Өлең, жыр, ақындар

Әмір Темірдің Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу аумағындағы басқыншылық соғыстары

XIV ғасырдың соңғы үштен бірі — XV ғасырдың басында Қазақстан халқының шаруашылық және саяси өміріне әмір Темірдің жаулап алушылық тонаушылық жорықтары зор қауіп төндірді.

Жаулап алынған елдердің түрік және түріктенген көшпелі монғол аксүйектері мен жергілікті отырықшы ақсүйектердің ішкі қайшылықтары, моңғол мемлекеттерінің (Алтын Орданың, Шағатай ұрпақтары мемлекетінің, Ирандағы Хулагу ұрпақтары мемлекетінің) саяси және экономикалық жағынан берік болмауы, моңғолдар бағындырған аймақтардың халық-азаттық күресі бұл мемлекеттердің ыдырауына әкеп соқты. Шағатай ұрпағы мемлекетінің батыс бөлігі — Мәуераннахрда XIV ғасырдың 50—60-жылдарында ірі-ірі түрік-моңғол тайпаларының көсемдері арасында кескілескен күрес өршіді. Моңғолдар жаулап алуының барлық ауыртпалыған мойнымен көтерген еңбекші бұқараның, шаруалар мен қолөнершілердің жағдайына ауыр салмақ түсірген талас-тартыстар, сондай-ақ Шағатай ұлысының бұрынғы аумағы шеңберінде тарихи жағынан келмеске кеткен ескі мемлекетті қайта туғызуға тырысқан Моғолстан хандарының Мәуераннахрға жасаған жорықтары халық бұқарасының қарсылығын туғызып, сарбадарлардың шынайы патриоттық қозғалысына ұласты. Халық көтерілісінің кауіп-қатері Мәуераннахрдың ақсүйектері мен жоғары саудагер топтарын сарбадарлардың халық-азаттық қозғалысын басып, орнықты саяси билік орната алатын басшы іздестіруге мәжбүр етті. Олар моңғолдың түріктенген барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы әмір Темірді (1336—1405 жылдары) осындай басшы деп тапты. Атаққұмар, жігерлі, алған бетінен қайтпайтын әмір Темір әскерлердің шапқыншылығын пайдаланып, одақтастарына опасыздық жасай отырып, халық қозғалысын басып-жаныштап, көршілес жердегі халықты талап-тонау мен күйзелту арқылы байып алды да, ешнәрседен шімірікпестен билікке ұмтылды. 1370 жылы Темір Мәуараннахрда билікті басып алды. Темірдің жеке-дара билік құрған 35 жылы (1370-1405 жылдары) көрші аймақтар мен елдерге жасаған басқыншылық, тонаушылық жорықтарға, дүниежүзілік империя құру әрекеттеріне толы. Ол жаулап алушылық үлкен соғыстарды мейлінше мейірімсіз тағылық әдістермен жүргізді. Темір бұл соғыстарды Мәуераннахрдың билік етуші үстем табы арасында өз билігін нығайту үшін көшпелі ақсүйектерге жаулап алынған елдердің халқын талап-тонау, Орта Азияның да, бағындырылған аймақтардың да еңбекші бұқарасын қанау есебінен баюға мүмкіндік беріп, оларды бүлік шығару мен өзара қырқыстан тыю үшін жүргізген еді.

Темірдің Орта Азияны біріктіруі 18 жылға созылып, Қазақстан мен Қырғызстан аумағына — Шығыс Дешті Қыпшаққа, Жетісуға және Тянь-Шаньға тонаушылық, басқыншылык жорықтар жасаумен бірге нақ сондай қатыгездік әдістермен жүзеге асырылды (мысалы, Хорезмге бес рет жорық жасап, Үргеніштің толық талқандалуы нәтижесінде ғана бағындырылды). Темірдің үстемдікке ұмтылысы 1360—1370 жылдардағы талас-тартыстар шайқалтқанымен, әлі де құдіретті Алтын Ордамен бетпе-бет келді. Бірақ оны күйретпестен бұрын Темір семсерін өзінің ең жақын көршілері — Ақ Орда мен Моғолстанға сілтеп, олар Темірдің Орта Азиядан тыс жерлерге агрессиясының алғашқы нысанадарына айналды. Ақ Орда мен Моғолстанның шаруашылық және саяси тәуелсіздігінің нығаюына кедергі жасауға ұмтылған Темір 70—90-жылдарда бұл мемлекеттердің аумағына оннан астам жорық жасады.

Ақ Орда билеушілері мен Темір арасындағы соғыс қимылдарына мұрындық болған соңғысы еді. Алтын Орданың астанасы Сарайды жаулап алуға қатысудан бас тартқаны үшін Ұрұс хан өлтірткен, Маңғыстаудың үлесті билеушісі, Жошы ұрпағы Түй-Қожа оғланның баласы Тоқтамыс Ақ Ордадан Темірге қашып барды. Ұрұс хан Алтын Ордада болған кезде Темір өзінің солтүстіктегі көршісінің істеріне араласу үшін қолайлы жағдайды пайдаланып, Тоқтамыстың Ақ Ордада орнығып алуы үшін оған әскер берді. Сауран түбегінде Тоқтамыспен шайқаста Ұрұс хан балаларының бірі Құтлығ-Бұға қаза тапқанымен, Тоқтамыстың хижра бойынша 776 жылы (1374-75 жж.) алғашқы әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Тоқтамыстың Самарқандтағы өз қамқоршысына қашып баруына тура келді. Темірден тағы да әскер алып, Тоқтамыс Сауранға дейін жетті, бірақ Ұрұс ханның үлкен ұлы Тоқтақия оны тағы да тас-талқан етті.

Темірдің Ақ Орданың оңтүстігіндегі әрекеттері, оның әулет ішіндегі араздық пен талас-тартыстарға араласуы Ұрұс ханды Сарайдан асығыс шығып, өзінің байырғы жұртына қайтып оралуға мәжбүр етті. Темір Ақ Ордаға жорық жасау үшін Тоқтамысты үшінші рет әскермен жасақтады. Сол кезде, 1375-76 жылғы қыста, Ұрұс ханнан Тоқтамысты қайтаруды талап еткен және Ұрұс хан әскерлерінің Түркістан жеріне аяқ басқанын хабарлаған елші келді. Оған жауап ретінде Темірдің өзі Сырдариядан өтіп, әскерімен Отырар маңына орналасты. Ұрұс хан Сығанаққа жетіп тоқтады. Алайда екі әскер осылайша бір-біріне жақындамай, аталған мекендерде 3 айға жуық тұрды.

Ұрұс хан Сығанақтан кеткеннен кейін әмір Темір Ұрұс ханның ұлы Темір-Мәлік оғланның 10 мыңдық әскерін талқандады. Низам ад-дин Шами мен Шараф ад-дин Йаздидің мәліметтеріне қарағанда, 1376 жылы Үрұс хан елген. Көп ұзамай оның ұлы әрі мұрагері Тоқтақия қайтыс болды. Темір Сауранда Тоқтамысты таққа отырғызып, «оған бүкіл Дешті Қыпшақ патшалығы мен» әлі де жаулап алынбаған «Жошы ұлысын берді» де, өзі Мәуераннахрға қайтты.

Ұрұс ханның ұлы, Ақ Орданың жаңа ханы Темір-Мәлік (1376—79 жылдары) 1377 жылы Сауранда Тоқтамысты талқандады. Темір өзінің әскербасыларымен бірге Тоқтамысты Ақ Ордаға тағы да аттандырды. Тоқтамыс Ақ Орданың астанасы Сығанақты басып алды. Түркістанның өзге жері Темірдің қолында қалды. Темір Сығанақты қолдан шығарып алғанына көнбеген Ақ Орда ханының қарсы қимылдарын қалт жібермей қадағалап, Темір-Мәлікті талқандауға әмір берді. Мұны жүзеге асырған Тоқтамыс өзін Ақ Орданың билеушісі деп есептеді. Ақ Орданың көптеген әмірлері оның жағына өтті. 1380 жылы Тоқтамыс Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыстың табысқа жетуін 1380 жылы Куликово даласында Дмитрий Донскойдың Мамайды талқандауымен түсіндіруге болады. Алтын Орда үшін бұл Русьтің моңғолдарға тәуелділіктен азаттық ала бастағанын білдірген басты соққы болды. Алтын Орда бірқатар шағын иеліктерге (ордаларға, ұлыстарға) ыдырап кетті. Алтын Орда бұрынғы екі одақтастар — Темір мен Тоқтамыстың ұрыс алаңына айналды.

Түркістанда өз билігінің нығаюымен бірге және Дешті Қыпшаққа өзі қойған, Ақ Орда ханының тағынан үміткер Тоқтамыстың қолдауымен Темір Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның, Қырғызстан мен Қашқарияның аумағында басқыншылық соғыстар жүргізді.

Темір өзінің Шағатай ұрпағының бұрынғы иеліктерінде бір орталыққа бағынған қуатты мемлекет құрмақшы болған мақсаттарына кедергі жасай алатын моғол билеушілерін әлсіретуді міндет етіп қойды. Ол жиырма жыл бойы Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстанға үздіксіз шапқыншылықтар ұйымдастырып, оны Дешті Қыпшаққа, Хорезмге, Таяу және Орта Шығыс елдеріне жорықтармен кезектестіріп отырды. 1371—1372 жылдарда Темір Моғолстанға әскер аттандырды, ол «Алмалықтын шегіне дейін жетті» де, керейіттерді талқандап, қайтып оралды. Нақсол жылы оның өзі Моғолстанға жорыққа шығып, бұл жолы Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін жетті. Темір әскері сансыз көп тұтқын алып, «сан жетпейтін» олжа түсіріп қайтты. Бұл Темірдің олжа түсіріп, тұтқындар алумен аяқталған және өзінің күшін көрсеткен барлаушылық жорығы болатын. Осыдан кейін сол кезде Моғолстанның ең ірі феодал билеушісі болған әмір Қамар ад-дин дуғлатқа карсы 1375—77 жылдардағы жорықтар тізбегі жасалды.

1375 жылы Темір әскері Ілеге дейін жетті. Темір әскерлерінің жолы Сайрам, Талас алқабы арқылы жүріп, Жетісудың қойнауына қарай өтті. Шарын өзенінің шатқалында Темір әскерінің Жаһангер бастаған алдыңғы қосынының (маңдай) Қамар ад-динмен шайқасы болды. Моғолдар қаша бастады. Темір қууға үлкен қосын жіберді, ол моғолдарды Іле өзеніне дейін және оны жағалай қуды: «Жау еліне жеткен соң, оны тонап, бүкіл мал-мүлкін тартып алды, ал ел құрамындағы «мыңдықтар» (хазарахтар) күрендерге бөлініп, Самарқандқа жөнелтілді». Тұтқынға алынған көп адамды айдап әкету Темірдің Моғолстанға шапқыншылықтары үшін сипатты нәрсе.

1376 жылдың көктемінде Хорезмді жаулап алумен айналысып жатқан Темір Моғолстанға Қамар ад-динге қарсы 30 мың әскермен әмір Сасы-Бұға қыпшақты, Әділ шахты және басқа әмірлерін аттандырды. Алайда әмірлер Моғолстанға бармай, Темірдің өзі Хорезмге кеткенін пайдаланып, бүлік шығарды да, өздерінің жалайыр және қыпшақ тайпаларын жинап алып, Самарқандқа аттанды. Жеңіліске ұшырап, Ақ Орда ханы Ұрұстан қолдау табамыз деген үмітпен Дешті Қыпшаққа қашты. Сонан соң әмірлер Моғолстанға Қамар ад-динге барып, оны Темірдің Мәуераннахрда жоқтығын пайдалануға, сөйтіп Темірге қарсы қимылдарында өздерін, әмірлерді, қолдау үшін оған әскер жіберуге шақырды. Алайда Мәуераннахрға қайтып келген Темір Қамар ад-динді Атбасы маңында (Нарын алқабында) қуып жетіп, талқандады. Темір Мәуераннахрға көп олжа түсіріп қайтты.

1377  жылы Қамар ад-дин екі рет: біріншісінде — Қаратау етегінде, екіншісінде Шу алқабынан Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында талқандалды. Деректемелерде атап айтылғанындай, оның әскерлері жауынгерлік қабілеттен толық айырылды; Темір «қисапсыз олжамен» бірге өте көп тұтқын алды. Тұтқындар Мәуераннахрға апарылып, құлдыққа сатылды. Қамар ад-дин өзінің негізгі әскери күштерінен айрылды, ал бүкіл моғол ұлысы да бұл талқандаудан көп уақыт бойы ес жия алмады.

1383 жылы Темірдің Моғолстанға жіберген әскері ба'арин тайпасының әскер қосынын талқандалы. Моғол ұлысының басшысы Камар ад-дин Жетісудың солтүстігіне кетіп үлгерген еді, ал сәл кейіннен ол Дешті Қыпшақтағы Тоқтамысқа барды.

Моғолстанда уақытша болса да қолын босатып алған Темір Мәуераннахрға қайтып оралды, онда жаулап алушыны Хорезм мен Ирандағы басқыншылық жоспарлармен қатар, өзінің Ақ Ордаға бұрын қолымен қойған билеушісі Тоқтамыспен арадағы барған сайын шиеленісе түскен қатынастар күтіп тұрған еді.

Тоқтамыс хан Ақ Орда ақсүйектерінің Алтын Орданың бүкіл аумағында Жошы ұрпағының билігін қалпына келтірмек болып, XIV ғасырда Алтын Орда тағына өз үміткерлерін талай рет жіберген бөлігіне сүйеніп, сондай-ақ, бір жағынан, Мамайды Дмитрий Донскойдың талқандағанын, екінші жағынан — Темірдің Хорезмдегі, Ирандағы, Моғолстандағы жаулап алушылық әрекеттерден босай алмауын пайдаланды да, Алтын Ордада билікті басып алды. Тоқтамыстың ұлы державалық ниеттері Темірдің қарсылығын туғызды, оған Алтын Орда мен Ақ Орданың бір күшті билікке бірігіп, күшеюі мүлде ұнамайтын. Темірдің Тоқтамысқа қарсы ұзаққа созылған қиян-кескі күресі басталды.1387 жылы Тоқтамыс Кавказдағы Кура өзенінде Темірден жеңіліс тапты, бірақ Орта Азияда Тоқтамыстың Қамар ад-дин мен Енге төренің одақтасқан әскерлері Самарқанд пен Бұхараның төңірегін тонады. Темір Хорезмді біржола талқандап, оның астанасы Үргеніш қаласын жермен жексен етті де, 1389 жылдың көктемінде Сырдариядан өтті. Тоқтамыс даланың түкпіріне қашты, алайда Темір Қаратаудан айналып өтіп, оны Түркістан шегінен әрі қуған жоқ, қайта әуелі Тоқтамыстың моғолстандық одақтастарын талқандау үшін Жетісуға бет бұрды.

Моғолстан мен Ақ Орда билеушілерінің 80-жылдардың аяғына қарай қалыптасқан, құрамына Қамар ад-дин, Енге төре, ал 1389 жылдан — Моғолстанның жаңа басшысы Қызыр-Қожа хан және Тоқтамыс кірген саяси одағы Ақ Орда мен Моғолстанның бытырап кеткен саяси және әскери күштерін бір жауға қарсы біріктіруге мүмкіндік алды. Одақ Темірдің Қазақстан мен Қырғызстан халқын тәуелділікке түсіруге, Дешті Қыпшақ, Жетісу және Тянь-Шань өңірі аумағындағы мемлекеттердің шаруашылық және саяси тәуелсіздігінің нығаюына кедергі жасауға тырысқан әрекеттеріне қарсы бағытталды.

Ақ Орда мен Моғолстан билеушілерінің күш біріктіруіне жауап ретінде Темір Қазақстанның байырғы халқы үшін зардаптары мейлінше ауыр болған екі жорық: 1389 жылы — Моғолстанға және 1390—91 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордаға жорықтар жасады.

1389 жылы жорық кезінде Темірдің Моғолстандағы қарсыластары Енге төре мен Қызыр-Қожа хан еді. Темір әскері Моғолстанға Қаратауды теріскей беткейінен айналып, содан соң Шу өзенін бойлай жүріп өтті. Іле өзенінен өткеннен кейін Аякөзге жетіп, онда Темір өз әскерін екі бөлікке бөлді. Темірдің өзі Қаракөшірге, Тарбағатайдың батыс жағына бет алды. Омар-Шайх әскердің екінші тобымен Көбік өзеніне дейін жетіп, онда үлкен шайқаста Енге төренің әскерін талқандады. Моғол басшысы Ертістің арғы жағына қашты, ал жеңгендер қисапсыз олжа мен байлыққа батты, «көп жылқы, түйе, сондай-ақ тұтқындар» әкетті.

Өзі Тарбағатайда қалып, Темір Моғолстанның түкпір-түкпіріне жалпы саны 120 мың адамға дейін жететін 5 қосын жіберді. Сонан соң Темір бастаған негізгі әскерлер Емел ауданынан Жұлдызға, Күнгес және Текес өзендерінің арасындағы жазыққа бет алып, жол-жөнекей бұлғашы тайпасын талқандады.

Қосындардың бірі Қызыр-Қожа ханға тап болды. Екі әскер де шайқас бастауға тәуекел етпей екі күн тұрды да, екі жаққа кетті. Темір Жұлдыздан Қаратұр тау асуы арқылы өтіп, Шығыс Түркістандағы Қарабұлақ деген жерде Қызыр-Қожаның әскеріне жетті, оны қашуға мәжбүр етіп, Шалысқа дейін қуды. Қызыр-Қожа оғлан хан атағынан және Моғолстанды билеу құқығынан айрылды.

Барлық қосындар жиналған Жұлдызда бірнеше күн болып, 1389 жылғы 8 тамызда Темір Самарқандқа қайтар жолға бет түзеді. Келесі 1390 жылы Темір әскері Ыстықкөлге, содан соң Көктөбеге бет алды, Алмалыққа соқпай, Іле өзенінен өтіп, Қараталда Енге төрені қуып жетті. Осында әскердің алдыңғы қосындарының бірі мен Қамар ад-диннің әскерімен шайқас болып, ол жеңіліп Ертістің арғы жағына өтіп кетті. Темір әскерінің бір бөлігі оны жеңілденіп, арбаларсыз қуды. Қамар ад-дин Алтай жаққа қашты. Бұл жерлердің Темірге бағынғандығының белгісі ретінде ормандарға белгі салынып, таңба соғылды.

Темірдің Моғолстанға жорықтарын сипаттайтын деректемелерде Темір әскерлерінің орасан көп олжа, негізінен жылқы мен қойды, сансыз көп тұтқындарды қолға түсіргені талай рет атап өтілді, сөйтіп Моғолстанды талап-тонап, оның билеушілерін қуып шыққан Темір Дешті Қыпшакқа сондай міндетті шешуге, яғни Тоқтамыс пен ол біріктірген мемлекеттің күш-қуатын жоюға оралды. 1391 жылғы 21-қаңтарда Темір 200 мың әскермен жорыққа шықты. Отырардан, Ясыдан, Қарашықтан, Саураннан өтіп, сәуір айында әскері Сарысуға («Сарыөзен») жетіп, Ұлытауға жақындады. Бұдан кейін Темірдің жолы Жыланшық, Тобыл, Сақмар, Орал (Жайық) өзендері арқылы өтті. Тоқтамыс әскеріне Құндызша деген жерде жетті. 1391 жылғы 18-маусымда сол жерде шайқас болып, онда Тоқтамыс жеңіліс тапты. Темір зор олжамен қайтты, оның қайтар жолы сәл оңтүстікте Жайық, Сауран, Отырар арқылы өтті. Темірдің бұл жорығы ол жүріп еткен Оңтүстік, Орталық және Батыс Қазақстан аудандарының халқына зор ауыртпалығын түсірді. Темір әскері өз жолында кездескеннің бәрін талап-тонап, таптап кетті. Тоқтамыстың жеңілісі салдарынан ғана емес, қайтар жолда да қисапсыз олжа — жылқы, қой, алуан түрлі мүлік, тұтқындар қолға түсірілді. Олар дер кезінде кетіп үлгірмеген көптеген Ақ Орда ұлыстарын талап-тонады. «Мал мен соғыс олжалары қисапсыз көп түсті, жаяулар 10-нан 20 жылқыға дейін, бір жылқысы барлар 100 жылқыға дейін алаалды... Қой мен басқа малдың саны көптігінен санауға да мүмкін болмады», — деп жазады Низам ад-дин Шами «жорықтың нәтижесі туралы»; Әбілғазы демографиялық тұрғыда «Әмір Темір көптеген халықтарды қырды» деген мәліметтер келтіреді.

Тоқтамыс 1393 жылы ғана Алтын Ордадағы билігін уақытша қалпына келтірді, бірақ Ақ Орданың көп бөлігі оның билігіне енбей қалды: мұнда Едіге Жошы ұрпағы Темір-Құтлықты хан жариялады, оларды Ақ Орда ақсүйектерінің көптеген өкілдері қолдады.

1395 жылы Солтүстік Кавказда, Терек өзені аңғарында Темір мен Тоқтамыс арасында жаңа шайқас болды. Тоқтамыс толық жеңіліс тапты. Оны қуалаған Темір орыс жеріне кіріп, Елецке дейін жетті, сонан соң Алтын Орда қалаларын ойрандады: Алтын Орданың Еділдегі астанасы Сарай-Беркені басып алып, қиратты. Еділ бойы мен Қырымдағы ірі қалалар — Астрахань, Каффа, Азақ және басқалар киратылды. Алтын Ордаға ақтық соққы берілді. Оның дамуында жаңа — «саяси құлдырау мен аумағының ыдырау» кезеңі басталды.

Сансыз көп жорықтар мен жаулап алу нәтижесінде XIV ғасырдың 90-жылдарының аяғына қарай Темір орасан зор империя құрды, оған Мәуераннахр, Хорезм, Каспий өңірінің аймақтары, қазіргі Ауғанстан аумағы ғана емес, сонымен қатар Иран, Үндістан, Ирак, ішінара Кавказдың арғы беті, Батыс Азияның бірқатар елдері енді.

Темірдің Қазақстан мен Қырғызстан аумағына жорықтары да жергілікті халыққа қисапсыз қасірет әкелді. Тарихнамада Дешті Қыпшақ пен Оңтүстік-Шығыс Қазақстанға, Қырғызстан мен Шығыс Түркістанға Темір осында мекендеген көшпелілердің отырықшы Орта Азия аудандарына шабуылдарын тойтару үшін ғана барған деген қате пікір қалыптасқан. Ақ Ордаға, Алтын Ордаға, Моғолстан мен Қашғарияға жорықтар ашықтан-ашық тонаушылық, басқыншылық сипатта болды, оған деректемелерде дәлелдер бар. Солардың бірінде «Темір моғол елін басқару үшін жорыққа шықты» деп жазылған.

Темірдің іс-әрекеті Қазақстан мен Қырғыстан халықтарының тарихында теріс рөл атқарды. Тонаушылық жорықтар Шығыс Дешті Қыпшақтың, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның демографиялық және экономикалық жағдайына теріс әсер етті: бір бөлігі тұтқынға алынып айдап әкетіліп, бір бөлігі қаза тауып, халық саны едәуір азайып кетті; бұған дейін де моңғолдар үстемдігінің орнауы нәтижесінде зардап шеккен Жетісудың ежелгі отырықшы-егіншілік мәдениетінің қалдықтары құлдырап кетті; мал шаруашылығы аса ауыр шығынға ұшырады.

Темір өзіне мұнда жаңа жерлерді, мысалы, Ақ Орданың Сырдария бойындағы иеліктерін — оның қала орталықтарын тікелей басып алуды, Жетісу мен Қашғарияны империясына қосуды мақсат етіп қойды. Ақ Орда мемлекетінің экономикалық, әкімшілік, мәдени өмірінің орталықтары болған оңтүстіктегі Отырар, Сауран, Ясы (Түркістан), Сайрам және басқа қалаларынан айырылды. Сырдария өңірінің бекініс-қалаларын қаратып алып, Темір оларды өзінің кең-байтақ мемлекетінің солтүстік шекараларындағы форпостар ретінде пайдаланды, атап айтқанда, өзінің Қытайға жасаған ең соңғы зор жорығын ұйымдастырғанда ол соған сүйенді.

Темірдің 1389—1390 жылдардағы Моғолстанға жасаған соңғы жорықтарының қорытындысы Қызыр-Қожа ханның вассалдық қатынастарды мойындауы болды. 1405 жылдың басында Отырарда Темірдің қайтыс болуы ғана Моғолстанды түпкілікті бағыну қатерінен сақтап қалды. Темір өлгеннен кейін оның қару күшімен құрған империясы бірден бұрқ ете қалған әулеттік күрестің нәтижесінде бөлшектеліп ыдырап кетті. Алайда оның ұрпақтары Темір басып алған аумақты әлі де бірсыпыра уақыт өз қолдарында ұстап тұрды.

Темірдің Қазақстан мен Қырғызстанға қатысты агрессиясы зардаптарының бірі XV ғасырдың бірінші ширегінде Ақ Орданың құлдырауы, Ноғай Ордасы мен Әбілқайыр хандығының оқшаулануы және нақ сол кезде Моғолстанның бытыраңқылығының күшеюі болды.

Екі мемлекетте де орталық хан билігі бұрынғысынан гөрі әлсіреп кетті, талас-тартыс өріс алып, сайып келгенде, Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Тянь-Шаньның түрік тайпаларының этникалық жағынан халық болып топтасу процесі тежелді, феодалдық тартыстар, мемлекеттің жекелеген иеліктерге ыдырауы әсіресе жау әскерлері басып кірген жағдайда Қазақстан мен Қырғызстанның түрік тайпаларының этникалық және саяси жағынан топтасуына теріс әсер етті.

Дереккөзі:  Қазақстан тарихы: көне заманнан бүгінге дейін Бес томдық. – Т. 2


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз