Өлең, жыр, ақындар

Құрдастар

Ауылда, болыста қызылбөрік болып істейтін әпербақан бір шабарман ауылға жиі келіп, кездескен адамдардың бәрін жазықсыз жазғырып, елдің мазасын ала беріпті. Сол ауылда бірімен-бірі қатты ойнайтын екі құрдас адам болса керек. Біреуі екінші құрдасын алыстан нұсқап:

— Мына келе жатқан адам патшаны да, болысты да танығысы келмейтін, елді оларға қарсы үгіттейтін арам пейілді адам, — деп таныстырыпты қызыл бөрікке. Қызылбөрік екі көзі қанталап, екі алақанына кезек түкіріп, кіжіне бастапты оған.

Екінші құрдасы келіп сәлем берген кезде:

— Сен патшаны да, болысты да танымайтын көрінесің ғой, — деп қызылбөрік мұртын шікірейтіп, көзін ежірейте бастапты.

— Көрмесем, ол кісілерді мен қалай танимын? — депті екінші құрдас.

— Көрсетемін мен саған көрмегенді, танымағанды. Қол-аяғыңды кісендеп, барса-келмеске аттандырамын мен сені, — деп аузы көпіріп, гүр-гүр етіп, ауылды басына көтеріпті әлгі қызылбөрік. Көпке дейін басылмай даулап сөйлей беріпті.

Есік алдында шай қойып жүрген бір жас әйел болыстың шабарманының көп сөйлеуге бет алғанын түсініп, бір аяқ қымыз әкеліп ұсыныпты.

— Ағатай, ол кісіге босқа ұрса бермеңізші. Ол кісі өзіңіздің күшігіңіз болады, — депті.

Қызылбөрік өзінің ақымақ болғанын сонда түсініп:

— Әкеңнің, — деп шағыстырған алғашқы құрдасқа қамшысын ала ұмтылыпты. Естіп тұрған ел күлкіден ішектері түйіліп, өле жаздапты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз