Өлең, жыр, ақындар

Үкім

— Көке! Көке!

— Не шу бұл, Әли?

— Асқарбек көке, Қырмызыны асау құнан алып қашып кетті.— Мына сөзден соң Асқарбек мол денесіне жараспайтын тым шапшаң қимылмен орнынан атып тұрды. Әкенің жүзіне қобалжу, уайым табы қалқып шықты. Бәйбішесі Гүлжамал бірден күйгелектене жөнелді.

— Айтқанмын, отағасы, бұрын да айтқанмын. Қызыңның ажалы аттан болады деп айтқанмын!

— Тәйт! Ажалы несі? Қырмызы үйге аман келеді! — Асқарбек әйеліне бар даусымен ақырып қалды да, қора жаққа жүгіре жөнелді. Сәлден соң кер бестісін тайпалтып шыға келді.

— Әй, күшік! Мін атыңа! Кәне, көрсет маған бағытты!

— Көке, біз бірнеше жігіт торы құнанды үйретіп жүргелі үш күн болды.Бүгін ол болдыртып, діңкелеп тұрғандай көрінді. Содан соң Қырмызы мінем дегенде қарсылық танытпадым.

— Жә, сөзді қой. Қай жақты бағдарға аламыз?

— Қырмызы мінген соң, құнан бір еркіндікті сезінді ме, кенеттен құйғыта шапқылап қоя берді. Беталысы  Сарысу жазығына жақын тұс! — Өкпесі өше мән-жайды жіпке тізген Әли торы құнан жүйткіп көзден таса болған тұсты меңзеді. Асқарбектің бар сенгені — үш күн жүген көрген құнанның бауырын жаза шабуы ұзаққа бармай, қызының аман-сау келуі. Осы ойы жанына тыныштық ұялатқан жігіт ағасы төбе басына жетті. Осы жерде тұрып, төңірекке көз салуды жаны сүйетін. Бірақ бүгін ол әдетімен маңайға манаурай қарай алмады. Қырағы көзімен қыран жанары жететін аумақты шолып шықты. Өзі жатқа білетін әр түп бұталарға дейін бар ынтасымен шұқшиды. Күннен көзін көлегейлеп, тағы үңіле беріп еді, астындағы кер бесті тыпырши қалды. Сыралғы жануарының бұл қалпынан Асқарбек оның өзіндей  жылқы баласы зымырап шапқылағанда қызғанышы оянатынын білетін. Сол дағдысымен бесті ауыздығын сылдырлата басын шайқап-шайқап жіберді.

— Осы сен әлденені шамалап тұрсың-ау?

— Көке, анау көз ұшындағы қызыл ноқат Қырмызы емес пе? — Әли өз сөзіне сенімді болмаса да, қуанғанынан күліп жіберді.

— Менің көзім алдап тұр ма? Әлде расында бізге қарсы шауып келе ме?

— Иә, көке, қырсық құнанның арынын басқан секілді. Жүріңіз, қарсы шабайық!

— Жоқ, ана құнан біздің  шуымызға елтіп, қайта көсілуі мүмкін. Одан да жай ғана аяңмен барайық.

Әли ләм-мим демеді. Онсыз да көкесінің алдында айыпты. Көкжиектен талып көрінген қызыл нүкте жақындай түсті. Оттай қызыл киінген қызы құнанды өз тезіне көндіріпті. Құнан оқта-текте ауыздығын қаршылдатқаны болмаса, бас еркін Қырмызыға толық бергендей. Манағы қаупі сейілгенмен, Асқарбек Қырмызыға бір ұрсып алуға бекініп, таяй берді. Торы а деп алып қашқанда, ауыздыққа ие бола аламай, арпалысқан қыздың түйіп қойған ұзын шашы тарқатылып кетіпті. Қара шашы желмен желбіреген ат үстіндегі жас қыз хас сұлудан бетер көрініп, Әли еріксіз көз ала алмай қалды. Езуінде жеңімпаз жауынгердің күлкісі ойнаған қыз бұлар тоқайласқан кезде, торыдан секіріп түсті.

— Әке, мен бүгін өзімді атбегі, әрі шабандоз ретінде сынадым!

— Мен де сені сынап тұрмын. Атқа орысша мінетін әдетің әлі қалмапты. Сол жақ бүйірден секіріп түскеніңде соны байқадым, — деп әкесі атқұмар қызына ұрса алмай, жай ғана бір ескерту айтты.

— Әкетай, орысша мінсем де, қазақша мінсем де, бүгін торының зықысын шығардым емес пе? Алғашында сасқалақтап қалдым да, тау-тасқа салып, тұяғының болатын қашырмайын деп, әдейі жазыққа бет түзедім.

— Желмен жарысқаның көрініп тұр. Байқұс құнан терге малшынып кетіпті, — деді Әли.

— Иә, желмен жарысып, жеңіп кеттім. Ақ бұлтқа қол созып, оны да алмақ едім. Сіздерді көріп, кейін бұрылдым, — деп Қырмызы масайрай сөйледі.

— Қызым, үйге қайтайық. Апаң уайымдап отырған шығар, — деп әкесі ауылға қарай бастады. Әбден тұралаған құнан басын төмен салып келеді.

— Балалар, қараңдаршы, мына қорым жыл санап ауылға жақындап келеді. Құлашы кеңейген өлілер мекені тым сұсты көрінеді.

— Иә, көке, соған қарап ауылда өлім көп пе деп ойлап қаламын.

— Одан емес, Әли. Мұнда бейіттер ретсіз салынған. Кейбірі тіпті асқақтап, үлкен жерді алып тұр,— деп Қырмызы сөзге араласа кетті.

— Жандарың жәннатта болсын, бауырларым,— деп бетін сипаған Асқарбек қорымның жанынан тездетіп өте шықты.

Асқарбек бәйбішесін тыныштандырмақ болып, үйіне кіріп кетті. Ал Әли мен Қырмызы аттарды суытып, қора жақта қалды.

— Торы басын ала қашқанда, оған мінуіңе рұқсат еткеніме бармағымды тістеп қалдым. — Әли  сүт пісірім уақыт бұрын өзін билеген қорқынышының әсерінен әлі айыға қоймаған екен.

— Бекер жазғырма өзіңді. Мен жазым болған жоқпын ғой.

— Сен бір жамандыққа ұшырай ма деп қатты қорықтым, — деген жігіттің сөзінің соңы сыбырға ұласты.

— Мен үшін емес, әкемнен ұрыс естимін деп қорыққан боларсың, — деп Қырмызы сыңғырлай күліп жіберді.

— Жоқ, сен үшін! — Отты жанарлар түйісе қалды. Көз сыр ұшқынын атқанда, тілдің керегі жоқ-ау, сірә...

Бұл оқиғадан соң он күн өтер-өтпесте Қырмызы қалаға жиналды. Әке-шешесінің қалауымен оқуға тапсыруы қажет. Қасына пысық жеңгесі Гүлбаршынды қосып берген әкесі қызын аудан орталығына дейін өзі шығарып салды. Қоштасарда айтқаны мынау болды:

— Сен — қыз баласың. Өмірден өз орныңды табу үшін, тау қойнауындағы  ауылда уақыт өткізбегенің абзал. Заманның қалай құбылып тұрғанын білесің. Оқығандардың дәурені жүретін заман бұл. Ақылы оқимын десең де, біздің дәулетіміз жетеді. Іштей бөлімге, мұғалімдікке тапсыр, — деді.

— Әке, сіздер үшін мұғалімдіктен басқа мамандық жоқ. Мәселен, мал дәрігері деген де қызық мамандық емес пе? — деп бұртиды Қырмызы.

— Ойбай, Гүл сіңлім не дейді? Малдың соңында жүріп өмір өткізген біз оңдық па? Одан да қалам ұстап қана жүретін мұғалім болсаңшы — деп Гүлбаршын да  Асқарбекті қостай кетті.

— Иә, Гүлбаршын, дұрыс айтасың. Алматыға барған соң, Қырмызының тиісті факультетке тапсыруын қадағала.

Қоштасу аяқталып, Алматыға баратын автобус жүректерінде түрлі армандарды тербеткен жолаушыларды толтырып алып, ыңырана жүріп кетті. Әке көңілі перзентінің болашағы үшін бе, әлде оның алысқа ұзап бара жатқанына көңілі түсті ме, үйіне сұлқ жетті.«Сапары сәтті болсын» деген көршілеріне ернін жыбырлатты да, қора жаққа беттеді. Таңның салқынында қорада ерекше күтімге алынған бірер қозы-лақ болмаса, өзгесінің бәрі жайылымда. Бірақ шарбаққа жақындай беріп, таң қалып тоқтап қалды. Анау күннен бері Қырмызының сүйікті серігіне айналған торы құнан  қамауда тұр. Қасында Әли бар. Сырт қараған Асқарбекке екеуі мұңдасып тұрғандай көрінді. Сәлден соң ақырын дауыспен сөйлеген Әлидің сөздері құлағына жетті.

— Е-е, торым, кешегі бал күндер көзден ұшты, алайда көңілден көшпейді. Қырмызы кетіп еді, менің көңілім жарым болып қалды. Иә, сен де бір түрлі мұңды көрінесің.

Мәссаған, туғалы бері Қырмызымен бірге ойнап, бірге өскен Әлиді өз ұлындай көретін еді. Сөйтсе, бұл балалар ғашық болып үлгеріпті ғой. Өзіне бүлдіршін көрінетін Қырмызы мен Әлидің махаббат әлемінің шырағын жаққандарына сенер-сенбесін білмей, ары қарай тыңдай берді.

— Торы, былтырғы жазда да Қырмызы қалаға бармаудың ретін тауып еді ғой. Ол кезде тіпті көңіл білдіруге дәтім жетпей жүрген. Ал биыл ол неге тағы бір қулық жасап, Алматыға бармай қалмады екен? Енді оның назды күлкісінсіз мен қалай күн кешемін? Сағыныштан құса болмасам етті. — Торы құнан Әлидің сөзін қостағандай басын шұлғып-шұлғып қалды.Өткен жазда да қызына «оқуға бар» деп қолқалағанда, дәл жолға шығар кезде ол кенеттен басы айналып, төсек тартып қалғаны бар.  Онысы қалаға бармаудың амалы екен ғой. Әке жүрегінде өз қалауы мен перзентінің таңдауы тайталасқа түсті. Ақыры өз қалауын дұрыс деп тапты. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын қызы әке қиялында салиқалы мұғалім бейнесінде мұнартып көрінді. Ақырын жылыстап шығып, үйіне кіре беріп еді, хатшы қыз Сара келе қалды.

— Асқарбек аға, сізді әкім ағай шақырып жатыр.

— Оған не керек болып қалды таң атапай?

— Кеңсеге жүріңізші.Мән-жайды Мұрат ағай өзі түсіндіреді. — Қаздаңдай басқан қызды көлігіне отырғызып, ауыл әкімдігінің алдына келіп бір-ақ тоқтаған Асқарбек тез-ақ ішке еніп кетті.

— Қош келдіңіз, Асқарбек аға! — Мұрат орнынан тұруға ыңғайланғанша, Асқарбек өзі қолын ұсынды.

— Қош көрдік. Таң салқынымен жасайтын тірліктерім бар. Неге шақырдың?

— Асықпаңыз. Шай ішіп отырып әңгімелесейік.

— Уақытым тар болып тұр.

— Жарайды, онда бірден іске көшелік. Ауданнан нұсқау алдым. Жергілікті кәсіпкерлердің арасынан инвестор тартып,  ауылға мәдениет үйін тұрғызсақ деп едік. Жарты шығынды аудан әкімдігі өз жауапкершілігіне алады. Ауыл жастарына арналған мемлекеттік бағдарлама негізінде...

— Жә, жаттанды сөздеріңді айтпай-ақ қойшы. Түсіндім. Инвестор бол дейсің ғой. — Асқарбек құлағына әбден сіңіп қалған «мемлекеттік бағдарламалар» деген сөзді аяқтатпастан, әкімге тік қарады.

— Иә, дәл үстінен түстіңіз, аға! Өз аулыңызды өркендетуге өзіңіз үлес қоссаңыз деп отырмын.

— Жарайды. Қажетті құжаттарды дайындата бер. Бүгін тауға барып, шаруашылықтарымды аралап қайтуым керек.

— Онда келістік. Өте қуаныштымын, — деген әкім Асқарбекті әудем жерге дейін шығарып салды. Мұрат қуанбай қайтсін, бір аптадан бері ауданның әмірін орындай алмай, әбден әлектеніп еді. Ауылда қалтасы қалың кәсіпкерлер баршылық болса да, мәдениет үйінің құрылысына инвестор болудан жеме-жемге келгенде бәрі бас тартқан болатын. Соңғы үміті Асқарбекте еді. Үміті ақталды, зілді бұйрық орындалды.

Асқарбек үйіне келгенде, көрші-қолаң тегіс жиналып, тоқымқағар жасап жатыр еді. Алыс сапарға бірінші рет аттанған қызының жолына құт тілеген Гүлжамал дастарханын түрлендіріп, Айна көршісінің тілегін тыңдап отыр.

— Қырмызының осы кеткені кеткен. Қыз бала онсыз да қонақ емес пе? Әрі оқуға түсіп, қалалық болса, кейін тұрмысқа шығып, сонда қалып қояр, — деген Айнаға Асқарбек ашық жақтырмай қарады.

— Сенің тілегің сәуегейлікпен астасып кеткен бе? Құмалақ ашпайсың ба өзі? Енеңнен жұққан болар, сірә!

— Шамданба, әкесі. Сірағасын айтқаны ғой, — деп Гүлжамал жайдақтатып еді, оған отағасының ашуы басыла қоймады.

— Құдайдың жанынан келгендей, баланың тағдырын кесіп-пішіп сөйлеуге ұялмайсың ба, Айна? — деп түнерген күйі шайын сораптады.

— Е, несіне ұяламын? Қыздың тұрмыс құрып бөлек кететіні атам заманнан белгілі. Әлде қызыңды күйеуге бермей, өмір-бақи жаныңда ұстайын деп пе едің? — Аузы жеңіл Айна өршеленіп,сөздің өртін лаулатты.

— Күйеуге тиіп, қалада қалады дегеніңді айтып отырмын. Мен білетін Қырмызы қалада қалмайды.

— Асаға, Қырмызың жолға шыққан соң, көңілің бұзылып отырған сияқты. Біз жақсы тілектер айту үшін жиналғанбыз. Ренжи көрме, — деп Айнаның күйеуі Қали майдалай сөйледі.

— Тегін оқуға түсе алмаса, ақылы бөлімге де оқыта береміз деп отырмыз. — Гүлжамал бір жағы мақтанып, бір жағы сөз қоламтасын өшіргісі келгендей бәріне естірте дауыстады.

— Менің қызым грантта оқиды, — деп Айна да есесін жібермей кеудесін кере қалды.

— А мой Серега совсем не хотел учиться, — деп Настя жиылғандарды бір күлдірді.Расында да оның ұлы университет түгіл ауылдың мектебін әупірімдеп жүріп зорға тәмамдаған. «Бір қауым қазақтың ішінде отырса да, өмірі аузын қазақша ашқан емес. Осы әйелге таңым бар. Не іші шіріген ұлтшыл, немесе өз тіліне берілген адал орыс,» — деп екіұдай ойға кетті Асқарбек. Ауданға талай жиындарға барып жүріп байқағаны, әкімдер жағы орыс тілін ақсүйектер тіліндей көре ме, әйтеуір қатынас қағаздарын орысша әдіптеуге әзір тұратын. Жиналысқа бір орыс келсе, дүйім қазақ соның тілінде шүлдірлейтін. Ал мына Настя қалың қазақтың ортасында жиырма жылдан артық тұрса да, әлі өз тілінде сайрайды.

— Серегаң біздің Қырмызымен бірге оқыды емес пе? — Гүлжамал емен-жарқын әңгіменің көрігін қыздырып отыр.  Бірін-бірі түсінеді, дегенмен екеуі де өз тілдерінде сөйлейді. «Адам мен адам сөйлескенше» деген осы ғой,» — деп ойлады Асқарбек.

Әңгімемен отырып, түс болғанын байқамай қалған қонақтардың алды жылжығанда, Асқарбек те шаруа қамымен фермаларын аралауға кетті. Асыл тұқымды жылқы өсіретін кәсіпкер тоғыз қорасын заңдастырып алған. Жұмысшыларына сәулетті үйлер тұрғызып, тұрмыстық техникамен жабдықтап, ел ішіне үлгі болған. Сонда кейбір қисық ауыздардың «жалғыз қызынан басқа ешкімі жоқ, барын жұмысшыларына шашпағанда қайтсін» деген қаңқу сөзді де талай құлағы шалған. Естісе де естімегендей кейіп танытатын. Басқа зар болса, мұның кінәсі емес қой. Қырмызының алдында бір ұлы болды. Одан бас-аяғы екі-үш сағаттың ішінде айрылды. Не ауру екенін ешкім сол күйі біле алмады. Аузынан қара су ағып, талықсыған ұлын аудан орталығына жеткізсе де, ол жердегілер еш қайран қыла алмады. Ал Қырмызы туғанда Алласынан күні-түні оның амандығын тіледі. Қызынан соң Гүлжамал екі рет құрсақ көтерді. Бірақ ұлдары бірінен соң бірі шетінеп кетті. «Көз тиді» деуші еді марқұм анасы. Қара құлақтанып өсіп келе жатып, жауқазындай қиылған сәбилеріне Асқарбек те сол дертті таңатын. Енді жалғызы мен жары аман болса болғаны. Осындай сан алуан ойлармен жүріп, үш қораны тексеріп үлгерді. Күн еңкейген шақта үйіне кетуге қамданды. Бұрын үйде Қырмызы барда  оңтайына келген жұмысшының үйіне қона беретін. Бүгін Гүлжамалды жалғыз қалдырғысы келмеді. Көлікте келе жатып, алаулап батып бара жатқан күнге қарады. Қып-қызыл сәулесімен ақ шарбы бұлттарды шарпыған  күн кешкі аспанды түрлі реңдермен байытып жіберіпті.  Анау жібек бұлт ерке қызының ақша жүзіндей.Ал мынау қызыл түске бөккен батыс атырап Қырмызының жақсы көретін қызыл көйлегіндей. Табиғаттың сұлулығын қызының ажарымен астастырған әке үйіне асығыс жетті. Жалғыз жүрсе, шай іше алмайтын әйелінің бұны күтіп тамақтанбай отырғанын білетін. Отағасы келе сала, Гүлжамал бірден дайын дастарханға шақырды. Әңгімесін де сабақтай отырды.

— Отағасы, Гүлбаршын  хабарласты. Жолда кетіп барады екен. Амандық болса таңға салым жетпекші екен.

— Алла жолдарын оңғарсын.

— Сен кеткелі бері ас батпады. Жалғыз өзім тамақ ішіп жарытпадым. Әншейінде үйден шықпайтын Әли де келмеді.

— Сол Әли үйді торуылдай бермесін. — Күйеуінің кенеттен айтқан қатқыл ескертуіне әйелі таңданып қалды.

— Неге? Құдайы көршіміз. Өзі бір жақсы бала.

— Келмесін десем, келмесін. Қазбалай бермеші. Қызымыз бой жетті.

— Олар бір үйдің балаларындай өсті емес пе?

Асқарбек бұдан ары сөзге келмеді. Кешкі жаңалықтарды қалт жібермейтін әдетімен теледидар алдына жайғасты. Қалта телефонын алып қарап еді, қызынан тілдей хабарлама келіпті: «Әкетай, мен Алматыға жеткен бойда оқуға тапсырамын.» Бетінен қақпай өсірген қызының өршіл мінезіне сүйсінген әкесі алаңсыз ұйқыға кетті.

Ауылдың жазғы түні маужырап-ақ тұр. Ауада денені сәл тоңазытар салқын леп бар. Ит үрсе де, тысқа шығатын ауыл қазағының бірі — Әли. Төбеті қырылдай үргенге шықса, жігіттер жиналып келіп тұр. Ескі клубтың үйіндісіне барып, әңгіме-дүкен құруды шеттерінен әдетке айналдырған.

— Ел жатса да, енекем жатпайдының нақ өзі екенсіңдер. — Әли жігіттерге оң қабақ таныта қоймады.

— Таңды таңға ұрып жүре беретін Әли Қырмызы кеткен соң үй күшік болып қалған ба?

— Ей, Үсен, сен не тұспалдап тұрсың?

— Өткенде Қырмызы екеуіңнің атқа мінгесіп түн ішінде өзен жағасына барғандарыңды білмей қалды дейсің бе?

— Ауылда жұмыс жоқтығын желеу етіп, ақыры өсек айтумен айналыса бастапсыңдар. Жетіскен екенсіңдер! — Әли Үсенмен сөз жарыстырып тұрмады, тайыншадай төбетін босатты да, өзі үйіне кіріп кетті.

— Үсен, жел сөзге әуестік расымен де жаман қылық қой. — Дастанның бұл сөзіне Үсен езуі көпіре жауап берді.

— Көзім көріп тұрған соң айтамын. Бірер күн бұрын екі ғашық торы құнанға мінгесіп, ауыл сыртына шығып бара жатқанын өз көзіммен көргенмін. Біздің саққұлақ Сұңқар шәуілдеп қоймаған соң далаға шықпаймын ба? Сонда махаббат дастанына кездейсоқ куә болғанмын.

— Үсен, итке құстың атын қойған сен де бір қияли екенсің, — деп тұншыға күлген Дастан көшеге қарай аяңдады.Қираған үйіндінің тұсына келіп, күнделікті орындарына дүмдерін басты. Он шақты жас жігіт түн қараңғысында ауылды аруақтай кезіп жүруді өздерінше «жастықтың дәуренін сүріп жүрміз» деп ойлайтын. Білектісі жүрексізін сыра мен араққа жұмсау да сол серіліктің бір көрінісі.

— Бүгін сыра алу Әлидің кезегі еді. Ол үйінде махаббатының мұң теңізінде қалқып жүр. Олай болса, Үсен барсын жынды суға.

— Ауылға жаңа мәдениет үйін салатын болыпты. Жақында құрылысы басталады екен, — деп Үсен су жаңа жаңалықтарын шетінен суыртпақтап орнынан қозғала қоймады.

— Құрылысшыларды шеттен әкелетін шығар. — Дастан өз алаңын білдіріп еді, оны білгіш Үсен бірден сейілтіп жіберді.

— Жоқ, инвестор Асқарбек жұмысшыларды тегіс осы ауылдың жігіттерінен аламын депті.

— Екі қолға бір күрек тапсақ жақсы ғой, — дескен жастар бұл жаңалыққа кәдімгідей елегізіп қалды. Ешкім жұмсамаса да, сыра алып келген Сергей жігіттерге теңдей етіп құйып берді. Жұмыссыз ауыл жігіттері үшін жастықты текке өткізбей, шайқап шарап ішу де бір бақыт болатын.

Арада бір апта уақыт өтпей жатып, ел аузындағы жел сөздің діңгегі болған мәдениет үйінің шынымен іргесі қалана бастады. Бригадир ғана ауданнан келген азамат, өзгелері түгелдей осы ауылдың сайдың тасындай жігіттері. Құрылыс қарқын алып, күн өткен сайын қабырғалар биіктей берді.

Алматыға барған соң, уақыт созбай, оқуға тапсырған Қырмызы жеңгесімен бірге «ауылым, қайдасың» деп тартып отырды. Ол әкесінің жарлығымен мұғалімдікке тапсырмады, өзінің жан қалауымен мал-дәрігерлік мамандығына таңдау салды. Ақылы, сырттай бөлімге құжаттарын өткізіп тастап, аттың басын аулына бұрды. Қызының келе жатқанын естіген Асқарбек бір қызарып, бір бозарды. Бұл қызды еркін өсіремін деп жүріп, есерге айналдырып алмады ма екен?Өз жүрегінің үнін ғана тыңдайтын өзімшіл болып кеткен бе?Сан сұрақ найзадай қадалып, сол түн тынши алмады. Аудан орталығына барып, қызын күтіп алғанда да, шешіліп сөйлеспеді. Әкесінің қаһары ұзаққа бармайтынына сенген Қырмызы  бұл суық райға аса мән бермеді.

...Айлы түнде мүлгіген өзен жағасында шегірткелердің шырылы ғана тыныштықты бұзып тұр. Толған ай сүттей нұрын шашып, аппақ сәулесімен  қос ғашықты аялап тұрғандай. Торыға жайдақ мінгескен екеуі ауылдан шыға бергенде, Әлидің иті де соңдарынан ерген.

— Сені сағынғаннан уақыт тоқтап қалғандай көрініп еді. Енді бақытты шақтарым зуылдап өтіп жатыр. — Әли айға қарап отырып, сүйіктісін иығынан құшақтады.

— Сағыну кезегі маған келген сияқты ғой. Әскерге бармай-ақ қойсаң болмай ма?

— Шақырту келді. Отанға қызмет-парыз, — деп мырс етті Әли.

— Әртістігіңді көрсетпедің бе? Мен үшін сәл-сәл әртіс болсаң нетер еді?

— Сайқымазақ та болдым. Тексеру комиссиясына «жүрегім жиі соғып, кейде дірілдеп қаламын» деп өтірікті соқтым. Олар түрлі аппаратқа салып, жүрегімде ақау жоқ екенін біліп алды. «Ғашығымды тастап кете алмаймын» деп оларға қалай айтамын? — Қырмызы өзі үшін масқарампаз ойнын да ойнаған жігіттің баурына тығыла түсті.

— Үш жүз алпыс бес күн сені көрмеу — мен үшін үлкен жаза, — деді шілтер бұлттар мен  жұлдыздары самсаған  зерлі аспанға қарап.

— Бір жылға қоянның терісі де шыдайды, — деп әзілдеді Әли.

— Мен қоян емеспін, сондықтан шыдай алмаймын, — деген ерке қыз өзеннің жақпарына тым жақын келіп отырды. Төбет қыздың жанына жетіп келіп, әлденені ұнатпағандай кейін шегініп кетті.

— Жаным, қырсық ботам, неге суға секіретін Қыз Жібектей болып отырсың? — Әли келіп жанына отырып еді, Қырмызы көңілсіз қалпынан айнымады.Сөйтіп отырып, сынақ сұрақтарын жаудырды.

— Әли, мен үшін ауылға жаяу қайтар ма едің?

— Ит мініп, ирек қамшыласам да, жетер едім!

— Төбетіңнің тісі қышып, маған ұмтылса, оны өлтірер ме едің?

— Ақылды төбетіме сені шын сүйетінімді айтып, сендірер едім.

— Ал мен мына өзенге құласам қайтер едің?

— Шақырсаң да келмейтін құтқару қызметіне телефон шалар едім! — Жігіттің қағытпасына  өкпесі қайнап шыға келген Қырмызы орнынан атып тұрды. Әли қызды тоқтатпақ болып, білегінен ұстап еді, ол бар пәрменімен итеріп қалды. Қолы қыздың білегінен ажырамаған күйі Әли  ғашық гүлін құшақтай суға құлап түсті. Түнгі өзеннің суық суы да екі ғашықтың жүрек жалынын өшіре алмады.

— Сені сүйетінім сондай, су ішінде тұрып, сен жаурамасын деп, көйлегімді шешіп беруге бармын, — деп алқына сөйледі Әли.

— Әли, мені жіберме! Мен жүзе білмеймін, — деп шырылдады Қырмызы.

— Аттың құлағында ойнайтын ғашығым суда қауқарсыз екен ғой. Кел, арқама жабыс!

— Теңіз тасбақасына ұқсап, арқаңды тостың ғой. Нар тәуекел!

— Тәуекел түбі жел қайық. Есерсің де өтерсің! — Шолп-шолп еткен судың дыбысы мен екеуінің дауыстары түнгі тымық ауада қатты естілді. Әлиге жабысып, судан әзер шыққан Қырмызы жағада иегі иегіне тимей қалшылдап тұр. Әли малмандай су болған көйлегін шешіп, қыздың иығына жапты.

— Мен сенің су көйлегіңнен де жылынамын!

— Тоңа көрме, балапаным! — Қырмызыны қатты қысып құшақтаған Әли сәлден соң оның дірілі басылып қалғанын сезді. Жүректері бірдей соққан, өмір жолында ақ махаббатпен жолыққан жастар ай астында үнсіз серттесті. Әсілі, қазақ атамызда «сүйем» деп айғайлап айту қасиеті жоқ-ау. Әсіресе, айрандай ұйыған ауыл жастарында ондай еуропалық салт әлі дендеп ене қоймаған. Бұлар да солай тілсіз ант ішті.

— Сені сүйемін, гүлім! — деді Әли іштей.

— Күтемін,ғашық халімді жұрттан жасырып күтемін! — Қырмызының жүрегі осылай деп дүрс-дүрс етті. Сезім мейрамына мас болған қос жүректе жалғыз тілек алаулап тұрды: «осы түн өтпесе екен.» Жаздың қысқа түні ақ таңға кезек беруге айналғанда, екеуі ауылдың иттерін  дүрліктіріп, үйлеріне оралды. Қырмызы бөлмесіне терезеден кірді, Әли жазғы үйіне кіріп, ұйқыға шомды.

Өзін ерте тұрдым деп ойлаған Қырмызы анасының қанжар сұрақтарына тап болды.

— Бетің неге сонша тозаңданып кеткен?

— Терім құрғақ емес пе? Содан болар.

— Шашың да түсі кетіп, ұйысып қалыпты. Суға түскен мысық құсап отырсың.

— Қайдағы су, апа?Шашым тіпті ұзын, аздап қисам ба деймін.

— Қызым, шашың — сенің көркің. Қысқа шашы желпілдеген қыздарды ұнатпаймын, — деді әкесі.

— Құп болады, әкешім!

— Әкешім деген бір ауыз сөзіңнен садаға кетейін, — деп еміренді Асқарбек.

— Көрші Әли әскерге баратын болыпты. Шешесі кеше қақпа сыртында тұрып, солай деді. Бүгін шағын дастархан жаяды екен.

— Апа, біз бармаймыз ба? — деп елп ете қалды Қырмызы.

— Шақырмаса несіне барамыз? — Әкесі шарт ете қалды. Аяқ астынан Әлиге неге суық қарай қалған? Қырмызы аң-таң.

— Ауылда отырып та бір-бірімізден шақырту күтетін жағдайға жеттік. Ауыл деген аты болмаса, қаланың барлық тікбақай дәстүрлерін сіңіріп үйрендік-ау. — Гүлжамал бір күрсініп қойды.

— «Неге келдің?» деген сөзді еститін шамам жоқ, — деп Асқарбек дастарханнан тұруға ыңғайланды. Көңілінде кірбің де сақтамайтын Қырмызы жай-жапсарды тура қазір анықтамақ болып, әкесіне сұрақ қойды.

— Әке, Әлиді неге ұнатпай жүрсіз? Бұрын жақсы көруші едіңіз.

— Сен Әлиді бір көрсең айтшы, торы құнанмен сырласа бермесін. — Әкесінің бұл сөзін не шынға, не қалжыңға баларын білмей, Қырмызы анасына қарады. Ол иығын қомдап, ештеңеден хабарсыз екенін ымдады.Үйдің тірлігі қызу басталғанда, Әлидің төбесі көрінді. Оның аулаға кіргенін көрген Қырмызы бірден үсті-басын реттеп, шашын жөндеп, әлек-шәлек бола қалды. Гүлжамал сонда барып Асқарбектің неге торсаңдап жүргенін қапысыз түсінді.

— Әпке, сағат екіде қонаққа келіңіз.

— Ақыры әскерге баратын болдың ба? Шыбықты ат қып мініп, шаңнан көрінбей жүретін балақай едің. — Апасының сипаттамасы күлкілі көрінді ме, әлде Әлимен қатарласа шыбық-аттарды жарыстырған бала күні есіне түсті ме, Қырмызы күліп жіберді.

— Шақырғандарыңа рахмет, балам. Әрине, барамын.

— Апа, барамыз демейсіз бе?

— Үлкендердің жиынында сенің нең бар? Айтпақшы, Әли, сен торы құнанға қандай сырыңды айтып жүрсің? Көкең атқа ақтарған сырыңды естіп қойған секілді. — Гүлжамалдың бұл сөзінен соң жігіттің қара торы жүзі күреңітіп кетті.Торыға сыр қылып айтқанын жел таратпаған болар. Көкесі ту сыртынан келіп, бәрін естіп алған екен ғой. Әй, қу көкесі-ай!

Әлиді тағы екі жігітпен бірге аудан орталығына Асқарбек өзі жеткізіп салды. Туыстары да ілесе келіп, жігіттерге сәт сапар тілеп жатыр. Бір шетте тұрған Асқарбек Әлиге елеусіз ғана:

— Балам, құнанға айтқан сырың маған мәлім, — деді.

— Білемін, көке, имандай сырымды естіпсіз. Не дейін сізге? — Әли бұл жолы жауаптан қашпай, байсалды сөйледі.

— Қырмызы — менің өмірім, апасының жаны. Сен үш бірдей адамның тағдырына жауапты бола аласың ба?

— Көке, о не дегеніңіз? Мен алдағы өмірімді тек Қырмызымен ғана елестете аламын, — дей берген жігітті Асқарбек тоқтатты.

— Сезімің шынайы болмаса, менің гүлімнен аулақ жүр. Ошаған болып жанын жаралама!

— Жоқ, көке! Қырмызы гүл болса, мен оның тыныс алатын топырағымын! — Әлидің бұл сөзіне Асқарбек бас  шайқады да қойды.

Қоштасудың бір жылы махаббат қамалын берік етер. Сағынудың бір жылы сезім іргетасын нығайта түсер. Аңсауға толы бір жыл ақ махаббаттарын баянды етер...

Алғашқы үш күн Қырмызыға өтпестей көрінді. Бұрын-соңды ешкімді бұлай сарғая сағынып көрмепті. Кімді сағынсын? Ата-анасы үнемі жанында.  Тіпті көршілері, туыстары да осы ауылдан жырақтап кеткен емес. Сағыныштың сары дәмін алғаш татқан бойжеткен бұл күйін анасынан жасыра алмады.

— Апа, қалған үш жүз алпыс екі күнді қалай өткіземін? — Өреге құрт жайып тұрып, анасына еркелей қарады.

— Биыл ақпан жиырма сегіз күннен тұрады, — деп қалжыңдады анасы.

— Түу, апа, сіз де мені қылжақ етуден рахат табасыз-ау деймін.

— Күтудің құнын сүйгендер біледі. Әкең әскерге кеткенде, екі жыл сарыла күткенмін. — Гүлжамал өзінің жастық шағын сағына есіне алды.

— Екі жыл ауыр болған жоқ па, апа? — Қырмызы өреден құр алып, аузын толтыра асады.

— Ауыр болғанда қандай? Әне-міне келеді дегенде әкең көз алдыма елестей бастады. Аспанға қарасам да, оның жүзін көремін. Суға қарасам да, әкеңнің келбетін көремін.

— Апа, қалжыңыңыз ба? Сізді ондай романтик деп ойламаппын, — деп Қырмызы шек-сілесі қатқанша күлді.

— Біреу келді ме? Ит неге үріп кетті, қызым? — Гүлжамал қызына қарап еді, ол езуінде күлкі ойнап, аулаға шықты. Келген ұзынтұра Сергей екен.

— Привет, цветок, — деді құрдастығын пайдаланып әзілдеп.

— Орысша ұқпаймын. Орыс тілін үшке оқығанмын.

— Сәлем, гүл!

— Аудармаң сапасыз болса да, қабылдаймын. Не бұйымтай?

— Папам жіберді, анығын айтсам, мамам жіберді. Шаруашылыққа жұмысшы керек дегенсіңдер ме?

— Саған жылқы емес, түйе баққан жарасады! — Қырмызының шымшымасына Сергей ақтарыла күлді.

— Папам жұмыс іздеген еді.

— Сен түйіндеме толтырып, маған қалдырып кет. Кешке әкеме беремін.

— Қалжыңыңды қойшы. Кешке папаң келер шамада өзім бір соғып қайтамын. — Имиген арық жігіт көшенің иттерін абалатып, ұзап кетті. Айна қақпасынан мойнын созып, ауласына кіріп бара жатқан Қырмызыны байқап қалды. «Осы қыз шошақай ма, қалай өзі? Біздің ұлдың басын айналдырыпты. Енді мына орыспен ыржыңдасып тұр.» Ғайбат сөзді жаны сүйетін әйел бұл ойын, әрине, ішінде сақтай алмай, ауылға өсектің шоғын тастады.

Құрылысты бір қарап, шаруашылықты да қамдап, Асқарбек үйіне кештеу оралды. Әйелі мен қызы кешкі астарын ішпей, күтіп отырған.

— Әке, күндіз Сергей келіп кетті, — деді Қырмызы жаңалықтарды анасынан бірінші жеткізетін әдетіне басып.

— Не үшін келіпті?

— Әкесі шаруашылыққа жұмысшы болайын деп талпынған көрінеді.

— Талпынған жерінен тапжылмай отыра берсін. Араққа үйір ол немемен алысып не мұратқа жетпекпін?

— Отағасы, өздерінің тұрмыстары нашар. Жұмысқа алсаң жақсы болар еді. Настяға да обал, елдің қонағын күтіп, үйін әктеп, безек қағып жүргені. — Гүлжамал әйелге ғана тән мейіріммен күйеуіне көп жайды баяндап берді. Сөйткенше болмай, қақпа тарсылдай қалды. Асқарбек өзі шығып, Сергеймен аз-маз сөйлесті де, қайтып келді.

— Шай іш демедің бе?

— Дастарханға кел деп едім, кержақтың «тойып тұрмын» демесі бар ма? — Асқарбектің бұл сөзіне анасы мен қызы жарыса күлді.

— Сендердің ықпалдарыңмен әкесін жұмысқа алатын болдым.

— Сауап жасапсың, отағасы.Настя ақыры күйеуін тәрбиелеп алған екен ғой.

— Бүкірді көр ғана түзейді, — деді Асқарбек ойланған күйі.

Сырғып ағып, кейде жылжып ағып, бір жыл да өтті. Әлидің жолын күткен Қырмызыдан соңғы күндері дегбір қашқан. Сонау батыс өңірде борышын өтеген сүйіктісі аулына келе жатыр. Осыны ойласа, қыздың тынысы тарылып кетеді. Өткен сырлы күндері көз алдына сұлу елестерін көлденең тартып, жүрегін жиі-жиі соқтыратын. Алғашқы курсын аяқтап, ауылға тездете келуі де асылына деген сезімінің құдіреті. Таңға дейін көзі ілінбей, дөңбекшіп шықты.Шығыс жақ бозармай жатып, үйдің тірлігіне араласып, әке-шешесін таң қалдырған Қырмызы енді сағат санауға көшті. Орта бойлы, тығыршықтай, қой көзді Әлиін бір көрсе, шіркін! Армандап жүріп кешті де батырды. Ауылда жаңалық жатқан ба?Әлидің әскерден келгенінен бүкіл ауыл құлақтанып алды. Тайлы-таяғына дейін қалмай,  Әлидің үйіне ағылды. Тек ата-анасы баруға асықпады. Тіпті құттықтап, баратын ойлары да жоқ сияқты. Болмашыға тоқымын баурына алып туламайтын әке-шешесіне не болғанын түсінбей дал болды. Жан-жүрегі Әлидің үйі тұсында болғанмен, үлкендерден асып кете алмады.Сағынышы Әлиді үйінде ұзақ отырғыза қоймасы анық қой.Түннің салтанат құруын тыпырши күтті. Өзен жағасына аңсары ауып, жүрегі өрекпи күтті. Қуанышы кеміп, көңілі кірбіңдене күтті. Бұл түн Әли келмеді. Тіпті телефон да шалмады. Жылауға айналған қызын Гүлжамал бала күніндегідей шашынан сипап жұбатты.

— Мүмкін алыс жолдан шаршап келген шығар. Туыстарын көріп көзайым болып...

— Ай астында берген сертін жұтты ма, апа?

— Бәлкім, қалада бір жыл жүріп, өзгерген болар. — Бұл сөзімен Гүлжамал қызын жұбатудың орнына жылатып тынды.

— Қалай өзгереді? Өзін ессіз күтіп жүрген менің барымды ұмыта ма? Қалай? — Көз жасы үзілген моншақтай тырстырс тамған қызын анасы баурына басты. Перзенті қамықса, ақырзаман орнап қалғандай қиналатын. Қырмызы бір рет өксісе, апасы мың мәрте күңіренетін. Қашан бой жетті бұл қызғалдағы? Ат пен иттің ортасында жүріп, еркек шораланып кетті ме деп қауіптенетін. Сөйткен қызы бүгін махаббатының зарын шегіп отыр. Гүлжамал не қайран қыларын білмей сарсылды.

Қырмызының аппақ үмітін арқалап, шығыстың шырайлы таңы да атты ақыры. Бұл таңнан сезіміне сауға сұраған ғашық қыз белгісіздіктің дертімен күйіп-жанды. «Неге?» деген сұрақ жанын қарып барады. Үй телефонын қанша аңдыса да, үмітін өлеусіретіп, ол да мелшиіп қалды. Аһылап жүріп кешті әрең батырды. Қызының бұл сиқын байқаған Асқарбек іштей Әлиге ашулы. Апырау, өкпесі болса келіп айтпай ма? Мұның «үш тағдырға бірдей жауапты бола аласың ба?» деген сөзіне не деп жауап беріп еді. Иә, есіне түсті. «Мен — Қырмызы тыныс алатын топырақпын» демеп пе еді? Енді топырақ екенін дәлелдеп, кешелі бері сүлік сорғандай өңі қуқылданған жан қызының жүрегін шаттыққа толтырмай ма? Әлде анау қақшаңдаған Айна ұлын айнытып тастады ма? Не де болса жігіттігін танытып, жалғызының жасын тыюға өзі келуі керек.Арпылдап ит үрді. Қырмызы сыр бермеуге тырысқанмен, өңі құбылып кетті.

— Мен шығайын, деді Асқарбек. Көп ұзамай үйге кіріп:

— Қызым, Сергей келіп тұр. Әлидің үйінде сауық кеші дей ме?

— Бұл Әлидің көзін шел басқан ба? Сереганы жібергені қай сасқаны? — Гүлжамалды мазалаған бұл жайт Қырмызыға мүлде әсер етпеді. Ғашығын көретін, сырласатын сәт туды. Басқасы маңызды емес. Әкесіне сұраулы жүзбен қарап еді, ол басын изеді. Сауық-сайранға баруына рұқсат етті. Жалпы, Асқарбек қызына барлық ретте қалтқысыз сенетін. Өзіне өтірік айтпайтынына, бұларды жаман атқа қалдырмайтынына ешқашан шүбәланған емес. Жай ғана басын изегені де содан. Қырмызы шапшаң жиналып, үйден шығып кетті.

— Асқар, қыздың жайын өзің білесің. Дертінің дауасы қаладан табылар. Қысқы сессияны күтпей-ақ, Алматыға жіберсек пе екен?

— Өзінен сұрап көрейік. Сыртынан шешім қабылдағанымыз жарамас. — Асқарбек теледидарға қарап отырғанмен, өз ойымен әлек еді.

Сауық кеші деп дабырайтып шақырғаны болмаса, Әлидің жазғы үйіне жиналған он шақты қыз— жігіт екен. Дастарханда да анау айтқандай қонақасы жоқ. Жетім қыздың тойына жайылған дастархандай жұтап жатыр. Күндізгі үлкендердің жиынынан қалған— құтқан ғана. Сергей мен Қырмызы кіріп барғанда, Әли Жанатгүлдің жанында жабысып отырған болатын. Оның қызды құшақтап отырғанын көрсе де, сағынышы қызғанышынан басым түскен Қырмызы көргенін сол заматта ұмытуға тырысты. Әли суық амандасты. Мұны күнде көріп мезі болғандай ернін боларболмас жыбыр еткізді. Қырмызы әлдебір сұмдықты сезсе де, елдің назарын аудармас үшін, өзін ұстап қалды. Сағыздай созылған бас қосу он екіге таяп барып тарқады. Қырмызы Әлидің өзін шығарып саларына сенімі кәміл болатын. Мына масқараны қара! Ол Жанатгүлдің жанында темекісін құшырлана тартып тұр. Әскерден үйреніп қайтқан жалғыз өнері осы тәрізді. Маңғаздана сөйлеп, түтінін шиырып қояды. Қырмызының шыдамының шеті сөгілді.

— Әли,— деді даусы шыңылтырланып. — Екеуміз сөйлесе аламыз ба?

— Эксғашығыңның саған айтары бар сияқты, — -деп әжуалады Жанатгүл. Мектеп қабырғасында бақталасып жүретін осы бір сұрша қыздың несін алғанын бұл білмей-ақ келеді. Әйтеуір, бұған жұлдызы қарсы.

— Жанатгүл, мен Әлимен сөйлесу үшін сенен рұқсат сұрамаймын. Әли, бері шық! Сөйлесеміз! — Бұл жолы қыздың даусынан өтініш райы кетіп, әмір лебі есіп тұрды. Әли оқшаулау шықты.

— Әли, сені сарыла күттім. Ал сенің мына суық қалпың не? Ештеңенің байыбына бара алмадым. — Демікпесі бардай ентіге сөйлеген қызға Әли назар салмай, жұлдыз санаған болып, көкке қарап тұр.

— Әли, неге менің жанымды ауыртасың?

— Осы сұрақты саған қойғым келеді. — Әлидің бұл сөзіне Қырмызы селк ете қалды.

— Астарлап сөйлегенді қой да, ашып айтшы.

— Мен әскерге кеткен күні Сергей кешке үйіңе барыпты. Екеуің ұзақ әңгімелесіпсіңдер. Бұл аздай мәдениет үйі ашылғанда, ауыл жастары концерт қойыпсыңдар.

— Сен кеткен күні Сергеймен кездеспедім. Ол әкеме келген.

— Қоя тұр ақталмай. Сол концертте ана орыспен құшақтасып ән айтыпсың. Оның суреттерін маған достарым салған. Мен бәрінен хабардар бола тұра, саған құшақ жая ұмтылайын ба?

— Әли, ол жай сахналық қойылым болатын. Біз екеуміз серттестік емес пе, жаным?

— Саған берген сертімді бұзамын. Сергеймен жарасып кетеріңе еш күдіктенбеймін.

— Қайдағы Сергей? Мен сен деп өмір сүріп жүрмін.

— Айтпақшы, әкең орыс күйеу баласына қымбат көлігін беріп, екеуің тау асып қыдырғандарыңды айтпай ұмытып кетіппін ғой. — Жігіт ащы мысқылдап, селкілдей күлді.

— Енді ақталмаймын. Жоқ! Сенің осындай сезім қарақшысы екеніңді білмеппін! — Жалт бұрылған қыз жанынан өткенде Әли өзін сағындырған әтірдің исін сезді. Сезді де, ақылына бағынбаған жүрегі бір сәт қыздың соңынан жүгіруге аз қалды. Оқыстан көзіне Қырмызының орыспен түскен суреттері елестеді. Сол суреттер қолына тигенде бұл өмірден баз кешкен. Енді қиындық қамытын кию Қырмызының еншісінде. Осы ой тоқтатқан жігіт үй жанында тарқамай тұрған достарының ортасына келді. Жанатгүл Әлидің қолынан ұстап, оның некелі әйеліндей тым тақалып тұрды.

Қырмызы алғашқы арынымен қораға барды. Өзі күн сайын мәпелеп жүрген торы құнанына мұңын шақпақ еді. Лықсып келген бар сезімін түйіп тастап, торыны шарбақтан жетектеп алып шықты. Қарғып мініп, құйғыта шаба жөнелді. Тасырлаған ат тұяғының дүбірі Әлиге де естілді. Ол сезімдерін ызамен, алқынған ашумен тұмшалап тастап тұра берді. Ал Қырмызы Әли екеуі серттескен өзен жағасына қарай құстай ұшты. Жоғалтқанын сол жерден табатындай құнанның бар шабысымен зымырады. Осы жылдамдықпен өз қасіретінен арылатындай құнанның басын еркіне жіберді. Сезімтал жылқы баласы иесінің жан азабын сезгендей дүбірлете шапты. Әп-сәтте өзен жағасына табан тіреді. Бәрі орнында тұр. Анау тұсқа бір түп қараған өскен екен. Өзгесінің бәрі бәз-баяғысыннша. Тек қана Әли жоқ. Жоқ! Қыз құмға тізерлеп отыра кетіп, егіле жылады. Ес білгелі еңіреп жылап көрмеген ерке қыз тұңғыш рет бордай үгітіліп жылады. Торы қыздан алыстамай, мойнын соза жақын тұр. Соңын ала жеткен иті қыңсылап келіп, қыздың аяғын құша жантая кетті. Көз жасын ағызып, құмға жатып солығын басқан қыздың жүзін иті жалап, аянышты дыбыспен қыңсылап қоя берді. Ит екеш ит те адам жанының арпалысын сезіп тұр. Торы қалың ернін жыбырлатып, баяғы күндердегідей мұның құлағын тістелеп ойнағысы келетіндей. «Жануарым, сен куәсің адалдығыма! Әлиді қалай сағынғанымды саған ғана айтушы едім ғой. Тілің болса, ана антұрған Әлиге айтар ма едің менің халімді? Оны ойламаған бір сәтім жоқ. Ол өзгелердің өсегіне иланып, мені шетке қақты. Торым, дертімнің дауасы бар ма менің?» Қырмызы қайта жыламсырап сөйлегенде, иті жерді тырнап, құнан тұмсығымен қыздың иығынтүртті. Қырмызы отырған орнынан түрегеліп, торыны сырлас досындай қатты құшақтады. Кенет қыздың қолына ып-ыстық бір қол тиді. «Әли!» деп басын жұлып алды. Қателесіпті. Торының ар жақ қапталында сорайып Сергей тұр.

— Сен құнанға мініп шауып өткенде қайда баратыныңды болжап едім. Көктем шықса, осы жаққа келуге құмартып тұратынсың. Ішім сезетін осы тұстың бір сиқырын.

— Ол сиқыр жоқ енді! Жоқ!

— Мен Әлиге арамызда ештеңе жоғын айттым. Ол мені тыңдамады. — Сергей ағыл-тегіл жылаған қызға жаны ашып, салалы саусақтарымен шашынан сипады. Бірақ жұбата алмады.

— Жүр, қайтайық. Қазір ата-анаң іздеп қалар, — деді ақыры аузына сөз түспей.

— Дұрыс айтасың. Олар мені мына түрде көрмеу керек. — Кесіппішіп сөйлеген Қырмызы торыны жетектеп, ауылға қарай баратын жолға түсті.

Мұнартқан ай сыңар ғашықты жұбата алмағанына назаланғандай бұлт астына кіріп кетті…

Аялдауды білмейтін уақыт зымырап өте берді. Жан дертіне де осы уақыттан дауа тапқандай, Қырмызы ауыл өміріне белсене араласып кетті. Анасының ақылымен қалаға қоныс аудармады. Қиындықтың өзі пайда болған мекенінде тұншықтырмақ ниетте ауылында қалып қойды. Мәдениет үйін жұрт көп жиналатын берекелі орынға айналдырды. Тамыз айында Абайдың туған күніне арнап, ауыл жастары арасында көркем сөз оқу шеберлерінің сайысын өткізді. Сонда Сергей Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін жүрегін ұстап тұрып, жатқа айтып, елді сүйсіндірді. Бойында жоқ өнерді жарыққа шығармақ болған жігітке күлгендер де табылды.

— Сол сын айтып отырған пысықайлар Абайдың бір өлеңін жатқа айтып, алдыма келсе қанекей, — деп Қырмызы Сергейді жақтап шырпыр болды.

— Мен ешкімге ренжімеймін. Тек бір-ақ нәрсеге көңілім толмайды.

— Ол не?

— Мына мәдениет үйінің жауапты қызметкері, әрі еңбекақы алатын, әрі бар атақты малданатын — Мереке. Ал еңбек сенікі.

— Ол жағын қазбаламай-ақ қой. Ауыл үшін бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. — Қыздың бұл жауабына Сергей риза болып, жүрегіндегі құрметі бұрынғыдан да арта түсті. Өнерпаздар кешінің соңы Асқарбектің сыйлықтарына ұласты. Қатысқандардың бәрінің көңілінен шыққан кәсіпкер көпшіліктің алғысына бөленді.

Қауырт тірлікті бір түйіндеп, ауыл кеші сәнімен құлпырып тұр. Қаладағыдай көшелері түзу болмаса да, ақ шаң ауыл үстін тұмшаласа да, бұл мекен өзінше бір ыстық, өзгеше бір киелі көрінетін. Жас отбасылардың қайсыбірі қалаға қоныс аударғанмен, кемпір-шалдар туған жерлеріне қазық болып қағылғандай жылжыр емес. Ауылдағы барды дамытып, жүйрік жетпейтін жоқтан үміт үзбей, ауыл тіршілігі жалғаса берді.

Ерте түсетін шығыс күзі тосыннан ақ көбік қар атқан қаһарлы қысқа айналды. Ауыл ішіндегі жолдар толассыз жауған қармен бітеліп, қозғалыс қиындады. Көшені қардан аршуға шыққан әкімдіктің жалғыз тракторының ісі өнбеді. Асқарбек бастаған белсенді топ ақылдаса келіп, ауыл көшелерін тазартуға тракторлары бар азаматтарды кезекке қойды. Жыбырлап болса да, желтоқсан айы өтіп жатты. Ақырған аязға қарамай— ақ, ауыл тұрғындары жастардан тағы бір таңғажайып концерт күтті. Ұзын құлақ Тәуелсіздік күніне орай жастардың концерт әзірлеп жүргенін «тікелей эфирге» шығарып үлгерген.

Айтулы күн де жетті. Тәуелсіздік тарихы қопарыла қозғалып, ел ортасында жүрген батырлар шежіре шертті. Ғибратты кеш жастардың ұранды әнімен аяқталды. Соңғы қатарда отырған Әлиге сахнада тұрған Қырмызы бұрынғыдан да сұлу көрінді. Ойламаған жерден оның қасында ән айтқан болып тұрған Сергейге көзі түсті. Оның бар назары Қырмызыда. Қызғаныштың қорқау күшігі ішінде қыңсылған Әли орнынан тұрып, концертке қатысқандардың бөлмесіне қойып кетті. Сергейді күтті.  Тазы иттей сүметілген немеге зіл жұдырығының дәмін бір татқызса, одан кейін өзі де Қырмызыға жолай қоймас. Міне, күткен Сергейі кіріп келді. Қырмызымен қолтықтасып алыпты. Әли құтырынып кетті. Қаннен-қаперсіз тұрған жігітке барыстай атылды. Ол бұл ойлағандай әлжуаз емес екен. Мұның жұдырығына темірдей соққымен жауап берді.

— Қырмызының жанына жолаушы болма! — деп тіс арасынан ысылдады Әли.

— Менің жанымда кім жүретінін сен шешетін бе едің?

— Иә, білем, маған ашулысың. Бірақ әлі де  мені сүйесің!

— Жоқ, мен сені ұмыттым! Өзен жағасына барып, құм шайнап жылаған сәтімнен бері сені ұмытқанмын.

— Мен қызғаныштың жетегінде кеттім! Мені кешір! Сені жақсы көремін! — Әли Сергейді жұлқып тастай бере, Қырмызыға қарай ұмтылды. Қыздың суық жүзінен тайсалып тоқтап қалды.

— Мені сүйетініңді жасыра алмайсың, — деді үмітті көзбен.

— Жоқ! Мен Сергейді сүйемін! — Мына сөз қақ басынан ұрғандай сілейтіп салған Әли қатты да қалды. Қырмызысы көз алдында жирен шашты кержақпен қол ұстасып кетіп бара жатты.

Сыртқа шыққан соң Сергей әзер тілге келді.

— Әлиден қарымта қайтару үшін мені сүйем дедің бе? Әрі дүйім жұрттың алдында. Қызық болды.

— Мені саған итермелеген өзі ғой. Енді неге алдыма келіп, «сүйем» деп құны кеткен сөзін қайталай береді?

— Сен Әлиге әлі күнге дейін ашулысың, бірақ түбі өкпең тарқар, қайтадан жұптарың жарасар.

— Бір суыған көңілді жылыту мүмкін емес.

— Иә, сынған кесені қанша құрсауласаң да, сызаты көрініп тұрады. — Сергейдің бұл теңеуіне Қырмызы мәз бола күлді. Аулада шатынаған аязға қарамай қимылсыз тұрған әкесі қызына салқын сөйледі:

— Концерт біте сала қайтпайсың ба?

— Әке, мен жаяу келдім. Жарты сағаттай уақытым жолға кеткені содан.

— Кір үйге, — деді әкесі. Отбасылық жиналыстың нышанын сезген қыз үйіне жылдам еніп кетті.

— Ауылда өсек өршіп кетті. Сергейге теліп, «орыс күйеу баласын тайраңдатып қойды» деген алып-қашпа сөз қаптап кетті. — Анасының бұл сөзіне Қырмызының уәжі дайын.

— Апа, ел не демейді? Мән бермеңіз.

— Қалай мән бермеймін? Анау орыс та сайтандай сап етіп келеді де тұрады. Бейсауат келе бермесін.

— Әке, оның әр келісінің мәні бар. Өткенде бір келгенде Абайдың өлең кітабын алған. Одан кейін...

— Қызым, біздің алаңдауымыздың еш мәнісі жоқ па? Сергей мұнда келмейтін болсын! Әңгіме бітті! — Сөзін қатқыл аяқтаған Асқарбек қонақ бөлмеге кетті де, анасы мен қызы оңаша қалды. Гүлжамал қанша сыр тартқанымен, қызы ашылып сөйлеспеді.

Адам табиғатында тыйым салынған жаққа құмартып тұратыны бар. Қырмызы да сондай күйге түсті. Жүрегіне күйік болып жабысқан Әли есімінен құтылды да, қаңтарда бүршік жарған жаңа махаббатына көңіл төрінен орын берді. Ұлты басқа болса да, діні бөтен болса да, жанына жақын Сергей деп білді. Әке-шешесі қыздарына Сергеймен кездесуге тыйым салғанымен, жастардың сауық кештеріне баруына қарсы болмады. Әрі жалғыз қыздарына сенім артатын қалыптарын аңғартқандай «көп кідірме» деп думан кештерге жіберетін. Бүгін де ауылдың баласынан қариясына дейін үйлену тойында жүр. Төребай мен Нәзира тойханаға жиналған елдің ақ тілектеріне көміліп қалды.

— Қарашы, қалыңдық көйлегі кез келген қызды сұлу етіп көрсетеді, — деді Қырмызы Сергейге вальс билеп жүріп.

— Жоқ, мен келіспеймін. Тек сені ғана хас сұлу етіп көрсетеді, ал сенен басқанікі жай сұлулыққа талпыну.

— О, Сережа, сен қазақтың әдеби тілінде сөйлейтін болыпсың ғой?

— Қазақтар үш күннен кейін көрге де үйренеді. Орыстар жиырма жылдан соң қазақша үйренеді! — Жігіттің әзіл-шынын араластырған сөзіне Қырмызы еменжарқын күлді. Шеңбер құрып тұрған жастардың ішіндегі Әлиді көзі шалып қалды, оның жанарынан өкініштің, сағыныштың көлеңкесін көргендей болды. Бірақ қыз жұрегі селт етпеді.

Тойдан кейін ата-анасының көзін ала бере, Қырмызы Сергеймен бірге үйіне қарай жылыстады. Қас қылғанда жылдам жетіп барды. Аулада біраз сөйлесіп тұрғандары сол еді, әкесі мен анасы жерден шыққандай болып жетті. Асқарбек келе Сергейге шүйлікті:

— Саған қызымнан аулақ жүр демеп пе едім? Сөз ұқпайды екенсің!

— Аға, мен сөз ұғамын! Тіпті қазақша жақсы сөйлеймін.

— Әке, сіз дөрекілік көрсетіп тұрсыз!

— Қызым, жүр, үйге кірейік! — Анасы қолынан тартып еді, қызы қозғала қоймады.

— Кет! — деп жекірді Асқарбек. — Жоғал! Кәпірге беретін қыз жоқ менде!

— Кетпеймін! Мен қызыңызды сүйемін! — Жайбарақат дауыспен сөйлеген Сергей Асқарбекті долы ашу қыспағында қалдырды.

— Тауда жүрген әкеңе бар! Аязда ішіп, үсіп қалмасын! Махаббатты қайтесің!

— Құдай сақтаймын десе сақтайды! — Бұл жолы жігіт ширыға сөйледі. Асқарбек оны желкесінен нұқып, ауладан шығарып жіберді.

Үйіне кіре сала, қызына айғайлады.

— Әли екеуіңнің араң осы орыстың кесірінен суыды. Енді оны жақын тартып, жұптарың жазылмайтын дәрежеге жетіпсің. Ағайын-туыстың ортасында отырған мені олай масқаралама! Қар тоқтап, жол ашылысымен қалаға аттанасың!

— Әке!

— Болды! Айттым — бітті, кестімүзілді!

— Әкең дұрыс айтады. Бәрі сенің игілігің үшін! — Апасы әкесін жақтап сөйлесе, онда мұның мұңын тыңдар құлақ жоқ болғаны. Осындай тоқтамға келген Қырмызы бөлмесіне қарай жүгірді.

«Қырмызы Алматыға кетеді екен» деген хабарды естіген Сергейден маза қашты. Сұрқай өміріне сән беріп тұрған жарық жұлдызы сөніп қалатындай дерттенді. Ойланып-ойланып дертінің амалын тапты: қазақтың өз салтымен қызды алып қашу керек, әрине, келісімімен. Бұл ойын анасына айтып еді, ол қолдай кетті. Махаббат майданында өзін қорғар анасы тұрғанда неден тайсалсын?! Асқарбек фермаларын аралап, тым кеш келген бір күні екі жас жолықты. Әңгімелері қысқа болса да, көп жайтты анықтады.

— Күлді елдің көзінше сүйем деп едің ғой.

— Ал сен әкеме «қызыңызды сүйемін» дегенсің.

— Мен шын сөйлегем!

— Мен де ақ сөйлегем!

— Онда маған тұрмысқа шықшы! — Сергей қар үстіне тізерлеп отыра қалды. Ұсынатын жүзігі болмаса да, қызға қолын созды.

— Серігім, жүзігің болмаса да, иә деймін!

Ақ қар, көк мұзда ант-су ішкен екеу тоқ көңілмен тарқасты. Ертең түнде ортақ жаңа өмірлерінің есігін ашпаққа уағдаласты.

Қаңтардың бораны долданып, ысқырына соғып тұр. Жаңа жауған қардан шашу шашып, үйлердің   терезелерін қалтыратты. Боранның тезіне шыдас бермей, электр сымдары үзілді. Ауыл тегіс қараңғылықта қалды. Қараңғыда өздері «бақыт» деп ат қойған, өзгелер «ессіздік» деп айдар таққан әлемдеріне ену үшін қос ғашық жоспарлы әрекеттерін орындады. Қырмызы Настяның алдына келін болып барды. Ол мұның бетінен сүйіп, «бақытты болыңдар» деді. Қарапайым дастархан. Аядай тар бөлме. Шалқи жанған май шамның жарығы. Осының бәрі Қырмызыға қарабайыр болып көрінбеді. Ол Сергей екеуінің алдағы жұбайлық өмірлерінің сәтті боларына сенімді еді.

Ертеңіне боран да басылды. Сар шұнақ аяз тұрып, көбік қарды қатырып тастады. Асқарбектің үйінде нағыз боран басталды. Бұл долы боранның тарқай қоюы екіталай еді.

— Қызымыз жоқ!

— Не дейсің? Жоғы несі?

— Бөлмесіне тілхат қалдырып кетіпті!

— Әкел, оқиық! — Асқарбек Гүлжамалдың қолындағы тілдей қағазды жұлып алды. Өз көзіне өзі сенер емес. Әлпештеп жүрген жалғызы бұларды тәрк етіп, орысқа қашып кетіпті. Асқарбек шөгіп отыра кетті.

— Не істейміз? Артынан қуғыншы жіберейін бе?

— Қайдағы қуғыншы? Молданы шақыр! — Атан түйедей ақырған күйеуінің пәрменін Гүлжамал лезде орындады. Молда келген соң Асқарбектің айтқаны әйелді есінен тандырды.

— Бүгін қызым қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне қажеттінің бәрін әперемін, оны өлдіге жариялайсың!

— Қызыңды өлді деп ел алдында жар салсаң, онымен ат құйрығын кесіскенің болады.

— Маған уағыз айтпа! Қаралы хабарды ел-жұртқа жеткіз!

«Қырмызы қайтыс болыпты» деген жаманат хабар ауылға жай оғынан бетер тарады. Қаза жайлы естіген Әли орнынан тұра алмай қалды. Іші ұлып қоя берді. Жылауға шешесінен арланып, тістеніп, сұп-сұр болып кетті... Қорымның бір шетінен зират қазуға кіріскен топ көп әуреленді. Тоң болып қатып қалған жер қазылар емес.

— Қалай қазсаңдар да, көр дайын болатын болсын! Жерді түрлі тәсілмен жылытып, тоңын алып тастаңдар. Одан ары қазу оңайға түседі!

Молда өзінің атқаруы тиіс жоралғысын жасауға кірісті.

— Бүгін Алланың құлы Асқарбек қызы Қырмызыны өлді деп жариялады. Онымен барлық туыстық, рухани байланыстарын үзді. Енді Қырмызы есімі тек марқұмдардың санатында ғана аталады.

— Жалғастыр! — деп түнерді Асқарбек.

— Марқұмның тірлікте жасаған күнәларын кешесіңдер ме?

Жиналғандардың ішінен ешкім тіл қатпады. Шырқыраған нәзік дауыс құлағына жеткен Асқарбек міз бақпай тұра берді. Сергейін ертіп, мола басына жан дәрмен жеткен Қырмызының етегі жасқа толды.

— Әке, әкетай, перзентіңді өлімге қалай қидың? Әкешім, бұл неткенің? Анам да мені тірідей көмуге келісті ме? — Зарлап келіп аяғына жығылған қызын көрсе де, көңіл көзі соқыр болатын. Асқарбек қолын жайған күйі қимылсыз тұр.

— Әке, тоқтат мына сұмдығыңды! Мен — сенің қаныңмын, жаныңмын!

— Тәйт! Сұмдықты бастаған сенсің! Иә, менің қанымсың, бірақ жаным болудан қалғансың! Сен ана кәпірмен қашып кеткенде бізді ойламадың! Енді мен үшін өлісің!

— Аға, Қырмызыны бұлай жазаламаңыз! Менің орыс болғаным ба жазығым?

— Сендей теріс туған кержаққа қыз бергенше, қызымды өлтіргенім артық! Қырмызым өлді! Келесі жылы асын беремін. Торы құнанды пышаққа шаламын!

— Жоқ, әке, жоқ! Өз перзентіңе бұлай жасама!

— Ары қарай жалғастыр, молдеке! — Асқарбек айғай салып еді, молда бағанағы сұрағын қайта қойды.

— Жамағат, марқұм Қырмызының тірлікте біліп, білмей жасаған күнәларын кешесіңдер ме?

— Иә! — деді Әли топ ортасынан саңқ етіп.

— Иә! — десті қалғандары да бір ауыздан.

Сәлден соң бос көрге барлығы топырақ тастай бастады. Әрбір күрек лақтырылған сайын Қырмызының жүрегіне бір-бір қасірет түйіні болып байлана берді. Сергей жер бауырлап қалған қызды құшақтап тұрғызбақ еді.

— Мен тірімін! Мен тірімін! — деп Қырмызы жын иектегендей селк-селк етіп жылап жатты. Көр топырақпен жабылып, басына бұның толық аты-жөні жазылған тақтайша қағылды. Қырмызы тарқап бара жатқан қаралы топтың соңынан еңбектей ұмтылды...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз