Өлең, жыр, ақындар

Үркіп кетемін

Ертеде Қаратау елінде Доспай болыстың Шаян деген жылқышысы болады. Ол кезек сөзге дес бермейтін өткір тілді, от ауызды шағын ғана келген кісі екен. Болыстың алалы-құлалы тоғай толған жылқысын бір өзі бағатын-ды.

Күн ұзақ атқақты болып шаршап келгеніне қарамастан оны Доспайдың әйелдері әрнеге жұмсай беріпті. Шаян алғашқыда тіл алып жүріп, кейін: «пішен шап» десе, «бөденеден үркемін», «отын әкел» десе, «жыланнан үркемін», «су әкел» десе, «құрбақадан үркемін» деп әр түрлі сылтау айта беретінді шығарады. Оған жұрт: «Қой емес, жылқы емес, адам үрке ме екен?» деп сенбейді.

Бір күні Доспай ауылының әйелдері жиналып Шаянды сынамақ боп, қолына су таситын қауақ беріп, суға жұмсайды.

Сонда Шаян:

— Бір өзім бармаймын, судағы құрбақа, жыланнан үркемін, өздерің ере жүріңдер? — дейді.

Еріккен әйелдер:

— Осының үріккені қандай болар екен, көрейікші, — деп өзен жағасына ере келеді.

Әйелдердің суға жұмсайтынын күн бұрын білген Шаян өрістегі жылқыдан келе жатып сегіз өрме бұзау тісті қамшы өрімін қара лайға малып суат басына жасырып тастап кетеді.

Шаян су алатын жерге әйелдерден бұрынырақ келіп, қауақтарды бір-біріне соғыстырып, бауына «қара шұбар жыланды» іліп алады да, үстіндегі шидем шекпенін дәлеңдетіп, әйелдердің алдынан тайдай тулап, ойнақтап шыға келеді.

— Не болды? — деген әйелдерге Шаян:

— Көрмейсіңдер ме жыланнан үркіп келе жатқанымды, — дейді. «Жыланды» көрген әйелдер жаулықтарын желпілдетіп, шулап үйге қарай дүркіреп қашады.

— Ей, тоқтаңдар, тоқтаңдар! Мен болсам жыланнан ғой үркіп келемін, ал сендерге жол болсын?! — дейді Шаян.

Сол сол екен, содан былай қарай байдың әйелдері Шаянды оны-мұныға жұмсамайтын болыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз