Өлең, жыр, ақындар

Халық үшін туған өр тұлға

Бір ғасырда бір туар халық жанашыры, Қазақстанның халық артисі, сахна саңлағы Шахан Мусин туралы  ой қозғағым келіп отыр. Дамыған заман құралын құрығыма салып отырып, 16 шумақ өлеңді көзім шалып қалды. Бұл  туынды азап тартқан халықтың аянышты халін көргендегі жас жүректің еңкілдеп шыққан күңіренген зарлы күйі іспеттес азалы, шерлі еді. Оқыған адамның көз алдына  халықтың тартқан зардабын  көрініс тізбегі ретінде өткізіп,құлағына боз даланы боздатқан боздақтардың ащы үнін естіртіп, көз ұшына ыстық тамшыны сүйрей келеді. Бір қызығы бар заманның таршылығын  жан жүрегімен сезініп, іштей құлазып, тебірене өлең шумақтарын найзағайдай төпеп, нөсерше төгіп, дүр қамшыдай осып өткен жалынды ақын небәрі 23 жасар, өмірге ғашық бозбала еді.

1931 жылы оқуын енді аяқтаған Шахан, Семияр қаласында аудандық атқару комитетінде қызметін бастаса керек. 1932 жылы іссапармен балалық шағының балғын күндері өткен туған жері Ақбота болысына жол тартады. Балалық жадында жағымды естеліктерімен қалған ата-қоныстың қазіргі көрінісі жүректі шымшылап, көңілге кірбің түсірді. Шахан Мусинді қара жолдың бойында асық атып мәз болар қарадомалақ балалар емес, қарға-құзғынға жем болып, әр жерде жатқан қу сүйектер қарсы алды. Әрбір шаңырақ басындағы қара бұлтты, тұқым тұяғымен құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған қара жамылған түтіні қашқан  үйді көріп еңкілдеп жылап,  «Бұл не сұмдық? Ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, оба сияқты ауру жоқ, ал халқымыз аштан өліп жатыр. Не істеу керек. Обком қайда? Нарком қайда? Крайком қайда? Арыз жазсақ па екен, әлде жай хат жазсақ па екен?» деген елдің мұң-зарын естіп наркомның кім екенін білмесе де, қызыл керуенді ұзатып шығарып салып тұрған аштықтың көзіне шыдамы жетпей «Наркомға хат» атты өлең шығарады. Өлеңде адуынды ойлар, ақиқат cөздер еш бүкпесіз ашық айтылады. Автор, «астық пен етің толып тұрғанда, қазақ неге қырылып қалды?- деп, көкейіндегі сұрақты жасырмай қойған. Міне, дәл осы өлең үшін Кеңес үкіметіне қарсы шыққан, «қазақтар аштан қырылды»- деп өкіметімізді, компартияны айыптап, жамандап жала жауып, өлең жазыпты деген сылтаумен 1936 жылы қыстың суық ызғарлы  күнінде түрмеге отырғызылады. Өмірінің 8 жылын Сібір орманында, 10 жылын «Колымада» айдауда өткізеді. Жауының басына да тілемес күндерді басынан өткеріп, алтын қазып, ағаш құлатқан қара жұмысты өзінің жазылған бір кісілік тарихы яки қара бастың қамы үшін емес, халықтың бейқам өмірі үшін жасады. 18 жыл  қиындықпен күресу әркімнің қолынан келер іс емес. «16 шумақ өлең үшін 18 жыл түрмеде отырыппын ау...» деп еске алатын Шахан Мусиннің бойындағы сабырлылық, төзімділік оның тауының шағылмауына, бүгілмей, мұқалмауына жәрдем берді. Жалындаған жастық шағының 18 жылы тұрмақ, 18 күнін, я, минутын халық үшін қиып беруіміз екіталай емеспе?! Жастарға дәл осындай қайсар мінез, таусылмас төзім, шыңдалған шыдам жетіспейтіні өкінішті-ақ...

«Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз бар емеспе. Әрине, жақсы адамның  жанына игі жақсылар жолығар. Өзінің айтуы бойынша өміріндегі екі ерліктің бірі- концлагерде бақилық болған жолдасын түнде ұрлап апарып жерлегені екен. Міне, досқа деген адалдық, адамдық бойдан табылар асыл қасиет. Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының өзі Шахаңа ықыласы ауып, адамгершілігін жоғары бағалаған. «Мен оның алдында басымды иемін»-деген сөзінің өзінен ерекше сыйластықты сезіну қиын емес. Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов: «Шахаң – ақынжанды, өткір ойлы, тілге шебер, әзілі жарасқан, ер көңілді, өсек-аянмен ісі жоқ, сері адам» деп баға берсе, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Шахан Мусин – өмірде де, өнерде де аса сыпайы, биязы, мәдениетті, әдепті, зиялы кісі» деп асыл азаматтың болмысын сипаттап кеткен. Сахнаның серісі Шахан Мусиннің  өмірдегі істерін, жасаған жақсылықтарын серіктері ауыз толтыра еске алады. Айтылған пікірлердің көбісі Шаханның сахнадағы ролін сондай беріліп, тұла бойымен ойнайтын, сыртқы болмысы мен ішкі жан-дүниесі кіршіксіз таза романтик актер екендігі. Иа рас, Шахан Мусин театр актері. Ең алғаш актерлық мансабын 1934 жылы өзі іргетасын қалаған  Семей облысы қазақ драма театрында бастаған. Ең алғаш І. Жансүгіровтың «Кек» пьесасындағы Бидахмет ролін сомдаған.  Актерлік шеберлік саласына да өзіндік бір лебін ала келген  жаңаша әртіс бола білді.

Батыр қиындықта халық үшін сыналып, халық сөзін сөйлей білсе ғана батыр. Тек білекпен емес, жүрекпен, ақылмен де ерлік көрсете алады. Шахан Мусиннің ісінен нағыз батырлыққа тән батылдық, азаматтыққа тән адамгершілікті көре алдым. Өмірдің сан қилы соқпақтарынан өтіп, бұралаң жолмен жүрсе дағы сағы еш сынбай, еңсесін тік көтере білген ақынның қайсарлығы мені қайран қалдырды. «Ел күйінгенде күйінген батыр. Ел сүйінгенде сүйінген батыр. Ерегісте мыңға татыр» деген дана халқымыз. Елінің  қайғысын қатар бөліскен, қиын-қыстау кезеңде тастап кетпей, өз басын байлап берген Шахан Мусин аруағына бар қазақ  бас иеді!

Намысты бетке ұстап, батылдық танытып Голощекинге тікелей бағыттаған бозбала Шаханның өлеңімен сізде таныс болыңыз.

HAPKOMFA ХАТ

Сүйеніш қып сынған құрық-таяғын,

«Қайран өмір, қайда сенің баяғың!»

Деп еңіреп, тепсе темір үзетін

Ер-азамат әрең басып аяғын…

 

Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп,

Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп.

Күлге аунатып, күресінге тастаса,

Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?!

 

Қараң қалып сый-салтанат, сән-сауық,

Қабағынан қар емес-ау, қан жауып.

Атамекен, алтын бесік елінен

Әлдеқайда жеті түнде жер ауып.

 

Айналасы ұлыған аш қасқырдай,

Аш өзегі күйе жеген басқұрдай.

Сонда-дағы жалбарынбай, жасымай,

Жасанды бір құдайларға бас ұрмай.

 

Өзі шегіп ащы азабын аштықтың,

Көзін сүзіп қала берді бастықтың.

Голощекин атындағы жалаулы

Ұзын «қызыл керуеніне» астықтың.

 

Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал

Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал.

Құша беріп немересін, қош десіп

Көз жұмысты, босап буын, құрып әл.

 

Сәбилерін құрым киізге орасып,

Әке-шеше тағы бірер дөң асып.

Сүлдер құрып, Сібірге де жете алмай,

Сұлай кетті айдалада жыласып.

 

Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген,

Кең далада көмілмеген, көмілген.

Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі,

О замана, бұл азаны кім білген?!

 

Талақ болып байлық, дәулет, бақ-мұрат,

Енді зар боп сыңар тілім нан сұрап…

Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім

Қаныпезер атқан оқтан қансырап…

 

Сақалынан ыстық жасы тарамдап,

Өлерде де «елім, далам, балам» деп.

Күңіренді Қақпажартас – қарт куә,

Еңлік тағы иен көрінде мың аунап.

 

Көрші осыны, ағатайым – бастығым,

Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың.

Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой

Қоймаларда етің, майың, астығың.

 

Көрші осыны, ағатайым – наркомым,

Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің.

Баласың деп маған егер сенбесең,

Айтсыншы анау Голощекин крайкомың.

 

Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің,

Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің.

Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып,

Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін.

 

Қайран елім, қарапайым қазағым,

Тарттың міне ауру, аштық азабын.

Налыма, күт, кезең берген тағдырың

Сыйлар екен тағы қандай мазағын.

Еңлік Жұмаш


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз