Өлең, жыр, ақындар

Күйреу

роман

БІРІНШІ ТАРАУ

Ромеш заң сабақтарынан емтихан тапсырмақшы еді. Бірақ құлап қалып жүрмес пе екен деп бұл жолы да ешкім күдіктенбеді. Өйткені ғылым иесі Сарасвати тәңірім оған айрықша мейірімін салған-ды: жолына тұңғиық гүлдерінің алтын жапырақтарын жайып, кеудесін медальдармен жарқыратып қоятын. Сөйте тұра мол білім үлесінен де оны мақұрым қалдырмаған болатын.

Емтихандарды тапсыра салысымен Ромеш үйіне қайтуға тиісті еді, бірақ ол асыққан да, жол жүрем деп қамданған да жоқ. Әкесі баласынан кідірмеуін, тез оралуын талап етіп хат жазған болатын. Ромеш оған емтихан нәтижелерін естісімен қайтатынын білдіріп жауап берген.

Ромешке көршілес бір үйде жолдасы Джогендро тұратын. Оның әкесі Оннода-бабу "Брахмо Самадж" тобына жататын еді. Оннода-бабудың қызы Хемнолини дәл осы бір шақта көркемөнер бакалавры атағына емтихан ұстап жүрген-ді.

Ромеш кейде бірер кесе шай ішуді сылтауратып, кейде, тіпті жәлел-бәлексіз-ақ бұл үйге жиі барып тұратын.

Хемнолини суға шомылып шыққаннан кейін, әлде бір кітапты оқи жүріп, үй төбесінде шашын құрғатар еді, міне сол сағаттарда Ромештің де кітап ала шығып, өз үйінің төбесінде балабақшаға апаратын саты түбінде отыратын дағдысы болатын.

Әрине, екі жас үшін бұл бір қолайлы орын, сонда да ойлана үңілсеңіз, осы ретте кедергінің де жеткілікті екеніне көзіңіз жететін болады.

Бұл күнге дейін екі жақтың қайсысы болса да екі жасты қосу жайын сөз етіп көрген емес. Оннода-бабудың оған өзіндік себебі де бар: Англияға адвокаттық оқуға кеткен бір жігітке оның ықыласы құлаған; сол бір жасты іштей өзіне күйеу бала деп жорымақ.

Бір ретте шай үстінде қызу талас туып кетті. Дастарқан басында Джогендроның жолдасы Окхой да отырған еді, ол өзі сабаққа онша ынталы болмаса да, қайсыбір шайшыл сорлылардан өзін, әсте, төмен ұстағысы келмейтін. Сол себепті ол да бұл үйге жиі-жиі келіп тұратын. Міне, сөйтіп, Окхой еркек ақылының қылышқа тең екені жайында әңгіме қозғап жіберді: жүзі жетілмеген салмақты қылыштың өзі де сілтеген жерін қиып түсе алады; ал әйел ақылы бәкі есепті. Қанша ұстартып, әуре-сарсаң болма, бәрібір шынтуайтқа келгенде алалауға жарамай қалады. Міне осы бір сарында ол сөйлей беретін.

Окхойдың бұл арсыздығын Хемнолини тыңдамай-ақ қоюға бел байлағанды, алайда оның ағасы Джогендро да әйелдік ақыл ойды кемсіте сөйлеп, дәлел келтіре берген соң Ромештің шыдамы таусылып қалды. Қыза келе ол әйелдер қауымын мадақтай сөйлеп кетті.

Әйелге табынудың шабытты бір сезімі үстінде ол, әдеттегісінен екі кесе шайды да артық ішті, осы бір шақта қағаз таратушы кіріп келді де оған хат ұсынды. Ол Ромеш деген сөзден өз әкесінің қолын бірден таныды. Талас тынып қалды, Ромеш хатқа көз жүгіртіп шықты да, ұшып тұрды. Жұрттың бәрі істің мән-жайын құмарта сұрап қалысты. Ол әкесінің келгенін айтты.

— Дада, — деп Хемнолини Джогендроға қарады, — Ромеш-бабудың әкесін осында, мына шайға неге шақырмаймыз.

— Жоқ-жоқ, басқа бір күні шақырарсыздар, — деп Ромеш қарсылық білдірді, — кідірмей үйге баруым керек.

Ромеш тезірек кетсе екен деп іштей қуанып отырған Окхой:

— Мүмкін, оның бұл үйден, тіпті дәм татқысы да келмейтін болар... — деп қойды.

Баласын кездестірген Броджмохан-бабу Ромешке былай деді:

— Ертең таңертеңгі пойызбен сен үйге қайтасың.

— Бірдеме болып қалған жоқ па? — деп сұрады абыржыған Ромеш.

— Жоқ, айтарлықтай ештеңе де болған жоқ, — деп жауап берді Броджмохан-бабу.

Ромеш әкесіне тесіле, сұрана қарады, істің мән-жайын ұққысы келеді, алайда Броджмохан-бабу елең құлақ баласының бұл тілегін қанағаттандырғысы келмейтін сияқты.

Кешқұрым әкесі Калькуттадағы өз достарын аралап кеткенде Ромеш оған хат жазуға отырды. Бірақ не себепті екені белгісіз "Сіздің құрметті де жарқын ізіңізге құлшылық етемін" деген дағдылы сөздерден әрі аса алмай-ақ қойды.

"Хемнолини екеуіміздің арамызда айтылмай анттасқан серт барлығын жасыра алмаймын ғой мен" — деп сендірмек болды ол өзін, сөйтіп қайта-қайта сызып, қайта-қайта жазды. Ақыры ештеңе де шығара алмады, жыртып тастады.

Кешкі тамақтан кейін Броджмохан-бабу тыныштық алып ұйқыға кетті, ал Ромеш болса, үй төбесіне көтерілді, түнгі аруақтай көрші үйден көз алмай қарап қалды. Сағат тоғызда Окхой ол үйден шықты; тоғыз жарымда сыртқы есік жабылды; сағат онда Оннода-бабу бөлмесіндегі жарық сөнді; ал он бір жарымнан кейін үй түгелімен терең ұйқыға, қараңғылыққа шомды.

Таңертеңгі бірінші пойызбен Ромештің Калькуттадан жүріп кетуіне тура келеді. Броджмоханның сақтығы арқасында оның пойыздан кешігіп қалуына да мүмкіндік болмай қалды.

ЕКІНШІ ТАРАУ

Ромеш үйіне келген соң өзіне қыз айттырылғанын, үйленер күніне дейін белгіленіп қойылғанын білді.

Ертеректе, Броджмоханның әлі де жоқ-жітігі көп, кедей кезінде табысқан Ишан дейтін досы болған еді. Ол өзі біршама тәжірибелі, тәуір адвокат болатын. Броджмохан-бабу сол Ишанның көмегі арқасында ғана осы бір жақсы тұрмысқа, молшылыққа жетті. Ишан кенеттен дүние салды. Көп кешікпей-ақ өз жұбайына оның берешек қарыздарынан басқа ештеңе де қалдырып кете алмағаны аян болды, жесір әйел, кішкене қыз бірден қайыршылыққа кезікті. Міне, енді сол Ишанның қызы қалыңдық болып отыр. Өз баласын Броджмохан сол қызға үйлендірмек. Ромештің кейбір көңілдес дос-жарандары "қыз онша сұлу емес" дегенді сылтауратып, әке ниетіне қыңыр қарап та жүрді.

— Жә, мұның бәрі мен үшін түк те емес, — деп жауап берді Броджмохан. — Адам деген гүл де, пәруана да емес қой, сырт келбет деген оған басты мәселе болып па! Егер де ол бала шешесіне тартып жақсы әйел бола алса, Ромеш өзін бақыттымын деп санай беруіне болады.

Өзінің соншалықты қауырт үйленуі жайында туып кеткен қаңқу сөздерден Ромеш қатты састы. Күн ұзақ мақсатсыз дала кезді, осы бір қолайсыз жайдан құтылу амалдарын іздеді, бірақ соның бәрі де жүзеге аспайтындай көрінді. Ақыр соңында батылданып келіп, әкесіне былай деді:

— Мен үйлене алмаймын. Менің басқа біреумен уәдем бар.

— Не сөйлеп тұрсың өзің! — деп ақырды Броджмохан. — Тіпті уәде байласып та қойдың ба?

— Жоқ... Дегенмен де...

— Қалыңдығыңның әке-шешесімен келісіп пе едің?

— Әзірше ондай сөз бола қойған жоқ. Дегенмен де...

— Ә-ә... болған жоқ па. Онда әзірше үндемей қоя тұруыңа болады.

— Жоқ, — деді Ромеш аз-кем кідірістен кейін, — басқа қызға үйленуіме болмайды менің. Ол әділет емес.

— Ал мүлде әйел алмаймын деуің де әділет емес қой.

Одан әрі қарсыласуға болмай қалды. Сонда да Ромештің үміті үзілмеді, ойда жоқ жерден сәтті бір жағдай туа қалар дегендей. Сол жағдай мұны осы бір қиналыс-мехнаттан алып шығатын секілденеді де тұрады. Үйленгеннен кейінгі бір жылдың жас некелілер үшін қайырлы болмайтынын ғайыпты болжаушылар да хабарлаған болатын. Осы себепті Ромеш сол бір күнді өткерсем, бір жыл кеңшілік алармын деп ойлады.

Қалыңдыққа су жолымен ғана баруға тура келді. Оның өзі үш-төрт күндік сапар шегіп баратын қиян алыста тұратын еді.

Бұл сапардың тұтқиылдан кездесер, қилы-қилы қиындықтары да болуы мүмкін еді. Броджмохан соны ескерді де бәтуәлі күнге бір жұма қалғанда жүріп кетті.

Бірақ сапар оң болды. Құдағи мен қалыңдық тұратын Шимулыхатқа жеткенше жел үнемі арттан соғып отырды. Сол себепті олар мұнда үш күннің ішінде келіп жетті. Сөйтіп, тойға әлі де төрт күн қалды.

Бұл Броджмохан үшін іздесе табылмас қолайлы бір шақ болды: болашақ келіннің шешесі ауыр тұрмыста күн кешіп тұрған себепті, Броджмохан оны өз қыстағына, өз қолына көшіріп алуды көптен бері ойлап жүретін еді. Қыз шешесінің қолын жылы суға малып, тұрмысын бақытты етуді — достық парызын өтеу деп санады.

Бұрын бұлар ілік-шатыс, немесе ағайындас адамдар болмағандықтан, бұл ойын оған ашып айта да алмаған.

Міне, енді ақыры Броджмохан құдалық жайды бетке ұстап, жесір әйелді қоныс аударуға көндірді: өйткені құдағи жан дегенде жалғыз қызынан айырылып қала ала ма, өз қызымен бірге тұрып, апасынан ерте айырылған күйеу баласына шеше болу парызынан бас тартуға оның дәті шыдар ма?

"Жұрт не десе о десін, ал мен қызыммен, күйеу баламмен бірге боламын", — деді жесір әйел тағы да.

Шимулыхатқа уәделі күннен төрт күн ерте келген Броджмохан құдағиын көшіру ісіменен шұғылданды. Ол той өткен соң бәріміз бірге өзенмен серуендеп қайтармыз деп ойлап, өзінің бірнеше апа-қарындастарын да ерте келген-ді.

Үйлену тойы үстінде Ромеш осындайда айтылар сертін де беріп жатпады; "сәтті көзқарас" шағында көзін де салмады, өзін қоршаған көңілді жастардың әзіл-күлкісін үнсіз тыңдады, шыдамдылық көрсетті; түн бойы төсек шетінде ғана теріс қарап жатты да, таң құлан иектеніп келе жатқанда тұрып кетті.

Той тарқады, жұрт өзенде дайын тұрған қайықтарға келді. Бір қайықта өз нөкерлерімен қалыңдық, екіншіде кексе адамдар, ал үшінші қайықта достарының арасында күйеу отырды. Енді бір қайыққа әнші-күйшілер жайғасты. Олар әрқилы музыкалық пьесаларды орындап, үйлену жырларын айтып, құдаларды көңілдендіріп отырды.

Әуе айналып жерге түсердей. Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ, тек алыста көкжиекте көтерілген әлде қандай қоңыр мұнарадан өзен жағалауындағы қалың тоғай күлгін қоңыр түске енген секілді. Жел ішін тартып, тынып қалғандай, жапырақ басы қыбыр етпейді. Ескекшілер қара тер болды. Солардың бірі, ертерек, ымырт үйірілмей тұрып Броджмоханға:

— Мырза, осы араға түнеп шығайық, бұдан кейін қайық басын тірер қолайлы жер табылмайды, — деген еді.

Бірақ Броджмохан жолда кешеулей беруді ұнатпаған-ды.

— Бұл жерге түнеудің қажеті жоқ, — деді ол, — кешікпей ай туады, түн жарық болмақ, егер біз бүгін Балугхатқа жететін болсақ, жақсы сыйлық алатын боласыздар.

Кешікпей қыстақ та кейіндеп қалды. Өзеннің бір беті таяздап құм қайраққа айналды да, екінші беті жарлауыттанып, адыр белесті болып кетті. Ай туды. Бозғыл мұнар арасынан ай сәулесі мас адамның қоймалжың нұрсыз көзі сияқтанады. Аспан бұрынғысынша ашық, бұлтсыз еді, кенет әлде бір жақтан күн самарқау күркіреді. Жолаушылар арттарына қарасты, аспанда ғаламат бір бағана мен қою шаңның қара бұлты осылай қарай құйындап келе жатқанын көрді. Шөп-шалам, шыбық-шөпшекті әлде бір күш аспанға көтеріп, ойнатып әкеткендей.

Ащы айқайлар шығып қалды.

— Сақтаныңдар. Бас сауғалаңдар. Апат боламыз.

Бір сәттен кейін болған оқиғаны баяндар ешкім де қалған жоқ. Ала құйын лезде өз жолындағының бәрін де тас-талқан етіп әлегін шығарып кетті. Қырсық шалған қайық-керуеннің ізі де қалмады.

ҮШІНШІ ТАРАУ

Тұман ашыла берді. Ай бозғыл сәулесін төкті. Алысқа қарай кете берер елсіз құм жолақты ақ кебін орап алғандай. Өзен беті қаймақшымай қимылсыз қалған, қайықтардың жұрнағы да көрінбейді. Аспан мен жер ауыр сырқат меңдеп, қасірет шеккен, сөйтіп біржола көз жұмып дүние салған науқастай төңіректі терең ой басқан.

Есін жиған Ромеш өзен жағасында жатқанын көрді. Не сойқан болып өткенін есіне түсіргенше де көп уақыт өтіп кетті. Бәрі де бір шым-шытырық түс секілді.

Кенет әкесі, достары есіне түсті де ұшып тұрды, жан-жағына қарады,"бірақ ешкімді де көре алмады. Ол құмды жағаның әр пұшпағына үңіле қарап ілгері жүрді.

Падманың екі тармағы арасында ана құшағындағы нәрестеге ұқсап бозғыл арал жатыр.

Ромеш әуелі сол аралдың бір бетін кезіп шықты, содан кейін екінші жағына өтті. Кенет әлде бір қызыл көйлектің етегіне ұқсас бірдемеге көзі түсті. Ол асыға басып, жақындай беріп еді, ессіз жатқан, қызыл киімді қалыңдығын көрді. Суға кеткен адамның есін кіргізу үшін қандай амал жасау керектігін Ромеш білетін де еді: жіті қимылдап, сондай бір шараларды істеп бақты. Ақыры қыз көзін ашты, тыныс ала бастады.

Ромештің өзі де әбден сілесі құрып, шалдығып болған еді, қызға тіл қатуға да мұршасы келмеді. Қыз да есін жиып болмаған секілді, аз-кемнен соң кірпігі қайта айқасып кетті. Ромеш қыз кеудесіне құлағын салды, болар-болмас дем алып жатқанын білді. Және су мен құрлықтың осы бір құлазыған шегінде өлім мен өмір арасында отырып, айдың бозғыл сәулесі түсіп тұрған қыз жүзіне ұзақ қарады.

Сушиланы қияпатсыз деп кім айтты осы? Кең аспан астында айдың жансыз нұрына бөгіп жатқан байтақ дүние осы бір маңғаз тыныштыққа бөленген, үлбіреген де сұлу жүздің кенересі сияқты болып көрінді.

Ромеш бар дүниені ұмытып кетті. "Сонда, топ арасында той-думан ішінде оған көз салмағаным қандай жақсы болған. Оның қазіргі бір келбетін мен басқа уақытта қалай десең де аңғара алмаған болар едім ғой. Некеленген әйелім деген ойдан туған парыз есепті жақындығымнан гөрі осы бір шақта, оған өмірін қайтарып беріп отырып тапқан жақындығым әлдеқайда терең де, мәнді емес пе; онда мен Сушиланы белгілі бір шарт бойынша келген үлесім деп қарар едім, міне енді ол мен үшін мархабатты құдіреттің сыйы болып табылады".

Біраздан кейін қыз есін жиды. Көтеріле беріп, су болған киімін түзеп қойды, бетіне пердесін түсірді.

— Өзіңмен бірге қайықта отырғандардың не болғанын білесің бе? — деп сұрады Ромеш.

Ол үндеген жоқ, басын ғана шайқады.

— Онда сен осы жерде отыра тұр, мен тағы да көз салып келейін, мүмкін біреу-міреуді кездестірермін. Кешікпей ораламын.

Қыз ештеңе де айтқан жоқ, бірақ — "мені бұл жерде жалғыз қалдырып кетпеші"— дегенді кескінімен білдіріп, үрейлене қалтырап, жалына қарағандай. Ромеш соны аңғарды. Солай тұрып-ақ төңірекке көз тікті, бірақ айнала ақ құмның арасынан тірлік белгісін танытар ештеңе де көрінбеді. Енді ол өз туыстарының бірі болмаса бірі үн қатар деген үмітпен дауыстай бастады.

Үміті үзілген Ромеш қайта отырып еді, екі қолымен бетін басып, көз жасына булығып отырған Сушиланы көрді. Бұл шақта оны сөзбен жұбата алмайтынын білген Ромеш үнсіз келіп, жақын отырды да қыздың басынан сипады. Қыстыққан Сушила әлдебір мағынасыз сөздермен өз қайғысын танытып, жылап жіберді. Ромеш те көз жасын тоқтата алмады.

Енді бір шақта көз жасы да таусылып болды, ет жүректі түйліге басқан қалың шер де аздап тарқайын деді. Ай батты. Түн қараңғылығы осы бір құлазыған төңірекке ғаламат рең берген: күңгірт барақ тартқан құм керемет бір елестей. Жымыңдаған жұлдыздардың болымсыз сәулесімен әр тұста су беті жалт етіп, әлде бір алып айдаһардың қабыршағындай жалтырайды. Ромеш қорыққандықтан жүрегі мұздап отырған қыздың нәзік те салқын саусақтарын ұстады да, оны ақырын өзіне тартты. Үрейлі қыз қарсыласпады; осы бір шақта ол оңашалықтан, жалғыздықтан ғана қорқады. Ромештің жай ғана көтеріліп басылған кеудесінен жаңа мекен тауып жұбана бастағандай. Ұят жайын ойластырып жатар сәт бұл емес еді. — Ромеш құшағына жайланып алған қыз қалғып та кетті.

Таң жұлдыздары біртіндеп сөне бастады, көкшіл тартқан өзеннің арғы шығыс беті әуелі құлан иектеніп бозаң тартты да, бара-бара қызыл реңкке боялды, сол шақта құм үстінде терең ұйқыға шомған Ромеш пен оның кеудесіне басын салып тыныштыққа бөленіп жатқан қыз көрінді.

Аз-кемнен соң таңғы күн өзінің ерке сәулесін олардың жүзіне қадады, екеуі де оянып кетті. Алғашқы бір сәтте Ромеш пен қыз төңірекке таңырқап қарасты, содан кейін кенет өздерінің үйде емес екенін, апатқа ұшырағандарын түсінді.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Ертемен өзен үсті ақ желкенді балықшылар қайығына толып кетті. Ромеш солардың бірін өзіне шақырды. Сол балықшының көмегімен бір үлкен еспелі барқасты жалдап алды, жоғалған ағайындарын іздеуді полицияға тапсырды да, өзі еліне жүріп кетті.

Ромеш қайығы қыстақ айлағына тоқтай бергенде-ақ бұлардың алдынан әкесі мен қайын енесінің, бірнеше ағайындары мен достарының өлігі табылған хабарын естіді. Бір-екі ескекшілер ғана болмаса бұлардан басқа пәлен аман қалды дерлік үміт те жоқ еді.

Ромештің әжесі үйде қалған. Тек немересі мен келінінің ғана келгенін көріп жоқтау айтып жылай бастады. Адамдары осы бір кесірлі сапарға қатысқан көрші үйлерде де жылау-сықтау көбейді.

Білезіктер сыңғырламады, әйелдердің дағдылы шаттық күлкілері де естілмеді, жас қызға ешкім де қошемет көрсетпеді, тіпті оған көз қиығын салған да жан болған жоқ.

Ромеш бата оқыр тарқасымен жұбайын ертіп басқа бір жаққа кетіп қалармын деген тоқтамға келіп еді, бірақ әкеден қалған мұраны бірыңғайлауға тура келді. Оның үстіне қайғы-қасірет меңдегеп шерлі апа-жеңгелері тауап етіп баруға рұқсат сұрады — олар жайып да ойластыру керек болды.

Ромеш осылай шаруа басты болып жүріп, жұбайына деген сүйіспеншілігім де ұмытқан жоқ. Қалыңдығы ана айтқан тым жас та емес екен. Қыстақ қыздары оны отырып қалған қалыңдық деп ажуа етіп те жүрді. Әлбетте көне заманның қайсы бір қолжазбасы болмасын, міне былайша сүй деп жас бакалаврға жөн сілтей алмақшы емес қой. Ромештің ғашықтық жайы мен кітаптан алған білім тәжірибесінің арасында қандай дәнекер болмақшы. Көп мезгіл Ромеш міне осылай түсініп келген Сонда да таңданарлық бір жай, оның білімге толы ақыл-ойы әлде бір түсініксіз сезімнің ырқына түсіп кетті. Сол сезім қызға қарай алып ұшты да тұрды. Жаңа түскен жас жұбай от басының ұйтқысы, өз болашағының Лакшмиі.

Бір ауық ол бұған кішкене қыз-қалыңдық болып та елестейді. Уыздай жас жары да немесе өз балаларының анасы да болып елестейді. Ромеш өзін қазір бейне бір шабытты ақынға ұқсатады.

Ақын мен суреткер болашақ дастан, картинасын ұзақ толғар еді: аса бір сұлу да, жетілген мүсінді бейнеде елестетер еді. Тек сол бір оймен, тек сол бір құштарлықпен ғана өмір сүрер еді, өзінің болашақ жұбайын ойлаған Ромеш те сондай бір халде. Жас жүректің тұнық түкпірінде мүсінді де қияпатты бір жар бейнесі мекен тауып ұялап алғандай.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Осылай жүріп үш ай өтті. Іс те бірыңғайланып қалды, апа-жеңгелері тауап етуге баруға жиналды, көрші-қолаңдардың кейбіреулері Ромеш қалыңдығына көңіл де аудара бастады. Жас жұбайлар арасында туған сүйіспеншілік бекіп, тереңдей берді.

Міне, енді олар үй төбесіне төсеніш жайып, көп кештерді ашық аспан астында өткізетін болды. Кейде Ромеш оның сыртынан ақырын ғана басып келіп, көзін алақанымен қалқалай қоятынды, немесе, бері қаратып алып кеудесіне қысатынды шығарды. Кейде кешкі тамақ ішпей ерте жатып қалса, Ромеш оны әлденемен қорқытып оятып алатын, сонысына орай әзіл ретінде сазайын да тартатын еді.

Сондай кештердің бірінде Ромеш ақырын ғана оның бұрымынан тартты да:

— Сушила, сен бүгін жақсылап таранбапсың, — деді. Қыз кенеттен:

— Не себепті осы сендер мені Сушила деп атайсыңдар? — деп сұрады.

Ромеш оған таңырқай қарады. Бұл сұрақтың мәніне түсінбей қалды.

— Адамның атын өзгертумен тағдырын өзгертуге бола ма екен? — деді ол тағы да. — Мен бала күнімнен бақытсызбын ғой, өле өлгенімше де сондай бақытсыз күйде қалмақпын.

Бұл сөздерден Ромештің тынысы тарылып кеткендей, өліктей бозарып қалды. Ойына кенет бір күдік түсті, әлде бір қателік тап болған шығар.

— Бала күніңнен бақытсыз болғаның қалай? — деп сұрады Ромеш.

— Әкем мен тумай тұрып өліпті, ал алты айлығымда шешем дүние салған. Ағай қолында тұрдым, тұрмысым ауыр болды. Тұтқиылдан сенің тап болғаныңды естідім. Мен саған ұнап та қалдым. Дәл екі күн өткен соң той жасалды. Содан арғысын өзің де білесің ғой.

Ромеш жастыққа шынтақтап жатқан қалпында қозғалмай қалды.

Аспанда ашық сәулесін төгіп ай қалқып барады, бірақ Ромешке ол сөніп қалғандай болды. Одан әрі сұрай беруге оның шыдамы жетпеді, осы арада естігенінің бәрін де жай бір түс, я сандырақ сияқты бірдеме болса игі еді деп тіледі.

Талып қалған адамның есін жиған сәтіндегі терең дем алысындай болып жазғы жылы жел соқты; ай сәулесі астында түн көкегінің даусы шықты; айлақтағы байлаулы қайықтарда балықшылар салған ән аспанда қалықтап тұнады.

Ромештің неге үндемей қалғанын түсінбеген қыз оны ақырын ғана қолымен қақты да:

— Сен ұйықтап жатырсың ба? — деп сұрады.

— Жоқ, — деп жауап берді Ромеш. Содан кейін тағы да ұзақ уақыт үнсіз қалды.

Қыз ұйықтап кетті. Ромеш оның жүзіне үңілді. Жаббар ием жолдаған терең сырдың белгі-нышаны бұл жолы да сезілер емес. Соншалықты қатал тағдырды осы бір тартымды келбет қайтіп бүркеп тұр.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Сөйтіп Ромеш мына қыздың өз қалыңдығы емес екенін білді. Шындығында оның кімнің әйелі екенін аша қою да оңайға соқпады. Бір күні Ромеш одан:

— Анада той үстінде мені қалай көрдің? — деп сұрады.

Tіпті мен сені көргенім жоқ-ты, — деп жауап берді қыз. — Мен онда төменгі қарай тұрғанмын.

Мүмкін сен менің есімімді де естімеген боларсың?

Бүгін сенің сөз салғаныңды айтып, ертеңіне той жасаған. Атыңды мен қайдан біле қоймақпын. Жеңешем менен тез құтылудың қарызын істеп баққан жоқ па.

— Сен оқу оқыдың ғой. Мәселен, өз атыңды жаза аласың ба, керейінші, — деп Ромеш оған қарындаш пен қағаз ұсынды.

— Ештеңе де білмейді деп ойлайтын шығарсыз? — деді қыз, — менің атым тіпті оңай жазылады.

Ол ірі жазулармен: "Шримоти Комола Деби" деп қойды.

— Жақсы. Енді ағаңның атын жазшы, — деп етінді Ромеш.

Комола: "Шриджукто Тариничорон Чоттопадхайя" деп жазды да: — қателескен жоқпын ба? — деп сұрады.

— Жоқ, — деді Ромеш, — енді өз қыстағыңның атын жаз..

"Дхобатпукур" — деп қойды Комола.

Сөйтіп Ромеш аса бір сақтықпен сұрай отырып, қыз жайын біраз біліп қалды. Бірақ мұның істі оңайлатуға қандай себі тимек. Не істеу керек? Ромеш енді осыны ойлай бастады. Комола күйеуінің де суға кетуі ықтимал жай. Оның қайын енесі де табылар, бірақ ол келінін қабыл ала қояр ма, жоқ па неғайбыл нәрсе. Ал ағасының үйіне қайтарса ше? — Жоқ ол тым қаталдық болар еді. Оның жат еркектің үйінде заңсыз жар болып тұрғанына біраз уақыт болды.

Міне, енді барлық сыр ашыла қалса, не істемекші ол? Жұрт оған не демек?

Ал егер Комоланың күйеуі тірі қалса ше? Мұны қабылдар ма еді, күші жетер ме еді оған?

Қыз тұңғиық бір теңіз үстінде тұрғандай, қай жерде қалдырсаң, сол жерде батып жоқ болатын сияқты.

Ромеш Комоланы тек жары, жұбайы есебінде ғана өз үйінде қалдыра алады, ал жарым, жұбайым деп атауға қақы бар ма? Сөйте тұра орналастырарлықтай жері де жоқ.

Ромеш аса бір шабытты, сүйіспеншілік сезіммен отырып, бұл қызды болашақ өмірінің жарасты бір бейнесі есепті елестетуші еді, отбасының ұйтқысы, Лакшмиі деп таныған еді, енді сол бейне іріп кеткендей, өз қыстағында бұдан әрі жүре беруге де мән жоқ секілді. Енді Калькутта өмірінің аласапыранына аралассам ғана бұл бір жағдайдан шығудың амалы табылар деп ойлаған Ромеш Комоланы ертіп сонда аттанды. Қалаға келген соң, бұрынғы тұрған үйінен алысырақ жерден пәтер жалдап алды.

Үлкен қаланы көруге Комола асығып, шыдамсызданып келген еді. Келген күннің өзінде-ақ терезе жақтауына шығып алып, қат-қабат ағылып жатқан жанды толқынға үңіле қарап қалған-ды. Калькутта олардың қызметші әйеліне соншалықты таныс болатын, сырттан келген мына қыздың таңырқап қалғанын надандық деп санап, қатқыл сөйлейді:

— Ойпыр-ау, аузыңды ашып қалғаның не? Одан да суға шомылып алғанымыз дұрыс емес пе, қарасаңшы, кеш болып қалған.

Үй шаруасын жайғастырған соң қызметші әйел кешке үйге қайтуға тиіс болатын. Күні-түні бірге болатын қызметшіні Ромеш таба алмады.

"Енді Комоламен жар төсегін бөлісуге болмайды ғой маған. Жат жерде ол түнді жалғыз жатып қалай өткере алмақ?" — деп ойлады Ромеш.

Кешкі тамақ ішіліп, қызметші әйел кеткен соң Ромеш Комолаға төсекті көрсетті.

— Жатып ұйықта, ал мен бірдемелерді қарап отыра тұрамын.

Содан кейін қолына түскен бір кітапты алды да, оқыған болып үңіле берді. Шаршаған Комола кешікпей ұйықтап та кетті.

Бұл түн осылай өтті. Келесі күні Ромеш тағы бір себептер тауып, Комоланы оңаша жатқызды. Түн тыншу, ыстық болған соң, өзі түпкі жатын үйдің алдындағы кішігірім дәлізге жайғасты. Өз халін ойлап көп жатты. Көзі ұйқыға кеткенде түннің бір уағы болып та қалған еді.

Сағат түнгі үш кезінде шала ұйқыда жатқан мұның қасына әлде біреу келіп отырғандай, содан кейін желпуішін бетіне тақап, самал жел ойната бастағандай болып кетті. Ромеш ұйқысыраған бір күймен қызды өзіне тартты да:

— Ұйықта, Сушила, мені желпудің керегі жоқ, — деп күбірледі.

Қараңғыдан қорыққан Комола Ромештің бауырына ене түсті.

Аз-кемнен соң рақат бір ұйқыға кетті.

Ертемен тұрған Ромеш шошып кетті. Комоланың оң қолы мұның мойнын орап алған, ал өзі болса, өзіндік бір сүйкімділікпен болмашы жақындығын танытып мұны төсіне басын салып тыныштық алыпты. Ромеш терең ұйқыда қайғыдан ада жатқан қыз кескініне қарады, қыстығып көзіне жас толып кетті. Осы бір сенгіш те ерке құшақты жат етуге оның шамасы бар ма? Ромеш оның түнде ақырын басын қалай келгенін, желпуішпен мұны қалай желпіп отырғанын есіне түсірді. Ақыр соңында терең күрсініп алды. Қыз құшағын аялай жазды да түрегелді.

Ойлана-толғана келіп, Ромеш Комоланы қыздар пансионатына бермек болды. Аз-кем уақытқа болса да бүл шешім оны азаптан құтқаратын сияқтанды.

Ол Бір күні Комоладан: Комола, сенің оқуға түскің келе ме? — деп сұрады.

Комола оған сұрана қарады, "оның несін сұрайсың?"деп отырғандай.

Ромеш оқудың пайдасы мен рақаты жайында сөйлей бастады, бірақ онысы орынсыз болып шықты. Комола бірден көніп қалды.

— Оқыт мені.

— Ол үшін сенің мектепке баруың керек.

— Мектепке? — деп таңырқады Комола, — мен сияқты ересек адамның мектепке баруына болушы ма еді?

— Мектепте көп қыздар оқиды, сенен үлкендері де бар, — деп Ромеш күле сөйледі. Комоланың жас туралы ұғымын қызықтайды.

Комола қайтып қарсылық білдірмеді, сөйтіп бір күні Ромеш оны мектепке алып барды. Пансион орналасқан үлкен үйден Комола үлкенді-кішілі көп қыздарды көрді.

Ромеш Комоланы пансион бастығына тапсырып, шыға беріп еді, қыз ере шығуға айналды.

— Қайда барасың? — деп тоқтатты Ромеш оны, — сен осында қалуға тиіссің.

— Ал сен менімен бірге болмайтын ба едің? — деп Комола үрейлене сұрады.

— Жоқ, бірге бола алмаймын.

— Онда мен де мұнда қалмаймын, — деп Комола оның қолына жармасты. — Мені ала кет.

— Ұят мұның, Комола, — деді Ромеш қолын сілкіп қалып.

Комола құп-қу болып аңырып қалды. Толқып кеткен Ромеш тез басып далаға шықты, дәрменсіз де үрейлі қыздың жансыз келбеті көз алдына келе берді.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Ромеш өзінің адвокаттық жұмысын Алипур қаласынан бастаймын деп ойлаған еді, енді ол ниетінен қайтып қалды. Әдетте жас адвокаттың жолында кездесер қиындықтарды жеңе отырып, байыппен алдағы іске жебейтін ынта-жігер де қалмаған. Енді Ганг өзеніндегі көпір бойында немесе Голадигхи төңірегінде қаңғырып жүру оның дағдысына айналды.

Тіпті әлде бір жаққа көңіл көтеріп қайту керек емес пе деп те ойлай бастады, осы бір шақта Оннода-бабудан хат келіп қалды.

"Емтиханыңды жақсы өткізгеніңді біз газеттен білдік, — депті ол хатында, — бірақ оны өзіңнен естімеген соң ренжіп қалдық. Хабарсыз кеткеніңе көп болды. Хал-жайыңды, Калькуттаға қашан келетініңді айтып хат жаз".

Оннода-бабу малданып жүрген жас жігіт Англиядан адвокат болып оралғанын айта кеткен де артық болмайды. Енді ол бір бай үйдің қызына үйленбек болып жүр деседі.

Ал Ромеш болса, осы бір жағдайлардан кейін Хемнолинимен кездесуге болар ма, жоқ па, соны шеше алмай жүрді. Ақыр соңында ол Комола жайын, онымен арадағы қарым-қатынас жайын басқа біреуге жария ету — қауым алдында күнәдан пәк жас қызды масқаралау болып табылады деген қорытындыға келді. Сөйтсе де, болған жайдың бәрін айтып алмай Хемнолинимен қайтіп табыспақ! Бұлай етуге оның хақы бар ма?

Оннода-бабуға хат жазудың өзін кешеулете беру — бері салғанда әдепсіздік болар еді, сол себепті Ромеш оған:

"Әлде бір үлкен себептермен сізбен кездесе алмадым, кешіре көріңіз", — деп жазды.

Сонда да өзінің қайда екенін айтпады.

Хат жазған күннің ертеңіне Ромеш адвокаттық бас киімін киді де, Алипур сотына барып танысып қайтайын деген ниетпен үйден шықты.

Бір күні ол сот кеңесінен шыққан соң біраз жер жаяу жүріп келді де, енді экипаж жалдайын деп жатыр еді, кенеттен таныс бір дауысты естіді:

— Папа, бүл Ромеш-бабу ғой! Тоқта, атшы, тоқтай тұр!

Ромеш өзімен қатарласа берген экипажды көрді.

Бұл Оннода-бабу мен Хемнолинидің алипурлық аңдар көрмесінде ұйымдастырылған сайраннан оралып келе жатқан беті еді, бұлардың ойда жоқта кездесе қалуларының себебі де осында болатын.

Хемнолинидің осы бір салмақты да сүйкімді жүзімен өзіне сонша таныс, айрықша шаш қойысын, ерекше қабат-қабат болып келетін осы бір сариін, жұп-жұмыр білегі мен осы бір алтын білезігін көруі-ақ мұң екен, Ромеш не дерін білмей қалды, ыстық сезімнің қат-қабат толқындары жүрегін басып кетті.

— Сені кездестіргеніміз қандай жақсы болды, — деді Оннода-бабу, — сен, тіпті, хабарласуды мүлде қойып алдың ғой, ал хат жаза қалсаң, қайда екеніңді де айтпайсың. Қазір қайда кетіп барасың? Қауырт бір шаруаң бар ма?

— Жоқ, жай, мына соттап қайтып келе жатырмын, — деп жауап берді Ромеш.

— Онда шай ішуге бізге барамыз.

Қуаныштап Ромештің жүрегі тулап кетті, бұрынғы ала көңілділіктің, солқылдақтықтың ізі де қалмады. Ол экипажға келіп отырды, қысылып, ұялыңқырап отырды. Сонысын жасырғысы келіп, Хемполинидың хал-жайын сұрай бастады.

— Емтихандарыңызды тапсырған соң, бізге хабарлауды да артық санадыңыз ғой, — деді ол қойылған сұраққа жауап берместен.

— Сіздің де емтиханды ойдағыдай өткізгеніңізді естігенмін, — деді сасып қалған Ромеш.

Әйтеуір есіңізде ұстаған екенсіз, сол да шүкіршілік, — деп күлді қыз.

— Қазір қайда тұрып жатырсың? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Дорджипарда.

— Колутоладағы бұрынғы тұрған үйің соншалықты жаман ба еді?

Жауап күткен Хемнолини айрықша бір әуесқойлықпен Ромешке қарап қалды.

Осы бір көзқарас оны қатты азаптады.

— Сонда қайта көшіп баруды ұйғардым, — дегенді қалай айтқанын да білмей қалды.

Мұның басқа бір ауданға орналасқанын Хемнолини жәбір көретіндей. Ромеш соны аңғарады. Осы бір қылмыстың ізін қалай жасырарын білмеген ол жүдеу тартып, көңілсізденіп қалды. Бұдан басқа сұрақтар қойылған жоқ. Хемнолини әлде бір қыр көрсетіп, жолдан көз айырмай отырды. Осы бір халге шыдам-төзімі жетпеген Ромеш кенет сөйлеп кетті:

— Хедуйға жақын жерде менің бір туысқаным тұрады... Сонымен көрісіп тұру үшін Дорджипарға орналасқан едім.

Бұл қып-қызыл өтірік болмағанмен, дәлел дәрменсіздеу шықты: Колутола мен Хедуйдың арасы соншалықты қашық па еді, бұрынғы мекенінде тұрып-ақ анда-санда туысқанына барып тұруына болмайтын ба еді оның? Хемнолини әлі де жолға тесіле қарап отыр. Бейшара Ромеш енді не айтудың ешбір рет-қисынын келтіре алатын емес. Тек:

— Джогеннен не хабар бар? — деген сөз ғана оның аузынан зорға шықты.

— Заң емтиханында құлап қалған, содан соң желпініп қайтамын деп батысқа аттанып кетті, — деп жауап берді Оннода-бабу.

Экипаж есік алдына келіп тоқтады, бұрынғы таныс бөлме, бұрынғы таныс зат-дүниелер бұған соншалықты ыстық көрінді. Ол терең күрсініп алды.

Шай үстінде Ромеш тіс жарып ештеңе демеді. Оннода-бабу кенеттен:

— Бұл жолы үйіңде көбірек болдың ғой. Әлде бір шаруалар қолыңды байлаған болар? — деді.

— Әкем өлді, — деді Ромеш.

— Не дейсің? Қайтіп өлді? Қандай бақытсыздық!

— Ол үйге қайықпен оралып келе жатыр еді. Кенет дауыл көтеріліп кетті. Қайық аударылып қалды, әкем опат болды.

Кенет бір жел соғып түнерген бұлтты әлдеқайда айдап әкетеді де, аспан ашылады. Сол сияқты осы бір қайғылы жайды хабарлаған бір шақта Ромеш пен Хемнолини арасында кірбіңнің де ізі қалмады.

"Мен Ромеш жайында жаман ойда едім; ол болса әкесінің күйігін тартып, әрі шаруа басты болып қалған, — деген қорытындыға келді Хемнолини, — мүмкін ол қазір де қасірет шегіп отырған болар, ал біз болсақ оның осы бір азап-күйінішінен, басына түскен ауыртпалықтан ештеңе білмей жатып, кінәлай бастадық". Жетімсіреп қалған жігітке Хемнолини аянышпен көңіл қойды. Ромештің ештеңе жемей отырғанын көріп, айрықша бір ынта-ықыласпен күте бастады.

— Сіз ауыр қаза кердіңіз, енді өзіңізді сақтай біліңіз, — деді қыз, содан соң, — әке, — деп әкесіне бұрылды. — Кешкі тамаққа дейін біз Ромешті ешқайда да босатпаймыз.

— Тым жақсы, — деді Оннода-бабу.

Осы шақта Окхой келіп кірді. Ол біраздан бері Оннода-бабудың басты қонағына айналған еді. Сол себепті бұл үйден Ромешті көріп, таңырқап қалды. Ренжігендей кейпі бар. Сонда да тез қалыбына түсті де күле сөйледі.

— А, Ромеш-бабу! Бізді мүлде ұмытқан шығарсыз деп ойлаған едім мен.

Ромеш сәл ғана езу тартты, ештеңе демеді.

— Әкеңіз сізді тіпті ойламаған жерден алып кетті ғой. Енді үйлендірмей босатпас деп ойлаған едім, — деді Окхой, — қатерден өткен шығарсыз деп жорамалдауға бола ма?

Хемнолини оған ұнатпаған қабақ көрсетті. Ал Оннода-бабу:

— Ромеш әкесінен айырылып қалыпты, — деп қойды. Ромеш сынық жүзін төмен салып үндемей отырды. Ромешті қайта қайғыртып қойғаны үшін Хемнолини Окхойға қатты ашуланды да іле сөйледі:

— Ромеш-бабу, сіз біздің жаңа альбомымызды көрген жоқсыз ғой.

Ол альбомды алып келді де жігіттің алдына жайды. Суреттердің жайын айта бастады. Содан кейін бір елеусізде:

— Жаңа пәтеріңізде сіз, мүмкін, жалғыз тұратын боларсыз. Ромеш-бабу, айтыңызшы? — деп сұрады.

— Иә.

— Онда біздің көрші үйге тезірек шығыңыз.

— Әрине. Мен осы дүйсенбіде-ақ шығатын боламын.

— Мүмкін сізден кейде көмек сұрауға тура келер. Мен қазір философия бакалаврлығына емтихан ұстаймын ғой, — деп қойды Хемнолини.

Мұндай үмітті келешек Ромешті шексіз қуанышқа бөледі.

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Ромеш кешікпей бұрынғы пәтеріне де көшіп алды.

Енді Хемнолини екеуінің арасындағы кірбің, түйткілден де ештеңе қалмады. Ромеш ол үйдің өз адамы болып кетті. Күлкі мен әзілге ерік берілді.

Ромеш жоқ болған кезде Хемнолини бар уақытын кітап оқумен өткізген еді, сол себепті бұрынғыдан да таралып қалған. Қаттырақ бір жел соқса да құлап қалардай тым нәзік. Хемнолинидің мінезінде де көп өзгерістер бар. Аз сөйлейді, оңашалана береді. Болмашы бір нәрсеге сабынша бұзылып, ренжіп қалатын күйге түскен. Тіпті онымен тіл қатысудың өзі де қатерлі халге жеткен еді.

Міне, енді аз күндердің ішінде ол кенет өзгеріп сала берді. Қуқыл тартқан өңіне бір нәзік байсалды рең пайда болды, сәт сайын күлкі нышаны жүгіреді. Ол киім киюге салғырт қарайтын, бой түзеуді жеңілтектік деп санайтын. Ал қазір... ие, қазір бұл қыздың не себепті өзгеріп, түрленіп кеткенін бір тәңірден басқа ешкім де айта алмаған болар еді, өйткені бір жаббар иенің өзінен басқа Хемнолини ешкіммен де ақылдасып көрген емес.

Ал Ромеш болса, қыз қыбын табудың ауыртпалығынан шыға алмай салмақтылау жүрді, көп білім ақыл-ойын ғана емес, өзін де басып жібермей тұрғандай.

Жұлдызды аспан әлемінде әруақыт планеталар қозғалады, бірақ обсерваторияның, ондағы құрал-аспаптардың бір орында қала беруіне ешбір кедергі жасамайды. Ромеш те солай, мына бір бас айналдырар аумалы-төкпелі заманда кітаптан алған көп білім, жоспарларымен өзгеріссіз қала берді, — ие, оны осындай бір хал-жағдайдан шығарам деп кім әуреленбек дейсің?

Соның есесіне ол қазір әзіл-оспаққа орай жауапты сәтімен таба алмаса да, ішек-сілесі қатқанша қатты күлетінді шығарды.

Шашы бұрынғыдай тікірейіп тұратын болса да, көйлегі енді кірлемейтін болды, жас жігіт жаңа бір өзгеріске түсіп бара жатқандай, мінезінде бір ойнақылық, жүріс-тұрысында белгілі бір сергектік байқала бастады.

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Бір ғажабы әдетте сүйіскен адамдардың мекен-жайы есебінде дастандар бетін бермейтін бір ерекше белгілер Калькуттадан табыла да бермейтін еді. Түрлі түсті гүлдер жайнаған саяжолдар қайда? Саялы ағаштардың жапырақтарынан жасалатын көк шатырлар қайда? Ән салғыш ала төс көкек қайда? Калькуттада бұлардың бірі де жоқ. Сонда да сиқырлы да асыл махаббат сүйкімділігі, қызығы аз осы тартымсыз қаланы да аттап етіп кете алмайтын. Ие, бар құдайлардың ішіндегі әрі балғын жасы, әрі соншалықты еркесі — махаббат тәңірі қызыл тақия киген полиция адамдарының қырағы кезінен садағын жасыра ұстап, экипаждар мен темір сауытты трамвайлар құжынаған аласапыран кешелерді бойлап, қай күні, қайда кетіп бара жатқанын кім айта алмақ!

Ромеш Калькуттада дәл етікші шеберханасына қарсы бетте, бақал дүкенінің қасындағы бір үйді жалға алып тұрса да, Хемнолини мен екеуінің арасындағы ғашықтық жайларды шешекті гүл қоршаған шапанды мекендеушілер махаббатынан кем еді деуге ешкімнің де аузы бара алмас еді. Бұлардың алдында тұңғиық гүлдері жайқалған көл орнына дастарқанына шай дағы тиген кішкене бір күйкі үстел тұратын еді. Оған Ромеш жабырқап та көрген емес. Хемнолини жақсы көретін мысық, қолға үйретілген қара елікке тіптен ұқсамай-ақ қойсын, — сонда да жас жігіт сол мысықты еліктен бір де кем көрмейтін. Ал егер мысық арқасын доғаша күдірейте есінеп, еппен бетін жуа бастаса, ет жүрегі езіліп, елжіреп кеткен Ромешке төрт аяқты айуанның ішінде дәл осы мысықтан тәуірі жоқ сияқты болып көрінетін.

Емтиханға дайындалып жүрген кезінде Хемнолинидің шілтер тоқу өнерімен айналысуға мұршасы келмеп еді, соның есесіне ол соңғы кезде өзінің дос қыздарының бірінен кесте тігуді үйрене бастады. Ромеш болса бұл өнерді мүлде керексіз, тіпті ұнамсыз шаруа деп санайтын. Әдебиет мәселелерінде екеуі де тең түсе беретін еді. Ал әңгіме кесте туралы болса-ақ Ромештің жеңілуінен басқа ештеңе де қалмайтын. Сол себепті ол әр кезде-ақ:

— Кесте дегенге кенеттен құмарта қалғаныңызға жөн болсын? Бұл тек еріккен адамдардың ғана шаруасы ғой, — деп наразылық білдіре сөйлейтін.

Хемнолини жауап берудің орнына үнсіз ғана күлімдеп инесін сабақтай беретін.

Енді бірде Окхой зәрлі тілін шаншып алған:

— Ромеш-бабудың терең пікірі бойынша аздап болса да шаруашылық мәні бардың бәрі де жеркенішті болмақ. Алайда реті болған соң айта кетейін, ұлы ғалым, не бір ұлы ақын да, ешкім де сол бір жеркенішті ұсақ-түйексіз бір күн де өмір сүріп тұра алмаған болар еді.

Бұл сөз Ромештің қытығына тиіп кетті, ол білегін сыбанып тастап, таласа кетпекші еді, Хемнолини басып тастады.

— Соған бірдеме деп жауап қайтару үшін осыншалықты тулауға болар ма екен, Ромеш-бабу? Өмірде түкке тұрмас жеміссіз таластар көп емес пе?

Осы сөздерді айтты да, ол өз шаруасына қайта үңіліп, кестенің төгілген жібін санай бастады, ендігі сәтте қыз қолындағы жібек жіп ойнап жүре берді.

Бір күні ертеңгілікте өз кабинетіне кірген Ромеш үстел үстінен сафьян былғарымен қапталған бір бюварды көрді. Бювар қақпашасының бір бұрышын "Р" әрпі, ал екінші бұрышын алтын жіптермен тізілген тұңғиық гүлі көркейтіп тұр.

Кім жасаған, кімге арналған нәрсе екенін Ромеш бірден аңғарды. Қуаныштан жүрегі тулап кетті. Ол дәл сол бір шақта кесте тігу сияқты өнердің бар маңызын артығымен түсінгендей болды. Асыл затты кеудесіне басты. Осы сәтте ол жеңілгендігін Окхой алдында да мойындауға әзір еді. Ромеш бюварды ашып қағаз алды, содан кейін былай деп жазды:

"Ақын болсам сізге асыл жыр арнаған болар едім, амал не, ақын емеспін, дарыным жоқ. Алайда біреуге ондай сыйлық ұсыну қабілетін бермесе де, қабыл ала білу дарынын беріпті тәңірім: бұл тартуды қалай қабылдадым десеңізші. Оны тек жүрек сырына үңіле алатын адам ғана түсінеді, өйткені сыйлық дегенді көруге, сезінуге болады ғой, ал менің сезімім жүрегімнің терең түкпірінде жасырынып жатыр ғой. Сізге өлшеуі қайтпас қарыздар жан".

Әрине бұл қағаз Хемнолинидің өз қолына тиген болатын. Сонда да қыз да, жігіт те ол жөнінде тіл қатысқан жоқ.

Жаңбырлы маусым жақындап қалды. Қала тұрғындары үшін бұл лайсаң кездің ешбір рақаты болмайтын еді. Қала үйлерінің терезелері жабылады. Көшеге шыққандардың қолынан қолшатыр түспейді. Трамвайлардың терезе перделері түсіріледі. Сонда да нөсер жолын бөгерлік күш жоқ. Су өтпейтін, сыз болмайтын ештеңе де қалмайды, ал орман-тоғайлар мен адыр, белестер болса, жасыл желегін жамылып, көркейіп қалады.

Жаңбыр сарғая күткен қонағындай. Жылауық бұлтты, буалдырлы күнде жер-көктің бәрі теңіз сияқты. Аспан мен жер тұтасып кетеді. Осы бір қуанышты табиғат мейрамында, табиғат аясында үлеспес, селкеу шығар үнді кездестіре алмайсың.

Ғашық жандар орман мен тауға ұқсайды. Егер толассыз жауған қара нөсер Оннода-бабудың ішкі сарайын бұзса, Ромеш пен Хемнолиниге қуанышты әсерін тигізбей де қалмас еді.

Түнерген бұлттар мен күн күркіреуі, нөсер шуылы бәрі де екі жүректі бұрынғысынан да жақындастыра түскен сияқты.

Жаңбыр әлегінен Ромеш сотқа да сирек баратын болды. Толастар шағы жоқтай аспаннан жаңбыр құйды да тұрды, осы ретте қобалжыған Хемнолини:

— Ромеш-бабу, мынадай қара нөсер құйып тұрғанда үйіңізге қалай барасыз? — деп үрейлене сұрай беретін де болды.

Ромеш оған бірдеме етіп жетермін деп, ұяла жауап беретін.

— Салқын тиіп, ауырып қалуыңыз мүмкін ғой, кешкі тамақ ішпей, мен сізді ешқайда да жібермеймін.

Ромеш салқыннан тіптен де қорықпайтын, дос-жарандары оған тіпті тымау тигенін де көрген емес еді, сонда да Хемнолинидің дегенінен Ромеш шыға алмайтын болды. Үй арасында үй жоқ. Сөйтсе де мына бір жаңбырлы күндерде күтіп қалуды жеңілтектік, күнә деп санайды.

Бұлт үйіріліп, ерекше түнере түскен күндерде Ромеш Хемнолини бөлмесіне шақырылатын. Таңертең болса, көкөністен жасалған рагу желінетін, түс кезі болса, қуырылған ет дайын болатын. Бұл үйдегілер Ромештің өкпесін суық шалар деп күдіктенсе де, асқазаны бұзылар деп ойлаған да жоқ еді.

Уақыт осылай өтіп жатты. Бар еркін алып болған осы бір құштарлық неге апарып соқтырарын ойлап жатуға Ромештің уақыты да болмады. Бірақ Оннода-бабудың, тіпті басқа да толып жатқан таныстардың тіліне бұл сұрақ жиі үйіріліп, әңгіме тақырыбына айнала берген еді.

Ромеш көп оқыған, көп тоқыған ғалым болса да, көрген, білгені аз, тәжірибесіз адам болатын, ал кеудесінде тұтанған мына бір махаббат сезімі оның күн көріс жайындағы көз қарасын мүлде тұмандандырып жіберді. Оннода-бабу күн сайын Ромеш жүзіне үмітпен қарайды, бірақ ешбір белгі-нышан таба алмайды.

ОНЫНШЫ ТАРАУ

Окхойдың даусы онша зор емес еді, сонда да қатыгез бір сыншы ғана болмаса, ол скрипкаға қосылып ән салғанда көтермелемейтін және қайталауын өтінбейтін жан қалмайтын еді.

Оннода-бабу музыка дегеніңді үзіле жақсы көрмейтін. Бірақ бүұл пікірін ашық танытуға батылы да жете бермейтін. Сол себепті ол басқаша көлденең бір амал-тәсілге жүгіруші еді.

Әлде біреу Окхойдың ән салуын қолқалай қалса, Оннода-бабу:

— Ұялсаңдаршы, тек өлең айта білгендігі үшін адамды азапқа сала беруге болмайды ғой, — дейтін.

Алайда мұндай кезде өз ретімен Окхойдың сыпайы ғана қарсылығына кезігетін сөз айтылатын.

— О не дегеніңіз, Оннода-бабу, мазасызданбай-ақ қойыңызшы, кімді кім азаптайтынын тәңірім білсін.

Осыдан кейін музыканы шын сүйетіндердің бірі ән айтылуын жақтай кететін, ақырында таласты шешу үшін бірдемені бастап жіберу өтінілетін.

Бір күні түстен кейін аспанда қорғасын бұлттар қаптай бастады, ымырт үйірілді, бірақ қара жаңбыр толассыз жауып тұрды.

Окхой бұл үйде амалсыз кідіріңкіреп қалған еді, Хемнолини оның өлең айтуын сұрады. Өзі барып фисгармонияға отырды, ал Окхой скрипканың құлағын күйге келтірді де, хинду тілінде ән айта бастады:

Соқшы, кәне, самал жел,

Болшы менің хабаршым.

Сарғая күттім жарымды,

Солай деп айта барарсың.

Тыңдаушылардың бәрі бірдей өлең сөзіне түсіне алған жоқ, ие, түгел түсіну шарт та емес еді: жүрек сезімге толып, кездескенше зарығып тұрған шақта бір қас қағымның өзі көп жайды аңғартуға кетпей ме!

Әннің жалпы сарыны белгілі де болды: бұлт көзінен жас тамды, тоты құс сайрады, ғашықтардың қайғы-қасіретінде шек болмады.

Бұл өлең арқылы Окхой өз сезімін, өз сырын жеткізбекші болып еді, бірақ оны басқа біреулер пайдаланып кетті. Толқынды ән сазы тербеткен жүректер бір оңаша биіктен мекен тауып, қауыша қалғандай; олар үшін дүние жаңа бір әдемі түрге енген. Өмірде кәріптілік те, мағынасыздық та жоқтай. Өткен, кеткен заманда адам жүрегін өртеген махаббат жалыны енді осы екі ынтық жанның басында ғана секілді, шексіз қуанышқа бөлейді, тәтті бір қайғыға душар етеді, жан дүниесінің астан-кестенін шығарады. Жүректерін үмітпен молықтырады.

Сол бір күні бұлт та ыдырамады, шырқалған әннің де толасы болмады.

"Окхой-бабу, ән салыңызшы, тағы да бір ән шырқап жіберіңізші", — деп Хемнолини етіне сөйлейді. Ал Окхой-бабу болса, қыз меселін қайтармайды, айта береді, айта береді.

Сәт сайын ән сазы ұлғайып, жан дүниені тебіренте берді, — біресе найзағайдай жарқылдап, біресе сағынған, сарғайған жүректің шерлі сазына ауысты.

Окхой тым кеш қайтты. Қоштасар сәтте әнге елігіп, соның ырқында тұрған Ромеш үнсіз ғана Хемнолиниге қарады, ол да бұған ән әкелген сондай бір сезіммен жауап берді.

Ромеш үйіне оралды. Бір тына сәтке толас алған жаңбыр қайтадан үдете жауып кетті. Сөйтіп бұл түнді жігіт көз шырымын алмастан өткізді. Хемнолини да ұйықтай алған жоқ. Тас қараңғы түнде сабалап жауған жаңбыр үнін тыңдап ұзақ жатты. Құлағында баяғы әннің:

Соқшы, кәне, самал жел,

Болшы менің хабаршым.

Сарғая күттім жарымды,

Солай деп айта барарсың, -

деген жолдары шыңылдады да тұрды.

Ертеңіне Ромеш ,"Егер ән айтуды үйрене алатын болсам осы жолда ойланбай-ақ, бар өнерімді сарп еткен болар едім", — деп ойлады.

Бірақ бұл өнерді меңгерерліктей, онда ыңғай да, еп те жоқ еді. Соған қарамастан Ромеш енді музыка үйренуге талпынды. Бір ретте Оннода-бабудың бөлмесінде оңаша қалып қойғаны үстінен түсті. Скрипка шектеріне ысқышты жеңіл ғана жанастырып көріп еді, музыка тәңірісінің соншалықты күйзелген, күрсінген даусы шығып кетті . Содан соң бұл аспапқа енді қайтып жанаспауға тура келген, қайталап тарту тәңірді қорлағандық болып табылатындай еді.

Скрипкадан беті қайтқан Ромеш фисгармония сатып алды. Есікті тарата жауып клавиштермен саусақтарымен ақырын ғана жүгіртіп өтті, бұл аспап скрипкадан гөpi төзімділеу екен деген тоқтамға келді.

Келесі күні Ромеш Оннода бабудың үйіне кіре бергенде-ақ Хемнолини

Кеше сіздің үйде фисгармонияда ойнаған кім? — деп айтып қалды.

Жабық тұрған есіктен музыка даусы естілер деп Ромеш ойлаған жоқ еді, бірақ сергек құлақ шалып қалыпты.

Ұялып қалған Ромеш өзінің фисгармония сатып алғанын, үйренгісі,меңгергісі келетінін мойындады.

Есікті бекітіп алып, оңаша үйренем деуіңіз бекершілік болған. Мен аздап фисгармонияда ойнай білемін. Өз білгенімді сізге де үйрете алармын, — деді Хемнолини.

Мен, бірақ икем-ебі жоқ дарынсыз оқушы боламын ғой, деп жауап берді Ромеш, — үйретем деп жүріп басыңызға азап тілеп алып жүрмеңіз.

Менің білімім де сол қабілеті жоқтарды бірдеме етіп үйретіп шығуға ғана жетеді, деп күлді Хемнолини.

Алайда көп кешікпей-ақ Ромештің музыкадан тіпті саңылауы байқалды. Бұл ретте оның музыкаға орашолақпен дегеннің өзі сыпайылық болмай шықты. Хемнолини сияқты талап қойғыш адамды оқытушының алдында да оның музыкалық саңылау сезімі ашылмай-ақ қойды.

Қиян-қилы үн тасқыны ішінде Ромеш өзін тұншығып бара жатқанда аяқ-қолын құр ербеңдете беретін суда жүзе білмес адамша ұстады. Ол клавиштерді қалай болса солай ұрады, үн біткен ерсі, жалған естіледі. Өз құлағы үшін мұның бәлендей сөкеттігі де жоқ сияқты, өйткені ол үндестік пен үйлесімсіздік дегеннің не екенін де білмейтін. Хемнолинидің "Не істеп жатырсыз, дұрыс емес, жалған дыбыстар!" деп үлгіргенінше ол бір емес, бірнеше қателерді жіберіп алатын. Алайда жаратылысында пайымды да ынталы Ромеш тауы шағыла қалатындардың бірі еместі. Бу машинасы баяу қозғалып бара жатады. Бірақ өз салмағымен нені ұнтап бара жатқанында оның шаруасы да болмайды. Ромеш те сондай бір іс өзсіз қыңырлықпен сормаңдай ноталарға, оны көрсетер белгілерге тағатсыз шабуылдай берді.

Хемнолини оның музыкалық қабілеті жоқтығын әжуа етеді. Онымен бірге Ромештің өзі де күледі. Бұзып ойнауға, теріс ойнауға Ромеш қабілетінің соншалықты молдығына қыз мәз-мейрам болады. Осындай қателіктер мен диссонанстар тек махаббатқа ғана қуаныш бере алады екен. Сәби баланың қаз-қаз басқаны анасына зор қуаныш әкеледі ғой. Ромештің музыка өнерінде ғаламат тәжірибесіздігін тәлкек еткен Хемнолиниде де дәл сондай сезім болған еді.

— Мені мазақ ету жақсы ғой сізге, — дейтін еді ол кейде, — ал өзіңіз ше, алғашқы үйрене бастаған кезде қателесіп көрген жоқсыз ба?

— Әрине қателескенмін. Ромеш-бабу, егер шындықты айтсам, сіздің қателіктеріңіз тіпті айрықша.

Сонда да Ромеш қол қусырып отырып қалған жоқ. Күле отырып, ол бәрін де қайтадан бастай берді.

Оннода-бабудың музыкаға құмарпаз адам емес екені жоғарыда айтылған еді, сонда да ол кейде Ромештің фисгармонияда ойнағанына құлақ сала отырып:

— Жаман шықпайды. Жүре келе Ромештің тәп-тәуір музыкант болып кетуі мүмкін, — деп қоятын.

— Ие, ие! Үн алалығын туғызудың шебері болып шығады, — деп күледі Хемнолини.

— Бұрынғыдай емес, елеулі табысқа жетіп қалған. Менің ойымша, егер Ромеш талаптана берсе, жаман ойнамайтын да болады. Ән салғандағыдай, мұнда да дағды қажет. Ең жеңіл гаммаларды меңгерсе-ақ болғаны, ар жағы өзінен-өзі келіп жатады.

Мұндай дәлел керек етпейтін шындыққа қарсы тұрудың реті жоқ еді. Бәрі де Оннода-бабу біліміне құрметпен бас иіп, үнсіз қалатын.

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

Күз сайын Пуджа мейрамы кезінде Оннода-бабу арзан билетпен пайдаланып, Джобболпурда күйеуге шыққан қарындасына барушы еді. Хемнолиниді де ала кететін. Өзінің ішкі сарайын сауықтырам ба деген өшпес үмітпен баратын.

Тамыздың аяқ кезі еді. Мейрамға санаулы-ақ күндер қалған. Оннода-бабу жол жүруге қамдана бастады.

Аз күнге болса да айырылысар шақты сезінген Ромеш музыкамен енді тіпті көп шұғылданып кетті.

Бірде өзімен әңгімелесіп отырған кезде Хемнолини:

— Ромеш, сіздің де аз уақытқа жол жүріп қайтқаныңыз денсаулығыңызға пайдалы болатын сияқты көрінеді маған. Әке, бұған сен не дер едің? — деген еді.

Ойлана келіп Оннода-бабу өзіне-өзі бұл ұсыныс теріс те емес екен деп қойды: Ромеш ауыр қаза көрді, жол жүру оның бойын сергітеді, ой азабынан құтқармақ.

— Әрине, бірнеше күнге климат ауыстыру жақсы нәрсе. Білесің бе, Ромеш, мейлі бұл батыс аймақтар ма, не басқа облыстардың бірі ме, бәрібір, әйтеуір қай жерде болса да алғашқы бірнеше күндердің әсері жақсы болатынын байқаған едім. Алғашқы күндерде асқа да зауқың көбірек шабады, тамақты да жақсы жейтін боласың, содан кейін бәрі де баяғы қалпына барады; асқазаныңда тас жатқандай, жүрегің қыжылдайды, не ішсең де, соның бәрі...

— Ромеш, сіз бұрын Нормод су құламасын көріп пе едіңіз? — деп Хемнолини әкесінің сөзін бөліп жіберді.

— Жоқ, мен ол жерлерде мүлде болған емеспін.

— Онда, көруіңіз керек, солай емес пе, әке?

— Шынында да, Ромеш бізбен бірге неге жүріп қайтпайды. Сөйтіп, ол климат та ауыстыратын болады. Мәрмәр шыңдарды да көреді.

Бұл сапар Ромеш үшін тым қызық көрініп кетті, сол себепті оған бұл ұсынысты құптаудан басқа ештеңе де қалмады.

Ромеш күн ұзақ бос қиялға беріліп, жерге түсе алмай-ақ қойған сияқты. Үйіне келіп, есігін бекітіп оңаша қалды, мол келген қуанышын жер-көкке сыйғыза алатын емес, фисгармонияға келіп отырды. Оның есер саусақтары бар үндестік заңдарын былай лақтырып тастады да, мына бір бақытсыз аспапта нағыз жындар биін бастап кетті.

Соңғы кезде бірнеше күнге болса да Хемнолиниден ажырасып қалам-ау деген ой Ромешті сары уайымға салған еді. Міне енді шаттық кернеген бір шақта көп азаптанып барып қолы жеткен бар музыкалық білімін желге лақтырып жатты.

Есік қағылды.

— Не істеп жатырсыз, Ромеш-бабу! Қойыңызшы, өтінемін, — деген әлде біреудің даусы естілді.

Ұялғаннан беті жанып кеткен Ромеш есікті ашты. Үйге Окхой кірді.

— Мұныңыз не қазан бұзарлық? Байқаңыз, бұл үшін өздеріңіздің қылмыс заңының бір тармағына душар болып қалып жүрмеңіз.

— Кінәлімін, мойындаймын, — деп күлді Ромеш.

— Ромеш-бабу, бір нәрселер жайында сізбен сөйлескім келген еді, қарсы болмайсыз ба? — деді Окхой.

Мұндай кіріспе сөзге Ромеш мазасызданып қалды.

— Хемнолини тағдырына менің мүлде дел-сал қарамайтынымды сіз білесіз ғой, — деп бастады сөзін Окхой.

— Мен Оннода-бабудың досымын, сол себепті Хемнолини жайындағы сіздің ниетіңізді білгім келеді.

Окхойдың сөзі де, өзі де Ромешке ұнаған жоқ, сөйтсе де ол дөрекі, тік жауап беруді білмейтін еді, оның үстіне ренжісіп қалуды да тілемейді. Сол себепті байсалды түрде:

— Менің Хемнолиниге деген теріс ниетімнің барлығына дәлеліңіз бар ма еді? — деп сұрады.

— Байқайсыз ба, сіз Индуизмді" жақтайтын отбасынан шыққан адамсыз, әкеңіз де сол жолды қуған. Ол кісінің сізді үйлендіру үшін қыстаққа алып кеткені маған мәлім, мұның өзі сізді өздеріңіз мойынсұнбайтын дінге жататын қызға үйленіп қоя ма деген қауіптен туған жай деп білемін.

Окхойдың білемін деуінде себеп те бар еді, өйткені Ромештің әкесі Броджмохан көңіліне осы күдікті оның өзі салған болатын.

Бірнеше минут бойына Ромеш Окхойға тура қарауға бата алмады.

— Әлде әкеңіз өлген соң кімді таңдасам соған үйленуге еріктімін деп санайсыз ба? — деп жалғады сөзін Окхой, — ал ол кісі болса...

Ромеш тынышсызданып қалды.

— Окхой-бабу, тыңдаңыз, басқа бір мәселе жайында маған ақыл айтуды ойласаңыз, рақаттана құлақ салған болар едім. Ал әкеммен ара қатынасымды тексерер адам сіз емес.

— Жақсы, мұны қозғамай-ақ қояйық. Сонда да сіз, Хемнолиниде ойыңыз бар ма, оған үйлене аласыз ба, соныңызды маған айтуға тиістісіз ғой, — деп Окхой жармаса берді.

Соққы үстіне соққы алған Ромеш ақыр соңында күйгелектеніп бе, Окхой, мүмкін сіз Оннода-бабумен дос шығарсыз,

Білесіз бе Окхой мүмкін сіз Оннода-бабумен екеуміздің арамызда жақындық болған емес, сол себепті бұл әңгімені тоқтатуға мархабат етіңіз.

Егер бұл маған ғана қатысты жай болса, әңгіме әлдеқашан тынған еді, сөйтіп, бұл ісіңіздің арты неге апарып соғарын көрмей-ақ, уақытыңызды бұрынғыша жайбарақат өткізе де алмайсыз. Алайда — сіз сияқты бейқам адамдар үшін қауымнан жайлы мекен табу қиынырақ болады. Әрине, сіз жер үстінде болып жатқандарға көңіл салмайтын, тек жел төкпе материя жайын көп ойлайтын адамдар тобына жатасыз ғой, әйтпесе, сіз жұрттың бәрі қадір тұтатын адамның қызына деген осындай қылығыңызды былайғы жұрттың айыптайтынын түсінуге тиісті едіңіз. Егер өзіңіз пікірін бағалайтын адамдардың масқарасын шығаруға ғана саятын болса — онда жобаңыз дұрыс.

Сақтандырғаныңыз үшін рақмет, — деп жауап берді Ромеш, — не істейтінімді тез-ақ шешемін және оны жүзеге де асырармын. — Күдіктенбеуіңізге болады. Бұл жайында енді жетті.

Қандай қуанышқа бөледіңіз мені, Ромеш-бабу! Ақыры сіздің тоқтамға келгеніңізді және оны жүзеге асыруды ойлағаныңызды көріп, мен енді тыныштық алатын боламын. Осымен тәмам етемін. Шаруаңыздан қалдырғаныма айыптымын.

Оқасы болмас, қайта бастап ойнарсыз. Ал мен жөнелдім, — деді де Окхой асыға басып шығып кетті.

Ромещтің музыкамен айналысуға зауқы болмай қалды. Ол төсекке келіп, қолдарын төбесіне қойып ұзақ жатты. Ақыр соңында бес болғанын наш етіп сағат қоңырау соқты, ол атып тұрды.

Қызметте істегісі келгенін бір тәңірдің өзі білсін, алайда Ромеш тек бір мәселег табанын шын тіреген еді: қазір көрші үйге барып, шай іші қажет. Ромештің өңін көргенде Хемнолини тынышсызданып қалды:

Ромеш сіз ауырып қалған жоқсыз ба?

Жоқ мазасызданарлықтай ештеңе де жоқ, — деп жауап қатты ол.

Қайтер дейсің, деп қойды Оннода-бабу, — бұл денеде еттің көбейіп кеткені ғана. Міне мен мынадай бір дәріні қабылдаймын. Осы бірін жұтып жіберсең, содан әрі...

Ромешке осы бір дәрілеріңді бермей-ақ қойшы, әке, — деп күлді Хемнолини, сенен асқан мылжыңды кездестірген емен. Дәрілеріңнің шипасы болып көрді ме өзіңе?

— Амал қанша, көмегі жоқ. Сонда да бұрынғы ішкен дәрілерден көрі мұның көп тәуір екеніне менің көзім жетті.

— Иә, жаңа бір дәріні іше бастасаң, жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелетін әдетің ғой.

— Оған сенбе, Ромеш, менің дәрім шипа бола ма, жоқ па Окхойдан сұра, — деп Оннода-бабу қарсылық білдірді.

Аты аталған адам шақырылып қалып жүрер деген қауіппен Хемнолини бірден үндемей қалды. Бірақ осы шақта Окхойдың өзі-ақ кіріп келе жатыр еді.

— Тағы бір домалақ дәрі берсеңіз, мен сізге алғыс айтқан болар едім, — деп ол табалдырықтан аттай бере Оннода-бабуға бұрылды, — бұл дәрілердің маған зор шипасы болды, соншалықты сергіп, сауығып қалдым.

Осы сөздерді естіген Оннода-бабу қызына өктем қарап қойды.

ОН ЕКІНШІ ТАРАУ

Қонақжай Оннода-бабу Окхойдың сұраған дәрісін берді. Бірақ оның кетіп қалуына тіпті де рұқсат бергісі келмеді, иә, Окхойдың өзі де асығатын әлпет білдірмейді. Жайлана отырып Ромешке қадалып қарай берді.

Ромеш еш уақытта да байқағыштығымен көзге түсіп көрген емес-ті, сонда да ол бүгін Окхойдың мына сұқтана қарауын аңғармай қала алмады, мазасыздана берді.

Хемнолини өзін тым сергек, көңілді ұстады. Сапарға аттанар күннің жақындап қалғаны есінен кетер емес. Әлгінде ол Ромеш келісімен демалысты қалай өткізбек, қол бос уақыттарда оқу үшін қандай кітаптар ала шықпақ жайын әңгіме етуді ойлап еді. Ромештің таңертең ертерек келуі де келісілген болатын.

Міне, сонда олардың әңгімесіне ешкім де, ең бастысы, ертеңгі шайға дөп келетін Окхой да кедергі жасамайтын болады.

Алайда Ромеш бүгін дағды дағысынан да кеш келді, көңілсіздеу отырды, бұл Хемнолинидің алып ұшқан көңілін де басып тастады. Сәтті бір шақты пайдаланып қыз одан:

— Неге кешіктіңіз? — деп ақырын ғана сұрады. Ромеш кешеулеп барып:

— Иә, расында да мен кешігіңкіреп қалсам керек, — дей салды.

Ал Хемнолини болса, кездесер сәтке соншалықты дайын тұрғысы келіп еді. Өзі тым ерте тұрған, таранып-сыланған, киімдерін ауыстырған, сөйтіп, әлсін-әлі сағатқа қарай отырып Ромештің келуін күткен Әдепкіде сағат оған дұрыс жүрмейтіндей болып көрініп еді, уақыт әлі: ерте деп жорыған. Ромештің шын кешіккеніне көзі жеткен соң ғана ол кестесін қолына алып, терезе алдына барып отырды, бірдеме етіп уайымды ойлардан құтылудың жолын істеп баққан.

Міне, Ромеш те келіп кірді. Бірдемеге ренішті екені аңғарылады тіпті өзінің кешігіп келген жайын да айтқысы келмейді, бүгін ертемен кездесеміз деп уәделеспеген адам сияқты.

Хемнолини шай соңына зорға шыдады. Барлық жұрт өз кеселерін сырғанда ол Ромештің көңілін өзіне аудармақ болып әуреленбей-ақ бағып еді. Бұрыштағы үстел үстінде кітаптар жатқан. Хемнолини соларды алып кетпек кейіп білдірді. Осы бір қозғалыс Ромешті ауыр ойдан кенет шығарды, ол шапшаң басып қызға келді:

Кітаптарды сіз қайда апармақсыз? Біз оларды саралап, керектісін жолға алмақшы болған жоқ па едік?

Хемнолинидың еріндері жыбырлап кетті, көзіне келіп қалған «қасты зорға ұстап қалды.

Қойыңызшы, саралаудың қажеті жоқ... — деп қалды ол, содан соң асыға тұрды да, жатар бөлмеге кетіп қалды. Онда барып шаштарды тура еденге тастай салды.

Хемнолини кеткен соң Ромешті мүлде көңілсіздік басты. Іштей күле отырған Окхой әлсін-әлі:

Ромеш-бабу, сіз: ауырыңқырап отырсыз ғой деймін? — деп сұраумен болды.

Ромеш әлде бірдеме деп түсініксіз жауап қатты.

Денсаулық жайының тек еске алынуы-ақ мұң екен, Оннода-бабу иіріліп сала берді.

Міне, міне, кірген бойда мен де соны айтқанмын.

Ромеш сияқты адамдар денсаулық сақтау дегенді ұнатпайды, деп Окхой көзін қулана сығырайтты. — Олар ақыл-оймен өмір сүреді ғой, сол себепті ішкен тамақтың сіңуі сияқты ұсақ-түйекке көңіл аударуды надандық деп есептейді.

Бұл сөздерді шынға санаған Оннода-бабу асқазан жайын жұрттың бәрі де, тіпті философ та ойлауға тиісті екені туралы тым ұзақ сөйлеп, шын дәлелдей бастады.

Ромеш өзін жайымен жанған отқа салып қуырып жатқандай сезінді.

Менің кеңесімді тыңдаңыз, Ромеш, — деп аяқтады Окхой сөзін Оннода-бабудың дәрісін ішіңіз де ертерек жатуға қамданыңыз.

Оннода-бабуда шаруам бар еді, соны тындырған соң кетемін.

Осылай деп ерте-ақ айтпайсыз ба! — деп дауыстап жіберді Окхой тұра беріп. — Ромештің әдеті бұл. Бірдемені жасырады да, кезеңі өтіп кеткенін кенет байқап, әбігерлене бастайды.

Осы сөздерді айтып Окхой шығып кетті. Ромеш жерге тесіле қарап отырып сөз бастады.

— Оннода-бабу, сіз мені туғаныңыздай қабылдадыңыз, мен тіпті рахмет-алғысымды қалай жеткізерімді де білмеймін.

— Міне, тіпті жақсы! Сен біздің Джогеннің досы емеспісің, саған менің басқаша қарауым мүмкін бе, тегі.

Сөз сөйтіп басталып кетті, сонда да өз ойын ортаға салуға Ромештің батылы жетпеді. Оған көмек ретінде Оннода-бабу:

— Асылында, Ромеш, сендей бір қадірлі жасты өз үйімізде баламыздай қарсы алатынымыз үшін біз де зор бақыттымыз, — деп қойды.

Бірақ осы сөздерден кейін де Ромеш шешіліп сөйлеп кете алмады.

— Сен жайында жұрттың өсек-аяңы бар екеніне мүмкін зер салған боларсың, — деп Оннода-бабу сөзін жалғастыра берді. — Олар: Хемнолинидің тұрмысқа шығар жайын ойлайтын мезгіл жетті, енді оны жұртпен байқап таныстыру керек дейді. Ал мен әрқашан да, Ромеш сенімді бала ғой, ол бізді қауым алдында ұятқа қалдырмайды деп жауап беремін.

— Сіз мені жақсы білесіз ғой, — деді ақырында Ромеш, — ал егер Хемнолиниге лайықты деп санасаңыз, онда...

— Айтпай-ақ қой. Өзім де солай ойлағанмын. Егер де сенің үйіңде қайғылы оқиға болмағанда, әлдеқашан той жасаған болар едік. Алайда бұл мәселені кешеулетуге болмайтынын байқа, асылым; өсек-аяң тұтанып кетті, соны ертерек өшірсек, соншалықты жақсы болар еді. Сен қалай ойлайсың?

— Тек сізге қолайлы кезді ойлаймын. Алайда ең алдымен, қызыңыздың пиғылын білу керек емес пе?

— Дұрыс-ақ, бірақ мен оның көңілінің сендік екенін жақсы білемін ғой. Ертең ертемен біз бәрін де біржола шешіп аламыз.

— Менің енді кетуіме рұқсат етіңіз, онсыз да сізді ұзақ ұстап қалдым.

— Бір сәтке сабыр ет. Менің ойымша, сенің тойыңды Джобболпурға жол жүргенге дейін жасаған жақсы болар еді.

— Иә... Алайда оған дейін тіпті аз-ақ күн қалған жоқ па?

— Шамамен он күн бар. Егер сенің тойың келесі жексенбіде өткізілетін болса, жол қамын жасауға үш күн қалмақ. Ромеш, мен сені бұлай асықтырмаған да болар едім, бірақ мен өз денсаулығым жайын да ойлауым керек қой.

Ромеш келісімге келді, Оннода-бабу тағы бір домалақ дәріні жұтып жіберді де өз бөлмесіне жөнелді.

ОН ҮШІНШІ ТАРАУ

Оқушылар демалысы жақындап қалған еді.

Қасында Комоланы мейрам кезінде де мектепте қалдыру жайында Ромеш пансион бастығымен келіскен-ді.

Ертеңмен тыныш көшені бойлап, қаланың бас алаңына қарай келе жатқан Ромеш той өткеннен соң-ақ Комоланың бар жайын Чеммолиниге айтуды ойлады, содан кейін қолайлы бір шақты тауып, Комоламен сөйлеспек.

Сөйтіп, толық ұғыныстық туады, Комола мен Хемнолини дос болып кетеді, олар бірге, бақытты өмір сүреді.

Ол Комола жайында толып жатқан лақап-қауесеттер туатынын түсінетін, сол себепті Калькуттада тұра беруді көздемеді, той өткен соң-ақ Хаджарибагқа кетпек, сонда барып адвокаттық жұмысымен айналыспақ.

Бой жазып қайтқан соң жігіт Оннода-бабуға бет алды, кенет табалдырық алдында Хемнолинимен ұшырасып қалды. Бұрын, дәл осындай кездесуде олар қайтсе де әлде бірдемені сөз ете бастар еді, ал бүгін Хемнолини кенеттен қызарып кетті, жүзіне таң шапағындай жұмсақ күлкі ойнап, төмен қарады да, жүгіре жөнелді.

Үйіне оралған Ромеш фисгармонияға келіп отырды, Хемнолинидің өзінен үйренген сол бір ән сазын қайталауға тырысып бақты. Алайда күн ұзақ бір нәрсені қайталай беруге болмайды ғой, фисгармонияны жауып қойып, өлең оқуға да кірісті, бірақ кешікпей-ақ өз махаббатының күні күліп тұрған биікке ешбір дастанның өресі жетпейтініне көзі жетті.

Ал Хемнолини шаттана жүріп, үй шаруашылығымен айналыса берді... Ақыры түстен кейін ғана қолы босады.

Енді жатын үйдің есігін жапты да, кесте тігуге отырды. Байсалды жүзінде бақыт нұры жайнайды; махаббат оны түгелімен баурап алған.

Дағдылы шай ішілетін мерзімнен көп бұрын Ромеш Оннода-бабудың үйіне келді. Бұрын Хемнолини оған қарсы ұмтылушы еді, бүгін ас ішетін үй де, жоғарғы қабат та қаңырап тұр. Хемнолини өз бөлмесінен әлі шықпағаны ғой бұл.

Мезгілімен Оннода-бабу келді де дастарқан басына, өз орнына отырды.

Ромеш әлсін-әлсін есік жаққа жасқана қарайды. Міне, аяқ дыбысы естілді, жоқ бұл тек Окхой ғана болып шықты.

Ромешпен айрықша жылы шырай бере амандасты да:

— Ал мен осы ретте саған барып келе жатырмын, Ромеш-бабу, деді.

Ромеш мазасызданып қалды.

— Несіне үрейлене қалдың, Ромеш, — деп күлді Окхой, — сізге шабуыл жасайын деп жатқан жоқпын. Өз өміріңізге бақытты кезеңмен құттықтап қою — достық борыш емес пе. Сізге баруымның бар мақсаты осы ғана болатын.

Әңгіме үстінде Оннода-бабу кенет Хемнолинидің жоқ екенін білді. Дауыстап шақырып еді, жауап болмаған соң, өзі жоғарыға көтерілді.

— Осы уақытқа дейін өз кестеңмен болып отырғаның не, Хем, деді ол, — шай дайын тұр. — Ромеш пен Окхой келіп отыр.

Хемнолинидің жүзіне қан ойнап кетті.

— Шайды осында әкеп берсін деші, әке, — мына жұмысты бітіріп тастауым керек, — деді ол.

— Мінезін-ай, Хем! Бірдемемен шұғылдансаң болғаны, басқада шаруаң болмай қалады. Емтихан кезінде кітаптан бас алмап едің, ал енді, міне кестемен айналысып кеттің, басқа дүние қараң қалса да, қолыңнан тастағың келмейді. Жоқ, бұл жарамайды! Бар, төменге түс!

Осы бір тойтарыстан кейін Оннода-бабу қызының қолынан алды да, еріксіз ас ішетін үйге алып кірді. Хемнолини тіпті ешкімге де көз салмады, бар көңілі шай құюға ғана ауып кеткендей.

— Сен неғып отырсың, Хем? — деп дауыстады, аң-таң болған Оннода-бабу. — Менің шайыма неге қант салып беріп отырсың? Мен шайды әрқашан да қантсыз ішетінімді білмейтін бе едің.

Ал Окхой болса, күле отырып:

— Бүгін Хемнолини мырзалығында шек жоқ. Ала-құла демей жұрттың бәрін де тәттімен сыйлауға дайын отыр, — деп қойды.

Хемнолини жөнінде айтылған осы бір оспақ әзілден Ромеш төзгісіз халге түсіп қалды. Сол жерде ол той өткен соң, Окхоймен ат құйрығын біржола кесу керек деген тоқтамға келді.

Бірнеше күннен кейін, Оннода-бабу үйінде шайға жиналып отырған кезде Окхой кенеттен былай деді:

— Білесіз бе, Ромеш-бабу, сіздің ныспыңызды өзгерткеніңіз жөн болар еді.

— Ненің ақысына? — деп Ромеш шамырқана, шамдана сұрады.

Окхойдың оспақ-тұспалдарына ол үнемі ашуланып, ренжіп қалатын.

— Мынаған қараңыз, — деді Окхой газетті жаза беріп, — Ромеш деген бір студент емтихан кезінде өз орнына басқа біреуді жіберіпті. Бірақ әшкере болып қалған.

Осындай әзіл әңгімеге Ромештің еш уақытта да бірден жауап бере алмайтынын білетін Хемнолини Окхой шабуылы басталса-ақ, Ромешке болыса кетуді міндетім деп санайтын, ол бұл жолы да солай етті, әрі зығырданы қайнап отырғанын байқатпай, күле сөйлеп Окхой соққысын дарытпады.

— Егер сіздің айтқаныңыз келетін болса, онда осындай іспен абақтыға түскен Окхойлар да бір қауым болып қалар.

Жоқ, сіздер мұның жүзіне қараңыздаршы! — деді Окхой, — жолдасына достық пейілмен ақыл айтқың келеді, ал Хемнолини болса, ашулана бастайды. Олай болса, мен қазір сіздерге тұтас бір оқиғаны баяндап берейін. Менің кіші қарындасым Шороттың жоғары дәрежелі қыздар мектебіне баратынын, әзірше, өздеріңіз де білесіздер. Міне, сөйтіп, кеше кешке ол маған келіп: "Білесің бе, дада, Ромештің әйелі біздің мектепте оқиды" демесі бар ма. Мен оған "ақымақсың, дүниеде басқа Ромештер жоқ дейсің бе?"— деймін.

"Кім болса да, әйеліне қатыгез адам", — дейді Шорот, — мейрам ас үйінде барлық қыздар үйлеріне тарайды, ал ол өз әйелін пансионда қалдырмақ. Байғұс, жылай-жылай еу қараңғы болып қала жаздады".

Сонда ғана маған бұл бір маңызды іс екен деген ой келді: өйткені Шорот сияқты басқалардың да жаңылысуы мүмкін ғой.

Оннода-бабу көңілдене күлді: Ішінен адасқансың, Окхой, сен! Осындай сандырақтарды айтуға болады. Басқа бір Ромеш әйелін жылатып мектепке тастап кеткен екен деп Ромеш өз есімін қайтіп өзгертпек?

Ромеш кенет құп-қу болып кетті. Үстел басынан түрегелді де, бөлмеден шыға жөнелді.

Оннода-бабу, сізге не болды? Ренжіп қалған жоқсыз ба? Мен әлде бір күдік жасайды екен деп қалып жүрмеңіз, — деп дауыстады.

Окхой сөйтті де Ромештің соңынан жүгірді.

Шынында мұнысы иесі бұлардың? — деп Оннода-бабу шырылдап қалды.

Хемнолини кенет солқылдап жылап жіберді.

Ал саған қатысты не ба бұл жерде, Хем? Неге жылайсың? Деп Оннода-бабу үрейлене сұрады.

— Әке, Окхой бабу тіпті әділ емес, деді ол ақыр-соңында өксігін баса алмай біздің үйде қалайша ол қадірлі адамға тіл тигізеді!

Жоқ, Окхой жай ғана әзіл етті, шын көріп қалудың керегі жоқ.

— Мұндай әзілді мен көтере алмаймын, — деді де Хем жоғарғы қабатқа шығып кетті.

Калькуттаға келген соң Комоланың күйеуін табу үшін Ромеш көп азаптанған жоқ. Ақыр-соңында қыздың ағасы Тариничорон тұратын Дхобапукур деп аталатын кішкене бір қыстақты сұрастырып білді. Ромеш оған хат жазды.

Жаңада баяндалған оқиғаның келесі күні ол өз хатына жауап алды. Тариничорон сол бір апаттан кейін қарындасының күйеуі Нолинакха жайында ешбір хабары жоқ екенін жазыпты. Нолинакха Рангпурда дәрігерлік қызмет атқарып тұрған екен. Тариничорон сол Рангпурға да хат жазып, онда да күйеу баласы жайында еш хабар-ошар жоқ екеніне көзі жетіпті. Ал Нолинакханың қай жердікі екенін Тариничорон білмейтін көрінеді.

Енді Комоланың күйеуі тірі болар деген Ромеш үміті үзіліп қалды.

Сол күнгі поштамен оған басқа да көптеген хаттар келді: мұның үйленуімен құттықтаған өз достары екен. Біреулері мейрам күніне қонақ шақыр, той жаса деп талап етеді, екіншілерінің қуанышыңды хабарламадың, бүгін келдің деп әзілге сыйғызған өкпе-назы да бар.

Осы бір шақта Оннода-бабудың қызметкері хат әкеп берді. Хемнолинидің жазуын көргенде Ромештің жүрегі тулап кетті.

"Окхойдың сөздері оған күдік салған ғой, соны сейілту үшін маған осы хатты жазып отыр ғой", — деп ойлады Ромеш.

Хат қысқа ғана қайырылған:

"Кешке Окхой-бабу мүлде дұрыс жасамады. Мен бүгін азанда сізді келетін шығар деп ойлап едім. Неліктен келмедіңіз? Окхой-бабудың айтқандарын көңілге сонша ауыр алудың қажеті не? Оның бір де бір сөзіне менің сенбейтінімді білесіз ғой. Бүгін қайтсе де ертерек келіңіз, кешегідей кесте тігіп үстіңгі бөлмеде отырып қалмайтын боламын".

Ромеш осы бір азғана сөздерден Хемнолинидің бәрін де кешіргіш, рақымшыл да сезімге толы жүрегін азаптаған шер бар екенін аңғарды, көзіне ыстық жас толып кетті.

Ромеш кешегі кештен бері мұны Хемнолинидің асыға күткенін, бар пейілімен қайғысын жеңілдеткісі келгенін түсінді. Түн өтті, сәске түс те болып қалды, ал Ромеш болса, әлі жоқ, одан әрі Хемнолинидің дәті шыдамаған, мына хатты жазып жіберген.

Хемнолиниге барлық сырды кешеулемей ашу керектігін Ромеш ертерек ойлаған еді. Міне енді кешегі оқиғадан кейін сол сырды ортаға салу тым ауыр болып кетті: өйткені енді кім болса да: "Ромеш өз ісіне жауап бергісі келмейді, құтылып кеткісі келеді", деп ойлауы мүмкін ғой. Оның үстіне мұның бәрі Окхойдың жеңісі болып шығады деген ой Ромешті жегідей жейді. "Окхой шынында да Комоланың күйеуін басқа бір Ромеш деп санайды", деп ойлады жігіт, — әйтпесе, ол жай бір әзіл-оспақпен шектеліп қалмай, айқай-шу көтеріп жіберген болар еді. Қайткен күнде де кешеулемей бір амалын тапқан жөн".

Бірақ сол жерде тағы да бір хат келді. Комола оқитын мектептің бастығынан келген екен. Ол, Комоланың тым жабырқаңқы жағдайда жүргенін, сол себепті мейрам кезінде оны пансионда қалдыруға ешқандай қақысы жоқ екенін жазыпты. Демалыс келесі сенбіден басталады, сол күні ол қызды үйіне алуға тиісті.

Келесі сенбіде Комоланы үйге әкелу керек! Ал жексенбіде оның ойы болмақ.

Оқыстан үйге Окхой жүгіріп кірді.

— Ромеш-бабу, сіз мені кешіруге тиістісіз, — деді ол, — егер де сондай бір зілі жоқ әзілге сіздің соншалықты ашуланып қалатыныңызды білсем, ол әңгіме жайын қозғамаған болар едім. Әлбетте жұрт қитымдай болса да шындық болса ғана ашуланады ғой, ал менің сөзімде жұрт алдында өз ашынғаныңды көрсететіндей ешбір зіл дәлел жоқ. Кешеден бері Оннода-бабу маған ұрсумен жүр, ал Хемнолини тіпті сөйлескісі де келмейді. Бүгін азанда мен кіре бергенімде ол тұрды да кетіп қалды. Айтыңызшы, не жаманшылық жасап тастадым?

— Мұның бәрін біз кезінде талқылармыз. Ал қазір, кешіре көріңіз, қолым тимейді, — деді Ромеш.

— Ә, түсінемін, тойға әзірлік қой, — ие, ие! Уақыт тым аз қалды! Онда мен бұл бір жақсы шаруаға кедергі жасамайын. Сау тұрыңыз, деді де Окхой ғайып болды.

Ал Ромеш Оннода-бабудың үйіне беттеді. Кіре беріп бірден Хемнолиниді көрді. Оның ертемен келетініне толық сенген Хемнолини дайындық жасаған: төрт бүктеліп орамалға оралған көсте үстелде жатыр. Үстел жанына фисгармония қойылған. Қыз әдеттегісінше Ромешке күй үйретермін деп жорамалдаса керек. Іштей басқа да бір күйді — тек махаббат отына шалдыққан жандардың жүрек күйін, тек солардың өздеріне ғана таныс күйді естимін деп үміттенгендей.

Ромешті көрген бетте оның жүзіне нәзік бір күлкі жүгіріп еді, бірақ сол шағында жоғалып кетті, өйткені Ромеш бірден Оннода-бабудың қайда екенін сұраған-ды.

Әкем өз кабинетінде, — деді қыз. — Ол кісі сізге соншалықты қажет не еді? Әлде күте тұрарсыз. Әкем шай ішуге төменге түседі.

— Менің қауырт шаруам бар ол кісіде. Күте алмаймын.

— Онда өзіңіз барып кіріңіз.

Ромеш кетіп қалды.

"Қауырт шаруа!" Бұл дүниеде шаруа біткенді кешіктіруге болмайды, тек махаббат қана қақпа алдында өз сағатын сабыр шыдаммен күтіп тұра беруге тиісті.

Дәл осы бір минутта ашық күз күні терең алған дем-тынысымен өзіндік қуаныш-қазынаның алтын есігін аша бергендей болып еді.

Хемнолини фисгармониядан кейін шегінді де, үстелге келіп отырды, кестені қолына алды. Бірақ ине шүберек бетінде жорғаламай, мұның тура жүрегіне сұғылып жатқандай бір сезім пайда болды.

Ромештің тығыз шаруасы көп уақытты талап етпек! Ол шаруа Раджаға ұқсап, қанша уақытты керек етсе, соншасын алады да қояды, ал махаббат тек қайыр-садақа күтуге амалсыз көнуге тиісті.

ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Ромеш Оннода-бабуға келіп кірді.

Қария бетін газетпен бүркеп қалғып отыр екен. Ромеш ақырын ғана жөтеліп қойды. Оннода-бабу сол сәтте оянып кетті де оған газетті ұсына берді:

— Сен оқыдың ба, Ромеш, бұл жылы оба ауруынан қаншама адам өлген?

Бірақ Ромеш өзінің келген жайын бірден баяндауды қолайлы деп тапты.

— Тойды кейінге қалдыруға тура келетін сияқты, — деді ол. — Менің тығыз шаруам болып қалды.

Бұл сөздер оған оба ауруының құрбандары жайын бірден ұмыттырды. Бірнеше минут ол сол отырған күйі Ромешке тесіле қарады. Содан кейін:

— Не болып қалды, Ромеш? Шақыру қағазы таратылып қойылды ғой, — деді Оннода-бабу.

— Шақырылғандардың бәріне, той келесі жексенбіге қалдырылды деп бүгіннен қалдырмай хабарлау керек.

— Сен мені таң-тамаша етіп отырсың, Ромеш. Бұл кез келген мерзімге кейінге қалдыра салатын және ойлаған күнді белгілей салатын сот үдерісі емес қой! Тығыз шаруаң не бұл, білуге бола ма?

— Ол шынында да қауырт та, үлкен шаруа.

— "Қауырт шаруа!"— деді де Оннода-бабу жел құлатқан банан ағашындай креслоға сылқ етіп отыра кетті. — Өте жақсы, тіпті тамаша! — дей берді ол, — дегенмен не істесең де өзің білесің. Тойды кейінге көшіргің келеді екен, көшір! Ал егер менен сұрайтын болса, мен ештеңені де білмеймін, білетін тек күйеу бала ғана. Тойдың ит себепті кейінге қалдырылғанын және қай күнге тағайындалғанын тек соттың өзі ғана айта алады деймін.

Ромеш басын төмен салып үнсіз тұрды.

Айтпақшы, мұны Хемнолиниге айттың, ба? — деп сұрады Оннода-бабу.

Жоқ, ол әлі біле қойған жоқ.

Ол оның білгені теріс бола қоймас еді, өйткені бұл жалғыз сенің тойың ғана емес қой.

Сізбен сөйлескен соң айтайын деп едім оған.

— Хем! — деп шақырды Оннода-бабу.

— Не керек, әке? — деп сұрады қыз бөлмеге кіре беріп.

Ромеш әлде бір маңызды шаруамен байланысты қазір той жасауға уақытым жоқ дейді.

Хемнолинидің өңі өзгеріп кетті, Ромешке тесіле қарап қалды.

Жігіт кінәлі кейіппен үнсіз тұр. Бұл хабар Хемнолиниге дәл осындай тұрпайы түрде баяндалады деп ойламаған еді ол.

Сондай бір тұтқиылдан, әрі дөрекі түрде жеткен осы бір жайсыз хабардың Хемнолини жүрегіне қандай ауыр жарақат түсірерін Ромеш қасірет шеккен бар жүрегімен жете түсінеді. Алайда бар ма! Және ол оқтың Хемнолини жүрегіне қадалғанын да Ромеш көріп тұр.

Айтылған сөзді жуып-шаяр ештеңе де болмады. Бәрі де айқын, түсінікті тойды қалдыру керек, Ромештің қауырт шаруасы бар және оның нендей шаруа екенін де айтқысы келмейді. Жаңа бір дәлел мәнекерді ойлап таба алмайсың бұл жерде.

Оннода-банб қызына қарады:

Ал бұл өз шаруаларың. Қалай болатынын сендер сендер өздерің шешіңдер.

Әке мен ештеңені де білгені жоқ едім, деп басын төмен ұстап тұрып Хемнолини. Соны айтты да, нөсер бұлты көкте ойнап шыға келгенде соңғы сәулесіндей есікті ашып, жапты да жоқ болып кетеді.

Оннонда-бабу отырған болып ойға шомды.

Ромеш біраз уақыт қозғалыссыз отырды. Содан кейін оқыс түрегелді де, бөлмеде шыға жөнелді.

Төргі үлкен бөлмеге кіре беріп терезе алдында тым-тырыс тұрған Хемнолиниді көрді.

Оның көз алдында мейрам алдындағы Калькутта жатты. Көктемгі өзендей болып барлық көшелер мен бұрылыстарда аласапыран, ала-құла адам тасқыны қайнап, жосылады.

Ромеш Хемнолиниге беттей беріп іркіліп қалды. Бірнеше минут оған тесіле қарады. Күзгі жұмсақ күннің сәулесімен нұрланып, терезе алдында тастай қатып, қозғалыссыз қалған мына сымбатты тұлға оның ойында ұзақ уақыт сақталып қалардай. Жұқа дөңгелек жүзі де, әдемі бұрымы да, желке тұсындағы кішкене бір бұйра шашы да, алтын алқаның жұмсақ реңкі де, тіпті сариінің сол иығынан еркін, мол асып түскен шеті де, — бәрі де Ромештің азап шеккен жүрегінде зергердің шапқышымен ойып түсіргендей айқын із қалдырды.

Ромеш ақырын жүріп қызға жақындады. Бірақ Хемнолиниге мына қасында тұрған жігіттен гөрі көшеде олай-бұлай өтіп жатқандарға қарау сүйсінерліктей іс сияқты.

— Менің сізге өтінішім бар, — деді ол қалтыраған, жыламсыраған дауыспен.

Оның бұл сөзінде қаншалықты шер, жалбарыну бар екенін сезінген Хемнолини бұған шапшаң бұрылды.

— Сенші маған, — деді Ромеш, алғаш рет оған "сен" деп сөйлеп. — Сенемін деп уәде етіңізші. Еш уақытта сені алдамасқа бір тәңірді куә етейін.

Содан кейін Ромеш үндемей қалды, көз аясы жасқа толып кетті.

Сол шақта Хемнолини оның жүзіне тура қарады, бұл қарастан ол азап пен махаббатты көрді. Алайда қас қағымнан кейін қыз езіліп кетті, көзден аққан ыстық жас омырауын жапты.

Дәл осы терезе алдында үнсіз де оңаша тұрып олар тамаша ұғыныстық тапқандай еді. Екеуі де керемет бір жан тыныштығына бөленді.

Ромештің бойын енжар қапалық басты, бірнеше минут үнсіз өтті. Содан кейін ол терең бір күрсініп, кең тыныс жеңілдік алғандай болды да:

— Тойымызды бір жұма кейінге не себепті қалдырғанымды білгің келе ме? — деді.

Хемнолини үнсіз ғана басын шайқады.

Жоқ, бұл жайды оның білгісі келмеген еді.

— Онда мен бәрін де тойдан кейін айтайын.

Той дегенде Хемнолинидің бетіне әлсіз бір қызыл ойнап шыға келді.

Бүгін, түс қайта Ромеш келеді деп қуана жүріп таранып-сыланған Хемнолинидің толықсыған ой дүниесіне қиын-қилы әзіл-әңгімелер мен сұхбаттастық сырлар, келешек бақыттың тағы сондай елестері оралған еді. Бірақ бірнеше минуттан кейін бір-бірімізге адалдықтың әлекейлі гүл алқасын кигіземіз деп тұрғанда, көп жасы төгілер деп, араларында түсініспес бір жайлар болады деп ойлап па ол?

Олар бір сәт жай ғана қатар тұрмақшы еді. Содан туар шексіз қуаныш пен жан тыныштығы бір-біріне деген мөлшерсіз сенім оларды бұрынғыдан да жақындата түсердей еді ғой.

Сенің әкеме баруың керек, — деді бір кезде Хемнолини. — Ол тым қапа болып қалды.

Дүние жібергісі келген әлеметтің бәрін қасқая тұрып қарсы плуга дайын, қасіреттен ада болған Ромеш Оннода-бабуға тартты.

ОН БЕСІНШІ ТАРАУ

Ромеш қайта келіп кіргенде Оннода-бабу оған дегбірсіздене қарады.

Шақырылғандардың тізімін беріңізші маған, мен оларға тойдың кейінге қалдырылғанына бүгіннен қалдырмай хабарлайтын болайын, — деді Ромеш.

— Сөйтіп, дегенмен де кейінге қалдыратын болдың ба? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Иә, өйтпеске амалым жоқ.

— Олай болса, бір нәрсені ұмытпа, достым; мұнда менің шаруам жоқ, не керек болса, өзің жаса, жұртқа күлкі болғым келмейді. Егер сен неке мәселесін әлде бір баланың ойыншығына айналдырсаң, ең жақсысы тұстас адамдардың оған араласпағаны жөн болады. Шақырылғандардың тізімі мінеки. Бұл шақырылуға жұмсалған қаражаттың дені зайғы кететін болды, ал мен ақшаны суша шаша алмаймын.

Шығын, машақаттың бар ауыртпалығын Ромеш өз мойнымен көтеруге әзір еді. Шығуға ыңғайлана бергенде оны Оннода-бабу тоқтатты:

Ромеш, тойдан кейін адвокаттық практикаңды қайда өткізбексің, шештің бе? Калькуттада қалмайтын шығарсың деп ойлаймын?

Әрине, солай. Батыс жақтан бір қолайлы орын іздестіремін.

Міне, мұның дұрыс. Мәселен, Этойя жаман жер емес. Оның суы асқазанға тым пайдалы. Менің Этойяда бір ай тұрғаным бар, мен сонда тамаққа зауқым соққыш болып кеткенін де байқап едім. Білесің бе, достым, дүниедегі бар асылым менің Хем ғой. Ол менсіз толық бақытты бола алмайды. Онсыз менде де тыныштық жоқ. Сенің ең қолайлы жерді таңдап алуыңды ойлап жатқаным да сол себепті.

Ромеш өзін айыпты санап тұр. Оннода-бабу сол сәтті пайдаланып, өз дегенін айтып жатыр. Қазір ол Этойя түгіл, Гароны, немесе Черапунджиді ұсынса да келісімін бере салатын жайы бар еді.

— Жақсы, мен Этойядағы адвокатураға жазылып қояйын, — деді Ромеш шығып бара жатып.

Тойдың кейінге қалдырылғанын да өзі хабарлайтын болды.

Біраздан кейін Окхой келді. Оннода-бабу бірден оған тойдың кейінге қалдырылғанын айтты.

— Сіз не айтып отырсыз! Мүмкін емес бұлай болуы! — деп Окхой дауыстап жіберді. — Той бүрсігүні болуға тиісті ғой.

— Әрине, жағдай мынадай болмағанда, уақтылы өткенде жақсы болатын еді, — деді Оннода-бабу. — Бірақ сіздерден — осы күнгі жастардан нені болса да күтуге болады ғой.

Окхой керемет қам жеген, уайым басқан бір күйге түсті. Қамқорси сөйлеп жатыр.

— Күйеу бала болар деп құрық салған адамнан көз жазып қалмай, бақылап отыру керек. Қызыңның тағдырын сеніп тапсырар адамның барлық жайына қанған жөн. Ол тіпті құдай тағаланың өзі болса да, мұндай істе байқаулы болған дұрыс.

— Егер де Ромеш сияқты жас жігіттер күдік туғызатын болса, онда дүниеде ешкімге де сенуге болмас! — деп Оннода-бабу қарсылық білдірді.

— Ал Ромеш, тойды не себепті кейінге қалдырғанын айтты ма? — деп сұрады Окхой.

— Жоқ, — деп мұңая басын сипады Оннода-бабу. — Ол мұнысын айтқан жоқ. Мен осы бір сауалды қойғанымда ол солай болғалы тұр деп жауап берді.

Окхой күлкісін жасырмаққа теріс айналып кетті.

— Алайда, қызыңызға бәрін де айтқан болар? — деп сұрады ол тағы да.

— Мүмкін.

— Қыздың өзін шақырып алып, істің мәнін білсек қайтеді?

— Міне, бұл дұрыс-ақ, — деп қоштады Оннода-бабу, содан кейін қызына дауыстады.

Бөлмеге Хемнолини кірді, бірақ ол Окхойды көрді де әкесінің жанына келіп одан кескінін жасыра бір қырын тұрды.

— Тойды не себепті кенеттен кейінге қалдыруға тура келгенін Ромеш айтты ма саған? — деп сұрады Оннода-бабу.

Хемнолини басын шайқады.

— Ал өзің сұрап білдің бе?

— Жоқ.

— Таң қаларлық іс! Ромештің өзі сияқты сен де қызықсын. Ромеш үйленуге уақытым жоқ дейді, ал сен, "жақсы, кейін-ақ қосылармыз" деп көне саласың. Бары сол! Мәселе ада болған!

Окхой Хемнолини жағына шықты.

— Егер адам өзінің іс-қылығын ашқысы келмесе, зорлап айтқызудың қажеті не. Егер Ромеш-бабудың өзі бәрін де ортаға салатын болса, әңгіме басқа.

— Бұл жөнінде көлденең адамдардың пікірін тыңдағым келмейді. Бұл оқиғаның маған ешбір әсері болған жоқ, — деп Хемнолини қыстыға айтты да, асыға басып шыға жөнелді.

Окхойдың өңі күреңітіп кетті, бірақ ол зорлана күлді.

— Достық — жақсы атаққа жеткізбейтін кәсіптің бірі, дүние солай жаралған. Сол себепті мен оның бар мән-маңызын түсінемін. Әзер болса жек көрерсіз, не ұрсарсыз, сонда да Ромешке сене алмайтынымды айтпақпын. Сіздің бетіңізге болмашы болса да шіркеу түскелі тұрғанын көріп тыныш қала алмаймын. Бұл менің әлсіздігім, мойындаймын оны. Не болса да, ертең Джоген келмек, егер ол осының бәрін естіп біліп, қарындасының тағдырына немкетті қарайтын болса, мен одан әрі аузымды ашпай-ақ қояйын.

Окхойдан Ромештің мінез-қылығын сұрайтын ең бір қолайлы шақтың келгенін Оннода-бабу сезген болатын Бірақ оның айқай-шуды жек көретін бір мінезі бар еді. Өйткені айқай-шу әлдебір сыр әшкере бола бастағанда көтеріліп кетеді ғой.

Омпода-бабу ашумен Окхойға дүрсе қоя берді.

Сен тым шүбәшіл, күдікшіл адамсың, Окхой! Ешбір дәлел-бәлексіз сен қалайша...

Окхой өзін ұстай білетін еді, бірақ бұл жерде оның да шыдамы жетпей қалды, шапшаң сөйлеп кетті.

Оннодо-бабу тыңдаңыз мені, менің жетімсіз жағым толып жатыр Мен күйеуді "күндеймін,", "киеліге" күдіктенемін, қыздарды философияға үйрету үшін білімім де жетпейді және олармен поэзия жөнінде әңгімелесе алмаймын. Бір сөзбен айтқанда қатардағы адаммын. Алайда мен сіздің үйге біржолата берілген сізді жан-тәнімен сүйетін жан едім. Көп жайларда менің Ромешпен таласа алмайтыныма да көзім жетеді, бірақ мен сізден ештеңе де жасырып көрмегенімді мақтаныш ете аламын. Мен момақан тұрып сізден садақа сұрай аламын, бірақ үйіңізге басып кіріп, сізді тонап кетуге ебім жоқ. Мұнымен не айтқым келіп тұрғанын ертең-ақ білетін боласыз.

ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Ромеш түннің бір уағына дейін хат жөнелтумен болды. Содан кейін жатып еді, кірпігі ілінбей қойды. Тоғысар жердегі Ганг мен Джамуна суындай болып, ойы екі арнада толқиды. Бірі жарқын, бірі күңгірт арна. Сол екі тасқын тоғыса келіп, ұйқысын шайдай ашады. Ол екі жағына кезек аунап ұзақ жатты, содан кейін тұрды да терезе алдына келді. Құлазыған шолақ көшенің бір бетіне қарсыдағы үйлердің көлеңкесі түсіп, қараңғы тартады, ал екінші бетінде ақ жолақ ай сәулесі жалтырайды.

Ромеш қимылсыз тұр. Енді оның ойы тіршілік дүниесінен тыс бір сабырлы тыныштығы бар да, жаулық, әзәзілдігі, қайғы-қасіреті жоқ шексіз әлемге шарықтады. Сол бір түпсіз де меңіреу әлемнің арғы, бізге жұмбақ жағынан келген өмір мен өлімнің, еңбек пен тыныштықтың, бастама мен ақырзаманның мына дүниеде әлдебір жұртқа естілмес жұмбақ күйдің ырғағына үндесіп қалайша бір тәртіппен үздіксіз алмасып жатқаны оның көз алдына келеді. Әйел мен еркек махаббатының мына жұлдыздар нұр төккен әлемге күні де, түні де жоқ бір жақтан қалай келіп жатқанын да ол қиялымен көріп түр.

Ромеш төбеге шықты да Оннода-бабудың үйіне көз салды. Айнала тып-тыныш. Ай сәулесі қара көлеңке үй қабырғаларына, терезелер мен есіктердің қарауытқан қалтарыстарына, карниз асты мен қыштан жасалған дуалдарға машақатты бір кестелер төгеді.

Соншалықты әдемі, жарасты сурет! Міне осында осы бір жан-жақты қаладағы осы бір қарапайым үйде жұпыны ғана әйел келбетін жамылып, таңғажайып бір тіршілік иесі тұрады.

Астанада кімдер жоқ: студенттер мен адвокаттар, шетелдіктер мен байырғы тұрғындар да коп. Сол жай қарабайыр ала-құла коп адамдардың ішінде тек оған Ромешке ғана күз күні алтын нұрын төккен терезе алдында сол қызбен қатар тұруға жазған. Сол бір сәт оның өмірін де бүкіл дүниені де шексіз қуаныш нұрына бөлеген. Міне, бүл шын ғаламат болып еді! Сол ғажайып сезім бар айналаны да, оның жан дүниесін де жасандырып өзгертіп жіберді.

Ромеш түн ортасы ауғанша төбеде олай-бұлай жүрді де қойды. Қиық ай көшенің қарсы бетіндегі үйдің ар жағына барып жасырынды, жер бетін түн қараңғылығы баса түсті, тек аспан әлемі ғана ай сәулесімен қауышып, қоштасып жатқандай.

Шаршаған Ромеш түн салқынынан қалтырап кетті. Әлдебір үрей кенет оның жүрегін тітіркендірді. Ол ертең тағы да тіршілік күресінің майданына шығатынын есіне алды.

Аспан әлемінде тіршілік қамы түсірген бірде-бір әжім жоқ. Мазасыз алға ұмтылыс ай жүзін күңгірттей алмаған, түн сондай момақан бір тыныштықта, ал сансыз жұлдыздардың мәңгі қозғалыстарына толы аспан әлемі ұзақ ұйқыға шомған. Тек адамдық жауыздықтар мен қауіп-қатердің ғана шегі жоқ. Бақыт пен қайғы, қиындықтар мен апат-алапаттар адам қоғамының ғана маза тынышын алып келеді. Бір жағынан шексіз әлемнің шексіз тыныштығы болса, екінші жағынан жерде шексіз тіршілік тартысы бар! Мехнат бар, азап бар, қайғы, шер бар! Өзінің азапты ойларымен болған Ромеш осындай қарама-қарсы қайшылықтар қалайша қатар тіршілік ете алады деп те өзіне сұрақ қояды. Жаңа ғана оған кең әлемнің жұмбақ тұңғиығынан шығып келген махаббат Оның тыныштығы, сабырлылығымен кесек көрініп еді, енді ол сол махаббатты жерде, тіршілік ішінде елестетті. Мына бір күреске толы дүниеде оның жолы азапты да ауыр екен. Екі бейненің жалғаны мен шыны қайсы?

ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Келесі күнгі таңғы пойызбен Джогендро оралды. Бұл сенбі күні еді, ал жексенбіге Хемнолинидің тойы тағайындалған-ды. Сонда да Джогендро өз үйінің қақпасына келе беріп, жақындап қалған той-думанның ешбір нышан белгісін аңғара алмады. Ол өз үйін самырсын жапырақтарымен әшекейленген күйде көрмекші еді, бірақ қоңыр да қораш көрші үйлерден жырылып көзге түсіп тұрған ештеңесі де жоқ.

Джогендроға үй ішінде біреу-міреу ауырып қалмады ма екен деген қорқынышты ой түсті. Алайда ол үйге кірген соң, дастарқан өзіне арналып дайын тұрғанын, ал шайын жартылай ішкен Оннода-бабудың газет оқып отырғанын көрді.

— Хемның дені сау ма? — деп Джогендро асыға сұрады.

— Иә, сау, сондай жақсы.

— Ал онда той немене болған?

— Келесі жексенбіге қалдырылды.

— Неге?

— Оны өзіңнің досыңнан сұра. Ромеш бізге бір нәрсені ғана хабарлауды мархабат етті. Оның қазір қауырт шаруасы бар, тойды кейінге қалдыруға тура келеді!

Әкесінің қамсыздығы Джогендроны қатты ашуландырды.

— Мен кете қалсам-ақ болғаны, әйтеуір бір қолайсыздық тап бола қалады! — деп дауыстап жіберді ол. — Ромеште қандай қауырт шаруа болуға тиісті еді? Жан ашыр ағайыны да қалған жоқ, ешкімге тәуелді, жалынышты емес қой ол. Егер ақша жағынан шырғаланып жүрсе, оны неге тура айтпайды, білмеймін, нені ойлап сендер оның айтқанына көне қалдыңдар?

— Мұның бәрі де дұрыс-ақ. Бірақ Ромеш ешқайда қашып кеткен жоқ қой, бар да, сұра өзің.

Джогендро бір кесе шайды асыға ұрттады да шығып кетті.

— Тоқтай тұр, Джоген, асығудың керегі не. Одан да әуелі тамағыңды ішіп ал, — деп дауыстады Оннода-бабу.

Джогендро оны естіген де жоқ еді. Ромеш тұратын үйге дүрліге кірді де, сатымен көтеріліп келе жатып-ақ дауыстай берді:

— Ромеш, Ромеш!

Бірақ Ромеш жоқ болып шықты. Джогендро оны жатын үйден де, кабинеттен де, төбеден де, төменгі қабаттан да — ешқайдан да таба алмады. Ақыры ол үй қызметкерімен кездесті.

Үй иесі қайда деген сұраққа қызметкер, мырзаның ертемен біраз нәрселерді алып кетіп қалғанын айтты. Төрт-бес күнде ораламын депті. Қайда кетті, үй қызметкері оны білмейді.

Джогендро үйге жабырқаңқы оралды да, қайта тамаққа отырды.

— Не болып қалды? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Келешекте не болары мәлім емес, — деп Джогендро ренішті жауап қатты. — Бүгін бе, ертең бе өз қызыңа күйеу болмақ ол, ал сен көрші үйде тұрсаң да, оның немен айналысып жүргенін, қайда жол шеккенін қадағаламайсың.

— Қалай? Кеше кешке ол үйінде еді ғой!

— Міне, байқайсың ба, — деп күйгелектенді Джогендро, — тіпті сен оның бір жаққа кеткелі жүргенін де білмейсің. Оның қазір қайда екені жайында қызметкерінің де түсінігі жоқ. Осы бір жасырынбақ ойыны маған мүлде ұнамайды. Барлық нәрсеге қалайша жайбарақат, дел-сал қарайтыныңды түсінбеймін, әке.

Осындай бір тойтарыстан кейін Оннода-бабу қам жеген адамның кейпіне түсуге және әсерлі, өтімді сөйлесуге тырысты.

— Шынында да, мұның өзі не болып барады?

Шынында да Оннода-бабудан жылысып кету Ромешке онша қиындыққа да түсе қойған жоқ еді, бірақ ол бұған онша мән де бере қоймаған. Өзінің жайбарақаттығымен "қауырт шаруа" деген сияқты сөздердің әсер-сыйқырына құлай сенген болатын. Және оны бір жаққа айтпай-ақ кетіп қалуына дәлел бола алады деп те деген еді. Сол себепті Ромеш өзі "қауырт шаруа" деп санаған сабырмен орындауға кіріскен-ді.

Хемнолини қайда? — деп сұрады Джогендро.

Бүгін ол шайын ерте ішіп, жоғарыға кеткен, — деп жауап берді Оннода-бабу.

Ромештің мына таңырқарлық қылығы үшін ол бейшара, ұялатын болар, менімен көрісуге қорқатын шығар.

Осы сөздерді айтып, Джогендро жоғарыға көтерілді, азап шеккен, есінен адасқан қарындасын жұбатпақ болды.

Хемнолини төргі үйде жалғыз отырған еді. Джогендроның келе шыққанын сезді де қолына түскен бір кітапты ашты, оқып отырған адамға ұқсамақшы. Ағасы кіріп келгенде кітапты былай қойды да, қарсы жүрді. Көңілді жымиып:

Қашан келіп қалдың, дада? Білесің бе, сенің мына түрің ұнамайды, — деді.

Мүмкін менің өңім қашыңқы болар, оның таңқаларлық кеңесі де жоқ, — деді Джоген креслоға отырып жатып, — бәрін естідім, Хем. Ал сен қайғыра берме. Бұл менің үйде болмағанымның әлегі. Енді мен бәрін де қалпына келтіремін. Айтпақшы, Хем, Ромеш саған тойды кейінге неге қалдырғанын айтты ма?

Хемнолини қолайсызданып қалды. Ромеш жайындағы осы бір күдіктер оның ашуын келтіретін еді. Сол себепті, ағасына Ромеш расында да ештеңе деген жоқ еді деп айтқысы келмеді. Бірақ ол өтірік сөзді білмеуші еді.

Ромеш маған барлығын да айтпақшы болған, бірақ мен оны өзім үшін сонша маңызды нәрсе деп санамадым, — деп жауап берді ол.

"Бұл оның намысқойлығы ғой, өз мінезіне тіптен сай келеді" деп ойлады Джогендро. Содан кейін, былай деді:

Мазаланатын, алаң болатын ештеңе де жоқ, Хем. Бұлай істеуіне оны не мәжбүр еткенін бүгін-ақ анықтаймын.

— Жә, жалпы алғанда сабырсызданып отырған мен жоқ, — деді Хемнолини тізесінде жатқан кітапты жайбарақат аударыстырып.

Және ана-мынаны сұрап оның соңынан қалмауыңды қаламаймын да.

"Бұл жерде де баяғы бір намысқойлығы" деп ойлады Джогендро.

— Ол сенің шаруаң емес, — деді Джоген. Хемнолини креслодан ұшып тұра бергенде ол да кетуге айналды.

Онымен ештеңе деп те сөйлеспеңіз, дада. Сіздер Ромеш жайында не ойласаңыздар да мен ешбір күдіктене алмаймын.

Қарындасының намысқа тырысып отырмағанын Джогендро осы бір шақта ғана пайымдады. Бірден оған қамыға да аяй қараған Джогендро өзінен-өзі мырс етті де: "Ғұлама қыздар сиқы міне осы... Өмір жайында хабары болсайшы. Қаншама оқыды, қаншама білім алды, ал міне мекерлікпен кездесіп еді, соның шындығына көз жеткізуге өмірлік тәжірибесі жетпей жатыр", — деп ойлады.

Осы бір қалтқысыз сенімпаздықты Джогендро ананың да, мынаның да екіжүзділігімен салыстыра келіп, Ромешке зығырданы қайнап кетті. Бұл жайдың сырын түптеп ашуға біржола бел байлады. Ол тағы да кетуге ыңғайланды, Хемнолини оның қолынан келіп ұстай алды:

— Дада, бұл жайында онымен мүлде сөйлеспеймін деп уәде берші.

— Кезінде белгілі болады.

— Жоқ, дада, "белгілі болады" емес, сөзіңді бер, болмаса мен босатпаймын сені. Бұл арада маза кетіретіндей ештеңе де жоқ. Ал мен үшін, сөйтші!

Хемнолинидің мына бір қайсарлығын көріп, Джогендро "әрине Ромеш оған бәрін де айтқан ғой" деп ойлады. Сонда да Хем сияқтыларды әлде бір өтірікті айтып алдай салудың ешбір қиындығы да жоқ қой.

— Тыңда, Хем, — деді ол, — әңгіме бұл жерде күдікте емес. Қыз тұрмысқа шығайын деп жатқанда, оны қамқорына алған адамдардың нақтылы міндеттері болады. Мүмкін сендер ұғынысқан, түсініскен де шығарсыңдар, бір-біріне разы да боларсыңдар, — бұл өз шаруаларың. Сонда да күйеу мен біздің арамызда толық ұғыныстық болу үшін біз де бірдеме білуге тиіспіз ғой. Шынын айтсақ, Хем, бұл жайда сенен гөрі біздің білуіміз мәндірек болады.

Соны айтты да Джогендро асыға шығып кетті.

Бір-ақ сәтте махаббат өзін көлденең көздерден тасалап тұрған шымылдығынан айырылып қалды. Екі ғашықты күн санап жақындастыра берген қарым-қатынастар кешікпей айрықша, олардың тек өздеріне тән айрықша дүниесін орнатып бермекші еді. Міне, енді көлденең жандардың дөрекі күдіктері сүйіспеншілік тамырына балта сілтеп жатыр. Бұл жайсыздықтар Хемнолинидің жайын жегідей жеді, тіпті ол жақындары мен достарын да көргісі келмеді. Сол себепті Джогендро кеткенде өз бөлмесінде оңаша қалуды қолайлы деп тапты.

Джогендро үйден шыға беріп Окхоймен кездесе кетті.

— О, Джоген, сен келіп қалған екенсің ғой! — деп айқайлады ол, — әрине, бәрін де білетін боларсың? Ал бұл жөнінде не ойлайсың?

Қай іске болса да жорамал жасауға болады. Бірақ бос таласып бал ашқаннан пайда не? Шай іше отырып психологиялық талдаумен шұғылданатын мезгіл емес қазір.

Менің психология, философия деп пе, болмаса, поэзия деп ие, әйтеуір қалай аталса да бос мылжыңдыққа салынатын адам емес екенімді өзің де білесің ғой. Мен істің адамымын. Саған келгенде айтайын дегенім де сол.

Жақсы, олай болса, іс жайында кеңесейік, — деп Джогендро шыдамсыздана сөйледі. — Мәселен, сен Ромештің қайда кеткенін айта аласың ба?

Айта аламын.

Оңда айт тезірек. Қайда ол?

Мен мұны саған қазір айтпаймын, алайда дәл бүгін сағат үште сен оны көретін боласың.

Япыр-ау, бұл істің мәні неде? Сендер бәрің де жұмбаққа айналып кеткенсіңдер ме? Айналамның бәрі жазмыштың сыр-жұмбақтарына толы сияқты! Жоқ, Окхой, сырды бүге берулерің жөтті енді.

Сенен мұндайды естуіме қуаныштымын. Тек еш уақытта ешкімнен ештеңені жасыра алмайтындығым себепті ғой өзіме жұртты жауықтырып алып жүргенім. Қарындасың мені көргісі келмеді Әкең күдікшілсің деп ұрсады. Иә, Ромеш-бабудың өзі де маған жолығысудан керемет бір рақат табады дей алмаймын. Тек сен ғана қалдың. Бірақ сенен де қорқамын. Өйткені сен қысыр әңгіменің жақтасы емессің ғой, тура істің адамысың. Мен әлсіз жаммым, осы үшін сен азап шегесің-ау деген ойға төзе де алмаймын.

Тыңда, Окхой, сенің жылдырма жауабың маған ұнамайды. Әлденені білетініңді мен көріп-ақ тұрмын. Қалтарысқа неліктен түсе бересің? Бәлсінумен өз қарқынды көтермекпісің, немене? Білгеніңді айтатын бол, бұлғаңдауың жетті енді.

Ал жақсы, бәрін де басынан бастап айтайын. Зейін сала тыңда, мұнда саған көп жаңалықтар болады.

ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Джорджипардағы жалға алған пәтердің күні әлі өтпеген болатын, оны уақытша болса да біреу-міреуге жалға бере түру деген Ромештің ойына да келмеген еді. Соңғы бірнеше айларда ол әлде бір қиял ішінде тіршілік етті де, ақша жайын ойлауға мұршасы да болмады...

Ромеш осы пәтерге ертемен келді де, бөлмені тазалап, төсек-орынды тәртіптеуді, еденге жөке төсеуді, азық-түлік сатып алуды бұйырды.

Бүгін мектептен Комола қайтып оралмақ.

Үй ішінде мол күтінгендік бар. Қыз әлі келе қоймады. Ромеш төсекке келіп жатты да өз келешегі жайында қиялға шомды. Ол еш уақытта Этойяда болып көрген жоқты. Алайда батыс өлкесінің табиғатын көзге елестету киын да емес. Ол қала шетін мекендемек. Екі жағына жарыса ағаш өскен үлкен жол Ромеш бағының түбінен өтеді... Жолдың арғы беті көз жеткізгісіз жазық дала болып кетеді, шашырап жатқан құдықтар, мал мен егін қоритын қарауыл мұнаралары көрінеді.

Өгіздер айналдырған құдық шығырларының құлақ жарар ащы шиқылы сол жақтан күн ұзақ естіліп тұрады. Анда-санда жол шаңын құйынша көтеріп, жалғыз-жарым пәуескелер зырлап өтеді, селт етпес тымырықта қайнаған ауада күміс қоңырау даусы бір сәтке жаңғырыға тұнып қалады.

Өзі туып өскен мекеннен қашық жерде, аптап соққан ыстық кірмесін деп есік-терезесі тас-түйін бекітілген бунгалода Хемнолинидің жалғыз өзі ұзақ күнді оңаша өткізеді-ау деген ой келгенде Ромеш не болғанын білмей кетті. Ол тек Хемнолини қасында ашынажай бір құрбысы болады деп қана өзін-өзі жұбатады. Бұл құрбы — оның ойынша, Комола болмақ.

Ромеш қазір Комолаға ештеңе айтпасқа бекінді. Той өткен соң зейін аударғыш, сезімтал Хемнолини бұл қызды ыстық бауырына басады да, еппен еркелете отырып бар шындықты жеткізеді. Сөйтіп, мәпелей отырып бүкіл өмірін қоршап алған жұмбақ торынан Комоланы босатып алатын болады. Ал содан кейін жаңа бір жағдайға түскен Комола ешбір күйзеліссіз-ақ Хемнолинимен оңай табысып кетеді, сөйтіп өмірден өз орнын тауып алатын болады.

Талма түс, көшенің қыбыршуы басыла берді: еңбек ететіндер жұмыстарына жөнелді, ал қарекетсіз бос сандалғандар түстен кейінгі ұйқыға шомды. Күзгі салқын ауада келер мейрамның қуанышы сезілетіндей.

Осы бір тыныш талма түс шағында Ромеш болашақ бақытының картинасын бар жарқын бояуымен елестетті.

Өз пәтерінің алдына келіп тынған арба даусы оның ойын үзіп жіберді. Ромеш Комоланың келіп қалғанын бірден сезді. Тынышсызданып қалды. Қайтіп қарсы алу керек, өзін қалай ұстамақ, нелерді айту керек, Комоланың өзі бұған қалай қарар екен деп ойлады Комоланың көрінуін күткен ол

Екі қызметші төменге түсіп те үлгерген. Әуелі олар қызды терраста қалдырып, чемодандарын әкеп кіргізді де, қайта кетті.

Содан кейін Комоланың өзі көрінді. Бөлме табалдырығына келіп жетті де тұрып қалды.

— Кірсеңші, Комола, — деді Ромеш.

Ақыры ол жасқанғандай, қорғалақтағандай зорға басып бөлмеге де кірді. Демалыс кезінде оны мектепте қалдырмақ болған Ромеш қылығы оны талай жылатқан-ды. Оның үстіне бірнеше ай бойы көріспегендіктен жатсырап, жатырқап қалған да түрін танытады. Сол себепті ол бөлмеге келіп кірген соң Ромешке көз қиығын да салмады, теріс айналып, ашық терезеге қарап тұрып қалды.

Комоланың сырт пішіні Ромешті қайран қалдырды. Ол тіпті мүлде бейтаныс бір қызды кездестіріп тұрғандай. Осы бір айлар ішінде Комола ғаламат өзгеріске түскен. Жас шынардай тартылып, сымбаттана қалған. Екі бетінен қаны тамған нарттай қыр қызының дөкірлеу қарапайымдылығы қайда кеткен? Оның бұрынғы дөңгелек іс күрең жүзі таралып, нәзік те ашаң тартқан, бұл оған айрықша тартымдылық береді, жүріс-тұрысында, өзін-өзі ұстай білуінде бұрынғы тартыншақтықтың, қорыншақтықтың ізі де қалмапты.

Басын сәл төмен салып, нәзік те сұңғақ бойын тік ұстап ол терезе алдында тұр, Ромеш оған еріксіз сүйсіне карады.

Қаруы қайтқан күз күнінің сәулесі қыз жүзін нұрландырады. Ол жалаң бас еді, қызыл лентамен өрілген бұрымы артына төгіледі.

Запыран түстес қымбат сәриі қыз бейнесін аша, айқындай түскен.

Соңғы кездерде Ромеш Комола сымбатын күңгірт қана елестете алушы еді. Міне, енді сол сымбат бар сұлулығымен айқындала ашыла көрінді де, кенет оны тұтқындап тастады. Ол бұған мүлде дайындалмаған да еді.

— Комола, отыр, — деді ол

Комола қарсылықсыз, креслоға барып отырды.

— Ал оқуың қалай?

— Жақсы, — деп қыз қысқа ғана қайырды. Ромеш енді не сауал қоймаққа қатты толғанып қалды, ақыры кенет бір ой келді де:

— Мүмкін, сенің қарның ашқан шығар? Міне, мұнда саған бәрі де дайындалып қойылды. Бірдемелер әкелсін деп бұйырсам қайтеді, зауқың соға ма? — деді.

Жоқ, жүрер алдында тамақтанып алғанмын Сөйтіп ештеңе де жегің келмей ме? Мүмкін тәттіге құлқың соғар? Мұнда жемістер бар. Алма, алмұрт, анар.

Комола үнсіз ғана басын шайқады.

Ромеш оған тағы да қарады. Қыз басын бір жағына бұрып, ағылшын оқулығындағы картиналарға үңіліп отыр.

Көркем кескін диуананың бейне бір сиқырлы асасындай өзін қоршаған дүние бойында жасырын жатқан бар көркемдікті бері алып шығады ғой, қыз келбеті осы бір күз күнінде күн сәулесіне де жан беріп қойғандай. Тек мына өз оқулығындағы картинаға үнсіз үңіліп, бейхабар отырған қыз өз төңірегінде топтасқандардың бәрін де баурап, басқарып кетер кіндік ұйтқыға ұқсап, аспан мен жерді де, жарық сәулені де, айналасындағының бәрін де өз ырқына табындырып алған сияқты.

Ромеш асыға басып шықты да, жайма табаққа алма мен анар, алмұрт салып алып келді.

— Сенің тамаққа тәбетің жоқ көрінеді, ал мен болсам ашығып қалыппын, саған қарағанмен шыдай алатын түрім жоқ, Комола, — деді ол

Комола жауап ретінде сәл ғана езу тартты және сол бір кенет күлкі нұры олардың жатырқап қалған жүректерін ұйытып жіберді.

Ромеш қолына пышақ алды да, алма тазалай бастады. Бірақ оның үй шаруашылығына ыңғай-ебі жоқ еді, сол себепті асығыс ашқарақтығымен, алманы ебедейсіз аршып жатқаны Комолаға соншалықты күлкілі болып көрінді, тіпті, ақыры оның шыдамы жетпеді, қоңырау дауыспен күліп жіберді.

Кенет туған көңілділікке қуанған Ромеш:

— Менің жеміс аршуға ебімнің жоқтығын мазақтап отырсың ғой, тегі. Олай болса, өзің аршы, ал мен бұл өнерде сенің қаншалықты озық екеніңді бақылап тұрайын, — деп қойды.

— Егер жеміске арналған пышақ болса, аршыған болар едім, ал мына пышақпен тазалай алмаймын, — деп жауап қайырды қыз.

— Сол сияқты бірдеме бұл үйден табылмайды деп ойлаймысың? — деп Ромеш қызметшіні шақырып алып, жеміс пышағының бар-жоғын сұрады.

— Бар, — деп жауап берді анау.

— Жақсылап тазала да алып кел

Талап еткен зат табылған шақта Комола туфлиін шешіп тастады да, еденге келіп отырды. Содан соң бәкіні ашты, көңілді де епті бір қимылмен әуелі жемістің қабығын аршыды, содан соң өз жүйелерімен бөліп-бөліп тастады. Комоланың алдына келіп Ромеш те еденге отыра беріп, жемістерді жайма табаққа сала бастады.

— Ал сен жейсің бе? — деп сұрады ол қыздан.

— Жоқ, — деп жауап қайырды Комола.

— Онда мен де жемеймін.

Комола оған көз қиығын салды.

— Жақсы, ең алдымен сен, содан кейін мен жейтін болайын.

— Ал сен алдамайсың ба?

— Шын, сөзім, алдамаймын, — деп Комола шын жауап берді.

Осы бір адал уәдеге көңілі жай тапқан Ромеш жемістің бір кесігін алды да аузына ұсына беріп, оқыс аңырып қалды. Тура мұның алдында, есік көзінде Окхой мен Джогендро келіп тұр еді.

— Кешіруіңді сұраймыз, — деді Окхой. — Біз мұнда өзіңізді ғана кездестірерміз деп шамалаған едік. Джоген-ау, ескертіп алмай бүйтіп бірден кіріп келмеуіміз керек еді. Жүр, төменге түсейік, сонда күтетін болайық.

Комола пышақты тастай берді де ұшып тұра келіп есікке ұмтылды. Бірақ жолда бейтаныс екеу тұрған еді. Джогендро сәл ғана жол беріп, қозғала берді. Бұрылып кетуді ойлаған да жоқ, қайта тесіле қарап қалды.

Зәре-құты қалмаған Комола екінші бөлмеге жүгіріп кірді.

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

— Бұл қызың кім? — деп сұрады Джогендро Ромештен.

— Менің бір жақыным.

— Сен өз тумаларыңның бәрін де маған айтқан едің, бірақ бұл қыз жайын мүлде естіген емеспін. Көрінеу туысың болмағандықтан, араларыңда басқа бір ашыналық жай бар деп ойлауыма болатын шығар?

Сөзге Окхой араласты.

— Сенікі жөн емес, Джоген. Адамның тіпті достарына да айтқысы келмейтін сыры болмай ма екен.

— Сенің сондай бір сырың бар ма еді, Ромеш? — деп сұрады Джогендро.

— Иә, бар, — деп Ромеш булыға жауап берді. — Бұл қыз жайында сендермен сөйлескім де келмейді.

— Ал мен болсам, сорыма қарай, дәл осы қыз жайында сөйлесуге құмартып тұрмын. Егер Хемге сөз айтпағаныңда, сенің кіммен жақын болып байланыс жасап жүргеніңді ешкім де тексермеген болар еді, онда не істесең де жасыра бер, өз шаруаң, — деді Джоген.

— Бір нәрсені ғана айта аламын, — деді Ромеш. — Кіммен қандай байланысым болса да, Хемнолиниге қосылатыныма бұл дүниеде ешкім көлденең тұра алмайды.

— Сен үшін бұл солай да шығар, — деп Джогендро қарсы сөйледі. — Ал Хемнолинидің туысқандары бұл жерде үлкен бір кедергі бар деп ойлайды. Менің сенен, жалпы алғанда, қандай да болмасын жақындық байланысыңның барын несіне жасырасың деп қана сұрағым келеді?

— Бұл жерде себебін айту, сырды ашу болып табылады, — деп жауап берді Ромеш, — сен мені бала күнімнен білесің ғой, іс-қылығымның дәлелін айт деп зорламашы мені, сұраймын сенен: тек сөзіме сенші.

— Бұл қыздың аты Комола ма?

— Иә.

— Оны өз әйелім демексің бе?

— Иә.

— Соған қарамастан біздің саған илануымызды талап етесің, ә? Басқаларға керісінше айтасың да, бізге әйелім емес деп дәлелдегің келе ме? Қалай десең де, мұның адалдық үлгісіне тіптен ұқсамайды.

— Бұл сөздердің логикалық ой-жүйесіне классикалық үлгі болуы неғайбіл нәрсе дегің келе ме, Джоген? Алайда өмірде біреуге былай, екінші біреуге алай дегізуге мәжбүр ететін жайлар бола береді. Ромеш-бабудың маған айтқандарын дәл сол бір шындық деп қарауға неге болмайды? — деп қойды Окхой.

— Басқа ештеңе де айта алмаймын мен сендерге. Тек Хемнолиниге үйленуім өз арымның талаптарына қайшы келмейді дегенді ғана қайталаймын. Комола жайын айтуым инабатсыздық болар еді. Айтпауыма дәлелім де мол. Ойларыңа алған күдіктеріңнен арылғыларың келмеген күндеріңде де жария етпейтін боламын. Өз басымдағы қолайсыздықтар мен өкініштер жайлы ғана болса, сендерден жасырарым да болмас еді. Бірақ әңгіме бұл жерде басқа адамның атақ-абыройы жөнінде.

— Хемнолиниге айттың ба оны? — деп сұрады Джоген.

— Жоқ. Тойдан кейін айтармын деп ойлаған едім, бірақ естуге құштарлығы болса, бәрін де қазір-ақ айтып беруіме болады.

— Комолаға бірнеше сұрақ қоюымызға бола ма?

— Жоқ, мүмкін емес! Егер мені кінәлі деп санасаңдар, аямаңдар, бірақ күнәдан пәк қызды жауапқа әкеліп, азаптауларыңа жол бере алмаймын.

— Кімді болса да енді жауапқа әкелудің қажеті жоқ. Білгіміз келгеннің бәрін де білдік. Дәлел де жеткілікті. Енді мен саған тура айтқым келеді. Осыдан кейін біздің үйге аяқ басып көр, жәбірленіп қалатын боласың.

Ромеш сұрланып кетті, бірақ байсалдылығын жоғалтпады.

— Және тағы да, — деп созды Джогендро сөзін, — Хемге хат жазам деп те әуреленбе. Енді араларында ашық та, жасырын да, ешқандай да қарым-қатынас болмауға тиісті. Егер де оған хат жаза қалатын болсаң, біліп қой, онда жұрт алдында мұқият бүркемелеп келген сырыңды әшкере ететін боламын, қолымда бар дәлелдерді келтіремін. Ал әзірше той неге болмай қалды деген сауалдарға бұл некеге өзім рұқсат бермедім деп жауап беретін боламын. Нақ шындығын ешкімге де айтпаймын, Бірақ аяғыңды бір рет шалыс, жаңылыс бассаң, бәрінің де жария болатынын есіңде ұста. Оңай құтылдың, Ромеш, бірақ сен сияқты екі жүзді алаяққа мұның рақымы түсіп тұр екен деп ойлап жүрме. Бұл тек қарындасым Хемге деген сүйіспеншілігімнен туған қылық. Енді менің соңғы сөзімді тыңда: бір кезде Хем екеуіміздің арамызда осындай бір қатынас болды деп еш уақытта ишара жасамайтын боласың. Әрине, сенің адал сезім дегеніңе сеніп жатқан мен жоқ, өтірікшінің шыны да зайы. Алайда бір жапырақ ұятың қалса, болмаса әшкере боламын деген қауіп билесе кеңесімді аяқ асты!

— Апырау, жетті ғой, Джоген, — деп қойды Окхой.

Ромеш-бабудың мұның бәрін қалтқысыз, өкпе-назсыз қабылдап отырғанына көзің жеткен жоқ па! Неғып кеудеңде аяушылық ұшқыны қалмаған. Кетейік. Абыржымаңыз, Ромеш-бабу, біз міне кетеміз.

Ақыры екеуі де шығып кетті. Ромеш өз орнында тастай мелшиіп тұрып қалды. Өзіне-өзі келген бір шағында үйден шығып кеткісі келді, оңашада өзімен-өзі болып, жаңағының бәрін ойластырмақ. Бірақ оңаша Комола түсе қалды. Мынау үйде оны жалғыз қалдырып кетуге болмайды ғой.

Ромеш Көрші бөлмеге кіре беріп, жол жақ беттегі терезені көтеріп қойып, алысқа қарап қалған Комоланы көрді.Ол аяқ дыбысын естіді де, шиді ұайыра түсіп, бері бұрылды. Ромеш еденге келіп отырды.

— Бұл екеуі кім еді?— деп сұрады қыз, — бүгін таңертең олар біздің мектепке барған болатын.

— Мектепке? – деп Ромеш таңырқай қайталады.

— Иә, — деп құптады қыз, — олар сенімен не жайында сөйлесті.

— Сенің маған кім болатыныңды сұрады.

Комола түскен жерінде өзін қалай ұстау керектігі жайындағы ғылымды өткен жоқ еді, қай жерде ұялшақ болу керектігін де ешкім үйретпеген. Бірақ ол жасынан ұяң өскен еді, сол себепті Ромештің сөзін естігенде қызарып кетті.

— Ал мен оларға сені жат адам деп таныстырдым, — деді Ромеш.

Ащы қалжыңмен ол мені ашуландырғысы келіп отыр деп ойлады Комола.

— Жетті! — деп ол тіксіне тіл қатты да, теріс айналып кетті.

Ал Ромеш бұл жайларды оған қалай айту керектігін ойлаумен болды.

Комола кенет тынышсызданып қалды:

— Әне, қара, жемістеріңді қарғалар алып кетіп жатыр.

Қыз екінші бөлмеге жүгірді, қарғаларды үркітіп, жайма табақты алып қайта оралды.

— Ал жей ғой, — деді ол жайма табақты Ромештің алдына қоя беріп.

Оның енді тәбеті шаппай қалып еді. Бірақ қыздың бұл қамқорлығы ет жүрегін елжіретіп жіберді.

— Ал сен өзің ше?

— Ең алдымен сен ал.

Әрине, бұл көңіл қойғысыз ұсақ нәрсе, бірақ оның қазіргі халінде Комоланың осы бір бұйығы да ақжарқын қылығы Ромештің жүрегін шымшылады, көзіне келіп қалған жасты зорға тоқтатты ол.

Ромеш үнсіз отырып тамақ жей бастады.

Тағам жеп болғаннан кейін ол былай деді:

— Ертең біз үйге қайтамыз, Комола.

— Ол жер маған ұнамайды, — деді қыз төмен қарап ренішпен.

— Сенің мектепке қалғың келе ме онда?

— Жоқ, жоқ, мені онда жібере көрмеші. Қыздардың бар бітірері — ертелі-кеш сенің жайыңды сұрау ғана.

— Ал сен оларға не деп жауап қайтарасың?

— Ештеңе деп те емес. Олар, мәселен, демалыс кезінде неліктен мені мектепте қалдырғың келгенін қазбалай сұраумен болды. Ал мен...

Комола үндемей қалды. Осы бір зәбір-жапа есіне келсе оның жүрегіне түскен бітеу жара қайта сыздап ауыра бастайтын еді.

— Сен мені бөтен адам деп неге айтпадың?

Комола шын ашуланып кетті. Ромешке сүзіле қарады да:

— Кет! — деп қалды.

Не амал табу керек деген дертті ой Ромешті шырғалай берді. Торыққан сезімін жегідей жейді. Джогендро Хемнолиниге не деді екен? Ол бұл жайында не ойлайды? Шын жайды қайткенде оғам жеткізіп айта алмақ? Одан бөлек тұрып, сарғайған сағыныш отын қайтіп баса алмақ?.. Осы бір мехнатты сұрақтар оның әбден сілесін қатырды, құр сүлдерін қалдырды, тіпті Ромеш өз жағдайын Қаңсылап ойлай да алмады. Бір ғана нәрсе айқын еді. Калькуттада дос, дұшпандарының бар сөзі осылар жайында. Мүмкін Комола мұның жұбайы екен деген қауесет бүкіл қалаға да тарап болған болар. Енді олардың мұнда бір күн де аялдап қалуына болмайды.

Ромештің қазіргі ойлы да бей-жай халін Комола байқамай да қалмады.

Неге уайымдап қалдың? — деп сұрады Комола. — Егерде қыстақта тұруға сонша құмартатын болсаң, кетуге мен дайынмын.

Комоланың көнгіш бұйығылығы Ромештің көңілін тағы да ірітіп жіберді, мазаны алып болған сұрақ қайта оралды: дегенмен бұдан әрі не істеу керек?

Өзі ойы болған Ромеш Комола сұрағына бұл жолы да жауап берді, Тек оған тесіле қарап отыра берді. Комола бірден салмақты қалыпқа түсті де:

Мектепте қалмағаным үшін, мүмкін, сен маған ренжіген боларсың ашық айтшы? — деді.

— Егер шынымды айтсам, Комола, мен саған емес, өзіме ренжулімін.

Ақыры өз ойының шырмауымен әрең құтылған Ромеш әңгіме тақырыбын өзгертуге тырысты.

— Осы мерзімнің ішінде нені үйрендің, Комола?

Қыз соншалықты ынтамен өз білгендерін ортаға сала бастады. Ең алдымен ол, Жер шар сияқты жұмыр деп қойды. Сонысымен Ромешті таңғалдырып тастамақ.Расында да Ромеш шын бір қалыппен отырып жердің шар сияқты екеніне мол күдігі барын айтты. Бұл мүмкін емес шығар деп сұрады.

Комоланың көзі ежірейіп кетті.

— Ол жайында кітапта жазылған ғой, біз де солай оқыдық.

— Шын айтасың ба? – деп таңданды Ромеш. – Тіпті кітапта жазылған ба? Ал оның өзі қандай, үлкен бе?

Бұл сұраққа Комола аздап қиналып қалды. Сонда да ол аз ойлайды да сеніммен нық сөйлейді.

Кітаптың өзі үлкен емес, бірақ таспен басылған. Тіпті онда суреттер де бар.

— Иә, сен мені тыңдап отырған жоқсың ғой! — деп салды Комола кенеттен, қатты ренішпен орнынан тұра бастады.

— Жарайды, ашуланба, Комола, — деп Ромеш оны жұбата бастады. — Бүгін не болып отырғанымды өзім де білмеймін.

Комола кенет бері бұрылды.

— Не болды? Сырқаттанып отырған жоқсың ба?

— Жоқ ауру емеспін. Жалпы көңілге аларлықтай ештеңе де жоқ, кейде осындай бір жайға түсіп қалатыным бар. Бәрі де кетеді қазір.

Сол кезде Комола өзінің білімділігімен Ромешті мүлде таңдандырып тастамақ болды.

— География оқулығындағы суреттерді көргің келе ме? – деді ол.

Ромеш бірден көнді. Қыз барып кітапты алып келді де, Ромештің алдына апарып ашты.

— Мына көз алдында тұрған екі шар шындығында біреу-ақ, — деп ол түсіндіре бастады. — Өйткені біз жұмыр заттың екі жағын бірден көре алмаймыз ғой.

Ромеш қатты абдырап, сол себепті аздап ойланған адамның кейпіне түскен болды. Содан соң:

— Бір тегіс заттың да екі жағы бірден көрінбейді ғой, — деп қойды.

— Бұл суреттер жер шарының екі жағы, бөлек алынған себебі де осында, — деп Комола бар беделін сала айтты. Олар бұл кешті осылай өткерді.

ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ

Оннода-бабу Джогендро жақсы бір хабармен оралады, ретімен жанжал да басылады деп үміттенген еді. Баласы мен Окхой үйге келген шақта ол үрейлене қарады.

— Ромештің осылай насырға шауып, төбемізге секіріп кетуіне сен жол береді деп кім ойлапты, — деп Джогендро әкесіне бұрылды. — Егер мұны білсем онымен сөйлестірмеген болар едім сені.

— Бұл тойға өзің ынтық болған жоқ па едің, Джоген, — деп қойды Оннода-бабу, — маған оны әлденеше рет өзің айтқансың. Егер сен болмағанда, мен...

— Әрине, маған тыйым салу керек деген ой келмегені аян ғой. Алайда сонымен бірге...

— Міне, байқайсың ба, тағы да "сонымен бірге!"

— Бұлай етуге бола ма екен? Сен не келісесің, не қарсы боласың, бұл жерде ешбір әредіктік, солқылдақ болмасқа керек!

— Сонда да бұл істің бүйтіп насырға шауып кетуіне жол бермеу керек еді ғой.

— Қозғай салуды ғана керек ететін де істер көп, — деп Окхой күле сөйледі, — кейін ондай істер ешкімнің де құптау, жақтауын тілемейді. Көбіктен тұрған отауларға ұқсап, жарылып кеткенінше өсе береді, өсе береді. Кейінде қалған іс жайында таласа беруден не шығады? Енді келешекте не істеу керек екенін шешу керек.

Бұл сөзді үрейлене отырып тыңдаған Оннода-бабу:

— Сендер, Ромеш-бабуды көрдіңдер ме? — деп сұрады.

— Көрдік, тіпті жақын жерден көрдік, — деп жауап берді Джогендро, — ол ол ма, әйелімен де таныстық.

Оннода-бабу қалшиып қалды. Аз толғанып:

— Сендер кімнің әйелімен таныстыңдар? — деп қайталап сұрады.

— Ромештің әйелімен, — деді Джогендро.

— Не айтып тұрғаныңды түсінбеймін. Қай Ромештің әйелі?

— Біздің Ромештің! Бұдан бірнеше ай бұрын ол еліне барғанды. Сонда үйленген.

— Онда әкесі қайтыс болған жоқ па еді, той жасар жағдайы қайда?!

— Әкесі өлердің дәл алдында болған бұл той.

Оннода-бабу қалшиып қалды. Аз толғанып алды да, желкесін қасыды, содан кейін былай деді:

— Виді Ромеш біздің Хемнолиниге үйленуі жайында ешбір сөз болмай қалғаны ма сонда?

Біз, міне, сол жөнінде айтып тұрмыз ғой, — деп қойды Джоген.

Егер сөздеріңнің мәні сол болса, онда той жабдығын жасап қойғанымызды қайтып ойламадыңдар? Келесі жексенбіде той болады деп жұрттың бәрі хабарланып қалған жоқ па! Той енді атымен болмайды деп хабар таратуға тура келгені ме?

Атымен деудің керегі жоқ, — деп бастады Джоген сөзін, — тек бір кішкене өзгеріс кіргізу керек, сонда бәрі де ретіне келеді.

Сен не айтып тұрсың?

Ал бұл тіпті оп-оңай, әке! Әрине өзгеріс, айырбас қадарынша, керек жерінде ғана жүргізіледі. Неке қидыру мәселесінде бір ғана жол бар, біз соны таңдап алуымыз керек. Қысқарта айтқанда, біз егер Ромештің орнына басқа бір күйеуді отырғыза салсақ, осы жексенбіде — қайтсе де той тойланатын болады. Әйтпесе, жұрт көзіне көріну жоқ.

Сөйтті де Джогендро айрықша мәнмен Окхойға бұрылды. Ал Окхой ұяла төмен қарап қалды.

— Қысылтаяң кезеңде күйеуді қайдан таппақсың? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Ол жөнінде абыржымай-ақ қой.

— Алайда ең алдымен Хеммен келісіп алу керек.

— Істің бітіп қалғанын естіген соң Хемның көнетініне көзім жетеді.

— Егер олай болса, өзің біл Дегенмен өкінішті-ақ. Ромеш әжептәуір ауқатты адам еді, сонысына ақылы да сай еді. Ойлап қарашы! Алдыңғы күні ғана біз Этойяға ауысамыз деп келістік, ол онда адвокаттық жұмыспен айналыспақ болған, ал міне кенеттен... сондай бір бақытсыздық келетін болғаны да!

— Ол жөнінде несіне қам жейсің! Ромештің Этойяға кетуіне қазір де ешкім ара тұра алмайды. Барып Хемды шақырып келейін, уақыт алудың керегі жоқ.

Бірнеше минуттан кейін Джогендро Хемнолиниді ертіп кірді. Окхой кітап шкафының тасасында, қаға берісте отыр еді.

— Хем, отыр, — деді Джогендро, — саған айтар бір жайлар бар.

Хемнолини үнсіз келіп креслоға отырды. Ол ауыр бір сынды басынан өткерерін сезді.

Джогендро сөзді былай бастады:

— Ромеш қылығы саған күдікті көрінбей ме?

Хемнолини тіл қатпады, басын шайқады.

— Оның бізге жария еткісі келмейтін сыры не?

— Әлде бір себебі болғаны да, — деді Хемнолини төмен қараған қалпында.

— Әрине себебі бар. Бірақ осының бір өзі ғана сені сақтандыруға тиісті емес пе?

Хемнолини тағы да үнсіз ғана басын шайқады. Ондай ештеңе де ойламайтынын танытты.

Оның Ромешке өз туысқандарынан да артық сенім білдіретіндігі ақыры Джогендроны ашуландырып жіберді. Алыстан орағытып, тұспалдай сөйлесудің бұл жерде мәні болмады. Ол қатаң сөйледі:

— Бұдан бірнеше айлар бұрын Ромештің өз әкесіне еріп, еліне барғанын сен, әрине, ұмытпаған боларсың? Ал біз оның көпке дейін хабар-ошарсыз кеткеніне қайран қалып жүрдік қой. Әдетте сендерге күніне екі рет келетін Ромештің, әруақытта бізге көрші үйді жалға алып тұрған Ромештің Калькуттага қайтып оралған соң мүлде көрінбей қойғанын қаланың басқа жағына жасырынып жүргенін де ұмыта қоймаған боларсың. Осылай бола тұрса да сендер оған бұрынғы сенгіштікпен қарадыңдар, онымен қоймай тағы да шақырдыңдар. Мен осында болсам, осы сияқтыларға жол бермейтін едім.

Хемнолини үнсіз отыра берді.

Ромештің осындай қылық-мінезіне үңіліп көрдіңдер ме? Бұл неғып сендерге күдік салмады? Оған деген сенімдеріңізде шекті оқ қой деймін, тіпті!

Хемнолини әлі де үн-түнсіз отыра берді.

Ал, жарайды! Өздерің адал болған соң басқа біреулерді арам деуге ауыздарың бармаған шығар. Олай болса маған да сенуге тиіссіңдер ғой. Міне былай: Ромештің өз әйелі Комоланы оқуға орналастырғанын білдім де, сол мектепке бардым, ол ол ма, демалыс кезінде ол әйелін сонда қалдырмақ та болыпты. Алайда бұдан үш күн бұрын мектеп бастығынан хат алыпты. Онда мейрам күнінде Комоланы үйге алу жайы айтылыпты. Бүгін демалыстың алғашқы күні мектеп экипажы Комоланы Ромештің Джорджипардағы бұрынғы пәтеріне алып барған. Сол пәтерде мен де болдым. Біз кіріп барғанда Комола алма тазалап отыр екен де, Ромеш оны құтты орнына қондырып жатыр екен. Бұл не қылғаның деген сұрағыма Ромеш қазіргі шақта ештеңе де айта алмайтынын білдірді. Мистер Комола менің жұбайым емес дегенді ескертсе-ақ, біз оның сөзіне бірден сеніп те қалған болар едік, тіпті туып қалған күдікті естуге тырысатын да едік. Алайда ол нақтылы жауап бергісі келмеді... Ал енді не демексің? Осыны естігеннен кейін де оған сене бермексіңдер ме?

Джогендро Хемнолиниге тесіле қарап, жауап күтіп қалды.

Қыз өңі қуарып кетті. Сабырлы қалпын сақтайын деп, кресло жақтауларын қармалай берді де, еңкейіп барып құлап түсті, есінен шығып қалды.

Зәресі ұшып кеткен Оннода-бабу қызын құшағына алды.

Не болып қалды, қарғам? Не болып қалды, қарғам? Оларға сенбе, бәрі де бекер, — деп шексіз қайталай берді.

Джогендро, әкесін былай жіберді де, қарындасын диванға апарып жатқызды, содан соң қасында тұрған құмырадан су алып есігіне бүрке бастады. Окхой оны желпуішімен ынталана желпи берді.

Бір уақытта Хемнолини көзін ашты. Шошып кетті де ыңқылдай бастады.

Әке, Окхой-бабу бұл жерден тез кететін болсыншы!

Окхой желпуішті қойды да, бөлмеден шыға беріп, есік сыртына барып тоқтады. Оннода-бабу қызының қасына барып отырды да, ауыр бір күйінішпен оның маңдайынан сипады.

Не болды, жаным! Тынышталшы!

Кенет Хемнолинидің көзінен жас парлап кетті. Өксігін баса алмай солқылдай берді. Әкесінің тізесіне басын салды, ішті алып бара жатқан қасірет отын сонымен баспақ сияқты.

— Тынышталшы, жаным, қой енді, — дейді Оннода-бабу қарлыққан даусымен. — Мен Ромешті сонша жақсы білемін. Ол еш уақытта да мұндай арсыздыққа бармайды. Джоген, әрине, қателесіп отыр.

Күйініп кеткен Джогендро шыдамады.

— Бекерге үміттендірме, әке, қызыңды жұбандырам деп отырып, келер күннің бұдан зор уайымын арқалатпақсың ба оған. Ақылға келсін, мұрсат берші.

Хемнолини бойын жазды да, ағасына қарап, кесіп сөйледі:

— Бәрін де ақылға салып болғанмын. Оның өз аузынан ештеме естімей тұрып дәнеңеге де сенбейтінімді есіңе ұста.

Осылай деді де ол түрегелді.

— Тек құлап қалмашы, — деп қызын демеп, Оннода-бабу құрақ ұшып жүр.

Хемнолини әкесінің қолына сүйене отырып, өз бөлмесіне келді де, төсегіне жатты.

— Мені оңаша қалдыршы, әке, — деп сұранды ол, — мүмкін ұйықтармын.

— Мүмкін Хори желпуіш желпіп отырар, жіберсем қайтеді? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Жоқ, жоқ, әке, маған ештеңе де керек емес.

Оннода-бабу көрші бөлмеге шығып кетті. Ол қазір Хемнолинидің алты айлық кезінде қайтыс болған анасы жайында ойлады. Құлай берілгендігі мен ұстамдылығы, ақ көңіл жайдарылығы есіне түсті. Оннода-бабу, міне, енді қызын, Хемнолиниді мәпелеп өсірді. Хемнолини өз шешесіне тартып ер жетті. Сол Хемның қасірет шегіп жатқанын ойлағанда қарияның жүрегі шерленіп кетті. Қызымен қатарлас бөлмеде отырып ол:

— Қайғы дегенді білме, менің қадірлі қызым, бақытты бол, — деді оған ойша, — шешеңмен барып табысқанша сенің қуанышты, бақытты болғаныңды, өзің сүйген адамның үйінен жайлы мекен тапқаныңды көруге сонша ынтызармын.

Ол жасты көзін етегімен сүртті.

Джогендро бұрын да әйел ақылы жайында биік пікірде болмайтын еді. Енді онысы әбден беки түсті. Әйел дегендер бұлтартпас дәлелдерге де сенбейді, не істерсің оларға! Екі жерде екі төрт болмайды деп үзілді-кесілді айта салудан тайынбайды да, басқалар қалай қарайды, онда шаруасы жоқ, махаббат дегенің үшін дүниенің бәрінен де безіп кетуге бар. Бұлтартпас дәлелдер қараны қара деп түсіндіреді ғой. Сөйтсе де махаббат үшін қараны ақ салсаң жаңағы бейшара айғақтардың талқанын шығаруға да бара алады олар. Жер бетінде әйел барда дүниенің қалай тіршілік құрып тұрғаны мүлде түсініксіз!

Ақыры Джогендро ойдан сергіді де, Окхойды шақырды. Ол бөлмеге бір қырындап кірді.

Ал, сен бәрін де естіген боларсың? Енді не істеуіміз керек? — деп сұрады Джогендро.

Бұл іске менің басымды бекерге шырмайсың. Бұған менің де қатысым жоқ еді, сен келдің де осы бір қолайсыз оқиғаға апармадың да тастадың.

Жетті! Кейін шағынарсың. Енді бізге бір-ақ жол қалды. Ромешті көндіру керек. Ол бұл жайды Хемнолиниге өзі айтатын болсын.

Ақылыңнан адасқансың. Кімнің мойындағысы келуші еді өз қатесін.

Егер хат жазатын болса тіпті жақсы. Қазірден бастап сенің онымен айналысуыңа тура келеді. Бір минутты да босқа өткізбеу і грек екенін ұмытпа, бірақ.

Жақсы. Не амал табуға болатынын ойлап көрейін, — деді Окхой.

ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ

Кешкі сағат тоғызда Ромеш пен Комола Шнялдохо вокзалына аттанды. Ат айдаушыға шолақ көшелермен айналып, орағытып тұруды бұйырды. Экипаж Колутоладағы бізге таныс бір үйдің алдынан өте бергенде, Ромеш терезеден басын қылтитты да сұқтана қарады. Ештеңе де өзгермеген, бәрі де баяғысынша. Ол ауыр күрсінді, тіпті, қалғып отырған Комоланы да оятып жіберді.

Не болды саған? — деп сұрады ол.

Жайша, — деді Ромеш, содан кейін орнығып алды да, үндемей бара берді.

Комола экипаж қабырғасына қайтадан шалқалап отырды да, ұйықтап кетті. Осы бір шақта Комоламен қатар отыру оған ауыр тиді.

Станцияға олар уақытында келіп, күні бұрын алып қойған екінші класс купесіне барып жайғасты. Ромеш дивандардың біріне төсек салды, шам қалпағын басты, содан кейін қызға бұрылды:

Жат, Комола, сенің дем алар шағың әлдеқашан болған.

Пойыз қозғалысымен жатамын. Ал әзірше терезе алдында отыра тұруға рұқсат ет, — деп өтінді Комола.

Ромеш қарсылық білдірген жоқ. Комола бір байларын басына тартты да, терезе алдына, диванның шетіне келіп отырды, платформадағы сансыз халыққа көз салды. Ал Ромеш жан-жағына жайбарақат қарап, ортадағы отырғышқа барып орналасып еді. Пойыз қозғалып жүре бергенде, ұшып тұрды, — платформаны бойлап жүгіріп келе жатқан біреу әлдебір таныс адам сияқты болып кетті.

Бұл адамды Комола да аңдап қалып, рақаттана күлген еді. Ромеш терезеге үңіле қарап келеді. Кешігіп қалған жолаушы темір жол қызметкерінің қарсылық көрсеткеніне қарамастан вагонға ырғып мінді, ана адамның қолында шарфын да қалдырып қойды, екінші сәтте вагон терезесінен басын сорайтып, шарфына қолын созды. Осы шақта ол тіпті анық көрінді. Ромеш оның Окхой екенін таныды.

Шарф жайындағы оқиғаға Комола ұзақ күлген еді.

— Он жарым болып қалды, — деді Ромеш оған, — жүріп келе жатқанымызға да біраз болды, жатсаң деймін.

Қыз көнді де жата бастады, көзі ұйқыға кеткенше күтумен болды.

Ал Ромештің күлкі қазір не теңі. Окхойдың негізі Калькутта тұрғыны екенін, ауылдық жерде ешқандай ағайын-туғаны жоқ екенін Ромеш жақсы біледі. Олай болса, түн жамылып ол қайда асығып барады? Ромештің ізін аңдып жүргені анық қой.

Окхой Ромеш туған қыстаққа барады, өткен жайды өсек етіп тарата бастайды, Ромештің дос-дұшпандары бар. Солардың арасына қилы-қилы сөз жорамалдар туғызбақ. Осындай ойлар келіп, жас жігіт қатты тынышсызданып кетті. Бар жағдай сиықсыз бір түрге түседі. Өз қыстағында туып кетер өсек-аяң, күстаналауды елестеткенде жүрегі мұздайды. Калькутта сияқты үлкен қалада еленбейсің, байқалмайсың ғой, ал шағын ғана қыстақ таяз су сияқты, — бір кішкене сырғыма болса, нағыз дауылдың өзіне айналып кетеді. Соны ойлаған сайын Ромеш азап шеге түсті.

Барактурге тоқтағанда Ромеш терезеге зер сала отырды. Бірақ Окхой көзіне түспеді. Нахотида да сан-сапалақ адам түсіп, мініп жатты, олардың арасында да Окхой жоқ болып шықты. Богула стансасында да Ромеш Окхойды іздеп жұртқа үңіліп бағып еді, еңбегі зая болды. Окхой тіпті көрінбей қойды. Келесі кідірісте түсер деп үміттену де бекер болуы мүмкін сияқты.

Жігіт түннің бір уағы болғанда ғана ұйықтады. Келесі күні таңертең пойыз Гойялондо вокзалына тоқтағанда, мойнына шарфын орап, қолына чемодан ұстаған күйі кеме жаққа асыға аяңдап бара жатқан Окхойды көрді.

Ромеш мінетін кеменің жүруіне әлі де біраз уақыт бар еді, бірақ екінші айлақ түбінде басқа бір кеме жар салып, жүретінін паш етіп жатты.

Кеме қайда барады? — деп сұрады Ромеш.

Батысқа.

Қай жерге дейін?

Егер қайырлап қалмаса, Бенареске дейін.

Ромеш палубаға көтерілді, каюталардың біріне Комоланы отырғызды да, жолға сүт пен күріш, банан алам деп жағаға шықты.

Бұл кезде Окхой басқа жолаушыларды кимелеп, алғашқы кемеге түскен еді. Қиян-қилы сақтық жасап, кірген жұртты бақылауға қолайлы, елеусіз бір жерге орналасты. Бірақ жолаушылар онша асығар емес. Кеме жүрер мерзімінен кешеулеп қалды. Жұрт сол бір шақты пайдаланып, жуынып, шомылып жатыр, тіпті жағаға шығып, ас пісіріп, тамақ жеп жатқандар да бар. Ромеш Комоланы тамақтандырам деп әлде бір қонақ үйге кеткен шығар деп ойлады Окхой, Гойялондомен таныс болмағандықтан оларды іздеп бармады.

Кеме жар салды, міне енді жүре бастамақ, ал Ромеш болса әлі көрінбейді. Жолаушылар қалтылдаған баспалдақпен асыға көтеріліп жатыр. Кеменің үздіксіз ұзақ айқайы оларды асықтыра түсті, жұрт көбейе берді, бірақ Ромеш әлі жоқ.

Ақыры жұрт аяғы сап болды, баспалдақ жиылып алынды, капитан жүруге команда берді.

— Түсуіме рұқсат етіңіздерші! — деп айқайлады тынышы кеткен Окхой, бірақ матростар оған ешқандай да көңіл аудармады. Жағаның әлі де жақын екенін пайдаланып Окхой суға секірді.

Алайда ол Ромешті жағадан да кездестіре алмады. Бұдан бірнеше минут қана бұрын Калькуттаға пойыз жүрген екен, соны білген Окхой "кеше теміржолшымен жанжалдасып жатқанымды Ромеш байқап қалған ғой, мүмкін ол мұның теріс ниетін де аңдап қалған болар, сол себепті қыстаққа барудың орнына таңертеңгі пойызбен қайта Калькуттаға тартып отырған шығар" деп ойлады. Ал Калькуттада жасырынған адамды табу оңай да шаруа емес.

ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ

Гойялондада Окхой күн ұзақ сенделді, ақыры кешке таман Калькуттаға баратын байланыс пойызына ілікті. Ертеңіне тура пойыздан түскен қалпында Ромештің Доржипардағы пәтеріне барды, бірақ есік құлыптаулы болып шықты. Олардың мұнда келмегені айқындалды.

Ол Ромештің Колутоладағы мекеніне де бас сұқты, онда да ешкім жоқ. Содан Окхой Оннода-бабудың үйіне барды. Джогендроға Ромештің жылысып кеткенін, өзінің көз жазып қалғанын айтты.

— Бұл қалай болды? — деп сұрады Джогендро.

Ол барлық жайды ықтияттап айтып берді. Окхойды көрісімен Ромештің Комоланы ертіп қашып отырғаны Джогендро күдігін шыңдай түсті.

— Алайда, біз үшін бұл дәлелдердің бәрі де жарамсыз, — деді Джогендро. — Хемнолини түгіл әкемнің өзі де баяғы бір ақымақтығын қайталай беретін болды. Өз аузынан естімей тұрып Ромештен үмітін үзбейді ол Егер Ромеш қазір келіп, бұл шақта ештеңе де айта алмайтынын білдіре отырып, Хемнолиниге үйленетінін айтса, әкем бар ғой, оған ойланбай-ақ көне кетер еді. Іс осыған жетті ғой. Мен бір қиналудамын. Әкем Хемнолинидің азап-жапа шегуіне жол бергісі келмейді, ал Хем болса, "Мейлі әйелі болса да, Ромешке шығамын" деп қыңыр жауап қайтаруға дайын. Қызын күйінішке салмас үшін, әкемнің бұған да көніп қалуы мүмкін. Енді бізге бір ғана жол бар: қандай бір амалмен болса да, тез арада Ромешті қармаққа іліктіріп, мойындаттыру керек. Жасыма, Окхой, бұл іске өзім-ақ араласар едім. Бірақ білек сыбанып төбелесіп кетуден басқа ешқандай амал-айла ойыма оралмай-ақ қойды. Ал қазір, бәрінен бұрын, жуынып кел, мына қалпыңмен шайға отыруға болмайды.

Окхой жуынды да шайға келіп отырды. Ойланып қалды. Сол шақта қызын қолтықтап бөлмеге Оннода-бабу кірді. Бірақ Хем Окхойды көрді де теріс айналып шығып кетті.

— Хемның мұнысы дұрыс емес, — деді Джогендро кейіс білдіре сөйлеп. — Оның ерсі қылықтарын қолпаштай берме, әке. Қайтару керек оны. Хем, Хем!

Бұл кезде Хемнолини жоғарғы үйге барып та үлгірген еді.

— Джоген! Сен менің ісімді бүлдіріп жатырсың, — деп қойды Окхой. — Мен жайында оған ештеңе де айтпа. Уақыт ұлы шипа ғой. Ал зорлық жасап бәрін де құртып алуға болады.

Ол осыны айтты да, шайын ішіп, кетіп қалды.

Окхойды шыдамсызсың деп айыптауға болмайтын да еді. Дүние бұған қырын қарап тұрса да ойына алғанынан ол қайтып көрген жоқ-ты. Ыстық қандылық та оның бойына қас қасиет емес-ті. Сонымен бірге ақылды қалыппен жоғары материя жайында толғана ойлап кететін менмен, асқақ адамдардың тобына да жатпайтын. Иә, ол ешқандай жәбір-жапа, қолайсыздықтарға да қысылып, ұялып, кіділік жасап көрмейтін. Жалпы алғанда, Окхой көнтерілі, қалай десе де бәрін көтере беретін көнбіс адам ғой.

Окхой кеткен соң Оннода-бабу Хемнолиниді қайта алып келіп, шайға отырғызды. Өзі қуарып, жүдеп қалған, кейпінде кірбің бар.

Қыз көзін төмен салып кірген еді. Ромеш пен бұған ашулы іс-қылықтарын қатты айыптап отыр деп, Джогендроға қарай да алмайды. Қаймыға береді.

Хемнолиниге сенім берген сүйіспеншілік ақыл алдында дәрменсіз еді. Алдыңғы күні Джогендро алдында Ромешке деген айнымас сенімін танытқан қыз қараңғы түнде оңаша бөлмеде өз ойымен қалғанда тыныш жата алмаған-ды.

Әдепкіде ол, әрине Ромеш мінезінен күдік алар ештеңе де таппаған, сол себепті оған берген сертінде қалып, өз жүрегінің берік, бекінісіне ешбір жаманат ойды жолатпап еді. Сөйтсе де, сол бір күдікті ойлар сенім қақпасын қасарыса қайта келіп қаға берген-ді.

Қатерлі өлімнен қорғаштамақ болып, өз баласын көкірегіне басқан анаға ұқсап, Хемнолини де Ромешке деген бар сенімін сақтап қалуға, жаманат ойлардан арашалап алуға бағып еді. Дариға-ай, қайтесің! Кейде қажыр-қайратынан да айырылып қалар басы жұмыр пендеміз ғой.

Оннода-бабу бұл түнді Хемнолиниге көрші бөлмеде өткеріп шыққан еді. Қызының мазасы кетіп, дөңбекшіп жатқанын да естіді, шыдай алмай қайта-кайта бара да берді. Бірақ:

— Ұйықтай алмай жатырсың ба, жаным? — деген сұраққа үнемі:

— Ал сен неге ұйықтамайсың, әке? Менің міне көзім ілініп барады... Міне, қазір ұйықтап қаламын! — деген жауап алумен болды.

Таң сәріде Хемнолини төбеге көтерілді. Ромеш пәтерінің есік-терезелері жабық тұр.

Шығыстағы ақ басты шың құздардан асып, күн арайлап келеді. Кенет осы бір жаңа туып келе жатқан күн бар үміт-тілектен ада, соншалықты күңгірт сияқтанып кетті. Хемнолини қолымен бетін басып отыра берді де, солқылдап жылап жіберді. Енді оған ешкім де келмейді, шайға ешкім де күте алмайды. Жақын адамың көрші тұрады деген қуанышты ойдан да ада боласың енді.

— Хем! Хем!

Хемнолини асыға тұрды да, көзін сүртті.

— Не нәрсе, әке? — деді ол

Оннода-бабу қызына келді, еркелете арқасынан қақты да былай деді:

— Бүгін мен кеш ояндым.

Түн бойы ол Хемнолиниді ойлап, көз шырымын ала алмай, таң ата ғана ұйықтаған еді. Кешікпей күн де сәулесін оның кірпігіне қадады. Оннода-бабу енді төбеге көтеріліп еді. Жалғыз жабығып отырған Хемнолиниді көргенде жүрегі сыздап кетті.

— Жаным, жүр шай ішейік! — деді ол

Хемнолинидің Джогендромен бірге шайға отырғысы келмеп еді, бірақ ол дағдылы қағидалардан сәл ауытқудың өзі де әкесін кейітіп тастайтынын жақсы білетін. Оның үстіне күн сайын шайды әкесіне өзі құйып беріп отыратын еді, оған деген сол бір кішкене қызметтен бас тартпады.

Сол себепті таңертең Оннода-бабу шайға шақыра келгенде ол әкесінің қолына сүйеніп, ас үйге беттеді.

Төменге түсіп есік сыртына келгенде-ақ ол Джогендроның әлде біреумен сөйлесіп жатқанын естіді. Жүрегі лүпілдеп кетті. Хемнолини оны Ромеш екен деп қалды, — осындай ертемен одан басқа кім келе қоюшы еді мұнда!

Шалыс басып ол бөлмеге кірді, бірақ Окхойды көрді де, өзін-өзі ұстай алмай, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.

Оннода-бабу оны екінші рет алып кірді. Сонда ғана ол әкесіне жақындай отырып басын төмен салған қалпында шай жасай бастады.

Хемнолини қылығына кейіген Джогендро терісіне сыймай буырқанып отырды.

Ромешке бола қарындасының соншалықты жапа шегуі Джогендроны бей жай қалыс қалдыра алмады. Бірақ Оннода-бабу оның қайғысына ортақтасып отырғанын, ал Хем болса, әке мейірбандығына арқаланып, бүкіл дүниеден оқшауланып қалмақ жайын байқағанда Джогендроның зығырданы қайнап кетті.

"Бәріміз де бір қылмысты адамдар сияқтымыз, — деп ойлады ол, — біз оған деген сүйіспеншілік қарызын өтемек боламыз, бақытын ойлаймыз, тағдырын шешеміз. Сөйтіп өз парызымызды өтегіміз келеді! Соған орай жауап не? Рақмет айту былай тұрсын, айыптайды. Ал әкем болса ештеңе де түсінбейді. Жұбата берер уақыт өтті, батыл соққы беру мерзімі жетті, ал әкем Хемды аяп, ащы шындықты бүкпелей береді".

— Әке, не болғанын білесің бе? — деп Джогендро Оннода-бабуға қарады.

— Жоқ. Не нәрсе ол? — деп үрейлене сұрады ол

— Кеше Ромеш әйелін алып, Гойялондо пойызымен еліне аттанған екен, бірақ сол пойызда Окхойдың барын көріп қайтадан Калькуттаға қашып тығылыпты.

Шай құйып отырған Хемнолинидің қолы қалтырап кетті, шай шайқала төгіліп қалды. Қыз креслоға сылқ етіп отыра кетті.

Қарындасына көзінің қиығын қадай отырып, Джогендро әңгімесін соза берді.

— Оған жасырынбақ ойнаудың неменеге керек болғанын түсінбеймін. Оның бәрі Окхойға бұрыннан да таныс нәрсе ғой. Ромештің бұрынғы қылығының өзін де сүйкімді деуге болмайтын еді, ал мына қорқақтығы, ұрыдай асыға ұрланып жүруі — маған тым жиіркенішті-ақ көрінеді! Бұл жөнінде Хемның не ойлайтынын мен білмеймін. Бірақ, меніңше оның қашып жүргені, күнәлілігінің толық айғағы болып табылады.

Қалшылдап кеткен Хемнолини көтеріле берді.

— Мен ешбір айғақ іздемеймін, дада! Оны айыптағыларың келеді екен — өз істерің... Мен оған сот емеспін, — деді ол.

— Сен өмірлік жолдас етіп таңдар адамға біз бей жай қарай аламыз ба? — деп қойды Джогендро.

— Той жайында сөз қозғаудың керегі не енді! Сіздер оны болдырмауға тырысып жүрген жоқсыздар ма, мейлі солай-ақ болсын, бірақ менің шешімімді өзгертем деп әуре болмай-ақ қойыңыздар.

Одан әрі қыз төзе алмады, солқылдап жылап жіберді. Оннода-бабу асыға тұрды да, оның көз жасы жуған жүзін кеудесіне басты, содан кейін:

— Жоғарыға барайық, Хем! — деді.

ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ

Кеме жағадан қозғалып кетті Бірінші, екінші класта бірде-бір жолаушы болмаған еді. Ромеш каюталардың біріне барып өзіне төсек салды. Ертеңіне Комола сүт ішті, содан кейін өз есігін шалқалай ашып тастады да, өзенді, кейіндеп қалып жатқан жағаны тамашалады.

— Қайда кетіп бара жатқанымызды білесің бе, Комола? — деп сұрады Ромеш.

— Сенің еліңе.

— Саған қыстақ ұнамайтын еді ғой, біз міне енді онда бармайтын боламыз.

— Еліңе барудан мен үшін айныдың ба?

— Әрине, бір сен үшін ғана.

— Несіне олай еттің? — деп Комола салмақпен сөйледі. — Мылжыңдап отырып, менің не болса, соны айтуым мүмкін ғой, ал соның бәрін сен шын деп ойлай бермекпісің! Сондай ұсақ нәрсені көңіліңе алып қалудың қай жағындасың?

— Өкпелеу деген ойыма да келген емес, — деп күлді Ромеш, — қыстаққа өзімнің барғым келген жоқ.

— Олай болса біз қайда кетіп барамыз? — деп сұрады Комола.

— Батысқа.

"Батыс" дегенді естіп, Комола таңырқап қалды.

Батыс!.. Бұл сөзді айтқанда от басынан аттап шықпаған адамның көз алдына не келіп елестемейді.

Батыста әулие мекендері, жанға шипа ауа, көрікті пейзаждар мен қалалар бар. Империя мен патшалардың өткенгі даңқы да, ғаламат ғибадатханалар да сонда. Ал жауынгерлік жорықтар жайлы аңыз-әңгімелер, көне ертегілер қаншама десеңші.

Барынша масаттанған қыз сұрай берді.

— Атап айтқанда қай жерге барамыз?

— Әзірге нақтылы шешім жоқ, Мунгер мен Патнуды, Данапур мен Боксарды, Гаджипур мен Бенаресті аралап өтуімізге тура келеді, солардың біріне тоқтайтын болармыз.

Соншалық белгілі дс бейтаныс қалалардың атын санап өткенде Комола қиялы тіпті шалқып кетті.

— Тамаша ғой бұл! — деп қол соғып жіберді.

— Тамашасы кейін болады! Ең алдымен біз қайдан тамақтанамыз, соны ойластыру керек. Кеме асханасында матростар дайындаған тағамды мүмкін сен жемейтін боларсың!

— Ондай сұмдықты атай көрме! — деп Комола қабағына кірбең алып, дауыстап жіберді. — Әрине, жемеймін.

— Сонда табар амалың қайсы?

— Тамақты өзім дайындайтын боламын.

— Тамақ пісіре білуші ме едің?

Комола күліп жіберді.

— Мені кім деп қарайтыныңа түсінбеймін! Неліктен білмеуге тиіспін! Бала емеспін ғой, ағамның үйінде ас-су дайындаумен көзім шыққан жоқ па!

Ромеш қапы соғып қалды:

— Сұрағым шынында да орынсыз екен. Ал кәне, онда наубатхана жасауға кірісейік. Сен бұған қалай қарайсың?

Ромеш шығып кетті де, бір кішкене темір пеш алып келді. Сонымен бірге осы кемеде келе жатқан каястха кастасынан шыққан Умеш атты баламен келісіпті. Болмашы ақы мен Бенареске дейінгі билет үшін ол бұларға су әкеп, ыдыс-аяқ жуып, тағы басқа жұмыстарды атқарып бермек болған.

— Комола, бүгін біз не пісіреміз? — деп сұрады Ромеш.

— Сен бір көп азық әкеліп беріп пе едің маған? — деді Комола. — Күріш пен бұршақ қана бар! Күріш пен бұршақ бұқтырамыз да.

Тамаққа керекті бұрыш, даршын, қалампырларды Ромеш матростардан алды, бірақ оның шаруаға қырсыз екенін Комола әжуа етті.

— Ал жақсы! Жалғыз бараһатпен не істемекпін? Және шилнорсыз оны қалай ұнтамақпын?

Қыз сөзін мойынсұна тыңдаған Ромеш шилнор іздеумен болды. Оны табу да оңай емес еді. Ақыры матростар темір келі тауып алды да Комолаға әкеп берді.

Бірақ Комола бараһатты келіге салып түюді білмейді екен, сол себепті абыржыңқырап қалды.

— Онда біреу-міреуді шақырайық, көмектесіп жіберсін, — деп ұсыныс жасады Ромеш, бірақ қолдау таба алмады. Бұл жұмысқа Комоланың өзі-ақ кірісіп кетті. .

Дағдыланып көрмеген нәрсе қайта оны рақаттандыра түсетіндей. Бараһат жан-жаққа шашырап жатыр, қыз күлкісін де тыя алмады. Оған қарап, Ромеш те мәз-мейрам болды.

Бараһат бірыңғайланған соң, Комола сариінің етегін беліне түріп алды да, тамақ пісіруге кірісті. Бұл жерде Калькуттадан тәтті салып ала шыққан құмыра да қажетке жарап қалды. Сол құмыраны отқа қойды да Комола Ромешке қарады:

— Тез барып шомылып кел, міне қазір бәрі де дайын болады.

Ромеш тамаққа уақытымен оралды.

Бұл жерде бір киындық та туып қалды — бұларда тағам салатын ыдыс-аяқ та жоқ еді.

— Ыдыс-аяқты матростардан да алуға болар еді, — деп Ромеш қаймыға ұсыныс жасады.

Оның ойламай айтқан бұл сөзі Комоланы түршіктіріп жіберді. Ромеш бұрын да осындай бір күнәлар жасағанын мойындады.

— Оның бәрі де өтіп кеткен іс, — деді Комола. — Бірақ келешекте ондайыңа жол бере алмаспын!

Содан кейін құмыра қақпағын алып, тазалап жуды да Ромешке ұсынды.

— Бүгін осы ыдыстан-ақ же, кейін басқа бір жөні болар.

Палубаның бұлар отырған жері тазаланып, тәртіпке келген соң, Ромеш тамақ ішуге кірісті. Дәмін татып, мақтап та жатыр.

— Келеке етпе, жеші, — деп Комола қысыла сөйледі.

— Жә, бұл жерде қандай келеке бар! Қазір өз көзің жететін болады.

Осыларды айта отырып, ол ыдысты қалай босатқанын да сезбеді, тағы да сұрады. Бұл жолы қыз молырақ салып берді.

— Сен не істеп отырсың, өзіңе тіпті ештеңе де қалдырмадың ғой деймін!

— Әлі де бар мұнда, уайымдама, — деді Комола. Оның тамақ пісіру өнеріне Ромештің соншалықты көңіл аударуы қызды қуантып тастады.

— Ал өзің қалай тамақтанасың? — деп сұрады Ромеш.

— Осы ыдыспен.

— Жоқ, бұл болмайды, — деп Ромеш тынышсызданып қалды.

— Неге? — деп Комола таңырқай сұрады.

— Жоқ, жоқ болмайды!

— Неге істейтінімді білем ғой, — деп қыз қарсылық білдірді.

— Умеш! Тамақты сен немен жемексің? — деп дауыстады Ромеш.

— Анда төменде тәтті сатылып жатыр. Дүкеншіден барып шалово ағашының жапырағын аламын.

— Тыңда, Комола, — деп Ромеш қызға қарады, — егер тамақты мына қақпаққа салып жейтін болсаң, әкел мен жақсылап тұрып жуып берейін.

— Жынданып кеттің бе? — деп Комола ашулана сөйледі.

Аз-кем уақыттан соң, тағы да былай деді:

— Енді пан дайындайды екен деп ойлама, қуыс ыдыс жоқ.

— Төменде біреу пан сатып жатыр, — деп жауап берді Ромеш.

Олардың шаруашылық негізі осылай пәлендей қиындықсыз-ақ құрала бастаған еді. Бірақ Ромештің көңілі тыншымады: ол әйелдің міндеті деп танып, Комола жасар қамқорлықтан құтылудың жолын ойлаумен болды.

Үй шаруашылығын атқаруда Комола ешқандай ақыл, көмек тілеген емес. Ұзақ жылдар бойы ол ағасының балаларын қарап, тамағын дайындаған, үй ішіндегі жұмыстың бәрі де мұның мойнында болған-ды, Ромеш қыздың ептілігі мен ынталылығына, еңбексүйгіштігіне қатты сүйсінген еді, сөйтсе де келешекте өзара қарым-қатынастарының қалай қалыптасарын да ойлаумен болды.

"Мен онымен бірге тұра алмаймын, қалдырып та кете алмаймын", — деді өзіне-өзі. Сонда Комолаға деген қарым-қатынастың шегі неде? Егер оның жанында Хемнолини болса, бәрінің де реті табылар еді. Бірақ қайтсе де бұл үмітпен қоштасуға тура келді Ал Комоламен оңаша отырып, мәселенің басын ашып алу оңайға соқпайтын да сияқты. Ақыр соңында Ромеш Комолаға бәрін де айтпақ болды, жасырынбақ ойнауды қоятын уақыт жетті деп түйді өз ойын.

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Кешке жақын кеме қайырлап қалды. Команда біткен шығарып аламыз деп көп азаптанды, бірақ, ұзақ күн нәтижесіз, зая кетті.

Биік жағадан өзенге қарай көлбей түсіп, су құстарының ізімен айғыздалған құм жазық жатыр. Мұнда күн батар алдында соңғы рет су алуға қыстақ әйелдері келген. Кеме оларға таңсық, әуес көрінеді, — біреулері бет пердесін алмай қаймыға қараса, екіншілері ашық жүзімен батыл көз салады. Жар шетінде бір топ қыстақ балалары асыр салады, осы бір тұмсығын көтерген өжет кеменің қиындыққа кезігіп қалғанын қызықтап, айқай салып шуласады.

Екінші жағадағы құлазыған құм қырқалардан асып, күн ұясына қонды. Ромеш қараңғылық үйіріліп келе жатқан бейуақта палуба тұтқасынан ұстап, күннің қызыл арайымен нұрланған батыс жақ көкжиекке қарап ұзақ тұрды. Комола қолдан қалқайтқан наубатханасынан шықты да, каюта табалдырығына келіп тоқтады.

Ромештің көңілін өзіне қалай аударарын да білмеді, ақырын ғана жөтеліп те қойды, бірақ нәтижесі болмады. Сол сәтте ол қосақталған бір топ кілтпен есікті ұра бастады. Кілт даусы жер көкті алып кеткен соң Ромеш бері қарады. Комоланы көрді де жақын келді.

— Мені шақырудың бұл қандай амалы? — деп сұрады.

— Енді қайтпекпін?

— Әке-шешем не үшін ат қойған маған? Егер керек болсам Ромеш деп неге айтпасқа?

Тағы да бір арзанқол әзіл. Қыз құлағына дейін қызарып кетті. Осы сәтте батыс аспандағы жалынды реңк осы Комоладан тарап тұрғандай болып көрінді. Басын төмен иді де ол былай деді:

— Айтып тұрғаның іс емес! Тыңда, тамақ дайын болды. Азанда асты аз іштің ғой, қарның ашқан шығар, кешкілікте ертерек іш.

Өзеннің таза ауасы Ромештің аранын ашқан еді, бірақ ол азық-түліктің жетімсіздігіне бола, Комоланың тынышы кетер деп үндемеген. Міне енді күтпеген ұсыныс Ромешті қуандырып тастады. Және бұл қуаныш жалғыз тамаққа да байланысты емес еді, оның есен-саулығы жайында тағдырдың өзі қам жеп жатыр, сол себепті Ромештің тағдыр ырқына табынбауға қақысы жоқ деген ой келді. Дегенмен мұның бәрі бір қателіктен болар деген азапты ойдан да құтыла алмай-ақ қойды. Ромеш ауыр күрсінді, иығы салбырап каютаға енді.

Оның көңілсіз түрін көріп, Комола таңырқай, сұрана қарады.

— Сенің тамақ ішкің келмейтін сияқты ғой. Неғып қарның ашпады? Бірақ ішпесең зорламаймын.

Алайда Ромеш жасанды бір көңілсіздікпен асыға жауап берді:

— Зорлаудың керегі не, ол менің асқазанымның шаруасы ғой. Тағы бір ретте осылай кілтті даңғырлатып мені дастарқанға шақыра бастасаң Мадхусудонның өзі келіп қалып жүрмесін, байқа! Жейтіндей ештеңе көре алмай тұрмын-ау мен! — деп ол сөйлей берді, қаншама ашығып келсем де, мына сияқты заттар сіңе қояр ма екен! — Ромеш каюта ішіндегі заттар мен төсек-орынды нұсқады.

— Кішкентай кезімнен бері мені мүлде басқа тамаққа үйреткен-ді.

Комола ішек-сілесі қата, ұзақ күлді.

— Міне, енді шыдамың жетпей жатыр! Палубаға сүйеніп тұрдың, аспанға қарадың, ашыққаныңды да, шөліркегеніңді де сезген жоқсың. Ал шақыру ғана мұң екен, қарның ашқаны бірден ойыңа келе қалды! Жақсы, жақсы! Бір сәт күте тұр, қазір әкелемін.

— Иә, шапшаңырақ қимылда, әйтпесе, қайтып келгеніңде төсек-орныңды да көре алмай қаларсың! Онда өкпелемеуіңді сұраймын.

Осы бір-екі қайыра қайталанған әзіл қызға көп рақат әкелді. Шын қуанып, әсем де толқынды күлкісімен бөлме ішін толтырып, ол шығып кетті. Ромештің бояма көңілділігі сол сәтте ғайып болды.

Комола көп кешікпей беті шалово ағашының жапырағымен жабылған шетен себетті алып келді де, кереует үстіне қойды, сариінің ұшымен еденді сүрте бастады.

— Не істеп жатырсың? — деп Ромеш мазасыздана сұрады.

— Бәрібір, мен қазір көйлек ауыстырып киемін.

Комола осыны айтты да, шалово жапырақтарын еденге жайды. Оның үстіне лучи мен көкөністерді апарып жайғастырды.

— Міне, керемет! Лучиді қайдан алдың? — деп таңырқады Ромеш. Бірақ Комола соншалықты оңай сыр алдыруды тіптен қаламаған еді.

— Ал сен қалай ойлайсың? — деді ол тұңғиық бір кейіппен. Ромеш қатты қиналысқа түсетіндей қалып білдірді.

— Сөз жоқ, команда қорынан алдың!

— Саған не болған! Мүмкін емес қой! — деп Комола ашулана сөйледі.

Ромеш лучиды қайдан, қалай алудың не бір әдістерін жорамалдап, Комоланы ызаландыра отырып, соғып жей бастады. Ақыр соңында осы бір араб хикаяларының қаһарманы, сиқырлы шамның иесі Аладин мұны өзін құрметтейтін адамына Белуджистаннан жіберген болар деді. Қыздың шыдамы таусылды.

— Жетті енді! Мен саған ештеңе де айтпаймын! — деді ол теріс айналып.

— Жоқ, жоқ! Жеңілгенімді мойындаймын. Әрине өзен үстінде жүріп лучиды қалай дайындауға болатынын табу қиын-ақ, ал өзі соншалықты дәмді екен, — деді Ромеш.

Және өзінің білім құмарлығын, асқа деген тәбеті мүлде басып кеткенін ықыластана отырып дәлелдеді.

Кеме қайырлап қалған соң-ақ Комола өзінің қаңырап тұрған қоймасына береке болсын деген ниетпен Умешті қыстаққа жіберген. Анада мектепке аттанарда Ромеш берген ақшадан аздап қалған да болатын. Сонысын ол мен ұнға жұмсап еді.

— Ал сенің неге көңілің соғады, Умеш? — деп сұрады Комола баладан.

— Сүт сатушыдан мен жақсы ірімшік көрген едім, бану, ал бізде баян бар ғой. Егер тағы бір-екі пайеаға ақталған күріш сатып алсақ, мен бүгін тамаша тағам жасаған болар едім, — деп жауап берді бала.

— Аз да болса ақша қалды ма сенде, Умеш? — деді Комола.

— Ештеңе де қалған жоқ шешей.

Комола қиналып қалды. Ақша керек екенін Ромешке айтуға қалай батылы жететінін ол ойлай да алмады. Аз-кемнен соң Комола:

— Тәттіге бүгін ақша жетпейді, бірақ сен уайым жеме, бізде лучи бар. Барып нан илейміз, — деді.

— Шешетай, мен жақсы ірімшік көрдім деп тұрмын ғой. Оны қайтеміз?

— Умеш, сен бүгін мырза келіп асқа отырғанда оған ондай-мұндай сатып алуға ақша сұра.

Умеш желкесін қасып, ұяла жақындап келгенде, Ромеш тамақтанып та жатқан еді. Ромеш қарағанда, бала былдырлап, байланыссыз сөйледі:

— Шешетай... ақша жайында... сатып алу үшін...

Сонда ғана Ромештің ойына тамақ әзірлеу үшін ақша керек екені, Аладинның сиқырлы шамы бұл жерде ешбір көмектесе алмайтыны алғаш рет келіп түсті.

— Сенде мүлде ақша жоқ қой, Комола, оны менің есіме өзің неге салмайсың? — деп Ромеш мазасыздана сұрады.

Қыз үндемеді, бұл қатені өз мойнына алды.

Кешкі тамақтан кейін Ромеш оған кішкене бір қобдишаны ұсынды:

— Бүгіннен бастап асыл заттарың мен ақшаңды осыған салатын бол

Үй шаруашылығының бар азап-ауыртпалығы енді Комоланың мойнына жүктелді деп ойлап, жайбарақаттанған Ромеш тағы да келіп палуба тұтқасынан ұстады, көкжиегі қараңғылыққа тұнып бара жатқан батысқа көз жіберді.

Умеш ақыры банан мен күріш, ірімшік араластырып өзіне тамақ пісіріп жатты, ал Комола оның алдында түрегеліп тұрып, өткен өмірін сұрады.

Умеш үйінде өгей шеше әмірші болған, мұның тұрмысы ауыр екен. Умеш қашып шыққан, енді өз шешесінің Бенарестегі апасына бармақ.

— Егер, шешетай, сен қасыңда қалдыратын болсаң, мен ешқайда да кетпес едім, — деп түйді ол сөзін.

Комола жүрегінің терең түкпірінде жатқан аналық сезім жетім баланың мына көңіл толқытарлық өтінішіне тебірене оянып кетті.

— Өте жақсы, Умеш, сен бізбен бірге боласың, — деп мейірлене айтты ол.

ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ

Сызықтай болып тұтаса қарауытып жатқан жаға шіліктері түн — қалыңдықтың қамқа киіміне көмкерме әдіп сияқты. Кешке дейін қыстақ төңірегінде жайылымда болған бір топ жабайы үйрек өшіп бара жатқан күн сәулесі астымен қарсы беттегі тыныш көлге түнеуге тартты. Ұясына қонған шуылы да басылды. Өзен бетінде бірде-бір қайық қалмаған, тек бір жуан арқанмен тартылған үлкен желкенді кеменің қарауытқан нобайы алтын-жалқын су бетінде бөліне, айқындала көрінеді.

Ромеш өзінің шетел креслосын жаңа ай сәулесі толықси түсіп тұрған кеме тұмсығына жылжытты.

Аспанның батысында ойнаған күннің соңғы нұры да түгел сөнді, мына ай сәулесінің сиқырлы шымылдығымен қоршалған байтақ дүние енді еріп кеткендей.

"Хем, Хем!" — деп Ромеш өзіне-өзі әлденеше қайталап айтты. Бұл есім оның сезімге толы жүрегін аймалап тұрғандай. Осы бір есімді атағанда әлдебіреудің шексіз елжіреп, бұлдыраған кірбіңді көзі оның жүзіне қасіретпен үңіліп тұрғандай болады. Ромеш селк ете түсті, көз шарасы ыстық жасқа толып кетті.

Оның көз алдында соңғы екі жылдағы өмірі елестеді. Хемнолинимен алғашқы танысқан күнін есіне алды. Өз тағдырында сол күннің осыншалық айрықша орын алатынын Ромеш онда білмеген еді. Джогендро алғаш рет үйіне алып келгенде жігіт қысыла, қымсына отырған. Ал Хемнолиниді көргенде тіпті үрейі ұшып кетіп еді. Содан соң кем-кемдеп ұяңдығы тарай бергенде, бір-біріне үйренісіп те кетті. Осы үйренісу кейін Ромешті тұтқынға айналдырды. Махаббат жайында өзі оқыған өлеңдердің бәрі тек Хемнолиниге арнап жазылған сияқты көрінді де тұрды. "Мен сүйемін" дейді ол өзіне-өзі, мақтана айтады. Емтихан алдында жолдастарының сүйіспеншілік жайындағы поэмалардың сюжетін амалсыз жаттауларына тура келеді, ал Ромеш бұл жұмысқа бар ықыласын салатын, сол себепті ол қалғандарынан биік тұратын. Ромеш қазір соның бәрін ойлай отырып, ол кезде махаббат босағасында ғана тұрғанына көзі жетті. Тек ойда жоқта пайда болған Комола оны түзелмес бір шырғалаңға түсіріп жібергенде ғана, оның махаббаты қиын-қысталаң сындардан өтіп барып қана қалыптасқан, бой көрсеткен екен.

Ромеш қолымен басын ұстады да, өз алдында өлі де бітпес шырғалаң торға түскен адамның тұтас бір сұрқай өмір-тіршілігі мен болмысы тұрғанын ойлады. Сол шырғалаң торын үзуге оның күші неғып жетпейді?

Жас жігіт кенет бір кесімге келіп шиыршық атып, басын жоғары көтеріп еді, Комоланы көрді. Ол қасындағы кресло арқасына сүйеніп тұр еді.

— Ұйықтап кетіп пе едің? Оятып жібердім бе? — деп қыз үрейлене сұрады.

Өкініп қалған қыздың кетер жайын байқаған Ромеш асыға сөйледі.

— Жоқ, жоқ, Комола, ұйықтаған жоқпын. Отыр, саған мен бір ертек айтып берейін.

Ертегі дегенді естіп қыз қуанып кетті. Жалт етіп креслоны оған таяңқырап қойды. Ромеш өзіне-өзі "бәрін де енді айтар уақыт жетті" деп шешкен. Алайда оқыстан, мынадай күрт соққы беруге дәті шыдамады, ертегі айтпағы да сол еді.

— Бір заманда жауынгер бір ру болған екен, — деп бастады ол. — Ол ру...

— Атап айтқанда қайда? Тіпті ерте заманда ма?

— Иә, есте жоқ, тым ескі заманда. Сен онда бұл дүниеде жоқ та болатынсың.

— Ал сен ше, туып үлгіріп пе едің? Бір қарияның табыла қалғанын қарай көр! Ал, сосын?

— Бұл рудың адамдарында мынадай ғұрып болған: қыз айттыру, құда түсу дегенге олардың өздері еш уақытта да қатыспайды екен, тек қалыңдығына семсерін жолдайды екен. Қызды қылышпен атастырады да, күйеу үйіне алып барады, сонда ғана нағыз үлкен той басталады.

— Ой, қандай жаман! Неке қиюдың бұл қандай оғаш түрі?

— Бұл ғұрып маған да ұнамайды, бірақ мен бұл жерде не шара жасай алмақпын. Мен айтқан жаңағы жауынгер адамдар қыз үйіне келіп, неке қиюды қорлық санаған. Мен әңгіме етейін деп отырған раджа сол рудан шыққан адам екен. Бір күні ол...

— Сен әлі оның қайда үстемдік жүргізгенін айтқан жоқсың.

— Ол Мадура жұртының раджасы. Міне сөйтіп бір күні сол раджа...

— Ең алдымен оның атын айт.

Комола бәрін де білгісі келеді, ештеңесін де қалдырмай қазбалай сұрайды. Ромеш оның мұндай екенін білсе, әңгімеге күні бұрын ұқыпты дайындалған болар еді. Ол әңгіме қаншама қызықты болса да, жаңсақтыққа, не алдау сөзге Комоланың төзе алмайтынын байқады.

Күрт қойылған сұраққа Ромеш кешіге ойлана жауап берді:

— Ол әміршіні Ранджит Сингх деп атаған.

— Мадура жұртының әкімі Ранджит Сингх, — деп қыз тағы да қайталап айтып қойды. — Иә, сонан соң не болған?

— Ал содан кейін әңгіме былай болыпты: жаңағы раджа ел кезіп жүрген бір жыршыдан сол өз руынан шыққан басқа бір раджаның тамаша сұлу қызы барын біліпті.

— Ал ол екінші раджа кім?

— Иә, оны, мәселен, Канча әкімі деп жориық.

— Жорудың керегі не маған? Шынында ол сол жұрттың әкімі болмаған ба?

— Жоқ, бәрі де дәл солай болған. Сен оның атын білгің келетін шығар? Оны Амар Сингх деп атаған.

— Бірақ қызды... әлгі сұлу қыздың атын айтпадың ғой.

— Айтпақшы, иә, тарс ұмытып кетіппін. Қыздың аты... Оның аты... иә, иә, таптым! Оны Чандра деп атаған.

— Қызық-ақ! Осындай нәрселерді үнемі ұмытасың да жүресің! Тіпті бір ретте менің атымды да ұмытып қалғансың!

— Аутх раджасы, жыршыдан ести салысымен...

— Аутх раджасы тағы қайдан пайда бола қалды? Сен Мадура жұртының әкімі туралы айтпап па едің?

— Сен раджаға бір-ақ өлке қарайды деп ойлап па едің? Ол Мадура жұртын да, Аутх жұртын да билеп тұрған.

— Бұл елдер бір-біріне көршілес болған шығар?

— Иә, тұп-тура, өңірлес, бір-біріне жақын болған.

Әр адым сайын осындай қателіктер жіберіп, өз сөзіне өзі қайшы келе отырып, онысын Комола сұрақтарының арқасында әйтеуір бір түзеп отырып, ақыры Ромеш оған мынаны аңдатты:

Мадура жұртының әкімі Ранджит Сингх Канча әкіміне маған қызын берсін деп кісі салыпты. Бұл жайға Канча раджасы Амар Сингх қатты қуаныпты және неке қиюға рұқсатын беріпті.

Сонда күйеуінің інісі Индраджит Сингх қарауына қалың қол жинап, ту көтеріп, дағара ұрып, жар салып, Канча еліне келіпті, сарай бақшасында мекен теуіп жатыпты. Канча қаласында той-думан басталған. Патшаның ғайыпты бол жаушылары неке қиюға сәтті бір күнді таңдап алған. Думан айдың екінші жартысының он екісіне қараған түнгі сағат екіде басталуға тиісті болыпты.

Сол күні патша қызы Чандра құрметіне арналып үй ішінің бәрі де гүл алқаларына бөленді, барлық жерде шырақтар жанды.

Алайда ханым өзінің кімге шығатынын білген жоқ еді. Қыз дүниеге келгенде кемеңгер Парамананда Свами оның әкесіне былай депті: "Сенің қызың жұлдыздардың сәтсіз тоғысқан кезінде дүниеге келді, ұзату тойы үстінде ол күйеуінің атын естімеуге тиісті екенін жадыңда ұста!"

Тағайындалған мерзімде қыз семсер ұстап барып, некесін қидырады.

Индраджит Сингх өз ағасының әйелін құттықтайды, көп сыйлықтар ұсынады. Рамаға құлай берілген Лакшмандай бұл да өз ағасы Ранджитқа адал берілген еді. Перде астында гүл жайнап тұрған езгі Чандраның жүзіне көз де салмайды, тек оның айнала қызыл лак жүргізіп, кішкене қоңыраулар іліп қойған аяғына ғана қарады.

Той өткен күннің ертеңіне Индраджит қалыңдықты асыл тастармен әлеміштелген жабық паланкинге отырғызып, еліне сапар шекті.

Сәтсіз жұлдызды есіне алған Канча раджасы қызының иығына оң қолын салып, қинала тұрып, оң батасын берді, ал шешесі Чандраны құшақтап сүйді, көз жасып тыя алмады. Барлық әулие мекендерде мыңдаған абыздар отырып, қыздың аман-есен жетуін, ғайыпты болжаушы айтқан бақытсыздыққа кезікпеуін тілеп жатты.

Канча мен Мадура арасы қиян-шалғай бір айлық жол екен. Сапарға аттанған күннің ертеңіне керуен кешқұрым келіп, Ветаса өзенінің жағасына тоқтайды, шатыр тігеді. Әскерлер дем алуға ойыса берген шақта орманда жылтылдап от көрінеді. Индраджит істің жайын білмекке бір топ адам жібереді.

Солардың бірі патшазадаға қайтып келіп, оның да нөкерлері бар сондай бір рулас керуен екенін хабарлайды. Олар да күйеу үйіне қалыңдық апара жатыр екен. Жол бұл тұста катерлі екен, сол себепті өздерін патшазаданың қанат астына алуын сұрапты. Келісім болса біраз жерге дейін бірге жүрмек.

— Панасы жоқ жандарды қорғаштау біздің міндетіміз, — деп жауап беріпті Индраджит, — оларды да жақсылап күзете біліңдер!

Сөйтіп екі керуен қосылып кетеді.

Үшінші түн ай ортасының ең ақырғы қараңғы түні еді. Артта орман, алда адыр-белестер тізбегі көрінеді. Қалжыраған жауынгерлер шыбын-шіркейлердің ызыңы мен жақын жердегі құлама судың біркелкі шуылын тыңдап жатып қалың ұйқыға кетеді.

Кенет бір айқай-шу басталыпты. Жауынгерлер Мадур лагерінде үріккен аттардың ойран-асыр жасап жүргенін көреді, әлде біреулер шідерлерін қиып жіберген болса керек: шатырлардың бәрі де қызыл жалынға оранған, айсыз түн самаладай болып кеткен.

Лагерьге қарақшылар келіп тигені айқын болады. Қолма-қол соғыс басталып кетеді, жау қайсы, жақын қайсы айырып болмайтын топалаң болады да қалады. Бейбіт ұйқыда жатқан жолаушылардың абдырап, сасып қалғандығын пайдаланған қарақшылар олжасын алып, орманды шың-шатқалға сіңіп те үлгіріпті.

Ұрыс тынғанда, қалыңдық жоқ болып шығады. Үрей ұшырған ол лагерьден қашып шығыпты да, босып бара жатқандардың соңынан ере беріпті. Тегі, өз адамдарына жорыған болса керек.

Бірақ ол босқындар екінші керуеннің адамдары еді. Ал осы топта көтерілген әлек-шәлекті қарақшылар пайдаланып кетіпті. Қалыңдықты алып қашқан. Осыған орай бұл керуен жауынгерлері Чандраны өздері әкеле жатқан қалындық деп түсініп, онымен бірге өз еліне жүріп кетеді.

Олар кедейленген бір елден шыққан екен, өздері теңіз жағасындағы Квалинганы түгел жайлайды екен. Жоғалған қалыңдық Чандра күйеуімен дәл сонда кездесті. Күйеу аты — Чет Сингх екен.

Чет Сингхтың анасы бұларға қарсы шығып, келінін үйге алып кіреді. Ағайын-туғандар таңырқаса күбірлесіп қалады: олар мұндай сұлуды дүниеде көрмеген еді.

Бақытты Чет Сингх Чандрадан өз отбасының Лакшмиін көрді, оған құрметпен қарады.

Мейірбанды әйел үлгісі есепті болған ханым Чет Сингхты өз күйеуім деп есептеді, өзінің бар өмірін соған бағыштамақ та болды.

Жаңа қосылған жас жұбайлардың бір-біріне беті ашылып, үйреніскенше бірнеше күндер өтті. Содан кейін бір күні Чет Сингх Чамдрамен әңгімелесіп отырып, кенеттен оның өз әйелі емес, басқаның қалыңдығы екенін білді.

ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУ

— Содан кейін не болыпты? — деп Комола төзімсіздене сұрады. Ол Ромештің айтқандарын ынтызарлықпен тыңдаған еді.

— Менің білетінім сол ғана, — деді Ромеш, — қалғаны маған анық емес. Содан кейін не болғанын сен айтшы!

— Жоқ, жоқ, бұлай ету жарамайды. Содан кейін не болғанын сен өзің; айтып беруге тиіссің!

— Мен шынымды айтып отырмын. Ертегі әлі түгелдей жарияланып болған жоқ және соңғы тарауларының қашан шығатынын ешкім де білмейді.

— Қойшы! — деп Комола ашуланып қалды, — қандай жаман адамсың! Тіпті сенің мұның адалдық емес!

— Одан да осы кітапты жазған адамды тілде. Дегенмен де сеніңше, Чандраны не істеуге тиісті? Сен қалай ойлайсың?

Комола өзенге қарап үнсіз ұзақ отырып қалды. Ақырында коп уақыт өткен соң ғана:

— Оның Чандра жайында не істеуге тиісті екенін білмеймін. Ештеңе де ойлап таба алмай отырмын, — деді.

— Мүмкін, мұның бәрін ол Чандраға айтуы керек шығар? — деп Ромеш аз кідіре сөйледі.

— Міне, міне! Сен тауып кеттің. Егер ол үндемейтін болса қып-қызыл жанжал шығып кетеді ғой. О бұл онда сұмдық болмақ! Бәрінен де шындықты айтқан жақсы.

— Иә, шындық бәрінен де жақсы, — деп Ромеш шапшаң қайталады. — Комола, тыңдашы, — деді ол аз-кем уақыттан кейін. — Егер де...

— Егер де деген не?

— Егер де мен Чет Сингх, ал сен Чандра болсаң...

— Ондай нәрсені айтпа! — деп дауыстады Комола. — Бұл маған мүлде ұнамайды.

— Жоқ, сен дегенмен де жауап бер! Иә, ойламаған жерден оқиға дәл осылай болып шықса, сонда біздің не істеуіміз керек?

Қыз ұшып тұрды да, ештеңе айтпастан жүгіре жөнелді.

Каюта босағасында өзенге тесіле қарап Умеш отыр еді.

— Елес дегенді білесің бе, Умеш? Өз өміріңде көргенің бар ма оны? — деп сұрады Комола.

— Көрдім, шешетай.

Комола жақын жерде тұрған шетен орындықты әкеп отырды да өтіне сұрады:

— Ал қандай екен, айтшы?

Ромеш көңілсіз кеткен Комоланы қайта шақырмады. Орақ сияқты жаңа ай артта бамбук борығының тасасына түсіп, көзден ғайып болды. Палубадағы шамдар да сөндірілді, — матростар мен капитан тамақ ішуге, жатып демалуға төменге түсті. Бірінші класта да, екінші класта да басқа жолаушылар болған жоқ еді, ал үшінші класта келе жатқандардың бәрі де тамақ дайындауға жағаға шыққан-ды. Қарауытып көрінген жаға қамыстарының арасынан жақындағы лавкалардың оттары жылтырайды. Мол сулы дарияның лықа соққан қуатты толқыны зәкір шынжырынша гүр-гүр етеді. Ұлы да киелі Гангтың айбарлы тынысы әлсін-әлі кемені шайқалтып қояды.

Ромеш арғы жағы тұңғиық түнге батып өзгеше көлбеп жатқан таңғажайып, бейтаныс, шексіз даланың көрінісіне сүйсіне қарай отырып, жанын азаптаған сұраққа қайта-қайта оралып соға береді, бір амал-тәсілін таппақ болады. Ол қайткен күнде де, не Хемнолинидан, не Комоладан айырылысуға тура келетінін жақсы білетін. Екеуін де бірге ұстау сияқты — оңай келісімпаздық жайында сөз болмасқа керек. Оның Ромешті ұмытуына, басқа біреуге тұрмысқа шығуына болады. Ал Комола... бұл дүниеде басқа баспана мекені жоқ Комоланы ол қалай тастап кете алмақ?

Алайда еркек өзімшілдігінде шек жоқ қой. Шындығында Хемнолини мұны ұмыта алады, бұл дүниеде ол қыз қамын ойлайтын адамдар да бар, Ромеш оның құдайдан тілеп алған жалғызы ғана емес деген ой оны жұбата алмады. Қайта осылардың бәрі жігіттің жанын ауыртып, үрейлендіре берді. Кейде өз жанында Хемнолини отырғандай күңгірт бір елес пайда бола кетеді. Бірақ Ромеш оған жақындай алмайды, елес бұған қолын үнсіз де жалбарына соза беріп, біржола ғайып болады.

Ауыр ой басқан Ромештің ұнжырғасы түсіп кетті.

Әлдебір алыстан қорқаулар ұлыды. Қыстақтың беймаза иттерінің шәуілдеп үргені де үздіксіз келіп жатыр.

Бір уақытта Ромеш шошып оянғандай селк ете түсті. Қаңыраған қараңғы палуба тұтқасынан ұстап тұрған Комоланы көрді.

Жігіт түрегелді де қыздың жанына келді.

— Осы уақытқа дейін неге ұйықтамай тұрсын, Комал. Тым кеш қой...

— Ал сен өзің ұйықтауға ықыластысың ба? — деп сұрады қыз.

— Мен қазір келемін. Саған төсек оң қолдағы каютаға салынған. Мені күтпе, бар тезірек.

Комола тіс жармады, жай басып өз каютасына жөнелді. Жаңа елес жайында әңгіме тыңдағанын, ал каюта ішінің қараңғы да құлазып тұрғанын Ромешке ол қайтіп айта алсын.

Ол сенімсіз де ілби басып барады. Ромеш бұдан Комоланың ішкі дүниесі алау-жалау екенін аңғарды, жүрегі тулап кетті.

— Қорықпа, Қомола, мен саған көрші каютадамын ғой. Аралық есікті ашық қалдырармын, — деді ол.

— Қорқатын ештеңе жоқ! — деп Комола басын сілки көтеріп алды.

Ромеш өз каютасына кірді де жарықты өшіріп жатып қалды.

"Комоланы тастап кетуге болмайды, — деп ол ойын жалғай берді, — ал бұл" Хемнолиниге қош-есен бол деген сөз! Иә, кесім осы. Кейінге жол қалған жоқ және... Толқымалы көңіл кет маңымнан!".

Сонда да Хемнолиниден айырылысу өліммен тең. Оны да жігіт жақсы сезеді. Ромеш жата алмады. Төсектен тұрды да, палубаға шықты. Тастай қараңғы түн құшағында тұрып, кенеттен ол өз басындағы жеке қайғы мен жан аласапыранының шексіз кеңістікке, бар заманға тұлға бола алмайтынын түсінді. Аспан әлемінде жұлдыздар жымыңдайды. — Мына, жердегі Ромеш пен Хемнолини дегеннің оқиғалары олар үшін ештеңе де емес. Тартпайды, толқытпайды. Келешекте, осындай бір ашық күзде қаншама жұлдызды түндер болмақ. Жым-жырт ұйқы басқан қыстақ ағаштарының көлеңкесінде, сыбырлаған қамыстар мен құлазыған құм жазықты бойлап мына өзен де күмісше сылдырлап аға беретін болады! Ромештің дүниелік бар ауыртпалығы мен қайғы-қасіреті бір уыс күлге айналады да мәңгі өшеді, ал мына өзен болса, ақ көбігін жағаға ұрып, толқын атып жата беретін болады!

ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Комола оянғанда әлі қараңғы еді. Қасында ешкімнің жоқ екенін аңғарды, сол сәтте бұл түнді кеме үстінде өткергені есіне түсті. Қыз есікті жайлап ашты да, сыртқа көз салды. Жым-жырт су бетінде көгілдір жұқа тұман шымылдығы қонақтаған, қараңғылық бірте-бірте мұнарға айналып барады; орманнан арғы шығыс жақ көкжиекте таң шапағы ойнайды, көп кешікпей-ақ қорғасын түстес тұнық су бетін ала-құла балықшылар қайығының желкені алып кетті.

Комоланы әлдебір парықсыз сағыныш оты билеп алды, жүрегі сыздады. Бүгінгі күз таңы неге жарқырап, күліп атпайды? Неліктен көз жасындай буалдыр тартады? Неліктен көмекейге бір ыстық тас кептеледі? Көз шарасының жасқа тола беретіні несі? Кеше ғана ол қайын атасы мен қайын енесінің де, жақын, жанашыр, сырлас, мұңдас адамдарының да жоқ екенін ойламаған еді. Ал енді бүгін не болды оған? Тіпті Ромештен де бір таяныш-медеу таппай, жалғыздығын есіне алып, осыншама торыққаны несі? Өзінің бейшара әлсіздігі жайында, мына көз алдында керіліп жатқан кең әлемнің айбындылығы жайында неге ойлады ол?

Комола босағаға сүйеніп ұзақ та, үнсіз тұрып қалды. Су беті бейне бір ерітілген алтындай болып, ойнап, жалтылдап кетті.

Матростар жұмысқа кірісті, машиналар зырқылдай бастады.

Таң сәріде зәкір шынжырларының гүрсілі мен машиналардың дүрсілінен оянған бір топ қыстақ балалары жағаға келіп қалды.

Осы шу Ромешті де оятты, ол төсектен тұрған бойда Комола жатқан каютаға беттеді. Қыз селк ете қалды. Ромештен тасаланғандай, жасырынғандай болып көрпеге орана, қымтана түсті.

— Сен әлі жуынған жоқсың ба, Комола? — деп сұрады ол.

Қыз ашуланып қалды. Осындай оқыстан неге ренжіп қалған себебін айтып жеткізе алар да емес, тек теріс қарай беріп, басын шайқады.

— Кешікпей жұрттың бәрі де тұратын болады, ал сен әлі ұйқыңды ашпапсың, — деді Ромеш.

Комола жауап қатпады, креслодан таза сәриі мен орамалын алды да, Ромештің жанынан ваннаға өтті. Комола оның осылай ертеңгілікте келіп тұруын қаламайды, көрсетер қамқорлықтарын талақ етті деуге болмайды, бірақ Ромеш қылықтарының өзінде жәбір болатындай бірдеме бар секілді. Ромештің бұған деген жүріс-тұрысында, көз қарасында бір шек бар, оның содан аттағысы келмейтінін Комола айқын сезінеді. Бұрын да айтылғандай, ол қайын ата үйінде тұрып көрген жоқ, қадірмен абысын-ажындар оған сыпайылық ғұрпын үйреткен емес, сол себепті Комола қай кезде жүзін пердемен көлегейлеу керек екенін білмейтін-ді. Сонда да ол Ромеш алдында қатты ұялыс тауып, бар денесі ұйып қалғандай болды, Комола суға шомылды да, бөлмеге оралды, өзінің дағдылы шаруаларымен шұғылданады. Иығына өзін төгіле түскен сариіне түйіп қойған кілтін алды да, өз киімдері бар чемоданын ашты, сол жерде оның көзі ақша салар кішкене қобдишаға түсті. Кеше ғана бұл қобдиша Комола үшін қуаныштың көзіндей болып көрініп еді, сенім берген, дербестік пен тәуелсіздік сезімін әкелгендей болған. Қыз оны ықтияттап жауып, өз киімдерінің арасына қойған. Ал бүгін Комола оны қолына алып, ешбір рақат таппады. Бұл зат енді түгелдей оныкі емес сияқты — бұл Ромештің қобдишасы. Сол себепті ол кешегі бір дербестік, тәуелсіздік сезімінен де бүгін ажырап қалды. Қайта бұл сыйлық оны Ромешке бұрынғыдан да жалынышты, бағынышты ете түскендей болды.

— Сен, немене, үндемей қалғаның, бос қобдиша ішінен әлдебір елес көрдің бе? — деді Ромеш каютаға кіре беріп.

— Қайтып ал, бұл сенікі ғой, — деді қыз қобдишаны оған ұсына беріп.

— Мен оны қайтпекпін.

— Өзіңе бірдемелер қажет болғанда ақша берерсің маған, мен барып сатып әкеп тұрармын.

— Ал сенің өзіңе ештеңе де керек болмағаны ма?

Комола иығын көтерді де, жалтара жауап берді:

— Ақша менің неме керек?

— Сенің бұл сөзіңді адалдықпен қайталап айтар адамдар тым аз болар, — деп күлді Ромеш. — Сонда да, егер қобдишаң өзіңе ұнамайтын болса, біреу-міреуге сыйлай сал, маған оның керегі жоқ.

Комола қобдишаны үнсіз еденге қойды.

— Тыңда, Комола, — деді Ромеш, — сен маған шындықты айтшы: ертегіні аяқтамағаным үшін ренжулісің маған, ә?

— Ренжулі деп саған кім айтты? — деп Комола төмен қарады.

— Егер ренжімесең, қобдишаны қайтып ал Шын айтқаныңа сонда ғана сене аламын.

— Ренжімеген күннің өзінде де қайтып алып қайтем? Бұл сенің нәрсең ғой. Өзің-ақ сақтайтын бол.

— Жә, бұл менің нәрсем емес! Өзі берген сыйлығын қайтып алған адам өлген соң елеске айналып кететінін білесің ғой.

Елес болып кетермін деген Ромеш күдігіне Комола қатты күліп жіберді.

— Сыйлығын қайта алғандардың елеске айналуы мүмкін емес, — деді ол әлі де күле отырып. — Мен мұны өмірімде естіген емеспін.

Комола күлкісі оларды қайта табыстырды.

— Бұл сияқты нәрселер жайын кімнен естиін деп едің? — деп сұрады Ромеш. — Елесте көрсең-ақ сұрайтын бол, мына сөзімнің рас өтірігіне сонда көзің жететін болады.

Әуестенген Комола, тіпті, орнынан көтеріліп кетті.

— Жоқ, өміріңде шын елесті көргенің бар ма?

— Нағыз елестің өзін көрген емен, ал жалғандарын көп көрдім. Дүниеде әлдебір нағыз нәрсені кездестіре беру де оңай емес.

— Қалайша? Ал мына Умеш айтады ғой...

— Умеш, оның кім тағы да?

— Анау, әлгі, бізбен бірге келе жатқан бала. Ол елесті өз көзімен көрген.

— Әрине, мұндай мәселеде мен Умешпен тайталаса, бәсекелесе алмаймын. Онымен келісуге тура келеді.

Сол бір уақытта команданың көп күш-қуат жұмсауымен кемеде қайырдан шығарылған еді. Жағадан сәл қозғалып, алыстай бергенде сол жақтан төбесіне себет қойған біреу көрінді. Жағаны өрлей жан ұшырып жүгіріп келеді, қолын бұлғайды, кемені тоқтатуды өтінеді. Бірақ капитан кешігіп қалып қойған бұл адамның жік-жапар өтінішіне құлақ асар емес. Сол шақта әлгі адам Ромешке жалына дауыстады,

— Бабу, бабу!

"Ол мені билет тексеруші деп түсініп айқайлаған болса керек" деп ойлады Ромеш. Кемені тоқтату оның ырқыңда емес екенін ишарамен аңғартып жатыр.

— Ал, бұл Умеш қой! — деп Комола кенет дауыстап жіберді. — Жоқ, жоқ оны қалдыра көрмеңіздер, рахмет жаусын, сәл аялдаңыздаршы!

— Мен өтінгенмен де кеме тоқтамайды ғой, — деді Ромеш.

Комола қатты ренжіді.

— Тоқтаңдар деп айтшы, өтінші, біз жағадан алыста емеспіз ғой.

Ромеш сонда ғана кеме капитанына барып, сол аялдауды өтінді.

— Бұл ережеге жатпайды, мырза, — деп жауап берді анау.

Сол сәтте Комола да келіп еді.

— Қалдырып кетуге болмайды оны. Тіпті жалғыз сәтке аялдаңыздаршы. Аһ, бейшара Умеш! — деп дауыстап жіберді ол

— Ромештің кедергіні құртып, заңды былай қалдыра тұратын кәдімгі бір әсерлі амалға көшуіне тура келді. Сыйлыққа бөгіп, татулыққа келген капитан кемені тоқтатты. Бірақ Умеш палубаға көтерілгенде ұрса сөйлеп кетті. Бала шіміріккен жоқ; ештеңе де болмағандай бір қалыппен келіп Комоланың алдына себетті қойды да көңілдене күлді.

— Неңе жетісіп күлесің? — деп Комола оны сөгіп тастады. — Кеме тоқтамағанда не болатын едің?

Умеш жауап берудің орнына, себетті аударды. Бір шоқ шала піскен банан, түрлі сортты салат, бірнеше асқабақ пен баклажан еденге домалап түсті.

— Мұның бәрін қайдан алдың? — деп Комола қолын соғып жіберді.

Бұл азықты табу амалы жайындағы Умеш жауабына үкімет орындары қанағаттанбас та еді. Кеше ол ірімшік, тағы басқа азық-түлік әкелем деп қыстаққа барғанда жаратылыстың осы бір киелі сыйлықтары қай үйдің бақшасында, қай үйдің төбесінде өсетінін байқап алғанды.

Бүгін ертемен кеме жүрер алдында ол жағаға шығып, үй иелерінің рұқсатын алып жатпай-ақ өзіне ұнаған осы жемістерді жинап алған-ды.

Ромештің зығырданы қайнап кетті.

— Сөйтіп, сен мұның бәрін бөтен біреудің бақшасына барып алдың ғой? — деп айқайлады ол.

— Ұрлық па осы? — деп Умеш пайымдылықпен тайталаса сөйледі. Сондай көп екен. Ал менің бар алғаным мынау ғана, бұдан кімнің несі құрып жатыр?

— Аз алғанды ұрлық деп санамайды екенсің ғой!? Сен кезепті ме, жоғалт көзіңді, құрт мыналарыңды.

Умеш Комолаға жалына қарады:

— Шешетай, бізде мынаны пиринг деп атайды, өзі бұқтырған күйде тым дәмді болады, ал мынау бето...

Ромеш бұрынғыдан да тұлданып кетті:

— Пирингіңмен қоса қабат кет бүл жерден, әйтпесе мен бәрін де суға лақтырамын!

Енді қандай жарлық боларын күткен бала Комолаға қарады. Қыз оған кет дегендей ишара білдірді. Умеш одан өзіне деген бір аяныш пен жасырын іш тарту барын аңғарды. Ол қарсылық жасамады, әкелгендерін себетке қайта салды да кетіп қалды.

— Жақсы емес бұл, — деп Ромеш Комолаға бұрылды. — Балаға бүйтіп бас шұлғып, құптай бермеу керек.

Соны айтты да ол хат жазам деп каютаға жөнелді. Комола жан-жағына үңіле қарап отырып, екінші кластың палубасындағы машина бөлімінде өздеріне тамақ пісіруге бөлінген жерге жайласқан Умешті көрді.

Екінші класта ешбір жолаушы жоқ еді, соны пайдаланған Комола ықтият киінді де, баланың жанына келді.

— Сен шынымен бәрін де лақтырып тастадың ба? — деп сұрады ол

— Жоқ, неге тастаймын. Бәрін де мына қоймаға салып қойдым.

Комола ашулы қияпат көрсетпек болды.

— Умеш, сен, тіпті, дұрыс жасамадың. Енді ондайды істемейтін бол, естисің бе? Ал егер, кеме кетіп қалса ше!

Содан кейін қоймаға кірді де Умешке:

— Пышақ әкел! — деп дауыстады.

Умеш пышақ ұсынды, Комола бала әкелген көкөністі турай бастады.

— Мына салатқа ұнталған қыша болса жақсы болар еді, шешетай, — деп қойды Умеш.

— Осылай-ақ дайында, — деді Комола ашулы кейіппен.

Сонда да Комола сияқты қыз үй-күйі жоқ баланы сыртқа тебе алар ма? Өзі мұндай қылмыстың бар салмағын жете түсінген де жоқ еді, бірақ сол бір жетім баланың баспана мен еркелікке қандай құмар екенін соншалықты жақсы сезінеді. Өйткені бала көкөністі тек бұны — Комоланы разы етсем деген бір ғана тілекпен әкелді ғой, кеменің кетіп қаларын да ойламады. Бұл Комола жүрегін қалай тебірентпесін.

— Міне, Умеш, саған кешегі ірімшікті сақтап қойғанмын. Мә, же, бірақ бұдан былай ондай шаруаны қайталамайтын бол, ұмытпа осыны! — деді ол

Көңілі бұзылып кеткен Умештің:

— Шешетай, оны өзің неге жеп қоймағансың, — деуге ғана шамасы келді.

— Мен ірімшікке сен сияқты онша құмар емеспін, — деп жауап қайырды Комола. — Ал енді, міне бізде балықтан басқаның бәрі де бар. Оны қайдан алуға болар екен?

— Шешетай, мен оны табар да едім. Бірақ ақшасыз алу қиын ғой.

— Мен сендей түйсіксіз баланы өмірімде көрген емеспін, Умеш. Ақшасыз барып бірдеме әкел деп мен зорлап тұрмын ба?

Ромештан ақша сұрауды оңай шара санамайтын болар Комола, деген тоқтамға бала келіп те қалған еді. Оның үстіне Ромешті ол ұната да қоймайтын. Сол себепті оны есепке де алмайтын Баланың аңдап жоспары Комола мен өзін қайтсе ғана қиын хәлден шығаруға болады дегеннің төңірегінде жүретін. Баклажан мен салат, банан жайында оның енді көңілі де орнықты, алайда балық мәселесін шешуге шамасы жетпеді. Бұл дүниеде адал сыпайылық, құрметпен бір қасық сүт те, бір үзім нан да таба алмайсың — бәрі де ақшаны керек етеді. Сол себепті Комоланың қызыл сіңір жарлы жанашырына дүние тым қатыгез көрінуші еді.

— Шешетай, егер де сен Ромеш-бабудан тым болмаса бір бес пайда алсаң, мен саған үлкен бір тұқы балық әкеп берген болар едім, — деп Умеш кінәлі кейіппен сөйледі.

Комола толқып кетті.

— Жоқ, жоқ мен енді кемеден кетіп қалуыңа рұқсат бермеймін. Егер де тағы да жағада қалып қойсаң, кеме күте алмайды!

— Жә, жоқ, кемеден кетудің керегі не. Бүгін таңертең осындағы матростар үлкен бір балықты аулап алған. Соның құрығанда жартысын сатар деп шамалаймын.

Осыны естіген Комола асыға барып, бір рупия әкелді, Умешке ұсына беріп былай деді:

— Қалғанын қайырып беретін бол

Умеш балықты алып келді, бірақ ұсақ ақшаны қайырмады, тұқы балықты матростар бір рупиядан бермеді дегенді айтты.

Комола оның жалған сөйлеп тұрғанын аңғарды да, күле сөйледі:

— Келесі бір кідірісте ақшаны ұсақтап алған дұрыс болар.

— Иә, сөйткен қажет болады, — деді Умеш былқ етпестен. — Тұтас бір рупияның шетін шығарған соң қалғанын қайырады деп ойлауға болмайды.

Бұл күні Ромеш отыра беріп:

— Тамаша дәмді екен! Мұның бәрін сен қайдан алдың? Мынау не? Тұқы балық басы ма, ей? — деп балықты алды да жоғары көтерді. — Жоқ, бүл түс те, сағым да, қиял да емес, — бұл кәдуілгі тұқы балықтың басы, оны — қызыл тұқы балық деп атайды.

Сөйтіп бұл түстік бейбіт жағдайда желінді. Содан кейін Ромеш палубадағы шезлонаға барып отырып дем алды. Ал Комола Умешті тамақтандыра бастады. Бұқтырылған балықтың ұнағаны соншалық, оның тіпті араны ашылып кетті, түшіркене жеді.

— Болған жоқсың ба әлі, Умеш? — деді ақыры тынышы кеткен Комола, — мен саған кешкілікке де алып қалған едім.

Шаруаларды жайғастырумен, көңілді әзілдер айтумен жүріп Комола таңертеңгі бір күңгірт көңілсіздіктен өзінің құлан-таза айығып кеткенін аңғармай да қалды.

Кеш түсе бастады. Күн еңкейіп қалды. Батыс жақтан кент астына қиыстай сәуле түсті. Күн сәулесі дірілдеген кеме үстінде ойнайды. Екі беттегі күзгі көк алсынның арасымен құмыра көтерген әйелдер өзенге келіп жатыр, кешкі дәретке су алмақ.

Комола панын дайындап болып, жуынып, таранып, киімдерін ауыстырып, кешкі асқа әзір болғанда, күн бамбук борығынан әрі асып жасырынған да еді. Кеме тағы да бір айлаққа келіп тоқтады.

Кешкі ас дайындауға Комоланың көп уақыты кете қойған жоқ, өйткені күндізден көкөніс қалған болатын. Сол кезде оның қасына Ромеш келді, күндіз жақсылап тамақтанып алғанын, енді ас ішпейтінін айтты.

— Ештеңе де ішкің келмей ме? — деп Комола ренжіп қалды. — Мүмкін аздап қуырылған балықтан жерсің?

— Жоқ, тәбетім шаппайды, — деді Ромеш каютаға беттей беріп.

Комола балықтың асылғанын да, қуырылғанын да Умештің тарелкасына салды.

— Шешетай, сен өзіңе неге ештеңе қалдырмадың? — деп сұрады Умеш.

— Мен жеп болдым.

Сөйтіп оның су үстіндегі бүгінге арналған шаруашылығы тамам болды.

Жер жарық айдың шұғыласына бөгіп тұр, тыныш су бетінде күміс сәуле ойнайды. Жақын маңда қыстақ та жоқ еді, жұмсақ көк реңкті, құлазыған күріш даласында жарын күткен сұлудай болып тұңғиық түн маужырап тұр.

Жағадағы титімдей ғана қаңылтыр шатырлы кеме кеңсесінде ілмиген бір қызметкер кішкене жер май шамының жарығында әлде бірдемені есептеп отыр. Ромеш оны ашық кеңсенің есігінен анық көреді. "Егер тағдыр маған осындай ғана жұпыны да мехнаты жоқ кеңсе кітабын жүргізіп, өз жұмысындағы атқаратын есепте жіберген қатең үшін байдан естіген сөзге көнтерілік жасайтын, ақыры түнделетіп үйіне оралатын тірлік берсе бақыттымын деп санар едім өзімді", — деп жігіт терең ойлана күрсінді.

Бір шақта кеңсе жарығы да сөнді. Қызметкер есікті жапты, түнгі салқыннан сақтанған болса керек, шарфын мойнына жақсылап орады да, жай басып жүріп кетті. Бірте-бірте түн қараңғылығына еніп жоқ болды.

Ромеш көпке дейін Комоланың өз артында тұтқадан ұстап қыруар уақыт тұрып қалғанын байқаған жоқты. Ол кешкілікте өзін Ромеш шақырар деп сенген еді, алайда бүгінгі тірлік шаруашылығы аяқталғанына біраз болып қалса да, оған келген Ромеш болған жоқ. Енді Комоланың өзі ақырын ғана палубаға шыққан. Кенет ол теңселіп кетті, орнынан қозғала алмай қалды. Жарық ай сәулесі тура Ромеш дидарына түсіп тұр, сол келбетке қарап Ромештің бұл жерден алыста екенін, тіпті алыста екенін, оның жүрегінде Комолаға орын да жоқ екенін түсінуге болатын еді. Тұңғиық ойға шомған Ромеш пен мына бір жалғыз да панасыз қыз арасында ақ кебіндей ай сәулесімен қымтанған тас түйін түн түсіп кеткендей.

Ромеш жүзін алақанына жасырды да, басын үстелге салды, Комола ақырын ғана каютаға беттеді, Ромешті іздеп келгенін сездіріп алам ба деген түйткілмен жұмсақ басуға тырысты.

Каюта іші қараңғыда құлазып тұр еді. Қыз кіре беріп шошып қалды. Дүние өзін мүлде талақ еткендей, сондай бір жалғыздықты сезінді, мына кішкентай үйшік әлдебір түсініксіз де қанқұмар ғаламат аңның ашылған аранына ұқсап, қараңғы тартады. Бірақ Комола қайда қашып құтылмақ?

Оның жайбарақат отырып "мен міне өз үйімдемін" деп айта алар мекені болған ба сірә.

Каютаға үңіле беріп, Комола кейін шегінді, бірақ сол сәтте Ромештің жер-көкті көтере темір сандыққа құлап түскен қол шатырына кезігіп қалды. Ромеш те бұл шуылдан шошып кетті, басын көтеріп алды да креслодан тұра беріп, өз бөлмесінің босағасында тұрған Комоланы көрді.

— Комола, не болып қалды? — деп сұрады ол, — мен сені ұйықтап қалған шығар деп ойлаған едім. Қорқып жүргеннен саумысың? Олай болса, мен де барып жатамын, есікті тағы да ашық қалдыруыма болады.

— Қорқып жүргеннен? Жоқ, саған не болған! — деп Комола жәбірлене сөйледі де қараңғы каютаға асыға кіріп, есікті бекітті. Төсекке келіп жата кетті де, көрпемен басын орап алды. Бұл дүниеде оның ешкімі де жоқ! Ол өзінің жалғыздығын айқын да, қамыға сезінеді, жүрегінде қарсылық бүліншілігі де бар; таяныш пен еркіндік жоқ болса, өмір сүрудің керегі не онда?

Азапты түн өтпей қойды. Көрші каютадағы Ромеш әлдеқашан ұйықтап қалған-ды. Ал Комола болса, көзін іліндіре алатын емес. Байқап басып ол каютадан шықты. Палуба тұтқасынан қысып ұстап, жағаға көз салды. Айнала тас түйін, жым-жырт.

Екі жағадағы егін жайдың ортасымен алысқа кете берер жіңішке соқпақ ала көлеңке тартып көрінбейді. Сонда да Комола үңіле қарап тұр сол жаққа. Қаншама әйел құмырасына су толтырып осы соқпақтармен үйіне оралмады! Үй! Осы сөзді ойлағанда оның жүрегі тулай соғып кетті. Мейлі, бір кішкентай баспана-ақ болсын, бірақ сол мекен-баспанасы қайда оның? Көкжиекке дейін көсіліп құлазып жатқан өзен жағасы алыстай барып жоқтыққа батып кетті. Аспан да тынып қалған. Адыра қалған аспан, адыра қалған жер!

Мына бейшара қыз үшін, тым болмаса, баспанасы да жоқ Комола үшін осы бір көлбеген кең дүниенің не қызығы бар!

Комола оқыс селк ете қалды: ол өзіне жақын жерде әлдекімнің тұрғанын сезді.

— Қорықпай-ақ қой, шешетай! Бұл мен — Умеш қой. Неге ұйықтамайсың, түннің бір уағы болып қалды ғой?

Осы бір ұзақ та азапты түн баласында Комола көзіне жас алмап еді, міне енді жан дүниесі езіліп кетті. Өзін ұстай алмады, солқылдап жылай берді. Жүзін төмен салды да, теріс қарап кетті. Бойына ылғал жинаған қара бұлт бағыт-мақсатсыз аспан кезеді. Сол жолда өзіндей бір панасыз желге кезіксе, бойындағы салмақ-жүгі су болып төгіліп кетеді. Комола да сондай панасыз да, бақытсыз баладан бір жылы сөз естіген соң жүрегінде шер болып байланған көз жасын тоқтата алмады. Бірдеме айтқысы келеді, бірақ тынысы тарылып, булығады, өксігін баса алмайды, дыбысын шығара алмай азаптанады.

Умеш жүдеп, торығып қалды, бірақ Комоланы жұбатарлық амал-айла да таба алмайды. Ұзақ үнсіз тұрып ақыры ол былай деді:

— Шешетай, анада сіз берген рупиядан жеті анна қалған болатын.

Жылай-жылай Комоланың көз жасы да таусылып еді, оның үстіне Умештің мына бір орынсыз да аңғал сөзінен Комола жүзіне күлкінің ізі жүгірді.

— Жақсы, оны өзінде қалдыра ғой! — деп, Комола жылы сөйледі, — енді тезірек барып төсегіңе жат.

Ай ағаш тасасына түсті. Комола каютасына қайтып оралды да жатып қалды. Бұл жолы шаршап-шалдыққандықтан ба кірпіктері де тез айқасып кетті. Ертеңгі күннің ерке сәулесі қыз каютасының есігіне келіп түскенде Комола терең бір ұйқыда жатыр еді.

ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Келесі күні таңертең Комола өзін онша мықты сезінбеді. Бүгін оған дүниенің бәрі: күн сәулесі де, су беті де, бәрі де тұнжырап, бей жай да салғырт сияқтанады Тіпті, өзен жағалауындағы тоғайлар да алыс сапардан оралған жолаушыдай қажып шаршағандай бір халде көрінеді.

Қолғабыс тигізем деп Умеш келгенде ол:

— Кетші бұл жерден, Умеш, мазамды ала бермеші бүгін, — деп қажи сөйледі.

Бірақ Умеш көңілі тетік еді.

— Оның не, шешетай, — деді ол — мен сені мазалайын деп емес, қыша аршиын деп келдім.

Ертемен Комоланың осы бір жайсыз түрін көрген Ромеш, — сен сырқат емессің бе, Комола? — деп сұрады.

Комола үндемеді, басын көтеріп алды да, нәубетханаға жөнелді.

Ромеш күн санап жағдайдың қиындап бара жатқанын, сол себепті тезірек бір тоқтамға келудің керек екенін жақсы түсінді. Ол осының бәрін Хемнолиниге ашып айтса, өз міндетімнің неде екені де анықталады деген байламға келді.

Міне, сөйтіп ол сарыла отырып ойланып-толғанып барып Хемнолиниге хат жазбаққа бекінді. Бірақ жазған хаты өзіне ұнамады, жыртып тастады. Сол кезде:

— Мырза, сіздің ныспыңыз кім? — деген дауысты естіді де шошып кетті, басын көтеріп алды.

Оның алдында сары кідір тартқан бір адам тұрды. Ақ бурыл мұрты бар, төбе шашы селдіреп, қасқа маңдайы жалтырай түскен. Бұл адамның біржола беріліп хат жазып отырған Ромеш көңілін бөлгені үшін қысылыңқырап қалған жайы бар.

Содан кейін ол тағы да сөйлеп кетті.

— Сіз брахмансыз ба? Сәлемет боларсыз? Сіздің атыңыз Ромеш-бабу ғой, білем. Таныстықтың бірінші белгісі ат білісу ғой бізде, бүл сыпайылықты танытады. Рас, бүл ғұрып қазір көпшілікке ұнамайды. Егер сіз маған ренжіп қалсаңыз, қармысын қайтарыңыз: менің де аты-жөнімді сұраңыз, айтатын болайын, әкем атын да, тіпті атам атын да айтып берейін.

— Соншалықты уытты ашу жоқ менде, — деп Ромеш күле сөйледі. — Және өз атыңызды білу де қанағат.

— Менің атым Тройлокья Чокроборти. Бірақ мұнда осы батыста мен "аға" есебінде әйгілімін. Сіз, әрине, тарихты зерттеген боларсыз? Бхарата деген көне үндінің әмірі болған ғой, және өзін Чокроборти Раджа деп атаған, сол сияқты мен де бүкіл батыс өлкеде "Чокроборти ағамын". Егер батысқа бара қалсаңыз мен жайында, соз жоқ, еститін боласыз. Айтпақшы, жол болсын, қайда бет алып барасыз?

— Қайда тоқтарымызды әлі шешкенім жоқ.

— Оқасы жоқ, қайда тоқтауды асықпай отырып шешкен жөн, тек кемеге келіп отырарда кешеуілдемесе болғаны да.

— Бір күні мен Гойялондода пойыздан түстім де, кеткелі тұрған кемені көрдім, Шешімін ойлап, кешеулеп қалсам, кемеге үлгіре алмай қалатынымды түсінген едім. Сөйтіп, мен керек жерінде шапшаң қимылдап жібердім.

— Сіз сияқты адамды құрметтегің келіп тұрады. Біз бір-бірімізге ұқсамайтын жандармыз. Мен күні бұрын бәрін де шешіп аламын, кемеге содан кейін ғана барып отырар едім. Оның себебі батылсыздығымда жатса керек. Қалжың ба? Қайда бара жатқаныңызды өзіңіз де білмейсіз, ә? Жамағатыңыз бірге ме?

Ромеш қалай деп жауап берерін біле алмай мүдіріңкіреп қалды. Сол сәтте Чокроборти былай деді:

— Кешіре көріңіз, әрине, сіз жамағатыңызбен бірге келе жатырсыз, мен мұны анық білемін. Жамағатыңыз әне, ана бір үйшікте дәм дайындап жатыр. Қарным ашқан соң нәубетхананы іздеп сол жаққа тап болған едім. "Үрікпеңіз, шешетай, мен бар болғаны батыс өлкедегі Чокроборти ағай ғанамын" — дедім мен оған. Оннопурнаның өзімен жолығысқандай болдым. "Егер сен нәубетхананың иесі бола тұрып, сый-құрмет көрсетпейтін болсаң, онда менің құрығаным", — дедім сенің әйеліңе. Ол сәл ғана езу тартып, жылы ыңғай білдіріп қойды. Мен тамақ жөнінде енді маза кетірудің керегі жоқ екенін содан түсіндім. Жолға үнемі сәтті күні ғана шығатынмын, бірақ дәл осы сапардағыдай қанжығам толып көрген емес. Сіздің қолыңыз бос емес қой, кедергі жасағым келмейді, егер рұқсат болса, жұбайыңызға көмекке барайын. Мына біз тұрғанда несіне ол өзінің нәзік қолдарын күйелемек? Жоқ, жоқ, жаза беріңіз, тұрудың қажеті жоқ сізге. Онымен танысу жайын білемін мен — осы сөздерді айтты да, Чокроборти ағай нәубетханаға жөнелді.

— Қандай дәмді тамақтың иісі аңқиды бұл жерден, — деді ол кіре беріп. — Бұқтырылған балық екенін дәмін татпай-ақ табуға болады. Ал мен саған тамариндтан сусын жасап берейін. Әуе айналатын ыстығы бар батыста тұрып көрмеген адам оның қалай дайындалатынын білмек емес. Бұл жерде тамаринд жоқ, қайтіп жасамақ, мұнысы жай соз деп ойлайтын шығарсың. Бірақ мен тұрғанда тамаринд жоқ деп қапаланбай-ақ қой. Шыдасаң болғаны, бәрін де табамын.

Ол газетке оралған, ішінде маринады бар құмыраны алып келді.

— Мынадан керегінше ал да, қалғанын үш күн сақтап ашытып қой. Сонан соң дәмін көрерсің. "Ағайдың өзі мақтаншақ болғанымен, сусынды тым жақсы етіп жасаған" демесең маған кел

— Шешетай-ау, мына қара, кеш болып қалыпты, жүр, жуын. Тамақты мен-ақ пісіремін. Жә, күдіктенбей-ақ қой, бұл шаруада мен тәжірибесіз де емеспін. Жамағатым үнемі ауыра береді, ал мен оның тәбетін ашу үшін әмісе, тамаринд сусынын жасап беріп тұрамын. Байқаймын, шалды мазақ еткің келеді, ал мен әзілдеп тұрғаным жоқ. Мұның бәрі де шындық!

— Жақсы, оны қалай дайындау керек екенін маған да үйретіңіз.

— Шыдамсызын қарашы, сабыр қыл! Білім деген оп-оңай меңгеріле қалушы ма еді? Мен оның бәрін бір күнде айтып қойсам, қасиеті қалмайды ғой және Сарасвати тәңірім реніш те білдірер.

Ең алдымен бірнеше күн шалға сый-құрмет көрсет! Бірақ қалай жағынудың амалын ойлап басыңды қатырмай-ақ қой — оны өзім-ақ айтармын; бәрінен де нанды жақсы көремін, бірақ ұнтақталмаған күйіндегі жұпар жаңғағын ұнатпаймын. Менің бабымды табудың оңай емес екенін байқайсың ба, дегенмен сенің бір күлкіңнің өзі мені табындырып тастады. Ал мынау кім? Сенің атың кім?

Умеш үндемеді. Ол Комоланы іштей қызғанып, шалды өзіне күндес санап ашулы тұр еді. Ол үшін қыз жауап берді:

— Мұның аты — Умеш.

— Өте жақсы бала, — деп қойды қарт, — өзі ішкі сырын аша қоймайтын тұңғиық адамдардың қатарына қосылады екен. Сен бірақ біздің табысып кеткенімізді көресің әлі, шешетай, уақытыңды босқа өткізбе, менің тамақты тезірек пісіріп болуым керек.

Қарт Комоланың қоңылтақ өмірін толтырып, көңілдендіріп жіберді. Енді тіпті Ромеш те тыныштала бастады.

Комола сыры ашылмай тұрған алғашқы айларда туған өзара еркін қатынас пен Ромештің қазіргі мінез-құлқында қаншалықты зор айырма бар десеңші. Осы бір өзгеріс — айырма қыз жүрегін жарақаттап та болған-ды. Міне енді бүл ортаға Чокроборти келіп қосылған соң Ромеш оған үміт артты; қыз көңілін ол өзіне аударып әкетер деп ойлады. Ал Ромештің өзі болса, өз жүрегіндегі жарақатқа дәру іздеуді ойламақ.

Комола Ромеш каютасына жақындай беріп, табалдырық алдында кідіріп қалды. Ол осы бір көңілсіз де қарекетсіз талма түс шағын Чокробортимен бірге өткізбек болып қамданып еді, бірақ қарт мұны көріп қалды да, кенеттен дауыстап жіберді:

— Жоқ, жоқ, шешем-ау! Бұл жарамайды, бұлай істеуге болмайды! — Оған не жақпай жатқанын түсінбеген Комола таңырқап қалды және соның себебін білгісі келді. — Мына аяқ киімді айтамын! — деді Чокроборти ағай, — әрине, бұл сенің өз шаруаң, Ромеш-бабу, бірақ қалай десең де, ісіңіз дұрыс емес. Туған жерді қорламаңыз. Қалай ойлайсыз, егерде Рама Ситаға доусонның аяқ киімін кигізген болса, Лакшман оның қасында он торт жыл өмірін өткізген болар ма еді? Атамаңыз! Ромеш-бабу менің сөзіме күліп отыр, іштей ұнатпайды да! Бірақ мен ісіңіз дұрыс емес, Ромеш-бабу, деймін? Ал айта қойшы кеме даусын ести салып, бас-көз демей, қайда баратыныңды ойланбай, қойып кетуге бола ма екен?

— Ал, ағай, біздің қай жерге түсетінімізді сіз неге ойламасқа, — деп күлді Ромеш. — Сіздің ақылыңыз кеме айқайынан гөрі қонымдырақ сияқты.

— Дегенмен, байқаймын, сәт сайын есейіп, ақылыңыз кіріп келе жатқан секілдісіз, өйткені мені әлі жете білмейсіз ғой! Ал жақсы, Гаджипурда қалатын болыңыздар. Гаджипурға түсуге зауқың бар ма, қарғам? Онда гүлбақша бар. Сені қадір тұтушы мына шалың да сонда тұрады.

Ромеш Комолаға қарады, ол басын изеп, құптайтынын білдірді.

Осыдан кейін Чокроборти мен Умеш Комола каютасында қысқа ғана кеңес құрды, ал Ромеш болса, терең күрсінді де, палубада қала берді. Талма түс шағы. Күн көзіне шыжыған кеме толқынмен баяу тербеледі. Күн сәулесімен нұрланған күздің бейбіт тыныш бейнесі Ромештің көз алдында көрген түстей болып ауысып жатыр. Бірде күріш даласы, бірде қайықтары тізілген айлақ, енді бірде құмдауыт жаға көрінеді, жалғыз-жарым қыстақ үйі елес береді. Кейде лавканың темір шатырына шағылысқан күн сәулесі жарқ етеді, кейде кәрі банан ағашының саясында паром тосқан жолаушылар кездесе қалады.

Осы бір түс әлетінде күздің ерке тыныштығын бұзып көрші каютадан Комоланың көңілді де нәзік күлкісі естіледі. Сол күлкіге мұның жүрегі жаңғырығады, үндестік іздейді. Төңіректегінің бәрі де сүйкімді, бірақ бәрі де бұдан алыста. Осындай бар жақсылықты оның сор маңдайынан айырған қандай мейірімсіз күш еді.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Комола әлі жас еді, жұбануы да оңай болды.

Соңғы күндерде Ромеш жайын ойланатындай оның тіпті уақыты да болған жоқ. Ағын су кедергіге кездессе долданып кетпей ме, сондай-ақ Комоланың байсалды ойы Ромештің бұған деген қызық пиғылына кенет кезікті де, буырқанып қалған-ды. Қарт Чокробортидың көңілді әңгімелері, шаруа қамы бәрі қосылып, Комола жүрегіндегі қаяуды ұмыттырып жіберді. Жанды азаптаған беймаза ойлар жаңа арна тауып, басқа бір мәнге ие болғандай. Комола енді жабырқай бермеді.

Күздің осы бір жарқын да айрықша нұрлы күндерінде өзен келбеті тым тартымды болып кетіп еді. Алтын нұрлы өзен құшағында аса көңілді өтіп жатқан күндер жақсы бір дастанның беттеріндей аударыла берді.

Күн қалыбынша тұрақты бір қаммен басталатын. Умеш енді кешігіп қалмайтын болды, бірақ үнемі себеті толық оралатын. Кішкене нәубетханада бұл бір көңілділік туғыза келетін жай еді.

— Бұл не, асқабақ болғаны ма? Құдай-ау, мына бұршақтарды ол қайдан алған десеңізші? Ағатай, бері қара, мынау тұздалған ләблеме ғой! Осындай түкпірден мынадай заттар шығады деп ойламаған едім.

Күн сайын Умеш көтеріп әкелетін себет осындай көңіл күйін көтеріп тастайтын. Сол қуаныштың шырқы тек Ромеш келгенде ғана бұзылады; ол балаға ұрлап әкелдің деп үнемі сенімсіздік білдіретін.

Ондай сәттерде ашынған Комола:

— Жоқты айтасың, ақшаны мен санап беріп жүрмін ғой, — деп салатын.

— Сен оның екі жақтан пайда табуына: ақшаны қалтаға басуына, әрі жеміс ұрлауына жол бересің, — дейтін.

Ромеш, содан кейін Умешке бұрылатын да бұйыра сөйлейтін:

— Ал кәне, қанша жұмсағаныңды есептеші?

Умеш есептей бастайды, әр жолы әр түрлі болып шығады, қабыспайды. Тіпті берілген ақшадан шығын көп. Бірақ Умеш оған қысылмайды.

— Егер мен есепті дұрыс жүргізе алатын болсам, өстіп жүрер ме едім? Құрығанда салық жинаушы болып кетпес пе едім, солай емес пе, ата? — дейді ол

Мұндай жағдайда Чокроборти Ромешке істі кейінге қалдыру керек деп кеңес беретін, түстен кейін дұрыстап тексермек болады.

— Ал енді осы бір епті баланы мақтамасқа болмайды, — деді ол — Жоқтан бар жасау оңай өнер емес, қымбатты Ромеш, бұл көп адамның қолынан келе де бермейді. Әрине, жұрттың бөрі де соған ұмтылады, бірақ бәрі бірдей қыбын таба алмайды. Бұл мәселеде менің ептеген түсінігім де бар, Ромеш-бабу. Айталық қазір бұршақ маусымы емес, ал соны мынадай бейтаныс жерде екі баланың бірі тауып ала бере ме? Жұрттың бәрі де күдіктене алады, ал іс дегенің мыңнан бір адамның ғана қолынан келеді.

— Жоқ, бұл дұрыс емес, сіз оны ақтамақ боласыз, мұныңыз дұрыс емес, — деп Ромеш таласа сөйледі.

— Бейшара баланың аз ғана бір еп-қыры бар екен, қостау болмаған соң тауы шағылып қалса, өкінішті-ақ жай болар. Былай, Умеш, ертең маған ним ағашының жапырағын әкеп беретін бол, бірақ бұл ағаштың бас жағындағы жапырағы жақсы болатынын есіңе ұста. Біздің яджурведа — суктуни тым қажет, — деп жазады ғой. Болды енді, яджурведасы құрысын. Онсыз да отырып қалдық. Ал кәне, Умеш, жемістерді жу да, алып кел мұнда, қимылдап кетші бір!

Ромеш Умешке күдік жасап, ұрысқан сайын, бала Комолаға жақындай түсті. Соған келіп Чокроборти ұосылған соң Комола тобы тәуелсіз болып алды. Ромеш өзінің салқын парасаттылығымен бір жақ та, ал бір-біріне деген достық сезімдері, ортақ жайлары бар Комола мен Умеш, Чокроборти бір жақ болып алды. Күн санап Чокробортидың Комолаға деген сый-құрметі арта берді. Бұл Ромештің көзқарасына да әсер етпей қалмады, сонда да ол Комола тобына қосылмады. Ромеш балықшы қайықтары тайыз суда тұмсықтарын жағаға еркін тіреп жатқанда, алысқа тоқтап, құрлыққа алыстан ғана қарауға мәжбүр болатын алып кемені еске түсірген еді.

Ай ортасы жақындап қалған. Бір күні ертемен жолаушылар аспанды қара бұлт қаптап алғанын көрді. Жел де үздіксіз құбылады, әлсін-әлі нөсер құяды. Өзен бетінде ешбір кеме қалмады. Су ала келген қыздар да аялдамайды. Анда-санда қалың бұлт қабаттарын жарып, су бетінде үрейлі бір жалын сәуле жүгіріп өтеді. Сол сәтте ұлы дария Гангтың асау толқындары жағаға келіп соғады.

Кеме ілгерілей берді.

Осындай бір жайсыз жағдайда Комола шаруашылығының да берекесі болмай кетті.

— Кешке әуре болмас үшін бәрін де қазір дайындап қоюға тура келеді, шешетай, — деді Чокроборти аспанға қарап. — Сен бұқтырылған жемістерді қарай бер, ал мен нан илеп тұрайын.

Түстік дайындауға бұл күні көп уақыт кетті. Жел көтеріле берді, дауылға айналып кетер жайы бар. Өзен бетін ақ көбік толқындар жапты. Түнерген бұлттан күннің ұясына қонған, қонбағанын да аңғару қиын. Кеме күндегісінен ерте зәкір салды. Ымырт үйіріле берді. Тек бұлт арасынан ауық-ауық бозамық ай сәулесі көрініп қалады. Жел долдана ұлып тұр. Ақырында нөсер құйып кетті, дауыл басталды. Комола бір ретте кеме апатын басынан кешірген еді ғой, міне енді долданған тылсым күштің алдында ол үрейлене қалшылдап кетті. Кешке оған Ромеш келіп, жұбатқан болған еді.

— Кеме үшін қам жеме, — деді ол, — ұйықтай беруіңе болады екен. — Комола, мен көрші каютадамын ғой және кешірек жатармын.

Сол шақта есіктен Чокроборти көрінді.

— Қорықпа, қарғам, дауыл иесі сені әуре ете алмайды.

Дауыл иесінің өктемдігі қандай екенін айту да қиын, бірақ мына бір буырқанып кеткен алапаттың не нәрсеге соқтырары Комолаға түсінікті еді. Сол себепті ол есікке жүгіріп барды да, жалына сөйледі:

— Құдай үшін менімен бірге отыра тұрыңызшы, ағатай!

— Жататын уақыттарың болған да шығар, — деп Чокроборти ұяла жауап берді.

Бірақ, каютаға кірген соң, Ромештің онда жоқ екенін көріп:

— Ромеш-бабу қайда кеткен? — деп ол таңырқай сөйледі. — Жеміс ұрлауға кетпеген болар, әрине. Ол мұның дағдысында жоқ қой.

— Сізбісіз ағай? — деген дауыс естілді, — мен мұнда, көрші каютадамын.

Чокроборти сонда басын сұға беріп, шам жарығымен бір қырындай кітап оқып төсекте жатқан Ромешті көрді.

— Сіз неге қосағыңызды оңаша қалдырғансыз? — деді қарт Ромешке. — Бәрібір кітаппен дауылды қорқыта алмайсыз, оны былай қойыңыз да, мында келіңіз.

Комола қатты абыржып, тынышсызданып кетті. Чокробортидың қолынан ұстай алды да толқына сөйлеп:

— Жоқ, жоқ, қадірлі ағатай, олай демеңізші, олай демеңізші! — дей берді.

Сыртта ышқына соққан дауыл бұл сөздерді Ромешке жеткізбеді, бірақ таңырқаған Чокроборти кері бұрылды.

Ромеш кітапты былай қойды да, Комоланың каютасына сөйлей кірді:

— Не болып қалды, Чокроборти ағай? Мүмкін сізді Комола...

— Жоқ, жоқ, мен оны аз ғана әңгімелесе тұрайық деп шақырдым, — деп Комола оған қарамай-ақ дауыстап жіберді.

Оған ешкім де қарсылық етпеген еді және үнемі "жоқ" дегенді қайталай беруіне не мәжбүр еткенін оның өзі де мүмкін айта алмас. Сол бір "жоқ" дегенімен ол "мені жұбатамын деп ойламай-ақ қой, мен оған зәру емеспін, біреудің қасымда отыруын тілейді екен деп те ойлама. Мүлде олай емес!" деп тұрғандай еді.

Содан кейін Комола Чокробортиге бұрылды.

— Кеш болып кетті ғой, ағатай, барып ұйықтаңыз, Умештің де халін біліңіз. Мүмкін ол қорқып жатқан болар.

— Шешетай, мен ешкімнен де қорықпаймын, — деген дауыс шықты кенеттен.

Әлде бірдемелерге оранып, оның да осы есік алдына келіп отырғаны анықталды.

Тебіреніп кеткен Комола сыртқа көз салды.

— Құдайым-ау, жаңбыр астында малшынып бұл жерде неғып тұрсың, Умеш, қазір ағатаймен бірге каютаға жөнел, сотқар бала.

Көңіл аударғаны үшін, осындай сөз естіген "сотқар бала" екі айтқызбады, Чокробортиге еріп кетті.

— Қаласаң, ұйықтағаныңа дейін бірдеме айта тұрайын.

— Жоқ, көзіме ұйқы тығылып жатыр, — деп жауап берді Комола.

Комоланың шын көңіл күйін Ромеш білмеп еді деуге болмайды ғой, сонда да өтінішін қайталап жатпады, жәбірленген қыз жүзінен намыс ізін көрді де, үнсіз ғана өз бөлмесіне жөнелді.

Комола тым тынышсызданып кеткен еді, сөйтсе де төсегіне келіп зорлана жатты. Дауыл долдана соғып түр, тау-тау толқындар көтеріле берді. Бар экипаж аяғынан тұрған, машина бөлімінде жиі-жиі қоңырау ұрылады, бұл беріліп жатқан капитан бұйрықтары еді. Мынадай дауылда кемені бір ғана зәкір ұстап тұруы тым қиын еді, сол себепті машиналар да жұмыс істеп жатты.

Комола түрегелді де, палубаға шықты. Бір ауық жаңбыр толас алса да жел жаралы аңдай өкіріп, тулай соғады. Аспанды қапталдай жапқан қалың бұлт арасынан анда-санда ай сәулесі мұңмен сығалай қалады. Жағалау қарауытып көрінеді, өзен қараңғылыққа батып кеткен. Аспан мен жер, алыс пен жақын, көрінген көз шарасынан тысқарғы — бәрі де бір ғаламат құйынмен тоғысып алған. Яма тәңірінің қара бұқасы көзсіз бір ашуға мініп, есалаң тағылықпен басын шайқап, арпалысып жатқандай.

Осы бір шайқалған, есалаң түнді, астан-кестен аспанды көргенде Комоланың денесі дірілдеп кетті. Қорқыныштан ба, қуаныштан ба, — ол арасы белгісіз. Долы табиғаттың осы бір жүгенсіз күші мен шексіз азаттығы қыз жүрегінде әлденені оятқандай, толқытып жіберді. Табиғат кімге қыр көрсетіп жатыр? Бірақ дауыл алапатынан оған жауап таба аларсың ба, сірә? Комоланың өз жүрегіндегі жұмбақ та мазасыз сезімдей ол да күңгірт. Қыз бір нәрсені ғана пайымдағандай. Аспан мен жер ашына қайнап жатыр, көзге көрінбес, қолға білінбес жалғандық пен алдамшылықтың, надандық, қараңғылықтың торынан құтылу үшін өзінің ашулы да ызалы, ышқынды даусын көтереді. Әлдебір қиян алыста шексіз кеңістіктен соққан жел мына қара түнек түнге "жо-жоқ!" дегенді сансыз қайталайды.

"Жоқ" — өкірген дауылдан оның естіп тұрғаны осы бір айнымас қарсылық қана, бірақ бұл кімге қарсылық? Оны анықтап айту да қиын. Әйтеуір бір жоқ, жоқ! Жоқ!

ОТЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Келесі күні кешке қарай жел саябырлай бастады, бірақ өзен әлі де тынышталып болған жоқ еді. Капитан бір тоқтамға келе алмады, аспанға қарап мазасыздана берді.

Чокроборти ертемен, Ромеш төсектен тұрмай келді. Жігіттің осы каютада түнеп шыққанын көрген қарт өткен түнгі оқиғаны есіне алды. Ақыры:

— Сіз осында түнеп шықтыңыз ба? — деп таңырқай сұрады.

— Күн бүгін қандай жаман еді, — деп Ромеш жауап бермей жалтара сөйледі, — қалай, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба?

— Ромеш-бабу, мүмкін сіз мені ақымақ көріп, сөзіме құлақ асқыңыз келмейтін болар, сонда да былай дегім келіп тұр: мен осы ғұмырымда көп сыр-жұмбаққа кезіккен едім, соның талайын түбегейлей барып шешкен де едім; алайда, Ромеш-бабу, сіз бар ғой, маған түсініксіз жұмбақ болып тұрсыз.

Ромеш бір сәт өзін қолайсыз сезінді де, қызарып кетті, бірақ тез бойын билеп алды да, күле жауап берді:

— Алайда, бұл қылмыс емес шығар? Екеуіміз де кішкене күнімізден-ақ Телугу тілін үйренуге талпынғанмен, ештеңе шығара алмаған болар едік, ал Телингана баласына бұл тіл таза су сияқты ғой. Бұдан білмейтініңді айыптамау керек деген қорытынды шығады және сіз қаншама түніңізді кірпік ілмей өткізсеңіз де, өзіңізге түсініксіз белгі-таңбаның сырын табамын деп дәмеленбеңіз.

— Кешіре көріңіз, — деді Чокроборти, — өзіме ешбір байланыс, қатынасы жоқ адамның сырын ұғамын деудің өзі де астамшылық болар. Бірақ дүниеде алғашқы көріскенде-ақ табысып, жақындасып кете беретін адамдар болады ғой. Міне, сіздің жамағатыңызды ана сақалды капитан жанашыр туысқанындай көреді; егер де осы сөзімді құптамаса, мен оған мұсылман емессің дер едім. Осындай бір жайлы жағдайда сен Телугу тілі сияқты түсініксіз жұмбаққа кезіксең, әрине, қиын-ақ. Сабыр ете тұрыңыз, Ромеш-бабу, ең әуелі мен не айттым, соны жақсылап тұрып ойлап алыңыз!

— Мен ойлап та болдым, — деп жауап берді Ромеш, — Және ашу шақыратындай ештеңе жоқ екенін де байқаймын. Бірақ ашуланайын, ашуланбайын, сізді азаптайын, азаптамайын — дегенмен, Телугу тілі бәрібір түсініксіз тіл болып қала береді. Қатаң жаратылыс заңы солай. Ромеш терең күрсініп алды.

Енді ол Гаджипурға бару, бармау жайын ойлап толқи бастады. Әдепкіде ол жат қалаға барып орналасу үшін қартпен таныстықтың пайдасы болар деп ойлап еді. Міне енді соның қолайсыздығы да болатынын аңғарып қалды. Комоламен екеуінің арасындағы өзара қатынас жайын қазбалап сұрай беру және сол туралы алып қашты сөздер қыз бетіне шіркеу түсіруі мүмкін. Дұрысы бұларға ешқандай сұрау бермейтін, ешбір танысы жоқ жерге барып мекен тепкен оң болады.

Гаджипурға бір күндік жер қалғанда Ромеш Чокробортиге былай деді:

— Абайлайсыз ба, ағай, мен сияқты мамандығы бар адамға Гаджипур қадасын қолайсыз деп білемін, сол себепті Бенареске баруға бел байладым.

Ромештің тұрақты бір шешімге келгенін даусынан аңғарған қария күле сөйледі.

— Жоқ, сәт сайын айни беруге болмайды. Өйткені айнығыштық батылсыздық деген сөз ғой! Ал сонда қалай, сіздің қазір Бенареске бармақ шешіміңізді тұжырымды шешім деп санауға бола ма?

— Иә, — деп Ромеш қысқа қайырды.

Шал бөтен ештеңе демеді, өз бөлмесіне барды да, нәрселерін жиыстыра бастады.

— Сіз бүгін ашуланып жүрсіз бе маған, ағатай? — деп сұрады одан бір ретте Комола.

— Күніне екі рет таласамыз, ал мен болсам, бір ретінде де жеңіп шыға алмадым, — деп күңкілдеді шал

— Азаннан бері неге сырғақтай бересіз?

— Шешетай-ау, сендер менен де әрмен сырғып кетуді ойлап қойыпсыздар ғой, мені қашқын деудің реті не сонда?

Істің байыбын түсіне алмаған Комола қартқа қарай берді.

— Ромеш-бабу саған әлі ештеңе айтпап па еді? — деді Чокроборти, — осында, сендер Бенареске дейін барады деген шешім болған.

Комола үндемей қалды. Аз-кем үнсіздіктен кейін:

— Ағатай, чемоданыңызды мен жинастырып берейін, сіздің ыңғайыңыз келмейді ғой, — деді.

Жаңағы хабарды Комоланың салқын қабылдағанына қарт ренжіп қалды. "Осының өзі-ақ дұрыс болар, енді қартайған шағымда жаңа бір жақындық тауып қайтемін", — деп өкіне ойлады.

Сол шақта Ромеш келді.

— Мен сені іздеп едім, — деді ол Комолаға.

Комола Чокроборти чемоданын жинастыра берді.

— Комола, біз енді Гаджипурға бармайтын болдық, — деді Ромеш, — мен практиканы Бенаресте-ақ өткізуді ойладым. Сен не дейсің бұған?

— Мен Гаджипурға барамын, — деді Комола Чокробортидің чемоданынан көзін алмай. — Тіпті жиналып та қойдым.

— Сен қалай, жалғыз кетпексің бе? — деп сұрады қыздың бір тоға шешіміне қайран қалған жігіт.

— Неге жалғыз кетпекпін, онда ағатайым тұрады, — деп Комола Чокробортиге ықыластана қарады.

Бұл сөздерге абыржыңқырап қалған қария дауыстап жіберді:

— Сен, тіпті, маған елігіп алыпсың ғой, кешікпей Ромеш-бабу маған қырын қарайтын болар.

Қыз сонда да өз сөзін қайталаумен болды:

— Мен Гаджипурға барамын.

Комола басқалардың пікірін елемей дәл осылай еш уақытта да еркін сөйлеп көрген емес еді.

— Ал, жақсы, ағай, Гаджипур болса, Гаджипур болсын, — деді ақыр соңында Ромеш.

Түнде дауылдан кейін ай ерекше ашық нұрлы көрінді. Кеме палубасында отырып Ромеш бұдан әрі бұлай жүре бере алмайтыны туралы ойлады. Комола мінез көрсетіп қалды, ал бұл келешекте оның өмірін төзгісіз етіп жіберуі мүмкін. Бірге тұрып, бір-біріне жаттық қатынаста болуы енді мүмкін емес. Жетті енді. Комола шынында да әйелім емес пе; мен оны өз әйелім деп қабылдадым. Дағдылы бір ғұрып-ырымдарын жасамадың деп тайқақсый беру ақымақтық болар еді. Яманың өзі сонда құмды аралда некемізді қиып кетпеді ме. Дүниеде одан қуатты, одан зор абыз бар ма еді, сірә?

Ромеш пен Хемнолини арасында ұрыс майданы жатыр. Сенімсіздік пен көретін жәбір-жапаны, қиындық тосқауылдарды елең қылмай аттап өтсе ғана Ромеш өзін жеңіске жеттім демек, сонда ғана Хемнолини алдына басын көтере ұстап бармақ. Бірақ осы бір шайқасты ойлағанда оның үрейі ұшып кетті, онда жеңіп шығам деген үміт болмайтын. Ол өз дұрыстығын қайтіп дәлелдей алмақ? Дәлелдей қалған күннің өзінде де осы бір оқиға көлденең адамға қандай жиіркенішті екенін, Комола үшін қандай соққы болатынын айтудың өзі қиын-ақ қой.

Сөйтіп солқылдақтықты, батылсыздықты былай тастап Комоланы жар ету керек. Ыңғайлы жол осы ғана. Рас, Хемнолини оны жек көріп кетеді, сол жек көрушілік оның Ромештен де артығырақ біреуге көңіл аударуына көмектесетін болады. Ромеш осылай ойлады да, күрсініп алды: ол Хемнолиниге қайта ораламын деген үмітпен біржола қоштасты.

ОТЫЗ БІРІНШІ ТАРАУ

— Бұл не нәрсе? Сен қайда бармақсың? — деп сұрады Ромеш.

— Ханыммен бірге, — деп жауап қатты Умеш.

— Мен саған билетті Бенареске дейін бергенмін, ал мынау Гаджипур айлағы. Біз Бенареске бармайтын болғанбыз.

— Мен де бармаймын.

Умештің енді біржола қалғанын Ромеш ойлаған да жоқ еді, бірақ баланың қыңыр шешімі оны абдыратып тастады.

— Умешті де ерте жүруімізге тура келгені ме? — деп сұрады Комоладан.

— Енді қайда бармақшы ол? — деп жауап берді Комола.

— Жоқ, ол тек сендермен бірге боламын дейді. Абайла, Умеш, ағайдан қалып қойып жүрме. Жат жер ғой, адасып қаларсың.

Қайда бару керек, кіммен бару керек, енді оның бәрін Комоланың өзі шешетін болды. Ромеш дегеніне үнемі бас шұлғи беретін заман өткен секілді. Сол себепті Умеш орамалға байланған кішкене түйіншекті қолтығына қысып, Комоламен қатар аяңдап келе жатты, ал оның бұл қылығын сөз еткен, сөккен ешкім де болмады.

Ағайдың кішкене үйі қала мен еуропалық орам аралығына орналасқан еді. Үй алдында қолдан жасалған үңгір болатын, ал сыртқы бетте манго ағашы өскен бақша бар. Одан әрі бірнеше қатар қырыққабат пен бетель өсірілетін қайнар суымен суарылатын қоршаулы жер.

Комола мен Ромеш уақытша келіп осы үйге жайғасты. Чокроборти ағай өз жамағаты Харибхобинидің ымшық-шымшық ауруы бар екенін айта беруді жақсы көретін, бірақ көлденең жұрт ол кісінің басы ауырғанын да көрген емес. Өзінің біраз жасап қалған да жайы бар. Сонда да өңі таймаған, қуаты қайтпаған, тек самай шашы ғана бурыл тарта бастаған адам екені байқалды: кәрілік өктемдік жасап, үкімін шығарса да, сонысын әлі орындауға батылы жетпей жатқандай.

Істің жайы шынында да солай еді. Жас кезінде Харибхобиниды безгек ауруы қатты азаптаған. Чокроборти жұбайым қоныс аударсақ айығып кетер деп ойлады да, Гаджипурға келіп орналасты, мектепке мұғалім болды. Содан бері көп заман өтті, Харибхобини сау-саламат жазылып та кетті, сонда да Чокроборти оның денсаулығын ойлап, мазасыздана беретін.

Қонақтарды ол сыртқы бөлмеде қалдырып, өзі әйелдер тұратын ішкі бөлмеге — зенанға кірді де, жамағатын шақырды.

Харибхобини жан-жағы қоршалған арнаулы жерде астық басып болып, құмыралар мен ыдыс-аяқтарын күнге қойып жатыр еді.

Сонда кіре беріп Чокроборти дауыстап жіберді:

— Апырау, жалаңаш жүргенің қалай? Күн салқын ғой! Иығыңа бірдеме жапсаң қайтеді?

— Қызықсың! — деді Харибхобини, — күн арканы күйдіріп жатқанда, суықты қайдан таптың?

— Мұнда да онша жақсылық жоқ енді, шатыр деген қымбат дүние емес қой.

— Жақсы, шатыр сатып алармыз, ал өзің неге осынша кешіктің?

— Ол бір ұзақ сонар әңгіме. Қонақтар келді, күтіп алу жайын ойлау керек, — деді де жаңа таныстарының жайын айтып шықты. Бұл үйге бұрын да күтпеген жерден ат сабылтып қонақтар келіп тұратын, бірақ Харибхобини ерлі-зайыпты адамдарды қарсы алуға мүлде дайын емес еді.

— Ой, тәңірім-ай! Қайда орналастырасың оларды?

— Әуелі таныссаңшы, орналасу жайын содан кейін сөз етерміз, — деп жауап берді Чокроборти. — Біздің Шойла қайда кеткен?

— Бала шомылдырып жатыр.

Чокроборти сол сәтінде Комоланы зенанға алып келді. Қыз жақындай беріп, Харибхобиниге иіле сәлем берді, Харибхобини оның иегінен қақты да, таңырқағандығын танытып, өз саусақтарын сүйіп алды.

— Ойпырай, біздің Бидхудан айнымай қалуын қарашы! — деп күйеуіне бұрылды.

Бидху олардың үлкен қызы еді, өзі Аллахабадта күйеуде болатын. Жаңағы теңеуді естігенде Чокроборти сездірмей ғана мырс етті; Комола Бидхуға мүлде ұқсамайды, бірақ Харибхобини өз қызынан басқа бір қыздың не сұлу, не басқа бір артық қасиеті болуын мойындамайтын. Ал осында тұратын Шойлоджаны Комоламен салыстыруға мүлде болмайды, сол себепті Харибхобини Комоланы мұнда жоқ қызына теңеді, бұл оның өз үйінің намысын жыртып жатқаны еді.

— Хош келдіңіз, — деді үй иесінің әйелі, — құшақ жайып қарсы аламыз. Бірақ жаңа үйімізді жабдықтап бола алмай, мына бір кішкене үйде ұйлығып отырмыз, жағдайларың болмаса сөкпеңіздер.

Шынында да Чокробортидың базар төңірегінде жабдықталып болмай жатқан үйінің бары рас болатын, бірақ онда кішкене дүкен орналасқан еді, сол себепті жайлы жағдай туралы сөз қозғаудың мүлде реті жоқты.

Жалған айтылған әлгі бір жұбай сөзін Чокроборти теріске шығармады, мырс етіп күлді де былай деді:

— Егер Комоланың қолайсыз жайға көнтерлі екенін білмесем, мен бұларды ертіп келмеген де болар едім.

Содан кейін, әйелін күз күнінің денсаулыққа зиянды болатынын айтып, үйге баруын өтінді де, Ромешке жөнелді.

Харибхобини Комоламен таныса, білісе түскісі келді.

— Күйеуіңіз адвокат па? Солай естідім ғой деймін. Бұл қызметті атқарғанына көп болды ма? Жалақысы қандай? Не дейсің? Ол әлі жұмысқа кіріскен жоқ дейсің бе? Онда қалай күнелтіп жүрсіңдер? Мүмкін қайын атаң бай тұратын болар? Білмейсің бе? О, құдірет... бұл неткен таңғажайып қыз! Қайын атаң үйі жайында сен ештеңе де білмейсің бе? Ал күйеуің айлық шығын үшін қанша ақша береді? Енең болмаған соң, бар шаруашылық өз мойныңда ғой. Оқасы жоқ, бала емессің. Менің үлкен қызымның күйеуі оған тапқан ақшасын әкеп береді.

Харибхобини осындай бір сауал беріп, ескертпелер жасай отырып, Комоланың шаруа көрген адам емес екенін оп-оңай дәлелдеп берді. Міне енді Комола Харибхобини жаудырған сұрақтарды байыптай отырып, өз күйеуі Ромештің өткен өмірі, ісі жайлы тым аз білетіні жат адамға қаншалықты ерсі де қолайсыз көрінетінін айқын түсінді. Ойлап қараса, бұл күнге дейін ол күйеуімен бел шешіп ашық сөйлесе алмапты. Ромешке жар, жұбай бола тұрып, күйеуі жөнінде ештеңе де білмеген! Енді осы бір жайдың өзі де тым ерсі көрініп кетті, өз тәжірибесіздігі жанын қатты қинап, ұялтты.

— Кәне, білезігіңді көрсетші! — деді Харибхобини тағы да. — Сапалы алтын емес екен, солай ма? Әкең білезік сыйламап па еді? Әкең жоқ па? Сонда да әшекей, зейнетсіз жүруге болмайды ғой. Күйеуің саған ештеңе де сыйламайтын болғаны ма? Менің үлкен күйеу балам екі ай сайын Бидхуға қандай болса да бір сыйлық беріп тұрады.

Осы бір қызу жауаптасу үстінде екі жасар қызды жетектеп Шойлоджа кіріп келді. Бұл кең маңдайлы, ойнақы өткір көзді, қара торы келіншек еді. Кішкене жүзінен байсалдылық пен ақылдылықты бірден көруге болады.

Шойлоджаның кішкене қызы Комолаға тесіле сәл қарап қалды, содан соң оған тәте деді, бірақ Бидхуға ұқсастық тауып айтып тұрған жоқ, өзі ұнатқан әйелді осылай дейтін оның әдеті болатын. Комола оны көтеріп алды.

Харибхобини Комоланы өз қызына таныстырып жатып, былай деді:

— Мына әйелдің күйеуі адвокат екен. Шет аймақта қызмет етіп, практикадан өтпекші көрінеді, әкең бұларды жолда кездестіріп, Гаджипурға алып келген.

Комола мен Шойлоджа бір-біріне қарасты. Сол қарастан екеуі де ерекше бір жақындықты, достықты сезді. Харибхобини қонақтарға орын жайғастыруға кетті. Сол кезде Шойлоджа келіп Комоланың қолынан алды да:

— Сіңлім, жүр, менің бөлмеме барайық, — деді.

Бірнеше минуттан кейін олар еркін сөйлесіп кетті. Жас жағынан екеуі қарайлас та еді. Шойлоджа Комолаға қарағанда мүлде салмақты көрінеді, бірақ Комола, тұрмысқа шыққаннан кейін қайын ененің қатаң қыспағын көрмегендіктен бе, әлде басқа бір себептермен бе, әйтеуір тез өсіп, тез есейіп қалды, оның тіпті кескін-кейпінде де еркіндік байқалады. Өзі көрген жаңалықтардың бәрін де білсем деп құмартады, мазасыздана құмартады. Өзін азаптаған бейтаныс сұрақтарға жауап тапқанша тынышталып та көрген емес. Күні бүгінге дейін: "Өшір үніңді! Істе дегенді істе! Қатын "жоқ" деп айтуға тиісті емес" деген әкірең сөздерді естіп көрген жоқ-ты. Сол себепті Комола өзін еркін ұстап жүретін: өйткені су адалдықтан қуат алатын.

Шойладжаның қызы Уми екі әйелдің көңілін өзіме аударамын деп қанша тырысып бақса да ештеңе шығара алмады, жаңа достар ауыз жабыса әңгімеге беріліп алыпты. Осы бір ашынажай әңгіме үстінде Комола өз өмірінің күйсіз де сәтсіз екеніне көзі анық жетті. Шойлоджаның айтары да көп, ал Комолада хикая етер не жай бар. Кең бір өмір полотнасында оның тұрмысқа шығу көрінісі барлық бояудан ада, қара қарындашпен сызылған нобай-долбар ғана болып еді. Бұл күнге дейін Комола өз тіршілігінің мағынасыздығы жайында ойламаған-ды. Рас, бір нәрсесі үнемі жетпей тұратын секілді еді, әр кезде жан сезімінде бір қарсылықтар туып та қалатын, бірақ ол мұның себептерін іздеп ойланып жатпайтын. Алғашқы кездесу сәтінен бастап Шойлоджа өз күйеуі жайын әңгімелеп кетті. Оның жүрек қылына сәл қол тисе, сол сәтінде күй төгіліп кеткендей еді. Ал Комола өз жүрегіндегі сол бір қылдың үн шығара алмайтынын түсінді, өз күйеуі жайында не айтпақ, ие, оның қажеті не? Ромеш жайын сөз қылуға Комоланың құлқы да соқпады. Шойлоджа әңгімесінің қайығы өзінің бақыт жүгін артып, ағыс бойлап баяу ғана жылжиды. Ал бейшара Комола қайығы тайыз суда қайырлап қалғандай.

Чокробортидың екі қызы болатын. Үлкен қызы қайын енесінің қолында тұратын, ал кіші қызынан ол қайтсе де айырылғысы келмеді. Сол себепті жай-күйі жоқ, бір күйеу баланы таңдап алды да, өзінің байланыс таныстығын пайдаланып, Гаджипурдың апиын кеңсесіне жұмысқа орналастырды. Сөйтіп, Шойлоджаның күйеуі Бипин оның өзімен бірге Чокроборти үйінде қалып қойды.

Шойлоджа әңгімесін кілт тоқтатты да, дауыстап жіберді.

— Бір сәт отыра тұршы, сіңлім, мен қазір ораламын, — деді ол, содан соң езу тартты да, түсіндіре бастады, — күйеуім суға түсіп келіп еді, тамақ ішіп жұмысқа бармақ.

— Оның келгендігін сен қайдан білдің? — деп Комола шын таңырқай сұрады.

— Әзілің бе бұл сенің? Жұрт қалай білсе мен де солай білетін шығармын. Өз күйеуіңнің келген дыбысын білмейтін шығарсың! — Осы сөздерді күле айтып Шойлоджа Комоланың иегінен қарып қойды, содан соң сариінің кілт байлаған бос ұшын тартымды бір қимылмен иығынан асыра тастады да, қызын көтеріп бөлмеден шығып кетті. Комола бұл күнге дейін адам жүрісін соншалықты оңай тануға болатынын білмейтін еді. Терезеге үнсіз қарады да, ойланып қалды. Әйнек алдындағы гуага ағашы бұрқырай шешек атқан. Сол шешектердің арасында әбігерлене бал жинап аралар жүр.

ОТЫЗ ЕКІНШІ ТАРАУ

Ромеш Ганг жағасында оңашалау тұрған бір үйді сатып алмақ болды. Гаджипур сотына қызметке түру үшін де және дүние мүлкін көшіріп алып келу үшін де оның Калькуттаға барып қайтуына тура келген. Бірақ тартыншақтық жасай берді. Калькуттадағы өзіне таныс бір шолақ көшені есіне алса, жүрегін қасірет оты басатын. Ол қазірде де Хемнолиниден күдерін үзіп болған жоқ, бірақ Комоланы жарым деп танитын мезгіл де жетті, кешеулетуге болмайды. Осы бір әрі-сәріліктің салдарынан Калькуттаға баруды кейінге қалдыра берді. Комола Чокроборти зенанында тұрып жатты. Үй тым кішкентай болғандықтан Ромештің сыртқы бөлмеде бөлек жатуына тура келді, Комоламен кездесе алмайтын да болды. Бір күні Шойлоджа Комолаға оның басындағы осы жайды мұңая отырып ренжи айтып еді.

— Неге сонша ренжіп отырсың, апатай? — деп таңданды Комола. — Ренжірліктей не бар мұнда?

— Ay, солай ма! — деп күлді Шойлоджа, — осыншама тас бауыр боларсың ба! Жорта істейсің-ау. Дегенмен алдай алмайсың мені! Жүрегіңде не жатқанын жақсы біліп тұрмын.

— Ал бауырым, шыныңды айтшы, егер де Бипин-бабу сені екі күн көрмесе, ол да өстіп...

— Ойбай-ау, не айтып отырсың өзің. Ол менсіз екі күн де тұра алмайды, — деп Шойлоджа асқақтай сөйлеп, оның сөзін бөліп жіберді. Бірден күйеуінің өзіне деген махаббатын айтып кетті. Алғашқы кезде ол Шойлоджамен кездесу үшін талай айлалар жасапты. Қарттардың көзіне түспеуге тырысып-ақ бағыпты. Қолға да түсіп қалған кездері болған көрінеді. Содан кейін қарттар олардың күндіз кездесуіне қатаң тыйым салыпты. Жас ғашықтар соған да болмапты, айла тауыпты. Тамақ ішіп отырып, көздерімен айнаға қарап, ыммен сөйлесетін немесе үнсіз ғана отыратын болыпты. Шойлоджа соны есіне алды. Өткен күндер жайлы осы бір әңгіме үстінде Шойлоджаның кескінінде бақыт күлкісі ойнап отырды. Содан кейін ол Бипин қызметке орналасқанда екеуіне де ауыр болғанын және оның қызметті тастап, жиі-жиі келіп кете беретініне дейін айтты. Бір ретте Бипинның қайын атасының жұмсауымен Патнуға барып қайтуына тура келген. Шойлоджа одан менсіз тұра аласың ба деп сұрапты. Бнпин оған сенсіз де өте жақсы тұра аламын деп жауап беріпті. Бұл сөз Шойлоджаның намысына тиіп кеткен, ол ертең сапарға аттанар деген түні ешбір реніш білдірмейін, Бипинді елемейін деп ант-су ішеді. Бірақ Бипин жүрер күні көз жасына ие бола алмай қалады. Аттанар алдында Бипинның кенет басы ауыра қалыпты. Дәрігер шақырылады. Ішуге дәрі-дәрмектер ұсынылады. Бірақ бұлар ешкімге сездірместен ол дәрілерді жырақаға төге береді. Шойлоджа осының бәрін беріле, құлай айтты, уақыттың қалай өтіп жатқанын да аңғармады. Кенет ол ұшып тұрды да құлақ салды. Сыртқы есік алдында жүрген біреудің аяқ дыбысы естілді.

— Бипин-бабу қызметтен оралды, — деді ол

Ортақ тіршіліктерінің осы бір күлкілі оқиғасын айтып жатқанда, сүйген жүрегін есік алдына қарауылға қойып, дыбыс естілмей ме деп күтініп тұрған екен Шойлоджа.

Бұл сезімді Комола мүлде түсінбейтін еді деуге әрине болмас та еді.

Ромешпен қосылған алғашқы айларда мұның да жүрегінде сондай бір күй шертіле бастағанды. Содан кейін мектептен құтылып, Ромешке қайтып оралғанда да оның жүрегі дірілдейтінді шығарды. Оймен ғана естірлік, үнсіз күйімен әуендескен ғаламат бір биге ұқсап дірілдейтін. Қазіргі Шойлоджа әңгімесінен аңғарып отырған сол бір сезім сол кезде мұның оз басында да болған-ды. Бірақ олар жасырынып кездеспеді. Бәленнің көзіне түсіп қалмайықшы деп амал-айла жасамады. Комоланың белгілі бір шектен шығуына рұқсат етілген жоқ. Расында да Шойлоджа мен Бипин арасындағыдай ыстық махаббат бар ма бұларда? Міне олардың бөлек тұрғанына бірнеше күн болып қалды, бірақ Комоланың басында реніш, сағыныш дегеннің бірі де жоқ. Осы есіктің сыртында Ромеш отыр. Ол мұны кездестірем деп қиын-қилы амал-тәсіл қолданып жатса, қандай оқыс көрінер еді Комолаға.

Жексенбі күні — мейрам күні туды. Шойлоджа қиындыққа душар болып қалды. Ол өзінің жаңа жолдасын ұзақ уақыт жалғыз қалдырып кетуді қолайсыз санайды, сонымен қатар Комола үшін мейрам күнін құрбан етуге де онша ықыласты болмады. Оның үстіне Ромеш көрші бөлмеде ғана отыр. Сонда да Комоланың онымен кездесуге мүмкіндігі жоқ. Бұл жағдай да Шойлоджаның мазасын ала бермек. Қайтсе де Шойлоджа мейрам күнін дұрыс өткізе алмайды. Шіркін-ай, амалын тауып Комола мен Ромешті кездестіре қойса!

Мұндай істе, әлбетте, үлкендерден ақыл-кеңес сұрамайды ғой. Бірақ Чокроборти өзінен ақыл сұрауды күтіп отыра беретін адамдар тобына жатпайтын. Ол қауырт шаруасы бар екенін, күні бойы үйде болмайтынын хабарлады. Содан кейін Ромешке бүгін үйге қонақ келмейтінін де, кетерде сыртқы есікті жауып кететінін де аңғартты. Бұл жайды ол әсіресе қызына түсіндіруге тырысты. Өйткені оның осындай ишара, тұспалды тез аңғара қоятыны болатын.

— Ал сіңлітайым, шашыңды құрғат, — деді Шойлоджа Комолаға суға шомылып шыққан соң.

— Асығатын не бар?

— Оны кейін біле жатарсың, кел бері, шашыңды тарайын. — Осы сөздерді айтып Шойлоджа оның шашын тарауға кірісті. Көп тарамды етіп өріп еді, тарануы жақсы да болып шықты. Содан кейін қандай сари кию керектігі жайында екеуі қызу таласқа түсіп кетті. Шойлоджа оған түсі ашық сариді кигізгісі келіп еді. Комола оның мәнісін түсіне де алмады, ақыр соңында Шойлоджаның көңілін қалдырмайын деді де көнуге тура келді. Түскі тамақтан кейін Шойлоджа күйеуін бұрышқа шақырып апарды да, бірдеме деп сыбырлап жатты. Содан кейін сыртқы бөлмелерге шықшы деп Комоланың қыр соңынан қалмады.

Бұрын Комола Ромешті кездестіргенде қысылмайтын еді. Ұялатындай реті де болған емес. Ромеш алғашқы күннен бастап-ақ барлық шарт-талап дегенді былай тастаған-ды; қыздың ерсі қылықтарын мазақ ететін абысын-ажындары, достары да болған жоқ.

Ал бүгін Шойлоджаның дегенін орындау мүмкін емес сияқты болып көрінді. Күйеуіне Шойлоджаның қалай міндетси алатынын Комола біліп отыр, және өзінің Ромешке ондай өктемдік жүргізе алмайтынын да сезінеді, сол себепті сұрамсақтық жасап, аяғынан бара алмайды Ромешке. Ақыры Шойлоджа Комоланы көндіре алмады. "Мүмкін Ромешке ол өкпелі болар деп жорыды... Әрине, өкпелейтін орны да бар, — деп ойлады жас келіншек, — бөлек тұрғандарына қанша күн болды, Ромеш болса Комолаға жолығамын деп талпынған да емес".

Түскі тамақтан кейін үй иесінің әйелі Харибхобини дем алуға кетті. Сол шақта Шойлоджа Бипинге былай деді:

— Ромеш-бабуға бар да, Комола зенанға кірсін деп айтты де. Әкем ашуланбайды, ал мамам ештеңе де сезбейтін болады!

Бипин сияқты қой аузынан шөп алмас жұпыны жігіт үшін бұл ғажап тапсырма болды, бірақ мынадай мейрам күні әйелінің меселін қайтаруға дәті бармады.

Бұл кезде Ромеш жерге төселген кілем үстінде аяғын айқастырып, кітап оқып жатыр еді, зеріккендіктен журналдағы хабарландыруға көз сала бергенде кіріп келе жатқан Бипинді көріп, қуанып кетті. Бипин, әрине, әңгімеге жоқ адам еді, сонда да мынадай бейтаныс жат жерде ана-мынаны айтысып, уақыт өткізуге болар деп ойлады Ромеш, жалпылдай сөйледі:

— Кіріңіз, Бипин-бабу, хош келдіңіз!

Бірақ, Бипин отырмады, желкесін қасыды да, былай деді:

— Сізді шақырып жатыр.

— Кім, Комола ма? — деп сұрады Ромеш.

— Иә.

Ромеш бір халде таңырқап қалды. Расында Комоланы өз жамағатым деп есептер шақ жетті деп қорытқанына бір қыдыру уақыт болған еді, Бірақ өзінің ынжықтығына бағып, шегіншектей, шешімін кейінге қалдыра берген. Ойша Комоланы өз үйінің иесі етіп те елестетті. Онымен өтер келешек өмір бақытын ойласа, рухтанып та қалатын. Қашан да қиыны — алғашқы қадам ғой, бірақ күні бүгінге дейін арада болып келген салқындық, жаттық қатынасты бір әдемі күні жойып жіберуге болады дегенді Ромеш ақылына да сыйғыза алмайды. Оның үй жалдап алмай, найқалып жүрген себебі де осы еді.

Комола бір шаруа жайымен шақырған шығар деп ойлады Ромеш. Осы жорамалға аяғын мықтап басты, бірақ ойына күдік келе берді.

Ромеш журналды былай қойды да, зенанға бет алды. Талма түстің енжар да тыныш бір шағында Ромеш өзін сүйген жарына ынтыққан ғашықтық сезімге бөленгендей болды. Бипин анадайдан оған есікті көрсетті де кетіп қалды. Ал Комола бұл кезде шалқалап ашылған есік алдында бақшаға қарап отыр еді. Ромеш екеумізді табыстырам деп ынтығып еді Шойлоджа, ол райынан қайтқан шығар, Бипинге тартқан шығар деп ойлап отырған.

Жаңағы бір қылығымен Комола сезімін оятып жібергенін Шойлоның өзі де білмей қалды. Самал жел ағаш жапырақтарын қыбырлатып, ойнатып өтеді. Сол бір әсем де ойнақы қыбыр, қимылдар қыз жүрегін қытықтайды да азапқа салады. Сағыныш әкеледі.

Сол шақта бөлмеге Ромеш кірді де, қыздың арт жағынан келіп дауыстап жіберді.

— Комола!

Комола оянып кеткендей болды, ұшып тұра келді. Жүрегі тулай соғып кетті. Бұрын Ромеш алдында қысылмайтын, қымсынбайтын еді, енді басын көтеріп, көз қиығын да сала алмай қалды. Құлағына дейін қызарып кетті.

Жаңа киім киген Комола енді Ромешке таныс емес бір жақсы да жат құбылыста көрінеді. Сол бір көрініс оны таңқалдырды да тартындырып тастады. Жай басып келді, аз-кем үнсіздіктен кейін биязы дауыспен ғана:

— Комола, сен шақырдың ба мені? — деп сұрады. Қыз таңырқай берді.

— Жоқ, жоқ шақырғаным жоқ, шақырып қайтем? — деп Комола өзіне жат бір қызбалықпен сөйледі.

— Ал егер шақырсаң ше, ол бір қылмыс па еді?

— Жоқ, мен сені шақырған емеспін! — деп Комола өршелене түсті.

— Жақсы! Сен шақырған жоқсың, мен өзім келдім. Ашуланбассың, қуып шықпассың?

— Мұнда болғаныңды жұрт біліп қалады, ренжитін болады, баршы! Мен сені шақырған емеспін!

— Ал жарайды! — деді Ромеш, оның қолынан алып, — мен жатқан бөлмеге барайық, онда ешкім де жоқ.

Комола қалшылдап кетті, қолын тартып алды, көрші бөлмеге жүгіріп кірді де есікті бекітіп қойды.

Ромеш мұның әйелдер жасап жүрген арандатушылық екенін түсінді де өз бөлмесіне барды. Бұрынғыша жатып тағы да журналдағы хабарландыруларды қарамақ болды, бірақ түкке де түсінер емес: жел айдаған қара бұлттай ішкі дүниесін қат-қабат сезімдер билеп кетті.

Шойлоджа есікті қағып еді, ешкім дыбыс бермеді. Сонан соң тесіктен қолын өткізді де ішкі баспаны көтерді. Үйге кіре беріп төрде етпетінен түсіп, жылап жатқан Комоланы көрді.

Шойла таңырқап қалды. Комоланы ренжітетіндей не керемет болып қалғанын түсіне алмады. Қасына жақын келіп отырды да, ерке даусымен сыбырлай сөйледі:

— Не болды, жаным, неге бүйтіп жылап жатырсың?

— Неге шақырдың оны? Неге бұлай істедің? — деп Комола айыптай сөйледі.

Осындай ащы қасіреттің не себепті бұрқ ете қалғанын басқа түгіл Комоланың өзі де білмеді. Жұртқа жұмбақ бір қайғы көптен бері жанын жегідей жеп жүргенін ешкім де білмейді. Бүгін Комола өзінің тәтті бір қиялымен болып еді. Егер сол бір қиял дүниесіне Ромеш байқап кірсе, бәрі де сәтімен аяқталар еді. Бірақ ол өз ынтасымен келмеді, басқа біреу алдап кіргізеді. Сол себепті міне енді жаңағы қиялының быт-шыты шықты. Ромештің мейрам кезіндегі Комоланы мектепте қалдырмақ болғаны да, кеме үстіндегі салғырттығы да қайтадан зорая келіп есіне түсті. Сүйген жарға өзінің адал сезімі жетелеп келу бар да, шақырумен төбе көрсету бір басқа ғой. Комола оны осы Гаджипурға келген соң тез түсінген. Ал Шойлоджа мұның біріне де түсіне алмады. Тіпті ол Комола мен Ромеш арасында әлдебір кедергі болар деп те ойлаған емес. Шойлоджа Комоланы жайлап қана құшақтады да:

— Әлде Ромеш-бабу саған бір дөрекілік көрсетті ме? — деп сұрады. — Әлде менің күйеуімнің шақыра барғанына ашуланды ма екен? Кінәлі мен ғой, соны неге айтпадың?

— Жоқ, жоқ ол ештеңе де айтқан жоқ. Бірақ неге шақырттың оны?

— Рас, ісім теріс болды, сіңлім, кешір, — деді езіліп кеткен Шойлоджа.

Комола түрегеле беріп, оны құшақтай алды.

— Бара ғой, жаным, — деді ол — бар тезірек, Бипин-бабу ашуланып қалып жүрер әйтпесе.

Ромеш журналға үңіліп коп отырды. Бірақ ештеңені көрген де, оқыған да жоқ, жай ғана мағынасыз үңіліп отырды. Ақыры оны лақтырып тастады да, түрегелді.

— Жетті, сөз бұйдаға сала беруге болмайды енді. Ертең Калькуттаға жүремін, ондағы істі бірыңғайлап, тез қайтып оралуым керек. Комоланы некелі жарым деп таныр уақыт жетті, — деп күрт тоқтамға келді.

Кенет бір қуат пайда болды. Толқу мен түйткілдің бәрін де жұлып тастады ол.

ОТЫЗ ҮШІНШІ ТАРАУ

Ромеш Калькуттадағы бар шаруасын тындырып, тез оралмақ болып еді, тіпті Колутолаға мойын бұрғысы да жоқ. Өзі Джорджипарға келіп түскен. Келген шаруасы көп уақытын да алмады, ұзақ күнді бос өткізуге тура келді. Бұрынғы таныстарымен де кездескісі келмеді, сол себепті көшеде біреу-міреу кездесіп қалмаса екен деп ығыса жүрді.

Әйтсе де Калькуттаға қайтып оралуы-ақ мұң екен, жан дүниесі өзгеріп сала берді. Тыныштығы мол, қоңылтақ кең далада балғын Комола тым сұлу көрінуші еді, енді оның сол тартымдылығы мына қала өміріне әуейіленген Ромештің көз алдынан жоғалып, іріп кеткендей. Ромеш Джорджипарда өз пәтерінде отырып, Комола бейнесін елестетем деп әуре-сарсаң болады. Бірақ жүрегі селт етпейді. Комола енді қара байыр да надан қыз сияқты болып сала берді.

Мұндайда қанша салмақты болайын десең де шыдамың жетпейтіні бар емес пе! Хемнолиниды ұмытамын деп қаншама тырыспады, бірақ оның сүйкімді бейнесі күні-түні мұның көз алдында тұрды да қойды.

Егер Ромеш ширағырақ қимылдаса, бар жұмысын әлдеқашан бітіріп, Гаджипурға да оралған болар еді. Бірақ ала көңіл адамның ісі өнбейтіні бар ғой. Ақырында өйтіп-бүйтіп шаруасын да бітірді-ау.

Әдепкіде Ромеш жолда Аллахабадқа соға кетем деп ойлаған. Бұл күнге дейін сол шешімнен айнымаған болатын. Шыдамдылық деген жақсы ғой. Алайда аттанар алдында Колутолодағы үйге бас сұға кетсе, оның несі ерсі. Міне сөйтіп ол Колутолоға барар алдында хат жазуға кірісті. Комоламен екі арадағы жағдайды кең толғап жазды. Гаджипурға қайтып оралған соң оған үйленуден басқа амалдың жоқ екенін де хабарлады. Сөйтіп Хемнолинимен біржола қоштаспай тұрып, осы бір ақырғы жазылар хат арқылы оған сырдың бәрін де ашты.

Сөйтті де хатты конвертке салды, бірақ оған ешкімнің аты-жөнін жазбады. Оннода-бабудың қызметкерлері мұны жақсы көретінін Ромеш жақсы біледі. Өйткені, Хемнолини төңірегіндегілерге бұл үнемі көңіл сала жүретін, ақшасы да, киім-кешегі де сол үй қызметкерінің аузы мен үстінде болатын. Енді міне ол Колутолодағы үйге кеш түсе бармақ болды, алыстан болса да Хемнолиниге көз салмақшы, содан кейін қызметкерлердің бірінен осы хатты Хемнолиниге тапсыр деп өтінеді. Сөйтіп Хемнолинимен біржола ажырасатын болады.

Кеш түсе Ромеш ақырын басып көзге ыстық көшеге кірді, жүрегі тулап кетті. Үйге жақындай келіп есік-терезелердің тас түйін жабық тұрғанын көрді. Қаңырап иесіз қалған үй сияқты. Сонда да ол келіп есік қақты. Бір қызметші шықты.

— Бұл Сукхон ғой деймін? — деп сұрады Ромеш.

— Я, мен, мырза, — деген жауап қайырылды.

— Үй иесі қайда?

— Ол кісі қызымен бірге батысқа жүріп кеткен. Дем алып қайтпақ.

— Батыстың қай жеріне?

— Ол арасын білмеймін, мырза.

— Олармен бірге тағы кімдер кетті?

— Нолин-бабу бар.

Одан кейінгі жауаптардан мынау анықталды: — Нолин-бабу жас жігіт, соңғы кезде бұл үйге жиі келетін болған. Ромеш өзін Хемнолиниден біржола қол үзіп кеттім деп санаса да, мына бір Нолин-бабу дегенді ұната қоймады.

— Ханымның денсаулығы қалай?

— О, көңілі тетік.

Қызметші Сукхон осы бір жақсы хабарды айтып, Ромешті қуандырып тастамақ болып еді. Бірақ қатты адасқанын бір алланың өзі ғана біледі!

— Мен жоғарыға шығайын деп едім, — деді Ромеш. Қызметші түтіні будақтаған жер май шамын қолына ұстап оны баспалдақпен жоғары бастады. Ромеш аруаққа ұқсап, бос бөлмелерді аралады. — Кейде өзіне таныс диван, креслоларға келіп те отырады. Үй бұрынғы бұл бардағы қалпын сақтаған, өзгермеген, сонда да, апырау, осында келіп жүрген Нолин-бабу деген кім болды екен? Мән-мағынасы жоқ табиғат бола ма? Міне, жататын бөлмедегі терезе алды Ромешке айрықша ыстық көрінді. Бір кезде бұл жерде Хемнолини екеуі қатар тұрған еді. Қос жүрек батар күннің алтын сәулесіне малынып үнсіз тұрған, үнсіз табысқан жер бұл. Бұл жерге әлі де талай рет күн шұғыласы түседі. Хемнолини басқа жат біреуді ертіп келіп баяғысынша талай рет тұратын да болар. Апыр-ау, дәл осы шақта Хемнолини өткен күнін қайтіп есінен шығарып тастамақшы екен? Ромеш жасып қалды.

Келесі күні ол Аллахабадқа соқпастан Гаджипурға тура тартып кетті.

ОТЫЗ ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Ромеш Калькуттада бір айға жуық болды. Бұл Комола үшін аз да уақыт емес еді. Оның жан дүниесінде үлкен-үлкен өзгерістер бар. Дүниеге алтын нұрын бірден төгер ертеңгі күн сияқты Комоланың да жан сезімі кенет оянып, гүл атты. Оны осындай халге келтірген Шойлоджаның бұған деген достығы еді.

Шойлоджа сүйіспеншілігі нұр әкеледі, мұның жүрегін жылытады.

Ромеш кешіге берген соң Чокроборти ағай Шойлоджаның дегенін істеді. Комола мен Ромешке арнап қала шетінен, нақ Ганг өзенінің жарқабағындағы бір үйді пәтерге алды, қызметші жалдады. Кейбір керекті нәрселерді де сонда апарып қойды.

Ромеш Калькуттадан оралысымен олар жаңа үйге көшіп шығатын болды.

Комола енді жаңа мекен тапты, өз шаруашылығын құра бастады.

Үй төңірегінде бақша өсіретін жер де мол болып шықты. Қыс түсе Ганг өзені тартылып, қабақтан алыстап қалатын еді. Міне енді өзен табаны мен үй арасында құмдауыт алаң пайда болды. Бұл жерге шаруалар бидай еге бастады. Қауын-қарбыз отырғызғандар да болды. Үйдің Ганг жақ қабырғасына жақын, алып ним ағашы өседі екен. Соның саясына жеңіл жаппа жасалды. Ал шису ағаштарының саясын бойлап кететін кең аллея тура үйге алып баратын болды.

Үй ұзақ уақыт иесіз тұрған екен. Жүдеп қалған. Жеміс ағаштары да күтім болмаған соң азып кетіпті. Осы иесіздіктің өзі Комолаға қатты ұнап қалды. Оның енді өз мекені бар. Ол енді сол өз мекенінің иесі болмақ. Соның бәрі де Комолаға әдемі де, қызықты да көрінеді. Қай бөлмеге не қояды, қай жерге нендей ағаш отырғызады, бәрін де Комола осы бастан-ақ ойластыра бастады.

Чокроборти ағаймен ақылдаса отырып, үй төңірегіндегі жердің жоспарын да жасады, қада қағылмайтын, шыбық шаншылмайтын бос орын да қалмайтын болды. Ac үйге қазандық орнатуды да Комоланың өзі қадағалап жүрді. Бойын қуаныш билеп, шалқып кетті. Жалғас салынар құрылыстарға да өзгерістер енгізген де оның өзі болды. Ұзақ күнде бұл үйде қызу жұмыс жүргізіледі.

Әйел сәні үй шаруашылығында ғана көрінеді ғой. Сондай бір әбігер жұмыс үстінде көрінген Комола Ромешке қапастан босатылған азат құс сияқты болып кетті. Ақ жарқын, шат жүзін жұмсақ та епті қимыл-жүрісін тамашалайды, қайран таңғала тамашалайды. Бұл күнге дейін Комоланың осындай ашылмай жүрген өнері бар екенін байқамаған еді, міне, енді мына бір жаңа қызмет, үй шаруашылығындағы әйел қызметі Комолаға айрықша сұлулық, айрықша паңдық берген.

— Апырау, не істеп жүрсің, Комола? Шаршайсың ғой! — деді Ромеш оған жақындай беріп.

Комола бір сәтке басын көтеріп алды да, сондай бір тартымдылықпен езу тартты.

— Қойшы, менің бірдемем кеміп қалар дейсің бе?

Ромештің көңіл аударғанын қошемет деп түсінген Комола жұмысқа жаңа бір екпінмен кірісіп кетті. Еліге сүйсінген Ромеш оның жанына тағы да қайтып келді:

— Тамақтанып па едің, Комола?

— Әрине, тамақтанбаушы ма едім осы уақытқа дейін.

Ромеш оны білген де еді, сонда да өзінің сүйсінген көңілін таныту үшін әдейі сұрап жатыр. Мұндай қамқорлық Комоланың өзіне де жағымсыз бола қоймады.

Жаңағы бір жақсы әңгімені үзіп алмаймын деген Ромеш тағы да сөз қатты.

— Мұның бәрін өзің ғана істеп жатқаның қалай? Әкел, мен көмектесейін!

Іскер адамдардың бір кемшілігі болады! Олар қашан да басқа адамдардың қабілетіне ден қоймайды, сенім білдіре алмайды. Сол себепті өзі істер істі басқаға сеніп тапсыра алмайды. Сондай бір кемшілік Комоланың бойында да бар еді. Ол күле сөйледі:

— Жоқ, бұл сен атқарар жұмыс емес.

— Біз, еркектер шыдамды халықпыз ғой, — деп жауап берді Ромеш, — әйел жаратпаған іске бой сала алмаймыз, қарсылық көрсете алмаймыз. Егер әйелі бір күйге кезіксе, әлек-шәлегіңді шығарып жіберген болар еді! Ал онда ана ағайды неге жолатпай қоймайсың, епсіз адам мен ғана болғаным ба сонда?-

— Саған мұны түсіндіре алмаймын, жалғыз-ақ, ас үйді қалай сыпырғаның есіме түссе күлкім келеді. Кетші бұл жерден, байқайсың ба, қандай шаң екенін!

Ромеш әңгімесін жалғай беруге тырысты:

— Алайда шаң дегенің адам талғамайды, саған да, маған да қона бермей ме?

— Мен жұмыс істеп жүрмін ғой, төзуге тура келеді. Ал сен несіне шаң жұтасың?

Қызметшілер естімесін деп Ромеш тым ақырын мейірлене сөйледі:

— Мен сенімен нені болса да бір көргім келеді.

Комоланың жүзіне қан жүгіре қалды. Ештеңе деп жауап та қайтармады, бұрылып кетті.

— Тағы бір құмыра су құйып жібер, — деді ол Умешке қарап, — кір дегеніңнің баттасып қалғанын көрмей тұрсың ба! Сыпырғышты маған бер! — Осыны айтты да Комола үй ішін тазалауға кірісіп кетті.

Соған қарап Ромеш мазасызданып қалды:

— Бұл ісің не, Комола-ау?

Кенет оның артынан дауыс шықты:

— Бұл жұмыста ұят санар не бар, Ромеш-бабу? Сіз ағылшын мәнерін үйреніп алған адамсыз, теңдік жайын қайталай беруге де барсыз. Ал егер үй тазалаушының еңбегі қорлық деп саналатын болса, үй қызметкерлеріне тыйым неге салынбайды? Мен, мүмкін, ақымақ шығармын, былай деп жауап берейін: құнтты қыздың қолындағы сыпырғыштың әрбір талы маған күн нұрындай жарқылдақ, әдемі болып көріне береді, Мына жыңғылды тазалап та болдым, шешетай, — Чокроборти енді Комолаға бұрылды, — енді қай көкөністі қай жерге отырғызу керектігін көрсетіп беруіңе тура келеді.

— Ағатай, сабыр ете тұр аз ғана, — деді Комола, — мына бөлмені тазалап алайын.

Үй ішін жайғастырған соң Комола сариінің бір ұшын басына жамылды да Чокробортимен еріп бақшаға шықты. Ол мұнда әлде бір шаруажай кейіппен көкөніске қай жерді болу керектігін әңгімелеп кетті.

Осындай қызыл танау әбігер үстінде күннің де қалай өткені сезілмей қалды. Бірақ үй әлі де толық тәртіптеліп болған жоқ еді. Көшер алдында, тағы да тазалап, көк сасыған бөлмелерді саңғыратып кептіріп алуға тура келді. Сол себепті кеш түсісімен олардың Чокроборти үйіне қайтып баруына тура келді. Бұл Ромешті көңілсіздендіріп тастады. Ол бүгін күні бойы осы бір мол тыныштығы бар оңаша үйде шам жарығымен отырып ұяла күлімдеген Комолаға өз сезімін, өз жанын ұсынуды арман етіп еді. Міне енді көшіп шығуға әлі де бірнеше күндік кедергінің барын байқады да, қызметке орналасу мәселесімен Аллахабадқа жүріп кетті.

ОТЫЗ БЕСІНШІ ТАРАУ

Келесі күні Комола Шойлоджаны өзінің жаңа мекеніне түскі дәмге шақырды. Жас келіншек күйеуін тамақтандырып жұмысқа аттандырды да, құрбысының үйіне тартты. Комоланы көңіліне жақпаған соң Чокроборти ағай бір күндік демалыс жариялап, балаларды үйіне таратып жіберді. Ним ағашының салқын саясына әйелдер дастарқан жайды. Умештің көмегімен тамақ дайындала бастады.

Түскіліктен кейін Чокроборти ағай дем алуға үйге кірді. Ал жарасты абысындар ағаш барқынында отырып өздерінің таусылмас әңгімесіне кірісті. Қыстың тымық бір күнінде өзен жағасында, қалың ағаш саясында тым бейбіт еткен әңгіме Комоланың ет жүрегіне шипадай әсерлі тиді. Мазасын алып, жанына тыныштық бермеген беймаза ойлардың бәрі де бұлтсыз аспан кеңістігінде ноқаттай ғана болып, қалықтап ұшқан лашын құстай алыстай берді, алыстай берді.

Күн ұясына еңкейген шақ еді. Күйеуімнің жұмыстан қайтар уақыты болып қалды деп Шойлоджа мазасыздана бастады.

— Бір күн қарсы алмасаң, қайтушы еді, — деді Комола.

Шойлоджа үндемеді; сәл ғана жымиып күлді де Комоланың иегінен қақты, содан соң басын шайқады. Үйге кіріп әкесін оятты, қайтатынын хабарлады.

— Қарағым, бізбен бірге жүр, — деді Чокроборти Комолаға.

— Жоқ, ондай-мұндайды жайғастырып, кейін барармын, — деді Комола.

Чокроборти ағай Комола қасына Умеш пен өзінің кәрі қызметшісін қалдырды да, өзі Шойлоджаны шығарып сала кетті. Мұнда әлдеқандай шаруасы болса керек, қайтып келем деп кетті.

Комола шаруасын күн батпай тұрып жайғастырып алған еді. Енді жылы шәліге қымтана оранды да бақшаға шықты, бұтағы көп бір ағаштың түбіне келіп отырды. Сонау алыс батыста қан қызыл аспанға қара желкендерін бойлатып, тұмсықтарын жағаға тірей тұрған қайықтардан асып күн батып барады.

Комоланың жанына ақырын басып Умеш келді.

— Шешетай, сенің сағыз шайнамағаныңа көп болды ғой. Мен мұны ағайдың үйінен ала шығып едім, — деп қағазға ораулы нанды ұсына берді.

Комола біраздан кейін барып сергіді, ымырт үйіріліп бара жатқанын байқады да, асыға түрегелді.

— Шешетай, Чокроборти мырза саған көлік жіберіпті, — деді Умеш.

Жүрер алдында Комола бітпей қалған бірдеме жоқ па екен деп тағы да үйге кірді.

Қыс қатты болса, үй жылы болсын деген мақсатпен төргі бөлмеге камин орнатылған еді. Сол пеш үстінде шам жанып тұр. Умеш ұсынған қағаз түйіншекті Комола сол жерге қойды. Шыға беріп үй ішіне тағы да көз салды. Кенеттен жаңағы нан оралған қағаздан өз атын көрді, үңіле қараса, Ромештің қолы.

— Бұл қағазды сен қайдан алдың? — деп ол Умешке бұрылды.

— Мырза жататын бөлменің іргесінде жатыр екен. Үй сыпырып жүріп көзім түсті де, көтеріп алдым.

Комола бір сөзін де қалдырмастан мұқият оқи бастады. Бұл Ромештің Хемнолиниге жазған хаты еді. Барықсыз Ромеш түсіріп алған да, ұмытып кеткен болса керек. Комола аяғына дейін оқып шықты.

— Шешетай, неге үндемей тұрсың? — деді Умеш, — қараңғы түсіп кетті ғой.

Комола жауап қайтармады.

Умеш оның өңіне қарап, шошынып қалды.

— Шешетай, немене, естімей тұрсың ба? Жүр, үйге барайық, мүлде қараңғы түсіп кетті.

Бірақ Комола қозғалмады. Бір уақытта Чокроборти ағайдың қызметшісі келіп, экипаждың көптен күтіп тұрғанын, жүретін мезгіл болғанын хабарлағанда ғана орнынан қозғалды.

ОТЫЗ АЛТЫНШЫ ТАРАУ

— Бүгін өңің сынық көрінеді, сіңлім, сырқаттанып отырған жоқсың ба? Басың ауыра ма? — деп сұрады Шойлоджа.

— Жоқ, оқа емес, — деп жауап қатты Комола. — Ағатай қайда жүр, көрінбейді ғой?

— Қазір мектепте демалыс қой. Аллахабадта тұратын апамыз ауырып қалыпты. Сонда кеткен.

— Қашан келер екен?

— Бір жұмадан артық бола қоймас. Бунгалоны түзеймін деп шаршап қалған боларсың, тым жүдеп отырсың. Тамақты ертерек іш те, жатып қал

Ең жақсысы бәрін де Шойлоджаға айтып беруге болар еді, бірақ Комоланың батылы бармады. Басқаға болса да, Шойлаға айтуға болмайды, осынша уақыт Шойлоджа Ромешті мұның күйеуі деп түсініп келіп, енді оны күйеуім емес еді деу Комолаға мүмкін емес сияқты болып көрінді.

Қыз жататын үйге кіріп, есікті жауып алды да, шам жарығымен хатты қайта оқып шықты. Онда қыздың аты-жөні де, қайда тұратыны да айтылмаған еді. Сонда да әйелге арналғаны әуенінен танылады. Ромеш оған үйленбек екен. Комола үшін ажырасуға тура келген. Ромеш ол әйелді жан-тәнімен сүйетінін де жасырмапты. Тек бақытсыз бір кездейсоқтықпен тап болған жетім қызды аяғандықтан, өз сүйгенінен біржола ажырасуға бел байлаған.

Ромештің ең алғаш құлазыған өзен жағасында кездескен сәтінен бастап, күні бүгінге дейін бұған деген көңіл жайын Комола міне енді ғана түсінді.

Ромеш оны әйелім деп санамаған және не істерге амал да таба алмаған. Ал Комола болса, оған күйеуім деп қарады, күдіктенген де жоқ, бақытты от басын құрауға ұмтылды.

Міне енді Комола сол қылығын ойлағанда ұяттан өртеніп кете жаздады. Бірге тұрған күндердің әрбір оқиғасы есіне түскенде жер тесігі болса кіріп кетердей болады. Осы бір оқиға оның күнәдан пәк, таза жанын арамдады, ақталар да амал-айла жоқ енді.

Есікті серпе ашты да Комола бақшаға шықты. Қыстың қараңғы түні, қара көк аспаннан ызғар білінеді. Шыңылтыр ауа бар, көк әлемінде сансыз жұлдыздар жымыңдайды.

Оның көз алдына қарауытқан бір шоқ манго ағашы айқын елестеп кетті. Шым-шытырық ой басып, жаңылыстыра берді. Салқын шөпке отыра кетті де тастан шапқан бейнедей қимылсыз қатып қалды. Көзіне жас та келмеді. Бәрі де кебір тартып қалғандай.

Осындай бір қалыпта қанша отырғанын да білмеді, енді бірде мүздап тоңғанын сезді, қалтырап кетті. Түннің бір уағы болды. Шетінен кемітіліп, таусыла бастаған қиық айдың ала қоңыр бұлыңғыр сәулесі қара аспанның жиегіне боз таңдақ түсіре бастады. Дүниені табыттай тылсым тыныштық басып алған. Комола зорға тұрды да үйге кірді.

Ертеңіне ұйқыдан оянғанда басында отырған Шойлоджаны көрді. Сәске түс болып қалған шығар деп, қыстыққан қыз асыға тұрды.

— Тұрма, сіңлім, үйықтай тұр әлі де. Мүмкін сырқаттанып қалған боларсың? Өңің жүдеп, көз алдыңа көк сызықтар жүгірген Бірдеме болған ғой саған. Маған неге айтпайсың оныңды? — Шойлоджа төсекке келіп отырды да, Комоланың мойнынан құшақтады.

Қыз жүрегі тулай соғып кетті, одан әрі шыдамы жетпеді, Шойлоджаның қолтығына бетін басты да солқылдап жылап жіберді. Шойлоджа да ештеңе айтпады, қатты қысып Комоланы құшақтай берді. Бірақ бір сәттен кейін Комола оның құшағын жазды да, түрегелді, көз жасын сүртті, содан кейін зорлана күлді.-

Қой күлмеші, — деді Шойлоджа, — мен коп қыздарды көрген едім, бірақ сендей тұйық адамды кездестірген емен. Жасырып қалам деп үміттенбе, менен үндемей құтылам деп те ойлама! Мұның себебін өзім-ақ айтып берейін, тыңдағың келе ме? Ромеш-бабу Аллахабадтан әлі бір де хат жолдаған жоқ, — міне сені булықтырған жай, намысқойын қара мұның! Бірақ оның шаруасы болып кеткен, түсінсеңші екі күннен кейін қайтып келетін болады. Несіне ашуланасың, уақыт тұтқасы оның қолында емес қой! Жетті енді! Ал сіңлім, мен саған ақыл айтып жатырмын-ау, егер сенің орныңда болсам, мен де осындай күйге түсер едім! Болмашы үшін көзін бұлайтын әйел байғұс-ай. Міне, көз жасың құрғап еді, күле бастадың. Ойлама енді оны!

Шойлоджа осы сөздерді айтып Комоланы өзіне тартты:

— Шыныңды айтшы, сен қазір ғой оның бұл қылығын еш уақытта да кешірмеймін деп ойлайсың, ә?

— Ие, ие, сен дәл үстінен түстің.

Шойлоджа қыздың бетінен қақты.

— Әрине, солай, мен осылай шығар-ақ деп ойлап едім! — Несі бар, көрерміз!

Дәл сол күні, Комоламен арада болған әңгімеден кейін Шойлоджа Аллахабадқа әкесіне хат жолдады.

"Комола Ромеш-бабудан хат-хабар ала алмай ренжіп қалды, — деп жазды ол. — Ол сорлы бейтаныс қалада жалғыз өзі ғой. Ал Ромеш болса, үнемі сапарда жүреді, оның үстіне хат та жазбайды, ал бүл Комолаға қандай ауыр! Ромеш Аллахабадтағы шаруасын осы уақытқа дейін неғып тындыра алмады. Әрине ол көп уақытты да керек етеді ғой, сонда да бір-екі хат жаза салуға уақыт табу қиын болып па!"

Чокроборти ағай Ромешпен кездескен жерде Шойлоджа хатының кей жерін баяндап берді де, жақсылап тұрып ұрысып алды.

Ромештің Комолаға шынымен-ақ көңілі ауған еді, бұл оның батылсыздығын арттыра берді. Аллахабадтан күйбеңдеп шыға алмағаны да сол еді, оның үстіне міне Чокроборти ағай кездесіп, Шойлоджа жазған хат жайын айтып берді.

Ол Комоланың өзі жоқта сағынатынын да түсінді, жалғыз-ақ мұны хатқа жазуға оның дәті шыдамайды.

Комоланың сүйетініне көзі жеткен соң, Ромештің ынжықтығы да жойыла берді. Енді жалғыз өзінің ғана емес, қыз бақытын да ойлау керек. Су ортасындағы құмды аралда алла тағала оларды жай ғана бір-біріне кезіктіре салған жоқ, қос жүректі табыстырған да үйлестірген-ді. Ромеш осыны ойлады да бірден Комолаға хат жазуға отырды.

Ол хатты былай бастады:

"Сүйіктім менің! Бұл хатты жай шарт-міндет санап жазып отыр деп ойлама. Дүниеде сені басқа жанға теңгеретін болсам, хат басын бұлай бастамаған болар едім. Егер бір кезде ойыңа күдік салсам, нәзік жүрегіңе жарақат түсірсем, онда осы бір сүйіктім менің деп адал айтып отырған сөзім, күдігіңді сейілтіп, жара-қасіретіңді айықтыратын болсын.

Ие, бұл жайында жазуға болар ма. Бұл күнге дейін менің қылықтарым саған азап-қайғы берді. Егер әлі де маған өкпелі болсаң, — ақталуға тырыспаймын жалғыз-ақ айтарым, енді дүние-дегі ең сүйіктім сенсің, дүниеде сенен қымбат жан жоқ маған. Егер бұл айтылған сөздер сен кешкен қайғы-азап пен ренішті ұмыттыра алмаса, басқа қандай амалдың барын да біле алмаймын.

Сөйтіп, Комола, мен сені сүйіктім дей отырып, күдік пен реніш күңгірттенген өткен күнмен біржола хош айтысып, алдағы күнде өзіңді ғана сүюге бел байладым. Бір нәрсе жөнінде ғана жалбарынамын: ең қымбаттым өзіңсің, соған сен. Егер бүл сөзге ет-жүрегіңмен құлай сенсең, маған күдік келтіріп, сұрау салмайтын боласың! Сүйдіре алдым ба өзімді, махаббатыңа не бола алдым ба, сұрауға батылым жетпейді, ие, сұраудың да қажеті жоқ. Менің сезіміме орай оз жүрегіңнің толқынар, ыстық сүйіспеншілікпен үнсіз жауап, тіл қатар күні де туар, мен бұған кәміл сенемін. Өзімнің саған деген махаббатым соны хабарлайды. Өзімді сенің жүрегіңе не боларлық адаммын деп санайтындай мен несібем тасып кеткен адам емеспін, сонда да менің саған деген осы табынушылығым неғып зайғы болмақ, неғып жауапсыз қалмақ. Хат саған аздап оғаш көрінерін де түсінемін. Ол өзі мектеп балаларының мазмұндамасына да ұқсап кетіп тұрған болар — қаласаң жыртып таста. Жүректегі сезімді қағазға түсіріп беру мүмкін емес. Өйткені махаббат сыңар жақ болмайды, ол — қос жүректің ісі. Хатты біреуі ғана жазып отырған себепті ол бәрін жеткізіп айтып бере алмайды, оған тіпті екі жаққа бірдей дұрыс әуен табу да қиын.

Шын хаттарды мен саған арамызда түсіністік туып, сенім орнаған кезде ғана жаза аламын. Есік-терезе ашық тұрса ғана жел үй ішін еркін аралап өте алады. Қымбатты Комола, сендік жүректің есігін мен қашан шалқалап аша алар екенмін?

Мұның бәрі біртіндеп, өз уақытымен келетін болар, сабырсыздық — ұятсыздың ісі. Мен осы хат қолыңа тиген күннің ертеңінде азанда оралатын боламын. Өзіміздің жаңа мекенімізден шығып қарсы алғаныңды қалар едім.

Ұзақ уақыт біз баспанасыз болдық, мен енді күте алмаймын. Бұл жолы өзімдік тұрақ-мекенге оралмақпын. Жүрегімді тұтқындап алған адамды сол үйдің иесі есебінде көруге құштар-ақпын. Бұл біздің екінші "сәтті көзқарасымыз" болады. Ал алғашқысы — айлы түнде, құлазыған өзеннің құм жағасында өткені есіңде ме сенің?

Баспанасы да, ықтасыны да жоқ, ағайын-туған да, көршілер мен достар да жоқ еді — біз үйден қиян алыста едік. Сонда бұл түс сияқты, сағым сияқты көрінген. Сол себепті шын мағынасындағы нағыз "сәтті қарасты" күтудемін, — ерке де ашық таңда, кәдуілгі өмірдің өзінде күтемін.

Өз үйіміздің алдында ертеңгі күн сәулесіне малынып, күле қарап тұрған шағыңды өз жүрегімде мәңгі-бақи сақтап қалармын. Сол сәтті асыға, құмарта күтемін.

Сүйіктім! Мен өз жүрегіңнің қақпасы алдында қонақ есепті күтіп тұрмын, қуа көрмеші мені!

Мархабатыңды тілеген Ромеш".

ОТЫЗ ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Мұңлы жүрген Комоланың көңілін көтермек болған Шойлоджа:

— Сен бүгін өз бунгалоңа бармаушы ма едің? — деп сұрады.

— Жоқ, енді онда барудың қажеті жоқ.

— Үй ішін жиыстырып болып па едің?

— Ие, апатай, бәрі бітті енді.

Аз-кем уақыттан кейін тағы да Шойлоджа келді.

— Өзіңді қуантып тастаймын, сүйіншісіне не бересің, сіңлім?

— Менде ештеңе де жоқ қой, диди.

— Тіпті түгің де жоқ па?

— Тіпті.

Шойлоджа қыздың иегінен қақты.

— Әрине, білем ғой, өзіңдегінің бәрін бір адамға ғана бағыштағансың ғой. Рас па? Ал мынаған не айтасың? — Ол қалтасынан хатты алды.

Хат сыртындағы Ромеш қолын таныған Комола қуарып кетті. Теріс айнала берді.

— Жарайды, намысқа тырыса беруің жетті енді! Менің қолымнан тезірек алуды ойлап тұрғаныңды мен білмейді дейсің бе? Күлші кәне, әйтпесе бермеймін! Айтқанымда тұрып қалатынымды көрерсің!

Сол шақта "апатайлап", айқай салып Уми кіріп келді. Қолында жіпке байлап сүйреткен сабын қалбыры бар. Комола оны көтеріп алды. Құшырлана сүйіп, ішкі үйге алып барды. Ойыншығын қалдырып қойған Уми айқай көтеріп еді, Комола босатпады, жұбатпақ болып әлденелерді айтып, бетінен шөпілдете сүйіп, аймалай берді.

— Мен жеңілдім, жеңіп кеттің сен! — деді оның артынан ере кірген Шойлоджа. — Шыдамдылығыңа болайын! Мен бүйтіп төзімділік көрсете алмаған болар едім. Ал Рой, сіңлім, міне, басыма бәле тілеп нем бар! — Шойлоджа осыны айтты да, хатты төсек үстіне тастады. Комоланың қолынан Умиді алды да шығып кетті. Комола конвертті ашуға батылы жетпей коп отырды. Ақыры зорға дегенде ашып жүгіртіп оқи бастап еді, беті от болып жанып кетті. Енді көңілін орнықтырып қайта оқи бастады. Ақыры соңына да жетті. Хаттағы айтылғанның бәрін бірдей Комола түсіне алды ма, — ол арасын білмеймін, әйтеуір осы шақта қолына әлде бір лас нәрсені ұстап тұрғандай сезінді. Өйткені бүл хат жат адамның ошақ басын құруға шақыруы емес пе! Соның бәрін Ромеш көптен білген, бірақ айтпаған. Комола қатты жәбірленіп қалды. Гаджипурға келгеннен бері оған айрықша көңіл аударып, жылы қарай бастаса, соның себебін Ромеш шынымен-ақ өзінің Ромеш болғандығынан іздейтін болғаны ма. Комола оны күйеуім деп жылы ұшырайтынын ол неліктен түсінбейді екен? Ие, Ромеш оны түсінбейді,"жетім" қызға сүйіспеншілік хат жазып, мүсіркеп отырғаны да содан. Апырау, мұның бұлай емес екенін Комола енді қайтіп дәлелдей алмақ? Маңдайына осындай бір масқара, бақытсыздықтың тап болатынындай, тәңірге не жазып еді сонша?! Ганг өзені жағасындағы Ромеш үйі енді мұны жұтып қояр бір ғаламат қорқыныш сияқтанып кетті. Құтылудың шарасы не? Бұдан екі күн бұрын Ромеш осындай бір алапат әкелер деген ой оның түсіне де енген жоқ еді-ау!

Сол шақта үйге Умеш кірді де, азырақ жөтеліп қойды. Комола өзін байқамай отырғанын сезді де:

— Шешетай! — деп дыбыс берді.

Комола бері бұрылғанда, Умеш желкесін қасыды да, былай деді:

— Бүгін Сидхубабу қызын ұзататын көрінеді, Калькуттадан күйшілер шақырыпты.

— Жақсы-ақ болған, Умеш, — деп жауап берді Комола, — бар, көре ғой.

— Ертең таңертең гүл әкелейін бе, шешетай?

— Жоқ, жоқ, жаным, гүл керек емес. Умеш кетейін деп ыңғайлана беріп еді, Комола оны шақырып алды:

— Сен бүгін тойға барасың ғой, мына бес рупияны ал Умеш таңырқап қалды. Мына бес рупияның тойға қандай қатысы барын түсіне алмады.

— Шешетай, мүмкін қаладан өзіңе бірдеме сатып әкеп беруімді қалайтын шығарсың?

— Жоқ, маған ештеңе де керек емес. Бұл ақшаны өзің ал, керек болады!

Қысылыңқырап қалған Умеш есікке беттей бергенде Комола оны тағы тоқтатты.

— Умеш, тойға сен осы көйлегіңмен барасың ба, жұрт не демек?

Умеш жұрттың бұдан үміт күтетінін, киім киісін сөз ететінін мүлде ойламаған еді. Сол себепті дхотинның таза болуына мән бермеген-ді, көйлегінің жоқтығы да оны қамықтырмаған. Сол себепті ол Комола сөзіне күлді де қойды.

Комола екі сариді алып келді де Умешке ұсынды:

— Мә, мынаны ал да киіп ал.

Су жаңа да, әдемі матаны көргенде Умеш қуанып кетті, шексіз рақмет алғысын танытпақ болып Комоланың аяғына бас ұра берді. Содан кейін жүрегін кернеген қуанышын жасырмақ ниетпен қабағына кірбің алды да шығып кетті. Умеш кеткен соң, Комола көзіне іркілген жасты сүртіп тастады да, терезе алдында үнсіз тұрып қалды.

Үйге Шойлоджа кірді.

— Сіңлім, сен маған хатыңды көрсетесің бе? — деп сұрады ол. Шойлоджаның Комоладан жасырар сыры болмайтын, сол себепті Комоланың да барынша ашық болуын талап етер қақысы бар еді оның.

— Мінеки, диди, — деп Комола жерде жатқан хатты көрсетті.

"Мүмкін ашуы тарқамағаны ғой әлі", — деп ойлады Шойлоджа.

Содан кейін хатты көтеріп алды да, оқып шықты. Онда сүйіспеншілік жайы көп айтылған екен, сонда да Шойлоджаға бір түрлі оғаш көрінді. Өз күйеуі зайыбына қайтіп осындай хаттар жазды, жоқ, тіпті оғаш нәрсе!

— Сіңлім, сенің күйеуің мүмкін романдар жазып жүрген болар? — деп ол Комолаға бұрылды.

"Күйеу" деген сөзді естігенде Комола селк ете қалды.

— Білмеймін, — деп жауап берді ол.

— Сөйтіп, бүгін өз бунгалоңа бармақпысың? — деп сұрады Шойлоджа.

Комола басын изеді.

— Бүгін Норсинха-бабудың жамағаты келмекші. Саған ере барып ымырт үйірілгенге дейін бірге болсам ба деп едім, не қыларымды білмей тұрмын; мүмкін сенімен бірге шешем баратын болар.

— Жоқ, жоқ, ол барып не істемекші, қызметшілер бар ғой, — деп Комола асыға жауап берді.

— Ие, оның үстіне өзіңнің қамқоршың да қолқанатың Умеш бар ғой, — деп Шойлоджа күле сөйледі. — Қорқатын ретің жоқ.

Осы кезде Уми қарындаш әкеліп, кез келген нәрсені шимайлап, әлде бірдеме деп былдырап жүр еді. Тегі "мен оқимын" десе керек. Комола оны жұмысынан бөліп алды. Кішкене қыз бала айқай салып қарсылық білдіре бастағанда, Комола оған былай деді:

— Жүр, мен саған бір әдемі нәрсе беремін. — Ол баланы бөлмеге алып кірді. Кереуетке отырғызды да, аймалай бастады. Уми отырып берем деген сыйлығын талап етті. Комола жәшікті ашты да, екі алтын білезікті алып шықты. Соншалықты қымбат ойыншық алған бала қуанышы қойнына сыймай кетті. Комола білезікті баланың білегіне салды. Уми білезік сыңғырлаған қолын мақтана керіп, сыйлығын көрсету үшін шешесіне жөнелді. Бірақ Шойлоджа оларды иесіне қайтарып бермек үшін, сол сәтінде ағытып алды.

— Комола қызық екен, өзі! Бала қолына мұндай нәрсені неге береді? — деп қойды.

Сондай жәбір көріп әділетсіздікке душар болған Уми жаратқанға жалбарына берді. Сол шақта Комола келді.

— Апа, бұл білезікті мен Умиге сыйладым, — деді ол

— Мүмкін сенің есің ауысқан шығар? — деді таңырқаған Шойлоджа.

— Жоқ, жоқ, сен оны маған қайтарып берем деп ойламай-ақ қой. Умиге алқа жасатып бер.

— Егер де дәл сендей жансыз дарханды кездестірсем, көзім шықсын, — деді де, Шойлоджа Комоланы құшақтай берді.

— Енді мен бұл үйден кеттім, диди. Мен мұнда өмірімде көрмеген бақытқа кездестім, — деді Комола. Көзінен ыстық жас бұршақтап кетті.

— Сен бір көз көрмес алысқа кетіп бара жатқандай сөйлейсің-ау, — деп Шойлоджа да көз жасын зорға ұстап қалды. — Біздің үйде төрт құбылаң түгел бола қойған жоқ. Бірақ, міне қиындықтың бәрі артта енді. Өз үйіңнің бақытты тұтқасы боласың. Егер біз бара қалатын болсақ "осылардан тезірек құтылсам" деп те ойларсың!

Комола иіліп сәлемдесіп, пронам жасағанда, Шойлоджа былай деді:

— Мен саған ертең түстен кейін келемін.

Комола ештеңе деп те жауап қатпады.

Ол өз бунгалосына келді. Умеш те осында екен.

— Бұл сенбісің? Тойға неге бармадың? — деп сұрады ол

— Сен осында келетін болған соң...

— Мені ойлап тынышсызданудың қажеті жоқ. Бар тойға, мұнда Бишон қалмақ. Кешікпе, тез жөнел!

— Енді кешігіп те қалдым ғой.

— Оқасы жоқ, той қашан да қызық болмай ма, жақсылап көріп ал бәрін де.

Умешке көп жалынудың керегі де жоқ еді. Ол жинала бастап еді, Комола оған:

— Тыңда, ағаң келгенде, сен... — деді де, сөйлемді не деп аяқтарын білмей мүдіре берді. Умеш аузын ашып қалды. Аз кідіріп ойланған Комола былай деді: — Есіңде болсын, ағаң сені жақсы көреді. Егер өзіңе бірдеме керек болса, соған бар, тағзым етіп менен пронам тапсыр, содан кейін шаруаңды айт. — Меселіңді қайтармайды, тек менен пронам тапсыруды ұмыта көрме.

Умеш бұл сөздердің мәніне түсінбесе де:

— Қалай айтсаң, солай етіп орындайын, шешетай, — деді. Содан соң шығып кетті.

— Ханым, сен қайда барасың? — деп сұрады Бишон түс өлетінде одан.

— Гангқа шомылуға барамын.

— Шығарып салу керек пе?

— Жоқ, үйге бас-көз бол — Комола осы сөздерді айтты да, оған не қызметі үшін екені белгісіз бір рупия берді. Содан кейін Ганг өзенін бетке алып жүріп кетті.

ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Бір күні түскі тамақтан кейін Оннода-бабу Хемнолинимен бірге отырып шай ішпекке қызының соңынан жоғары көтерілді. Бірақ оны жататын бөлмеден де, қонақ бөлмеден де іздеп таба алмады. Үй қызметшілерінен сұрап, Хемнолинидің сыртқа да шықпағанын білді. Оннода-бабу қатты тынышсызданып төбеге шықты. Баяу семіп бара жатқан қысқы күннің әлсіз сәулесі қаланың көз жетер жеріндегі қиян-қилы үй төбелеріне түсіп тұр. Еркін самал еседі. Хемнолини төбеден жоғары көтерілген мұнара көлеңкесінде үнсіз отыр екен.

Ол тіпті арт жағынан Оннода-бабудың келгенін де естімей қалды. Тек әкесі жақын келіп, иығынан қаққанда ғана Хемнолини шошып кетті, содан кейін ұялып, қысылып қалды. Ол тұрам дегенше, Оннода-бабу қасына отырып та үлгерді. Бір уақ үнсіз отырды, содан кейін күрсініп алды да:

— Егер шешең қазір тірі болса, Хем! Мен саған қайтіп көмектесе алмақпын?

Осы бір аяулы сөздерді естіп, Хемнолини терең ұйқыдан оянғандай болып кетті. Әкесіне қарады, әке келбетінде бұған деген қаншама сүйіспеншілік, қаншама жаны ашырлық сезім, қайғы-қасірет бар десеңші! Осы бір аз уақыттың ішінде ол қаншама өзгеріп, шөгіп қалған. Хемнолини басына төнген ала-бөтен қайғы дауылын оның, бір өзі көтермеді ме, қызының жаралы жүрегіне дәру табам деп талпынбады ма! Соның бәрі де зайғы кетер әрекеттер екенін білген соң, міне енді қыз анасын есіне алып отыр. Өз махаббатының ешқандай әсері болмады, шер басқан көкірегін қақ айырып еріксіз күрсініп те алды. Осының бәрі найзағай жарқылындай жалғыз сәтте соншалықты айқындықпен Хемнолинидің көз алдына келіп тұра қалды. Ұялыс сезімі оны дүр сілкіндірді. Қараңғылық шоқтығына батқан дүние тіршілігін танытар болып қайта оралғандай. Хемнолини өз мінезі үшін ұялғандай болды. Ол соңғы күндерде түгел баурап, шырмап алган өткен күн елестерінен арылды да:

— Әке, денсаулығың қалай? — деп сұрады.

Денсаулығы? Оннода-бабу өз денсаулығы жайында қашан әңгіме болғанын да ұмытып қалған.

— Менің денсаулығым ба? — деді ол — Менің көңілім тетік қой, жаным, бірақ сенің жүзің сынық, мені сол қорқытады. Менің жасымдағы адамға не болушы еді. Ал сенің жасыңда мынадай тағдыр соққысы бар денсаулығыңды құртып кетпек, — Оннода-бабу қызын ақырын ғана арқадан сипады.

— Анам өлгенде мен неше жаста едім, айтшы, әке? — деп сұрады Хемнолини.

— Сен онда, үш жаста болатынсың, былдырлап сөйлей беретінсің.

— Ма қайда? — деп сұрағаның менің әлі есімде. Сен атаңды білмейсің ғой. Өйткені ол сен тумай тұрып өлген-ді. Сол себепті анаң әкесіне кетті дегенімнен ештеңе түсінген жоқ едің. Тек шерлене қарап отыра бергенсің. Сонан кейін қолымнан ұстағансың да қаңырап бос тұрған анаңның бөлмесіне жетектей жөнелгенсің. Сол құлазыған бөлмеден анамды тауып береді деп сенген едің. Сен әкеңді тым үлкен, тым күшті деп түсіндің ғой, сол күшті әкеңнің орашолақ екенін білген де жоқсың. Міне бүгін соларды еске ала отырып, қазір біз бәріміз де қандай дәрменсіз жандармыз! деп ойлаймын. Құдай тағала әкеңе үлкен жүрек бергенде, әкімшілік дегеннен мақұрым қалдырыпты. — Оннода-бабу қолын қызының иығына салды.

Хемнолини сол бір марқаматты да қалтыраған қолды сипай бастады.

— Мен анамды біле де бермеймін, — деп бастады сөзін, — тек талма түс шағында төсекте жатып кітап оқитыны ғана есімде. Ал мен болсам онысын ұнатпаушы едім, қолынан кітапты алуға тырысатынмын.

Әкелі-балалы екеуі тағы да өткен күн елесіне шомып кетті. Марқұм ананың қандай болғанын, оның нені жақсы көргенін, өздерінің ол кезде қандай тіршілік құрғанын сөз ете отырып, күннің батып, аспан әлемі мыс-күрең реңкке қалай ауысқанын байқай алмай қалды. Сөйтіп, шулы Калькутта қаласындағы үйлердің бірінің төбесінде әкелік, балалық мәңгі махаббат табыстырған екеу — көне карт пен жас қыз отырды. Олар қара күңгірт тартып, бояуы өшіп бара жатқан аспан әлемінен шық моншақтары түскенше орындарынан қозғалмады.

Сол шақта баспалдақта Джогендроның аяқ дыбысы естілді. Сұқпатты әңгіме үзіліп қалды, екеуі де үрейлене ұшып тұрды.

— Бұл не, Хем бүгін жұртты төбеде қабылдайтын болған ба? — деп Джогендро тесіле қарады.

Джогендро ашулы еді. Бұл үйді күні-түні басып тұрған қайғы жас жігітті төзбестік халге жеткізген еді. Өз ортасында Хемның өтпеген тойы жайында түсінік беруге тура келіп қалғанда ол үнемі бір қиын жағдайға душар бола беретін, сол себепті ешкімнің көзіне түспеуге тырысатын.

— Хемның қылығы өтіп бара жатыр, — деді ол, — бұл қылық әрқашан ағылшын романдарын оқыған қыздарда болады. "Ромеш тастап кетті, менде енді тіршілік қызығы болмауға тиісті!"— деп ойлады Хем. Міне соны енді жанын салып бәрімізге танытқысы, иландырғысы келеді. Өйткені роман оқығандардың ілуде біріне ғана сондай бір қолайлы жағдай, махаббаттан алданып, торығу жағдайы кезігеді ғой.

Қызын Джогендроның сайқы мазағынан қорғау үшін Оннода-бабу былай деді:

— Біз Хем екеуміз бұл жерде әңгімелесіп қана отырмыз. — Хемды төбеге оның өзі алып шыққан сияқты.

— Үйде, шай ішіп отырып сөйлесуге болмайтын ба еді? Хемды үнемі көтермелей бересің, әке. Егер дәл осылай бола беретін болса, менің бұл үйден безіп кетуіме тура келеді, — деп салды Джогендро.

Сол шақта Хемнолини.

— Әке, сен әлі шай ішкен жоқсың ба? — деп оқыс сөйлеп қалды.

— Шай кешқұрым, батар күннің қызыл арай жалқынымен бірге келер ақындық шабыт емес қой. Оның үстіне сен үй төбесінде бұлай отыра берсең, шайдың өзі дайын бола қалмайтынын айтып жатудың қажеті болмас, — деген ағасының кекетінді даусы естілді.

Хемнолини өзін айыпты санап қалмасын деп Оннода-бабу асыға сөйледі.

— Мен бүгін шай ішпеуге бел байладым.

— Немене, бүгін екеуің де тақуа бола қалғансыңдар ма? — деп сұрады Джогендро, — онда мен қайтпекпін, жел оппақпын ба?

— Жоқ, тақуалық бұл жерде есеп емес. Мен бүгін ұйықтай алмай шықтым. Сол себепті шай ішпеген дұрыс деп таптым.

Ал шындығында Оннода-бабудың шай ішкісі келіп-ақ отыр еді, бірақ ол енді тұра салып бірден кетіп қалуды жөн көрмеді. Көптен бері Хемнолинидің ашыла сөйлегені осы. Дәл осы бір тыныштығы мол үй төбесінде отырғанындай олар бұрын ақтарыла сырласа алды ма, ол арасы Оннода-бабудың есінде жоқ. Егер бұл әңгіме қазір үзіліп қалса, енді қайтып жалғай да алмайсың: кедергі жасадым дегенше сынаптай сусып жоқ болып кетті деп біл Сол себепті Оннода-бабу буы бұрқыраған ақ шәйнектің шақырып тұрғанына қарамаған.

Хемнолини әкесінің бұл аурудан шай ішпесем жазылмаймын дегеніне сене алмады.

— Жүр, әке, шай ішейік, — деді ол

Оннода-бабу өзінің ұйықтай алмайтынын сол сәтінде ұмытты да, шапшаң басып дастарқан жайылған бөлмеге кетті.

Оннода-бабу бөлмеге кіре беріп, Окхойды көрді де тынышсызданып қалды. "Жаңа ғана Хем жұбанғандай, тынышталғандай болып еді. Окхойды көріп, тағы да мазасызданып қалады-ау, бірақ амал қайсы", — деп ойлады.

Артын ала Хемнолини кіріп еді. Окхой ұшып тұрды да:

— Джоген, ал мен кеттім, — деді.

— Қайда асығып барасыз, Окхой-бабу, қауырт шаруаңыз бар ма еді? Бізбен бірге шай ішіңіз, — деп тоқтатты оны Хемнолини.

Хемнолинидің Окхойға соншалықты көңіл қошымен сөйлегеніне осындағылардың бәрі де таңырқасып қалды. Окхой қайта келіп отырды. Содан соң:

— Сіз келмей тұрып екі кесе шай ішіп алған едім, ал енді қаласаңыз тағы да бармын ішуге, — деп қойды.

— Шайға келгенде жалындырмайтыныңыз белгілі, — деп күлді Хемнолини.

— Тәңірім мені солай жаратқан ғой, аса бір бүлгін туып қалмаса, жақсы нәрседен неге бас тартайын.

— Жақсы нәрсенің өзі де сенен беталды теріс айналып кетпесін деп жалбарынам, — деп қойды Джоген.

Ақыры ұзақ уақыттан кейін Оннода-бабу дастарқаны үстінде тағы да әңгіме шертілді. Хемнолини әдетінде ақырын бұйығы күлетін еді, ал бүгін жұрттан жырыла қаттырақ күліп отырды.

— Окхой-бабу, опасыздық жасады, әке, — деп Хем әзілдей сөйледі. — Сіздің дәріңізді ішпегеніңізге коп болды, бірақ соған қарамастан денсаулығы да жаман көрінбейді. Сізді сыйласа, тым болмаса, басы ауыруы керек қой. Мұндайларды дәрігерге опасыздық жасағандар деп атайды.

Оннода-бабу қуана күлді. Жақын адамдары оның дәрі-дәрмек салатын қобдишасына көңіл аударып жатыр. Ал мұны қарт өзі үйінде орнай бастаған тыныштықтың нышаны деп санайды, бойын көтертпеген бар ауыртпалықтан арылып, сергіп, көтеріліп қалғандай болды.

— Мен білемін, сендер бұл кісінің бетін қайтармақ болып отырсыңдар. Менің дәріме хош көңіл көрсететін жалғыз Окхой еді, соны да айырып алмақсыңдар ғой!

— Саспаңыз, Оннода-бабу, — деп жауап берді Окхой, — мені айныта қою оңай болмас

— Сен сөйтіп арам ақша сияқты екенсің ғой, айырбастап алсаң полицияға жағасың, — деп қойды Джогендро.

Оннода-бабу дастарқанының басында туған осы бір көтеріңкі әңгіме ақыры соңғы күндердің жабырқаңқы күй-жайын ыдыратып жіберді.

Егер Хемнолини киінем деген сылтаумен шығуға ыңғай білдірмесе, бүгін шай тіпті ұзақ ішілетін еді. Окхой да әлде бір қауырт шаруасын есіне алып кетіп қалмаған болар-ды.

— Әке тезінен Хемнолиниді ұзату қамына кіріс, — деді Джогендро.

Оннода-бабу таңырқап қалды.

— Хемнолинидің Ромештен ажырасып кеткені жайында жұрт арасында қиян-қилы өсектер туып жүр, сол үшін көп адамдармен ілігісіп те қалып жүрмін. Егер де шындықты айтсам ешкіммен ілініспес едім. Бірақ Хемның жайын ойлап, аузымды да аша алмаймын. — Сол себепті жұдырық жұмсауға тура келеді. Окхойдың жымысқылап өсек айтып жүргенін естіп едім, — үйретіп алуға тура келеді. Ал Хемды ұзатсақ, сол өсектердің бәрі де сап болар еді. Сыбанып алып ертеден кешке дейін мына бір дүниені үйретем деп әуреленуімнің де қажеті болмас еді. Тыңда мені, кешіктіре берме енді.

— Апыр-ау, Джоген, кімге бермекпіз оны?

— Бізге қолайлы бір-ақ адам бар. Мына сияқты оқиғадан кейін, мына сияқты өсек-аяңнан кейін Хемге лайықты күйеу табу оңай болмайды. Жалғыз ғана шаппай бер бейшара Окхой бар: дәрі іш десең — ішеді, үйлен дейтін болсаң — үйленеді де.

— Жынданған шығарсың, Джоген. Хем оған көнетін бе еді?

— Егер сен ара түспесең, мен оны көндіретін боламын.

— Атай көрме, Джоген! — деп үрейлене айтты, Оннода-бабу. — Сен Хемды білмейсің. Қорқытам, күштеймін деп ерегістіріп аласың. Әлі де уақыт бар, өзіне-өзі келсін, тынышталатын болсын. Ол бейшара не көрмеді. Той қайда қашар дейсің.

— Жоқ, мен оны ренжітпеймін. Ренжітпей-ақ істің жайын бірыңғайлауға болады. Мені ұрыс-керістен басқа ештеңе де білмейді деп ойлайсың ба?

Джогендро күйіп-піспе шыдамсыз адам еді. Сол күні кешке Хемнолини өз бөлмесінен шыға бергенде-ақ:

— Хем, сенімен әңгіме бар еді, — деп дауыстады.

Хемнолинидің жүрегі дір ете қалды. Үнсіз ғана ағасының соңынан еріп, қонақ үйге кірді, орындыққа отырды.

— Әкеңнің денсаулығы төмендеп кеткенін байқаймысың, Хем? — деп бастады Джоген сөзін.

Хемның тынышсызданып қалғаны кейпінен байқалды, сонда да үндемеді.

— Егер тезінен бір қағазын жасамасақ, әкемнің төсек тартып қалу қаупі бар демекпін.

Әке сырқатының жайы түгелімен өзіне байланысты екенін Хемнолини бірден түсіне қойды. Ол төмен қарады, сариінің етегін ұстап отырып қалды.

— Өткен іс өтті, — деп жалғады сөзін Джогендро, — өткен іске опына беретінің бізге оңай емес. Енді сен әкеңді шынымен жұбандырғың келсе, ана бір қолайсыз уақиғаны мүлде ұмытатын боласың. — Осыны айтты да, Джоген тоқталып қалды. Хемнолини не айтар екен деп отыр.

— Тынышсызданбай-ақ қой, ол жайында мен әкеммен еш уақытта да сөйлеспеспін, — деп Хем бұйығы сөйледі.

— Әрине, сен сөйлеспейсің ғой, бірақ біреудің аузына қақпақ қоя аласың ба?

— Маған не қыл дейсің сонда?

— Осы бір кеулеп кеткен өсекті тоқтатудың бір-ақ амалы бар.

Джогендроның не айтқалы келе жатқанын аңғарған Хемнолини асыға сөйледі.

— Әкемді біраз уақыт Батысқа алып барған теріс болмас еді. Бірнеше айдан кейін біз қайтып оралғанда өсек-аяң да басылар еді.

— Бұл да ойдағы үмітті аяқтай алмайды. Сенің қайғы-қасіреттен арылғаныңа көзі толық жетпей тұрып, әке жүрегіндегі дерт жазылмайды, тынышталып та оңбады ол Хемнолинидің көзінен жас парлап кетті. Бірақ ол тез сүртінді де:

— Айтшы енді, маған не істе демексің?

— Рас, саған мұны есту оңай емес екенін де білемін. Алайда бәріміздің бақытты болуымызды шын қалайтын болсаң, уақыт оздырмай тұрмысқа шығатын боласың.

Хемнолини мелшиіп қалды. Бірақ Джогендро соңын күтпеді, дауыстап жіберді:

— Қыздар сендер бар ғой, осы оз қиялдарыңмен шіркейден піл жасағыларың келеді де тұрады. Жалғыз сен емес, көп қыздардың басында осындай хал бола береді, бірақ соңында бәрінің де реті табылады. Ал егер әр үй ішінде кітапта баяндалған оқиғалар қайталана берсе, тіршілік ету мүмкін болмас та еді. Өз теңіңе тезірек тұрмысқа шық, мына бір әзәзіл әңгімеге су сеп. Мүмкін өзіңе: "Мен мәңгі-бақи дәруіш, дуана болып кетемін, үй төбесінде отырып, аспан әлеміне тесіле қараумен боламын Осы бір тұрақсыз айнымалы жанның бейнесін жүрегімнің тереңіне сақтап, қастерлейтін боламын"— деп жұрт алдында жар сала беруді ұят көрмейтін шығарсың. Ал біз мұндай масқараға төзе алмаймыз.

Бұл оқиғаның жұртқа масқара нәрсе болып көрінетінін Хемнолини тым жақсы білетін, сол себепті Джогендро кекесіні оның жүрегіне қанжарша қадалды.

— Дада, — деді ол, — мен дүниені талақ еттім, енді ешкімге шықпаймын деген жоқпын ғой.

— Егер бұлай демейтін болсаң, шық күйеуге. Ал егер, аспан тәңірісі Индраның өзінен басқа ешкімді сүйе алмаймын деп отыра берсең, дүниені талақ еткен дәруіш болмағанда қайтесің! Дүниедегінің бәрі ұнай бермейді. Зат қандай болса, сол қалпында қабылдай білу керек. Мен ізгілік осында деп білемін.

Жүрегіне жара түскен Хемнолини былай деді:

— Неге сайқымазақ етесің соншама? Әлде сүйіспеншілік жайында бірдеме деп пе едім мен саған?

— Рас айтқан жоқсың. Бірақ өзіңе адал берілген достарыңның кейбіріне бәлек-себепсіз жиіркене қарауға ұялмайсың. Бұл әділет емес. Өзіңмен кездесіп жүргендердің ішінде қуанышың мен қайғыңды бөлісіп, құрметпен, масқаралау үстінде қасыңда адал қалған біреу бар. Мен оны сол үшін сыйлаймын. Егер де сен өз жолына басын беретін жар керек етсең, алыстан іздеп әуре болудың керегі жоқ, ал егер жай байбалам салуды қалайтын болсаң...

Хемнолини кенет түрегелді:

— Сен менімен бұлай сөйлесуге тиіс емессің. Әкем не жарлық етсе, мен соны орындаймын. Әкем кімді қаласа, мен соған шығуға тиіспін. Бас тартсам, сонда ғана маған байбалам дегенді айтарсың.

Джогендро бірден жуаси қалды.

— Өкпелемеші, Хем. Ашу қысқанда аузыма не түссе соны айтып кететінімді, өзімді ұстай алмай қалатынымды білесің ғой. Біз бірге өстік. Әкемді қалай сүйетініңді де білемін. Момындығың да анық.

Осы сөздерді айтып Джогендро Оннода-бабуға кетті. Ол өз бөлмесінде отыр еді. Джогендро Хемге қатты сөздер айтып, қатты ренжітіп, өкпелетіп алды-ау деп қорқып, соны ойлаумен отыр еді; барып ағайын-қарындас арасындағы әңгімені тоқтатпақшы болып, қамдана берген-ді. Джогендро сол шақта келді.

— Әке, Хем тұрмысқа шығуға көнетін болды, — деді Джогендро. — Мүмкін сен күшпен көндірді деп ойлайтын шығарсың, бәлі! Енді тек өз ниетіңді білдіруің ғана қалды. Ол сонда Окхойға шығуға қарсылық етпейтін болады.

— Бұл жөнінде мен не айтуға тиіспін?

— Ал сен оның өзі келіп: "Мен Окхойға тұрмысқа шығам", — деп айтар деп ойлап па едің? Жақсы, егерде өзің айтуға қорқатын болсаң, айт дегеніңді мен-ақ жеткізіп берейін.

— Жоқ, жоқ! — Оннода-бабу үрейлене дауыстады. — Қажет нәрсені мен оған өзім айтамын. Бірақ асығатын не бар? Әлі де біраз күн шыдай тұру керек сияқты.

— Әке, кешіксек әр түрлі қиындықтар туып кетуі мүмкін. Соза беруге болмайды бүйтіп.

Бұл үйде Джогендро еркінен ешкім шығып кете алмайтын еді: бір нәрсені ойласа орындамай тынбайтын ол Оннода-бабу іштей одан тайсала беретін. Сол себепті бұл әңгімені тоқтату үшін былай деді:

— Жақсы өзім айтайын.

— Қазір ең бір қолайлы шақ, әке. Ол сенің келісіміңді күтіп отыр. Осыны бүгін біржола тындыршы.

Оннода-бабу ойланып қалды.

— Мұнда ойланатын ештеңе де жоқ, — деп қойды Джогендро. — Бар, қазір бар Хемға.

— Жақсы, сен осында бола тұр, Джоген. Мен өзім барамын, — деді Оннода-бабу.

— Жақсы, мен осында отыра тұрайын.

Түпкі үйге кіре беріп Оннода-бабу бөлменің қараңғы екенін аңғарды. Ол біреудің креслодан ұшып тұра келгенін, содан соң жыламсырай сөйлеген даусын естіді.

— Жарық сөніп қалды, әке, мен қызметшіге шам жақ дейін.

Оннода-бабу жарықтың неге өшкенін түсіне қалды да былай деді:

— Абыржыма, жаным, жарықтың бізге керегі не? Ол сипалай жүріп Хемнолинидің қасына барып отырды.

— Әке, сен өз денсаулығыңның жайын ойламайсың, — деді Хем.

— Оның өз алдына себебі бар, жаным! Ойламайтын себебім, көңілім тетік, сен одан да өз жайыңа зер салсаң, Хем.

Сол ретте азап шеккен Хемнолини дауыстап жіберді.

— Бұл не, бәрің бірдей бір нәрсені айта бересіңдер! Бұл тым мейірімсіздік қой, әке! Басқалар қандай болса, мен де сондаймын. Айтыңдаршы, өз денсаулығыма зер салмайтыным неден көрініп тұр? Егер маған ем-дом жасау керек деп тапсаңдар, оны неге тура айтпасқа? Әлде мен сөз таластырып, тайталасқан жерім болды ма, әке?

Қыз солқылдап жылап жіберді.

— Жоқ, жаным, жоқ, — деп қызының жайы толқытып, көңілі бұзылып кеткен Оннода-бабу. — Жарлық ететіндей жайың болған емес: өйткені, қарғам, сен әманда көңілімдегінің бәрін білесің және үнемі дегенімді істеп келесің. Егер менің жалбарыну сөзім тәңірінің құлағына шалынса, сен бұл дүниеде бақытты боласың.

— Әке, сен менің мәңгі-бақи өз жаныңда қалуымды қаламайсың, ә? — деп сұрады Хем.

— Қаламайды дегенді қайдан таптың?

— Дада үйленгенше мен сенімен бірге боламын. Әйтпесе, сенің жайыңды кім ойламақ?

— Менің жайымды ойлап!? Олай деме, жаным. Менің жайымды ойласын деп сені өз жаныма арқандап қоймақпын ба? Ол маған күнә.

— Тым қараңғы, әке, мен шам алып келейін, — деді де, Хемнолини барып көрші бөлмеден шам алып келді. — Осы бір қолайсыздық салдарынан кешқұрым саған газет оқып беруден де қалдым. Қаласаң, қазір оқиын?

— Жақсы, — деді Оннода-бабу көтеріле беріп. — Мына араға отыра тұр, мен қазір ораламын, — Сонан соң Джогендроға барды. Ол жайында бүгін айта алмадым, әңгімені кейінге қалдырдым дейін деген байламға келген еді. Бірақ Джоген одан: "Ал, қалай болды, әке? Той жайында айттың ба? Не деді?" — деп сұрағанда "ие, айттым" деп аптыға жауап берді.

Джогендро барып, Хемның мазасын ала ма деп қорыққан.

— Ол, әрине, келісті ғой?

— Ие, әйтеуір солай сияқты.

— Онда мен Окхойға барып айтайын!

— Жоқ, жоқ, қазір оған ештеңе де айтпа, — деді үрейленген Оннода-бабу. — Джоген, осылай аптыға қимылдаймын деп бәрін де бүлдіріп аласың, түсінші. Қазір бұл жайында біреу-міреуге тіс жарудың керегі жоқ. Біз мүмкін батысқа аттанармыз, қайтып келген соң бәрін реттерміз де.

Джогендро үндемеді. Мойнына шарф орады да шығып кетті, бірден Окхойға тартты. Окхой бұл кезде есеп-шот жайындағы ағылшын кітабына үңіліп отыр еді.

Джогендро оның қолындағы кітапты жұлып алды да, лақтырып жіберді.

— Мұның бәрін әлі үлгіресің, — деді ол, — ал қазір той күнін белгіле!

— Ау, не дейсің, сен! — деп жіберді Окхой.

ОТЫЗ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Ертеңіне азанда Хемнолини түрегеліп, жуынып, киініп, бөлмесінен шыққанда Оннода-бабу өзі жататын бөлменің терезесі алдында өрме креслода отыр еді. Бұл бөлменің бай жасауы да жоқ болатын: бір бұрышта кереует пен кішігірім шкаф тұратын, бір қабырғада марқұм әйелінің сарғайып, көне тартқан үлкен суреті, соған қарсы бетке оның өзі кестелеп төккен кішкене ғана жібек кілемі ілініпті. Ал шкаф ішінде марқұмның көзі тірісінде салып қойған ұсақ-түйек бұйымдары мен әшекейлері бұл күнге дейін тірі жанның қолы тиместен жататын.

Хемнолини әкесінің артына келіп тоқтады да, ақырын ғана басын сипады. Әке шашының нысаналарын іздеген сияқты.

— Жүр, әке, бүгін шайды ертерек ішеміз, содан кейін сенің бөлмеңе барамыз, тағы да маған өткен күн жайында әңгіме айтатын боласың. Сені тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді, білсең сомы! — Соңғы кезде Оннода-бабу қызына көбірек зейін салып жүретін еді. Сол себепті Хемнолинидің дәл қазір шай ішуге не себепті асыға қалғанын сол сәтінде аңғара қалды. Көп кешікпей шайға Окхой келуге тиісті еді. Онымен кездеспеу үшін шайды тезірек ішіп, әке бөлмесіне барып, оңашаланып қалмақ. Хемнолини тағы маралдай үркек болып алған, Оннода-бабуға, әсіресе, осы батады.

Төменге түскен соң, ол шайдың әлі дайын емес екенін білді де қызметшіге қаһарын төге бастады. Ана байғұс олардың шайға күнделікті уақыттан бүгін ерте келгенін айтып, арам тер боп қалды. Бірақ тыңдаған Оннода-бабу болмады. Қызметші біткен өздерін мырза есебінде ұстайды, оларды уақытымен оятып тұру үшін арнаулы адам жалдауға тура келеді деп өз пікірін айта берді. Дегенмен үй қызметшісі шайды тез дайын етті. Дағдыда Оннода-бабу шайды асықпай ұрттап, Хемнолинимен әңгіме шерте отырып ұзақ ішетін еді. Ал бүгін бір-ақ кесе ішті де, асығыс төңкере салды, онысы шайдың ұзақ ішілуін қаламағаны еді.

— Сен бір жаққа бармақ па едің, әке? — деп Хемнолини азырақ таңырқап қалды.

— Жоқ, жоқ, — деді Оннода-бабу, — егерде салқын күндері ыстық шайды ауызды күйдіре ұрттап ішсең, бірден терлейсің де, соның артынан бойың сергіп қалады.

Бірақ Оннода-бабу терлеп үлгермеді, бөлмеге Джогендро мен Окхой кіріп келді. Окхой бүгін үсті-басына айрықша зер салып, өзгеше киініп келгені байқалады. Төсінде сағат бауы жарқырайды, оң қолында — күміс сапты таяқ, сол қолында — қоңыр қағазға оралған әлдебір кітап. Бүгін ол өзінің дағдылы орнына барып отырды да креслосын Хемнолиниге тақаңқырап қойды, содан кейін қызға күле қарады.

— Сіздің сағатыңыз бүгін озып кеткен болса керек?

Хемнолини жауап қатпады, тіпті Окхойга көз қиығын да салмады.

— Айналайын Хем, жүр үстіңгі үйге барайық, менің қыс киімдерімді жаю керек еді, — деді Оннода-бабу.

— Күн қайда қашар дейсің, әке? — деді Джогендро. — Асығып не бар? Хем, Окхойға шай құй, маған да құй. Әрине, алдымен қонаққа құйып бер.

Окхой мәз-мейрам болды.

— Өзін, құрбандыққа бергенді көргендеріңіз бар ма?

Кәдуілгі Филипп Сидней мырзаның өзі.

Хемнолини оның сөзіне құлақ салмады, екі кесе шай дайындады: бірін Джогендроға берді де, екіншісін Окхойға қарай қаттырақ итеріп қойды, содан кейін әкесіне қарады.

— Кешікпей күн ысып кетеді, жұмыс істеуімізге қиын болады, жүр, Хем, тезірек жүр! — деді Оннода-бабу.

— Бүгін киім-кешек кептірудің керегі жоқ. Окхой келіп отыр ғой... — деді ызаланған Джогендро.

Бұл жерде Оннода-бабу ашудан түтігіп кетті.

— Сендерді зорлыққа қоя берсе! Жұртты қан қақсатып, өз дегендеріңді істете берер едіңдер-ау! Мен шыдап-ақ бақтым, жоқ, жетті енді! Қарағым Хем, ертеңнен бастап шайды жоғарыда, менің бөлмемде ішетін боламыз.

Осы сөздерді айтып, Оннода-бабу қызын ертіп кетуге бет алып еді, бірақ Хем байсалды түрде былай деді:

— Отыра тұр, әке, сен шайды қанып ішкен жоқсың ғой. Окхой-бабу, сұрауға болар ма екен, мына қағазға ораулы құпия затыңыз не?

— Сұрамақ түгіл, бар сырына қануыңызға да болады, — деп Окхой жауап берді де, ораулы затты ұсынды.

Хемнолини Тенисон өлеңдерінің сафьян мұқабалы бір томдығын көрді. Қыз шошып қалды, құп-қу болып кетті. Дәл осы кітапты ол бұрын да сыйлыққа алған еді, ол сыйлық күні бүгінге дейін жатын үйдегі жазу үстелінің бір суырмасында ықтият сақтаулы жататын.

Джогендроның жүзіне күлкі жүгірді.

— Құпия сыр әлі түгел ашылып болған жоқ, — деді де ол кітаптың бірінші бетін ашты. Онда "Шримоти Хемнолиниге сізді құрметтеуші Окхойдан" деген жазуы бар екен.

Кітап қыз қолынан сусып еденге түсті.

Хемнолини, тіпті оған қарамады да, Оннода-бабуға бұрылды.

— Жүр, әке.

Олар бөлмеден бірге шықты. Джогендроның көзі шатынап кетті.

— Мен енді бұл үйде тұра алмаймын! Басым ауған жаққа жүре беремін. Мұғалімдік қызметке орналасамын.

— Достым, сен бекерге ашуланасың. Қателесіп жүргеніңді сонда-ақ байқағанмын. Үнемі үміттендіре беретінің толқытады да, бірақ ашығын айтпаппын, — Хемнолини қашан да болсын, қол ұшын бермейді маған. Сонымен сөйтіп, әуреленбейік. Сенің қазіргі басты міндетің — Ромешті ұмыттыратын бол оған, — деді Окхой.

— Саған "басты міндетіңді" айту жақсы ғой, ал менің білгім келетінін айтсаң!

— Дүниеде менен басқа жақсы жігіттер жоқ па! Әрине, егерде қарындасыңның орнында өзің болсаң, онда ағайын-туғандарым мені осы шіркін қашан аяқтанар екен деп күн санап отырмас та еді! Қайткен күнде де бір күйеуді, Хемнолини көре сала, киім кептіремді сылтауратып кетіп қалмайтын тәуір күйеуді табу керек оған.

— Күйеуді қолдан жасауға болмайды ғой!

— Ұнжырғаң түспей-ақ қойсын. Күйеуді мен табамын, тек асықпау керек, асықтым дегенше бүлдірдім дей бер. Ең бастысы бірден той жайын айтып, екеуін бірдей шошытып алмау керек. Ең әуелі бірін-бірі ұғынысуына уақыт бер, одан кейін той күнін белгілеу де ешқайда кетпейді.

— Айтып отырған амалың жақсы, бірақ нұсқағаның кім?

— Сен онымен таныс емессің, бірақ көргенсің. Ол — Нолинакха дәрігер.

— Нолинакха!

— Оның несіне таңырқайсың? "Брахмо Самаджға" байланысты ол жайында бір өсектер бар, бірақ оған көңіл аударма. Мұндай күйеуден қайтып тартынбақсың?

— Мен Хемге күйеу талғап отырмын ба! Ал сол Нолинакхаңның өзі коне қояр ма екен?

— Әрине, уәдесін бүгін-ақ беріп салады деп айта алмаймын, бірақ үйренісе, етене бола келе неге көнбесін! Тыңда, Джоген, ертең Нолинакха лекция оқиды, соған Хемнолиниді алып бар. Ол өзі бір көмекейі бүлкілдеген шешен адам. Әйел жүрегін табындыру үшін бұл жаман қасиет емес! Ақылы қысқа ғой! Ділмәрсініп отырған күйеуден тіл алғыш, дегеніңді екі етпейтін күйеудің әлдеқайда артық болатынын түсінбейді олар.

— Нолинакха жайын айтшы, — деді Джогендро.

— Джоген, егер оның өмір тарихында бір оғаштықты байқайтын болсаң, мазасызданып қалып жүрме. Сәл ғана ақаудың өзі де армандай етіп жүрген затты қол жетер жерге әкеп береді. Сол себепті оны жақсылыққа жорымақпын.

Окхой айтқан Нолинакханың тарихы қысқаша баяндалғанда мынадай еді:

Нолинакханың әкесі Раджоболлобха Фаридпур өлкесіндегі шағын жер иемденуші болатын. Отыз жасында ол "Брахмо Самаджға" келіп қосылды. Бірақ жамағаты бұл дінді қабылдамады. Діни ғұрыптарды орындауда ол тіпті толық еркіндікті қадағалай сақтап жүретін-ді. Раджоболлобха бұған қатты реніш білдіруші еді деп жатпай-ақ қояйық. Бірақ баласы Нолинакха ер жете келе әке тұтынған дінді қатты қуаттайтындығымен, "Брахмо Самадждың" көрнекті қайраткері болып алды.

Қызмет бабымен бүкіл Бенгалияны аралай жүріп Нолинакха әдептілігімен, білгірлігімен, қайырымдылығымен даңқты дәрігер болды.

Ойламаған жерден бір оқыс оқиға туып қалды. Қартайған шағында Раджоболлобха есінен адасқандай болды, бір жесір әйелге үйленуді ойлады. Алған бетінен ешкім қайтара да алмады. "Менің әйелім шындап келсе, маған әйел болып саналмайды, өйткені менің діни пиғылдарымды ол қолдамайды. Сол себепті діндес, пиғылдас, өмірге көзқарасы да бір, жүрегім сүйген адамға үйленбеуім тым ағаттық болып табылар еді"— деп Раджболлобха, жұрттың қарсылығына қарамастан индуит сақтап жесір әйелге үйленді. Соның артынан Нолинакханың шешесі үйінен безді, Бенареске кетпек болды, баласы да онымен бірге кететінін айтты. Рангпурдағы дәрігерлік практикасын мансұқ етуді ойлады.

— Балам-ау, біздің дініміз бөлек, мұның бекершілік болып жүрмей ме? — деді шешесі жылай тұрып.

— Біздің арамызда алауыздық болмайды, апа, — деді Нолинакха. — Жәбірленген шешесінің бақытты болуын көздеп онымен бірге Бенареске жүріп те кетті.

Бір күні анасы отырып Нолинакхадан неге үйленбейсің деп сұрады.

— Үйленіп керегі не? Осылай жүргенімнің өзі жақсы, — деді жігіт ұяла отырып.

Анасы сонда баласының өзі үшін көп нәрселерден безіп кеткенін, бірақ "Брахмо Самадждан" тыс жерден әйел алуға оның дайын емес екенін түсінді.

— Қарғатайым, мен үшін сопы болып кетуіңді қаламаймын, — деді ол мұңдана отырып Нолинакхаға, — сүйген қызыңды ал, мен қарсылық етпеймін.

Бұл жайында Нолинакха бірнеше күн ойланып жүрді де бір күні анасына былай деді:

— Апа, мен сен қалаған қызды аламын. Ол сенімен салғыласпайды, өзіңді бағып-қағатын болады. Саған ұнамайтын, сені ренжітетін адамға үйленбейтінімді біліп қой.

Соны айтып, Нолинакха қалыңдық іздеп Бенгалияға аттанды.

Осы жерде өмір тарих кілт үзілді. Біреулер оны бір қыстаққа барып, жетім қызға үйленген екен, тойдан кейін қалыңдығы дүние салыпты деседі; екіншілері бұл лақапқа күдік келтіреді. Ал Окхой болса, той бастала бергенде, Нолинакха зытып отырыпты деген пікірді қуаттайды.

Қалай болғанда да Окхойдың болжауынша, егер Нолинакха қазір өзі қалаған адамға үйленетін болса, шешесі қуанбаса қарсы болмайды.

Ал Нолинакха Хемнолини сияқты жақсы қалыңдықты басқа қайдан іздеп таба алмақ? Оның үстіне Хем жұғымды қыз ғой. Егер де Нолинакха шешесіне ізет-құрмет көрсете алатын болса, соған орай ол да мұны ренжітпеуге тырыспақ. Мұның бәрін Нолинакха Хеммен танысқаннан кейінгі екі күн ішінде-ақ айырып болады. Сол себепті оларды кездестіру керек деп ойлады Окхой.

ҚЫРҚЫНШЫ ТАРАУ

Окхой кетісімен Джогендро үстіңгі үйге көтерілді. Оннода-бабу мен Хемнолини төргі бөлмеде әңгімелесіп отыр екен. Оннода-бабу Джогендроны көріп қысылыңқырап қалды. Бүгін ол шай үстінде қызбалық жасап жіберді, өзінің дағдылы қалтқысыздығын, ақ көңілділігін жоғалтып алды, сол жай енді мазалай беріп отыр еді. Сол себепті баласына тым жалпылдай сөйледі:

— Кел, кел, Джоген, отыр мұнда!

— Сендер үйден мүлде шықпайтын болып алдыңдар ғой, әке, — деп қойды Джогендро, — ұзақты күн екеуіңнің оңаша отырып алуларыңда не жақсылық бар дейсің?

— Ие, біз көптен бері үй күшік болып-ақ алдық. Бір жаққа шығайық десек болғаны, Хемның басы ауыра бастайды.

— Мені несіне айыптайсың, әке? — деп үн қатты Хемнолини, — мені бір жаққа алып шығуға өзіңнің де көңілің жоқ.

Хемнолини зорланады, қайғы мұңы күйретіп кете алмағанын танытқысы келеді, айналаға көңіл аударып, құлақ түріп отыратынын көрсетпек болады.

— Ертең, әке, лекция болады. Хемнолини екеуің неге бармайсыздар соған? — деді Джогендро.

Аласапыран айқай-шулы жиындарды Хемнолинидің жек көретінін Оннода-бабу білетін еді, сол себепті үндемей, қызына сұрана қарап қалды. Бірақ бұл жолы Хемнолини күтпеген жерден көңілдене сөйледі.

— Лекция? Ал оны кім оқиды екен?

— Нолинакха дәрігер, — деп жауап берді Джогендро.

— Нолинакха! — деп Оннода-бабу қайталап сұрады.

— Ол бір ағып тұрған шешен, — деп Джогендро сөзін әрі қарай жалғай берді. — Оның үстіне өмір тарихын тыңдап отырып қайран қаласың. Қандай жанкешті, қайратты адам! Қандай қайтпайтын қайсар мінез! Ондай адам сирек ұшырасады ғой!

Ал шындығында, бұдан екі сағат бұрын ол Нолинакха жайында күңгірт бір өсек-аяңнан басқа ештеңе де білмейтін еді.

— Міне, тіпті, жақсы болды. Барып тыңдап қайтайық, әке! — деп, Хемнолини ынталана сөйледі.

Оннода-бабу қызының бұл ынтасына сене қойған жоқ, сонда да разы болып қалды.

"Егерде Хем жұртпен араласа бастаса, тезірек жұбанар еді. Жұртпен қарым-қатынас жасау — қайғы-шерден арылудың шарапатты дәрісі", — деп ойлады Оннода-бабу.

— Жақсы, Джоген, — деп ол баласына қарады, — біз ертең лекцияға барамыз. Бірақ сен Нолинакха жайында білетініңді айтшы. Әркім әp қилы лақап таратып жүр ғой ол жайлы.

Джогендро сөзін көп мылжыңдайтындарға шабуыл жасаудан бастады.

— Жұрттан көріп қана ғибадат жасайтындар бар ғой. Олар өздерін алла тағала бұл дүниеге жақын адамдарды ғайбаттау, балағаттау үшін жіберген деп түсінеді. Дінді саудаға салатындардан артық бұл дүниеде аяр өсекшілерді тауып болмайсың, — деп Джогендро қыза сөйледі.

— Дұрыс, дұрыс айтасың, — дей берді Оннода-бабу. Сонысымен қызып алған баласына басу жасамақ болды, — жақынын, жанындағыларды қарақтайтындардың ақылы қысқа, жүрегі қара, пиғылы арамза болмақ.

— Әке, астарлап мен жайында айтып отырған жоқсың ба? — деп сұрады Джогендро, — рас, мен діндар адам емеспін. Мен біреуге ұрса да, біреуді мақтай да алатын, керек жерінде жұдырық сілтеп те жіберетін адаммын.

— Ол не дегенің, Джоген, — деп Оннода-бабу аптығыңқырап қалды. — Есің бүтін бе! Сен жайында айтып түр дегенді қайдан шығардың? Мен сені жақсы білемін ғой.

Осыдан кейін Джогендро Нолинакханы аспанға көтере отырып, оның жайын түгел айтып берді.

— Бір шешесі үшін өз ісінен бас тартып, Бенаресқа ауысып барды, сол себепті жұрттың көбі сыртынан ғайбаттап, табалайды. Ал мен оны, атап айтқанда, осынысы үшін құрметтеймін. Ал Хем, сен не айтар екенсің?

— Түгелдей сенің пікіріңе қосыламын.

— Оның қызықтарын Хем қостар деп сеніп едім. Әке бақытын ойлап, өзін құрбан етуге оның қуана баратынын мен жақсы білем ғой! — Оннода-бабу аса бір жылылықпен, қызына күле сөйледі, Хемнолини ұялып, қызарып кетті де төмен қарап қалды.

ҚЫРЫҚ БІРІНШІ ТАРАУ

Оннода-бабу мен Хемнолини лекциядан үйіне оралғанда кеш әлі түсе қойған жоқ еді.

— Сөйтіп, мен рақаттанып қалдым, — деді шайға кеп отырған Оннода-бабу. Содан кейін ол тіл қатпастан терең ойға шомды.

Шайдан кейін Хемнолинидің ақырын ғана тұрып, бөлмеден шығып кеткенін байқамай да қалды.

Бүгінгі жиында сөз сөйлеген Нолинакха ғажап балғын жас та, сұлу көрінді. Жүзінде жасөспірім шақтың уызы арылмаған реңкі бар. Сонымен қатар оның бойынан кемеңгерлік, ақылдылық нышаны байқалады.

Нолинакха сөзінің тақырыбы — "ауыртпалық" болды. Ол былай деді: ауыртпалық көрмеген адам ештеңеге иелік ете де алмақ емес. Еңбексіз келгеннің адалдығы жоқ; азап, мехнат көріп барып тапқаның ғана жүрек қазынасы бола алады. Дүниелік байлық біздің көз алдымызда жоқтықта кетуі де мүмкін және сол байлықтан айырылған адам бақытсыз да болмақ: сол ауыртпалық, шығынның ол үшін мол қайыры болады.

Егер де біз бір шығын, ауыртпалыққа душар болып қалғанымызда, басымызды иіп, қолымызды қусыра тұрып: бұл — өз бас пайдамнан баз кешу сыйлығы, қайғы-қасіретімнің, көз жасымның сыйлығы деп құлшылық етіп айта алатын болсаң, — сонда ғана өкінішіңнің бәрі мәңгілік бола алады, ал дағдылы, байырғы болып көрінетіндер қастерлейтін, қасиет тұтып табынатын затқа айналмақ, сөйтіп жүрегіміздің терең түкпірінде мәңгі-бақи сақталып қалатын болады.

Оның сөзі Хемнолиниді тебірентіп жіберді. Қыз үй төбесінде жұлдызды аспан астында қозғалмастан үнсіз отыр. Бүгін аспан да, мына науетек айнала да жаңа бір мән-мағынаға ие болғандай, жаны бір жай тапқандай.

Лекциядан қайтып келе жатқан Джогендро:

— Сөз бар ма, Окхой, сен жақсы күйеу таптың-ау! Мұның бір барып тұрған сопы ғой! Оның айтқандарының мен жарымына да түсіне алмадым, — деді.

— Дәріні ауруына қарай ішеді. Ромештің ақылдылығына Хемнолини әлі де таң-тамаша емес пе. Мына сопы да ақылды. Әйтпесе біз сияқтыларды дағдарысқа ұшыратып тастай алмас та еді ғой. Ол сөйлеп тұрғанда Хемның бет әлпетіне зейін аудардың ба?

— Енді қалай деп едің? Әрине, оның сөзі қызға ұнағаны айдан анық. Бірақ бұл әлі оны шешенмен оңай атастыра салу деген сөз емес қой.

— Дәл осы лекцияны біздің біреуіміз оқысақ, оған ұнап қалар деп ойлайсың ба сен? Әйелдердің сопыларға құмар тұратынын сен білмейсің бе, Джоген. Тіпті Калидасада бір сопы үшін Уманың дуана, дәруіш болып кеткенін жазбай ма. Қандай ғажап жігітті әкеп таныстырма, Хемнолини оны Ромешпен салыстыратын болады деймін мен саған. Ал мұндай салыстыруда оза қоятын кім бар? Нолинакха жұрттан өзгеше, оғаш тұрған адам ғой. Хемнолини оны басқа біреумен салыстырып жатуды ойламайды да. Егер сен Хемге әлде бір жігітті алып келетін болсаң, пиғылыңды ол бірден түсінеді де, теріс айналып кетеді. Ал егер сен орынды бір сылтау тауып, мұнда Нолинакханы алып келе алатын болсаң, Хемнолини ештеңеге күдіктенбейтін де болады. Ар жағында жай құрмет пен гүл алқасын алмастырып киюдің арасы бір-ақ аттам болмақ.

— Мен айламен алысқа бара алмаймын. Онан да барын мөлдіретіп айтып салғаным дұрыс. Бірақ қалай десең де бүл күйеу маған ұнамайды.

— Тілімді ал, Джоген! Қыңырлығыңмен ештеңеге де жете алмайсың. Бар жағдай өз дегеніңдей болып келе бермейді. Не болса да, Хемнолиниге Ромешті қалай ұмыттыруға болатынын білмей-ақ қойдым. Бұған қара күшпен жетемін деп дандайсыма. Ал егер менің ақылымды алатын болсаң, бәрін де жайғастыруға болады.

— Мәселе, менің Нолинакханы түсінбеуімде. Ал мен ондай адамдардан сескеніңкіреп жүремін. Оттан қашамыз деп жалынға килігіп шоқ басып алып жүрмесек жарар еді!

— Достым, алғашқы күйікке өзің кінәлі едің, ал енді өз көлеңкеңнен шошып жүрсің, Ромеш мәселесінде сендер балаға ұқсап, бірінші күннен бастап-ақ аңғал бола қалған жоқсыңдар ма: білім жағынан Шастрдың өзі, тіпті екінші Шанкарачарьяның өзі деп, әлбетте — он тоғызыншы ғасырдың еркек киімін киіп келген сараеватиі деп, күнәдан пәк етіп, шаң жолатпай қойдыңдар ғой. Ромеш маған алғашқы көрінгеннен бастап-ақ ұнамаған-ды. Өмірімде мен мұндай үлкен арманды адамдардың талайын көргенмін! Бірақ ауыз ашуға болмады, мен сияқты орта қолды, шапаты адамдар ұлы адамдарды көре алмаудан басқа не істеуші еді деп санадыңдар. Содан кейін ұлы адамдарға алыстан жүріп қана тағзым ету керек екенін, ондайға қарындасын күйеуге берудің қауіп-қатері де аз емес екенін, біле бастадыңдар. Бірақ "Йемен ауырсаң, сонымен емдел" деген мақалды есіңе ұста. Бар амал-тәсілін осы болған соң шағынудың керегі жоқ.

— Ромеш сырын мен бәріңнен бұрын білдім деп қанша қайталама, бәрібір саған сенбеймін, Окхой. Сен оған өкпелі болдың, сол себепті ол не істесе де қырын қарап жүрдің — бары сол; мұныңды аса бір көрегендік қасиет дей алмаймын. Міне, былай, амал, айла керек болса, өзіңе ғана сен, — менімен түк те өнбейді. Бір сөзбен айтқанда Нолинакха мүлде ұнамайды.

Джогендро мен Окхой Оннода-бабу бөлмесіне кіріп келгенде, Хемнолинидің екінші бір есіктен сып етіп шығып кеткенін олар байқап қалды. Көшеде келе жатқанымызда терезеден көрген ғой, — деп ойлады Окхой. Мырс етіп күлді де, Оннода-бабудың жанына барып отырды.

— Нолинакха бар жан жүрегімен сөйледі ғой, сол себепті әpкімнің-ақ көңіліне жол тауып, ұялап қалды, — деді ол өзіне шай құйып алып жатып.

— Ие, қабілетті адам, — деп қойды Оннода-бабу. — Жай ғана қабілетті адам емес, мұндай діндар, тақуа адамды сирек кездестірерсің, — деп Окхой көтеріле сөйледі.

Джогендро Окхоймен жең ұшынан жалғасып, астыртын іске араласып жүрсе де, бұл жерде шыдай алмады.

— Діндарлық, тақуалық жағын айтпа маған. Құдайым жалған сопы, монтаны адамдардан сақтасын!

— Кеше ғана Нолинакханың езгілігін көкке көтеріп, жауларын ғаяр, өсекшілер етіп қойған жоқ па едің! Ұялмайсың ба, Джоген! Мұндайды аузың барып қалай айтасың! — деді Оннода-бабу. — Түсі игіден түңілме дегендей, басында ұнаған адамың жаман болмайды дегенге көбірек сенемін. — Мүмкін кейде мен қателесетін болайын, сонда да өзіңнің шырға ақыл-ойының абыройын төкпеймін деп марқаматты адамдарға шүбә, шек келтіру — бұл менің қолымнан келмейтін іс! Нолинакха-бабу бөтеннің сөзін қайталаған жоқ, бәрі де өзінің рухани өмірінен алған өзіндік ой-пікірлері, міне сонысы маған жаңалық болып көрінді. Екі жүзді адам шындықты қайдан біледі? Ақиқат таза алтын есепті, қолдан жасай алмайсың оны! Мен Нолинакха-бабуға өз алғысымды айтқым келеді.

— Мен оның денсаулығынан ғана қорқамын, — деді Окхой.

— Ол сырқат па еді?

— Жоқ, мәселе онда емес, күн демейді, түн демейді, уақытын құлшылық, ғибадат етумен, шастра оқумен өткізеді, өз жайын мүлде ойламайды.

— Мұнысы жақсы емес екен, — деп қойды Оннода-бабу. — Өз денемізді құртуға біздің қақымыз жоқ, оны біз жаратқан жоқпыз ғой. Егерде онымен танысуға жазса, ешбір күдіксіз, тым қысқа мерзім ішінде мен оның денсаулығын тыңайтып берген болар едім. Денсаулықты сақтау үшін бірнеше жай қағиданы қатты ұстаса болғаны ғой, біріншіден...

Джогендроның шыдамы таусылып қалды:

— Әке, басыңды қатырып қайтесің! Мен оны бүгін кездестіріп едім, тақуалық, діндарлық өмір денсаулыққа пайдалы ма деп қалдым! Соның шындығын өзім арқылы бір байқап та көрейін деп отырмын. Не шығар екен, көрейін бір!

— Жоқ, Джоген, Окхой айтқан сөздің жаны бар. Қаншама даңқты адамдар жастай, қыршынынан қиылып кетеді. Өз денсаулығын мансұқ ете отырып, олар Отанға зиян жасайды. Біз оған жол бермеуіміз керек. Нолинакха сен ойлағандай адам емес, Джоген, ол адал жан. Ол өзін сақтай білуі керек.

— Мен оны сізге әкеп таныстырамын, — деп Окхой уәде етті. — Егер осының бәрін оның өзіне айтсақ тіпті жақсы болар еді. Емтихан тапсырып жүргенімде әлде бір тамыр суын бергеніңізді білемін. Соның өзі қуат-күш беретін тамаша нәрсе екен. Жұмысы мига түсетін адамдар үшін мұндай дәріні іздесең таппассың! Егерде соны Нолинакха-бабуға берсеңіз...

Джогендро креслодан ұшып тұра келді.

— Ал мен кеттім, Окхой! Сен естен тандырып жіберерсің! — деп көтеріле сөйледі, — мұның тіпті артық-ақ! — Соны айтты да ол үйден шыға жөнелді.

ҚЫРЫҚ ЕКІНШІ ТАРАУ

Бұрын Оннода-бабу дені таза, көңілі тетік кезінде жергілікті дәрі-дәрмекті де, еуропалық дәрі-дәрмекті де ішіп бағушы еді, міне енді сонысынан айнып қалды. Осы бір денсаулығы нашарлап, құр сүлдері жүрген кезде ол тіпті өзінің әлсіздігін жасыруға тырысты, денсаулық жайын сөз етпейтін болып алды.

Бүгін ол креслода отырып кенет қалғып кетті. Баспалдақпен жоғары өрлеп келе жатқан біреудің дыбысын естіп, Хемнолини кестесін былай алып қойды да есікке беттеді, ағасынан дауыстама деп өтінбек болды. Ол сонда Джогеннің жалғыз емес екенін көрді. Екінші бір бөлмеге кіріп тасаланып қалайын деп еді, Джогендро дауыстап жіберді.

— Хем, Нолинакхо-бабу келді, бері жүр, таныстырайын.

Хемнолини тоқтап қалды. Нолинакха жақындап келді де, қызбен сәлемдесті, бірақ тіктеп қарамады.

Сол шақта оянып кеткен Оннода-бабу:

— Хем! — деп шақырды. Хемнолини әкесіне барды, сыбырлап Нолинакха-бабу келгенін айтты.

Джогендро қонақты алып кіре бергенде, Оннода-бабу асығыс тұрып бұларға қарсы жүрді:

— Бүгін сізді өз үйімде кездестіргенім үшін зор бақыттымын. Хем, жаным, қайда бармақсың, отыра тұр осында. Нолинакха-бабу, бұл — менің қызым, Хем. Кеше біз сіздің сөзіңізді тыңдаған едік, тым разы болып қайттық. Сіз: "Маңдайға біткенді ешкім сенен айырып ала алмайды, маңдайыңа жазбағанды ғана жоғалтып алуға болады" — дедіңіз ғой. — Бұл сөздің мағынасы тереңде жатыр, солай емес пе, Хем? Өзің түгел иелік еткенді ғана қадағалай аласың, ал бүл зат қолыңнан шығып кететін болса, тексеруге мүмкіндігің де болмайды, Нолинакха-бабу, менің сізден өтінішім бар. Қолыңыз тигенде келіп, әңгімелесіп кетіп тұрсаңыз, көп жақсылық жасаған болар едіңіз. Біз тіпті ешқайда да шықпаймыз. Қашан келсеңіз де қызымыз екеумізді әманда үйден табасыз.

— Жиында сөйлеген сөзімде әйтеуір бір ақылды нәрселер айтқаныма қарап мені бір байсалды адам екен деп қалмаңыздар, — деді Нолинакха ұялып отырған Хемнолидің жүзіне қарап. — Студенттер сөйле деп болмаған еді, ал мен болсам біреудің меселін қайтара алмаймын, олардың енді қайтып маған жалынбайтынына көзім де жетеді. Студенттер сөзіңнің жартысынан көбіне түсіне алмадық деп турасын айтады. Джоген-бабу онда сіз де болдыңыз ғой, әлсін-әлсін сағатқа қарай бергеніңіз маған әсер етпеді деп ойламаңыз.

— Егерде мен әлде нені түсіне алмасам, оған өз ақылымның шырғалығы ғана кінәлі, қапаланбай-ақ қойыңыз, — деді Джоген.

— Белгілі бір жасқа келгенде ғана дүние сырын толық түсінуге болады, — деп қойды Оннода-бабу.

— Меніңше соның бәрін түсінем деп жатудың қашан да болсын қажеті жоқ сияқты, — деді Нолинакха.

— Дегенмен сізге айтатындарым бар еді, Нолин-бабу, — деп Оннода-бабу жігітке қарады, — Алла тағала сіз сияқты адамдарға белгілі бір міндет артып жерге жібергенде, олар өз денсаулықтарын елемей кетуге тиісті емес. Ондай жақсылық, байлық тарату үшін жаралғандарға бар байлық көзі — денсаулық болып табылады, сол денсаулықтан айырылсаң беретініңнің де қалмайтынын ескертіп қойған жөн.

— Бір уақытта мені де түсіне жатарсыз. Және дүниеде ештеңеге мұрын шүйірмейтінімді де байқайтын боларсыз, — деді Нолинакха. — Дүниеге мен ештеңеге иелік етпей бейшара, қайыршы есепті келдім. Көп жұрттың езгілігі арқасында ғана зорға дегенде бұғанам қатып, буыным бекіді, ақыл кірді. Сол себепті бірдемеге мұрын шүйіру деген тым асқақтап кеткендік болар еді. Өзіңнің қолыңнан келмейтін істі бүлдіруге қақың да жоқ.

— Сөз осы ғой. Сіз кеше осы мағынада сөйлегенсіз.

— Ал жақсы, сіздер отыра беріңіздер, мен кете берейін, шаруам бар еді, — деді ақырында Джоген.

— Кешіре көріңіз, Джоген-бабу, біреуді мезі етіп жіберу мендік мінез емес! Мен де кеттім. Ал жүріңіз, сізбен біраз жер бірге барып қалайын.

— Жоқ, жоқ, маған ала көңіл болмай-ақ қойыңыз. Мына мен ғой,бір жерге тұрақтап ұзақ отыра алмаймын.

— Джоген туралы абыржымаңыз, Нолин-бабу, — деп қойды Оннода-бабу, — ұшып-қонып жүргені, тез жалыққыш-ақ.

Джогендро кеткен соң, Оннода-бабу Нолинакхадан қайда тұратынын сұрады. Нолинакха күліп жіберді.

— Бәлен жерде тұрам дейтін тұрақты мекен деген жоқ менде. Таныстар көп. Солар шақырумен болады, мен сөйтіп, бір үйден екінші үйге жылжи беремін. Бұл өзіме ұнайды да. Бірақ кейде оңаша қалғың келетін де сәттерің болады. Сол себепті Джоген-бабу сіздерге көрші бір үйді пәтерге алып берді. Шынында да бұл орам тіпті тыныш қой деймін.

Мұндай хабарға Оннода-бабу айрықша қуанды, алайда егер аңғарымпаз, байқағыш болса, сол сөзді естіген сәтте Хемнолинидің өңі бұзылып кеткенін де андап қалған болар еді. Өйткені бұл үйде бұрын Ромеш тұрған ғой.

Сол шақта шай дайын болды деген хабар келді, бәрі де асханаға беттеді.

— Хем, жаным, — деп Оннода-бабу қызына бұрылды, — Нолин-бабуға шай құй.

— Жоқ, Оннода-бабу, мен шай ішпеймін.

— Жоқ, оныңыз не, Нолин-бабу, тым болмаса, бір кесе ішіңіз, ал көңіліңіз соқпаса, ауыз тиіңіз.

— Кешіре көріңіздер, тіпті құлқым жоқ.

— Сіз өзіңіз де дәрігерсіз ғой. Түскіліктен кейін үш-төрт сағат өткен соң шай ішу деген сылтаумен аздап ыстық су ішкеннің асқазан үшін пайдалы болатынын айтып жату маған орынды болмас. Әрине, егер дағдыңыз болмаса, сізге онша қою етпей құйдыруға да болады.

Нолинакха Хемнолиниге қарап тайсала тұрып қалды. Қыз мұның шай ішуден не себепті үрейленіп тұрғанын сезіп, қабақ шытып қалғандай болып көрінді, сол ретте ол қызға қарап сөйледі.

— Сіздің ойлап тұрғаныңыздан бұл мүлдем басқа, дастарқанымыздан жерініп тұр деп жори көрмеңіз. Бұрын мен шайды құныға ішкен едім, қазір де шайдың жұпар иісін ұнатамын; сіздердің қалай ішкендеріңізге қарап отыру — сондай рақат. Алайда менің анам өз салт-ғұрыптарын қадағалап, айнымай сақтап отыратын адам екенін мүмкін сіздер білмейтін шығарсыздар, ал мен ол кісінің жалғыз баласымын, хадарынша анама жақын болғым келеді, шай ішпейтін себебім де осы. Дегенмен де сіздер қазір шай ішіп рақаттанып отырсыздар, мен оны қоштаймын. Сол себепті қонақжайлылықтарыңызды сезінемін де.

Сөз басында Нолинакха Хемнолиниге тиісе сөйлеген еді.

Бірақ ол қызға өзін танытқысы, кім екенін ашқысы келмейтін тек сылдыр сөзбен бүркемелене беретін біреу сияқты көрінді: Алғашқы таныстықта Нолинакханың тым ұялшақ мінезі бар адам екенін, сол себепті дағды дағысынан тұрпайылау көрінетінін Хемнолини түсінбеген. Тіпті оның өз ойындағысын айта бастағанда да даусы өзгеріп, дөрекіленіп, жасандылау шығатын. Онысын өзі де білуші еді. Джогендро шыдамсыздық жасап, кетуге бет алғанда Нолинакха өз сөзіне қатты қысылып қалған-ды, шығып кеткісі келген себебі де сол.

Дегенмен Нолинакха өз анасы жайын айта бастағанда-ақ Хемнолини оған құрметпен қарады. Ана есімін атағанда-ақ жас жігіттің келбетінде таза да жалынды махаббаттың нұры ойнап кеткен.

Хемнолиниді тебіренткен жай осы еді. Анасы жайында оның Нолинакхамен сөйлесе бергісі келді, бірақ батылы бармады, ұяла берді.

— Әңгіме қайда жатыр! — деп Оннода-бабу Нолинакха әңгімесіне өз пиғылын асыға білдірді. — Егер мұны білсем шай іш деп зорламаған болар едім. Құдай ақына кешірім ете көріңіз!

— Шай ішпейді екен деп адал пейіл құрметтеріңізден тартынып қалып жүрмеңіздер, — деп Нолинакха күле жауап берді.

Нолинакха кеткен соң, әкесімен Хемнолини екеуі жоғарғы үйге көтерілді. Қыз бенгал журналынан бір мақала оқи бастады, бірақ көп кешікпей Оннода-бабу ұйықтап кетті. Осы бір әлсіздік белгісі біраз уакыттан бері оның дағдысына айналған еді.

ҚЫРЫҚ ҮШІНШІ ТАРАУ

Нолинакханың Оннода-бабумен, оның қызы Хемнолинимен таныстығы аз күннің ішінде нағыз достыққа айналып кетті. Әдепкіде қыз Нолинакхамен жалпы бір жайлар туралы ғана әңгімелесуге болар деп, жай қарапайым адамдарға ұқсап күнделікті тіршілік жайын сөз ету дегенді ойлаған да емес-ті. Соған орай көңілді әңгіме, әзіл үстінде де ол үнемі ештеңені байқамағансып, өңін танытпай отыра беретін.

Бір күні Нолинакха мен Оннода-бабу Хемнолини үшеуі әңгімелесіп отырғанда Джоген келді де, мазасыздана сөйледі:

— Білесің бе, әке, "Брахмо Самадж" мүшелері бізді енді Нолинакха-бабудың шәкірттері дейтін болып алыпты. Сол үшін мен бүгін Порешпен ұрсысып қалдым.

— Жәбірленетіндей онда не бар, — деп Оннода-бабу езу тартты. — Үйретушісі көп те, үйренері жоқ шәкіртсіз ғалымдар қауымына мүше болсам, онда ұялар едім.

— Мен де сізге қосыламын, Оннода-бабу, — деп Нолинакха құптай сөйледі. — Кәне, шәкірттер қоғамын құрайықшы, сөйтіп білім алудың, үйренудің мүмкіндігін іздейік.

— Жетті, күлкі етерліктей түк те жоқ мұнда. Осының шәкірті еді деп айдар тақпаса ешкім де сіздің досыңыз, не жақыныңыз бола алмайды, Нолин-бабу. Ондайды қою керек, — деп Джогендро шыдамсыздана сөйледі.

— Не меңзеп отырғаныңызды түсіндірсеңіз екен? — деп сұрады Нолинакха.

— Естуім бойынша сіз соттардың заңы бойынша танауыңызбен дем алатын көрінесіз, шығып келе жатқан күнге тесіле қарап сарылып тұрады екенсіз. Әр түрлі тағылым-ғибадаттарыңызды өткеріп алмай тұрып дәмге де отырмайтын көрінесіз. Осылардың арқасында, қауым айтқандай, "қыннан түсіп қалғансыз".

Хемнолини ағасының көргенсіздік жасап отырғанына қатты қысылып қалды. Ал Нолинакха болса, жымиып қана күле сөйледі.

— Әрине, қауым ішінде қынынан айырылып қалу қылмыс есепті. Бірақ қылыш болсын, адам болсын, түгелімен қын-құндақта ғана тұра ма? Бар қылыштың қынға түсетін жағы бірдей болады. — Тек зергердің өнері, дегеніне қарай оның сабы ғана түрліше болып келмек. Әркімнің өзіне ғана тән қылықтары үшін адам қауымы қынынан тыс та орын болу керек екенін сіз теріске шығармассыз деймін. Үйде оңаша отырып, жұрттан жасырып істейтін зиянсыз нәрселерімде жұрттың не шаруасы бар? Мені осы қайран қалдырады.

— Ілгері басу жолында дүние ауыртпалығын арқалаған жандар басқа үйде не болып жатқанын анықтауды басты міндеттерімнің бірі деп санайды емес пе; анықталмай күңгірт жатқан жайларды олардың өздері айтып толықтырып жіберетін қасиеттері де бар ғой. Онсыз дүние жетіле алмақшы емес. Мұны сіз білмейтін бе едіңіз? Оның үстіне жұртқа оғаш қылықтар қанша жасырғанмен көзге түскіш болмақ. Міне мынадай мысал келтірейін: сіздің үй төбесінде құлшылық жасағаныңызды Хем көріпті де алты аласысы, бес бересісі болмаса да әкесіне барып айтқан. Назаланып, ашу бұған Хемнолини қызарып кетті, бірдеме дейін деп оқтала беріп еді, Нолинакха сөзін бөліп жіберді.

— Сіз қыстығатындай ештеңе де жоқ. Егер сіз дем алайын деп төбеге шығып, менің таң намазын оқып жатқанымды көрсеңіз онда тұрған айып не? Көздің көрмек үшін жаралғанына бұл жағынан біз бәріміз де айыптымыз.

— Оның үстіне, Хем маған ол жайды әлде бір реніш білдіріп айтқан жоқ. Қайта сіз жасап жатқан тағылым-ғибадат жайын ынтыға, құрметтей сұрады, — деді Оннода-бабу.

— Мен мұны мүлде түсінбеймін! — деп дауыстап жіберді Джогендро. — Дағдылы заң-салттары, әдет-ғұрпы бар күнделікті тіршіліктен қиянат көрген емен. Және әлдебір жасырын құлшылық жасаудан айрықша артықшылық болады деп те ойламаймын. Қайта мұндай жолға түскен адам салмағын жоғалтып, саяздап, шектеліп қалады. Бірақ сіз, құдай ақына, бұл сөзге ашулана көрмеңіз, өйткені мен жер мекенінде жұпыны ғана тіршілік орным бар, көптің бірі ғанамын. Биікте тұрғандарға жетудің бір-ақ жолы бар — тас лақтырып жету жолы. Мен сияқтылардың саны жоқ қой. Сол себепті, егерде сіз тым биікке өрлеп кеткен болсаңыз, әманда қарауыл ұшында тұрасыз.

— Бірақ тас деген қиян-қилы болады ғой: бірі жай ғана сипап өтеді, екіншісі таңба салып кетпек. Егерде біреу жайында ол шіркін бала болып кетті, болмаса, ақылынан адасыпты десе, ешкім де оған ренжімейді; ал егер оны тақуалыққа бой ұрыпты, ұстаз болғысы келеді екен, төңірегіне шәкірттер жиғысы бар деп айыптайтын болса, қалжыңға ешқандай орын қалмайды.

— Тағы да қайталап өтінемін, маған өкпелей көрмеңіз. Өз үйіңіздің төбесінде ойыңызға келгенін жасаңыз. Сізді тыятындай, мен кіммін соншама? Мен тек сіздің қылығыңыз дағдылы жайдан шығып кетпейтін болса, қаңқу сөздің бәрі сап болар еді дегенді ғана айтпақпын. Маған қолайлысы — жұрт ауанында болу. Белгілі бір шектен аттасаң-ақ болғаны, халық топталып-ақ қалады: табына ма, нәлет айтып жата ма — бәрібір ғой. Бірақ сол топтың көзіне түсу тым қолайсыз-ақ нәрсе!

— Дегенмен сіз өзіңізге өзіңіз қайшы келіп отырсыз, — деп жауап берді Нолинакха, — сіз мені күшпен сүйреп төбеден қызық тартымы жоқ төменгі қабатқа түсірмек болдыңыз, ал енді өзіңіз неге қашасыз содан?

— Мен бүгін айтарымды айтып болдым, жетті! Далаға шығып, кішкене жүріп қайтамын! — деп көтеріліп кетті Джогендро.

Ол шығып кеткеннен кейін Хемнолини басын төмен салып, дастарқан шашақтарына қарап ұзақ отырып қалды. Үңіле, аңғара зер салғанда оның көз шарасында ыстық жас мөлтілдеп тұр еді.

Қыз Нолинакхамен күнде сөйлесе жүріп өзінің рухани дүниесінің соншалықты шағындығын сезді, Нолинакха таңдап алған жолмен жүруге ынтықты. Аса бір жан күйзелісі шағында ол сырт дүниеден таяныш-тірек таба алмай қалатын. Міне енді Нолинакха жаңа бір дүниенің құлпын ашты. Біраздан бері оны сопылық идеясы баурап алды. Бар салт-ғұрыптарды айнытпай орындап отырмақ. Осы бір жайда ғана ақыл-ой өзіне таяныш табатын сияқты көрінеді оған. Оның үстіне қайғы-қасірет деген тек жан күйзелісі есепті ғана қалып қоймасқа тиісті: ол әлде бір дуана, дәруіштік ерлікті керек ететіндей. Бұл күнге дейін жұрт тіліне тиек болармын, талқыға түсермін деп Хемнолини тайсала соғып, дегеніне жете алмай, өз аза-қайғысын жүрегінің терең түкпірінде ғана сақтап жүретін. Міне, енді Нолинакханың жолына түсіп, ет тағамдарынан бас тартқаннан бері Хемнолинидің жаны жай тапты. Ол өзі жататын бөлмеге төселген бар кілем-төсеніштерді жиып тастады, төсегін шымылдықпен бөліп, басқа жиһаздардың бәрін сыртқа шығарттырды. Күн сайын еденді өзі жуып, иодноста аз ғана гүл қалдыратын болды. Шомылғаннан кейін ақ сари киіп еденге отыратынды шығарды; шалқайта ашылған есік, терезелерден күн нұры еркін құйылады. Оннода-бабу Хемнолини ісіне түгелдей қосылып кете алмады, дегенмен осы бір әдет-ғұрыптарды орындау оған қаншалықты рақат беретінін қызының келбетінен аңғарып, қуанып жүрді.

Енді Нолинакха келе қалса үшеуі Хемнолини бөлмесінде еденде отырып, әңгіме-дүкен құратын болды. Джогендро басынан-ақ соқтыға сөйлеген-ді:

— Не нәрсе бұл? Сендер бұл үйді әлде бір киелі мекенге айналдырып жібердіңдер ғой. Мен сияқты күнәлі пенде аяқ басар жер де қалмады-ау.

Джогендро осындай қылығын бұрын көрсетсе, Хемнолини ашуланған болар еді, Оннода-бабу қазірдің өзінде де кейде булығып, қыстығып қалады, ал Хемнолини мен Нолинакха болса, қазір Джогендроға байсалды түрде езу тартып, мейірлене қарайды. Қыз бір сенімді де мызғымас тірек тапқан, содан қысылып, ұялу дегенді енді әлсіздік деп түсінетін секілді. Мұның мінез-құлығын оғаш санап, жұрттың күліп жүргенін де Хемнолини жақсы біледі, бірақ соның бәрінен Нолинакхаға деген сенімі мен табынушылығы қорғаштап алатындай. Сол себепті ол жұрттан қысыла да қойған жоқ.

Бір күні, таңертең Хемнолини дәрет алып, содан кейін дұғасын оқып болды да, терезе алдына барып отырып еді, Оннода-бабу мен Нолинакха кіріп келді. Қыз жүрегін сол шақта ғажайып бір тыныштық билеп отыр еді. Тізелей отырып, әуелі Нолинакхаға, содан кейін әкесі алдында пронам жасады, содан соң аяқтарынан топырақ алды.

Нолинакха абыржып қалды.

— Тынышсызданбаңыз, Нолин-бабу, Хем өз міндетін ғана орындап жатыр, — деді Оннода-бабу.

Нолинакха бұрын бұлай ерте келіп көрген жоқ еді, Хемнолини оған сұрана қарады.

— Бенарестен хабар алдым. Анам ауыр науқас көрінеді, — деді Нолинакха, — сол себепті бүгінгі кешкі пойызбен жүріп кетуге бекіндім. Соған дейін бітірер коп шаруаларым бар еді, сізбен қоштаса келдім.

— Не шара бар, анаңыздың деніне саулық берсін, соңғы күндердегі мархабат-көмегіңіз үшін өле-өлгенше қарыздармыз.

— Сіздердің маған көрсеткен жақсылықтарыңыз одан да артық болды, рас айтамын. Сіздер көршіге көрсетерліктей бар қамқорлықтарыңызға алып бақтыңыздар мені. Ол ол ма, сіздердің маған деген қалтқысыз сенімдеріңіз көптен бері өзім ойлап жүрген қилы мәселелерді жаңа бір тұрғыдан ашып берді. Мен сіздердің өмірлеріңізге зер салдым, бұл менің ойым мен өзім ұстаған жолға бірыңғай бағыт, мақсат берді. Жақын адамдардың көмегімен, мүсіркеуімен табысқа оңай да, шапшаң жетуге болатынын түсіндім.

— Сіз келген шаққа дейін бізге бір нәрсеміз жоқ, әлде бірдеме жетпей тұратын сияқты бола беретін, не жетпейтінін өзіміз де білмейтінбіз. Жоғымыз, жетпейтініміз өзіңіз екенсіз. Оны сізбен танысқанда ғана білдік. Біз бір үй күшік жандармыз ғой, жұрт арасында сирек боламыз. Жиынға баруға да ынталанып тұрмаймыз. Менің кейде жүріп кететінім бар, ал Хемды бір жерге, болмаса, екінші жерге апара қою оңайға соқпайды. Ал сіздің келгеніңізді, сөз сөйлейтін болғаныңызды Джогеннен естігенде-ақ бір керемет өзгеріс туды да қалды: ешбір толқу, тартынусыз жиынға жөнелдік, мұндай оқиға болған емес, — сеніңіз, Нолин-бабу! Сіз бізге тым керек адам екеніңізді осыдан-ақ көруге болады ғой. Тағдырдың өзі бізді сізге қарыздар етіп қойды.

— Өз өмірім жайында сіздерден басқа тірі жанға айтпағанымды білсеңіздер екен деймін, — деп жауап қайырды Нолинакха, — адалдық жайлы терең ілім — шындықты ашу қабілеттілігінде. Тек сіздердің арқаларыңызда ғана осы бір шындыққа менің қолым жетті. Сол себепті сіздер де маған аса қажетті адам екендеріңізді де ұмыта көрмеңіздер.

Хемнолини іждағатпен тыңдады. Ол терезеден еденге түсіп тұрған күн нұрына қарап, үнсіз отырып тыңдап еді. Нолинакха кетуге ыңғайланғанда былай деді:

— Анаңыздың денсаулығын біз де біліп тұрсақ екен.

Нолинакха көтеріле берді, Хемнолини оған тағы да иіліп тағзым етті.

ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Соңғы күндерде Оннода-бабудың үйіне Окхой келмейтін болып еді, Нолинакха Бенареске жүріп кеткен соң ол Джогендроға еріп тағы да келгіштей берді. Хемнолинидің әлі де Ромешті қаншалықты ойлап жүргенін өзіне деген қыз қабағынан аңғармақ болды.

Бүгін Окхой келгенде Хемнолини тыныш отырып қалды, мұны көріп шытынаған да, өзгерген де жоқ, сол қалпында отыра берді.

— Көптен бері неге көрінбей кеттің? — деп қыз одан жылы шырай көрсете сұрады.

— Күнде келіп көрініп тұрарлықтай бағалы адаммын ба мен? — деді Окхой.

— Егерде бағасы төмен адамдар қонақта бола алмайтын болса омда көбіміз селтиіп, оңашаланып қалған болар едік қой.

— Окхой сый-құрметке тек қарапайымдылықпен ғана ие боламын деп ойлаған еді, Хем одан озып кетті, әрі қарапайымдылықтың жалпы алғанда бар адамға тән қасиет екенін көрсетіп берді. Бұл жөнінде менің де айтарым бар. Біз сияқты қарабайыр адамдармен күнде көрісуге болады, ал айрықша жаралған адамдармен сирек кездескен дұрыс. Уысыңа сия бермейді олар. Ондай адамдардың орман, тауларды кезіп, үңгірлерді аралап жүретін себебі де осында. Егерде олар тұрақты мекені етіп адам қоғамын таңдап алса, мына Окхой екеуіміз сияқты ақ пейіл, ашық ауыздар тауға қашқан болар едік.

Джогендроның кімді көздеп айтып отырғанын Хемнолини бірден түсінді, бірақ тіл қатпады. Үш кесе шай құйды да әкесі мен Джогендроның, Окхойдың алдына қойды.

— Ал өзің шай ішпейсің бе? — деп сұрады Джогендро одан. Хемнолини әлде бір дөрекі сөз еститінін де сезді, сонда да байсалды түрде нық жауап берді.

— Жоқ, мен шай ішпейтін болғанмын.

— Шын сопылық енді басталыпты. Көріп отырмын. Мүмкін шай жапырақтарының ғажайып құдірет күші жеткіліксіз болса керек, ондай қасиет тек миробаланда ғана болады ғой. Бұл не деген бақытсыздық! Хем, қойшы осының бәрін. Бір кесе шай ішіп, антыңды бұзғаннан ештеңе де болмайды! Бұл үйде ондай қатаң тыйым деген Ұзақ өмір сүре алмайды, ағайын арасында сол бір мәнсіз нәрсені дардай етіп ұлғайта берудің реті жоқ тіпті.

Джогендро осы сөздерді айтты да, өзі келіп тағы бір кесеге шай құйып алып, Хемнолинидің алдына қойды. Қыз оған қолын да апармады, әкесіне бұрылды да былай деді: — Әке, ештеңе жеместен құр шайды сораптап отырғаның не?

Оннода-бабудың даусы да, қолы да қалтырап кетті:

— Шынымды айтсам, қарғам, бүгін бүл дастарқан үстінде жүрегіме ас батпай отыр. Джоген қылығына шыдамдылық көрсетейін деп-ақ едім. Осындай ауру-сырқаулы болып жүргенде сөйлеп кетсем, тоқтай алмаспын, бәрін де айтып салармын деймін. Өкінуге тура келер сосын.

— Ашуланбашы, әкетай, — деп Хемнолини Оннода-бабудың қасына келді. — Дадам мені шаймен сыйлағысы келеді екен. Тіпті жақсы, ренжіте алмайды бүл мені. Ал әке, сенің бірдеме жегенің дұрыс. Басқа тамақ жемей, құр шайдың өзін іше берудің, өзіңе дұрыс болмайтынын мен жақсы білемін. — Хемнолини осыны айтты да, әкесінің алдына қарай тамақ ысырып қойды. Оннода-бабу енжар отырып жей бастады.

Хемнолини орнына қайтып оралған соң Джогендро құйған шайды ішейін деп, ыңғайланып жатыр еді, Окхой ұшып тұра келді.

— Құдай үшін, кешіре көріңізші, мына шайды мен алып ішуіме бола ма?

Джогендро Хемнолинидің жанына келді, оның қолынан кесені алды да, Оннода-бабуға бұрыла сөйледі.

— Мен дұрыс жасамадым, кешіре көр, әке.

Оннода-бабу үнсіз қалды. Көз шарасы жасқа толып кетті.

Джогендро мен Окхой ақырын басып үйден шықты. Оннода-бабу шайын ішіп болған соң Хемнолинидің демеуімен тәлтіректей басып, жоғарыға көтерілді.

Сол күні түнде Оннода-бабу қатты ауырып, қысылып қалды. Шақырылып келген дәрігер көп қарағаннан кейін оның бауыры зақымданғанын айтты. — Ауру әлі асқына қоймаған Бір жыл немесе, бірнеше ай ауа райы жақсы батыс өлкеге барып тұрса, айығып кететін болады.

Бүрістірген ауру ыдырап, Оннода-бабу өзіне-өзі келген соң қызына былай деді:

— Қарғам, Хем, біраз уақыт Бенареске барып тұрайық.

Хемнолинидің өзі де осыны ойлап еді. Нолинакха жүріп кеткеннен кейін бұрын жанын салып орындап жүрген тақуалық ғұрыптары аяқсырап қалғандай болған-ды. Нолинакханың құр қарасының өзі де күнделікті ғибадат жасауға оған бір бекемдік беретіндей еді. Нолинакха кескінінде асқан бір сенімділік, жер қозғалса да өзгермейтін бір сабырлы нышаны бар. Осы бір жай Хемнолиниге үнемі медет беріп, рухтандыратын еді. Нолинакха кеткен соң Хемнолинидің ұнжырғасы түсіп кетті. Сол себепті Нолинакха айтқандарын әсіресе осы шақта айнытпай орындауға күш салып жүрген. Бірақ соның өзі Хемнолиниді қатты торықтырып жіберді, жиі-жиі жылай беретін болды. Дастарқан басында қонағуар көңілді болуға тырысты, бірақ жүрегінде зіл қайғы жататын. Өткен күн елестері ұлғая келіп тағы да оның бұл дүниеден оқшау, жетімсіреп қалған жанын жаралап, азаптай бастады. Оннода-бабу Бенареске сапар шегуді ұсынғанда қызының:

— Әке, бұл тіптен жақсы болар еді, — деп асыға жауап берген себебі де осы еді.

Келесі күні үй ішінде әлдебір дайындықтың жүріп жатқанын көрген Джогендро істің жайын сұрады.

— Біз Батысқа жүрмекпіз, — деп жауап берді Оннода.

— Атап айтқанда қай жерге?

— Ең әуелі біраз жерді аралап көреміз. Сонан соң ұнаған жерден орын тебеміз.

Бенареске барамыз деп тура айтуға оның батылы жетпеді.

— Сендермен бірге жүре алмағаныма өкінемін. Бас мұғалім орнын сұрап арыз беріп едім, соның жауабын күтудемін, — деді Джогендро.

ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ ТАРАУ

Ромеш Аллахабадтан Гаджипурға ертемен оралды. Жол үстінде жүргіншілер де кездеспеді. Жол бойын қуалап өскен сирек жапырақты сидаң ағаштар қыс қаһарына бас иіп, мүлгіп қалғандай. Қала төңірегін ұйқыға шомған аққуға ұқсап көгілдір мұнар басқан. Ромеш суықтан қорғанып жылы пальтосына қымтанып, орана отырған еді. Бір сарынды иесіз жол үсті оған әлде бір сағыныш әкелгендей, жүрегі дүрсілдеп мазасын ала берді.

Бунгадоға жақындаған Ромеш экипажды кенет тоқтатты да, жерге секіріп түсті: ат дүбірін естіп Комола үйден шығып күтіп тұрған болар деп ойлап еді. Өзі Аллахабадтан бір қымбат алқа сатып алған болатын, енді сол бір баға жетпес сыйлығын Комоланың мойнына өз қолымен тақпақ болып пальтосының кең қалтасын қармана берді. Бірақ үйге тақалғанда есіктің жабық тұрғанын көрді, ал Бишон болса, терраста жайбарақат ұйықтап жатыр. Ромештің көңілі қайтып, басылып қалды.

— Бишон! — деп қаттырақ дауыстады, үй ішінде біреу болса, оны да оятпақ ниетпен. Өзі түн баласына елегізіп, кірпігі ілінбей шыққан еді, ал мына үйдегілерді оятып алу көп қиындыққа түсіп түр, бүл Ромештің көңіліне келді.

Қанша айқайласа да Бишон оянбай қойды, ақыры оны түртіп оятуға тура келді.

— Ханым үйде ме? — деп сұрады Ромеш өзіне мағынасыз қарап қалған күзетшіден.

Әдепкіде Бишон мұның не айтып тұрғанын түсінбеген сияқтанды, содан кейін шошып оянғандай болды да:

— Ие, ие, Комола үйде, — деп ұйқысырай жауап берді. Ромеш есікті жұлқып ашты да, бар бөлмелерді сүзіп шықты — үйде тірі жан жоқ.

— Комола, — деп дауыстады ол, бірақ жауап қатқан ешкім болмады, ним ағашына да барды, нәубатханаға да кірді, ат қораға да, қызметшілер жататын бөлмеге де бас сұқты. Комола жоқ.

Осы бір шақта күн ұясынан шықты, бақша ішінде қарға қарқылдады. Басына құмыра көтерген қыздар көріне бастады... Олар бунгало түбіндегі таспен қоршалған қара суға асығып барады. Жолдың қарсы бетіндегі лашықтар ауласынан дон ақтап жатқан әйелдердің қиян-қилы әні естіледі.

Ромеш бунгалоға қайтып оралды, Бишон баяғысынша қайта терең ұйқыға шомып кеткен Ромеш еңкейе берді де, бар күшімен қызметшіні сілкілей бастады. Одан құрма шарабының иісі аңқып шығып жатқанын Ромеш сонда ғана білді.

Ақыры Бишон есін жинағандай болды да зорға дегенде басын көтерді.

— Ханым қайда? — деп Ромеш қайта сұрады.

— Үйде емес, пе екен? — деп міңгірледі Бишон.

— Қай үйді айтып тұрсың?

— Неше ол осында келген болатын.

— Содан соң бір жаққа кетіп қалды ма?

Бишон аузын ашып, Ромешке мағынасыз қарай берді. Сол шақта жаңа дхоти киген Умеш келді. Көзі қызарып кеткен Ромеш соған бұрылды.

— Шешең қайда, Умеш?

— Кеше кештен бері ол осында, — деген жауап берілді.

— Ал сен қайда болдың?

— Кеше кешке шешетайым мені Сидху-бабудың үйіне тойға бар деп жіберген.

Осы кезде атқосшы оның әлі есеп айырыспағанын есіне салды.

Ромеш сол экипажға отырып Чокроборти үйіне тартты. Үйге кіре беріп керемет бір әбігерлік барын байқады. Комола ауырып қалмады ма екен деп тітіркеніп те кетті. Бірақ кейін іңірде Умидің аяқ-қолы мүздап, беті-аузы көгеріп, кенет жылай бастағанын естіді, үй ішіндегілердің содан үрейлері ұшып кетіпті. Бәрі де аяғынан тік тұрған. Көрер танды көзімен атқызған.

Уми ауырып қалған соң Комола осында қайтып келген екен ғой деп ойлады Ромеш, содан кейін:

— Комоланың да есі шығып кеткен болар! — деп Бипинге бұрылды.

Кеше Комоланың келген, келмегенін Бипин анық білмейтін еді, сол себепті Ромеш сұрағына екі ұштылау жауап берді.

— Ие, ол Умиді тым жақсы көреді ғой. Бірақ дәрігер қауіптенбей-ақ қойыңдар деп отыр. — Қайткен күнде де осы қиын-қыстау жайлардың салдарынан Ромеш көңілі басылып қалды. Бұлардың кездесуіне тағдырдың өзі көлденең тұрғандай болып кетті оған.

Осы кезде бунгалодан Умеш келді. Ол әйелдер жататын ішкі үйге еркін кіре беретін, жақсы көрген Шойлоджа оның бетінен қақпайтын.

Қазір де ол зенанға кіріп келді. Умиды оятып ала ма деп қорыққан Шойлоджа оны сыртқа алып шықты.

— Шешетай, ханым қайда? — деп сұрады ол Шойдоджадан.

— "Қайдасы" не, кеше сен бунгалода Комоламен бірге қалған жоқ па едің? — деп Шойлоджа таңырқап жауап берді. — Іңір қараңғысында мен Личмонияны жіберем бе деп те ойлап едім, мына соби ауырып қалған соң, босата алмадым.

Умештің түсі суып кетті.

— Мен оны таба алмадым, — деді Умеш.

— Не дейсің, жаным-ау? — деп Шойла үрейлене сөйледі. — Өткен түнде сен қайда болып едің?

— Менің үйде қалуыма шешетай рұқсат етпеген. Бунгалоға келген бетімде-ақ Сидху-бабудың үйіне тойға бар деп жіберді.

— Тым тіл алғышсың! Бишон қайда болған?

— Ол ештеңе де білмейді, кеше тым көбірек жұтып қойыпты.

— Тез барып қожаны шақыр.

Бипин кіре бергенде Шойлоджа оған қарсы жүгірді:

— Қандай бақытсыздық болғанын білесің бе?

Бипин бозарып кетті.

— Жоқ, не болып қалған? — деп үрейлене сұрады.

— Комола кеше өзінің бунгалосына барам деп кеткен еді, бүгін онда жоқ болып шыққан.

— Ол кеше қайтып келмеп пе еді?

— Келген жоқ-ты! Уми ауырып қалғанда оны шақыртып алдырайын деген едім, жұмсай қоятын ешкім болмады ғой?

— Ромеш-бабу келіп пе?

— Ие, Комоланы бунгалодан таба алмаған соң, осында шығар деп келіп кетті жаңа!

— Тез жөнел, бірге іздес! Уми тыншығып ұйықтап жатыр. Көңілі тетік қазір.

Олар Ромеш экипажына отырып, бунгалоға келді. Жұрттан сұрастыра, көп іздестіре келгенде анықталған жай мынадай болды: кеше кешке таман Комола жалғыз өзі Гангқа кеткен. Бишон ере жүрейін деген екен, қаламапты, бір рупия беріп, үйге қайтарып жіберіпті. Содан Бишон бақша қақпасын күзетіп отырыпты. — Сол жерде оған құмырасына толтырып құрма шарабын құйып алған сатушы кездесе кетіпті. Содан кейін дүниеде не болып, не қойғанын Бишон анық біле бермейді. Ол тек Гангқа Комоланың қай соқпақпен кеткенін ғана көрсете алады.

Ромеш пен Бипин, Умеш үшеуі таңғы шығы кеппеген сол соқпаққа түсіп, Комоланы іздеп кетті.

Умеш балапанынан айырылған қыран құс сияқты, жан-жаққа көзін қадап арпалысып келеді. Құмдауыққа шыққан соң үшеуі де кідіріп қалды. Төңіректе қыбыр еткен ешкім жоқ. Шығып келе жатқан күн сәулесіне шағылысып қиыршық тастар жалтылдайды. Одан басқа тірлік белгісі білінбейді.

— Шеше, қайдасың, шешетайым?! — деп Умеш ышқына дауыстады. Қарсы беттегі алыс жарқабаққа ұласа шыққан жаңғырық естілді. Бар болғаны сол ғана!

Умештің көзі кенет анадай жерде ағараңдап жатқан бірдемеге түсті. Жүгіріп келсе, дәл су жағасында орамалға түйілген бір топ кілт екен. Ромбш те: "Қолыңдағы не сенің?" — деп үрейлене айқайлап жіберді де, үңіле беріп, Комоланың кілттері екенін білді. Сол кілт жатқан жерде құм үйіндісі бар екен. Таза құмда кішкентай аяқ іздері айқын қалыпты. Із барып тура суға түскен. Умештің қыран көзі қайраңда, су түбінде жалтырап жатқан тағы бірдеңеге түсті. Ол барып көтеріп алды. Жұрттың бәрі де кішкентай бір алтын түйреуішті көрді — бүл түйреуішті Комолаға Ромеш сыйлаған болатын.

Бар іздер Гангқа келіп жатыр. Умештің шыдамы таусылып кетті: "Шешем, о шешетайым!" — деп суға секірді. Бүл тұстың суы саяз екен. Умеш жынды адамша тулап су түбіндегі балшықты тырмалап, лайлай берді.

Ромеш тастай қатып мелшиіп қалды.

— Не істеп жүрсің, Умеш? — деп дауыстады Бипин — Шық бері!

Умеш тағы да суға сүңги берді:

— Мен кетпеймін бүл жерден, кетпеймін! Шешетай, сен мені тастап кетуге тиісті емессің!

Бипин үрейленіп кетті. Бірақ Умеш су ішінде балықша ойнақтап жүр, оз бетімен суға кетуі мүмкін емес. Ол су ішінде батып шығып, көп қылтыңдады, ақыры шаршап-шалдығып жағаға шықты да, дауыс қып жылап домалай берді.

— Ромеш-бабу, жүр кеттік, — деді Бипин мелшиіп тұрған Ромештің иығынан тартып. — Бүл жерде тұра беруден пайда жоқ. Полицияға барып хабарлау керек, іздейтін болсын!

Бүгін Шойлоджа үйіндегілерге ас сіңбеді. Жылау-сықтаумен болды. Балықшылар қайыққа отырып алып өзеннің сол маңын түгел сүзіп шықты. Полиция да аяғынан тұрды. Станциядан да кеше Комолаға ұқсас бенгал қызы пойызға отырмағаны жайында үзілді-кесілді хабар келді.

Сол күні кешке таман Чокроборти де қайтып оралған еді. Соңғы күндердегі Комола қылығын ұқыппен тыңдап алған соң күдіксіз бір ойға келді: Комола Гангқа кетіп өлген.

— Кеше түні бойы Умидің жылап, үйықтай алмай шыққаны да содан, — деп қойды Лочминия, — жер хабар берген сәбиге. Ібіліс, жындарды қуып жіберу керек еді.

Ромеш тіпті есінен адасып қалғандай — көзінен жас та шықпай қойды.

"Комола маған Ганг өзенінен келіп еді, Пуджа мейрамы кезінде сол Гангқа сыйға тартатын таза гүлдей ғайып болды, міне" деп ойлады ол

Күн батқан соң Ромеш тағы да су жағасына келді. Күндізгі кілт тауып алған жерге келіп тоқтады, құмға түскен аяқ ізіне тағы да көз салды. Содан кейін кебісін шешіп, дхотиін түрді де суға түсті, арнайы сатып алған алқасын қабынан алды да, өзеннің ортасына қарай лақтырды.

Ромештің Гаджипурдан кетіп қалғанын Чокроборти үйінде ешкім де білген жоқ.

ҚЫРЫҚ АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Ромеш енді мекенсіз, орынсыз, сорайып қарақан басы қалғандай.

Хемнолиниден мүлде суынып та кеткен жоқ еді, сонда да ол жайды ойламауда тырысатын. "Ойда жоқта тиген мына бір сойқан соққы менің бүл дүниеде жүруімді көпсінген болар, шешек атқан гүлшең жерде жай соқса ағаш та гүлдей алмайды ғой",. — деп ойлады ол

Ромеш енді ел кезумен болды, бір жерде бір күннен артық аялдамады да. Қайыққа отырып Ганг өзенінің тамаша жағаларын қызықтады; Делиге барып Кутуб Минарға шықты; айлы түнде Аграға барып, Тадж Махалға көз салды. Амритсардағы Алтын храмды да аралады. Содан кейін Әбу тауының басына салынған ғибадатхананы көрем деп Раджпутанға тартты, дамыл-тыныштық дегенді мүлде ұмытты.

Ақыры соның бәрі де тойдыра бастады. Жас жігіт қара орманын, үйін сағына ойлады. Туған жеріндегі тыныш өмірі мен болашақ өзіндік ошақ басын құру жайындағы тәтті ой-арманы қайтып оралды. Өз қайғы-қасіретін ұмытамын деп кезбе болып кетіп еді. Ол райдан қайтып қалды: бар азаптан құтылғандай терең бір күрсінді де, билет сатып алды. Содан соң Калькуттаға баратын пойызға келіп отырды.

Таныс қалаға келгенмен, Колутолодағы көзге ыстық үйге бірден бара алмады; онда не күтіп тұрғанын кім білсін! Мүмкін бір өзгерістер болып қалған шығар, Ромешті азаптай беретін де осы. Бір күні ол сол шолақ көшенің бұрышына дейін келді де, қайтып кетті. Келесі күні кешке таман ақыры көңіліндегі батылсыздықты жеңіп, өзіне таныс үйге жақындап келді. Есік-терезелердің бәрі де жабық түр екен — үй иелерінің жоқтығын танытардай. Ең болмаса үйді күзетіп Сукхон қалған шығар деген үмітпен есікті келіп қақты. — Жауап берген ешкім де болмады.

Олардың көршісі Чондромохон қорқор тартып өз үйінде отыр еді, Ромешті көріп дауыстап жіберді.

— Ромеш, бұл сенбісің? Қайдан келіп қалдың, япыр-ау? Ие, тірлік қалай? Оннода-бабудың үйінде қазір ешкім де жоқ.

— Олардың қайда кеткенін білмейсің бе?

— Дәл қай жерге баратынын білмедім, бағыты батыс болатын, әйтеуір.

— Кім-кім кеткендер?

— Оннода-бабу, қызы бар.

— Басқа адам жоқ па, анық білесіз бе?

— Әрине! Аттанып жатқанын көргем.

Ромеш аузына келген сөзді тоқтата алмады:

— Бір танысым, олармен бірге Нолин-бабу деген біреу бірге кетті деп еді.

— Лақап сөз ғой. Нолин-бабудың сіздің пәтеріңізде аз уақыт тұрғаны рас. Бірақ Оннода-бабу аттанардан екі-үш күн бұрын Бенареске жүріп кеткен болатын.

Енді Ромеш Чондромохоннан Нолин-бабу жайын сұрай бастады. Оның толық ныспы Нолинакха Чоттопадхайя. Бұрын Рангпурда тәжірибе жұмысын өткізіпті, ал қазір шешесімен Бенаресте тұратын көрінеді. Көп үнсіздіктен кейін Ромеш отырып, Чондромохоннан қазір Джогеннің қайда екенін сұрады.

Джогендро Майменсенгтегі бір жер иеленуші ашқан мектепке аға оқытушы қызметіне орналасып, Бишайпурға жүріп кеткенін хабарлады Чондромохон.

— Сіз кеткелі коп болды ғой, Ромеш-бабу, қайда болдыңыз сонша уақыт? — деп кезегімен Чондромохон да сұрақ қоя бастады.

Ромештің жасырар жайы қалмаған еді, енді Гаджипурда тәжірибе жұмысын өткізгенін айтты.

— Енді қайта сонда бармақсыз ба?

— Жоқ. Онда мен көп болғаным жоқ. Ал енді қайда барарымды әлі шеше қойғаным жоқ.

Ромеш кетісімен іле Окхой келді. Джогендро аттанып бара жатып, біздің үйге көз қырыңды сала жүр деген болатын. Өзіңе тапсырылған жұмысқа Окхойдың немкетті қараған күні бар ма, үнемі келіп Оннода-бабу қалдырып кеткен екі күзетшінің орнында бар-жоғын тексеруші еді.

— Жаңа ғана осында Ромеш-бабу болып кетті, — деді оған Чондромохон.

— Не дейсіз! Неге келіпті ол мұнда?

— Білмеймін. Оннода-бабу жайын қазбалай сұрай берді. Өзін бірден тани да қоятын емес. Тым кейісті, жадау көрінді. Қызметшілерге дауыстамағанда танымайтын да едім.

— Қазір қайда тұрады екен, сұрамадыңыз ба?

— Гаджипурда тұрыпты. Енді қайда барарын шешпеген көрінеді.

Окхой селқос таңырқаған болды да, өз шаруасымен айналысып кетті.

"Адамның басы — алланың добы" деген осы, — деп ойлады Ромеш үйіне қайтып келе жатып. — Мен Комоламен кездессем, Хемнолиниге Нолинакха тап болған, мұның бәрі кітап оқиғасына, жаман жазылған кітап оқиғасына ұқсайды. Осындай бір шым-шытырық оқиғаны тағдыр сияқты жазушы ғана ойлап таба алуы мүмкін. Өмірде болбыр жазушы қияли роман есебінде де ойлап таба алмайтын ғаламат оқиғалар да бола береді-ау".

Дегенмен, Ромеш енді өзін шырғалаған шешілмес жұмбақ торларынан мүлде құтылған шығармын, осы бір қым-қуыт оқиғалы романның соңғы тарауында тағдыр маған тым қатал бола қоймас деп үміттенді.

Джогендро Бишайпурға барған соң жергілікті заминдар резиденциясына жақынырақ жердегі бір қабат үйге шыққан еді.

Бір күні азанда газет оқып отырған-ды, біреу келіп хат ұсынды. Конверттегі жазуға қарап аңырып қалды. Ішін ашса, расында да Ромеш жазған хат екен. Бишайпурдағы бакалея дүкенінде күтпек, маңызды бір мәселе жайында сөйлеспек.

Джогендро ұшып түрегелді. Рас, бір ретте ол Ромешті ұрсып та алған еді амалсыз, — дегенмен ол бала кезден бергі досы ғой, оның үстіне мына бір құлаққа ұрған танадай бір түкпірде дос-жарандардың бәрінен де ада қалған еді. Ромешке кет деп айта алмады, әрі оның не істегенін, қайда болғанын білгісі де келді.

Бәрін былай қойғанда мұнда Хемнолини жоқ еді, сол себепті Ромештің келуі ешкімге жара да салмақ емес.

Джогендро хат әкелушіге қосылып, Ромешті іздеуге шықты. Келсе, Ромеш жер май құятын, іші бос бидонды астына қойып отыр екен. Дүкенші оған брахмандарға арнаулы қалияның ұсынбақшы еді, көзілдірікті мырзаның шылым тартпайтынын естіп, қала кереметтерінің бірі шығар деп жорыды. Содан кейін екі жақтың да танысып, білісуге құлқы соқпаған.

Джогендро бөлмеге асыға кірді де, Ромештің қолынан ұстап көтеріп тұрғызды.

— Қайтсем болар екен сені! Сондағыдай әлі де ұяңсың. Бірден-ақ маған келіп түспейтін бе едің, жоқ, өйтпеген, мына бакалея дүкенінде қуырылған күріш пен сірне иісін иіскеп орта жолда отырып қалған.

Сасыңқырап қалған Ромеш сәл ғана езу тартып, күле берді. Жол бойы Джогендроның жағы тынбады.

— Хақ жолына ақыл жете ме! — деді ол, — тәңірімнің мейірі түсіп, мені тұрақты қала тұрғыны етіп жаратқан екен, енді қалған өмірімде осы бір меңіреу қыстаққа неғып қамап қоймақ?

Ромеш жан-жағына қарана отырып:

— Бұл жер жаман емес қой, — деді.

— Не демексің онымен?

— Мұнда халық мүлде аз ғой...

— Мен жоқ болсам, одан да аз болады. Кеткім келетіні де содан.

— Былайша алып қарағанда әңгіме жан тыныштығы туралы болса...

— Ол жайын айтпашы, тәңір тілеуіңді берсін! Аз күн болса да бүл жерде сол "жан тыныштығы" дегеннен тұншығып кете жаздадым. Сол себепті орайы келіп қалса-ақ, соның шырқын бұзуға ұмтыламын. Міне, енді замандардың хатшысымен қызыл кеңірдек бола бастадың. Ие, заминдар мырзаның өзіне де мінезімнің қандай екенін жақсылап тұрып танытып қойдым, енді аяғын байқап басатын, байқап сөйлейтін болар. Мен оны ағылшын газеттерінде мақтауым керек екен, бірақ түсінікті етіп тұрып ешкімге тәуелсіз өзімдік пікірім бар екенін айтып бердім. Дегенмен бүл жер маған әлі де көнтерілік көрсетіп жүрсе, кереметтігімнен емес. Осы жердің сотына ұнап қалыппын. Содан қорыққан заминдар қызметтен шығара алмай жүр. Сот басқа бір жерге ауысыпты дегенді газеттен оқыған күні Бишайпур мектебіндегі менің де дәм-тұзым таусылды деп біле бер. Ал қазір жалғыз ғана ермегім — Панг деген ит. Басқалар мені құптай қояды деп айтуға болмайды.

Ақыры олар Джогендроның пәтеріне де келіп жетті. Ромеш креслоға отыра бергенде Джогендро:

— Жоқ, жоқ, шыдай түр! Ертемен дәрет алып, суға түсетін жаман дағдыңның барын білем ғой. Бар, шомылып шық. Мен шай қайнатып қояйын. Қонағуарлық дегенді бетке ұстап өзім тағы шай ішетін болайын.

Сөйтіп, тамақ ішіп, әңгіме-дүкен құрумен, дем алумен күн де өтті. Күн ұзақ Джогендро Ромештің әдейі арнап келген маңызды шаруасын еске алуына да мұрша бермеді. Кешкі тамақтан кейін, қызыл іңір кезінде олар жер май шамы жарық түсіріп тұрған үстелге орындықтарын тақаса келіп отырысты. Әлдебір жақын жерден шибөрілер шуласа ұлыды. Түн шыбын-шіркейлердің ызыңына толды. Ақыры Ромеш сөзін бастады:

— Менің не айтқалы келгенімді білесің бе, Джоген? Өткенде сен маған бір сауал берген едің, бірақ онда жауап беруге, өте ерте еді, реті енді келді, кедергі жоқ.

Осыны айтты да Ромеш аз-кем отырып қалды. Содан кейін бар жайды басынан бастап түгел баяндап берді. Кейде даусы дірілдеп үзіліп те кетіп отырды, ондайда құлаққа ұрған танадай ұзақ тыныштық басты. Джогендро үнсіз отырып тыңдады.

Әңгіме аяқтала шақта Джогендро терең күрсініп алды.

— Егерде мұның бәрін сен сонда айтқан болсаң, сене алмас та едім, — деді ол ақыры.

— Менің қазір де айтарым сондағы дәлелдер ғой. Сол себепті сол мен үйленген қыстаққа барайық. Комоланың ағасына соғатын болайық, өтінемін.

— Аяғымды аттап та баспаймын. Осы арада отырып-ақ сенің бар сөзіңе иланамын. Мен саған ерте бастан сеніп дағдыланып кеткенмін ғой. Сол салттан жеке-дара бір рет тайып кеттім, онымды кешірерсің.

Осыны айтты да, Джогендро түрегелді, Ромештің жанына барды. Ромеш те түрегелді, бала күннен бергі достар бір-біріне құшақ жайысты.

Ромеш өзіне-өзі келгеннен соң былай деді:

— Тағдыр мені мықты торына түсіріп алғаны сондай, қол қусырып көне беруден басқа жол таба алмадым. Сол тордан құтылдым. Ақыры, міне "үһ" деп бір еркін дем алып отырмын. Енді жұрттан тасаланып, жасқанып жүруімнің қажеті қалған жоқ. Комоланың суға кетіп өлуіне не себеп болғаны әлі күнге дейін түсінікті емес. Мүмкін бүл сырды айта да алмаспын, бір ғана нәрсе айқын, егерде біздің өмірімізді шырмалан түйіншек қырқылмағанда екеуміз де бір сұмдық халде қалған болатын едік. Осыны ойласам, жаным түршігеді. Бұл жұмбақ — өлім шеңгелінен ойда жоқта келді де, сол өлімнің құшағына қайта барып кірді.

— Егер сенің орныңда болсам, Комола өлді дегенге сене алмаған болар едім, — деді Джоген, — қалай болса да бұл жайда сен айыпты емессің. Енді мен саған Нолинакха жайын баяндап берейін.

Содан кейін Джогендро Нолинакханың сілікпесін шығара бастады.

— Мұндай адамдарды түсіне бермеймін, — деп бастады ол сөзін, — ал түсінбегенді ұнатпаймын да. Көптеген адамдардың басқа пікірде екенін де білемін. Олар түсінбегеніне үймелейді: Хемнан қорқатын себебім де сонда. Ол өзі шай мен еттен, балық жеуден тыйылып қалды. Әжуа етсең жыламайды-ау, қайта бұйығы күледі де қояды. Мен содан істің теріске басқанын түсіндім. Дегенмен сенің көмегің арқасында біз Хемды осы бір қатерлі жайдан құтқарып алармыз деп сенемін. Дайындала бер, екеуміз тізе қосып, сонымен жұлқысатын боламыз.

Ромеш күліп қойды.

— Жақсы, қаһарман жауынгер атанбасам да, дайынмын.

— Өте жақсы, жалғыз-ақ менің қысқы дем алысыма дейін шыдай тұрасың.

— Тым ұзақ екен. Жалғыз болсам да өзім неге кірісе бермеймін?

— Жоқ, жоқ олай етуге болмайды. Тойларыңа мен кедергі болған едім, соны оз қолыммен түзеуге тиіспін. Сенің ерте барып, мені сол бір рақат жұмыстан мақұрым қалдыруыңа жол бере алмаймын. Демалысқа он-ақ күн қалған жоқ па!

— Дегенмен, мен бүл уақыттың ішінде...

— Жоқ, тіпті тыңдамаймын. Он күн сен осында, менімен бірге боласың. Ыңғайы бар адамдардың бәрімен шайқасып болдым мұнда, маған дос керек. Мұндай жағдайда құтыла алмайтыныңды көріп отырсың ғой! Бұл күнге дейін кешқұрым орманда шибөрінің даусын тыңдауға тура келуші еді. Міне, енді сенің үнің тіпті вина үнінен де сүйкімдірек естіледі. Сондай бір сорлы халге жеткенім ғой, сірә.

ҚЫРЫҚ ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Чондромохонның айтқан хабары Окхойды ойландырып тастады.

"Мұның мәнісі неде? — деп ойлады ол. — Ромеш тәжірибе жұмысын Гаджипурда өткізген екен, онысын осы күнге дейін жасырып келіпті. Енді не болып қалған, ондағы жұмысын тастап, тағы да Колутоло көшесіне тап бола қалуының себебі неде? Сәті түскен бір күні Ромеш әлдекімнен Оннода-бабу үй ішімен Бенарес қаласында тұратынын еститін болады. Содан кейін оларды іздеп баруында дау жоқ".

Окхой ерте қамшыламақ болды. О л әуелі Гаджипурға барып, Ромештің жайына қанбақ, содан кейін Бенаресте Оннода-бабумен кездесуді ойлады. Сөйтіп желтоқсан айының бір күндерінде қолына саквояж ұстаған Окхой Гаджипур көшесіне сая бола қалды. Ең алдымен, базарға барды да, Ромеш-бабу деп аталатын бенгалдан шыққан адвокаттың қайда тұратынын сұрастырды, бірақ ондай адамның мекен тұрағын ешкім де білмейтін болып шықты. Окхой енді сот үйіне тартты, бірақ бүл мекеме жабық түр екен. Әлдебір адвокаттың экипажға отырып жатқанын көріп соған келді.

— Мырза, Гаджипурға жуырда ғана келген Ромеш Чондро Чоудхури деген адвокаттың қайда тұратынын білмейсіз бе?

— Ромеш күні бүгінге дейін Чокробортидың үйінде тұрып келген. Қазір сонда екенін, болмаса басқа жаққа кетіп қалғанын біле алмадым. Әйелі көптен бері жоқ, қайда кеткенін ешкім анық білмейді. Суға кетіп өлді деген қауесет бар, — деп жауап берді бейтаныс адам. Окхой Чокробортидың үйіне жеткенше асықты. "Бүл жолы Ромештің бар амал-тәсілі белгілі болды маған, — деп ойлады ол жол бойы. — Әйелі опат болған. Енді ол ұят-ардан безген де, Хемнолиниге барып, еш уақытта да әйелінің болмағанын дәлелдеуге тырыспақ. Хемнолинидің қазіргі көңіл-күйіне қарағанда Ромештің қай сөзіне болса да шек келтірмейтініне шүбәланудың керегі жоқ".

Өзін адамгершілік пен ізгілікті жан-тәнімен сақтаушы есебінде көрсетуге тырысатындар шындығында өте қауіпті адамдар болып табылады деп ойлаған Окхой өзіне дон риза болып қалды.

Чокробортидың үйінде Окхой Ромеш пен Комола жайын сұрастыра берді. Чокроборти ағай оз қайғысын жасыра да алмады, ағыл-тегіл жылап жіберді.

— Ромештің жанашыр жолдасы есебінде сіз, әрине, Комоланы жақсы білесіз ғой. Таныстықтан кейінгі бірнеше күннен соң, Комола маған оз қызымдай болып кетіп еді. Сондай бір қысқа уақыттың ішінде қатты сүйіп қалған мен сияқты адамға қасірет беріп, тастап кетер деп кім ойлаған.

Келбетінен аяныш пен өкініш нышанын білдірген Окхой былай деді:

— Мұндай істің қалай болғанын түсінбеймін, тіпті, мүмкін Ромеш оны ренжіте берген болар.

— Сіз маған өкпелемеңіз, — деді ағай, — күні бүгінге дейін сол Ромешіңізді түсіне алмай қойдым. Сырттай қарасаң, сүйкімді-ақ адам, бірақ ішінде не жатқанын түсініп болмайсың. Комола сияқты әйелді сүймейді дегенге сену де қиын. Өйткені Комола Лакшмидың өзі ғой! Ол менің қызымды туған апасындай сүйген еді. Бірақ күйеуі жайында шағынып көрген емес.

Кейбір шақта Комоланың ауыр бір қайғысы бар екенін аңғарып та қалғаным бар. Сонда да соңғы күнге дейін ол сырдың мәнісіне жете алған емеспін. Осындай бір шешімге жеткенге дейін Комоланың қаншалықты азап, қайғыны басынан өткергенін есіме алсам, көкірегін қарс айырылады.

Бақытсыздыққа қарай, мен онда Аллахабадқа кеткен едім. Егерде осында болсам, Комола мені тастап кетпеген де болар еді.

Ертеңіне азанда Окхой Чокроборти ағаймен бірге Ганг өзенінің жағасындағы Ромеш үйіне барды. Қайтып оралған соң Чокробортиға былай деді:

— Мырза, құлақ салыңыз, Комола суға кетіп өлді дегенге сіз қалтқысыз сенсеңіз де, мен сене алмаймын.

— Сонда сіз не деп жорымақсыз? — деп сұрады Чокроборти ағай.

— Ол үйден қашып кеткен сияқты. Енді маған соңына түсіп іздеуге тура келеді.

— Сіз дұрыс айтасыз! — деп айқайлап жіберді, осы жорамал ойына енді сап ете қалған Чокроборти ағай:

— Сөзіңіздің жаны бар!

— Мына Бенаресте біздің жақсы жолдастарымыз тұрады. Комоланың солардан баспана табуы да ғажап емес.

— Ромеш-бабу олар жайын мүлде айтқан да емес, — деді үміттеніп қалған ағай. — Егерде мен моны білсем ғой жарық алып іздеген болар едім.

— Олай болса, қазір Бенареске жүріп кетейік, — деп ұсыныс жасады Окхой. — Бүл ауданның батыс аймағы сізге жақсы таныс болуға тиісті, Комоланы тауып алу да қиын болмайды.

Чокроборти бүл ұсынысты қуана қарсы алды. Окхой өз сөзіне Хемнолинидің сенбейтінін жақсы білген еді, сол себепті айғақшы есебінде өзімен бірге Чокробортиды ертіп Бенареске жүріп кетті.

ҚЫРЫҚ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Оннода-бабу мен Хемнолини Бенареске келген соң қала сыртына, оңаша бір жерге орналасты.

Нолинакханың анасы Хемонкоридың өкпесі қабынып ауырғанын осында келген соң естіді. Ол тіпті күннің суығына да, күйіп-жанып, ауырғанына да қарамастан күн сайын ертемен Гангқа барып дәрет алып, шомылып жүреді екен. Содан денсаулығы тым төмендеп кетіпті.

Бірнеше күн бойы Хемнолинидің жарғақ құлағы жастыққа тимеді, ауру ананы бағып-қағумен болды. Хемонкори айыға да бастады. Бірақ тым әлсіреп қалыпты. Өз кастасының тазалығын қатты қадағалаған ол "Брахмо Самаджға" жататын Хемнолини қолынан тағам алып ішуді, дәрі-дәрмек қабылдауды мүмкін деп санамады. Сырқаттанғанға дейін мұны өзі атқаратын еді, міне, енді сол ауыртпалықтың бәрі бір Нолинакханың басына түсті. Ол шешесіне тамақ дайындады, дәрі-дәрмек беріп тұрды. Бағып-қағып күтетін болды.

— Бүйткенімше ажал алсайшы, мені! Сендерді мехнатқа душар етіп, өмірімді несіне іліндіріп қойды екен тәңірім, — деп шерлене айта беретін болды ана.

Хемонкори оз басын ойламайтын адам еді, бірақ әдемілікті, тазалықты жақсы көретін. Соны Нолинакхадан естіп білген Хемнолини үй ішінің жинақы, таза болуына коп зер салды. Әманда Хемонкориге кірер алдында оз үстіне үңіле қарап алатын болды. Оннода-бабу сол үйдің бақшасынан күн сайын гүл әкеп тұратын еді, ал Хемнолини оны ауру жатқан бөлмеге безендіріп қоятын болды.

Қызметші әйелдердің сый-құрметінен бас тартпау керектігі жайында Нолинакха шешесіне айтуындай-ақ айтып баққан, бірақ Хемонкори көнбеді. Әрине, үй-ішіндегі ауыр жұмыстарды атқаратын қызметші әйелдер көп те болатын. Солардың ешқайсысын да ол оз қасына жолатпайтын еді.

Өзін тәрбиелеп өсірген әжесі опат болғаннан бері Хемонкори тіпті қатты науқастанып қалған кездерінің өзінде де, қызметші әйелдерге желпуіш желпітіп, немесе ауырған жерін сипатып көрген емес.

Ол өзі әдемі балаларды, сұлу кескінді адамдарды жақсы көруші еді. Таңғы дәретті алып келе жатып, жол бойындағы Шива бейнелерін гүлмен безендіріп, Гангтың қасиетті суын бүркіп кеткен-ді. Кей реттерде жолда өзіне ұнаған бүлдіршіндей шаруа баласын, болмаса сүйкімді бір брахман қызын үйіне ерте келетін.

Ойыншықтар мен ұсақ ақша немесе тәтті тағамдар сыйлап, көршілердің тәуір балаларын өзіне табындырып та алатын. Кейде солар осы үйге келіп у-шу болып, асыр салып ойнап кетсе, Хемонкори оған көтеріліп, бір жасап қалушы еді. Оның тағы да әшекей көрсе сатып алмай қоймайтын әлсіздігі бар еді. Бірақ оларды өзіне арнап алмайтын. Заттың қадірін білетіндерге

сыйлыққа беретін, өзі оған соншама қуанатын. Хемонкоридің жама ағайындары, жақын таныстары ойда жоқта пошта арқылы гамаша бір заттарды алып мақапқа болысып қалатын. Хемонкоридың қымбат қара ағаштан жасалған сандығы болушы еді, сонда көптеген қымбат әшекейлері, жібек киімдері жататын. Нолинакха үйленген күні соның бәрін де келініне бермекші, өзінің болашақ келіні жайлы ойласа — аса сұлу, балғын жас қыз келіп көз алдына елестей қалатын. Ондай асыл жан мұның үйін бақытқа, нұрға толтырмақ. Ал Хемонкори болса, сол жанның киім-кешегіне, асыл әшекейлеріне зер салмақ. Сондай бір тәтті арманмен ол көп уақытты өткеріп келеді.

Хемонкори — сопылық жолға түскен адам. Ұзақ күнді дәрет алып, дұға оқумен, құдайға құлшылық етумен еткізеді.

Тамақты да күніне бір-ақ рет ішетін; бір кесе сүт пен екі-үш жеміс оның күндік азығы болатын.

Дегенмен өз басына қатаң қарап, ғибадат-құлшылығын үзбей жасап жатса да, баласының сондай дүние қызығынан тыйылып, өмір тауығысыз қалуын қаламайтын еді.

— Ер адамға өзін сонша азаптаудың қажеті не? — дейтін ол көп ретте.

Еркектер оған ересек балалар сияқты көрінетін. Олардың тіпті тамақты салақ, қалай болса солай ішуін, шыдамсыздығын қайырымдылық жасап кешіре салатын.

— Оларға өзінің жүріс-тұрыстарына шек қоя беруінің керегі не? — дейді ол.

Әрине, жұрттың бәрі де құдайға құлшылық етуге тиісті. Сонда да Хемонкори еркектердің іс-қылықтарын тұмшалай беру шарт емес деп таниды. Егерде Нолинакха аздап болса да басқа еркектерге тән өзімшілдік пен жеңілтектік жасаса, Хемонкори қуанған да болар еді, тек қана құлшылық ғибадат жасау кезінде мазаламаса болғаны.

Аурудан айыққан соң Хемонкори, жалғыз Хемнолини емес қартайған Оннода-бабу да Нолинакханың сөзін кемеңгер гурудің сөзіндей қабылдап, аса бір құрметпен сүйсіне тыңдайтынын түсінді. Бұл Хемонкориді қуандырып тастады.

Бір күні ол Хемнолиниді шақырып алып, күліп отырып былай деді:

— Қызым-ау, әкең екеуің де Нолинакханы бекер көтермелеп жүрген сияқтысыңдар. Оның ақымақ сөздеріне қайтіп құлақ асып жүрсіңдер? Әдемі киініп, жарқылдап жүретін, уақытыңды көңілді өткізетін кезің емес пе. Тәңірге құлшылық етуді ойлаудың қажеті не. Өзім осылай десем де, құлшылық жолынан тая алмайтынымды білгің келетін болар. Айтайын. Әке-шешем діни адамдар болды. Апа-інілерім — бәріміз де дін тәртібін қатты ұстап тәрбиелендік. Егерде енді өзіміздің үйреншікті нәрселерімізден жиренсек, көңіл жұбатарлық не нәрсенің барын да білмеймін. Сенің жайың мүлде басқа. Сенің қалай тәрбиеленгеніңді мен жақсы білемін. Өзіңді азапқа салудың не мағынасы бар, қызым? Әркім өз ыңғайына қарай, тәрбиесіне қарай үндестік табуға тиісті. Мен осылай ойлаймын. Жоқ, жоқ... Өзіңді-өзің бұлай азаптай беруің саған мүлде келіспейді.

Нолинакханың қашан нағыз гуру болатынын кім біліпті. Соңғы кезге дейін ол өзін қызықтырған іспен айналысып келді. Шастрдың қағадаларын тыңдағысы да келмейтін. Қазіргінің бәрін ол мен үшін, маған рақат әперем деп бастап кеткен. Ақыры нағыз санниаси болып кете ме деп қорқамын. "Жасыңнан неге үйретсе, соған үйір боя Онда тұрған күнә жоқ", — деймін мен оған үнемі. Ал Нолин болса, жауап берудің орнына күледі де қояды. Жағын да ашпай, үнсіз тыңдайтын мінезі сол.

Бүл әңгіме кешқұрым, Хемнолинидің шашын тарап отырғанда айтылып еді. Қыздың шашын жұпыны ғана етіп, желкесіне түйіп қойғаны Хемонкориге ұнамаған-ды.

— Қазіргі сәнді айыра алмайды деп ойлайсың-ау мені, сірә. Шаш жиыстырудың сен көрмеген талай түрлерін білемін мен. Ертеректе бір тамаша ағылшын әйелімен таныс болғаным бар еді. Ол маған келіп киім тігуді үйретіп жүрді. Шаш тараудың түрлі әдістерін де содан үйренгенмін. Бірақ ол кеткен сайын дәрет алып, киім ауыстыруға тура келетін. Дінде солай айтылған ғой. Жақсы ма, жаман ба оным, білмеппін, алайда басқаша ете алмаймын. Саған да сөйтетініме ренжіме. Жек көргендіктен емес, тұрып қой. Күйеуім мен бала-шағаларымның индуизм жолынан тайып, басқа жолға түскені ауыр-ақ болды, бірақ шағылғаным жоқ. "Сендер жақсылап ойланып алыңдар. Мен надан әйелмін, бірақ оз дінімді бұза алмаймын", — дедім оларға.

Бүл жерде Хемонкори сариінің етегімен көзіне келіп қалған жасты сүртті.

Хемнолинидің ұзын шашын жазып жіберіп, жаңаша жиыстыру ұнаушы еді Хемонкориге. Кейде ол асыл қара ағаштан жасалған қастерлі сандығынан өзі соншалықты ұнататын ашық түсті киім-кешекті алып, Хемнолиниге кигізетін. Бүл өзіне зор қуаныш секілді. Хем тігіп жүрген кестесін күн сайын ала келетін. Хемонкори оған кесте тігудің жаңа әдістерін үйрететін Кешті олар солай өткізуші еді.

Хемонкори бенгал тіліндегі журналдарды, әңгімелер жинағын оқуды жақсы көретін. Соған орай Хемнолини оған өз кітаптарын әкеп беріп тұрды. Ал Хемонкори болса оқылған кітап, мақала жайында дәмді пікірлер айтып, қызды таң қалдыратын-ды. Бұл күнге дейін Хем тек ағылшын тілінде оқыған адам ғана осындай білімге ие болатын шығар деп ойлайтын еді. Енді көп кешікпей-ақ оған Нолинакханың анасы пікірлілігі мен таза тұрмыс салтының арқасында ерекше әйел сияқты көрінді.

ҚЫРЫҚ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Аз күннен кейін Хемонкоридің денесі құрыстап, тағы да науқастанып қалып еді, бірақ бүл жолы тез жазылды.

Таңертең оның бөлмесіне Нолинакха келіп кірді. Басын жерге тигенше еңкейтіп, анасының аяғын ұстап, ықыластана амандасты да былай деді:

— Ма, біраз күн өзіңді-өзің күте тұрғаның жөн. Әлсіреген денең мұндай ауыртпалықты көтере алмайды.

— Мен ауру адам болып, оз басымды күтіп отыратын боламын, ал сен дәруінше өмір сүресің. Жақсы шаруа екен, — деп жіберді ол — Нолин, бұлай жүре беруге болмайды, үйленетін бол. Шешеңнің тілегі — осы.

Нолинакха үндемей қалды.

— Ойлан, балам, мен енді төрімнен көрім жақын адаммын. Бірақ келінді болғанда ғана тыныш аттанатын боламын. Үйіме сен бір уылжыған жас қызды әкеп кіргізсеңші деп тілемеген кезім жоқ. Оның үсті-басына, тәлім-тәрбиесіне өзім қарамақшы едім. Бұл маған бақыт сияқты еді. Бірақ хал үстінде жатқанымда тәңірім менің көзімді ашты, жаңа бір нұр төгіп жіберді. Қанша ғұмыр сүрерімді кім білсін. Жас қыз алсаң, жалғыз өзіңе қиын боларды. Сол себепті әйелді өзің қатарлы қыздан таңда. Ауырып жатқан кезімде осы ой мазалай берді. Бүл сенің алдыңда өтер ақтық қарызым, соны өтеу үшін ғана бас көтеріп жүрген болармын. Әйтпесе тыныштала алмаспын, — деді Хемонкори.

— Маған шыға қоятын қызды қайдан таба қоймақпын? — деп і ұрады Нолинакха.

— Ол жөнінде уайымдамай-ақ қой. Бәрін де өзім жайғастырамын да, саған хабарлайтын боламын, — деді Хемонкори.

Осы уақытқа дейін Хемонкори Оннода-бабумен ұшыраспаған еді. Енді міне, Оннода-бабу әдеттегі кешкі бой жазып жүріп қайтар кезінде Нолинакханың үйіне бас сұғып еді, Хемонкори оны өзіне шақырып келуді бұйырды.

— Қызыңыз көргенді бала, — деп бастады ол сөзін, — өзін жақсы көремін. Менің баламды сіз жақсы білесіз ғой. Мінезі жібектей, оның үстіне жақсы дәрігер саналады. Қызыңызға бұдан артық күйеу тауып бере алмайсыз.

— О не дегеніңіз! — деп Оннода-бабу толқи сөйледі. — Тіпті мұны үміт етуге де батылым бармайтын. Қызым сіздің балаңызға шықса, менен бақытты адам болмас! Бірақ та Нолинакха...

— Нолин қарсы болмайды, — деп Хемонкори оның сөзін қиып кетті. — Ол қазіргі жастарға ұқсамайды. Менің айтқанымнан шықпайды. Үгіттеп жатудың өзі қажет бола қояр ма екен. Хемнолинидей қызды сүймеуге болар ма? Бірақ тездетуіміз керек. Енді коп өмір сүрем деп ойлай алмаймын.

Бұл күні кешке Оннода-бабу үйіне қуанышты келді. Келісімен Хемнолиниді шақырып алды.

— Қызым, денсаулықтың бұзылар шағына жеттім. Бірақ сен құтты орныңа қонбай тұрып ішкен асым сіңер ме маған. Хем, сенімен ашық сөйлесейін. Сенде шеше жоқ. Көз жасың менің мойнымда ғана.

Шошып қалған Хемнолини әкесіне қарады.

— Қызым, сенің келешек тұрмысқа шығуың жайында ойласам, қуанышымды жасыра алмайтындаймын. Бірдеңе кедергі болып қала ма деп қорқамын. Бүгін Нолинакханың шешесі өзі шақырып алды мені, сені баласына айттырғысы келетінін айтты.

Хемнолини қып-қызыл болып кетті. Үзіп-үзіп жауап қатты:

— Не айтып отырсың, әке! Жоқ, жоқ! Бұл мүмкін емес!

Ол еш уақытта да Нолинакхаға шығам деп ойлаған емес еді. Міне енді әке аузынан кенет жаңағы бір сөз шыққанда не қыларын білмей, абыржып, ұялып қалды.

— Неге мүмкін емес? — деп таңырқады Оннода-бабу.ь

— Өзі Нолинакха-бабу болады! Мүмкін бе бұл? — деді Хемнолини.

Хемнолини жауабы дәлелді емес еді, бірақ онда сарсылық жатқаны байқалды.

Бұдан әрі қыз шыдай алмады, шапанға шықты.

Оннода-бабу жасып қалды. Қызы мұндай қарсылық көрсетер деп ойламаған-ды. Ол тіпті Хем бұған қуанар деп шамалаған еді.

Қатты ренжіп, ұнжырғасы түсіп қалған шал қозғалмай отырып, жер май шамға қарап қалды. Әйел мінезінің түсініксіздігін, жұмбақтығын ойлап отыр. Хемнолинидің шешесі жоқтығы дәл осы арада қатты сезілетіндей.

Қараңғы шапанда Хемнолини ұзақ тұрды. Ақыры әкесіне көзі түсіп еді, аса бір кейісті, ренішті кескінде көрді, өз қылығына ұялып та қалғандай. Тез басып үйге кірді. Оннода-бабудың сыртынан келіп жұмсақ қолымен әкесінің басынан сипады да, былай деді:

— Жүр, әке. Кешкі тағам мана дайын болған, суып қалған болар.

Оннода-бабу айтқанды тыңдап, ас ішетін бөлмеге барды, бірақ тамақ іше алмады. Ол Хемнолинидің қайғы-шері кейінде қалған болар деп үміттенген еді. Алайда оның мына бір қылығы қайта жасытып тастады.

"Осы уақытқа дейін Хем Ромешті ұмытпаған болуға керек", — деп ойлады күрсіне отырып.

Әдетте Оннода-бабу кешкі тамақтан кейін жатып қалатын еді, бірақ бүгін шипандағы шетен креслоға барып отырды. Бақша мен үй сыртын айналып өтер құлазыған көшеге қарап ойланып қалды.

— Әке, салқын түсе бастады. Барып жатсаңшы, — деп Хемнолини биязы түрде күле сөйледі.

— Өзің барып жата бер, мен әлі отыра тұрамын, — деп жауап қатты оған Оннода-бабу.

Хемнолини ештеңе деместен әкесінің жанында тұра берді. Аз-кем үнсіздіктен кейін ол тағы да:

— Әке, суық тиіп қалады. Тым болмаса, қонақ үйге баршы, — деді.

Оннода-бабу үнсіз түрегелді де жататын үйге бет алды.

Бұл күнде Хемнолини Ромешті ойлап қайғыра бермейтін де еді. Рас, бұл үшін ол өзімен-өзі ұзақ күреске де түсіп келген-ді. Сонда да мына бір сәл ғана жайдың өзінен ескі жараның аузы ашылып, сыздап кетті. Осы күнге дейін Хемнолини өз келешегінің не боларын да айқын білмеген. Сол себепті өзіне бір сенімді таяныш іздеу жолында, ақыры, Нолинакханы рухани ұстаз деп таныған да оның жолына қалтқысыз түскен Міне енді соның жамағаты болу жайында сөз болғанда, жүрегінің терең түкпірінде жатқан Ромешке деген асыл махаббатты жұлып тастауға бел байлап еді, оның оңайға түспейтінін түсінді. Сол ойдың өзі-ақ Хемнолини жүрегін азапқа салып, толқытып жіберді. Бір кезде Ромеш деп оянған сүйіспеншілік сезімі жүрегін мүлде баурап әкетті.

ЕЛУІНШІ ТАРАУ

Сол күні кешке Хемонкори өзіне ұлын шақырып алды да:

— Мен саған қалыңдық таптым. Бәрін де жайғастырып қойдым, — деді.

Нолинакха жымия күлді.

— Жайғастырып та қойдың ба тіпті?

— Енді қалай деп едің? — деп Хемонкори шамданыңқырап қалды.

— Мен енді қанша өмір сүрер дейсің? Тыңда мені. Хемнолинимен мүлде жақындасып, табысып кеттім. Қазір ондай қыздар қадақ-құдақ қана. Рас, өзіңе келетін болсақ, онда...

— Аясаңшы, Ма! — деп Нолинакха киіп кетті. — Ол туралы ойлап көрген де емеспін. Бірақ мен оған қалай үйленбекпін? Қайтіп?

— Түк те емес! Мен ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын?

Шешесіне пәлен деп сөз айту қиын болды. Хемнолиниге өзінің рухани ұстаз ғана екенін, кенеттен маған тұрмысқа шық деп соз салудың ғажап жәбір екенін айтуға оқталды. Бірақ үндемеді. Ал Хемонкори сөйлей берді:

— Бұл ретте сенің сылтауларыңды тыңдамайтын боламын. Мына дер шағыңда мен үшін санниаси болып кетуіңе төзе де алмаймын. Сәті түскен күні дегенімді істеймін.

Аз-кем үнсіздіктен кейін Нолинакха былай деді:

— Ма, саған айтар сөзім бар. Бірақ уақытыңнан бұрын абыржымайтын бол Ол оқиғадан бері он ай өтті, енді аспай-саспай отырып тыңдауға болады. Бірақ мінезіңді білем ғой, ма. Өткен іске де өкініп, үрейлене беретінің бар. Көпке дейін айта алмай, жасырып келгенім де сол. Менің соры арылмаған маңдайымның жұлдызы болсын деп жалбарына, табына бер, бірақ өз жүрегіңді азапқа сала көрме.

Хемонкори қатты толқынып қалды.

— Балам, сенің не айтатыныңды мен қайдан білмекпін. Алайда мынадай сөздеріңнен кейін абыржымасқа айлам жоқ. Осы жасқа келгенше өзімді-өзім ұстай алмай-ақ келемін. Дүние ісін талақ етіп, оңашаланып қалғым келеді-ақ! Бірақ сор дегенді іздемейді, ол бір күні төбеңнен жай түскендей, өзі-ақ сап ете қалады. Жақсы ма, жаман ба — бәрібір, айта бер тыңдап отырмын.

— Ақпан айының ақыры еді, — деп бастады Нолинакха әңгімесін.

— Рангпурдағы бар мүлкімді сатып жіберіп, бақшасымен үйді жалға қалдырдым да, Калькуттаға қайтып оралмақ болдым. Санраға жеткенімде қалған жолды су үстінде өткізейін деген ой келе қалды. Сол сапарда бір үлкен қайық жалдап алдым да жолға шықтым.

Екі күннен кейін құмдақ бір жағаға келіп тоқтадық. Мен шомыла бастадым. Кенет өзенді жағалай мылтықты біреу келеді. Қарасам, өзіміздің Бхупен. Мені көре салып ол секіріп-секіріп алды да, айқайлап жіберді: "Жолы болар жігіттің желі оңынан шығады". Ол сол маңайда сот болып істейді екен, бұл сол өз аймағын аралап келе жатқан беті. Көріспегенімізге көп болған, қайтсе де мені босатпады. Сол себепті бірге жүріп кеттік.

Бір күні Дхобапукур деген бір кішкене қыстаққа келіп түнедік. Кешке серуенге шықтық. Үлкен аңыздың шетінде жан-жағы қоршалған, қамыс шатырлы үй тұр екен. Біз соған кірдік. Үй иесі біз үшін аулаға екі өрме орындық әкеп қойды. Сол кезде оқушылар шапанда сабақ үстінде болатын. Мұғалім ағаш орындықта, ал балалар соның қарсысында жерде отырып дауыс қосып сабақ оқып жатыр.

Үй иесінің есімі Тарини Чатуджо болып шықты. Ол Бхупеннен мен туралы тәптіштеп сұрады. Қайтып оралғанымызда Бхупен былай деді маған.

— Жолды жігітсің. Қолыңды сұрауы мүмкін оның.

— Қайтіп? — деп таңырқадым мен.

— Ол былай жауап берді:

— Мына, Тарини Чатуджо — ростовщик. Дүниеден бұдан өткен қара ниет бұзықты таба да алмайсың. Жаңа сот келсе-ақ болғаны, өзінің адам сүйгіштігін, қайырымдылығын айтып, мақтанбай тұра алмайды. Өз үйіне мектеп орналастырып отырған себебі де осы. Ал шындығына келсек баспана бергені үшін мұғалімді кешкі онға дейін қарыз ақшаларының пайызын шығаруға отырғызып қояды. Бірақ еңбекақыны мемлекет пен мектеп қорынан алып беріп отырады. Таринидың бір қарындасы жесір қалған еді. Басқа еш жерден баспана таппаған соң бақытсыз сорлы ағасының қолына келген-ді. Өзі жүкті келген.

Дәрігерлік көмек болмаған соң толғату үстінде дүние салды.

Артына ана сүтін татпаған бір сорлы нәресте қыз тастап кетті.

Таринидің басқа да бір жесір қарындасы бар еді. Сол үйдің шаруашылығын бір өзі атқарып отымен кіріп, күлімен шығып жүрді. Жетім қызға шеше болған да сол.

Көп кешікпей о да опат болды. Кішкене қыз нағашы ағасы мен нағашы жеңгесінің сөзін ести жүріп, сол үйдің күңіне айналып кетті. Міне, енді ол бой жетті. Бірақ жетімге күйеу табылу оңай ма! Оның үстіне бұл жерде қыз тегін ешкім білмейтін. Әкесі бұл тумай тұрғанда өлген ғой. Сол жайында ауыл өсекшілері күні бүгінге дейін сыпсыңдап жүр. Тарини Чатуджоның бай екенін жұрттың бәрі де біледі. Ал қызды кемсітіп жүргендері жасауы көп болсын дегені. Жұрт есебі бойынша қыз он жасқа келді дегенге міне, төрт жыл болып қалды. Енді кем дегенде он төртте. Өзін Комола деп атайды. Шынында да Лакшмидің өзі сияқты. Мен одан сүйкімді қызды көрген емен, осы төңірекке бір брахман келе қалса-ақ болды, Тарини Комолаға үйлендірудің амалын ойлай бастайды. Ал егер жас жігіт уәдесін бере қалса, тұрғын халықтар азғырып айнытып жіберуге тырысады. Енді кезек келді.

Түсінші, ма, мен онда ашынған халде едім, ойланбастан-ақ оған үйленетінімді айттым. Одан бұрын саған бір тамаша жаңалық ашып тастауды ойлап, индуизм жолын қалтқысыз қуған бір жас қызға үйленем деген шешімге келіп едім. Егер "Брахма Самадждан" шыққан, өзі отырып есейіп қалған қызды әкеп үйге енгізсем, біздің бірімізге де ырыс келе қоймас деп түсінгенмін.

Бхупен айтып жеткізгісіз таңырқап қалды.

— Сен не айтып отырсың? — деді ол. Ал мен былай деп жауап бердім:

— Айнытпай-ақ қой мені. Шешімім сол.

— Жоқ, сен шын айтасың ба? — деп сұрады Бхупен.

— Шын айтамын, — деп жауап қаттым мен.

Сол күні кешке Тарини Чатуджоның өзі бізге келіп кетті. Қолындағы брахмандық таспиығын санай отырып былай деді:

— Сіз маған көмектесуге тиіссіз. Қызды көріңіз. Ұнатпасаң сөзім жоқ. Бірақ мені күндейтіндерді тыңдамаңыз.

— Көріп жатуымның қажеті жоқ. Той күнін тағайындаңыз, — дедім мен.

— Бүрсігүні — сәтті күн Тойды міне сонда өткіземіз. Асыққаны — көп шығынданбайын дегені еді. Сөйтіп той да өткізілді.

Хемонкори шошып кетті.

— Той да өткізілді! Не айтып отырсың, Нолин! — деп қайталады.

— Ие, өткізілді. Мен жамағатыммен қайыққа оралдым. Кеш түсісімен жүріп кеттік. Ол күні күн көзі аз уақытқа ғана көрінген еді. Оқыстан сол наурыз айында болып көрмеген ыстық құйын соғып өтті. Біз мінген қайық аударылып қалды.

— О, құдайым-ай! — деп дауыстады Хемонкори. Денесіне мыңдаған біз сұғып жатқандай сезінді. Нолинакха әңгімесін жалғай берді:

— Бір уақта есімді жисам, су ішінде жан дәрмен ғып жүрмін. Жақын маңда қайық та, серіктерім де жоқ. Полицияға да шағындым, көп іздедік, бірақ оным бекершілік болды.

Хемонкори қуарып кетті. Зорлана сөйледі.

— Өткен іс өтті. Енді қайтып маған мұны қайталамайтын бол. Есіме алсам-ақ жүрегім жарылып кетердей.

— Егер де үйлен деп қыстамасаң, мен мұны саған айтпаған болар едім.

— Сол бақытсыздықты бетке ұстап сен енді үйленбей қоймақпысың мүлде? — деп сұрады Хемонкори.

— Жоқ. Ол үшін емес, ма. Ал егер қыз тірі болса ше?

— Ақылыңнан ауысқаннан саумысың? Егер ол тірі қалса, бір хабары болатын еді ғой.

— Бірақ ол мен жайында ештеңе де білмейді. Мені мүлде танымайды да. Менің кескініме де ол қарамаған шытар деймін. Бенареске келген соң, Тарини Чатуджоға хабар салған едім. Комола жайында ештеңе де білмейтінін айтты.

— Ал не, сөйтіп?

— Жыл өткен соң ғана оны өлдіге санармын деп ойлап едім, — деді Нолинакха.

— Сен әманда солай бәрін де асыра, әсерлей сөйлейсің! Жыл күтудің керегі не? — деді Хемонкори.

— Жуырда жыл да толады, ма, — деп жауап берді Нолинакха. — Қазір желтоқсан айы. Қаңтар неке қию үшін сәтті ай емес. Ал оның ар жағында екі-ақ... бәрі сол..

— Жарайды, жақсы, — деп Хемонкори түсіп қалды. — Бірақ сен атастырған адамым бар деп ойлайсың. Бұл жайында мен Хемнолинидың әкесімен келісіп те қойдым.

— Адам тек болжаумен өмір сүреді. Табысқа жеткізеді деп үміттенеміз де, — деді Нолинакха.

— Солай-ақ болсын, балам. Әңгімеңді есіме алсам, әлі де қалтырап кетемін.

— Әне, ма, сен енді көпке дейін басыла алмайсың. Ренжісең болды, есіңді жию оңай болмайды. Айтқым келмегені де осы еді.

— Жақсы еткенсің, балам, — деді Хемонкори, — бір бақытсыздық жайын естісем болғаны, бойымды билеген үрейден құтыла алмай-ақ қоямын. Жаман хабар жоқ па екен деп, хат ашуға да күшім жетпейді. Қолайсыз нәрсені айтпаңдар деп сендерден өтінгенім де сол. Бұл дүниемен қоштасар шақ болған шығар. Соншалықты көп соққы тегін тиіп жатпаған болар маған, сірә.

ЕЛУ БІРІНШІ ТАРАУ

Қызуы жоқ қысқы күн күңгірт көкжиекке барып қонғанда Комола Ганг жағасына келген еді. Бейуақыт батып бара жатқан күнді ол көзімен ұзатып салды. Содан соң Ганг суын шашына бүрікті де, бір-екі аттап суға түсті. Тағзым белгісін жасамақ: әуелі алақанымен су алды да, қайта төкті, содан соң киелі Гангқа гүл тастады. Судан шыққан соң тағы да тағзым етіп, басын жерге салды. Өзіне қайырымы тиген адамдарды есіне алды. Сол жерде ол өзі құрметтеуге тиісті тағы бір адам туралы ойлады. Ол барда Комола тіпті басын да көтермеген, жүзіне де көз салмаған-ды. Бірге болған сол бір жалқы кеште Комола тым қысылып отырып еді, тіпті аяғына қарауға да батылы жетпеген. Бұлар отырған неке қияр бөлмеде ол басқа қыздарға бір-екі рет тіл қатқан да еді, бірақ қатты қысылып, ұят пердесінің шырмауында отырған Комола не дегенін де аңғара алмай қалған. Енді міне, өзен жағасында тұрып, сол жақын адамның үнін құлағына келтірейін деп еді, ол да болмады.

Ұзақты түнге созылған қызу думанға Комола қатты шаршап қалған еді, тіпті қайда, қалай жатқанын да білмейді. Таңертең мұны көрші әйел сықылықтап күле келіп оятқан. Көзін ашып алса, қасында ешкім де жоқ екен.

Міне, енді өмірінің ақырғы сәтінде оз мырзасы жайында ол ештеңе де білмей кетіп барады. Кескінін елестете алмайды, даусын ойша ести алмайды, — тіпті ештеңені де есінде қалдыра алмаған.

Күйеу шапанына қызыл әдіп тартылған еді. Таринидің ептілігі арқасында оның тым арзан киім болып шыққанын да Комола білген емес, тіпті сол киімді де жадында ұстай алмапты.

Ромештің Хемнолиниге жазған хатын Комола сариінің етегіне түйіп қойған еді, құмға келіп отырды да соны алды. Мына бір ымырт үйіріліп келе жатқан бейуақта, оз күйеуі жайында айтылған жерін қайталап оқыды. Ол жайында тіпті аз жазылған: оның аты — Нолинакха Чоттопадхайя екен. Рангпурда дәрігер болып істепті. Ромеш оны іздеп таба алмаған. Бары сол!

Комола хатты қадағалай отырып, қайта қарап шықты. Бірақ Нолинакха жайында жаңағыдан басқа ештеңе жазылмаған. Нолинакха! Бүл есім бүл күнге дейін шырынын татып көрмеген жаңа бір қуаныш әкелгендей. Ғайып бір бейнеде тарып қыз жанын түгелдей баурап алды.

Комоланың көз жасы қол болып кетті. Енді бірде жан дүниесі елжіреп, қайғы-қасіретін алыстатып әкеткендей болды, сол көз жасымен әлде бір жан иесінің даусы жеткендей:

"Түн-түнек те, мағынасыздық та жоқ енді? Мен енді тіршілік, өмір иесімін!" Сонда Комола:

— Адал жар есепті, сүйген жарға тағзым ету үшін мен өмір сүруге тиіспін. Алла тағала бұған кедергі жасамайды! Егер мен тірі болсам онымен кездесуге тиіспін. Сүйген жарға қызмет ету үшін құдайларым сақтап қалып отыр мені!

Содан кейін орамалға түйілген Ромеш үйінің кілтін алды да, лақтырып тастады. Сариінде Ромеш берген түйреуіш жүргені кенет есіне түсті. Оны да алып суға тастады.

Содан соң батысқа бет алып жүріп кетті. Қайда бара жатыр, не қарекет жасамақ, — ол арасы өзіне де айқын емес. Бір білетіні — бір сот те аялдамай жүре беру керек.

Қызыл іңірдің жылусыз сәулесі бірте-бірте күңгірт тартып барып, өшіп қалды. Қараңғылықта құмды жағалау болар болмас ақ тартады. Табиғат өзі жасаған тамаша картинаның тұтас бір бөлегін әлдекім өшіріп тастағандай. Сәулесі жоқ, жансыз жұлдыздарға толы қара аспанда ай тумаған шақ. Тұңғиық қара түн құлазыған, қоңылтақ өзен үстін басып түр.

Комола шексіз де тіршіліксіз сияқты болып көрінген тұңғиық түннен басқа ештеңені де айыра алар емес. Бірақ ол тоқтаусыз алға жүре беруді ғана біледі. Келешекте не күтіп тұрғанын ойлауға да мұршасы жоқ. Әйтеуір жүріп келеді.

Ол өзен қабағын бағдарлай жүріп отырды. Сонда ол ешкімнен де жол жайын сұрап жатпақ емес. Егер де қатер төне қалатын болса, киелі Ганг өзенінің толқындары паналатуға қойнын ашатын болады.

Ауа шыңылтыр мөлдір еді. Түн ортасы ауып барады. Арпа егілген жер жақтан шибөрілер ұлыды.

Комола дендеп жүріп тастады. Түйетайлы құмдақ жар қабақ енді адыр шоқыларға айналып кетті. Бір бұрылыста қыстақ көрінді: Комоланың жүрегі соғып кетті. Толқына жақындап келді. Қыстақ қалың ұйқы құшағында жатыр. Комола өзінің қалжырап шаршағанын сезді. Қорқыныш үрей билеген ол қыстақтан да шықты. Ақыры бір адырға жетіп еді, жол үзіліп қалды. Енді бір уақытта амалы құрыған соң моншаның түбіне талығып отыра қалды да ұйықтап кетті.

Таң ата көзін ашып алса, алдында сары кідір тартқан бір әйел түр.

— Кім боласың, сен? Ағаш түбінде неге ұйықтайсың? — деп сұрады ол

Шошынып қалған Комола ұшып түрегелді. Жағада тұрған екі қайыққа көзі түсті.

Сары кідір тартқан әйел суға шомылып алу үшін серіктерінен ертерек тұрыпты.

— Сен бенгал қызына ұқсайсың ғой, — деді ол

— Ие, мен бенгал қызымын, — деп Комола бұйығы ғана жауап берді.

— Бұл жерге қайдан тап болдың? — деп сұрады әйел тағы да.

— Бенареске бара жатырмын. Ұйқым келді, келдім де жаттым.

Бенареске жаяу бармақ! Қарай көр мынаны! — деп таңданды әйел, — жарайды, біздің қайығымызға мін. Қазір мен шомыламын да ораламын.

Содан кейін таныстық басталды. Сары кідір әйел оған жуырда ірі той жасаған Гаджипурлық Шидхешор-бабудың ағайындары екенін айтты. Өзінің аты — Нобинкали, ал күйеуінің есімі — Мукундолал Дотто. Бенаресте тұрғанына бірнеше жыл болып қалған, Гаджипурда ұзағырақ жата тұруға да болады екен. Бірақ Нобинкалидің күйеуі ас таңдағыш, кірпияз, секемшіл біреу көрінеді, шыдай алмапты. Қайық жалдап алып, асығыс қайтып келе жатқан беті осы.

Үй қожасы әйелінің өтінішіне Нобинкали былай депті: "Түсінесің бе, жаным, күйеуімнің денсаулығы жақсы емес. Жасынан бастап ол үйде сиыр ұстауға үйренген.

Сиыр сүтінен қаймақ алып, оны майға айналдырамыз. Дучиді соған пісіреміз. Сиырды қалай болса, солай ұстай алмайсың ғой..." тағы, тағылар...

Өзі мен күйеуі жайында тәптіштеп айта отырып, Нобинкали енді Комола жайын сұрай бастады.

— Атың кім? — деді ол

— Комола.

— Байқаймын, қолыңа білезік саласың ғой деймін. Күйеуің бар ғой, солай ма?

— Той күнінің ертеңіне ғайып болды ол, — деп Комола бұйығы сөйледі.

— Жап-жассың ғой әлі! Он бестен әлі шықпаған боларсың? — деді Комолаға басынан аяғына дейін қарап шыққан Нобинкали.

— Анық қанша жаста екенімді білмеймін. Кешікпей он беске толсам керек.

— Сен шынымен брахманбысың?

— He.

— Туғандарың қайда тұрады? — деп сұрады Нобинкали.

— Күйеуімнің туғандарының үйінде болып көрген емеспін. Ал әкем — Бишукхали деген жерде туған.

— Сенің әке-шешең... — дей беріп еді Нобинкали.

— Менде әке де, шеше де жоқ, — деп шапшаң жауап қатты Комола.

— О, ұлы тәңірім Хари, не істемексің сен?

— Бенаресте тамағымды асырап тұра аларлықтай бір инабатты үйге жалданбақпын. Тағам дайындауды білемін.

Тәңір әкеп кездестірген қызметші брахманға Нобинкали қатты қуанды. Дегенмен де былай деді:

— Маған ас пісіруші керек емес. Брахман-қызметшілер көп бізде. Енді ешкімді де жалдап алмаймыз. Оның үстіне тағамды жақсы дайындай алатыныңды кім біліпті. Брахман қызметшінің тамағы мен киімі де бізден. Әрі айына он төрт рупия беруіміз керек. Дегенмен сен қиын бір халге душар болған брахман тектес қыз екенсің. Қайтейін, біздің үйде тұра ғой. Онсыз да көп адамдарды асырап, қазынамызды шашып жатырмыз. Бір адамнан келіп-кетер шамалы ғой. Жұмысты көп істемессің. Үйде қазір күйеуім мен екеуіміз ғана. Қыздарымды ұзатқанмын. Олардың бәрі де бай адамдарға шыққан. Ұл баламыз біреу ғана. Ол қазір Шерадхгонджада сот болып қызмет істейді. Бұдан екі ай бұрын мен оның қызметке баратын орнын естігенімде күйеуіме: "Біздің Нотоға не қажет. Несіне ол жаққа бармақ? Әрине, кез келген адам сот бола бере алмайды ғой. Сонда да бейшара баланың соншама алысқа кетер реті жоқ" — дедім. Ал күйеуім: "Мәселе онда емес. Сен әйелсің, ештеңеге де түсінбейсің. Ақысына қызығып, қызмет істетейін деп отырғаным жоқ мен оған. Жоқ, біз соншама кедей емеспіз! Ал егер белгілі бір жұмыстың басында болмаса, оның немен айналысарын кім біліпті, жас қой, албырт жас қой..." — деп жауап берген-ді.

Жел оңынан соғып тұрды. Жаңа таныстарымен бірге Комола кешікпей Бенаресқа да жетті.

Нобинкалидың қала сыртында бір кішкене бақшасы мен екі қабат үйі бар екен. Айына он төрт рупия ақша алып тұратын қызметшілердің тіпті ешқандай белгісі де сезілмеді. Рас, аспазшы бір брахман бар екен. Комола келгеннен кейін Нобинкали ашу үстінде оны да ештеңе берместен қуып шықты. Ол кезде он төрт рупияға аспазшы тауып алу оңай да емес еді, сол себепті енді бар ауыртпалық Комолата түсті.

Нобинкали Комолата жиі-жиі ақыл айтып, үйретіп алуды ұнататын:

— Балам, тыңда мені, сен сияқты жас адамға Бенаресте қатер көп. Үйден жалғыз шыға көрме, Гангқа суға түсуге немесе Шива бейнесіне зиярат етуге барғанда бірге ала кетемін.

Қолымнан шығып кете ме деп қауіптенген Нобинкали Комоланың ізін бағумен болды. Ол тіпті Комоланың өз құрбылары бенгал қыздарымен сөйлесуіне де рұқсат етпеді.

Ұзақты күн Комола ас үйде жұмыс істеумен болды. Ал кешіне Нобинкали ұрылардан қорыққандықтан алтын-күміс ыдыстар мен қымбат бағалы әшекейлерді барқытпен, қамқамен ысталған жиһаздарды Бенареске әкеле алмағаны жайында ұзақ сонар көңілсіз әңгіме айтатын.

— Күйеуім көпке дейін арзанқол мыс ыдыстарға көндіге алмай жүрді. Басында ол "ыдыс-аяғыңды ұрлап неге кетпейді, жаңасын сатып алар едік" — деп мазалай беретін. Алайда бос шығынды көтере аламын ба мен. Осылай-ақ бірдеме етіп күн көреміз ғой. Үйіміз үлкен, қызметшілеріміз соншама көп болған еді. Бірақ солардың бәрін мұнда әкеле алмадық. Келген соң күйеуім үлкен үй жалдап алайық деп еді, мен оған да көтере алмайтынымды, демалғым келетінін айттым. Үйіңде жан көп болса, мазаң кетпей ме...

Нобинкалидің ұзақ-сонар ызыңы созыла беретін.

ЕЛУ ЕКІНШІ ТАРАУ

Нобинкали үйінде Комола өмірі балдырлы саяз тоғандардағы балық тіршілігіне ұқсас еді. Оның қашып кетуіне де болар еді. Бірақ қайда бармақ? Ана бір тағдыр басқа салған түнде дүниенің қаншалықты қорқынышты, панасыз болғаны Комоланың әлі де жадында. Ойланбастан сондай бір халге тағы да душар болғысы келмейді оның.

Нобинкали Комолаға үйренбеді деуге болмас та, бірақ сезімталдығы, сүйіспеншілігі жетпейтін. Өмірінің бір халінде ол Комолаға қол үшін берді, көмектесті ғой. Сонда да бұған деген жылылығы, қайырымдылығы сезілмейді. Нобинкалимен бірге болғаннан гөрі оңаша жүріп, шаруашылықпен айналысқанын Комола жақсы көретін.

Бір күні азанда Нобинкали Комоланы шақырып алды да, былай деді:

— Ал, құрметтім, қожамыз бүгін ауырып шықты. Дағдылы күріштің орнына бәтір нан пісіретін бол Бірақ майды көп жұмсама. Сен жақсы аспазсың, сонда да күйдірілген майдың қайда кете беретінін білмеймін. Бұрынғы аспаз брахман үнемшіл еді. Рас, о да майға пісіретін. Бірақ тамақта май дәмі болар болмас қана сезілетін-ді.

Мұндай нығыртуларға Комола еш уақытта да жауап беріп көрген емес. Естімеген адамға ұқсап шаруасын істей беретін. Бүгін де үндемеді. Кінәсіз-ақ, қатты жәбірленеді, сонда да көкөніс тазалауға кірісті. Ол өз басына тап болған қайғы-қасіретті ойлады. Кенет Нобинкалидың сүйкімсіз даусы шықты. Комола шошып кетті.

— Тулси, — деді үй қожасының әйелі, — қалаға бар да, тез Нолинакха дәрігерді шақырып кел Қожамыздың хәлі нашар де.

"Нолинакха дәрігер!" Қол тиген винаның алтын шектеріне ұқсап, Комоланың көз алдында кенет бір сәуле ойнап кетті.

Көкөністі тастай салып есік алдына келді. Тулси төмен иіліп ас үйге кірді. Комола оған бірнеше сауал берді:

— Тулси, қайда барасың?

— Нолинакха дәрігерді шақырмақпын.

— Ол кім?

— О, ол осы жердің ең тәуір дәрігері.

— Қайда тұрады?

— Қалада, осы арадан бір шақырымдай жерде. Мырза дастарқанынан алып қала алатын тамақтарынан Комола қызметшілерге қараса жүретін еді. Үй қожасы әйелінің жекіп ұрсуына да қарамайтын. Үй иесі әйелінің қатаң тәртібі бойынша қызметшілер қарны тоя тамақ ішіп көрген емес-ті. Оның үстіне оларға мырзалар тамақ ішіп болғаннан кейін рұқсат етілетін. Сол себепті кезекпен Комолаға тамақ ішеміз деп келіп тұратын еді. Комола олардың бетін қайтарып та көрген емес. Бұл оны сүйкімді етіп жіберген-ді.

— Сен кіммен ақылдасып жатырсың? — деген үстем жеку естілді. — Мені көрмейді деп ойлайсың ба? Ac үйге бас сұқпасаң, қалаға жол таба алмайсың ба? Тамақта береке жоқтығы да осы ғой. Жаным, мен сені жолдан тауып алып, аяғандықтан баспана беріп отырғанымды ұмытпа. Сондағы рахметің осы ғой!

Нобинкали жұртқа үнемі сенімсіздікпен қарайтын. Олардың бәрі де мұның дүниесін талап алатындай көрінетін де тұратын еді. Ешбір бәлек-дәлелі болмаса да, кездескеннің бәрін ұры-қары деп түсінетін. Ол өзі тас қараңғыда да бір уыс топырақ лақтырсаң, соның бір шашырандысы болса да көздегеніңе тиеді, ал қызметшілер мені сақ, алдауға түспейді деп ойлайтын болады деп түсінетін. Дегенмен бұл жолы Нобинкалидың жеку сөзіне Комола жәбірленбеді. Қолы жұмыста болғанмен, ойы шарықтап басқа жаққа кеткен. Ол ас үйдің табалдырығында түрып Тулсидың оралуын күтті. Ақыры ол жалғыз келді.

— Дәрігер келмеді ме, Тулси? — деп сұрады Комола.

— Жоқ, келген жоқ.

— Неге келмеді?

— Шешесі ауру екен.

— Шешесі ауру, — деп қайталады Комола, — қалай үйінде басқа ешкім жоқ па екен?

— Жоқ. Дәрігер үйленбеген адам.

— Үйленбегенін қайдан білдің?

— Әйелінің жоқ екенін үй қызметшісінен білдім.

— Мүмкін әйелі өлген болар?

— Мүмкін. Дегенмен қызметшісі Бродж оның Рангпурда тұрған кезінде де әйелі болмағанын айтып еді.

— Тулси! — деген дауыс шықты үстен.

Комола ас үйге кіріп кетті, ал Тулси жоғарыға беттеді.

Нолинакха!.. Рангпурда қызмет еткен!.. Комоланың енді күдігі қалмады.

Тулси төменге түскенде Комола оған былай деді:

— Тыңдашы, менің туғаным бар еді, оның да аты Нолинакха болатын. Шын брахман ба, айтшы.

— Ие, брахман. Фамилиясы — Чатуджо.

Үй иесі әйелінен қорыққан Тулси көп тұрақтай алмады. Комола Нобинкалиға бет алды.

— Шаруаның бәрін жайғастырып болдым. Қазір Дошашомедх-Гхатқа барып шомылып қайтқым келеді, — деді ол

— Өзің бір қызық екенсің! — деп бастады сөзін Нобинкали, — қожамыз ауру, нені керек етіп қалары белгілі емес. Сен қажетсің.

— Осы Бернареста бір туысқанымның барын білдім. Сонымен көріскім келеді, — деді Комола.

— Ол жақсылыққа апармайды. Мен бала емеспін, білемін бәрін де. Туғаныңның барын кім айтты. Тулси айтты ма? Ол баланы ұстап тұра алмаймын енді. Есінде болсын, бұл үйде менің қолымда тұрғаныңда жалғыз жүріп қала ішінен туғандарыңды іздеуге немесе шомылуға баруыңа рұқсат ете алмаймын.

Қақпа күзетшісіне Тулсиды тоқтаусыз қуып жіберу туралы жарлық та беріліп қалды. Мұнда қайтып көрінбеуі де қадағаланды. Ал, басқа қызметшілердің Комоламен қарым-қатынас жасауына тыйым салынды.

Нолинакханың тірі екеніне көзі жетпей тұрғанда Комола момын, тіл алғыш еді. Енді мазасыздана берді. Осы қалада оның күйеуі бар. Содан бөлек, мына жат үйде тұра беруге оның шыдамы жетпейтіндей! Ол енді бұрынғыдай бар ынтасын сала шаруа атқара алмады. Нобинкалидың қабаты да жиі-жиі жиырыла беретін болды.

— Ханым, ескертіп қояйын, мінез-құлқың ұнамай барады маған — дейтін ол мұндай ретте. — Албасты иектеген бе өзіңді? Өзің өрем кетсең де мейлің, ал бізді аштан қатыруға жол бере алмаймын. Дәміңді бүгін ауызға салуға да болмайды.

— Босатыңыз мені! Бұдан былай жұмыс істей алмаймын! — деп жауап қатты Комола.

Нобинкали сойқанды дауылша көтеріліп кетті:

— Рас екен, жақсылықты ешкім де жақсылықпен қайтармайды! Мен бұл бейбақты мүсіркеген едім, баспана берген едім. Ұзақ жыл қызмет істеген брахман аспазшыны да осы үшін босатқан едім-ау. Сенің анық брахман екеніңді де тексеріп жатпадым ғой. Ал енді бүгін келіп "босат мені" дейді. Қашып кетуді ойласаң, полицияға хабарлайтын боламын! Менің балам сот екенін біліп қой! Оның жарлығы бойынша қаншама адам дарға асылмады! Сен менімен ойнама! Году жайын естідің бе? Ол қожасына тіл тигізген, сол үшін сазайын тартты. Күні бүгінге дейін қапаста отыр. Сен бізді алдай алмайсың!

Нобинкалидың сөзі жалған да емес еді. Ол күйеуімен әу десіп алып, Годуға сағат ұрладың деген айып таққан да абақтыға отырғызған.

Комола амал таба алмады. Өмірінің бар бақыты сонша жақын жерде, бірақ қыздың аяқ-қолы кісендеулі түр! Бұдан артық бақытсыздық бар ма! Оның тұтқын жанының азапты өмірі жан төзгісіз болып кетті. Қараңғы түсісімен бар шаруаны тәмамдаған соң, шәлісіне оранып бақшаға жүгіріп шықты. Қабырғаға сүйеніп тұрып, қалаға апаратын жолға ұзақ қарап қалды. Жас жүрегі көріспеген ғашық жарына адал қызмет еткісі келеді. Махаббат отына бөленуді аңсайды! Көңілі мына бір түнгі иесіз жолмен қаладағы киелі үйге ұмтылады. Комола тастай мелшиіп ұзақ тұрды. Содан кейін иіліп, тағзым етті де, өз бөлмесіне оралды.

Көп кешікпей Комола бүл мүмкіншіліктен де айырылып қалды.

Бір күні Комоланың кешкі шаруасы біткен соң Нобинкали оған кісі жіберді. Қызметші оны ешқайдан таба алмағанын хабарлады.

— Неғып қашып кете қойды? — деді мазаланған Нобинкали. Қолына шам алып, бар бөлмелерді өзі аралауға кірісті. Содан кейін күйеуіне барды. Қожасы хукка тартып төсекте жатыр еді.

— Әлгі брахман қызы жылысып кеткен болса керек, — деді ол

Тіпті осы хабардың өзі Мукундо-бабудың жайбарақат қалпын өзгерте алмады.

— Сенімсіз адам деп саған айтпадым ба? Жоғалған бірдеңе бар ма? — деп сөйледі.

— Жоқ, тек өзім тартуға берген шәлі ғана. Басқа не жетпейтінін білмеймін, — деп жауап берді Нобинкали.

— Полицияға хабарлау керек, — деді үй иесі салмақпен.

Қызметшілердің бірі полицияға жөнелді. Сол шақта Комола келді. Бар бөлмелерді сүзіп, не бар, не жоғын есептеп жүрген Нобинкалиды көрді.

— Бұл не қылық? Қайда болдың? — деп айқайлады ол.

— Шаруаны бітірген соң бақшаға бардым, — деп жауап берді Комола.

Нобинкалидың аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатты. Оның даусына бар қызметшілер де жиналып қалды.

Комола міз бақпай тұрып алды. Нобинкалидың жеку сөздерінің бәріне де төтеп беріп, жыламай тұр.

Нобинкали бір ауық толас алған шақта Комола осылай деді:

— Менің ісімді ұнатпайсыз ғой! Босатыңыз!

— Ие босатамын сені! — деп Нобинкали тағы да айқайлап кетті. — Сен сияқты рақметі жоқ сұмпайыны асырайды, киіндіреді деп ойлама! Бірақ хош айтыспай тұрып, кім екенімді танытамын мен саған.

Бұл сияқты жанжалдан кейін Комола бақшаға шығуға бата алмады. Өз бөлмесіне барып, есікті тас қып жауып алатын да:

"Соншалықты қасірет шеккен адамды құдай тағала мүсіркеуге тиіс қой! — деп өзін-өзі жұбататын.

Бір күні Мукундо-бабу қасына екі қызметшісін алып серуенге аттанды. Артынан сыртқы есік жабылып алынған еді. Ымырт үйіріліп бара жатқан шақта сыртта әлдекімнің даусы шықты.

— Мукундо-бабу үйде ме? Нобинкали абдырап қалды.

— Апырау, бұл келген Нолинакха дәрігер ғой! Будхия, Будхия деймін" — деп ол қызметшіні шақырды. Бірақ Будхия ұшты-күйлі жоқ болып шықты.

— Бар, тезірек барып есікті аш! — деп бұйырды Нобинкали Комолаға. — Қожа сейілге шығып кетті де. Қазір келеді, тоса тұрсын.

Комола қолына шырақ алды да төменге түсті. Аяғы дірілдеп, жүрегі тулай соғып, қолы мұздап кетті. Ол тіпті Нолинакханың түсін де көре алмай қалам ба деп қорықты.

Қыз есіктің ілгішін алды да, пердесін жамылып кейін шегінді.

— Қожа үйде ме? — деп Нолинакха қайталап сұрады.

— Жоқ. Жоғары шыға көріңіз, — дегенді зорға дегенде айтты.

Нолинакха төргі бөлмеге өтті. Сол шақта сая болған Будхия үй иесі әйелінің айт дегенін айтып берді.

— Қожамыз сейілге шығып кетті. Қазір келіп қалады. Ал күте тұрыңыз.

Комоланың кеудесі өрекпиді. Өзі Нолинакханы анықтап көріп алу үшін қараңғы шипанға барды. Өн бойы дірілдеп тұра алмады, жерге барып отырды. Жан дүниесі шайқалып, кешкі салқында денесі қалтырап барады.

Жер май шамының күңгірт сәулесінде Нолинакха ойлана отырып қалған. Комола қадала қарап тұр. Жүзіне көз жасы төгіліп кетіп еді, асығыс сүртіп тастады. Өз жүрегінде Нолинакха бейнесін сақтап қалуға тырысатындай, әлі де тесіле қарайды. Қалтылдақ шам сәулесінде ана бір кең маңдайынан, ойлы жүзінен көз аудармай қатып қалған. Дүниенің бәрі де ұмыт. Дәл қазір бұл дүниеде осы бір адамнан басқа ештеңе де жоқ секілді. Ол бүкіл әлемнің қамтуындай, өзіндей көрінеді.

Комола осы бір ойлы халде дұрысырақ айтқанда ақыл мен санадан тыс халде қанша отырғанын да білмеді. Бір уақытта Нолинакханың түрегелгенін, Мукундо-бабумен әңгімелесіп жатқанын бір-ақ көрді.

Екеуі де шипанға шығып қалар деген қауіппен төменгі ас үйге беттеді: Ac үй аула жақта болатын еді. Нолинакха сыртқа сол жермен ғана шығуға тиісті. Соншама толқынып күтіп отырды оны Комола.

"Мендей бейшара әйел мына сияқты адамның жұбайы болмақ. Оның ақылды да сүйкімді, жарқын жүзінде әлдебір ғаламат тартымдылық бар! О, мырзам, бекерге қасірет шекпеген екенмін"— деп ол тәубеге келді.

Баспалдақтан аяқ дыбысы естілді. Комола шапшаң тұрды да жарық түспейтін есік жанына барды. Бірінші болып қолында шамы бар Будхия өтті. Соның артында Нолинакха келеді.

"О, мырза, сенің адал қызметшің жат үйдің күңі болып жүр. Сен сол өз жұбайыңның қасынан өттің, бірақ танымадың", — деп Комола оған ойша айтты.

Мукундо-бабу әйелінің бөлмесіне кешкі тағам ішуге жөнелгенде қыз ақырын басып келіп төргі бөлмеге өтті. Жаңа ғана Нолинакха отырған креслоға тізерлей отырып тағзым етті. Маңдайын еденге тигізді де, құрметпен сүйіп алды оны. Комола жүрегін шер басты. Оған деген сүйіспеншілігін, адал берілгендігін айтар басқа мүмкіндік жоқ еді.

Дәрігер Мукундо-бабута сауыту үшін Бенарестен қашық батыстағы курортқа бару керек екенін айтьшты. Комола оны келесі күні естіді. Үй іші жол қамын жасай бастады.

— Мен Бенарестен кете алмаймын, — деді Комола Нобинкалиға келіп.

— Біз кете аламыз, ал бұл кете алмайды. Не себепті сопы, монтаны бола қалдың?

— Не десеңіз де мен осында қаламын.

— Жақсы. Қалай қалатыныңды көрерміз.

— Мені алып кете көрмеңіздерші, — деп жалынды Комола.

— Сен оңбағансың! Жүретін уақыт болды, ал сен өлі де бәлденумен отырсың. Орныңа бірден кісі таба алмаймыз біз. Шаруаңды кім істейтін болады?

Қыздың бар жалынып-жалбарынуы зая кетті. Комола өз бөлмесіне барып есігін жауып алды да, тәңірден жәрдем тілеп солқылдап жылап жіберді.

ЕЛУ ҮШІНШІ ТАРАУ

Нолинакхата тұрмысқа шығу жайында қызымен сөзге барысқаннан кейін Оннода-бабу тағы да ауырып қалды. Түн баласына тыныштық таба алмай шықты. Таңертең ғана тәуірірек болды.

Өз бақшасында Оннода-бабу жұмсақ күз күніне жылынып отырды. Хемнолини сол төңіректе шай дайындап жатты.

— Оннода-бабу жүдеу тартып қалған, көзінің алдында кірбең бар. Бір түннің ішінде шөгіп, сонша қартайып кетіпті. Хемнолини әкесіне қарап, соны көрді, жүрегіне қанжар сұғып алғандай болды. Нолинакхаға тұрмысқа шықпаймын деп шалды ренжітіп алғаны қатты азаптайды. Сырқаттанып қалғаны да сол жан күйзелісінен туған сияқтанады.

"Жұбату үшін не істеу керек?"— деп ойлады ол, бірақ ешқандай шешімге келе алатын емес.

Кенет оның ойы үзіліп кетті. Окхой мен Чокроборти ағай келіп кірді. Қыз шығып кетуге оңталып еді, Окхой оны ұстап қалды.

— Кетпеңіз. Бұл кісі Гаджипурлық Чокроборти мырза. Батыс аймақта оны жұрттың бәрі де біледі. Бір үлкен шаруасы бар сізде.

Бақшада ескі ілдалда бір отырғыш бар еді. Окхой мен Чокроборти соған жайғасты.

— Ромеш-бабу сіздің жақын жолдасыңыз деп еді. Менің мұнда келгенім, ол кісінің әйелі жайында не білесіздер? Соны білмекпін.

Таңырқап қалған Оннода-бабу үндей алмады.

— Ромеш-бабудың әйелі! — деп дауыстады ол ақыры. Хемнолини жерге қарады.

— Мені бір көргенсіз адам деп қалдыңыздар ма деп қорқамын. Шыдаңыздар, ақырына дейін тыңдаңыздар. Мен сіздерге өсек-аяң айтамын деп келгенім жоқ, оған көздеріңіз жетеді. Мен Ромеш-бабумен, оның әйелімен Пуджа мейрамы тұсында кеме ішінде таныстым. Олар батысқа бара жатыр екен. Сіздер білесіздер, әрине, өмірінде бір рет көрген адам да Комоланы ұмытпайды ғой. Мен көп соққы көрген, жүрегім қасаң тартқан қарт адаммын. Сонда да әлі күнге дейін оны, біздің Лакшмиді, ұмыта алатын емеспін, — деді Чокроборти. Көз шарасы мөлдіреп жасқа толып кетті. — Ие, сөйтіп, Ромеш-бабу қайда баратынын өзі де білмейді екен! Сонда да екі күннің ішіне Комола маған мүлде үйірсек болып алды. Ромеш-бабуды біздің Гаджипурдан орын тебуге көндірді. Менің Шойла дейтін қызым бар еді. Өзі сонымен достасып кетті... Одан әрі не болғанын айтуға мүлде хәлім жоқ. Не себепті бізді тастап, қайғыртып кеткенін осы уақытқа дейін түсіне алмаймын. Содан бері Шойланың да көзі жаста.

Қарт солқылдап жылап жіберді.

Оннода-бабу тым мазасызданып кеткен еді.

— Не болып қалған оған? Қайда кетіпті? — деп сұрады ол

Чокроборти серігіне бұрылды.

— Окхой-бабу, сіз бәрін де білесіз ғой. Түсіндіріңізші. Айта бастайтын болсам, қайғыдан жүрегім жарылып кете ме деп қорқамын.

Окхой болған істің бәрін тәптіштеп айтып берді. Ол жанынан ештеңе де қосқан жоқ, сонда да Ромеш қылығына қарап, оны езгі адам деп атауға болмайды дегенді айқын танытқан еді.

— Біз бұл жайында түк те естіген жоқпыз! Калькуттадан кеткен соң Ромеш хат жазған емес, — деп Оннода-бабу зорға сөйледі.

— Біз, тіпті, оның Комолата үйленгенін де білген жоқпыз ғой, — деді Окхой. — Комола Ромештің жұбайы екеніне анық сенесіз бе, Чокроборти мырза. Мүмкін, ол қарындасы, не туғаны шығар?

— Япыр-ау, о не дегеніңіз, Окхой-бабу? — деп таңданды Чокроборти. — Қалайша оның әйелі емес? Комола сияқты таза жанды, жақсы жарды кездестіре бере алмассың?

— Қызық екен! -деп Окхой ауыр күрсініп қойды. — Әйелі жақсы болтан соң қадір тұтпайды. Менің ойымша игі жақсы адамдар қашан да ауыр сын үстінде жүреді.

— Бұл шынында да үлкен бақытсыздық екен, — деп Оннода-бабу өзінің сиреп қалған шашын сипап қойды. — Бірақ не шара бар енді, бекерге қайғырудың қажеті жоқ. Окхой тағы да сөйлеп кетті.

— Менің ойыма бір күдік келе береді. Ал егер Комола суға кетіп өлмей, үйінен қашып кеткен болса қайтесіз? Мен мұнда Чокроборти мырзаны Комолаға сұрау салу, іздеу үшін алып келдім.

Бірақ сіздер ол жайында ештеңе білмейтін көрінесіздер ғой. Біз мұнда бірнеше күн боламыз, қайтсек те Комоланы іздестіреміз.

— Ал, Ромеш қайда қазір? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Кетіп қалған, бізбен қоштасқан да жоқ, — деп жауап берді Чокроборти.

— Мен Ромешті көрген жоқпын, бірақ сырт естуімше Калькуттаға кеткен сияқты. Алипур қаласында жұмысқа орналасуды ойлай ма екен, әлде қайтеді екен. Ромеш сияқты тым жас, албырт адамдар көп қайғыра бермейді ғой. Ал, Чокроборти мырза, кеттік. Жатпай-тұрмай Комоланы іздестіретін болайық, — деді Окхой.

— Окхой, енді қайтып келесің бе бізге? — деп сұрады Оннода— бабу.

— Білмеймін. Соншама жаным ашитынын білесіздер ме сіздер. Бенаресте тұрғанымда Комоланы іздеуге тиістімін. Ғазиз қыз ашынған бір халде үйінен кетіп қалған! Қазір оның қандай қатер үстінде жүргенін ойлайсыздар ма? Әрине, Ромеш-бабуға мұның бәрібір ғой. Ал мен салғырт қала алмаймын.

Окхой осылай деді де, Чокробортимен бірге шығып кетті.

Жәбірленген Оннода-бабу қайтер екен дегендей қызына тесіліп қарай берді.

Хемнолини әкесінің бұл үшін мазасызданып отырғанын түсінді де, өзін-өзі күшпен жұбатқандай болды.

— Әке, бүгін сен дәрігерге көрінуге тиіссің, — деді ол — Жай бір болмашы нәрселердің өзіне де соншама қазылып, жүдеп қаласың. Аздап болса да емделуің керек. — Оннода-бабу аздап жай табайын деді. Қызы бүгін Ромеш жайындағы бір жайсыз хабарды естіді, соған қарамастан байғұс бала әкенің саулығын ойлап мазасызданып жатыр.

Үстінен басқан зілдей жүктен арылғандай болып қалды. Басқа бір уақыт болса, өз ауруы жайындағы әңгімеге араласпаған да болар еді, ал бүгін:

— Тамаша ой! Иә дәрігерге көрінуім керек. Сен қалай ойлайсың, Нолинакхаға қазір кісі жіберсек қайтеді? — деді.

Нолинакханың есімін естіген Хемнолини тағы да мазасызданып қалды. Ендігі жерде әкесі отырғанда онымен бұрынғысындай сөйлесе алмайтын да сияқты. Сонда да ол былай деді:

— Жақсы, мен қазір оған кісі жіберейін. — Хемнолинидің өзгеріссіз баяғы қалпында қалғанын көріп Оннода-бабу батылданып кетті.

— Хем, әне бір Ромешпен арада болған оқиға... Хемнолини әкесін тоқтатып тастады.

— Әке, тыншу болып кетті ғой... жүр үйге барайық. — Әкесінің қарсы сөз айтуына қаратпады. Қолтығынан алып үйге қарай жетелей жөнелді.

Бөлмеге кірген соң әкесін креслоға әкеліп отырғызды да, қолына газет әкеп берді. Содан кейін өз қолымен барып көзілдірігін кигізді.

— Оқи тұр, әке, мен қазір ораламын, — деді. Оннода-бабу тіл алғыш балаға ұқсап Хемнолини жарлықтарын орындай беруге тырысып еді, бірақ қызының халін ойлап ала көңіл бола берді.

Ақыр соңында газетті жайына қалдырып, Хемды іздеуге шықты. Күн әлі ерте еді, бірақ қызының бөлмесі жабық тұрғанын көрді. Оннода-бабу шипанға келіп, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Аздан кейін тағы да Хемнолиниді іздеуге шықты. Қызының бөлмесі әлі де жабық тұр. Оннода-бабу енді мазасызданып кетті, шипанға қайтып оралды. Креслоға келіп отырды да, аса бір жан күйзелісімен өз шашын сипай берді.

Көп кешікпей Нолинакха келді. Оннода-бабуды қарап шықты да, емдеу жолдарын айтты. Содан кейін сол шақта келіп кірген Хемнолиниге былай деді:

— Айтыңызшы, әкеңіз бір нәрсеге мазасызданып қалған ғой, солай ма?

Хемнолини басын изеді.

— Бұл кісіге жан тыныштығы керек, — деді Нолинакха. — Менің басымда да осындай бір хал бар. Анам байғұс болмашы нәрсеге де тиышсызданып қалады, ал бұл оған көп күшке түседі. Кеше жай бір нәрсені ойлап түнімен көз шырымын ала алмай шықты. Мен оны мазасызданбаса екен деймін, бірақ, амал не, кейде қолыңнан келмей қалады. Қайтесің, өмірдің өзі солай ғой.

— Сіз бүгін тым жадау көрінесіз, — деді Хемнолини. — Жоқ, көңілім тетік, — деп Нолинакха қарсылық білдіре сөйледі.

— Мен ауырып көрген адам емеспін. Кеше тым кеш жатып едім. Жүдеу көрінген себебім де сол шығар.

— Әрине, анаңыздың қасында бас-көз боп, бағып-қағып отыратын бір әйел болса, жақсы болар еді ғой. Сіз жалғызсыз. Жұмысыңыз да тым көп. Ол кісінің бабын да таба алмайсыз ғой.

Хемнолини ашық, еркін сөйлесіп отырды. Сол себепті оның соңғы айтқанында да оқыс ештеңе жоқ еді. Сонда да өз сөзін Нолинакха теріс түсінбес пе екен деп ойлады да, ұялып кетті. Хемнолинидың абыржып қалғанын көрген Нолинакха анасымен арада болған бір әңгімені еріксіз есіне алды.

Әрине, ол кісінің қасында әр уақыт қызметші әйел болса, жақсы болар еді ғой, — деп қыз анықтап сөйледі.

— Мен шешеме талай рет айтып бақтым, тіпті көнбейді. Өз кастасының таза болғанын қатты қадағалайды. Жалдамалы қызметшіге сенбейтіні де содан. Мінезі сондай, өз ынтасымен ниет білдірген біреу болмаса, жалдамалыларды жаратпайды.

Хемнолини бұған пәлен деп жауап қайтара алмады. Аз уақыттан кейін ол қайта сөйлеп кетті:

— Мен сіздің айтқаныңызды істеп, жолыңызбен жүргім келеді, бірақ бір кедергілерге тап болып айнып қаламын. Соған қарап ешқашан да бір мінезді ұстап қала алмаймын ба деп қорқамын. Жаным әлсіз, айтыңызшы, өмір соққысы мені неғып алған жолымнан тайдыра бермек?

— Торықпаңыз. Сол жолда кездескен кедергілердің өзі жан беріктігі мен тұрақтылығын сынға алып, шынықтыра береді.

— Ертең сәскеде бізге келе алмас па едіңіз? Сіздің көмегіңіз маған қуат береді, — деді Хемнолини.

Нолинакханың кескінінде, дауысында соншалықты мызғымас, айнымас бір тұрақтылық бар еді. Хемнолиниді әлсіз шағында жебейтін де сол. Міне енді Нолинакха кеткен соң аздап тыншығайын деді. Жататын үйге жалғас шипанда тұрып, қызуы жоқ қыс күні нұрын төккен дүниеге қарап қалды. Еңбек пен тыныштық билеген, қуат пен татулыққа толы кең әлем күн шұғыласымен ойнап көсіліп жатыр. Сол дүниеде жүгенсіз тілектер бар. Олар сабырлық, ұстамдылықпен үндестік таппақ. Хемнолинидің жаралы жүрегі кенет дүниенің ұлылығын сезінді. Күн нұры мен шексіз көгілдір аспан Хемнолиниге өмірді бір түрлі ыстық етіп жіберді.

Ол Нолинакханың анасын ойлайды. Өткен түні оның неге ұйықтай алмағанын да түсінетіндей. Нолинакхаға тұрмысқа шығу жайындағы ұсыныстан туған үрей тарап та кетті. Хемнолинидің жан дүниесінде оған деген бір ыстық құштарлық пен құрметтеушілік өсіп, жетіліп келеді, бірақ осы бір сезімде қасірет те, шын махаббаттың мазасыз албырт оты да жоқ еді. Өз ойымен болатын жас адамға әйел махаббатының керегі де жоқ, бірақ адамдық қамқорлыққа ол да зәру болмақ. Оның қамын кім ойламақ сонда? Анасы болса, қартайған, әрі ауру, әлсіз адам! Ал Нолинакха басқаларға керек, қадірлі жан ғой. Олай болса, оған қызмет ету — көп алдындағы парызыңды өтеу болып табылмақ!

Азанда Ромеш жайында естігендері оның сүйген жүрегіне ауыр сын болды. Хемнолини бар күшіне, жан қуатына сиынып сол бір қатыгез соққыға төтеп беріп қалып еді. Енді Ромеш үшін қасірет шегу үлкен жәбір сияқты болып көрінді. Хемнолини оны кінәлағысы да, айыптағысы да келмейді. Жұмыр жер толассыз қозғалып, айнала бермек, ал миллиондаған адамдар жақсы, жаман қылық көрсетіп жатады. Тіпті Хемнолини кімді болса да айыптайын деп оқтанған емес. Енді ол Ромешті есіне де алғысы келмейді. Кейде өлген Комоланы ойлайтын да үрейленіп қалатын. Сонда ол өзін-өзі өлтірген бақытсыз сол қызбен Ромеш арасында қандай қатынас, байланыс бар екен деп ойша сұранатын. Ұят пен ашу, аяушылық қосылып оның тынысын тарылтып жіберетін еді. Осы ретте Хем жұдырығын түйіп дұға оқи бастайтын:

О, тәңірім, неліктен мен қасірет шегемін? Айыбым не менің? Мархабатты тәңірім, осы махаббаттан арылтшы мені?! Өзің жаратқан дүниеде тыныш қана өмір сүрейін. Басқа ештеңе де керек етпейін.

Ромеш пен Комола жайында естігендерге Хемнолинидің қалай қарағанын Оннода-бабу білгісі-ақ келіп жүрді, бірақ сұрауға батылы бармады. Хемнолини кесте тігіп шипанда отырғанда Оннода-бабу талай рет келді. Бірақ қызының ойлы жүзінен қаймығып, сөз бастай алмады.

Тек кешқұрым Хемнолини мұның қасына келіп, сүт қосқан дәрі ұсынып жатқанда ғана зорға дегенде мынаны айтты:

— Мына шамды алып кетші.

Үй ішін қараңғылық басты. Оннода-бабу, сөз бастады:

— Ана шалды айтам, шамасы жақсы адам болса керек...

Хемнолини түс жарып жауап бермеді. Оннода-бабу басқа ешбір тұспал сөздің ретін таба алмады, турасына басты.

— Ромештің қылығына қайранмын. Ол жайында түрлі-түрлі сөз болған еді, бірақ күні бүгінге дейін біріне де сенбеп едім. Ал енді...

— Әке, бұл әңгімені қозғамай-ақ қояйын, — деп Хемнолини тоқтатып тастады.

— Жаным, менің де ол жайында сөйлескім келмейді! Бірақ ойлашы өзің, бақытымызды да, сорымызды да тәңірім сол адамға теліп қойған жоқ па. Біз оның ісіне салғырт, бей жай қарай алмаймыз ғой.

— Жоқ, жоқ, әке, бақытымызды басқа адамдармен қосақтай берудің керегі не. Мен жайында босқа мазасызданасың. Мені сол қинайды, — деп Хемнолини асыға айтты.

— Хемнолини қарғам, жасым болса келіп қалды, сен бір орныңды тапқанша менде маза болады дейсің бе, сенің сопы, дәруіш болып кетуіңді мен қаламаймын, — деді Оннода-бабу.

Хемнолини үндемеді.

— Түсінші, қарғам, рас, сен торығып қалдың, басыңнан талай ауыртпалықты өткердің, сонда да өмір өзі сыйлаған игіліктен бас тартпау керек. Сен қазір өз басыңның қайғысымен ғана болып жүрсің, өмірге керекті адам болып шығатыныңды білмейсің де. Ал мен болсам, сенің бас амандығыңды, бақытты болуыңды тілеймін. Саған бақыт та, тыныштық та келеді, мен білем оны. Айтқан ұсынысыма көңіл қой, қабыл ал.

Хемнолинидің көз шарасы жасқа толып кетті.

— Олай демеші, әке. Мен дегеніңнен шықпаймын, тек қана уақыт бер, жанымды күдіктен арылтайын, дайындық жасайын бұған.

Оннода-бабу қараңғыда қызының жас шайған бетінен сүйді де, басынан сипады. Сол кеште ол басқа ештеңе де айтқан жоқ.

Ертеңіне азанда Оннода-бабу мен Хемнолини бақша ішінде шай ішіп отырғанда Окхой келді. Оннода-бабудың кескінінен "не болды?" деген сұрақты ұққан Окхой бір кесе шайды алып, отыра берді де былай деді:

— Әзірше ешқандай хабар жоқ. Комола мен Ромештің кей бұйымдары күні бүгінге дейін Чокроборти мырзаның қолында. Ол қайда жіберерін де білмейді. Егер Ромеш-бабу сіздің мекен-жайыңызды білсе, салып ұрып жетіп келер. Сонда сіз...

Оннода-бабу оқыстан ашулана сөйлеп Окхойды қайтарып тастады.

— Окхой, сен ештеңенің ығы-жөнін білмейсің. Ромеш неліктен бізге келеді? Не себепті оның нәрсесіне мен бас-көз болмақпын?

— Ромеш қазіргі қылығы үшін мүмкін өкініп жүрген болар, — деп Окхой өз басын арашалай сөйледі. — Ескі достарының сүйеу болуы парыз емес пе екен? Осындай шақта теріс айналып кету қалай болады?

— Окхой, Ромеш туралы үнемі айта беретінің қалай, бұл бізге ұнамайды. Тәңір тілеуіңді берсін, біз отырған жерде Ромешті еске түсірмеші, — деді Оннода-бабу.

— Қапаланбашы, әке, — деп Хемнолини жұмсақ, ақырын сөйледі. — Денсаулығыңа пайдалы емес. Окхой-бабудың ойына келгенін айта беруіне болады. Онда тұрған жаманшылық жоқ.

— Жоқ, жоқ, кешіре көріңіздер, мен мұның бәрін түсінбеппін, — деді Окхой.

ЕЛУ ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Мукундо-бабу үй-ішімен Мирутқа жүрмек болып, дайындық жасап жатты. Заттардың бәрі буылып, түйілген дайын күйде еді.

Ертеңіне аттанып та кетпекші. Әлде бір себеп болар да, бұлар жүрмей қадар, немесе Нолинакха дәрігер тағы да бір келіп кетер, деп үміттенген еді Комола. Бірақ себеп те табылмады, Нолинакха да келе қоймады.

Ал Нобинкали осындай әбігер үстінде Комоланы жылысып кетер деп қорқумен болды, соңғы күндері өз қасынан оны бір қадам да шығармай қойды. Бар затты буып-түйген де сол Әбден ашынған қыз ертең аттанамыз деген түні күрт ауырып қалсам екен деп те тіледі. Сонда Нобинкали мұны өзімен бірге алып кетпейтін болар еді, тіпті, белгілі дәрігерді шақырып қалуы да мүмкін ғой. Қыз көзін жұмды. Әл үстінде дәрігердің аяғынан топырақ алып, өліп бара жатқан өзін елестетті.

Ақырғы түні Комола Нобинкалидің бөлмесінде жатты да ертеңіне соның экипажына отырып вокзалға тартты. Мукундо-бабу екінші класта болды, ал Нобинкали Комоланы алып, әйелдерге арналған купеге орналасты.

Ақыры пойыз да қозғалды. Паровоздың ащы айқайынан Комоланың жүрегі жарылып кете жаздады. Буырқанған, сояу тісті пілдің шырмауық шөпті жыртып жатқанындай. Комола вагон терезесінен қылтыңдап қалып бара жатқан қала үйлеріне ашқарақтықпен қарап қалды.

— Пан салған қобдиша қайда? — деген Нобинкалидың даусы естілді. Комола үнсіз ғана оның сұрағанын ұсынды.

— Білген едім! — деп Нобинкали зілдене сөйледі. — Бетельге әк салмапсың ғой, сені не істесем екен осы! Егер өзім жүрмесем, бәрінің де күл-талқаны шығады. Албасты иектеп алған ба өзіңді, немене? Мені ызаландыру үшін қасақана істейсің осыны. Бүгін көкөніс тұздалмаса, ертең сүтке пісірілген быламық жерден шығатын бола ма. Құйтырқы қылықтарыңды біз білмейді деп ойлайсың-ау. Асықпа, Мирутқа барайық, содан кейін мен саған өз орныңды көрсетемін!

Пойыз көпірден өтіп бара жатқанда Комола терезеден сыртқа үңілді. Ганг жағасында жатқан Бенарес қаласына соңғы рет көз салды. Нолинакха үйінің қай жерде екенін ол білмеуші еді. Сонда да шапшаң жүрген пойыз үстінен қылтыңдап көрінген үйлер де, биік мұнаралы ғибадатханалар да бәрі де бір түрлі ыстық көрінді жүрекке. Солардың бәрінде де Нолинакха тұрғандай болды.

— Несіне терезеге үңіліп қалдың? Құс емессің ғой! Қанатсыз ұша алмайсың! — деген жеку сөз естілді.

Бір кезде Бенарес та көзден ғайып болды. Комола орнына келді де, бет алдына тесіле қарап үнсіз отырып қалды.

Пойыз Моголшорайға келді. Комолаға мұның бәрі түс сияқты. Вокзал басының ызың-шуын да, аласапыран адам толқынын да аңдаған жоқ. Сондай бір төңіректегі құбылысқа қатыссыз қалыпта басқа пойызға да ауысып отырды.

Пойыздың жүретін де уақыты болған еді, кенет:

— Шешетай! — деген өте таныс дауыс шықты. Комола қалтырап кетті.

Комола жалт бұрылып еді, платформада тұрған Умешті көрді. Қуанып кетті.

— Умешпісің, жаным-ау?

Умеш купе есігін ашқанда, Комола платформаға да шығып үлгірді. Умеш оның аяғына аса бір құрметпен иілді де, тағзым етті.

Екі езуі құлағына жетіпті. Сол шақта кондуктор купе есігін жапты.

— Комола, сен неғып жатырсың? — деп айқайлады купе ішінде ойран-асыр болған Нобинкали. — Пойыз жүріп кетеді! Отыр тезірек! Тез!

Бірақ Комола ештеңе де естімеген еді. Сол шақта ысқырық шықты. Паровоз жөтеліп алды да, жөнеле берді.

— Сен қайдан келіп қалдың, Умеш? — деп сұрады Комола.

— Гаджипурдан.

— Ондағылар аман ба? Ағай қалай? — деп қыз сұрақты жаудыра бастады.

— Ағай да жақсы.

— Ал менің дидиім ше?

— Оның көзі бұлаудай. Сені жоқтайды, шешетай. Комоланың да көз шарасы жасқа толып кетті.

— Уми қалай? Мені ұмытып қалған жоқ па?

— Сен сыйлаған білезікті кигізбесе сүт ішпей отырып алады, — деп жауап берді Умеш. — Ал кисе болғаны, қолын сермеп, "апатайым кетіп қалды!.." — деп айқайлай бастайды. Соған қарап бәрі де жылайды.

— Сен мұнда қалай тап болдың? — деп сұрады Комола.

— Гаджипурда тұра беру тойдырып жіберді. Содан соң кеттім де қалдым.

— Енді қайда бет алмақсың?

— Сенімен бірге боламын, шеше.

— Бірақ менде бір пайда да ақша жоқ.

— Ақша менде бар, — деді Умеш.

— Оны қайдан алдың? — деп таңданды Комола.

— Анада сен берген бес рупияны жұмсаған жоқпын, — деп жауап берді Умеш, сөйтті де бір түйіншектен шешіп алып, ақшасын Комолаға көрсетті.

— Онда кеттік. Бенареске барамыз. Айтшы, екі билет сатып ала аласың ба?

— Аламын, — деп жауап берді Умеш. Бір минуттан кейін билет дайын да болды.

Пойыз жүргелі тұр еді. Умеш Комоланы әйелдер купесіне отырғызды да, өзінің көрші бөлімде болатынын айтты.

— Ал енді біз қайда бармақпыз? — деп сұрады Комола Бенареске келіп түскен соң.

— Ол жайында саспа, шешетай. Мен бір жайлы орынды білемін.

— Жайлы орынды? Сен мұнда нені білесің? — деп таңданды Комола.

— Бәрін де білемін. Қайда апарып түсіргенімді, кешікпей өз көзіңмен-ақ көретін боласың!

Умеш соны айтты да, демеп Комоланы экипажға отырғызды. Ақыры бір жерге келіп экипаж да тоқтады. Атшы қасынан түсіп жатқан Умеш:

— Шешетай, келіп те қалдық! — деп дауыстады. Комола Умештің соңынан ерді.

— Атай үйде ме? — деп дауыстады Умеш, бұлар үйге кіріп болған соң.

Көрші бөлмеден дабыр-дұбыр шу естілді:

— Апыр-ау, мынау рас Умеш пе? Қайдан келіп қалдың?

Сол сәтте қолында хуққасы бар Чокробортидің өзі кіріп келе жатты. Умештің жүзі нұрланып сала берді. Ал Комола болса, таңырқаған күйінде ағайдың алдында иіліп, пронам жасады. Чокроборти үн қата алмай қалды, не дерін де білмеді, қалияның қайда қоярын да таба алмады. Ақыры Комоланың иегінен қақты, ұялыс тапқан қыз жүзін өзіне бұрды да былай деді:

— Ардақтым, сен бізге қайтып оралдың. Жүр, жүр, жоғарыға көтерілейік. Шойла, ау Шойла! Кім келе жатқанын қара!

Шойлоджа жоғарыдан жүгіріп түсті. Комола тағзым етті, дидиінің аяғынан топырақ алды. Шойла қызды ыстық құшағына алып, қатты қысып маңдайынан сүйе берді. Жас әйелдің жүзін жас алып кетті.

— Қадірлім, сені көп жоқтап, қайғырып қалдық!

— Оны айтып керегі жоқ, одан да Комоланы тамақтандыру жағын қауза, — деп Чокроборти қызының сөзін бөліп тастады.

Сол шақта "әпкелеп" Уми ұшып кірді де, қолын соза берді. Комола оны көтеріп алды, құшырлана сүйіп, көкірегіне қысты.

Шойлоджа Комоланың кір киіміне қарап тағы да жылады. Өзімен бірге алып барды, жақсылап шомылдырды да, ең жақсы көйлегін болмай кигізді.

— Өткен түні жақсы ұйықтамағаның көрініп тұр. Көзің шүңірейіп қалған. Қазір бар да жат. Ал мен тамақтанатын бірдеңе қамдай берейін, — деді ол Комола киініп болған соң.

— Жоқ, диди, сенімен бірге мен де ас үйге барамын, — деп өтінді Комола.

Шойлоджа қарсылық етпеді, достар бірге жөнелді.

Окхойдың ақылы бойынша Чокроборти Бенареске аттанбақ болғанында Шойлоджа оған:

— Әке, мен де сенімен бірге барамын, — дегенін айта кетуіміз керек.

— Бірақ Бипинге демалыс бермейді ғой.

— Оқасы жоқ, жалғыз кете беремін. Үйде мамам қалады, күте тұрар.

Бұл күнге дейін Шойла күйеуінің қасынан екі елі шығып көрген жоқ еді.

Чокроборти көнген, сөйтіп олар Бенареске аттанған. Платформада Умешті көріп еді, ол да сол пойыздан түскен екен. Чокроборти мен қызы оның қайда баратынын сұрап таңырқасып қалған. Умеш те солардікіндей бір мақсатпен қалыпты. Үйге керек болатынын, кенет жоқ болып кеткеніне ондағылардың тынышсызданатынын білген Чокроборти мен Шойлоджа оны қайтып кет деп үгіттеді.

Бұдан кейін не болғаны оқушыға белгілі ғой. Умеш Гаджипурда Комоласыз тұрақтай алмаған еді. Бір сәтті күні базарға бар деп Чокробортидің әйелі берген ақшаны алып, Гангтың екінші бетіне өтті де вокзалға келді. Сонда Комоланы кездестірді. Ол күні Чокробортидің жамағаты баланы айтпай кетті деп бекер ұрсып жатыр еді.

ЕЛУ БЕСІНШІ ТАРАУ

Араға бір күн салып, Окхой тағы да Чокроборти үйіне келді. Ағай Комоланың табылғанын оған айтпауға бекінді. Окхой Ромештің досы емес екенін ол аңғарып та қалған еді.

Комоланың үйден неге кетіп қалғанын, қай уақытта пайда болғанын сұраған жан болмады. Ол бұдан бірнеше күн бұрын көппен бірге осы Бенареске келген сияқты болды да шықты. Тек Умидің күтушісі Лочмония ғана ұрыспақ болып еді, ағай сол сәтінде шақырып алды да, енді қайталамасқа қатаң жарлық берді.

Түнде Шойлоджа мен Комола бірге жатып еді. Шойлоджа оны өзіне тартып құшақтап, басынан сипай бастады. Қайғыңды айтшы дегенді үнсіз ғана танытардай.

— Диди, сонда сендер не деп ойладыңдар? Тегі ашуланған боларсыңдар маған, — деп сұрады Комола.

— Біз ештеңе де түсінбейміз бе соншама? — деп жауап берді Шойла. — Басқа жол қалмаған соң осы шешімге барған ғой деген тоқтамға келдік. Саған сондай қасірет жіберген құдайды ғана кінәладық. Не себепті кінәсіз, нақақ жандарды жазалайды құдайым?

— Менің айтайын дегенімді тыңдағың келе ме?

— Әрине, сіңлім, — деп жауап берді Шойла. Дауысында Комолаға деген айрықша жылы сезім бар еді.

— Мұның бәрін саған бұрын неге айтпағанымды өзім де түсінбеймін, — деп бастады ол сөзін. — Ол кезде мен ештеңе де ойлай алған жоқ едім. Болған жай мені найзағайдай соғып кетті, ұялғанымнан тіпті сендердің беттеріңе де қарай алмадым. Менің әкем де, шешем де жоқ. Диди, сен маған әрі шеше, әрі апам болдың. Сол себепті, бұрын ешкімге айтпаған сырымды саған айтпақпын.

Жатып баяндау Комолаға қиын болды, сол себепті ол төсекке түрегеп отырды. Шойла қарсы бетке орналасты. Содан кейін Комола қараңғыда отырып баяғы тойдан кейін болғанның бәрін де айтып берді. Тойға дейін де, күйеу келер түнде де оның өз жолдасының жүзіне бір рет болса да қарамағанын естіп, Шойла дауыстап жіберді:

— Сенің осындай есуас қыз екеніңді ойламаған едім! Мен тұрмысқа сенен де жас кезімде шықтым, бірақ қысылғаным жоқ. Шамам келсе бар мүмкіндікті пайдаланып күйеуіме қарап қалып отырдым.

— Жоқ, бұл қысылғандық емес еді, диди. Жұрттың бәрі мені отырып қалды деп жүрді. Сондай шақта оқыстан той бола қалды. Құрбыларым мені әжуалай берді. Күйеу тапқанын қуаныш етіп отыр демесін деп ойладым. Оған тіпті іштей ынталанудың өзін де мен жәбір сияқты түсіндім. Соның міне сазайын тартып отырмын.

Комола аз-кем кідіріп қалды, содан кейін қайта сөйлеп кетті.

— Тойдан кейін Ганг өзенінде апатқа ұшырағанымыз саған мәлім ғой, қалай құтылғанымызды да білесің. Бірақ оны айтқан кезде мені құтқарған, үйіне келін боп түскен адамның күйеуім емес екенін білген жоқпын ғой. — Шойла ұшып түрегелді де, барып Комоланы құшақтай алды.

— Алда, жазған-ай! Бәрі де маған түсінікті енді. Қандай үлкен бақытсыздық!

— Оның несін айтасың, диди. Құдай тағала мені жаңа бір азап-қасірет шексін деп құтқарса керек.

— Ал Ромеш-бабу да ештеңе сезбеп пе?

— Бір күні ол мені Сушила деп атаған еді, сонда мен оған менің атым Комола ғой, неге Сушила деп атайсыңдар деген едім. Енді ойласам өзінің жаза басқандығын сонда түсінген болса керек ол Ромешпен бірге өткізген күндерімді ойласам қатты ұяламын, жерге кіріп кете жаздаймын.

Комола үндемей қалды. Сонда да Шойлоджа соз тарта отырып, оның бар өмірбаянын білді.

— Сіңлім, көргеніңнің бәрі сұмдық қой! Сонда да мен Ромеш-бабудың қолына түскеніңді зор бақыттылық деп санаймын, — деді Шойла, — қалай десең де, аяймын да оны. Жарайды, үйықта енді, Комола. Түннің бір уағы болып қалыпты. Ұйқы-күлкі көрмей жылаумен болыпсың ғой, жүдеп, тотығып кетіпсің. Не істерімізді ертең ойластырармыз.

Ертеңіне Шойлоджа Комоладан Ромештің хатын алды да, әкесіне апарып көрсетті. Чокроборти көзілдірігін киді, анықтап оқып шықты.

— Солай... енді не істеу керек? — деп қызына бұрылды.

— Әке, Умидің салқын тиіп жөтеліп жүргеніне бірнеше күн болды ғой. Дәрігер Нолинакханы шақыруға болмас па екен. Осы дәрігер туралы, оның шешесі туралы Бенаресте коп адам айтады. Ал мен болсам әлі көрген де жоқпын.

Дәрігер де келді. Шойла оны көргенше асық болды.

— Жүр, Комола, тезірек жүр деп, — Комоланы асықтыра бастады.

Нобинкалидың үйінде Комола Нолинакханы көруге асығатын еді, басқа дүниенің барын ұмытып кететін-ді. Ал енді қатты ұялып, орнынан да қозғала алмай қалды.

— Тыңда, бақытсыз бейшара, мен сені, тіпті, үгіттеп жатпаймын, оған уақыт та жоқ. Уми ауырдыны сылтау етіп шақырып отырмыз ғой оны, көп отырмайды. Мен мұнда сенімен шырғалана беретін болсам, көре алмай да қаламын.

Шойлоджа соны айтты да, Комоланы Нолинакха отырған бөлменің есігіне алып барды.

Нолинакха Умиді көріп дәрі жазып берді де, кетіп қалды.

— Ал, міне Комола. Коп қайғы-қасірет көріп едің, енді тәңірім саған бақыт жіберді, — деді Шойла дәрігер кеткеннен кейін. — Аз да болса шыдамдылық жаса. Жақында бәрінің де жөні болады. Ал әзірше біз дәрігерді үнемі шақырып тұратын боламыз. Сен онымен кездесерсің де.

Арада бірнеше күн өтті. Нолинакха жоқ бір уақытты пайдаланып, Чокроборти ағай оның үйіне келді. Дәрігердің жоқ екенін айтқан үй қызметшілеріне:

— Бәйбіше бар емес пе! Бар да хабар ет, бір карт брахман келіп түр, сізді көргісі келеді де.

Жоғарғы бөлмедегі Хемонкоридан шақырған хабар келді.

— Шешем-ау, діндар, тақуа адам екеніңізді бүкіл Бенарес қаласы біледі, — деді ол қадірмен әйелге сәлем беріп жатып. — Сізді құрметтейтіндігімді дәлелдейін деп қана келіп отырмын. Басқа мақсат жоқ менде. Кішкентай бір немерем бар еді, ауырып қалды. Соған сіздің балаңызды шақырсам деп едім, — үйде жоқ екен. Содан кейін сізді көрмей кеткім келмеді.

— Нолин қазір келеді. Аз ғана күте тұрыңыз, — деді Хемонкори.

— Кеш боп қалды ғой, мен сізге тамақ әкелдірейін.

— Сіздің дәм татырмай жібергіңіз келмейтінін сезіп отырмын, — деп жауап берді Чокроборти. — Менің дәмді тамақ ішуді жақсы көретін адам екенімді жұрттың бәрі де біледі. Таныс адамдар бұл әлсіздігімді кешіреді де.

Хемонкори оған хош көңілмен сый-құрмет көрсетті.

— Ертең түскі тамақ ішуге келіңіз, — деп оны қонаққа шақырды.

— Бүгін жайыңыз болмады, ойда жоқта келдіңіз ғой.

— Дәмді бір тағам жасай қалсаңыздар мына қарт брахманды еске түсіретін болыңыздар, — деп Чокроборти әзілдеп те қойды. — Айтпақшы мен жақын жерде тұрамын. Егер қаласаңыз, қызметшіңізді ерте барып, көрсетіп жіберуге де болады.

Осы күннен бастап Чокроборти бұл үйге жиі келетін болды. Тіпті олардың өз адамы болып кетті.

Чокроборти бұл үйге тағы бір келіп отырғанында Хемонкори ұлын шақырып алды да былай деді:

— Нолин, жасаған емің үшін Чокроборти мырзадан ақша алмайтын бол.

— Нолинакха-бабу дегеніңізді айттырмай-ақ істеуге дайын тұр ғой, — деп Чокроборти күле сөйледі, — балаңыз ізгі адам, кедейді бірден-ақ таниды.

Чокроборти бірнеше күн ұдайы қызымен күбірлесіп жүрді де, ақыры бір күні азанда Комолата былай деді:

— Бүгін біз Дошашомедх-Гхатқа суға түсуге барамыз.

— Ал, диди, сен ше, барасың ба? — деп сұрады Комола Шойладан

— Жоқ, жаным, Уми ауырыңқырап отыр, бара алмаспын.

Суға түсіп шыққан соң, ағай Комоланы басқа бір жолмен алып жүрді. Аз-кем уақыт өткен соң оларға бір жасамыс әйел жолықты. Гангтан құмырасына су толтырып алып, ақырын ғана жүріп келеді екен.

— Қарғам, мына әйелге сәлем ет, — деді Чокроборти қызға бұрылып, — бұл кісі әлгі дәрігердің анасы болады.

Комоланың бойы дірілдеп кетті: аса бір ілтипат көрсетіп, Нолинакха апасының аяғынан топырақ алды.

— Бұл қыз кім болады? Қандай сұлу еді! Құдды Лакшми тәңірімнің өзі сияқты, — деп Хемонкори Комола жүзіндегі пердені ашып, таңырқай берді. — Атың кім, қызым?

Комола жауап қайтаруға оқтана беріп еді, Чокроборти бұрын сөйлеп кетті:

— Бұл баланың есімі — Харидаси. Немере інімнің қызы. Жетім еді, өз қолымда тұрады.

— Бізге барып қайтпайсыздар ма, Чокроборти мырза? Жүріңіздер, қазір жүріңіздер, — деп ұсыныс жасады Хемонкори.

Хемонкоридің үйіне келген соң, Чокроборти креслоға жайғасты да, Комола соның қатарына жерге отырды.

— Менің бұл немере қызым тым бақытсыз болып қалды, — деп бастады Чокроборти әңгімесін. — Тұрмысқа шыққанының ертеңіне күйеуі санниаси боламын деп қалдырып кетті. Содан кейін кездескен де емес. Бенареске келіп орналасып, құдайға құлшылық етем деген жалғыз ғана тілегі бар. Бірақ мен мұнда тұрмаймын ғой, қызмет бар, үй-ішімді асырау үшін қарекет жасауым керек. Баламен бірге осында тұрып қалуыма да мүмкіндігім жоқ. Осы үйде болса қайтер еді. Қысылып тұрғанда жақсылық етер едіңіз. Ол сізге өз қызыңыздай болып алар. Егер де ыңғайыңыз келмесе, қай күні болса да Гаджипурға, маған қоя беріңіз: бірақ оның шын асыл екенін бір-екі күн өтпей-ақ түсінетініңізге, содан кейін өлсең де айырылмайтыныңызға менің көзім әбден жетеді.

Хемонкори Чокробортидің айтқандарын он көрді де:

— Жарайды, келісейін, — деді. — Мұндай қыздың қасында болу қуанышты ғой. Тіпті көшеден алып келіп, қыз асырайыншы деп те көп талпындым. Бірақ олар маған көндіге алмады. Міне, енді Харидасиді алып отырмын Ол үшін мазаланбауыңызға болады. — Сіз, әрине, менің ұлым жайын көп адамнан естіген боларсыз. Ол тамаша бала, бірақ жалғыз бала еді.

Нолинакха-бабуды жұрттың бәрі біледі, — деп Чокроборти оның сөзін құптай сөйледі. — Және өзіңізбен бірге тұратынын қуаныш етемін. Әйелі суға кетіп өлгеннен бері дәруіш болып кетті деп естідім білем.

— Өткен іс өтті ғой, — деп жауап берді Хемонкори. — Ең жақсысы ол жайлы еске алмау болып табылады. Ойласам болғаны жүрегім тітірейді.

— Сіз келіскен соң, Харидасиді мен осында қалдырып кетемін. Ал енді хош Яйтысуга рұқсат етіңіз. Келіп-кетіп тұрармын. Харидасидың апасы бар үйде. Келер, сізбен танысар да.

Чокроборти кеткен соң Хемонкори Комоланы шақырып алды:

— Қарғам, бері келші. Анықтап көріп алайын өзіңді. Әлі тіпті баласың ғой. Осындай сұлуды тастап кеткені! Дүниеде тас жүрек адамдар да бар-ау! Қайтып оралуын тілеймін. Тәңір саған сұлулықты босқа солсын деп бермеген болар.

Қарт әйел Комоланың иегінен көтерді де, бетінен сүйіп алды.

— Мұнда сенің құрбыларың жоқ. Көңілсіз болмас па екен менімен бірге тұру? — деп сұрады ол.

Комола Хемонкориге өзінің үлкен де момын көзін аударды да:

— Жоқ! — деп жауап берді.

— Ұзақты күн сенің көңіліңді немен аулауды да білмей отырмын.

— Мен сізге қызмет ететін боламын, — деді Комола.

— Ой, қаршадай болып қара өзін! Маған қызмет етпек! Жан дегенде жалғыз балам бар еді, ең ақыры сол да санниаси болып кетті. "Ма, маған мынау керек, анау керек... мынадай тамаққа көңілім шабады", — деп, немесе "маған осындай нәрсе ұнайды" деп айтсашы тым болмаса. Мен қандай разы болар едім онда, ештеңеден бетін де қақпас едім. Бірақ ол өмірінде ондайды жасап көрген емес қой. Тапқанының бір тиынын да өз қалтасында қалдырмайды, кедейлерге көмек ететінін тірі жанға айтпайды да. Қарғам, ұзақты күн менің қасымда боласың ғой. Ал, мен үнемі баламды мақтай беремін, жалығарсың да. Амал қанша, құлағыңды үйретуіңе тура келеді.

Комоланың жүрегі тулай соғып кетті. Өзінің толқынып қалғанын жасырмақ болып, төмен қарады.

— Саған ермек болар нені ойластырсам екен? — деп толғанды Хемонкори. — Кесте тіге білесің бе?

— Онша жақсы білмеймін, шеше.

— Оқасы жоқ, үйретемін. Ал оқи білесің бе?

— Білемін.

— Өте жақсы! Көзілдіріксіз түк те көрмеймін мен. Маған дауыстап кітап оқып беретін боласың.

— Тамақ дайындауды да білемін, — деді Комола.

— Кескінің Дурите ұқсайды ғой. Тамақты жақсы дайындайтыныңды содан-ақ білуге болады. Соңғы кезге дейін тамақты өзім дайындайтын едім. Ауырып қалғаннан бері Нолин өз тамағын өзі пісіріп ішетін болған-ды. Міне енді сенің тілегіңді, еске аламыз. Бұдан былай Нолин ас-сумен айналыспайтын болды. Тым қатты науқастанып қалған кезімде маған да бірдеңе дайындай салатын болсаң, оған да қарсылық етпеспін. Жүр, ас үй мен қойманы көрсетейін.

Хемонкори өзінің шағын шаруашылығының ішкі жағын Комолаға таныстыра бастады. Бұлар ас үйге келгенде Комола тамақ дайындауға рұқсат алудың қолайлы шағы осы деп түсінді. Қыз тілегіне Хемонкори езу тартты.

— Әйелдің бар байлығы — ас үйі мен қоймасы ғана, — деді ол — Дүниеде көп нәрсені талақ еттім. Қолымда қалғаны осы ғана еді. Жарайды, солай-ақ болсын, бүгін сен дайында. Бірте-бірте бар шаруашылықты өз қолыңа берермін де, өзім біржола құдайға құлшылық етумен шектеліп қалармын. Бірақ үй шаруашылығынан бірден қол үзіп кете алмайсың ғой. Ac үй дегенің үй шаруашылығында үлкен орын алмай ма?

Хемонкори Комолаға не дайындау керек, қалай дайындау керек екенін айтып, бөлмесіне кетті. Сөйтіп Комоланың Хемонкори үйіндегі өмірі аспаздық өнерінің сынға түсуінен басталды.

Қыз өзіне тән тазалық, икемділікпен жұмысқа кірісті.

Сариінің етегін беліне байлап, шашын желкесіне түйіп алды.

Нолинакха әдетте үйіне келгенде бірден анасына барып, көңілін сұрайтын. Ана денсаулығы үнемі оның тынышын кетіре беретін еді. Бүгін ол өз үйінің есігін ашқанда бірден ас үйден дәмді тағамның иісі келді, кісі жүргені белгілі болды. Оны шешем деп ойлап қалған Нолинакха бірден солай қарай тартты.

Біреудің келе жатқан дыбысын естіп, Комола есік жаққа бұрылды, Нолинакхамен екеуінің көздері түйісіп қалды. Комоланың қолынан қасығы да түсіп кетті. Сариінің етегі беліне байлаулы екенін де ұмытып кетіп, басына жамылам деп бекерге жоғары көтере берді. Ақыры ол әйтеуір бірдеме етіп, жүзін жасырды-ау. Қатты таңырқаған Нолинакха ас үйден үнсіз шықты. Қыз аяқ-қолы дірілдеп, жерге түсіп кеткен қасығын әрең көтерді.

Хемонкори дұғасын оқып, ас үйге келсе, тамақ дайын болып қалған екен. Комола бүкіл үйді жуып, тазартып қойған. Шашау шыққан бір нәрсе жоқ.

— Қадірлім-ау, сен рас брахман қызы екенсің! — деді разы болған Хемонкори.

Тамақ үстінде Нолинакха шешесіне қарсы келіп отырды, ал мазасы кеткен Комола есік сыртына келіп жасырынды. Пісірген тамағымды ұнатпай қалмас па екен деген үрей бар, қимылдауға да қорқады.

— Нолин, бүгінгі тамақ қалай, ұнай ма саған? — деп сұрады Хемонкори.

Нолинакха талғамайтын еді, сол себепті бұрын анасы оған мұндай сұрақ бермейтін-ді. Ал оның мына сұрағында бір әуесқойлық барын Нолинакха бірден аңғарып қалды.

Ac үйте сая болған бейтаныс қызды Нолинакханың көріп те үлгіргенін Хемонкори әлі білген жоқ еді. Науқастанып қалғаннан бері баласы отан аспаз әйел жалда деп үгіттеп-ақ баққан-ды, бірақ Хемонкори көнбей жүретін. Сол себепті үйіне жаңа адамның пайда болғанына Нолинакха қуанып та отыр. Расында да ол дайындалған тамақтың дәмді, дәмсіздігінде айырған жоқ еді, сонда да аса бір шабытпен:

— Ма, тым дәмді дайындалған тамақ екен бұл! — деді.

Бұл қошемет сөз есік сыртына да естілген еді. Комола енді тұра алмады. Тулай соққан жүрегін қолмен басып, таяу бөлмеге жүгіріп кірді.

Тамақтан кейін Нолинакха әдетінше кабинетіне барды. Оңаша отырып ойға шомды.

Кешке Хемонкори Комоланы өзіне шақырып алды да, шашын тарады. Қыздың шаш айрығын қызыл күрең бояумен бояп қойды. Содан соң Комоланы айналдыра қарады.

"Шіркін-ай, менің осындай келінім болар ма еді?" — деп Хемонкори іштей айтты да, күрсініп қойды.

Сол түнде Хемонкоридің тағы да ыстығы көтеріліп, ескісі ұстап қалды. Нолинакханың мазасы болмады.

— Ма, біраз уақытқа Бенарестен кеткеннің жөні болар еді. Мұнда сен оңалмайсың, — деді ол

— Жоқ, балам, өмірімді бірнеше күн қысқартатын болса да, Бенарестен кете алмаймын. Ал, картам, сен әлі де есік сыртында тұрсың ба? — деп Хемонкори Комолаға бұрылды. — Бар, ұйықта, жаным, көрер таңды көзбен атқызуға болмайды ғой. Бір күндік ауру емес менікі, бағып-қағуға уақытың жетеді әлі. Түн баласына ұйықтамайтын болсаң, не болғаның онда? Нолин, сен де өз бөлмеңе жөнел Нолинакха кеткен соң, Комола Хемонкоридің төсегіне келіп отырды да, аяғын сипай бастады.

— Дүниеге бір қайтып келгеніңде мүмкін менің анам болып келген шығарсың. Әйтпесе бүйтіп мені күтпеген болар едің. Білесің бе, бөтен біреудің қолына қарау, сабыт салу дегенді білмеуші едім. Ал сенің қолың маған шипа сияқты. Қызық жай, мен сені көптен бері білетін сияқты боламын да тұрамын, жат санамайтын себебім де сол Ал енді бар да жататын бол, ештеңені ойлама. Мына жалғас бөлмеде Нолин бар. Ауырып қалғанымда ол өзі қарайды, басқаға рұқсат етпейді. Қаншама таласпадым онымен, бірақ жеңе аласың ба! Нолиннің тамаша бір қасиеті бар: көрер таңды көзімен атқызса да шаршамайды, жүдемейді. Ештеңеге де ашуланбайтынынан болса керек. Ал мен мүлде басқамын той. Қызым, сен мүмкін: таты да Нолин жайын сөйлеп кетті, "тез бітірер деймісің" деп ішіңнен күліп те отырған боларсың. Бірақ жалғыз ғана баласы бар адам әманда осылай болады. Ал менің Нолинімдей бала екінің бірінде бола бермейді! Шынымды айтсам, кейде Нолин мені әкемше бағады. Оны немен өтерімді өзімде білмеймін. Тағы да Нолин жайын айтып кеттім той! Жоқ, бүйте беруге болмайды, бүгінге осы да жетер... бар енді... Егер мұнда болсаң, мен үйықтай алмаймын. Қарт адамдар қашан да солай ғой. Қасында біреу болса, мылжыңдамай отыра алмайды.

Келесі күні бар үй шаруашылығын Комола оз қолына алды.

Нолинакха шығыс шипанды мәрмәр тақталармен екіге бөлді де, өзіне кабинет сияқты бірдеме жасап алды. Түс қайта осында келіп ойға шоматын болды.

Нолинакха ертемен суға түсіп өз кабинетіне келіп еді, танымай қалды. Нәрселердің бәрі жиналып, үй іші тазартылған. Хош иіс шығаратын шырақ орнатылған қола таспа алтынша жарқырайды, сөрелердің шаңы сүртілген, кітаптар тәртіптеліп қойылған. Ашық есіктен ертеңгі күн сәулесі түсіп жарқырап тұрған таза, жинақы бөлме көрінісі Нолинакхаға аса бір қуаныш әкелді.

Таңертең азанда Комола Гангқа барды, бір құмыра қасиетті су әкеліп, Хемонкори төсегіне қойды.

— Сен Гангқа жалғыз бардың ба? — деп дауыстады ол Комоланың су сорған жүзін көріп. — Ал мен болсам, аурумын ғой, мұны суға түсуге кімге ертіп жіберсем екен деумен болып едім. Өзің сондай жап-жассың, жалғыз баруыңның өзі...

— Шешетай, кеше ағайымның бір қызметшісі келген еді, сағынып қалыпты. Сонымен бар дым, — деп Комола жарыса сөйледі.

— Апаң сені ойлай беретін болғаны ғой. Жарайды, жақсы, ол қызметші осында-ақ қалсын. Саған қолқанат, көмекші болады. Қайда өзі? Шақыршы мұнда.

Комола Умешті шақырып әкелді. Бала қарт әйелге ілтипатпен сәлем берді.

— Атың кім?, — деп сұрады Хемонкори. Умеш себеп-бәлексіз-ақ жайыла езу тартты:

— Умеш, — деп жауап берді. Хемонкори де күлді.

— Мынадай әдемі дхотиді саған кім берді?

— Шешетай берді, — деп Умеш Комоланы нұсқады.

— Ал мен болсам, Умеш мұны өзінің қайын енесінен сыйға алған шығар деп ойлаған едім, — деп Хемонкори қызға қарай отырып әзілдеп қойды.

Умеш Хемонкориге осылай ұнаған еді. Сол себепті осы үйде тұрып қалды.

Умештің қолғабыс тигізуі арқасында Комола күндізгі шаруаның бәрін ерте бітірді де, Нолинакха жататын бөлмеге барды. Сыпырып, тазалап шықты, ал төсек-орнын далаға, күн көзіне шығарды. Бір бұрышта дәрігердің кір киімдері жатыр екен. Оларды жуып, жайып, үтікке басты да іліп қойды. Үй ішіндегі нәрселерді қайта-қайта сүртеді, таза болса да сүрткіштейді, Нолинакха төсегінің бас жағында бір өрме шкаф тұратын еді, Комола соны барып ашты. Жоғары сөрелерінің бәрі де бос екен. Тек төменгі сөресінде Нолинакханың бір ағаш сандалиі жататын еді. Қыз көзі соған түсті. Комола оны көтеріп алды да, бетіне басты. Содан кейін кішкене нәрестеге ұқсатып, көкірегіне ұстады, сариінің етегімен шаңын сүртті.

Бір күні Комола Хемонкоридің аяғын сипап отыр еді, бөлмеге қолына гүл шоғын ұстаған Хемнолини кіріп келді де, Хемонкориге иіліп сәлем берді.

— Бері кел, Хем, отыр, — деді Хемонкори төсегінен сәл көтеріле беріп. — Оннода-бабудың денсаулығы қалай?

— Кеше ауру болған соң келе алмады. Бүгін шүкірірек, — деді Хемнолини.

— Қарағым, мына қызға көзіңді салшы, — деді Хемонкори Комоланы көрсетіп жатып. — Шешем кішкентай күнімде қайтыс болған екен, міне ол тағы да өзіме оралып келіп отыр. — Кеше мен мұны жолда кездестірдім. Шешемнің есімі Харибхабани болатын еді. Ал енді ол Харидаси деп аталады. Хем, осындай сұлуды көргенің бар ма өмірде? Шыныңды айтшы.

Комола ұялып, төмен қарап қалды.

— Денсаулығыңыз қалай? — деп Хемнолини қарт әйелге бұрылды.

— Менің жасыма жеткен адамнан несіне хал сұрайсың. Егер бүгін қалқиып тірі отырсам — соған да шүкіршілік. Енді көп өмір сүре бермеспін, сонда да менің денсаулығымды ойлап мазасызданып жүргеніңе қуанып қаламын. Өзіңе айтар сөзім бар еді, қолайлы бір уақыт болмай жүрген-ді. Кеше түнде қатты ауырып қалдым, сонда бүл мәселені кейінге қалдыра беруге болмас деп ойладым. Мен бойжеткен кезімде біреу-міреу күйеу жайын сөз ете қалса, ұяттан жанып кете жаздайтын едім, осы күнгінің қыздары бізге ұқсамайды ғой. Сендердің өз биліктерің өз қолдарыңда, әрі білімдерің де бар. Сол себепті тура сөйлеуге әбден болады. Менен қысылатын ретің жоқ, тұспалдамай турасын айтқалы отырмын. Біздің не сөйлескенімізді әкең саған айтты ма? Айтшы, жаным.

Хемнолини төмен қарады.

— Иә, айтқан болатын.

— Ал сен келіспеген болдың ғой?

Хемонкори әңгімесін соза берді. — Егер ұсынысты қабыл алсаң, әкең сол сәтінде келіп хабарлаған болар еді. Нолин дәруішке ұқсап өмір сүріп жүр ғой, оған тұрмысқа шыққың келмейтіні де сол болар. Ол менің балам болса да, әділіне көшейін. Сырт қарағанда Нолин ешкімді сүймейтін салғырт адам сияқты, бірақ, бәрің де қателесесіңдер. Мен оны өте жақсы білемін, сол себепті сенуге де болады. Ол қатты сүйе біледі, сонысынан өзі қорқады да, бойындағы сезімін тұмшалай береді. Кімде-кім оның бойындағы тақуалық, сопылықтың қабыршағын қаусатып, жүрегіне жол тапса, соншалықты нәзік, отша лапылдаған махаббатты бір жан екенін түсінеді. Жаным, Хем, сен бала емессің ғой, ержеткен, білімді қызсың. Нолиннің жолын қуған адамсың, мен сендер қосылған күні ғана бұл дүниеден армансыз аттанбақпын. Өліп қалсам, ол үйленбей ме деп қорқамын. Сонда не болмақшы! Бәрінің де тас-талқаны шыққаны ғой. Нолинді қадірмен тұтқаныңды жақсы білемін, жаным. Не себепті оған қол ұшын бермейсің?

— Шеше, егер де мені өз балаңа лайықты деп табатын болсаң, қарсылық етпеймін, — деп Хемнолини төмен қарады.

Хемонкори оны өзіне тартты да басынан сүйді. Содан кейін олар бұл әңгімеге оралып соқпады.

— Харидаси, мына гүлді... — дей беріп еді Хемонкори, көз сала беріп тоқталып қалды.

Харидаси ғайып болыпты. Олар әңгімелесіп отырғанда білдірмей шығып кеткен екен.

Бұл әңгімеден Хемнолини қатты ұялып, Хемонкори шаршап қалған еді. Сол себепті Хем көп отыра беруді қолайлы деп таппады. — Шеше, мен бүгін ерте кетуге тиіспін. Әкем жайы онша емес қой, — деді ол қоштасып жатып.

— Тезірек кел, жаным, — деді Хемонкори қыздың басынан сипап.

Хемнолини әндеткеннен кейін Хемонкори өзіне Нолинакханы шақырып алды.

— Нолин, енді мен күте бере алмаймын, — деді ол

— Не боп қалды? — деп сұрады Нолин.

— Жаңа мен Хеммен сөйлестім. Уәдесін алдым. Енді ана-мына деп сырғыта бергеніңді тыңдағым келмейді, денсаулығымның қандай екенін өзің де білесің. Саған біреуді атастырмай көңілім жай табатын емес. Өткен түні осыны ойлап, көрер таңды көзіммен атқыздым.

— Жақсы, ма, мазасызданба енді, тиыш ұйықтайтын бол Айтқаның орындалады.

Нолинакха кеткеннен кейін Хемонкори Харидасиды шақыртып алды. Қыз оған жалғас бөлмеден шығып келген еді. Ымырт үйіріліп қалған-ды, ала көлеңкеде Комоланың кескіні де көрінбейді.

— Гүлдерді суға сал да бөлмелерді безендіріп қойшы, — деп бұйырды Хемонкори, Комолаға гүл шоқтарын ұсынып жатып. Өзіне тек раушан гүлін ғана алып қалды.

Комола гүл салған вазалардың бірін Нолинакха жататын бөлмеге, екіншісін кабинетіне апарып қойды. Содан кейін шкафты барып ашты да, қалған гүлді сандалиға орнатты. Солқылдап жылап, еденге құлап түсті. Бұл дүниеде осы бір сандалидан басқа оның бүтін ештеңесі де жоқ еді. Көп кешікпей Комола сол сандалига да тәжім ете алмайтын болады.

Сол кезде бөлмеге біреу кіргендей болды. Комола ұшып түрегелді, шкаф қақпағын жапты да артына бұрылды. Оның алдында Нолинакха түр еді. Зытып отыруға кешігіп қалды. Бойын күшті бір ұят жалыны билеп кетті. Ымырт қараңғылығымен астасып, көрінбей кетсем деп те тіледі.

Өз бөлмесінде Комоланың барын көрген Нолинакха шығып кетті, қыз жалғас бөлмеге ұмтылды. Нолинакха сонда ғана жатар орнына келді. Осы бір құпия, түсініксіз қыз мұның шкафынан не алмақ екен? Мұны көріп, қақпағын неге асығыс жапты?

Әуесқойлық қысқан Нолинакха шкафты барып ашты. Хош иіс гүл қойылған өз сандалиін көрді. Нолинакха шкафты үнсіз жапты да терезе алдына келді. Аспанға қарады. Қысқы күннің қызыл реңкі тез сөніп, тас түйін ымырт қараңғылығы үйіріліп келе жатты.

ЕЛУ АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Нолинакхаға шығамын деп уәдесін берген соң, бұл мен үшін үлкен бақыт, деп Хемнолини өзін-өзі жұбата:

"Бұрынғы достық жоғалды, өмірімнің аспанын күңгірттеген бұлт ыдырады. Мен енді азатпын! — деп Хемнолини мың мәртебе қайталап, өзін-өзі сендіре берді, — өткен достықтан біржола қол үздім мен!"

Ақыры о дүниелік тілектердің бәрінен бас тартып, тыйылып қалғанына қуанғандай болды. Жақын адамның табыты салынған жерлеу алауы сөнгенде, адам өзін күнделікті тіршілік ауыртпалығынан аз уақытқа болса да азат сезінеді. Өмір ойыншыққа ұқсайды, бұрынғы үміт-тілектерінің бәрі де бекершілік болып көрінеді, Хемнолинидің басында да осындай бір сезім бар еді. Ол Ұзаққа созылған азап пен қасіреттен кейін туатын жан тыныштығына бөленді.

"Егер де анам марқұм тірі болса, өзімнің азат болғанымды айтып қуантар едім. Әкеме оны қалай жеткізе алмақпын?" — деп толғанды Хемнолини сол күні түнде үйіне қайтып келген соң.

Оннода-бабу өзінің науқастанып отырғанын сылтау етіп ерте жатқан екен, сол себепті Хемнолини тура өз бөлмесіне барды. Күнделігін ашып ұзақ отырды. "Дүниені талақ еттім, мен дүние үшін өлген адаммын, — деп жазды Хемнолини. — Алла тағала мені ескі сезім тұтқынынан босатар, жаныма жаңа бір тіршілік нұрын себер деген сенім болған жоқ менде. Ал бүгін аса зор құрметпен оның қастерлі жолына мың мәртебе бас қойдым, енді парыз ету жолына бой ұсынуды ойладым, сұлтаңсыз шешім осы. Тағдыр жазған бақытқа мен лайық емеспін. О, тәңірім, ақырғы демім біткенше содан айнымасқа қуат бер, жебей жүр! Тағдыр қосқан адам өмірімді толтырады, бақытты етеді деген сенімдемін. Тек оның өміріне мен бақыт болып кіре алсам деп тәңірімнен құлшылық етіп сұраймын".

Хемнолини күнделігін жапты да, қараңғы бақшаға шықты. Айнала жым-жырт. Аспанда жылусыз салқын жұлдыздар жымыңдайды. Қиыршық құм төселген соқпақпен қыз ұзақ жүрді. Шегі жоқ алқара көк аспан оның көз жасы шапған жаралы, езілген жан дүниесіне тыныштық әкелердей еді.

Келесі күні Оннода-бабу қызын ертіп Нолинакханың үйіне барғалы жатыр еді, есік алдына бір экипаж келіп тоқтай қалды. Арбадан дәрігер қызметшілерінің бірі секіріп түсті де, қадірлі бәйбішенің келгенін хабарлады. Оннода-бабу қонақты қарсы алуға ұмтылды. Есік алдына шықса, Хемонкори экипаждан түсіп те үлгерген екен.

- Бүгін бізге үлкен бақыт тап болды! — деп, Оннода-бабу қонақты қошаметтей берді:

- Мен қызыңа ақ батамды берейін деп келдім, — деді Хемонкори үйге кіре беріп.

Оннода-бабу оны қонақ үйге алып барды, аса бір ілтипат көрсетіп, диванға отырғызды, содан кейін былай деді:

— Отыра тұрыңыз, қазір мен Хемды шақырып келейін.

Хемнолини қонаққа бармақ болып киініп жатыр еді.

Хемонкоридің келіп қалғанын естіп, қонақ үйге асыға кірді де Хемонкоримен амандасты.

— Ғұмыр жасың ұзақ, бақытты бол! Қолыңды созшы маған, қарғам, — деді Хемонкори, содан кейін Хемнолинидің қолына мокор деген ғаламат хайуанның бейнесі бар, ауыр екі білезікті әкеп кигізеді. Сыңғырлаған білезіктер қыздың жіңішке білектерінде еркін ойнап кетті, Хемнолини сыйлыққа разылығын білдіріп төмен иілді.

Ал Хемонкори болса, екі алақанымен қыздың екі бетінен ұстады да, маңдайынан сүйді. Осы бір ақ бата мен еркелетуден Хемнолинидің жан дүниесі елжіреп, қуаныш тартты.

— Ардақты құда, — деп Хемонкори Оннода-бабуға бұрылды. — Ертең қызыңызды ертіп біздікіне қонаққа келіңіздер.

Ертеңіне азанда күндегі дағдысынша Оннода-бабу бақша ішінде шай ішіп отырды. Ауру мендетіп, жадау тартқан өңіне қан жүгіріп қалыпты. Анда-санда ол қызына қарап қояды. Сол шақта Хемнолинидің осы бір сүйкімді де байсалды, нәзік келбеті марқұм анасына ұқсайтын сияқты болып кетті. Өткенде төгілген көз жасынан қыз жанарындағы ашық қуаныш нұры сол ғана солғын тартқандай.

Оннода-бабудың бүгінгі бар ойы қонаққа баратын уақыт болып қалды, кешігуге тіптен болмайды дегенге ғана сайды. Сол себепті Хемнолинидің әлсін-әлі уақыттың әлі ерте екенін айта беруіне тура келді. Шынында мезгіл әлі ертеңгі сегіз ғана еді.

— Жоқ, жоқ... киініп, дайындалғанша сол болып қалады. — Кешігіп барғаннан да ерте барған дұрыс, — деп қарсылық жасады Оннода-бабу.

Осы кезде бақша қақпасына чемодан артылған бір экипаж келіп тоқтады.

— Дада келіп қалды! — деп Хемнолини жүгіре жөнелді Экипаждан күліп, Джогендро түсе бастады.

— Амансың ба, Хем? Қалай тұрып жатырсыңдар? — деді ол

— Өзіңмен бірге кімді алып келгенсің? — деп сұрады Хемнолини.

Джогендро күле сөйледі.

— Бұл, әкеме деген жаңа жыл сыйлығы ғой. Экипаж басқышында Ромеш көрінді. Абдырап қалған Хемнолини жүгіре жөнелді.

— Қашпа, Хем! Тыңда мені! — деп Джоген оның артынан дауыстай берді.

Бірақ ол ағасының даусын естіген де жоқ еді. Аруақтан қашқандай зытып бара жатты.

Аз-кем уақыт Ромеш аңырып қалды. Қызды қуа жөнелерін де, болмаса, экипажға қайтып ораларын да білмеді.

— Жүр, Ромеш. Әкем мына бақша ішінде көрінеді, — деді Джогендро. Содан кейін оны қолынан жетектеп Оннода-бабуға алып барды.

Қария Ромешті анадайдан-ақ тани кетті. Ойда жоқта оның келе қалуына қатты налып қалды.

"Міне тағы да бір қырсық шалды" — деп ойлады ол басын сипап.

Ромеш сәлем етті. Оннода-бабу отыр дегендей ишара жасады да, баласына бұрылды:

— Уақытында келдің, Джоген. Мен саған жеделхат берейін деп отыр едім.

— Не үшін? — деп сұрады Джогендро.

— Таяуда Хем мен Нолинакханың тойы болмақ. Кеше оның шешесі келіп оң батасын беріп кетті.

— Мұндай іске ойланбастан асығыс баруларың қалай, әке? Неғып менімен ақылдаспағансыңдар?

— Сенің не ойлайтыныңды түсіну қиын, Джоген! — деп қалды Оннода-бабу. — Соған атастыру керек дегенді мен Нолинакхамен таныс болмай тұрғанда айтқан сен емес пе едің!

— Өткенде не болды дерің бар ма! Еске алудың қажеті жоқ! Әлі де кеш емес, саған айтар көп нәрсе бар. Ең алдымен соны тыңда, содан кейін дегенің болсын, ойлағаныңды істе.

— Жақсы, кейінірек әңгімелесерміз. Қазір уақытым жоқ, кетуім керек.

— Қайда бармақсың?

— Екеуімізді Нолинакханың шешесі шақырған. Ал сендердің осында отырып тамақ ішулеріңе болады. Джоген, сен де, кім, сен де...

— Жоқ, жоқ! Біз үшін қам жемей-ақ қой! — деп Джоген жарыса сөйледі. — Біз Ромеш екеуіміз кез келген бір қонақ үйден-ақ тамақтанармыз. Кешке таман оралатын шығарсыңдар. Біз сонда келетін болармыз.

Оннода-бабу тіпті әдептілік үшін де Ромешпен әңгімелесе алмады. Оған тіптен қарауға да батылы жетпеді. Ромеш те тіл қатпады. Тек қош айтысар шақ туғанда ғана ол Оннода-бабуға үнсіз ғана тағзым етті.

ЕЛУ ЖЕТІНШІ ТАРАУ

— Ертеңгі күнге Хемді әкесімен дәмге шақырып едім, — деп Хемонкори Комолаға сол күні-ақ айтқан еді. — Немен сыйлаймыз, соны жақсылап ойлан. Құданы жақсылап тойдырып жіберу керек, бүл үйден қызым ашығып қалады-ау деп күдіктенетін болмасын. Қарағым, бұған сен не демексің? Жақсы аспазшы екеніңді білем ғой. Ұятқа қалдырмассың. Баламның осыны жегім келедінің бұрын айтты ма, айтпады ма, есімде жоқ, — сонда да кешегі сен дайындаған тағамды мақтауға соз тапты. Бүгін неге жүдеусің өзің? Ауырып қалған жоқсың ба?

— Жоқ, шеше, денім сау, — деп Комола еріксіз езу тарты. Қайғылы реңкін жасырмақ болды. Күдік алған Хемонкори басын шайқады.

— Бірдеңеге шерленіп, ренжіп қалғандайсың. Ондай-ондай бола береді, несіне қысыласың. Өз қызымдай көрем ғой, жатсынба. Неліктен ренжігеніңді неге айтпасқа? Әлде туғандарыңа барып қайтқың келе ме?

- Жоқ, шешем! — деп Комола толқып кетті. — Сізге қызмет етуден басқа ештеңе де тілемеймін.

Бірақ Хемонкори Комола жауабын естімеген болды.

— Бірнеше күн ағаң үйіне барып жатып қайтсаң қалай болады? — деп Хемонкори сөзін жалғай түсті. — Ал содан кейін құлқың болса қайтып келерсің. Бұл ұсыныстан Комола қауіптеніп қалды.

— Шеше! Сізбен бірге тұрғанымда дүниеде ешкім де керек емес маған! Егер де алдыңызда әлденеге кінәлы болып қалсам, жазалаңызшы, бірақ қасыңыздан бір күнге болса да қуа көрмеңіз.

Хемонкори қыздың бегінен сипады.

— Дүниеге қайта бір келгеніңде менің шешем болып жаралғансың дейтін себебім де осы ғой. Әйтпесе бірінші көріскен сәттен бастап бір-бірімізді ұнатып қалуымыз мүмкін емес. Ал енді жөнел, қызым, ертерек барып жатып үйықта. Бүгін бір минут те демалған жоқсың ғой.

Комола өз бөлмесіне келіп, есікті жауып алды, шамды барып сөндірді, содан кейін еденге отырды. Көп отырды, көп нәрсені ойлады. "Тағдыр мықтап адастырды ғой мені, ол маған жат болып кетті, мен байғұс оған жақындай да алмаймын. Керек болса тіпті бәрінен де бас тартуға тиістімін. Егер анда-санда оған қызмет етерліктей мүмкіндік болса, бар қуат-күшімді соған бағыштауға тиістімін. Бұл парызымды өтеуге тәңірім жәрдем етер. Мен бақытсыз жаралған жанмын ғой. Сонда да осы бір болмашы тұрмысымның өзіне де ризалық етейін, қуана, күле жүріп атқарайын қызметті. Әйтпесе бұдан да айырылып қалармын" деп ойлады Комола.

Ол ұзақ отырып, өзінің қазіргі халін коп ойлады, ақыры іштей жаңа бір шешім, тоқтамға қол қойды. "Ертеңнен бастап менің жүрегімде қасіретке орын жоқ, жүзімнен қайғының ізі өшетін болады. Орындалмаған арманымды ойлап жыламайын. Өмір бақи тек соның қызметші, күңі болып өтейін. Өмірден одан басқа ештеңені де қаламаймын!"

Комола жатып еді, үйықтай алмады, ұзақты түн дөңбекшумен болды. Көзі ілініп бара жатса, өз даусынан шошып ояна берді:

— Өмірде одан басқа ештеңені де қаламаймын!.. Қыз таң сарғайып келе жатқанда тағы да оянды, бар күшін жиып тағы да былай деп қайталады:

— Өмір бақи сенің қызметші-күңің боламын. Одан басқа ештеңені қаламаймын!..

Комола тез жуынып киінді де, Нолинакханың кабинетіне барды. Сариінің етегімен ондағы заттардың шаңын сүртті, төсенішті сілкіп қайта салды, содан кейін киелі Ганг өзеніне шомылуға жөнеледі. Ал, Хемонкори болса бүл кезде баласының тілегін орындап суға барып, таңғы дәрет алып шомылудан тыйылған болатын. Міне енді таңғы салқын шақта Комоланы өзенге Умеш бастап апаратын болды. Комола қайтып оралған соң, Хемонкориге шаттана кіріп, көңілді түрде сәлемдесті.

Қарт әйел енді ғана өзенге бармақшы болып жатыр екен.

— Ерте кетіп қалғаның не, тоса тұрып менімен бірге баруға болатын еді той, — деді Хемонкори. Комола ақтала сөйледі:

— Бүгін жұмыс тым көп қой, шеше. Кешегі әкелген көкөністерді тазалауым керек, тағы да ол-пұл сатып алу үшін Умешті базарға жұмсамақпын.

— Сен бәрін де алдын ала ойластырып қойыпсың, қартам. Құданың келуіне бәрі де дайын болады енді.

Осы кезде бөлмеге Нолинакха келіп кірді. Комола әлі де кебе қоймаған басына жамылтқысын түсірді де шығып кетті.

— Ма, өзенге барайын деп жатырсың ғой деймін. Бірнеше күн аялдай түрганың жөн болар, — деді Нолинакха.

— Өзіңнің дәрігер екенінді ұмытшы, Нолин. Гангқа шомылмаған адам өлмейді емес қой, — деп қарсылық көрсетті Хемонкори. — Кетейін деп жатырсың ғой тегі? Ертерек келетін бол...

— Не үшін, ма?

— Бүгін Оннода-бабу келіп, саған оң батасын беретінін айтуға ұмытып кетіппін.

— Батасын бермек? — деп таңырқады Нолинакха. — Мұндай думанның керегі не? Оны мен күнде көріп жүрген жоқпын ба?

— Кеше мен Хемнолиниге білезік сыйладым, оң батамды бердім, ал Оннода-бабу неге бүйте алмайды? Қысқасы кешікпе. Олар түскі тамаққа келеді.

Әңгіме осымен бітті. Хемонкори шомылам деп өзенге кетті, ал үлкен ой басқан Нолинакха басын төмен салып қалаға жөнелді.

ЕЛУ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Ромешті көріп жүгіре жөнелген Хемнолини өз бөлмесіне барып кірді де, есікті жауып алды. Содан кейін төсегіне сылқ етіп отыра кетті. Көп уақыт өтті, Хемнолинидің көңілі орныға да бастады. Сол шақта ол өз қылығы үшін қатты ұялды да.

"Не себептен мен Ромеш-бабуды былайша қысылмай-ақ, еркін кездестірмедім? Соншама ұят қылыққа еріксіз баруыма не себеп болды?

Өзіме-өзім сенбеуім керек пе сонда? Жоқ, бұлай толқи беруім жөн емес", — деп бекінді қыз.

Хемнолини еркін түрегелді де бөлмеден шықты.

"Бұл жолы қашқалақтамаспын! Өзімді-өзім ұстай білейін", — деді ол бақшаға беттей беріп. Ромешпен қайта кездеспек ойы бар. Содан кейін әлде бірдемені есіне алды да, бөлмесіне қайтып барды. Қобдишаны ашты, Нолинакханың анасы сыйлаған білезікті қолына салды. Болашақ тартысқа осылай қаруланған Хем басын көтере ұстап бақшаға қайта шықты.

— Хем, қайда бармақсың? — деп сұрады оны көрген Оннода-бабу.

— Ромеш-бабу мен дадам қайда?

— Олар кетіп қалды.

Одан әрі өзін-өзі сынаудың қажеті болмай қалғанын білген қыздың арқасы кеңіп қалды.

— Қазір... — дей берді Оннода-бабу.

— Ие, не, әке... мен қазір-ақ дайын боламын, — деп қызы оның сөзін бөліп жіберді. — Ұзақ шомылып жатпаймын, экипажды шақыра берсең де болады.

Хемонкоридың үйіне бару жайындағы Хемнолинидің бұл ынталығы оның дағдылы қылығы емес еді. Оннода-бабуға күтпеген жасанды бірдеме сияқты болып көрінді. Ол қызының халін ойлап тағы да мазасызданып қалды.

Хемнолини асыға шомылып, киінді де әкесіне келді.

— Экипаж келген жоқ па? — деп сұрады әкесінен.

— Жоқ әлі.

Экипаждың келуін күткен Хемнолини бақшаға шықты да, саяжолмен олай-былай жүре бастады. Ал Оннода-бабу болса, шипанға барып отырды, шыдамсыз бір күйге түскендей шашын сипалай берді.

Сағат ертеңгі он жарымда олардың екеуі де Нолинакханың үйінде отырды. Дәрігердің өзі әлі орала қойған жоқ екен. Қадірлі қонақтардың көңілін Хемонкоридың өзі аулауға тура келді.

Ол Оннода-бабудың хал-жайын, отбасы жайын сұрай отырды.

Анда-санда көз қиығын Хемнолиниге де салып қояды. Не себепті қыз реңкінен қуаныш нышаны сезілмейді? Үлесіне мынадай бақыт тигенде оның жүзі атып келе жатқан таңдай құлпырып кетуге тиісті ғой. Ал Хемнолинидің жүзінде керісінше қайғы нышаны сезілердей еді. Бұл жағдай Хемонкоридің жанына тым ауыр тиді.

"Нолинакханың көңілі кеткен қыздың қайсысы болса да мұндай ретте қуаныштан масайрап отырған болар еді. Ал мынау білімім бар деп кісімсіне қалған болса керек. Өзін одан жоғары ұстайтын болғаны ғой. Әйтпесе, ойлы да салғырт кейпін қалай түсінуге болады? — деп толғанды Хемонкори. — Кінә өзімнен. Қартайған шағымда шыдамсыз болып кеттім. Айтқанымды бірден орындатпай-ақ, аялдай тұруыма болатын еді! Анық-қанығын білмей жатып, Нолинге жырынды болып, мінез-қылығы қалыптасып қалған қызды алып бермек болдым! Рас, толғанып жататын уақытым да жоқ.

Бұл дүниелік ісімнің бәрін тезірек жайғастырып, оралмас сапарға аттануды ойластыруым керек қой".

Оннода-бабумен әңгіме үстінде оны осы бір ойлар мазалап, ала көңіл ете берді.

— Тойға асықпасақ та болады ғой деймін, — деді ол — Балаларымыздың тісі шыққан. Мұның бәрін өздері де шеше алады. Асықтырмауға тиіспіз. Хемның бұл іске қалай қарайтынын білмеймін. Ал Нолин болса, әлі де пісіріп, меңгеріп болған жоқ.

Оның бұл сөздері ең алдымен Хемнолиниге арналған еді. Өйткені ол алда тұрған тойға соншама ілтипат қуаныш көрсетіп отырмағандай. Осы ретте Хем мен әкесі бұл құдалыққа Нолинакханың есі шыға қуанып жүр екен деп ойлап қалмасын деген ниет болды Хемонкориде.

Осында қонаққа келерде Хемнолини өзін қуанышты, сергек ұстауға бар күшін салып бағып еді. Міне енді керісінше шықты. Бір сәт көңілденген болады да содан кейін тағы да жабығып, бұйығып қалады. Хемонкоридің үйіне келген соң оны ғаламат бір сезім күдік билеп алды. Осы үйден басталар өз болашағы таусылмас бір азап мехнат сияқты болып кетті.

Үлкендер бір-біріне әзіл айтып, құрмет көрсетіп отырды. Ал Хемнолини өз күшіне деген сенімсіздікпен алысты. Жанын ауыртқан да осы болды. Хемонкори тойды кейінге қалдыру жайын әңгімелегенде қыздың ішкі дүниесінде бір-біріне қайшы екі сезім айқасып кетті. Бір жағынан, ол егер күйеуге тезірек шықса, осы бір азапты ауытқулар мен күдіктен тезірек арылатын сияқты көрінді. Сөйтіп тойдың тезірек өткені дұрыс. Екінші жағынан, тойды кейінге қалдырайық дегенде Хемның ауыр бір жүгі түскендей жеңіліп қалды.

Қыз бұған қалай қарар екен деген есебі бар Хемонкори Хемнолиниден көзін алмап еді. Бірақ оның жүзінен тыныш бір қалыпты байқап, назаланыңқырап кетті. "Мен Нолинді тым арзан санаған екенмін" деп ойлады. Және Нолинакха кешіккен сайын қуаныш ете берді.

— Нолиннен басқа біреу болса осылай етер ме еді! — деді Хемонкори Хемнолиниге қарап отырып. — Сендердің келетіндеріңді білсе де, кешігіп жатқанын көрмейсің бе?

Жұмысты ерте тындыруына да болатын еді. Ал менің басым ауыра қалса, бәрін де тастайды. Қасымнан шықпайды. Тіпті бұл өзіне шығын болса да солай етеді.

Содан кейін Хемонкори дом дайын болды ма екен біліп келейін деп шығып кетті.

Ол Хемнолиниді Комоламен бірге қалдырып Оннода-бабумен оңаша сөйлеспекші еді.

Ac үйге келген соң, дәмнің дайын, бұқтырулы тұрғанын көрді. Комола болса бір бұрышта отыр. Өзімен-өзі болып терең бір ойға шомып қалған. Оқыстан келген Хемонкориді көріп шошып кетті, асып-сасып қалды, тез ұшып түрегелді.

— Харидаси, тамақ пісіруден басқаны ұмытыпсың ғой, — деді Хемонкори.

— Бәрі де дайын болды, шеше, — деп жауап берді Комола.

— Олай болса мұнда неғып жалғыз отырсың? Оннода-бабу қартайған адам, ұялатын ештеңе де жоқ. Хемді өз бөлмеңе шақырып ал да әңгімелес. Мен сияқты кемпірдің сөзін тыңдатып зеріктіріп қайтесің.

Хемонкори Хемнолиниге наразы болып ренжіп қалса, Комоланы сонша еркелете сөйледі.

"Не жайында сөйлеспекпін? — деп үрейлене сұрады Комола, — ол болса, білімді қыз, ал мен ештеңені де білмеймін.

— Бәлсінбей-ақ қойсын! — деп Хемонкори дауыстап жіберді. — Қызым, сен ешкімнен де кем емессің. Хем өзінің білімділігін мақтан ете берсін, ал сен сияқты сүйкімді қыздар кездесе бермейді. Кітап оқыған қыздың бәрі де оқымысты бола алады, бірақ көркі менен асып кете алмайды. Жүр, Харидаси! Айтпақшы, киімің ұнаспайды екен. Кел, мен сені киіндіріп шығарайын.

Хемонкори тәкаппар Хемнолинидің намысына тимею болып, бар ынтасын салып бақты. Комоланы әдемі киіндіріп менменсіп мұрнын шүйіріп отырған Хемнолинидің қатарына апармақ, сөйтіп мына бір қарапайым сұлу қызды бетке ұстап, біржола басып тастамақ болды. Ол тіпті Комоланың қарсылығын да тыңдамады, сонша бір талғам шеберлігін қолданып ашық көк жібек сариді әкеп кигізді де, шашын сәнмен тарап берді. Содан кейін қыздың ол жағынан бір, бұл жағынан бір шығып көре бастады. Өз ісіне де разы, қыз сұлулығына да табынғандай, сондай бір сезім үстінде Комоланың маңдайынан да сүйіп алды.

— Қандай сұлусың, тіпті, Раджаның жары болуға да жарайсың!

— Шеше, олар оңаша отырып қалды ғой! — деп Комола оның сөзін бөліп жіберді. — Онсыз да біз көп күттірдік қой қонақтарды.

— Мейлі, отыра берсін! Мен сені киіндіріп болмай бұл жерден тырп етпеймін.

Ақыры өзі де киініп дайын болды.

— Ал, қарағым, жүр енді! Жүр! Ең бастысы қысылып, қымтырылма, — деп Хемонкори, — сені көргенде колледжде оқыған сұлулардың бәрі де жүрексініп басылып қадады! Олардың алдында басыңды име.

Хемонкори Комоланы қонақтар отырған бөлмеге зорлап кіргізді. Байқап қараса, Нолинакха келіп қалыпты, жайласып әңгімелесіп отыр екен. Комола шығып кеткісі келіп еді, Хемонкори қақпалап жібермеді.

— Ұялма, жаным, бұлардың бәрі де өз адамдарымыз.

Қарт әйел Комоланың сұлулығын да, киімін де мақтаныш етеді. Оның бар ниеті жұртты таңқалдыру еді.

Хемнолини мұның баласын менсінбеді ғой, соған Хемонкоридің апалық мақтанышы жасып қалғандай еді, сол себепті ол қысастық ойлап Нолинакханың көзінше болашақ келінін жәбірлеп тастағысы келді. Шынында да Комоланың сұлулығы жұрттың бәрін де қайран қалдырды. Хемнолини бүл қызбен ең алғаш кездескенде ол қарапайым ғана киінген болатын және қатты ұялып, қаға берісте елеусіз қалуға тырысқан еді. Оның үстіне бұған мон беріп қарауға Хсмнолинидің уақыты да болмаған еді. Ал, бүгін Комоланың мына көркі қайран етті. Хемнолини түрегелді. Содан кейін қымсынып, ұялып тұрған Комоланы қасына отырғызды.

Хемонкори масайрап, шалқып кетті. Комола — тәңірдің өзі сүйіп жаратқан сұлу жаны. Отырғандардың бәрі де сол пікірге келісетініне ол кәміл сенеді.

— Өз бөлмеңе барып Хеммен сөйлесе тұруыңа болады, — деп ұсыныс жасады Хемонкори. — Тамақты өзім-ақ берейін.

Комола толқып кетті. Таяу күнде осы үйдің иесі болып, Нолинакханың жары болып келетін Хемнолинидің өзіне қалай қарайтынын білгісі келеді. Оның қандай ықылас қатынаста болатыны бұған қалай болса, солай қарайтын жай ғана нәрсе емес. Шындап келгенде бұл үйдің иесі Комола болуға тиісті еді, бірақ мұны мойындағысы да келмейді оның. Қызғаныш етуді де ойламайды. Өзі үшін Комола ештеңені де талап етпекші емес.

— Жайыңды шешем айтқан еді маған, — деп Хемнолини оған жылы мейрімді жүзбен қарады. — Қатты аяймын сені. Енді мені өзіңнің туған апандай көр. Апа-сіңлің бар ма еді?

— Немере болмаса, бірге туған ешкімім де жоқ, — деп жауап берді Комола. Хемнолини дауысындағы достық пен мейірімділікті бағып сергіп те қалды.

Менің де апа-сіңлім жоқ, — деді Хемнолини. — Шешем тіпті кішкентай күнімде дүние салыпты. Қуаныш пен қайғы үстінде апа, сіңлім болсайшы деп қаншама арман етпедім. Жас күнімнен басыма түскен қайғы-қасіретке іштей тынып, төзіп жүруші едім, бұл бір дағдыға айналып кеткен жай, ешкіммен де ашық, жақын келіп сөйлесе алмаймын. Соған қарап жұрттың бәрі мені тәкаппар қыз деп санайды. Ал, жаным, мен туралы сен олай ойлама! Үндемеуге, іштен тынып жүре беруге үйренген жанмын мен.

Қысылып отырған Комола ашыла бастады.

— Диди, сен мені жақсы көресің бе? Қандай ақымақ екенімді әлі білмейсің ғой, — деп сұрады ол Хемнолини езу тартты:

— Жақын келіп, білісе бастағаныңда менің де ақымақ екенімді түсінесің. Кітаптан білген аз ғана нәрселер болмаса, ештеңені білмеймін. Осы үйге келген соң, мені қалдырып кете көрме. Үй ішіндегі шаруашылықтың бәрі маған жүктеледі дегенді ойласам, жаным түршігіп кетеді.

— Оның бәрін маған-ақ бер! — деп Комола жас балаша сенгіштікпен айтты. — Кішкентай күнімнен-ақ шаруашылықпен айналысып келемін. Ол маған жат нәрсе емес. Біз апалы-сіңлілі адамдардай үй шаруашылығын бірге атқаратын боламыз. Сен оның бақытын ойлайсың, ал мен екеуіңе қызмет етемін.

— Міне, дұп-дұрыс, жаным, — деді Хем. — Сен өз күйеуіңді жақсылап көрмеген де сияқтысың ғой деймін? Қандай екені есіңде жоқ па?

Комола тура жауап беруден бас тартты.

— Диди, мен оны есіме аламын деп ойламаған едім. Бірақ ағайымның үйіне ауысып келгеннен кейін, өзімнің немере апам Шойламен достасып кеткен едім. Және оның өз күйеуін соншалықты беріле сүйетініне көзім жетті. Мен сонда тана өз парызымды түсінген едім.

Мұны саған жеткізіп айту да қиын... Бірақ нанасың ба, күйеуімді анықтап көрмесем де, шындап сүюді үйрендім. Тәңірім маған тым мейірімді екен. Қазір көңілімде күйеуімнің бейнесі айқын орнап қалған. Ол мені әйелім деп қарамай-ақ қойсын, сонда да мәңгі-бақи өзіммен бірге болмақ.

Комола сөзінде шын ғашық жарға деген жалынды махаббат сезілердей еді. Соған Хемнолини қатты әсерленіп қалды, мейірлене түсті. Аз-кем үнсіз отырғаннан кейін ол былай деді:

- Мен сені түсінемін. Осы сезімдеріңнің бәрі анық өзіңе тән нор. Ал өзімшілдікпен, пайдакүнемдікпен келгеннің бәрі ұзаққа бармайды.

Хемнолини айтқан бүл сөздердің мән-мағынасын Комола түсінді ме, жоқ па, айту қиын. Біраз уақыт Хемнолиниге қарап отырды, содан кейін былай деді:

— Мен өзімді қайғы теңізіне батырғым келмейді, сол себепті бақыттымын да. Алғанымның бәрі — еңбегімнің жемісі.

Хемнолини Комоланың қолын алды.

— Менің ұстазым былай дейтін еді:

"Егер де жоғалтқаның мен тапқаның астасып бір затқа айналып кететін болса, өзіңе тән нәрсе сол болмақ", шынымды айтайыншы, сіңлім, егер де сен сияқты бас пайдамнан баз кеше алсам, шын бақытты болар, едім.

Хемнолинидың осы бір сөзіне Комола таңырқап қалды.

— Диди, не бұлай дейсің? — деді ол. — Сенің бағаң зор, сол себепті ешбір жайда кемшілігің де болмайды.

— О, өз үлесіме тиетінге қолым жетсе, соған да қуанған болар едім, — деп дауыстап жіберді Хемнолини. — Ал, артыққа қол созу мен үшін әрі қайғы да, әрі үлкен жауапкершілікті керек етеді. Әрине, сөзім саған оғаш та көрінер, тіпті өзіме-өзім де қайран қалатын сәттерім болады. Мүмкін осындай бір мінез, қылықты тәңірім өзі сыйлаған шығар. Бүгін жүрегімді зіл басқандай еді, сенімен әңгімелескеннен кейін, аздап шерім тарқаған сияқты, өзімді еркін сезінетіндеймін. Ашық сөйлескенім де содан. Басымда мұндай хал болып кірген де емес еді. Не керемет жасадың маған, сіңілім?

ЕЛУ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Хемнолини үйіне қайтып оралса, қонақ үйдегі үстел үстінде өзіне арналған бір қалың хат жатыр екен, Ромештің хаты екенін ол бірден таныды. Жүрегі тулай соғып кетті. Бөлмесіне кіріп, есікті жауып алды да оқи бастады.

Ромеш Комоламен арада болған жағдайды ашық жазған екен. Қорытындысында былай депті:

"Тәңірім табыстырған достық жібін жағдай үзді. Сен енді басқаны сүйдің. Ол үшін жазғырмаймын да. Сен де мені айыптама. Шындап келсе, Комола менің бір күн де әйелім болған емес. Сонда да жасыруға арым бармайды, уақыт озған сайын ол мені өзіне тарта берді, тарта берді. Содан енді арылып болған-болмағанымды да анық білмеймін. Егер де мені жұртыңа тастап кетпесең, өз махаббатыңнан тірек тапқан, тынышталған болар едім. Сондай бір үміт-тілекпен жаралы жанымды алып келген едім бүгін саған. Қашқақтай бергеніңді көрдім, шексіз жек көретініңді таныдым. Қолыңды біреуге беруге көнгеніңді ести салысымен жан дүниемде бұрынғы күдіктер қайта оянып кетті. Комоланы ұмыта алмайтыныма көзім жетті! Бірақ қалай еткен күнде де өзімнен басқа ешкім де зарықпасын, қасірет шекпесін. Ал мен неге азап шегуге тиістімін? Өміріме үлкен мағына әкелген екі нәркес қызды ұмыта алмаймын. Асыл сезіммен, қадірмен тұтып ойлайтын боламын. Бүгін таңертеңгі жалт етіп көріне түсіп, жоқ болғаның қатты тебірентіп жіберді. Үйге қайтып оралған бетте дүниеде менен бақытсыз жан жоқ екен ғой деп ойладым. Ал қазір олай дегім келмейді. Қуанышты түрде сабырмен ғана қош айтыспақпын сенімен. Кешіруіңді өтінемін. Сен екеуіңнің арқаңда осы бір айырылысу шағында тәңірінің мейірімі түскен болса керек, өкініш, қайғым жоқ тіпті. Бақытты бол! Дегеніңе жет! Жиіркеніп кетпе менен, оған дәлелің де жоқ".

Хатты оқып болған соң Хемнолини әкесіне тартты. Оннода-бабу креслода кітап оқып отыр екен.

— Сырқаттанып қалған жоқсың ба, Хем? — деп сұрады қызының түсінен шошып кеткен ол

— Жоқ, саумын, — деп Хемнолини қысқа ғана жауап берді. — Ромеш-бабудан хат алдым. Оқы да, қайтып бер өзіме.

Хем хатты әкесіне ұсынды да шығып кетті. Оннода-бабу көзілдірігін киді де, Ромештің хатын бірнеше рет оқып шықты. Содан кейін қызына беріп жіберді де, терең ойланып қалды. Ақыры мынадай қорытындыға келді:

"Мүмкін істің беті жаңа оңғарылған болар. Күйеу есепті Нолинакха Ромештен гөрі салмағы басым, ұнасымды ғой. Ромештің кетіп қалам деген тоқтамға келгені жақсы болған". Оның бүл ойын Нолинакханың келгені үзіп жіберді. Олардың хош айтысқаны жаңа ғана еді. Нолинакха күтпеген жерден келген соң Оннода-бабу елеңдеп қалды.

"Нолинакха Хемды қатты сүйіп қалған болса керек" — деп ойлады да, мырс етті.

Ол өзінің қалай кетіп қаларын, жастарды қалай оңаша қалдырарын ойлап отырғанда Нолинакха соз бастап кетті.

— Өзіңіз білетіндей, қызыңызбен қосылуды қарастырып жүрміз ғой. Содан бұрын сізбен сөйлесіп алайын деп едім.

— Өте жақсы! Құлағым сенде, — деді Оннода-бабу.

— Бір уақытта менің некелі болғанымды сіз білесіз ғой.

— Білемін, дегенмен...

— Оныңызды естімеген едім! Бұлай болса, әйелімді өлді деп санайсыз ғой... Бірақ өлмеді деп те ойлауға болады. Мен өзім тірі деп санаймын.

— Лайым осылай болсын деп тілеймін тәңірден, — деп Оннода-бабу көтеріле сөйледі. Содан кейін қызын шақырды, — Хе, Хем!

— Не боп қалды, әке? — деп сұрады бөлмеге кіре берген Хемнолини.

— Әлгі саған Ромеш жазған хаттың бір бөлімін...

— Нолинакха-бабу онымен түгелдей танысуға тиісті, — деп Хемнолини хатты берді де қайта шығып кетті.

Нолинакха хатты оқып шықты, тіпті үн қата алмай қалды.

— Мұндай қайғылы оқиға тым сирек болады ғой, — деп тыныштықты Оннода-бабу бұзды. — Әрине, бүл хат жаныңызды ауыртқан да болар. Ал жасырған болсақ, адалдыққа жатпас та еді.

Нолинакхада әлі үн жоқ. Аз-кем уақыттан кейін түрегелді де хош айтысты. Оннода-бабу үйінен шығып бара жатып, солтүстік жақ шипаннан Хемнолиниді көзі шалып қалды. Қыз қозғалмастан, тыныш бір қалыпта тұр, сырты бүтін болғанмен іші түтін еді, оның! Не ойлап тұрғанын аңғару да қиын. Бір сәтте Нолинакханың көмек керек емес пе деп сұрағысы келді, бірақ батылы бармады. Ие, мұндай сауалға ол жауап бере де қояр ма еді?

"Жұбандыратындай не күш бар оны? Кейде адамдардың арасында өте алмайтын кедергілер де тұрып қалады. Адам жаны тірек, таянышы жоқ қаншалықты жалғыз десеңші!" деп ойлады ол

Нолинакха экипажына бет алып бара жатқан бойда, Хемнолини тұрған шипанға жанаса өтуді ойлап, әдейі бұрыла жүрді. Хемнолини тіл катар, дыбыс берер деп күтіп еді, бірақ жақындап келгенде қыздың кетіп қалғанын көрді.

"Басқа адам жүрегінің тереңіне бойлау қандай қиын. Адам қатынасы деген күрделі де шытырман-ау" — деп Нолинакха мұңая күрсінді экипажға отырып жатып.

Нолинакха кетісімен Джогендро келген еді.

— Жалғызсың ба, Джоген? — деп сұрады Оннода-бабу.

— Міне қызық, тағы кімді күтіп едің? — деп баласы таласа сұрақ қойды.

— Кімді дегені қалай? Ромеш ше?

— Өз қадірін білетін адамға сен көрсеткен сыйлықтың бірі де жеткілікті. Бұдан кейін Бенарес маңында Ганг өзенінің суына кетіп өліп, жалған тәннен жанды алу ғана қалады! Қайтып оны көрген жоқпын. Тек үстелімнен: "Мен кеттім, Ромешің" деген бір жапырақ қағаз ғана тауып алдым. Мұндай поэзияны мен түсініп көрген емеспін. Сол себепті бүл жерден қарамды өшіремін. Аға оқытушылық қызметімде бетке шіркеу болар дәнеңе де жоқ, бәрі де нақтылы, бәрі де айқын.

— Сонда да Хем жайында бір шешім жасауымыз керек қой, — деп Оннода-бабу сөз қағыстырып қалды.

— Тағы да! — деп Джогендро ашына айтты, — айтқанымды тыңдадыңдар ма! Тойдырып болды бұл ойындарың. Енді қайтып мені оған кірістірмей-ақ қойыңдар. Түсінбегеніме шыдамым да жетпейді, ал Хем болса, бір керемет қабілеті бар оның: ойда жоқта адамның ақыл-ойы жете алмайтын жұмбақ бола қалады. Есімнен адастырып жіберді тіпті. Ертеңгі пойызбен жүріп кетемін. Жолшыбай Банкипурға соқпақпын.

Оннода-бабу үнсіз ғана басын сипады. Дүние оған шешіліп болмас жұмбақтарға толы ғаламат сияқты болып кетті.

АЛПЫСЫНШЫ ТАРАУ

Бенарестен жүріп кетердің алдында Шойлоджа әкесімен бірге Комолаға амандаса кетейін деп кірді. Шойла мен Комола бөлініп жалғас бөлмеге кірді де күбірлесіп, әлдене жайында ұзақ сөйлесті. Бұл кезде Чокроборти Хемонкоримен әңгімелесіп отыр еді.

— Демалысым бітті. Ертең Гаджипурға жүрмекпін, — деді ол — Егер де Харидаси сізді мезі етіп жіберген болса...

— Сіз тағы да баяғы бірдеңенің басын ауыртып кеттіңіз-ау, Чокроборти мырза! — деп Хемонкори оны тоқтатып тастады. — Шынымен солай ойлайсыз ба? Болмаса, қызыңызды алып кетудің қарызы ма мұныңыз?

— Берген сыйлығын қайтып алар адам мен емес, — деп жауап берді ағай, — ал егер қолайсыз болса...

— Сіз бір қулық жасап отырсыз. Өйткені, мына Харидаси сияқты бүлдіршіндей қыздың қасында болудан сүйкімді ештеңенің де жоқ екенін өзіңіз де жақсы білесіз той. Сонда да...

Чокроборти оған сөзін аяқтатуға мұрша бермеді.

— Жақсы, жақсы, ол жайында енді сөйлеспей-ақ қояйық! Харидасиім жөнінде өз аузыңыздан тағы да бір жылы сөз естимін деген кішкентай ғана амалым еді. Мен басқаға мазасызданамын. Нолинакха оны оз үйіне басып кірген ібіліс деп ойламай ма екен? Менің қызым тым тәкаппар. Егер де Нолинакха-бабу иненің жасуындай болса да бір ұнатпайтындығын сездіріп алса, оған тым ауыр тиеді.

— О, Хари! — деп Хемонкори көтеріңкі түрде сұрана сөйледі. — Менің балам ұнатпайды? Ойбай-ау, оның тіпті икемі келмейді ғой мұндайға!

— Тіпті жақсы! Бірақ айтайын дегенімді түсініңіз! Мен Харидасиді өз өмірімнен де артық көремін, — деп ағай әңгімесін жалғай берді. — Әрі мәселе оған келіп тірелетін болса, азға қанағат етеді екен демеңіз. Харидаси Нолинге қарсы келмейді, аяғына тұсау болмайды, сөйтсе де Нолинакха оған көз алартпайды деген жеткілікті емес маған, Нолинакха-бабу Харидасиды жақын адамым деп танығанға дейін жүрегім орнықпайды менің. Ол үй бұйымы емес, адам ғой. Ал егер Нолинакха оны елемеумен ғана шектеліп, жайын ойламайтын болса...

— Чокроборти мырза, — деп Хемонкори оның сөзін бөліп жіберді. — Не ғып сіз Нолинімнің Харидасиді туғаныңдай көріп кетуге ыңғайы келмейді деп ойлайсыз? Әзірше айқын дәлелім де жоқ, сонда да ұлымның Харидасидің ендігі өмірін қайтсем бақытты етемін дегенді ойлай бастағаны мүмкін нәрсе. Бүл ретте бір нәрселердің басын қайырып тастауы да ғажап емес.

— Мен енді тынышталдым, — деді Чокроборти. — Сонда да Нолинакханың өзімен де сөйлесе кеткенім жөн болар еді. Әйел бақытын ойлауды оз мойнына алатын еркектер дүниеде сирек кездеседі. Ал тәңірім Нолинакхаға бір тамаша қасиет берген. Мен одан алдамшы бір сезімнен қаймығып, Харидасидан қашқақтай берудің керек емес екенін, туған адамдай қамқорлық жасауын тілек етер едім.

Баласына көрсетіп отырған сенім Хемонкориге жағымды тиді.

— Сіз ренжіп қала ма деген үреймен Харидасиді баламнан алысырақ, қақпалап ұстап келіп едім. Бірақ мен өз баламды білемін ғой, күдіктенбей-ақ қойыңыз.

— Сізбен ашық сөйлесейін енді, — деді Чокроборти, — Нолинакха-бабу таяуда үйленбекші екен деген қаңқу соз бар. Келіннің жасы келіп қалғанын да, оқуды да әдеттен тыс көбірек оқып қойғанын да айтады. Сонда ойлайтыным, әлде қайтып Харидаси...

— Түсінемін! — деп Хемонкори ағайдың сөзін бәле сөйледі. — Тынышсызданбай-ақ қойыңыз. Той жасалмайтын болды.

— Құдалықтан айнып кеткендеріңіз бе сонда?

— Айнитындай ештеңе де болған жоқ-ты. Өйткені Нолин басынан-ақ жаратпап еді, мен едім болмаған Бірақ адамды зорлап бақытты ете алмайсың той. Тәңірдің өзі біледі. Ыңғайы жаман, оның әйел алғанын көрмей-ақ өлетін шығармын.

— Жоқ, жоқ, олай дей көрмеңіз! Ал біз не сонша? Бейшарамыз ба? Құдаға тиісті сый-құрметтен өз басым бас тарта алмаймын.

— Аузыңызға май, Чокроборти мырза, — деп Хемонкори күрсініп алды. — Біздің Нолин осыншама жасқа келгенше, үйлі-баранды бола алмағаны қатты батады, бірақ кінә менде. Сөйтіп ештеңені ойлап жатпай-ақ осы бір іске асыға кірісіп едім. Көрмейсіз бе, сәтсіз болды. Енді осымен сіз айналысыңызшы, тек тездете көріңіз, көп тұра да бермеспін бүл дүниеде.

— Тыңдағым да келмейді! Сіз әлі көп өмір сүретін боласыз, болашақ келініңізді өз көзіңізбен көресіз. Сізге қандай келін керек екенін де білемін, тым жас болмай-ақ қойсын, бірақ сізді қалай да сыйлауға, тыңдауға тиісті. Басқа адам қолайлы емес. Мазасыздана бермеңіз енді, тәңір сәтін салса, мен бәрін де жайғастыратын боламын. Ал енді сіз қарсылық етпесеңіз, мен Харидасиға барып, қадарынша ақылымды айтып шығайын. Сізге Шойлоны жіберемін, сізді көргеннен бері аузынан тастамайтын болды, — деді Чокроборти.

— Жоқ, тәуірі, бірге отырып әңгімелесіңіздер. Менің бір шаруаларым бар еді.

— Сіздің "шаруаңыз" болса менің бетімді оңғарғаны ғой. Аз-кем шақтан соң біз оныңызбен таныса алатын шығармыз. Мойныңызға алыңыз, сіздің балаңызға қалыңдық тауып беретін бақытты брахманға дәм әзірлемексіз ғой.

Апалы-сіңлілі екеуі отырған бөлмеге кірген соң Чокроборти Комоланың көзінде жас бұршақтары мөлтілдеп тұрғанын көрді. Үнсіз келіп қызының қасына отырды да, сұрана қарады.

— Папа, мен Нолинакха-бабуға бар сырды ашатын шақ болды деп едім. Ал сенің ақымақ Харидасиің менімен сол үшін ұрсысып отыр, — деп түсіндірді Шойла.

— Жоқ, диди, жоқ, — деп қарсыласты Комола — жалынамын, айтпашы мұны. Мүмкін емес бұл!

— Ақымақсың! — деді Шойла ашулы қалыппен. — Сен үндеме, ал Нолинакха болса Хемнолиниге үйлене берсін. Сонау бір некең қиылған күннен бастап не қорлық көрмедің, өлімші болдың ғой! Тағы да бір жаңа азаптарға бой ұсынуыңның керегі қанша?

— Менің жайымды ешкімге де айта көрме, диди! — деп жалынды Комола. — Мен бәріне де төземін, тек қорлық, масқараға ғана төзе алмаймын. Осы күніме де шүкіршілік. Мен тіпті бақытсыз емеспін. Ал сен отан бәрін айтатын болсаң, қалай қала алмақпын мен бұл үйде? Тіршілігім не болмақшы?

Шойлоджа не деп дау айтарын білмей қалды. Сонда да Нолинакха Хемнолиниге үйленейін деп жатқанда қол қусырып үнсіз ғана отыра беруі мүлде мүмкін емес сияқты оған.

— Той бола ма, жоқ па белгісіз әлі, — деді ағай.

— Ол не дегенің, әке? — деп таңданды Шойлоджа. — Нолинакханың шешесі Хемнолиниге оң батасын беріп те қойған жоқ па!

Чокроборти мынаны хабарлады:

— Тәңірдің рақымы түсіп, ол бата теріске шығыпты. Үрейленбе, жаным Комола, шындық өзің жақта.

Комола ағайға тесіле қарап аңырып қалды. Оның не айтқанына түсіне алмағандай.

— Құда түспейтін болыпты! — деп түсіндірді Чокроборти. — Нолинакха-бабу бұл қызда көңілі жоқ екенін айтқан екен, шешесінің саңылауы ашылыпты.

— Азаптан құтылдық, әке! — деп қуанған Шойлоджа айқайлап жіберді. — Құда болыпты дегенді кеше естіп, түн баласына көз шырымын ала алмай шығып едім. Дегенмен Комола өз үйінде өлі де жат адам болып ұзақ тұра ма? Шындық қашан жария болмақ?

— Шойла, асықпау керек, өз уақытымен бәрі де тынатын болады, — деді Чокроборти.

— Қазіргі күнімді де қанағат етемін, — деп Комола олардың сөзіне араласты. — Бұдан артық не болмақшы. Мен енді бақыттымын. Жақсылық етемін деп бүлдіріп аласыздар, ата. Аяғыңызға жығылайын, менің жайымды ешкімге де айта көрмеңізші, осы бір аулақ мекенде қалдыра көріңіз, менің тірі екенімді ұмыта көріңіз. Онсыз да мен бақыттымын.

Комоланың көз шарасы жасқа толып кетті.

— Қарғам, жылағаннан не өнеді? — деп Чокорборти қинала сөйледі, — не айтқың келгенін мен жақсы түсінемін. Тыныштығыңды бұзбаймыз. Тағдырдың өзі ор нәрсенің өз орнын тауып, жайғастырып келеді той біртіндеп. Ал біз соның шырқын бұзамыз десек, есуастық болар еді. Қорықпа! Мен көпті көрген қарт адаммын, қыбын таба білемін.

Сол шақта бөлмеге ор қашан да шат жүзді Умеш келіп кірді.

— Саған не керек? — деп сұрады одан Чокроборти.

— Анда төменде Ромеш-бабу келіп түр, дәрігерді көргісі келеді.

Комола қуарып кетті. Чокроборти ұшып тұра келді де былай деді:

— Үрейленбе, жаным, бәрін де өзім жайғастырамын. Ол төменге барды да Ромешті қолынан алды.

— Жүріп қайталық, Ромеш-бабу. Серуендей жүріп сөйлесетін боламыз.

— Сіз мұнда қайдан келіп қалдыңыз? — деп таңданды Ромеш.

— Сіздің қамыңызды ойлап жүрмін, кездескенімізге қуаныштымын. Бөгелмеңіз, жүріңіз. Айтар сөзім бар.

Чокроборти Ромешті сыртқа алып шықты.

— Мұнда неге келдіңіз, Ромеш-бабу? — деп сұрады Чокроборти, Нолинакханың үйінен ұзап шыққаннан кейін.

— Нолинакха дәрігермен сөйлесейін деп едім. Комола жайындағының бәрін де айтуды қажет деп білдім. Кей сәтте ол маған тірі сияқты болады да тұрады.

— Жақсы, Комола аман қалды да, Нолинакхамен кездесті делік. Сонда оның жайын сізден есту дәрігерге көңілді бола ма? Бұрын үйренісіп қалғаны бар, егер де істің мән-жайын жете білсе, одан Комолаға жақсылық бола қалар ма екен?

— Жұрттың қалай қарайтынын мен білмеймін, бірақ Комола күнәлі емес екенін Нолинакха түсінуге тиісті. Ал егер Комола шынымен өліп кеткен болса, Нолинакха оның аруағын сыйлап жүретін болсын.

— Қазіргі жастар, мен сендерді мүлде түсінбеймін! — деп Чокроборти көтеріле сөйледі. — Комола өліп қалған болса, аруағы дегенді айтып, күйеуінің соңынан қалмаудан не шықпақ? Оның үстіне ол не бәрі бір-ақ түн күйеу болды той! Ал мен тұрған үй — мынау. Ертең азанда келші, бәрін де түсіндірейін өзіңе. Тек Нолинакха-бабуға менен бұрын көріспеймін деп уәде етіңіз.

— Жақсы! — деп Ромеш көніп қалды. Чокроборти онымен қош айтысты да, Нолинакханың үйіне қайтып оралды.

— Қарғам, ертең азанда сен біздің үйде болатын бол. Ромеш-бабумен өзің сөйлесетін боласың, — деді ол Комолаға.

Комола төмен қарап қалды.

Чокроборти әңгімесін жалғай берді:

— Басқаша етуге болмайды. Ар-парыз дегенді бұрынғылардай емес, қазіргі заманның жастары мүлде басқаша түсінеді. Қобалжи берме. Өз басыңды басқа ешкім де қорғай алмайды қазір. Бұл жайында біз сен үшін ештеңе де істей алмаймыз.

Комола сол төмен қараған бойы отыра берді.

— Бетіңді дұрыстадық, — деді Чокроборти. — Ендігі қалған аз кедергіні өзің де бұзып өтуге тиіссің.

Біреудің келе жатқан дыбысы естілді. Комола есікке қарап еді, қарсы алдында табалдырықты аттап келе жатқан Нолинакханы көрді. Бір-біріне көздері де түсіп кетті. Бұрын мұндай ретте Нолинакха көзін тайдырып әкететін еді, бұл жолы өйтпеді. Бір сәт Комолаға қадалып тұрып қалды. Өзіне қатысы жоқ жай нәрсеге салғырт көз салғанда пайда болатын жаттық, тосырқаушылық та жоқ секілді. Нолинакха Шойлоджаның отырғанын байқап шығып кетуге оңтайланып еді, Чокроборти ұстап қалды.

— Кете көрмеңіз, Нолинакха-бабу, — деді ол — Біз сізді жақын адамымызға санаймыз. Бұл менің қызым — Шойла, сіз оның баласын емдеген болатынсыз.

Шойлоджа Нолинакхаға иіліп сәлем етті.

— Қызыңыздың денсаулығы қалай? — деп сұрады ол жарыса тағзым етіп.

— Құлан таза жазылып кетті, — деп жауап берді Шойлоджа.

— Сіз еш уақытта да достарыңызбен таныстырмайсыз, — деп бастады сөзін Чокроборти. — Ал, бүгін мұнда осы бөлмеге кіріп қалған екенсіз, бізбен бірге әңгімелесіп отыра тұрыңыз.

Чокроборти ағай орын нұсқап дәрігерді отырғызып жатқанда, Комола бөлмеден шығып та кеткен еді. Жаңағы бір қадалып қалған Нолинакха көзі мұның жанына шаттық нұрын сепкендей еді. Комола өз бөлмесіне беттеді, туып қалған жаңа сезімді оңаша отырып сараламақ болды.

— Мен сіздің мазаңызды алуға тиіспін, Чокроборти мырза, — деді осы кезде бөлмеге кірген Хемонкори. Чокроборти күліп әзілдей сөйледі:

— Сіз кеткеннен бері екі көзім торт болып "мазамды қашан алады" деп есікке қарап отырмын.

Жұрт тамақ ішіп болғаннан кейін тағы да қонақ үйге жиналды. Чокроборти былай деді:

— Сол ғана отыра тұрыңыздар, мен қазір ораламын. Чокроборти коп кешікпей Комоланы алып кірді. Оның артында Шойлоджа бар.

— Нолинакха-бабу, — ол дәрігерге бұрылды, — біздің Харидасиға сіз жат адам деп қарауға тиісті емессіз. Мен бұл бақытсыз қызды осы үйге қалдырып кетпекпін, сонда сізге, сіздің анаңызға сеніп қалдырмақпын. Сізге адал қызмет етуден басқа дәнеңе керек емес оған. Жаман қылық көрсетпесіне көп кешікпей көзіңіз жететін болады.

Ұялғаннан Комоланың екі беті дуылдап, қызара қалды.

— Ол үшін алаң болмай-ақ қойыңыз, Чокроборти мырза, — деді Хемонкори. — Харидаси оз қызымдай болып кетті. Біз әлі оған қандай жұмыс тапсырамыз деп ойлап жатуға мұршамыз да келген жоқ. Бір кезде бүл үйдің алдына жан шықпайтын қожасы мен болатын едім, міне енді содан айырылып та қалдым.

Қызметшілер мені үй қожасы деп есептемейді. Сол бір үстемдіктен қалай айырылып қалғанымды ойласам, тұйыққа қамала беремін. Үйдің кілті әр уақыт менде болатын еді, Харидасидің оны қалай алып қойғанына да қайранмын. Айтыңызшы, осы бір кішкене тентегіңіз үшін енді нені тілейсіз. Егерде оны бізден алып қойғыңыз келетін болса, бұл — дүниедегі бір сойқан тонау болмақ.

— Мен алып кетем дегенмен оның өзі ере де қоймас, оған амандай сеніңіз. Сіздің сыйқырлап тастағаныңыз сондай, дүниеде басқа да адамдардың бар екенін ұмытып та кеткен сияқты. Ұзақ уақыт бақытсыз болды, ақыры міне сізге келіп, жайлы, тыныш мекен тапты. Тәңірім соны баянды етсін, сіздің әрқашан да мейіріміңізді түсіріп отырсын. Қоштасарда берер батам осы.

Чокробортидың көз шарасы жасқа толып кетті. Осы бір әңгіме үстінде Нолинакха тым-тырыс үндемей қалған еді. Қонақтар кеткеннен кейін, енжар басып өз бөлмесіне беттеді.

Батып бара жатқан күн оның бөлмесіне қалындық шырайындай қызыл сәулесін төгіп тұр. Сол бір нұр қолқадан тараған қандай оның бар мүшесін аралап, жүрегіне от салып кеткендей болды.

Нолинакха достарының бірі бүгін азанда бір себет раушан гүлін беріп жіберген еді. Сол гүлдермен бөлмелерді сәндендіріп қоюды Хемонкори Комолаға тапсырған болатын. Қыз бір гүл шоғын Нолинакха бөлмесіне апарып қойған-ды. Міне енді үй ішінде жұпар иіс аңқып тұр. Ашық терезеден түскен алтын арай күн нұры мен тыныштық, раушан гүлінің аңқыған жұпар иісі — бәрі де Нолинакханы бір түрлі тебірентіп, толқынтып жіберді. Ұзақ жылдар бойы мейірімсіз ғылым дүниесінде тіршілік етіп, адамға тән нәпсіден тартынып қалған еді. Міне енді ойда жоқта, тіпті, жақыннан ғажап та белгісіз бір күй аспабы сөйлеп кеткендей болды. Кең аспан көзге көрінбес биші қыздардың дыбысына, аяққа киген білезіктердің сыңғырына толып кеткендей.

Нолинакха терезеден сырт беріп үй ішіне көз салды. Өз төсегінің басында тұрған гүл шоғын көрді. Сол бір гүлдер әлдекімнің сағынышты көзіне ұқсап, мұның жүрегіне үнсіз жалбарынып тұрған сияқтанды.

Нолинакха гүлдің бір талын жұлып алды. Әлі де шешегін жара қоймаған солғын, алтын түсті, жұпар иісті раушан бүршігі. Сол бір гүл кенет оған амандасып тұрған адам саусағы сияқтанып кетті. Нолинакханың барлық денесі дірілдеді. Ол жұпар иісті нәзік гүлді ерніне басты.

Батқан күннің қызыл арайы бірте-бірте таралып, аспан әлемі ала қоңырлана берді. Нолинакха төсегіне келіп жамылтқының бір жақ шетін қайырды да, раушан гүлін өз жастығының үстіне қойды. Енді кетейін деп есікке беттей беріп еді, кереуеттің екінші жағында жүзін сариінің ұшымен жауып бүк түсіп, жерде отырған адамға көзі түсті.

Ол Комола еді! Ұялғаннан қайда барарын біле алмай қысылып қалған... Комола гүлді кереуеттің басына қойып, Нолинакханың төсегін салып, енді шығайын деп жатқанда дәрігердің келе жатқанын сезіп асығыс барып кереуеттің сыртына тасаланған болатын. Содан кейін тығылып қалуға да, шығып кетуге де болмай қалған.

Ұялтпайын деген оймен Нолинакха тез басып шығып кетейін деп жөнеле берді де, табалдырыққа жете беріп кенет тоқтай қалды. Содан кейін жай басып кейін оралды да, Комолаға жақындай берді.

— Түрегел. Және менен ұялмайтын бол, — деді.

АЛПЫС БІРІНШІ ТАРАУ

Ертеңіне азанда Комола Чокроборти ағайдың үйіне келді. Шойлоджамен оңаша бөлмеде қалып, құшақтасып та алды. Шойлоджа оның иегінен көтерді де, былай деп сұрады:

— Бүгін сондай қуаныштысың ғой, сіңлім?

— Өзім де білмеймін, диди. Бірақ бұдан былай азаптың бәрінен де құтылатын шығармын, — деп жауап берді Комола.

— Неге айтпайсың оныңды. Кеше кешке дейін сенімен бірге болып едік қой, одан бері не өзгеріс туып қалатындай еді?

— Тіпті ештеңе де болған жоқ. Жалғыз-ақ менде бір сезім бар, ол енді мендік сияқты. Тәңірімнің мейірімі түскендей.

— Солай-ақ болсын. Бірақ жасырмасаңшы.

— Ештеңе де жасырғаным жоқ, диди, — деп Комола сендіре сөйледі. — Тіпті бар ғой саған тағы да не айтудың жөнін білмей тұрмын. Түн өтті, ал мен таңертең түрегелгенімде дүние жаңа бір мағынаға ие болғандай көрінді.

Өзімді сондай бақытты сезіндім! Шаруа да жеңіл сияқтанып кетті, саған айтып жеткізу қиын тіпті. Басқа ештеңе де керек емес маған. Осы бір бақытым жоқ болып кете ме деп қорқамын. Бүгіннен бастап өмірімнің әр күні сондай қуанышты, көңілді болады дегенге тіпті сенгің де келмейді.

— Жаным, өмір сені алдай бермес деп ойлаймын мен де. Алдында бақыт күтіп түр. Оған қызметің де сіңді, — деді Шойлоджа.

— Жоқ, диди, жоқ бұлай дей көрме! Еңбегім сіңгеннің бәрін де алып болдым, тағдырыма разымын. Бұдан артықтың керегі де жоқ.

Осы кезде Чокроборти келді.

— Қарғам, Ромеш-бабу бар осында, шығып сөйлесуің керек, — деп ол Комолаға қарады.

Бұған дейін Чокроборти мен Ромеш арасында төмендегідей әңгіме болған еді:

— Комоламен екеуіңнің арандағы қатынастың қандай болғанын білемін, — деді ол Ромешке. — Берер кеңесім, өмірді қайта құратын бол Комоламен байланысты жайдың бәрін де ұмыт. Егер де қызға деген сеніміңнен әлі де арыла алмай жүрсең, тәңірдің өзіне тапсыр. Әрекет жасаймын деп тырмыспа.

— Нолинакхаға бәрін де айтып, көкірегімді босатпай тұрып, Комоланы ұмыта алатын емеспін, — деп Ромеш қарсылық көрсетті. — Осы бір қайғылы оқиғаны қайта еске алу керек пе, жоқ па, білмеймін, әйтеуір оған сырды айтпай тыншыға алатын емеспін.

— Жақсы, сәл ғана кідіре түр осы жерде, қазір келемін, — деді Чокроборти.

Ромеш терезе алдына келді. Көшедегі адам толқынына салғырт қана көз салды. Бір уақытта арт жақтан аяқ дыбысы естілді, кейін бұрылып еді, басын жерге салып, тағзым етіп жатқан қызды көрді. Енді бір сәтте ол басын көтере берді. Сол шақта Ромеш "Комола!" деп дауыстап қызға ұмтылды.

Комола тастай қатып, қозғалмай қалған.

— Тәңірінің жарылқауымен Комола көрген бар азап, қиыншылық кейінде қалды. Қайғы кетіп, бақыт келді, — деді қыз соңынан іле кірген Чокроборти. — Ол қатерде қалғанда қол ұшын бердің, көмектестің, өз басыңа түскен қиындыққа қарамадың. Ұзақ айлар бойына Комола тағдыры сенімен байланысты болды. Сол себепті қош айтыспай ажыраса алмады. Комола сізден бата тілеп келді.

Ромеш үндей алмай қалды. Ақыры ол зорға дегенде былай деді:

— Бақытты бол, Комола, және өз алдыңдағы күнәмді кешіре гөр. Жазығым жоқ қой.

Бірдеңе деп сөз қатуға қыздың шамасы келмеді, қабырғаға сүйенген қалпында төмен қарап тұра берді.

Үнсіз өткен аз-кем уақыттан соң Ромеш:

— Қай ретте мен саған көмек бере аламын, сенің жайынды басқа біреуге айтуға тиіспін бе, жоқ па, айтшы? — деді.

Комола жалынышты түрде қолымен ишара етті.

— Мен жайында ешкіммен де сөйлесе көрмеңіз.

— Ұзақ уақыт бойына ешкіммен сырласып та көрген емен. Өз басыма бақытсыздық әкеп жатсам да үндеп көрген емен. Тек бұдан бірнеше күн бұрын ғана, саған зиян келтірмес деген ниетпен өз

тағдырым жайындағы сырды бір үй адамдарына ашқан едім. Онымен пайда таппасаң, зиян шекпейтін сияқтысың, Чокроборти ағай Оннода-бабу мен оның қызы туралы білетін шығар...

— Әрине, мен Хемнолинимен таныспын да! — деп Чокроборти жарыса сөйледі. — Сөйтіп олар бәрін де біле ме?

— Иә, бәрін де біледі. Егер де қажет болса тағы да айта түсуге бармын оларға. Ал енді өзімнің қарақан басыма ештеңе де керек емес. Көп уақытымды жоғалттым. Көп нәрседен мақұрым қалдым. Енді менің басым бос болуға тиісті. Соңғы бір міндет-парызымды өтеп, басыма бостандық алғым келеді.

Чокроборти ағай мейіріммен оның қолын қысты.

— Олай емес, Ромеш-бабу. Осыдан артық ештеңе де талап етілмейді сізден. Онсыз да коп жапа шектіңіз, енді азатсыз. Жолыңызды оңғарсын, — деп Чокроборти оны жұбата сөйледі.

— Мен кетемін, — деді Ромеш Комолата қарап.

Қыз басын үнсіз ғана төмен иді.

Ромеш Чокробортидің үйінен есеңгіреп шыққандай болды.

"Комоланы кездестіргенім жақсы болды, — деп ойлады ол, — оның тірі екенін білмегенімде бұл оқиғаның аяғы жақсы болып тынбайтын да еді. Тек Гаджипурдан кетіп қалған себебі не екен, соны ғана түсіне алмай-ақ қойдым. Бір нәрсе анық болды, мен үшін бұл сәтті шақ екен. Өткенге өкінбейін, Өмірді қайтадан құратын болайын".

АЛПЫС ЕКІНШІ ТАРАУ

Комола үйіне қайтып оралған соң Хемонкоридің бөлмесінде Оннода-бабу мен Хемнолинидің отырғанын білді.

— Міне Харидаси да келіп қалды! — деді Хемонкори. — Хемнолиниды өз бөлмеңе апаршы, жаным. Ал мен Оннода-бабуға шай берейін.

Қыздар бөлмеге кірген кезде-ақ Хемнолини Харидасиды:

— Комола! — деп кұшақтай алды.

Комола ешқандай таңырқау белгісін танытқан жоқ. Бар болғаны:

— Шын атымның бұлай екенін қайдан естідің? — деп сұрады.

— Жайынды бір адам айтқан еді. Неге екенін түсіндіру де қиын-ақ, сонда да сол Комола сен шығарсың деген ой бірден сап ете қалды.

Апатай, шын атымның кім екенін біреу-міреудің білгенін қаламаймын Ол бір қарғыспен тең болды маған, — деді Комола.

— Сонда да өз орныңды сол атыңның арқасында ғана ала аласың?

Комола басын шайқады.

— Оның маған керегі жоқ. Менде ешқандай да орын жоқ, қайтарып алатын да ештеңем жоқ.

— Апырау, өз күйеуіңнен шындықты неге жасырасың сен? Өз тағдырыңды оның қолына неге сеніп тапсырмайсың? Одан ештеңені де бүгудің керегі жоқ.

Комоланың жүзі өзгеріп кетті. Дәрменсіз бір кейіппен Хемнолиниге қарай берді. Жауап іздегендей, таба алмағандай. Содан кейін таяу барып төсенішке отыра кетті де былай деді:

— Ешбір қылмыс жасап күнәлі болмағаным тәңірімнің өзіне аян. Олай болса, не себепті ұят азабы баса береді мені? Жазам не? Ешкімнің алдында да күнәлі емеспін, сонда да мұның бәрін қайтіп айта алмақпын оған.

— Жазаланбайсың, тыныштық табатын боласың, — деп Хемнолини қарсылық білдірді. — Жасыра берсең, жалғандық шырмауынан шыға алмайсың. Сол шырмаудың быт-шытын шығар, тәңір саған мейірімін салады.

— Жоғалтып алам ба деген бір ғана күдікті ой келгенде жігерім құм болып кетеді, — деп Комола мойындай сөйледі.

— Рас, сенің не айтқалы отырғаныңды түсінемін.

— Болашағым не дайындап тұрса да, ештеңені жасырмауға тиіспін. Менің жайымды ол онсыз да еститін болады.

— Мүмкін сен оған басқа біреудің жеткізгенін қалайтын шығарсың? — деп Хемнолини мейірбан көңілмен сұрады.

Комола басын шайқады. Оны қаламайтындығын айқын танытты.

— Жоқ, басқа көлденең біреуден естуі дұрыс болмайды. Өз жайымды мен өзім айтуға тиіспін. Оған шамам да жетеді.

— Ең қолайлысы осы, — деп Хемнолини оны құптай сөйледі. — Енді қайтіп көрісеміз бе, жоқ па, білмеймін. Жүретінімізді хабарлайық деп келдік.

— Қайда жүрмексіздер?

— Калькуттаға. Уақытыңды енді алмаймын. Қауырт шаруаң бар ғой. Апаңды ұмыта көрме.

— Маған хат жазасың ба? — деп сұрады Комола Хемнолинидің қолынан ұстап.

— Әрине, жазамын.

— Ақыл айта жазарсың. Хатыңның қуат беретінін білемін.

Хемнолини езу тартты.

— Ол жайында қобалжыма! Менен де жақсы ақылшың болады әлі.

Бүгін Комоланың ішкі дүниесінде Хемнолиниге деген аяушылық сезім туып кетті. Қыздың салмақты кескінінде аса бір күйініш бардай. Кейде Хемнолини оған жұмбақ адам сияқты көрінеді. Осы бір жай әңгімеге тұсау бола беретіндей. Комола оған оз сырын ашты, бірақ Хемнолини өзін тым салқын ұстап отырды. Және, сондай бір шерлі халде баз кешіп, жан дүниесі күңгірт еді.

Ұзақты күн Хемнолинидің даусы оның құлағынан кетпей қойды. Байсалды мейірімді көзі де мұның көз алдында. Нолинакхамен арадағы сәтсіздігінен басқа Комола оның ештеңесін де білмейтін еді.

Ертеңіне Хемнолини өз бақшасынан бір себет гүл әкеп берді бұларға. Шомылып шыққаннан кейін Комола сол гүлдерден гүл алқасын өре бастады. Сол шақта қасына Хемонкори келіп отырды.

— Қызым-ай! — деп ол ауыр күрсініп қойды. — Бүгін Хем менімен қош айтысып кетті. Өзімнің не болғанымды да білмеймін. Дегенмен ол сүйкімді қыз ғой. Енді ойлап қалдым, егер де ол менің келінім болғанда, зор бақыт еді ғой. Иә, мұның бәрі өткен іс! Осы бар қой, менің баламды түсініп болмайсың. Неге айнығаны бір өзіне ғана мәлім.

Бұл қызға шындап келгенде өзі қарсы болғанын Хемонкоридың мойындағысы келмеді.

Есік сыртынан біреудің тықыры естілді, Хемонкори:

— Бұл сенбісің, Нолин? — деп сұрады. Комола гүлдерді сариінің етегіне жіті жинап алды да, бетіне пердесін түсірді.

Бөлмеге Нолинакха келіп кірді.

— Жаңа ғана осында әкесімен бірге Хем болып кетті, көрдің бе? — деп сұрады Хемонкори.

— Иә, мен оларды шығарып салдым.

— Қалай десең де Хем сияқты қыз сирек кездеседі, — деді Хемонкори. Нолинакха қарсылық айтсын дегендей бір жасанды сөйледі.

Бірақ баласы жай ғана езу тартты.

— Сен тіпті күлесің той!.. Қоярда қоймай жүріп, Хемның уәдесін алып едім. Тіпті батамды беруге дейін бардым той. Қарсы болдың да талқанын шығардың. Өкінбейсің бе енді?

Нолинакха Комолаға үрейлене көз салды. Комола оған аса бір ыстық сезіммен елжірей қарап отыр екен. Нолинакханың көзіне көзі түсіп кетті де, ұялып төмен қарап қалды.

— Ма, сен өз балаңды қыздар зар болып жүрген таптырмас бір жігіт деп қарайсың-ау. Бірақ, мен сияқты көңілсіз күйкіні сүйе қоятын кім бар дейсің.

Нолинакха осы сөзді айтып отырғанда Комола тағы да оған көз салып еді, сәл күле түсіп, мұның өзіне қарап отыр екен. Қыз тағы да жан сақтаудың ең оңай жолы шығып кету болар деп ойлады.

— Аузыңа келгенді айтып кеттің ғой. Ашуымды келтіріп отырсың, Нолин. Бар кетші, өз бөлмеңе баршы, — деді баласына Хемонкори.

Комола оңаша қалған соң тағы да Хемнолини әкелген гүлден үлкен бір гүл шотын жасады да қайта себетке салып, су себеледі, содан кейін Нолинакханың бөлмесіне апарып қойды. Бұл — Хемнолинидің қоштасу гүлі еді. Соны есіне алғанда Комоланың көзіне жас келіп қалды.

Өз бөлмесіне оралған соң қыз ойланып қалды. Нолинакханың жаңағы көзқарасы нені аңғартпақ? Комола жайлы ол не ойлады екен. Бір кезде оған Нолинакха мұның жан баласы білмес сырын сезіп қойған да сияқтанды. Бұрын оны көрмей тұрғанда Комола ештеңені ойламайтын еді. Міне, енді қыстығып, қиналып қалатын болып жүр. Бүл мүмкін, Нолинакхадан сырын жасырғандықтың жазасы болар ма?

"Мүмкін Нолинакха: "Шешем мына бір Харидаси деген қызды қайдан тауып алды осы? Мұндай ұятсыз адамды көрген емеспін" деп ойлар ма? Егер бір сөтке болса да ойына мен жайында Осындай бірдеңе түссе, сұмдық қой" — дегенді ойлап, Комола азапқа түсті.

Сол түні Комола бір шешімге бекем келді: ертең қайтсе де ол Нолинакхаға бәрін де айтатын болады. Ал ар жағында қара су теріс ағып кетсе де мейлі.

Комола таң қылаң беріп келе жатқанда тұрды да, Ганг өзеніне барып түсті. Өзеннен кішігірім бір құмыра су ала келіп, ертеңгі жұмысқа кіріспес бұрын, Нолинакханың кабинетін жуып шығатын әдеті болушы еді. Бүгін де сол әдеті бойынша, құмыраны алып кабинетке кірсе, Нолинакха отыр екен. Бұрып ол мұндай уақытта бұл бөлмеге келіп отырмайтын еді. Үй иесінің жұмысқа кедергі жасағаны үшін ренжіп қалған Комола шығып кетпек болып еппен басып кейін жүрді. Бірақ бір-екі аттап басып барды да, әлденені ойлап, аялдай берді. Содан кейін баяу ғана қайтып бұрылды, босағада тастай қатып қозғалмай қалды. Жансыз бір көлеңкеге ұқсап, осы босағада қанша уақыт тұрғанын Комоланың өзі де аңдамады. Бір уақытта бөлмеден Нолинакха шықты да, Комоланың қарсысына келіп тоқтады. Сол сәтте Комола жер тізерлей отыра кетті де, Нолинакханың аяғына бас ұра бастады. Әлі кеппеген су шашы төгіліп кетті. Содан кейін тізерлеп қайта отырды. Қыбыр етпейді, қабақ та қақпайды, мелшиген бір тас мүсіндей. Шашынан жамылтқысының сусып түскенін де байқамады. Өзіне Нолинакханың көз алмай қадалып қалғанын да сезбеді. Бар күдігі тайып болған. Жаңа бір шабыт бойына нұр болып құйылғандай. Дірілі жоқ, уытты да, қатқыл бір дауыспен:

— Мен — Комоламын, — деді.

Бірақ өз даусы өзіне таудан тас домалап келе жатқандай сонша жат естілді. Бар жігері құм болғандай. Денесі қалшылдап кетті. Төмен қарады. Бір аттап ілгері басуға шамасы да жоқ секілді. Сол орнында қала беру де соншалықты азап еді. Бар күш-жігері "мен — Комоламын" деген бір тана сөзді айтып, алдына көлденең түсуге ғана жеткендей. Екі беті отша дуылдайды. Қандай ұят. Қайда жасырынатынын білмейді бірақ, жалғыз ғана Нолинакханың мейірімі түсе ме деп үміттенеді.

Нолинакха баяу ғана оның қолын алды.

— Менің Комолам — өзің екенінді білемін. Жүр менімен.

Ол қызды оз бөлмесіне алып келді. Мұның өзі өрген гүл алқасын мойнына әкеп кигізді.

— Тәңірге құлшылық етейік, — деді Нолинакха.

Екеуі де тізерлеп, жүгініп отырды да, бастарын ақ мәрмәр еденге салды. Сол шақта атып келе жатқан алтын арай күн шапағы түсті, екеуінің де иілген бастары нұрға малынды.

Комола түрегелді, тағы да Нолинакха аяғынан топырақ алды, соншама азапқа салған ұяңдық та тарқап кеткендей сезінеді. Жан дүниесін сая таптырған шегі жоқ мол тыныштық таңғы ашық күннің сергек, мол сәулесімен қауышып нұрлана түскендей болады. Комола жүрегін ұлы махаббат биледі. Өз басына қонған зор бақыттың ыстық сәулесіне бүкіл дүние бөккен секілденеді оған.

Көмейге ыстық кесек келіп тығылып еді, іркілмеді, қыз жүзін көз жасының селі басты. Комола жылай берді, жыламауға шамасы да келмеді. Бірақ бұл қуаныштың көз жасы еді. Сол жас өзімен бірге жас өмірін торлаған қара бұлттарды ала кетті.

Нолинакха одан басқа ештеңе де айтпады. Тек қыздың маңдайына түскен су шашын аса бір мейіріммен кейін қайырды да, үйден шығып кетті.

Комола әлі құмарынан шығып болған жоқ еді. Жүрегі толы ыстық сезімін жол тауып айтқанша асығады, сая таппай асығады. Жататын үйге кіре беріп, өзінің гүл алқасы мен Нолинакханың сандалын орады да бетіне тақады, содан кейін ұқыппен қайыра орнына салып қойды.

Бүгін Комола тәңірінің өзіне қызмет етіп жүргендей, аспанда қалықтап жүгендей сезінді:

— Саған не болған, Харидаси? Бір күнде бұл үйді жаңа бір түрге айналдырып жіберердей-ақ жан сала тазалап, қырғылап, жуып жатырсың ғой, — деді таңданған Хемонкори.

Комола бүтін кешке күндегісінше отырып кесте тікпеді. Өз бөлмесіне барып еденге отырды. Бір кезде қолына тұңғиық гүлінің шоғын ұстап Нолинакха кіріп келді.

— Комола, мына гүлді суға салып қойшы, — деді ол — Қадағала, солып қалмайтын болсын. Бүгін кешке оң батасын алуға анама барамыз.

Комола төмен қарады.

— Басымнан не кешіргенімді сен әлі түгел білмейсің ғой...

— Сен толықтыратын ештеңе де қалған жоқ. Бәріне де таныспын.

— Ал анаң... — деп ол аяқтауға шамасы жетпей тоқтап қалды.

Нолинакха келіп жүзін жасырып отырған Комоланың қолын жазды.

— Анам өз ғұмырында талай күнәні кешірген болатын. Ал ешбір айып-күнәсі жоқ адамға кешірім жасарына екі бастан күмән жоқ.

Орыс тілінен аударған: С. Шаймерденов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз