойын шаңдатып,
Кешегі кеткен ит ноғай
Жұртына тірі тастап кеткені,
Есімеен қалмас бүйткені!
Ақжүністей аруым,
Болғаныма мұнан да
Ит тигендей арам ас.
Көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
Баданамды баса бөктеріп,
Қасыма жаттан жолдас ертіп,
Күн-түн қатып жортқанмын.
Атаңа некес қалмақтың
Жайлау, қыстау жері үшін,
Еділден шыққан ен Шаған
Қалмақтан ноғайға тартып әпердім,
Атамнан арыстан туған ер үшін.
Атаңа нәлет ноғай-ай,
Елемеді өзімді,
Сыйламады сөзімді!
Жаудыратып көзімді,
Тастап кетті жұртына
Бір мертіккен бел үшін.
Қапыда өткен дүние-ай,
Тарғын, Тарғын дейтұғын,
Қолынан сарқыт жейтұғын,
Жамандық жер кез келсе,
Қайрылмай кетпен дейтұғын
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Себенді,
Бірге жортқан жолдасым,
Бейілі жаман оңбас!
Осындай қиын жерлерде
Келмей кетті не үшін?!
Аяукенің ауыр қол
Алты күндей атысып,
Қара қанға батысып,
Бәрін бірдей қырғанда,
Саяға шығып тұрғанда,
Балалы марал келгенде
Қоянақұлы Қарт Қожақ
Баласын байлай атқанда,
Атқанына жығылмай баласы,
Ақсай басып өткенде,
Біздің деңге жеткенде,
Тарғын созып тартқанда,
Атқан оғы маралдың
Атасының қос жауырыннан өткенде,
Иегін сүйей жатқанда,
Қасымдағы қырық жігіт
Суыра алмады оғымды
Тасқа кірген тартқанда!
Қайда өткен дүние-ай,
Басымнан дәулеттің құсы ұшты ма,
Фәлактің қайғысы мұндай қысты ма?!
Ішім оттай жанады,
Жалыны жүрегімді шалады,
Бұ істерді айтқанда.
Дін кәпірге болмаған,
Оған тиген оңбаған.
Азнау деген аз қала
Алпыс атын бақтырған,
Үлкені һәр не қылса жақтырған.
Ақ сыбанның баласы
Ақ айуанды жүһуттың
Алпыс атын алған мен едім!
Сол сапардан үйге қайтқанда,
Балтаға бардым тал үшін,
Талды кестім сал үшін.
Айналасы алты айшылық Еділге
Тарланды талай-талай салғанмын.
Еділдің арғы жағында
Атаңа нәлет қалмақтың
Сыңсып жатқан малы үшін,
Аттанбадым олжа үшін.
Аттанғанмын кәуірге
Атамның ежелден
Ескі кегі бар үшін.
Қолаң шашты, қой көзді,
Қастауыш қасты Ақжүніс,
Айттым сені Құдай жолына.
Кешегі ноғай жұртына
Тастап кеткенде,
Көкіректегі шыбындай жан үшін.
Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеуге
Сен тұрғанда бармадым!
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Жалғыз-ақ сені қармадым!
Қыялай қиқу болғанда,
Қараңғы тұман толғанда,
Сеніменен еді дәрменім.
Мінбей, түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың.
Алдыңа келіп бітсейші
Қамысты көлдің құрағы.
Суғаратұғын балам жоқ,
Алдадан басқа панам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
Маңдайыңнан ақсайшы
Құрғыр Қаратаудың бұлағы!
Қаламдай қасы сүрілген,
Оймақтай аузы бүрілген
Ақжүністей арудың
Алғанынан айырып,
Сөнгені ме, енді, шырағы?!
Құдыреті күшті Құдайым,
Ақжүністей арудың
Көз алдында көлбектеп,
Ашыққаннан еңбектеп,
Көзіме менің көрсетпей,
Алдыма келіп өлсейші,
Киіктің жалғыз жетім лағы!
Менің бүйтіп жатқаным —
Өз шәһарымның жырағы!
Еңірей-еңірей кетейін,
Қырымда қалған ерлердің
Есіткей тағы құлағы!
Сол батырлар келмесе,
Жайымды солар білмесе,
Кеткен жақтан қайрылып,
Бір-бірінен айрылып,
Екеумізге кім келсін?!
Атам қалды дейтұғын
Өзімнен туған балам жоқ.
Балам қалды дейтұғын
Атам менен анам жоқ!
Бауырым қалды дейтұғын
Ағам менен інім жоқ!
Белімнен басқа жарам жоқ,
Ауызға жерге парам жоқ.
Бір қайрылып келмеді,
Не болғаным білмеді,
Ер Тарғынды көрмеді.
Атаңа нәлет ақсүйек
Ойлай-ойлай қарасам,
Ханзада ханнан сараң жоқ.
Асыл туған Ақжүніс,
Күнді бұлт қоршайды.
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды,
Айды бұлт қоршайды.
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды!
Көгілдірін еріткен
Көлдегі қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Көктен сұңқар соғылғанға ұқсайды.
Бойды байқай қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хақ бұйрығы
Маған таянғанға ұқсайды.
Көктен бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас не пайда?!
Көктегі жұлдыз сиресе,
Есептеп болмас не пайда?!
Көлденеңдеп тұрған тұлпарым,
Шабысыңнан маған не пайда?
Көріп алған көрікті едің,
Таңдап алған текті едің,
Маған теңіңнен сенің не пайда?
Алладан әмір болған соң,
Жас мезгілі толған соң,
Көрмеймісің жатқанын
Арыстаныңның бір сайда?
Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым,
Ажарыңды салма көзіме!
Раушан нұрың көргенде,
Өлейін деп жатсам да,
Қай-қайдағым құрсайды!
Мінбей-түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың.
Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеудей
Безетей басқан аяғын.
Сен тұрғанда бармадым,
Сен құлын да емдің, тай да емдің,
Құнан жаста арда емдің.
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім!
Бес жасыңа келгенде,
«Белдің қызығын көрсін» деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Аттай мұрның танаттым.
Алшақштатып ойнаттым,
Арпа-бидай асаттым!
Жеті жасқа келгенде,
Жер төпелді желгенде.
Дұшпанның көзі қорықты,
Көлденеңнен көргенде!
Қандай қатын қинайды
Таудан асқан тұлпарым,
Иең Тарғын өлгенде?
От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай.
Жаурыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтадай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай!
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей!
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей!
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақтай!
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сағақтай!
Екі көзіңе болайын,
Қорқыттан жанған шырақтай!
Танауыңа болайын,
Тығынын алған шелектей!
Бауыздау жеріңе болайын,
Сарттың мақтадан соққан келептей!
Омырауыңа болайын,
Еділден шыққан аңғардай!
Телміріп қиқу келгенде,
Шұбар туды шұлғанып,
Қара терге бұлғанып,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Мінер ме еді заңғарды?!
Сауырыңа болайын,
Зәнтекті қара көмірдей!
Сүбелік жеріңе болайын,
Тастан соққан қорғандай!
Жанбасыңа болайын,
Ұста соққан сандалдай!
Тұрпатыңа болайын,
Тұлпардан туған жорғадай!
Қартайғанша мінбедім,
Өлгеніңше дәурен сүрмедім!
Ойлап келіп қарасам,
Жігіттегі мен байбақ
Болғаным тағы сор маңдай!

Енді Тарғын Ақжүніспенен, атыменен амандасып болды, сонда Ақжүніс ойлайды: «Мен Қырымда болсам, асыл ханның қызы едім, бұл ел-жұртынан, атасынан, анасынан айрылып, мені осындай алыс жерге жолдас қылып алып келіп еді», — деп, бұл ғой өзі өлейін деп жатса да меніменен, атыменен толғауменен амандасты. Енді мен де, толғап, мұныменен амандасайын! Егерде дүниеден көше қалса, бұ батырдың маған көңілі қош болсын! — деді. Сонда Ақжүніс толғайды:

— Арыстанымның барында,
Оқалы байпақ кигенмін,
Оқасын жерге төгілтіп.
Әлде, неден азғырдың
Асыл туған арыстанды
Әзіз жаннан түңілтіп.
Атасы басқа жат ру
Жаман екен, дүние-ай!
Тастап кетті жұртына,
Екі бірдей асылды,
Асылдан шыққан нәсілді!
Екеумізді үңілтіп,
Қосаяқтай көшкенде,
Қатар-қатар қара нар
Көш болып қашан түзелер?
Қыл жалаулы қалмақтан
Дүркін-дүркін қуалап,
Келіп тұрған көп жылқы
Қашан келіп күзелер?
Байлауда қалған ақсұңқар
Бұрынғыдай бола алмас,
Көлден үйрек ала алмас.
Күндердің күні болғанда,
Құрағытып барып түленер.
Кетпек болсаң, алғаным,
Нағылғаным сенен қалғаным?!
Кетемін деп шыныңды айт,
Артыңда қалып не етемін?
Алдыңда сенің кетемін!
Арыстан кетіп мен қалсам,
Артыңда қалған бейбағың
Құрсаулы шелек қолға алып,
Қай шәһардан тіленер?!
Сүйіп мінген Тарланың
Басын көкке қаратып,
Бауырынан жаратып,
Тұяқтан ұшқан тозаңын
Жауырынан жауған қардай боратып!
Арқадан соққан борандай
Жер түбіне желген ер!
Атасы нәкес кәуірдің
Мәстегін айдап келген ер!
Бекіре ойнар ақ теңіз
Өңгеге терең болса да,
Сіз өтейін дегенде,
Белгілі өткел болған ер!
Ит мінезің ұстаса,
Қайсардың қара тасына
Қарауыл салмай қонған ер!
Шыныңменен тілесең,
Қайда кетті тілегің,
Тәңірің тілек берген ер!
Баданаңды баса бөктіріп,
Жаттан жолдас ертіп,
Еділ, Жайық екі су
Ерінбей жорытып, дүние-ай,
Басы-аяғын көрген ер!
Ерлігіңде шама жоқ,
Ағаштан белің мертігіп,
Қызметші қара құлдарша
Қорлықпенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!

Бұ Тарғын ойлайды екен: «Мені жұрт ағаштан құлап өлді демес, Шағанның бойындағы көп қалмақты асырамын деп жаудан өлді дер», — деп. Қатыным бұлай деген соң, басқа жұрт та мені ағаштан жығылып өлді, — дер. Ойлап тұрсам, менің мұным бек ұят екен», — деп, бек қатты қорланды. Бұрын дәрігерлерге белін қаратқан уақытта, белін бастырмайтұғын еді. Қаһары келген соң, «бүйтіп жатқанша бір жолата өлейін» деп, белін қолыменен басып қалғанда, бел омыртқасы сырт етіп, орнына түсіп кетті.

Алты құлаш белбеумен
Алып белін орады.
Алдадан медет сұрады,
«Бабадан жәрдем болғай» деп,
Таяна барып тұрады.
Тұрмасына арланды,
Төңірегін қарманды,
Ақжүніске сөйледі:
— Берер болғай, Тәңірім, тілекті,
Қуантар болғай жүректі.
Алып кел, Жүніс, Тарланды!
Алып келді Ақжүніс
Шұбала басып Тарланды.
Арқада тұрған Тарлан да
Хайуан бұ да зарланды.
Алып келді, ер салды,
Оңалмаған енді не қалды?!

Атын ерттеп болған соң, Тарлан атқа екеуі мінгесті. Ақжүніске барша қару-жарағын асындырды, алдына мінгізіп өзі артына отырып, Ақжүністен ұстатып: — Кеше жұртына тастап кететұғын ноғайдың еліне қарай жүр, — деді. Ал енді жүрді.

Бір уақыт болғанда,
Бұл Тарланы пысқырды.
Пысқырғанменен қоймады,
Және жерді тебінді,
Хайуан бүйтіп не білді?

Сонда Тарғын Ақжүніске айтты: — Әй, Ақжүніс, бұ Тарлан қашаннан бергі менің жолдасым, хайуан да болса мұның сыры маған белгілі, — деді. Сонда Тарғын Ақжүніске айтты: — Бұл Тарлан артынан бір нәрсе келе жатса пысқыратұғын еді, егерде алқынып терге бұлғанып шабылатұғын болса, жер тебетұғын еді, һәм бұл екі әдетін бірдей қылды, жан-жағыңа қарашы, бір кісі келе жатпасын, менің бұрылып қарауға әлім келмейді, — деді, — менің ауру науқас әлім бар, біз бүйтіп келе жатқанда бір-бір жау болып беймаза етіп жүрмесін, — деді. Ақжүніс бұлай қарады да: — Һешбір нәрсе көрінбейді, бірақ алдыңғы жағымызда бір-екі қара көрінеді, — деді. Сонда Тарғын сөйлейді:

— Хақ Тағала Құдайым,
Ақ тарыдай ақтарып,
Шешіп жаздың белімді!
Белім түсіп орнына,
Тағы іздедім кешегі
Тастап кеткен елімді.
Елдің шеті бола ма,
Емескі екі қара көрінді?
Сен, Тарланым, пысқырма,
Таудан үлкен күш қылма!
Көрінген қара ел болып,
Ең кірістен жау шапса да,
Бір шығарман теріңді!
Кім үшін сені қинайын,
Бір омыртқам мертігіп,
Жалғыздығым білінді!
Ару, саған ұнаса,
Кел, тапсам қайтер екен жөнімді.

Солай деді де, Тарғын аттың басын тартып тұрады. Сонда Ақжүніс айтады: — Бұлай етпеңіз, беліңнің жазылғандығын білдіріп, бұ тастап кеткен ноғайдың ішіне барып хан халқына көрініп, жақсысына ой салып, жамандарын қорқытып, сүйтіп қайтыңыз! — деді. Егерде бармай қайтып кетсеңіз, Қырым халқынан Ақшаханның қоластынан бір Тарғын деген батыр келіп омыртқасы сынған соң, қайтып бұйымға аспай қарға-құсқа жем болып, Бұлғыр таудың бұлағында өліп қалды дер, — деді. Тарғын айтты: — Ендеше жүр, — деді. Бұл екеуі ел шетіне келіп түсті, елге бармады.

Бұл Тарғын менен Ақжүністің келіп түскенін қойшы, малшы көріп таныды да, елге шауып барып хабар берді. «Тарғын келді», — деп, ел биге шапты, би ханға шапты. — Тарғын батыр ел шетіне келіп түсіпті, — деп. Бұл уақытта ханның еліне кешегі Шаған бойынан Тарғынның қуып жіберген көп қалмақ келіп қамап жатыр екен, «шабамын» деп. Шабамын десе де, шаба алмай жатыр екен. Шаба алмай жатқаны оның үшін Ханзада ханның бір сұлу қызы бар екен, «сол қызыңды берсең, шаппаймын, егерде қызыңды бермесең, шабамын» деп, сол қызды тірі алайын деп шаппай жатыр екен. Әне, олар олай-бұлай деп өтірікпенен жұбатып жатыр екен. Тарғынның келгенін естіген соң, ханы, халқы, мырзасы, биі — баршасы жиылып барып көрісті, отырысты. — Айыпқа бұйырмаңыз, сізге бара алмадық, оның үстіне жұртымызға жау келіп жатыр еді, — деді. Бұл уақытта өзіміз бек қатты қайғыдамыз. Өзіңіз аман-есен жазылып келдіңіз бе? — деді. Батыр айтты: — Иншалла, шүкір, келдім, — деді. Хан айтты: — Бұ қалмақты әуелгідей қырып, қуып бізді бұ жаудан бостан қыл! — деді. Сонда Тарғын айтты: — Менің аз жерде жауға шабатұғын қуатым жоқ, — деді. Бұ әскер-ләшкердің қашатұғын айласын мен сіздерге үйретейін, өзіңіз барыңыз сол үйреткен менің айламменен, — деді. Үйреткен айламды қылсаңыз, өздеріңізден де қашар, — деді. Онда хан айтты: — Ондай шабуға әліңіз жоқ болса, үйретіңіз! — деді. Сонда Тарғын үйретті. Үйретерде сөйледі:

— Ауан, ауан, ауан су,
Ауандап үлкен балық жүзген су.
Қараша құбан қанды су,
Ақ туған бұдан жанды су,
Үш өзен Самар даңды су.
Су болғалы екеуі,
Кәпір менен мұсылман
Ерлеріменен даулы су.
Даулы жерде тұрмаймын,
Мен кетемін, кетемін,
Кеткенменен айдалаға кетпеймін,
Айналып Еділді өтемін!
Қадір білмес сен итке
Қарашы болып нетемін?!
Иірімі жоқ суларға
Иірілген шабақ не табар?
Қайрымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
Қатын қалса бай табар,
Қарындас қалса ер табар.
Талапты туған жігітке
Тәңірім қайғы бермесін!
Алтыннан соққан кеудесі,
Ат басындай шер табар.
Әй, жебір сұлтан, сен білмейсің,
Елден кеткен ер жігіт
Ылғидың құба жонында
Тәңірім жөнін берген соң,
Тарланға мінгесіп жүріп жөн табар!
Мінбей, түспей қарыған,
Арқанда тұрып арыған.
Тарлан жауға мінілмес,
Мінілсе де бұ Тарлан
Бұрынғыдай жүгірмес.
Қалған белім үзіліп,
Балдағы алтын ақ болат
Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес.
Шығыршығы шираған,
Бадана көзді кіреуке
Шарайна бес қабат.
Жау қарысы жетпеген,
Жез айырдың оғы өтпеген.
Сатуға басын сұраған,
Сан ділдаға бітпеген.
Енді үстіме киілмес,
Батыр жауға шүйілмес.
Неге десең, сұлтаным,
Қатып қалған көнім бар,
Шілде түспей жібімес.
Қатты қалған көңілім бар,
Май құйсаң да ерімес.
Жебір сұлтан, сен білмейсің,
Мен бір аңқау туған бөрімін.
Көп екен деп саған иек сүйемен,
Нәсібімді бір Тәңірден көрермін.
Бұл барғаннан барармын,
Қырымға таман барармын.
Қырымда қалған қырық құрдас
Қырқын қасқа алармын!
Алда маған жол берсе,
Бері қарай сұлтаным,
Сапарланып салармын.
Есен барып, сау келсем,
Домалатып басыңды алармын,
Жұртыңа бүлік салармын!

Тарғын мұны айтты да: — Жаудың қашатұғын айласы осы, кет көзіме көрінбе, — деді. Тарғынның бұ сөзіне ханы, халқы қорықты. Ханзада хан айтты: — Олай болса райыңыздан қайтыңыз? — деді. Бұл Бұлғыр тауға сені жалғыз тастап кеткендігімнің ұятынан Ақжүніс сұлудың үстіне саған жалғыз қызымды берейін, — деді. Жығы жұртымның саған бармаған айыбы үшін қолыңды бер! — деп, қолын алды. Сонан соң бұ батыр райынан қайтты да, Ханзада ханның ордасына келді. Бірнеше күнде белінің ауруы бітіп жазылды. Баяғы келіп жатқан қалмақ Тарғынның келіп жатқанын білмеді. Қызын бермеген соң, атқа мініп, ханның елін шаппақ болып, барабандарын соғып, ханның үстіне келді.

Жау келгенін білген соң,
Бұл әскерді көрген соң,
Сар ала туы салбырап,
Сауытытның шашағы
Тұс тұсына саудырап,
Қабағына қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып,
Жаурыны жазық, мойны ұзын,
Атарына қолы ұзын ,
Құланды қақтан қайырған,
Егескен ханды елінен
Алтын тақтан айырған.
Ертеңнен салса түске озған,
Ылдидан салса түске озған.
Оза-оза зырлаған,
Басын тартса болмаған,
Көк айыл болып көпірсе,
Айшылықты алты аттауға ойлаған.
Артынан қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Дамбауыл көрсе қарғыған,
Қарғи барып атылған,
Атыла барып тік түскен.
Аяғының даңымен
Қазандай тасқа жік түскен.
Томаға көзді Тарланды
Жауға қарай тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Толып жатқан әскерге
Келді Тарғын желігіп.
Алты құлаш ала атпен,
Үсті толған болатпен,
Сайдан шыққан құла атпен
Көңілін тоқсан бөледі.
Бұ да айтулы ер еді,
Келе жатқан Тарғынды
Сонда байқап көреді.
Қалмақ тағы болмаған,
Домбауыл деген бір жайсаң
Жекпе-жекке Тарғынға
Соғысуға келеді.
Келе қалмақ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
— Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем тоғайсың.
Айтшы маған жөніңді,
Нағылып жүрген ноғайсың?
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй де йді:
— Асудан асу бел — дейді,
Аса соққан жел, — дейді.
Сұрасаң жөнімді айтайын,
Әкең Тарғын мен, — дейді,
Іздегенім сен, — дейді.
Еркек қара қарғадай,
Қоқаңдаған өлім құл,
Сен де бір жүрген ер, — деді,
Қағысалы [қ] кел, — дейді.
Домбауыл сонда сөйлейді:
— Асуда асу бел, — дейді,
Аса соққан жел, — дейді.
Қарсы алдыңнан қарасам,
Жасың кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер? — дейді.
Толғана мойнын бұрады,
Алдадан пәрмен сұрады.
Қашатұғын қатын ба,
Табатұғын сарсаң ба?
Кезегім бер деген соң,
Қасқайып қарап тұрады.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Қорамсаққа қол салды.
Суырып алған қу жебе,
Көп оғына жол салды.
Кезегендей қалады,
Созағандай алады.
«Тарлан аттың басы» деп,
«Алтынды ердің қасы» деп,
«Қақ жүректің тұсы» деп,
«Өлер жерің осы» деп,
Толғанып тұрған Тарғынды
Толғап атып салады.
Кірістен шығып кетеді,
Тарғынға таман жетеді.
Тоғыз қабат торғауыт
Сегізінен өтеді.
Жытыла жазды сауыттың
Қатарлатқан жағасы.
Қабыл еді Тарғынның
Ежелден бермен тобасы.
Өтер еді мұнан да,
Жібермеді бұл оқты
Сиынып жүрген Тарғынның
Бәтуаші бабасы.
Сонда Тарғын сөйлейді:
— Атаңа нәкес ит Домбауыл,
Атың мінген күймелі,
Ақ сауытың түймелі,
Кесілмесем қарымнан,
Айрылмасам барымнан,
Қасқайып қарсы тұр солай.
Мен тартқан соң көрсетпен,
Бәлем, саған дүниені-ай!
Желігіп келген Ер Тарғын
«Алда», — деді, ақырды,
Аруағын судай сапырды.
«Иә, бабам» дей берді,
Жарандар қамын жей берді.
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда-ақ мол салды.
Кезегендей қалады,
Созғандай алады.
«Алаша аттың жасы» деп,
«Қалмақы ердің қасы» деп,
«Қақ жүректің тұсы» деп,
«Өлер жерің осы» деп,
Толысып келген қалмақты
Толғап Тарғын салады.
Зырқырай оғы кетеді,
Қалмаққа таман жетеді.
Көкірек қысқан көбеден,
Қалмады қабыл жебеден,
Зырлауменен өтеді,
Бұған тоқтар қайрат па,
Мұнан да өтіп кетеді.
Бір төбеге жетеді,
Төбені төңкере тастай кетеді.
Атқан оғын көрген соң,
Мықтылығын білген соң,
Аттанып келген әскердің
Көңіліне қайғы бітеді.
Оқ тоқтаған кезекте,
Домбауыл барып құлады,
Туы қолда тұрмады.
«Ла лай, Лама лух» деп,
Бәлем қалмақ сұлады.
Толып жатқан көп қалмақ
Атына өпшін жабады.
Ары-бері кеңесіп,
Ақыл-айла табады.
Тарғындайын батырды
Тұрған жерде қамады.
Қамағанын көрген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Сонда Тарғын сөйледі:
— Олайым да бұлайым,
Көтере көр, Жаббар Құдайым.
Алты мыңдай ауыр қол,
Өзіңнен медет болмаса,
Бұған не амал қылайын?!
Жаман-жақсы болса да,
Алданың бұлай әмірі.
Қорлық берді басыма,
Жақындап келді қасыма,
Нағылып бұған шыдайын?!
Алты қырлы ақ мылтық
Ата алмасам маған серт!
Мен атқанда ұсынып,
Ұта алмасаң саған серт!
Қозы жауырын қу жебе,
Алтыннан ойған алпыс кез,
Тартатұғын шақ болды,
Жан-жағыма жау толды.
Қиғаш салып жауырыным,
Тарта алмасам маған серт!
Талайдан бермен жұмсаған,
Қан көрмесең сусаған,
Қанға тойсаң жусаған,
Тауға салсам тас кеткен,
Кеудеге салсам бас кеткен,
Алты аршын ақ болат
Қынаптан алып суырып,
Шаба алмасам маған серт!
Қанға тойсаң саған серт!
Айдаһардың тіліндей,
Салсам кеткен білінбей,
Қарағайға самғатқан,
Шұбар туға шұлғаған,
Аруаққа көрсетіп,
Талай жауға мақтатқан,
Төрт қырлаған көң сүңгі
Жау ішінде жалданып
Толғамасам маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толықсынсаң саған серт!
Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Құлжа мойын төгерек,
Ұмтыла шапқан Тарланым,
Алты мыңдай кісі екен,
Тіл жіберсең саған серт!
Сен желігіп жүргенде,
Таяна шапса маған серт!
Тауыса шапса бұ жауды,
Сонда бітер Тарлан бәйгесі.
Осындай жауды көрген соң,
Жау екенін білген соң,
Керегелеп кірген соң,
Қаса қатын болмаса,
Бізге ұқсаған ерлердің
Көкірегінде болар ма
Қайран Тәңірім қайғысы?!
Алтыннан соққан кіселі,
Әжептәуір мүшелі.
Бұлайша толғап Ер Тарғын,
Енді атынан түседі.
Қысқартты келіп құйысқан,
Өзінде жоқ Тарғынның
Алдадан басқа туысқан.
Мұндай, мұндай жауларға
Неше дүркін жуысқан.
Жуысқан жаудың жүрегі
Мұз құйғандай суысқан.
Тартты бекем айылын,
Жасынан көрген қайынын.
Білмесеңіз Тарғынның
Білдірейін зайырын.
Шабайын деп батыр тұр,
Қырылуға кәпір жүр,
Алда берсін қайырын.
Мінді батыр еріне,
Іздеген жауға көріне.
Келген қалмақ жолықты,
Тарғын сынды бөріге.
Кеудеден жаны кетпесе,
Әл-қуаты бітпесе,
Тарғын намыс берер ме?!
Ақыл-айла табады,
Келді қалмақ қамады.
Сарала туы салбырап,
Қабағы тастай түйіліп,
Аллалап Тарғын шабады.
Ай бетінен кіреді,
Күн бетінен шығады.
Қойға кірді бір бөрі,
Бүріктіре қырады.
Талай қалмақ құлады,
Ер қайратын сынады.
Атысқан жауы артық көп,
Қай уақытта тынады?
Сүйтіп мінген Тарланға
Басты келіп дойырды.
Тарлан салды мойынды,
Толып жатқан қалмаққа
Тарғын салды ойынды.
Талай қалмақ жиылды,
Қару қанға тойылды.
Бір уақыт болғанда,
Салды келіп қамшыны-ай.
Сауырынан тер кетті,
Көктен құйған тамшыдай.
Қысылды-ау батыр, қысылды,
Қысылмай батыр не қылсын,
Сауытын қанға малшыды.
Бір уақыт болғанда,
Толғады батыр найзаны.
Жалғыз жаумен ойнады,
Жауды еркіне қоймады.
Көтеріп салған көк сүңгі
Тіріде қанға тоймады.
Бір уақыт болғанда,
Суырды белден қанжарды.
Жауға таман ол барды,
Қалмақтың көбі жалбарлы.
Жалбарлыны сермеді,
Іліндірді сағақтан,
Бауыздады тамақтан.
Қарсы алдынан қараса,
Адам шыдар ер емес,
Қар жаудырды қабақтан.
Бір уақыт болғанда,
Қынабынан суырды
Қиялай тартып қылышты,
Жалғыз жаумен ұрысты.
Жау қарасын көрген соң,
Ұмытылмай кетер ер ме еді?
Ет арқасы құрысты.
Ердің жаудан қашуы
Шариғатта дұрыс па?
Алты күн айғай салғанда,
Жетінші күн болғанда,
Тарлан сонда дүзеді,
Жылмия басып жүрісті.
Сегізінші күн болды,
Көп қалмақтың басына
Атайтұғын түн болды,
Ер жігітке сын болды.
Қорамсақтан суырды
Қуалай тартып садақты-ай.
Келген қалмақ көп еді,
Көп те болса қалмақтан
Алты күн айғай салғанда,
Азғантай қалды қадақтай.
Тоғызыншы күн болды,
Мойынынан алады
Атайын деп мылтықты-ай.
Неше батыр болса да,
Түтінін қосты түтінге.
Ынтықты-ай батыр, ынтықты-ай,
Санын садақ үзген көп қалмақ
Сынған санын сүйретіп,
Тарғынның күшін көрген соң,
Қашты сайға сылтықтай,
Тап он бір күн болғанда.
Ердің жүрген намыспен,
Күні-түні шабыспен,
Қиқу салған дабыспен
Ұмытыла шапқан Тарланның
Мойнынан жал кетті,
Аяғынан әл кетті.
Неше жүйрік болса да,
Бір тынымы болмады,
Болдыратұғын күн бітті.
Мойнын барлай қараса,
Өкпе-бауыр жалы бар.
Аяғын барлай қараса,
Болар-болмас әлі бар.
Он екі күн болғанда,
Болдырды дейді жануар.
Аруағы қашты кәпірдің,
Сұсы басты батырдың.
Болдырған соң Тарланға,
Қаһары келді бақырдың,
Басты келіп тепкені.
Сонда Тарлан ұмтылса,
Әлі де болса бедеудің
Үй жыққандай екпіні.
Жауды қоймас білемін,
Бұл батырың сықылды.
Нағылып қойсын бұ жауды,
Ежелден жауға әйгілі
Тарғын ердің ерлігі.
Бұл уақыт болғанда,
Қарайды да күн батты,
Сарғайды да таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн шыққанда қараса,
Болған екен тамаша.
Қырылып жауы батырдың,
Өзі қайтты оңаша.
Астына мінген Тарланның
Тұрпатына қараса,
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін ернінің
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан,
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
Тұла бойын қараса,
Он жеті жерден жаралы,
Сонда да Тәңірім алмайды,
Ол жараға болмайды,
Әлі де ойын салады,
Қос тізгінін созады.
Артынан қиқу таянса,
Ет арқасы қызады.
Қос тепкіні салған соң,
Қамшыны басып алған соң,
Шаршады Тарлан десек те,
Жер басқаннан озады.
Отырысы нән болып,
Тұла бойы қан болып,
Жүрген жері шаң болып,
Көргендерге таң болып,
Төскейден тұман желеді,
Көңілін жауға бөледі.
Ханзада сынды ханына,
Қара ноғай еліне
Аман-есен келеді,
Бірін-бірі көреді.
Ханы, биі, мырзасы
Иіліп сәлем береді.

Бұл Тарғын жаудың қырғанын қырып, қашырғанын қашырып, аман-есен келіп, Ханзада ханға көріскен соң, мұның қуанышына ат шаптырып той қылып, арап-шарап ішіп тойдың қызығымен таңның атқанын, күннің батқанын, халық білмеді. Олай да болса хан қызын беремін деген уәдесіне тұрып, қызын бермеді. Хан айтты: — Жеті атаңнан бергіңді сұрап келіп отырсам, қожа менен төреге һешбір шатасқан жерің жоқ екен. Соның үшін саған қызымды беруге аталарымның аруағынан қорқамын, — деді. Енді бұл он сан Орманбеттің ішін қыдыр да, һәр қандай сұлу қыз тапсаң да алып берейін, — дейді. Сонда Тарғын айтты: — Биылғы Бұлғыр таудың ішіне жалғыз тастап кеткеніңнің күнәсін кешіп едім, енді бұл қызды беремін деп жауыңды қырдырып алып тұрып, қызыңды бермегендігіңді кешпеспін, — деп, Ақжүністі алды да, Қырымға қарай жүре берді. Сонан соң хан елі бек қатты қорықты. «Бұл кетіп, қайтып келген соң, бізді жаман қылар» деп малын баға алмады, отын жаға алмады, ас іше алмады. Ханы, халқы жақын болды, сонда жұрты әбігер тартты. Ол уақытта жүзден асып жатқан бір Сыпыра жырау деген бар еді. Ол Сыпыра жырау өз өмірінде қолынан тоғыз ханды өткізіп, толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі еді. Жұрт сасқан соң, ханы, халқы жиылып, Сыпыра жырауға жиылып барды да, Сыпыра жыраудан сұрады: — Біз Тарғын батырды екі алдадық, әуелі «Бұлғыр тауға жалғыз тастап кетіп, қайтып келеміз» деп, келмей кеттік, екінші «қызымды беремін» деп жауымызды қырдырып алып, бермей қалдық, сонан соң ол ашуланып «Қырымдағы қырық құрдасымды алып, келіп жұртыңды қырамын» деп кетті. Ол өзі Қырымнан қыз алып қашты, ханына қылмысты болып жүрген кісі еді, ол жұртына барып мұнда қайтып келер ме, иә болмаса ол бізге өтірік айтып, алдап бізді қорқытып кетті ме? Соны болжап бізге айтшы, көпті көрген көне едің, һәр не десең сіздің ақылыңызбен боламыз, — деді. Сонда Сыпыра жырау айтты:

— Хан менен төрем келіпсің,
Би мен мырза отырсың.
Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғындайын батырға
Жиылып барып бәріңіз,
Қараң түгіл ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Батырды еске алыңыз,
Етегіне басың салыңыз!
Егер кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз!
Буырқанып, бұрсанса,
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар келсе тобаңды.
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етпей кетпес қалаңды.
Бір түбектей бір қылар
Жалпы жатқан далаңды.
Қырым деген ағаңды,
Ағаның ісі жаман-ды.

Сонда хан қызын бермек болып, Сыпыра жырауға айтады: — Біздің шәһарымыздың ханының да, халқының да өтірігі шықты. Біздің ішімізде тілімізге нанатұғын бір кісіміз қалмады. Оны нағылып тоқтатамыз. Осы өз қоластыма қараған кісімнен сол Тарғын тіліне нанатын бір кісі тауып бер, — деді. Сонда Сыпыра жырау айтады:

— Батырдың жіберіңіз артынан
Қызметін қылған бүлініп
Қара ноғай халқынан.
Қасына ерген баяғы
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Тегенді,
Өмірұлы Себенді.
Аруақты туған ерлердің
Алдаға берген уәдесі бар болар.
Қызмет жасаған қосшының
Тарлық жері тап келсе,
Тілегін бермей кетпен деген-ді.
Бұл үш кісі Тарғынның
Соңынан қуып кетті енді,
Батырға қауып жетті енді.
Етегіне басын салды енді,
Ашуын тілеп алды енді.
Елге қарай жүрді енді,
Ел ішіне кірді енді.
Ханы, халқы жиылып,
Хан ордаға кірісіп,
Бірін-бірі көрді енді.

Бұл Тарғын ханның үйіне келген соң, ханы, халқы жиылып хан өзінің ұятынан һешбір сөз бастап айта алмады. Һәм Тарғын да ешбір сөз бастамады. Сонда Сыпыра жырау сөйледі, Тарғын батырға қарап тұрып:

— Ай, батырым, батырым!
Тауда Тарлан ақырса,
Тас інінен бөріні
Ару сұңқар шақырса,
Көгілдірін ертіп,
Көлден қулар ұшар ма?
Әділ туған хандары
Қара берен батырға
Беремін деп бермеді,
Өтірік сөзден өлмеді.
Бұл сықылды хандары
Бұл сықылды батырды
Жалған сөзбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң,
Сіз сықылды батырға
Ашуын бермей кетсе ұқсар ма?
Ай, батырым, батырым,
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау пақырың.
Ханы, халқың жиылып
Айтып отыр біздерге.
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге.
Аруақты туған ер болсаң,
Нағыласың бұл қызды?!
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Шыға берме түздерге!
Мына отырған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Сый қылады, алыңыз!
Қара лашын береді,
Көлден көлге салсайшы!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсейші!
Ақ падиша жіберген
Балдағы алтын ақ берен
Мұны сізге береді,
Аш беліңе ілсейші!
Бадана көзді кіреуке
Мұны сізге береді,
Баса келіп кисейші!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз атан береді,
Шағаннан көшсең суытып.
Бес жүз бие береді,
Желеп мұны байлашы!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы!
Неше батыр болсаң да,
Алмаймысың бұл сыйды?
Миың болса басыңда,
Айтып тұрмын қасыңда,
Осы жерін бір ойлашы!

Бұл батыр енді райынан қайтып, ханның, халықтың берген сыйын алды. Қара ноғайдың ханы, халқыменен татуласып табысты да, Жанарыстан үш Тарғын деген тауға барып жайлады, һәм қыстады. Һәм су жерді мысыр етті. Сол елге Тарғынның өзі хан болды және батыр болды. Сүйтіп жүргенде Тарғынның өзі қартайды, ажал келіп дүниеден көшті. Бұ Ақжүністен бір Ардаби деген Ұлтуды, бұ да бек ер болды, бек асыл би болды, бұ Ардадан екі бала туды. Үлкені Әжікерей мырза. Әжікерей мырза жиырма жасында дүниеден өтті. Енді жеті жасар кенже баласы Айқожа қалды. Бұ Айқожа бес қалаға хан болды, сүйтіп жұрт иесі болып, хан болып, таққа мініп бес қаланы билеп мұратына жетті.



Пікірлер (2)

Назылы

жақсы

Есімім Айару

Өте керемет жыр.Сіздерге көп көп рахмеет

Пікір қалдырыңыз

Қаусылдақ

  • 0
  • 0

Қамыс басы жел болса қаусылдайды,
Өз-өзінен сөйлесіп саусылдайды.
Әй, Қапал, дедім-ай!
Сені ойласам, қалқатай, сағынғанда,

Толық

Абайкөк (4 ­нұсқа)

  • 0
  • 0

Абайкөкті жараттым әдейі арнап, Абайкөк.
Көңлім менің қалқатайым түнде бармақ, ояу деп.
Тәуекелге белімді бекем байлап, Абайкөк,
Суда жүрген ақ қайраңға салдым қармақ, ай-ау, деп.

Толық

Әй, қалқа

  • 0
  • 0

Әй, қалқа, ғашық болдым жамалыңа,
Қызықпас кімдер көрсе ажарыңа.
Құрбым деп нәсілім теңдес сөз айтқанда,
Тигізбе қатты жауап назарыма.

Толық

Қарап көріңіз