Өлең, жыр, ақындар

От жалын

Бір күні Махамбет Жәңгірдің он екі биімен бірге далада келе жатса керек. Сонда астындағы қара қасқа аты алды аяңдап, арты желіп, билердің алдында оқ бойы озып отырыпты. Сонда бір би тұрып: «Ей, Махамбет! Қазақта атты адамдар қатар жүреді, сен немене, тазы итке ұқсап жұрттың алдын бермейсің!» десе керек.

Сонда Махамбет артына қарап, екі бүктеп ұстаған бұзау тіс он алты өрме бөкейлік қамшысын тақымына тіреп, бір жағына қисайыңқырап отырып: «Е, неменесі бар, мен қарғылы қара тазы болып, алдарыңда оқ бойы шығып отырсам, артымнан он екі төбет дүңкілдеп ере алмай келе жатса, дүниенің қызығы сол емес пе!» деп билердің жағын қарыстырған екен дейді. «Қайран от ауызды, орақ тілді ақыным-ай», — деп Құрманғазы сол арада: «Исатай мен Махамбет, өкіне ме екен өлдім деп!» деген жолдармен басталатын өлеңін жайлап термелеп айтып келіп, аяғында бір күй тартып жіберген екен дейді. Күйдің аты «Жалын» болмасын, «От жалын» болсын деп отырғандар толықтаған екен.

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз