Өлең, жыр, ақындар

Қасен Бижанов

Бижанның Қасені өмір сүрген 1858-1934 жылдар аралығы — қазақ даласында ежелгі ел билеу дәстүрі — ұлысты біртұтас мықты ұстаған хан (1824 ж), сұлтан (1868 ж) билігі жойылып, Ресейде қалыптасқан бөгде билеу жүйесі күшпен жүзеге асырылып, сонан қазақ елі мемлекеттік сипатынан айрылып, отарлау саясатының шырмауына түсірілген заман.

Онан ақ пен қызыл шайқасып, сталиндік репрессия, аштық, зорлық, қутын-сүргін етек алған заман.

Қарабұлақ секілда шөбі шүйгін, суы мол, дәмі бал қасиетті топырақта туып-өскен дала баласы Қасен Бижанұлы мұсылманша сауат ашып, орысша оқып мамандық алып, терең ойлы зиялы, жаңашыл іскер ірі тұлга болып қалыптасып, халқына қызмет еткені даусыз. Ол өз заманының ақылгөйі, шипагері, ілім-білімді бағалаған дарасы.

Қасен Бижанұлы өмір сүрген ортада Құнанбай қажының айбары, өзінен мүшел жас үлкен Абайдың ағалық ақылы, Шәкәрім мен Нарманбет сынды ақын құрдастарының үзеңгілес жүруі, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың рухани ықпалы, құдасы Ахметжан Сармантайұлының күй құдіреті, Шашубайдын думанда сәні мен асқақ әні — бәрі  із қалдырды.

Оның дүниетанымына, талғамына әсер еткен осы бірін-бірі аға-іні тұтқан түп-тамыры бір Тобықты елінің бетке ұстарлары, заманы мен амалы бір арыстары, жеке басының зеректігі, саналылығы десек артық емес.

Өресі биік білімдар азамат Бижанның Қасені өз елін, ұлтын сүйіп қана қоймай, қайшылығы мол тар заманда халыққа адал қызмет етудің керемет үлгісін жасады.

М М.Пришвин, Г.Н.Потанин, В.Новиков, ПГ.Амосов секілді орыс интеллигендиясының өкілдеріне туған жерінің тарихын, мәдениетін, байлығын танытуда біліктілігі мен кісілігін көрсетіп, өзінің іскерлігі, ерен қабілеті арқылы қазақ деген халықты сыйлата білді.

“Қасен кім?” деген сұраққа бір ауыз сөзбен сипаттап беру мүмкін емес. Өйткені ол тым күрделі тарихи тұлға.

Күләш Сардарбек, Өлкетанушы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз