Өлең, жыр, ақындар

Еркіндік аңсаған дала құсы

Көкжиектен көтерілген күннің нұрына шомылып, далада туып, еркін өскен баланың тағдырына «Ұлт ұстазы» болу жазылмаса, өмірі осыншама ауыр болар ма еді?

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт зиялысы, қоғам қайраткері, зерттеуші ғалым, ақын, педагог, аудармашы. Өте дана, білімді тұлға болды. Ол ұлты үшін жанын, терін, қызметін аямаған алаш зиялыларының бірі.

Ахмет Байтұрсынов әкесінің бауыры Ерғазының қолдауымен Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Оның орыс тілінде сауат ашуына әкесінің айтқан өсиеті негіз болады. Әкесін түсінде көргенде де баласын үлкен сапарға аттандырып, бүркіттей баптап, ұшырып жататын. Қараңғы қазақ көгінде білімнің жарығын шаш дегендей болатын.

Қанаты қатпай жатып, Ахмет әкесінен айырылады. Әкесі Байтұрсын ояз Яковлевке қол көтергені үшін жер аударылып, Сібірге айдалады. Әкесі Сібірге айдалатын жылы елде жұт болады, қыста қар жаумай, көктемде көктен жаңбыр тамбайды, оның үстіне жазғы дала өрттен көз ашпайды. Соның кесірінен олардың қыста мал ұстайтын қоралары өртеніп, соны жөндеу үшін орманнан рұқсатсыз ағаш алғаны үшін жазықты болған Байтұрсын ауыр жұмысқа тартылып, туған жерінен жыраққа кете барады. Бірақ оның жалғыз арманы – ұлының оқып, білім алғаны еді. Кетіп бара жатып «Жаудың тілін біл, қиын заман туғанда қажетіңе жарайды» деп өсиет етеді. Өзінің інісі Ерғазыға «Ахметті оқудан қол үздірмеңдер» деп тапсырады.

1891 жылы Торғайдағы оқуын бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепте білім алады. Орынбордағы мұғалім мектебіне оқуға түскенге дейін де болашақ жалынды ағартушы мен қазақ халқының мұғалімінің өмірлік жолы басталғандай болды. Сол жерде оқып жүргенде  қазақтың тұңғыш ағартушысы, өмірлік ұстаз санаған Ыбырай Алтынсаринмен кездеседі. Оның әкелік ақылын алып, үміті мен мақсатын білім беруге жұмсаймын деп шешеді.

1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде сабақ береді.

Оның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына тағы бір әсер еткен тұлға Александр Ефимович Алекторов болды. Қазақ халқын терең зерттеген, тұрғындардың тыныс-тіршілігін жақсы білетін ғалыммен сөйлесу оның санасын оятты. Ұлы орыс державасының саясатын түсінуге көмектесті.

Ахмет Байтұрсыновтың саяси жолға түсуі оның Қарқаралыға ауысуымен байланысты болды. Қарқаралы сол кезде Патшалық Ресей үшін саяси маңызы бар стратегиялық бекет болатын. Бұл жерде Қоянды жәрмеңкесінде қазақ даласының жақсы-жайсаңдары жиналатын. Байлар да, саудагерлер де, ақындар мен әншілер де осы жерде тоғысатын.

Халықтың көп жиналуы да қазақ даласы үшін маңызды Қарқаралы петициясының жазылуына әсер етті. Жазушы авторлардың бірі Ахмет Байтұрсынов болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот ісі, халықты ағарту жұмыстары, білім беруге қазақ ұлтының мүддесіне сай өзгерістер енгізу, ар-ұждан бостандығы, дін бостандығы сияқты мәселелер көтерілді. Сол кезеңдегі қазақтың кең байтақ даласына көз тіккен орыс патшасының шұрайлы жерлерден қазақтарды ығыстырып, қоныс аударушыларды алып келіп жатқан саясатына қарсылық танытты. Осы оқиғадан кейін Ахмет Байтұрсынов жандармдардың бақылауына алынады.

Ахмет ұлттың баласы болу бақыты өзіне бұйырғанына риза болды. Ахмет Байтұрсынов үнемі «Алла тағала мені жаратқанда, бостан бос жаратпаған болар» дейтін. Қазақ даласына қазақтар өздері ие болуы үшін, өздері қала салып, ғылым меңгеру үшін  уақыт өтуі керек. Балаларыңды оқытыңдар, білім үйретіңдер деп күштемейтін заман келеді. Қазақтың балалары ұлан байтақ далада үнемі көшіп жүрмейді, олар да ғалым бола алады деп сенді. Сол үшін қызмет етті.

Анар Сарқұбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің 4-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз