Өлең, жыр, ақындар

Аққуға оқ атпайды

  • 24.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2968
Ерте, ерте заманда,
Ауырыпты бір ана.
Дәрігер жоқ,
Адамға
Бола қойсын кім пана?

Аяқ-қолы жазылмай,
Тырысыпты тамыры.
Зар илепті көз ілмей,
Әбден кетіп сабыры.

Жарытпады ем болып,
Балгерлердің айтқаны.
Аяқ-қолы кем болып,
Дерттің беті қайтпады.

Сол ананың болыпты
Ардақ атты баласы.
Ақылы да толыпты,
Артық екен санасы.

– Ауыр дерттің жәбірін
Көре-көре мен аздым.
О, жаратқан тәңірім,
Осыншама не жаздым?! –

Деп анасы күйзелген
Шақтарда Ардақ жаситын.
– Қайтіп жазам кеселден? –
Деп желкесін қаситын.

Көрсе де сан жәбірді,
Іштен тынып қамықты.
Мінезі бар сабырлы,
Теңдесе алмас сан мықты.

Ауыр дерті ананың,
Айықпас деп қорықты.
Көп қайғырған баланың
Көңілі де торықты.

Үрпек шашын жел үріп,
Өшіп соңғы бар үміт,
Қайғы жанын кеміріп,
Жүреді екен тарығып.

– Анашымның өмірін,
Қалай ғана сақтаймын?
Тауып оның көңілін,
Қайтіп сүтін ақтаймын? –

Деп қайғырып жылаған,
Бала жайын сұрай кеп,
Көпті көрген бір адам
Ақыл айтты былай деп:

– Бекерге сен, шырағым,
Қажи берме, қамығып.
Берік болсын шыдамың,
Мына сөздің мәнін ұқ:

Алыстағы шаһарда
Бір емші бар ғұлама.
Егер соған апарсаң,
Жазылады бұл ана.

Анаңды алып, қарағым,
Қашықсынба, бар соған.
Алдан жанып шырағың,
Арманға жет аңсаған.

...Ауыр үрей артта қап,
Бетке алып ақ таңды,
Анасын Ардақ арқалап,
Алыс жолға аттанды.

Ұзақ жолда баласы,
Қалды бірде қалжырап.
Ардақты аяп анасы,
Былай деді зар жылап:

– Талай жүрдік жолды алыс,
Қажыдық қой болдырып.
Біз ойлаған болмады іс,
Бара жатыр әл құрып.

Өзің жалғыз баласың,
Жүдеп және барасың.
Жырақтағы ауылды,
Қарғам, қайтіп табасың?

Есің барда елді тап,
Қайтсақ деймін күй барда.
Бола қоймас енді бап,
Қамықпа оған, қиналма...

– Қайтсем де мен ақтаймын
Анашымның ақ сүтін.
Жарты жолдан қайтпаймын,
Алдан туар жақсы күн, –

Деді-дағы бел байлап,
Ардақ алға жүрді еппен.
Көрінбейді елді аймақ,
Аштық та оны жүдеткен.

Тынбай жүріп мыртыңдап,
Құмды кешіп, бел асты.
Аңызақ жел жыртыңдап,
Бөркіменен таласты.

Табандары жарылып,
Ерні-дағы кезерді.
Жапан түзде тарығып,
Жолдан болды безер-ді.

Бірақ Ардақ шегінбей,
Қиындықпен алысып,
Алға жүрді ерінбей,
Қабырғасы қайысып.

Табылардай ем алда,
Құрсау көңіл кірігіп,
Жетеледі тек алға,
Темірқазық – бір үміт.

...Көкжиектен таң атты,
Көтергендей шеті ақ ту.
Төбесінен Ардақтың
Өте берді жеті аққу.

Әнге бөлеп даланы,
Жазбай олар жұптарын,
Баяу жылжып барады,
Іздегендей құтты орын.

Қуанды Ардақ соншалық,
Ақыл-есін жоғалтты.
Қорамсаққа қол салып,
Бірін көздеп оқ атты.

Бірақ оғы мүлт кетті,
Іске аспады бар ойы.
Күнді бүркеп бұлт кетті,
Тұмшаланды маңайы.

Оқ тимеген әлгі аққу,
(Өзі неткен ақылды ед).
Демеді: «Атар алдап, қу».
Былай деді жақын кеп.

– Ата менен анамыз,
Тастап кеткен жасынан.
Біз сары уыз баламыз,
Тарпаң тағдыр басынған.

Қанатымыз қатқан соң,
Соларды іздеп шығып ек.
Айдалада жатқан соң,
Саған мойын бұрып ек.

Қияндағы жол да алыс,
Неғып жүрсің шөл түзде?
Қажет болса қолғабыс,
Жақында сен, кел бізге...

Аққу құстың сөздері
Ойландырды жігітті.
Күлім қақты көздері,
Көңіл күйін жібітті.

Кетпегенге оқ дарып,
Қуанды ол ішінен.
Тұрып қалды дағдарып,
Жаңылғандай ісінен.

Жасаурады көз тағы,
Аққу жақын келгесін.
Еріксіз бір қозғады,
Көңіл күйдің пернесін.

– Біз бір ғаріп зарлаған,
Жеріміз жоқ бармаған.
Қабынып тұр өкпеміз,
Құмда тамшы тамбаған.

Ағайындар, басымда
Үлкен қайғы, жапам бар.
Анам сырқат болған соң,
Таудан үлкен қапам бар.

Жолы ауыр десе де,
Қашық ауыл десе де,
Тәуекел деп тәңірге,
Бір жақсылық шешеме,

Бола ма деп дом-емі,
Тие ме деп себебі,
Емшіні іздеп келемін,
Қона жатып көбені.

Қапы қылмай ғазалын,
Дертін қалай жазамын?
Ақыл айтшы, аққулар,
Бізге ауса назарың?!

Аққу құстар көктегі,
Сезіп кепсің қайғымды.
Кеудемде мұң көп тегі,
Болсам да өзім айбынды.

Қорықпаңдар, қоныңдар,
О, аққулар, керімдер.
Достар үшін орын бар,
Жүрегімде менің де, –

Деді де Ардақ садағын,
Жіберді алыс лақтырып.
Елти тыңдай сазды үнін,
Бала тұрды шат күліп...

– Біз жүреміз, шынымыз,
Қиындықты бөлісіп,
Бірімізге біріміз,
Көмектесіп, болысып.

Қара сүлік – мұң-қайғы,
Жан екенсің жүдеткен,
Кім ойлаған мұндайды,
Тарығумен күн өткен.

Сарғалдақтай сарғайтқан
Үмітіңнен түңілме!
Шипагерге жұрт айтқан
Апарамыз іңірде.

Көңіл кірі кетеді,
Жазылады анашың.
Мұңды күндер өтеді,
Бақытқа тап боласың, –

Деп аққулар бірлесіп,
Ана менен баланы,
Аппақ шағыл құм кешіп,
Емшіге әкеп салады.

...Емші емдеп сырқатты,
Ана дерттен айықты.
Ардақ сонда жар салып,
Жұртқа былай жайыпты.

– Аққуға оқ атпаңдар,
Жасай берсін мәңгілік.
Сырлы сазын жаттаңдар,
Есте қалар ән қылып.

Содан бері жүрекке,
Аққу сазы орнапты.
Содан бері аққулар –
Құс төресі ардақты.

Содан бері бар халық
Аққу сазын жаттайды.
Содан бері бар халық
Аққуға оқ атпайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ғажайып

  • 0
  • 0

Өмірде көп-ақ қой ғажайып,
Қалмайтын ешқашан азайып.
Ал, қане, саусақпен санайық,
Дәптерге мәнерлеп жазайық:

Толық

Құм әні

  • 0
  • 0

Ақ шағыл құм айнала,
Ән сап жатқан жай ғана:
– З-з-з-з... с-с!
Биігінен қарасаң,

Толық

Он саусақ

  • 0
  • 2

Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Егер тұрсам жазып жай,
Қадау-қадау қазықтай.

Толық

Қарап көріңіз