Өлең, жыр, ақындар

Семьяны сақтайтын армия

Таяудағы бірер күнде Америкада қолға тимес бір кітап шығуға тиіс. Мен оның авторымен баяғыдан беpi таныспын, кітабының мазмұнын маған жолыққан сайын да айтатын, хатпен де хабарлап тұратын, ал осыдан екі ай бұрын ол қолжазбасының машинкаланған көшірмесін жіберіп, менің пікірімді сұрапты. Мен кітаптың қолдан-қолға тимей оқылатыны, барлық тілдерге аударылатыны сөзсіз екенін айттым.

Ең бастысы: кітапта автордың өз жанынан қосқан ештеңесі жоқ. Нақты фактілер мен документтердің жиынтығы. Оқиға Американың жоғары мәртебелі ұлықтарына, пайдақорларына, саяхатшыларына қатысты болғандықтан автор кейбіреулерінің аты-жөндерін өзгерткен, — бары сол ғана.

Білгіңіз келсе, кітабының қысқаша мазмұны мынадай.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Калифорнияның алты жігіті құпия ұйым құруға келісіпті. Олар қауіп-қатерге ұрынбай қалайда тез баюды көздепті. Миллионерлер мен миллиардерлердің әйелдерін ұрлап алайық та, мол төлеу төлетіп қайтарып отырайық десіпті. Олар — қайдағы бір қаңғыбастар немесе қарақшылар емес, кәдімгі салауатты жігіттер: үшеуі университетті бітірген, төртіншісі — студент, бесіншісі сатушы, алтыншысы — кеңсе қызметкері. Бәрі де инабатты, сезімтал жандар: балаларды ұрлау дегенге бәрі де аза бойлары қаза боп қарсы тұрды. Егде кісілерді ғана ұрлау керек. Сол тиімді десті.

Қандай ойдың болсын қаржысыз іске аспайтыны аян. Сондықтан олар ұйым қорын жасау үшін бар-жоқ ақшаларын ортаға салады. Басқалардан қарыз да алады. Ұрланған кісілерін асырап-сақтап тұруға көп дүние қажет боларын да білген. Экономикасы өркендемеген елдерде ұрлық-қарлық жасап та, банк тонап та, біреулерді алдап-арбап та жан сақтауға болады.

Ал Америка сияқты дәулеті шалқыған дарқан елде қалтаң қалың болмаса, — көрген күнің қараң!

Олар ең әуелі Сан-Францисконың бір шылқыған бай банкирінің әйелін ұрлауды жоспарлайды. Әйелді ұрлап алады да, алыс түкпірдегі бір селоға апарып жасырып, газетке, радио мен телевидениеге хабарландыру береді: егер миллионер үш тәуліктің ішінде сексен мың доллар төлеу жібермесе, әйелін қылжита саламыз дейді. Газеттер мен радио, телевидение олардың шарттарын, әрине, жария етіп-ақ бағады, бірақ құдайдың құтты күні кісі ұрланып жатқанын көріп-біліп жүрген жұрт оған селт етпейді. Кесімді уақыт өтеді. Миллионерден ешқандай хабар-ошар жоқ. Жігіттер ойлана бастайды: ұрлап алған бикешіміз өзімізге масыл болмаса игі еді, деседі олар. Не сатып жіберетін, не тастай салатын нәрсе емес. Оның үстіне барып тұрған көк айыл долы екен: шашымды бұйралат, қасы-көзімді боят, тырнағымды тазалат, аяқ-қолымды уқалат, жүйке-тамырым жұқарып жүр, ұйықтататын дәрі тауып бер! — деп миларын ашытады. Босатып қоя беруге болмайды, полиция қыр соңына түседі. Өлтірсең, — басыңның пәлеге қалғаны! Ал күйеуі құрғыр ақша жіберер емес...

Жігіттер оның күйеуімен келіссөз жүргізуді ұйғарды.

«Сендер тым көп сұрап отырсыңдар, — деді күйеуі сәл-пәл ойланып. — Ол соншама сомаға тіпті де татымайды». Не керек, әйелдің бағасы елу мыңға түсірілді. «Жоқ, ол оған да татымайды», деді күйеуі. «Хайыр-хайыр, ендеше қырық мың бер!» — «Егер сендер оны осыдан жиырма жыл бұрын, яғни мен алғаш үйленген кезде ұрлаған болсаңдар, онда мен төлер едім...» — «Жақсы! Тұп-тура отыз мың болсын!» Күйеуі жігіттерге бағжия қарады да басын шайқады. Отыз мың опырыла-опырыла жиырма мыңға, он бес мыңға түсті... Миллионер илігер емес. Өткен жылы оның қаңғыбас мысықтарды қорғау қоғамына он бес мың доллар жарна төлегені еске алынды. Оған миллионер айылын да жиған жоқ, — біріншіден, мысықты жақсы көретінін, ол қоғам заңды түрде тиімді жұмыс істейтінін, оған жарна банктің жыл сайынғы кірісінен төленетінін, ал еш жерде тіркелмеген беймәлім құпия қоғамға ақшаны өз қалтаңнан ғана төлеу керектігін айтып ашынды.

Жігіттер төлем мөлшерін он мың долларға дейін кемітті жөне ол ақша бикештің бодау болған мерзімдегі күтіміне жұмсалған шығынның орнын толтыруға ғана қажет екенін, бар қаржыны соған жұмсап, өздерінің құралақан қалғандарын мәлімдеді... Миллионер дені дұрыс жауап берудің орнына шарап ішейік деп өзеуреді.

Құпия қоғамның мүшелері тілдерін тістеп қайтты да, жағдайға қарай басқа бір шешім жасады. Әйелін босатып қоя берді де, миллионердің өзін ұрлап алып кетті. Оған деген төлемнің мөлшерін де сексен мың доллар деп белгіледі. Кесімді уақыт тағы да өтті, үміт тағы да ақталмады. Миллионердің әйелі соқыр тиын да бермеймін деп азар да безер болды. Ендеше күйеуіңмен қоштаса бер десті оған. «Сендердің ішкі істеріңе араласуға хақым жоқ», деді әйелі қайғылы үнмен, көзінде қуаныш оты жылт етіп.

Жігіттер оңаша мекендеріне омалып оралды да, миллионерге бетің қараған жаққа кете беруіңе болады дегенді айтты. Ал миллионер ешқайда кетпеймін деп зарлап отыра қалды. «Мен мұнда ғана емес, тіпті түрмеде де отыруға ризамын, тек сол бәтшағардың қарасын көрмесем болды!» — деп жалбарынды.

Ашуға булыққан алты жігіт оны бас салып, есіктен лақтырып жіберуге айналды. Миллионер аяқ-қолын сермеп жата қалып: «Мен сендерге он мың берейін! Он мың берейін! Құдай үшін осында қалдырыңдаршы!» — деп бажылдай бастады.

Дәл сол сәтте құпия қоғам құрушылардың басына бір ғажап идея келе қалды...

Алып қашқандардың штаб-пәтерінде «тұрғаны» үшін миллионер, қанша бажылдағанмен, ақырында сексен мың доллар төлеуге мәжбүр болды. «Құрметті жігіттер егер өткен аптада келіп, әйеліңді босатпаймыз, сені әйеліңнен құтқарғымыз келеді десе, мен олардың сұраған сомасын ойланбастан-ақ берген болар едім деп ағынан жарылды ол. Жігіттер сол күні кешке оның әйеліне жетіп барды. Егер бізге сексен мың долларды дереу санап бере қоймасаң, біз күйеуіңді дәл бүгін әкеліп тастаймыз деді. Әйел ақшасын аямады. Рас, бірден ұстата салған жоқ, бұрқырап біраз сөйлеген болды...

«Семьяны сақтайтын армия» идеясы осылай туды да, калифорниялық алты жігіттің кәсібіне қанат бітті. Біраздан соң фирма барлық штатта өзінің филиалын ашып, күреп табыс таба бастады. «Семьяны сақтайтын армия» деген атына «ерікті», «игі ниетті» деген қосымша анықтауыштар берілді, бірақ жұмысты әу бастағысыңша астыртын істейтін болды. Өйткені: фирма да, оның клиенттері де істің мүлде құпия жүргізілуін қалады, себебі олар салық төлеуден сөйтіп қана құтыла алатын еді. «Семьяны сақтайтын армияның» бүгінде де айы оңынан туып тұр, ерлі-зайыптыларды бір-бірінен қорғап, екі алып биге шығып, ақшаның астында қалып жүр.

Автор клиент-күйеулердің: пайдақорлардың да, саясатшылардың да мінез-құлқындағы мынадай бір өзгешелікті ашып көрсеткен: олар әйелдерін ұрлату үшін фирмаға ақшаны артығымен төлейтіні сияқты, ұрланған секретаршаларын сатып алуға да ақшаны аямай жұмсайды. Оның себебін түсіну оп-оңай: тәжірибелі кадрлардың қызметте болмай қалуы ең алдымен екеуара ортақ іске нұқсан келтіреді!..

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз