Өлең, жыр, ақындар

Пірәдардың құпиясы

Бауырым, сен біліп ал: біздің ауылда жастар аса сақтықпен, қулықпен тәрбиеленеді.

Айталық: бір бозбала бұлғақтап, ыржақтап бұзыла бастады делік, — дереу құлағын тұндырып тұрып ұрсу керек. Оныңа болмаса, — сілікпесін шығарып сабап ал. Онда да болмаса, — ол есекті сүйреп солдатқа бер. Әскерден де оңбай келсе, ол әумесерді үйлендір. Онда да ақылы кірмесе, — құйрыққа қайқайта бір теуіп, ауылдан қуып таста. Басқа амал жоқ. Миғұланы өскен ұясынан сөйтіп сандалтып айдап жіберсең, ол басқа ауылға мүлде басқа кісі боп барады. Жарық дүниеге қайта келгендей өзгеріп сала береді!

Ата-бабаларымыз айтқан ғой: «Қолда өскен бураның тайлақ аты қалмайды» деп. Жаны бар сөз. Өз орталарынан шыққан әулиені алақанына салып аялап, данышпаным-ай деп дәріптеп жүргендерді көргенің бар ма? Жоқ, көрген жоқсың, бұл жарық дүниеде көре де алмайсың. Нұх пайғамбарды естіген шығарсың? Жерлестері оны әулие демеген. «Сенің Нұх екенің рас, бірақ сен тіпті де пайғамбар емессің» дейтін болған. Ал Нұх дегенің, бауырым, ұлы әулие болатын.

Қайталап айтайын: миғұлаңа сөз өтпесе, ақыл қонбаса, — қолыңа таяқ ал. Таяқпен намаз үйрете алмасаң, — солдатқа жібер. Жуан жұдырық ефрейтор ол көкжалыңды көк төбетке айналдырып береді. Ал егер ефрейтордың да емі қонбаса, — онда ол ақымаққа әйел алып бер. Асау атты аштық жуасытады, aycap жігітті әйел жуасытады. Тіпті оған да болмаса, — онда анау бір жеріне мықтап бір теп те, тентіретіп қуып жібер.

Баяғыда біздің ауылда Мұрат деген қаныпезер біреу болды, жұрт оны «Доңыз» дейтін. Онымен салыстырғанда сенің тентегің, бауырым, кәдімгі періште ғой. Сол Мұрат жасы онға жетер-жетпесте-ақ апайы Фатима мен кемпір шешесінің басына әңгір-таяқ ойнатты. Күн көрсетпеді. Үй-іші оған:

— Мұрат, айналайын, қойшы, тентек болмашы! — деп жалынып, ақыл айтып байқады.

Ұғады дегенің! Тыңдамайды да. Иттерді ұстап алып құйрығын кеседі, бау-бақшаның астан-кестенін шығарады, шатырды шағады, мұржаға су құяды. Қысқасы: жын-шайтанның да қолынан келмейтін шатақтарды жасайды.

Бірде жұма күні біз мешітке бардық. Ауыл адамдары түгел жиналдық. Ал имам жоқ. Сарылып ұзақ тостық. Әлде заманда келді. Имамға көзі түскендердің күлкіден ішектері түйілді. Құдай өкілінің бет-ауызы әлем-жәлем бояу. Онысын сезіп тұрған имам жоқ:

— Ассалаумағалейкум! — дейді.

Жұрттың сәлемдесуге мұршасы келмейді, қарқылдап күліп жатыр.

Олары несі дейсіз бе? Имам бастаудың басында ұйықтап қалған да, Мұрат Доңыз оның бет-аузына айғыздап бояу жағып қойған. Ол үшін біз оны ұстап алып итше тепкіледік те:

— Әй, Доңыз, құдайдың өкілінде не өшің бар еді? — деп сұрадық.

— Мұны әдейі істедім, — дейді ол, — оның дәрет алмайтынын сіздер білсін дедім. Егер ол нағыз тақуа мұсылман болса, мешітке келер алдында дәрет алар еді, бетінің бояу екенін сезер еді.

Біз имамның дүмше діндар екенін, Құран шарттарын шала орындап жүргенін түсіндік. Бірақ Мұрат Доңызға да кешірім жасамадық, жонынан тірідей таспа тілдік.

Бәтшағар қыңқ етсеші!

Ей бауырым-ай, Мұрат Доңыздың істемегені бар ма? Не істегенін айтып беру мүмкін емес. Ол жәдігөй жасы он төртке толған күні Фадик деген жесір кемпірді тауға ұрлап алып кетіп, үш күн бойы көңіл көтерсін. Ол арсызды бүкіл ауыл боп сабылып іздедік. Жалтыртау шатқалындағы аю үңгірінен таптық. Қарасақ: Мұрат үңгір төрінде талтайып, қол соғып отыр, алдында бір бөтелке арақ. Ал Фадик тыржалаңаш билеп жүр.

Қағынған қызталақ сөйтіп ауылымыздың абыройын төкті. Біз Доңыз Мұратты ұстап алдық та, тырдай ғып таяқтадық. Бетіне түкірдік!

— Мен жақсылық істеуді ойладым, — деп Мұрат та болмады. — Байғұс Фадикпен тірі жан сәлемдеспей жүрді емес пе. Ал мен мұны аяп, аздап сылап-сипадым...

Фадик біздің аяғымызға жығылып сарнай жөнелді:

— Жазықсыз жігітті аяй көріңдер, — деді ол, — мен бұның зорлығын кешірдім. Бұл өзі менің шөбереммен шамалас. Бірақ мен бұған өкпелі емеспін. Мұндай нар жігіттің жолына кемпірлерді мыңдап құрбандыққа шалса да болады. Қоя беріңдерші, аяңдаршы!

Сол әредікте әлгі иттің баласы сытылып қаша жөнелгені ғой. Ұзап алған соң:

— Әй, қақпыштар, кіріспеске кірісіп не жындарың бар? Фадик әжем де риза, мен де ризамын, ал сендерге не жоқ?! — деп айғайлады.

Солай, бауырым; жарық дүниеде біздің Мұрат Доңыздай сұрқия болған жоқ шығар.

Бірде түн ортасында шошып ояндық, ауылдың бір шеті қып-қызыл. Көшені түтін буған. Өрт! Қарасақ: Ысмайылдың сабан қорасы өртеніп жатыр. Тайлы-таяқтымыз қалмай үкідей ұшып бардық. Ысмайылдың сорлап солдатта жүргеніне екі жыл болған, үйінде үлбіреген келіншегі жалғыз қалған. Енді, міне, соның қорасы лапылдап өртеніп жатыр!

Ол сұмдықтың Мұраттан келгенін түсіне қойдық. Желкесі қиылғырды жерге кіріп кетсе де табу керек!.. Сүмірейтіп ұстап әкелдік те, сұрақ қойдық.

— Әй, Доңыз, мына қораны неге өртедің?

— Асықпаңдар, қазір өздерің көресіңдер, — дейді ол.

Сол сәтте деші, бауырым, қорадан еркек пен әйелдің:

— Құтқарыңдар! Сөндіріңдер! Құрыдық! Күйіп өлетін болдық! — деп қосарлап ойбайлаған дауыстары естілді.

Бір терезеден Ысмайылдың әйелі мен ауылнайдың бастары қылтия қалды.

— Әй, ауылнай, сен мұнда не бітіріп жүрсің? — деп айғайладық.

— Ойбай, сұрамаңдар! Солдаттың қатынын өрттен алып шығайын деп жүгіріп келіп едім... құтқара көріңдер! Өлдік!

Терезе жерден қол созымдай ғана биікте.

— Әй, секіріп түссеңші, ойбайламай! — дейміз.

— Түспеймін, — дейді ауылнай, — мен жалаңашпын. Біреуді менің үйіме жіберіңдерші, шалбар алып келсін.

— Әй, ауылнай, өрт сөндіруге жалаңаш жүгіргенді кімнен көрдің?

Ысмайылдың әйелі де:

— Айналайын, көршілерім-ау, көмектесіңдерші! Маған көйлек пен бас орамал әкеліп беріңдерші! — деп зарлай бастады.

Онысы несі? Өрт шалған қорасында ол неге жалаңаш жүрді екен?

Ал Мұрат Доңыз болса:

— Ей, жарандар, ол ұятсыздарға киім беруші болмаңдар! Өйтсеңдер, бәріңнің қора-қопсыларыңды өртеп, итше ұлытамын! — деп барқырап тұр.

Оның айтқанын істейтіні тағы рас.

Аусар неме Ысмайылдың әйелі мен ауылнайды түнде аңдып жатыпты да, киімдерін жымқырып, сабанға от қойып тайып тұрыпты.

Ауылнай жыларман халде, — жұрт анталап тұрғанда терезеден Адам-Атадай кейпінде тыраң етіп секіріп түсуге дәті жоқ. Ашынасының да амалы құрып тұр: ауылдың кәрі-жасы түп-түгел жиналып қалған.

Қора ішінде жанжал басталды. Екі ашына есектің ер-тоқымы мен жабуын тауып алып, соны бөлісе алмай айқайласып жатыр.

— Мен жамыламын! — дейді ауылнай.

— Жоқ, мен жамыламын! Еркек екенің рас болса, бар, терезеден секір, саған кім қарайды! — дейді әйел.

Ауылнай есектен ары бақырып:

— Сен — бұзылған қатынсың! Мен — ауыл ағасымын! Мен жұртқа жұрдай боп көріне алмаймын! Жабуды маған бер! — дейді.

Әйелдің шашына от тиді.

— Мұсылмандар-ау! — деп шыңғырды ол. — Еркектер-ау! Теріс қараңдаршы! Жақындарыңның жалаңаш әйеліне қарау күнаһарлық қой!

Әйел терезеден секіріп түсті де, алды-артын алақанымен бүркеп жүгіріп, үйіне кіріп кетті.

Ауылнай да қорадан атқып шықты. Есектің жабуын — бөксесіне, тоқымын — алдына жауып алған, — үйіне қарай зыта жөнелді.

Өрт сөндіру қайда, — жұрт қыран-топан боп күліп жатыр.

Солай, бауырым, ол әумесердің қылықтарын айтып тауысу мүмкін емес! Маңайын обаша отап жүргені!

Ақырында сотқа пара беріп жүріп Мұрат Доңызға екі жылды арқалаттық та, бәлемді солдатқа қуып жібердік.

Ауыл тынышталып қалды. Жуан жұдырық ефрейтордың көкжал қасқырыңды көк тоқтыға айналдырып жіберетінін білеміз, сол енді Мұрат Доңыздың да жын-шайтанын қағып, адам кейпіне келтіріп қайтарар деп ойладық.

Арада жарты жыл өтер-өтпесте біздің Мұрат ефрейтор болыпты деп естідік. Ал керек болса! Оны енді кім тәртіпке салады!... Бірнеше айдан кейін Мұрат сержант боп шыға келді. Ауылдағылар жағаларын ұстады: бүйте берсе, ол жексұрын не капитан, не майор болып қайтар, десті. Әскери қызмет мерзімі екі жыл емес, айталық, бес жыл болғанда бар ғой, бауырым, ол шынында офицер боп қайтатын еді.

Мерзімді міндетін өтеген соң Мұрат ауылға қайтып оралды. Мұрнын көкке көтеріп, тіпті илігер емес. Сорлағанның көкесін енді көрерміз дестік. Доңыз кезінде бізді шілше тоздыра жаздаған бұл Мұрат сержант болғаннан кейін не тамтығымызды қалдырар дейсің.

— Иә, Мұрат бұрынғысынан бетер құтырынды. Бой берер түрі жоқ.

Біз, шаруалар, бір күні кофеханаға жиналып ақылдастық: «Бұл бәтшағарды үйлендірейік. Азулы қатын кездессе, мұны ауыздықтап ұстар. Азынаған айғырдың әптігі басылар!» дестік.

Мұрат болса:

Мен — сержант Мұратпын. Ойыма не келсе, соны істеймін. Үйленуге келісемін, бірақ тек өзіме ұнаған қызды аламын. Оның әке-шешесі қалыңмалды көксемейтін болады. Жарайды, бақалшы Шүкірдің қызын алуға келісейін! — дегенді айтты.

Шүкір — бүкіл аймақтың сыйлы адамы; қызы — маңдайына басқан жалғызы, нағыз ару. Біз тайлы-таяқтымыз боп жиналып Шүкірге бардық.

— Шүкір аға, бізді сорлата көрмеңіз! Әміріңізге құлдық. Бәріміз боп Мұратты тезге салмасақ, ол бізге күн көрсетпейді, ауылдан безіп кетуге мәжбүр боламыз. Қызыңа қанша қалыңмал сұрайсың, айтшы, бүгін-ақ жинап берейік! — дедік.

Зәнталақты ақырында үйлендірдік-ау! Бірақ тойдан соң ол мүлде қағынып кетті. Шаруалар азаннан ақшамға дейін салпақтап соның жұмысында жүреді, ал ол арақтан басын ала алмай үйінде күркіреп жатады. Онысымен қоймай:

— Мені солдатқа алдап жібергендерің үшін сазайларыңды тартасыңдар! — деп зіркілдейді. — Аяқты қия басқандарыңның бәрін өкіметке айтып отырамын. Жалғызбасты еркек шаруа өле қалса, қашан жерін сатып бітіргендеріңше оны жасырып қоясыңдар. Жесір әйел өле қалса, оның неке куәлігін бассалып жөндейсіңдер де, йен дүниесіне ие бола кетуге жанталасасыңдар. Алаяқтар өңшең! Көздеріңе көк шыбын үймелетемін! Маған тамақ пен ішімдікті тегін беріп тұратын боласыңдар!

— Сабыр, сержант Мұрат, сабыр, — деп жік-жапар болдық. — Тамақты да, ішімдікті де тегін-ақ беріп тұрайық, тек айқайламашы.

Сабыр қылғаны неткені! Сұмпайылар сөз ұғар ма? Тегін арағымызға сылқиып алады да, асты-үстімізді жездей қақтайды.

Бір күні кофеханаға жиналдық та:

— Айналайын Мұрат, сержант мырза! Бізге не істе дейсің, соныңды айтшы! — дедік.

— Мені ауылнай етіңдер! — деп ежірейді.

Мұндай бетсіз болар ма?! Оны ауылнай етіп сайлау дегенің ауылды мүлде масқаралау емес пе?!

Біздің жауабымыз оны жындандыра жаздады:

— Ауылнай етіп сайлағыларың келмесе, имам етіп тағайындаңдар! — деп бақырды.

Астапыралла! Енді естімегеніміз сол еді. Мешітті құдайды білмейтін найсапқа тапсырсақ не болғанымыз!

Мұрат құтырынған үстіне құтырына берді. Әйелдердің аузын аңқитып кетеді, үй тонайды, қой ұрлайды, қора өртейді.

— Мені имам етіңдер! Әйтпесе, күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеймін! — деп безереді.

Айтқанын істемей тынбайды.

Біз тағы да жиналып ақылдастық. Ол бізді құртып болғанша, біз оны құртып тынайық дестік.

Бір түні ұйықтап жатқан Мұратты бас салып байлап-матап сүйретіп тауға алып бардық та, сілейтіп сойып салдық.

— Мә саған ауылнай! Мә саған имам! — деп тұрып тепкілейміз.

Өзі мұндай итжанды болар ма! Бір кезде қолымыздан сытылып тұра қашты.

Тыныш та қашқан жоқ:

— Әй, алжасқан есектер, мен бәрібір имам болам! Көресіңдер әлі! — деп кетті.

— Имам болмақ тұрғай шайхүлісләм болсаң да еркің, тек бізден аулақ кет! — дедік біз.

Сол жексұрыннан сөйтіп әрең құтылдық, бауырым.

Бірнеше ай өтті, Мұрат Доңыздың қылықтары ұмытыла бастады.

Ораза айы туды. Ауылға имам шақырттық. Келген имам бір ғұлама боп шықты. Үлкен-кіші боп түгел тәжім еттік. Пайғамбар да сондай-ақ болған шығар! Әр сөзі — алтын!

Ораза айты өтті.

— Қалағаныңызды қалтқысыз орындап тұрайық, кетпеңіз. Біздің ауылда қалыңыз! Бізге имам болыңыз! — деп әлгі имамға жатып жабыстық.

Ол тілегімізді қабыл алды.

Арада бір ай өткен шамада көрші ауылдан бізге бір мейман келді. Екі ауылдың арасы иттің үргені естілетін жер.

Ертеңінде мейман мешітке сәске намазына кетті. Бір уақытта мешіттен айқай-ұйқай естілді. Жүгіріп барсақ: әлгі мейман біздің имам байғұсты домалатып тепкілеп жүр. Тіпті өлтіретін түрі бар. Қарап тұрайық па, мейманның өзін тепкілеп ала жөнелдік.

— Қасиетті кісіге қалай ғана қол көтердің? — дейміз.

— Қайдағы қасиетті кісі?! — дейді мейман бажылдап. — Бұл дінсіз неменің бізге істемегені бар ма! Сақалын күйектей қылып өсіріп алып, имаммын деп сендерді алдап жүр. Мен мұны білмейді дейсіңдер ме? Былтыр жазда менің әйелімді тауға алып қашып кетіп, бір апта бойы мазақ қылған жоқ па! Қоя беріңдерші мені! Жексұрынды тепкілеп өлтірейін!

Мейманды төпелеп қуып жібердік те, имамнан бүкіл ауыл боп кешірім сұрадық.

Көрші ауылдан бірде тағы бір шаруа келді. Кофеханада имамды көре сала ол да ұмтылды, — қолында есек айдайтын істік ағашы бар. Имам байғұсты әрең арашалап қалдық.

— Қоя беріңдер мені! — деп әлгі шаруа тап-тап береді. — Мен мұны өлтіремін! Бұл менің бір отар қойымды ұрлап қалаға айдап апарып сатып жіберген. Бұл иттің баласы біздің ауылдікі, бұл сұмырайды бүкіл ауыл біледі. Сақалын сапситып жіберіп, қарашы имаммын деп жүргенін!

Біздің шаруалар қараңғы ғой, бауырым. Бір-біріне егіз қозыдай кісілер болатынын білмейді. Аллатағала адамдарды пар-парымен жарататынын олар ұқпайды. Көрші ауылдан кім келсе де, біздің байғұс имамды тарпа бассалатыны содан ғой. Біз ақыр аяғында қасиетті пірәдарды көршілердің көзіне көрсетпей тығып ұстауға айналдық, әйтпесе тіпті ұрып өлтіретін.

Міне, көрдің бе, бауырым, кейде жақсы кісінің сөйтіп қайдағы біреуге ұқсас боп сорлайтыны бар.

Бір күні түнде ауыл шетіне жау тигендей айғай-сүреңнен шошып ояндық. Қарасақ: көрші ауылдың жігіттері, бір-бір атқа мінген, қолдарында — шоқпарлары:

— Бөрі Махмұтты бізге дереу шығарып беріңдер, әйтпесе тура соғыс ашамыз! — деп тебініп тұр.

— Бөрі Махмұт деп тұрғандарың кім? — дейміз.

— Сендердің сұмырай имамдарың!

— Сабыр етіңдерші, дұрыстап сөйлесіп алайықшы, — деп өтіндік біз.

Аттылар ауылды айнала қоршап алған. Сірә, біздің имам қашып кетіп жүрер десе керек. Көршілеріміз бізге елшілерін жіберді. Біз де келіссөзге ебі бар шалдарымызды шығардық. Сөйтіп келіссөз басталды.

— Достар, — дедік біз елшілерге, — сіздер біздің ауылды жермен жексен етіп кетулеріңіз мүмкін, бірақ біреуіміз аман қалған күннің өзінде де біз имамымызды сіздерге бермейміз. Екі арада бір түсінбестік бар. Сіздер қасиетті кісіні қайдағы бір Бөрі Махмұтпен шатастырып жүрсіздер. Бір-біріне ұқсас кісілер болмаушы ма еді? - Имамды шығарып беріп күнәһар болар жайымыз жоқ! Құдай сақтасын! Қазір өзі ондай ғұлама пірәдарлар сиреп кетті. Біздің мынау күнәға толы жалғанды заманақырдан сақтап қалып жүргендер солар ғой.

Елшілердің біреуі былай деді:

— Сіздер ғұлама пірәдарларды түстеріңізде де көрген жоқсыздар. Біздің имамымыз Мұрат қожа ғана — сондай қасиетті кісі. Оның әр сөзі — алтын. Сақалы беліне түскен, аузында — алла, қолында — құман. Егер бұ жарық дүниеде қасиетті бір кісі болса, ол — біздің Мұрат қожа.

— Тоқтай қалыңыздаршы, — дедік біз. — Қай Мұратты айтып отырсыздар? Біздің Мұрат Доңыз емес пе? Көзі тұздай ма?

— Иә.

— Сол қолының шынашағы жоқ па?

— Жоқ.

— Мұрнының ұшында сүйелі бар ма?

— Бар.

Сол сәтте біздің шаруалар шу ете түсті:

— Халайық-ау, бұл тұрысымыз не тұрыс?! Аузымызды ашып тұра береміз бе? Жүріңдер, ол алаяқты ұстап алайық! Ол итті өлтіру керек! Көрші ауылға қашып кетіп, қойқиып имам болып жүр екен ғой!

Енді көршілер бізге жік-жапар бола бастады:

— Бір-біріне ұқсас кісілер болады дедіңіздер ғой. Сіздер жаңылысып отырсыздар. Мұрат қожа — ең пірәдар адам.

— Біздің Мұрат Доңыз пірәдар ма?! Тапқандарың!

Екі ауыл бір-бірімізді бауыздап тастайтындаймыз. Өрт шығуға айналды.

Сол кезде бақалшы Шүкір сөзге араласты:

— Тоқтай қалыңдар! Мен бәрін де түсіндім. Біздің Мұрат Доңыз сақалын беліне түсіріп жіберген де, көршілерге имам болған. Ал бұлардың Бөрі Махмұты бізде имам. Ендеше біз неге араздасамыз? Қыңқ демейік. Бұлар біздің Доңыз Мұратқа риза, біз — Мұрат Бөріге ризамыз. Егер біз имамдарымызды аластап қуып жіберетін болсақ, олар барып басқа ауылдардың шырқын бұзады. Сонсоң біздерге қандай имамдар тап боларын ит білсін. Келіңдер, кәне, татуласайық. Арамызда еш кірбең болған жоқ деп білейік. Сендердің қасиетті имамдарың — бізге, ал біздікі сендерге қайырлы болсын.

Елшілерді шай мен кофеге қандырып, ат үстіндегілерді айранға тойғызып аттандырдық.

Көршілеріміз кетіп бара жатып:

— Апырым-ау, біз Махмұтты бағалай алмаппыз-ау! — деп таңданысты.

— Мұрат Доңыз сияқты салауатты адамды ауылдан неге ғана қудық екен? Біз де оны жете білмеппіз ғой! — деп өкініп біз қалдық.

— Мұрат — күні бүгінге дейін сол ауылда имам. Ондағылар оны ауыздарының суы құрып мақтайды. Өзіміздің имамға біз де дән ризамыз.

— Солай, бауырым. Ұлым тентек деп налыма. Әлі де кеш емес. Ол біздің Мұрат Доңыздан өткен бұзақы емес шығар. Ұрсып, сабап қой. Оған болмаса — солдатқа бер. Оған болмаса — әйел әпер. Оған да болмаса — өлімші етіп тепкілеп, бәлемді үйден қуып жібер. Көрші ауылдағылар оны құрақ ұшып қарсы алатын болады. Сонсоң оның тап-таза тақуа боп шыға келеді.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз