Өлең, жыр, ақындар

Ол іздеген әлем

(әңгіме)

Осы халі бастапқыда өзіне қызық көрінген. Сиқырлы телпек кигенде ешкімнің көзіне түспейтін ертегі кейіпкері сияқты. Бәрін көріп, естіп тұр. Бірі шын егіліп, бірі өтірік көзін уқалаған ала-құла жұрт. Араларынан ойлы жанарына мұң ұя салған таныс бейнені көре алмады. Бір қалтарыста елеусіздеу тұр ма кім білсін. Тылсым түнде терезенің қап-қараңғы әйнегінен сырғанаған жаңбыр тамшысындай, кермек те мөлдір моншақтарын жұрт көзінен жасырып. Домбыраның егіз шегіндей бір-бірімен ішкі жан-дүниесі үндескенімен, екеуі ешқашан қиылыспайтын қос рельс сияқты еді. Сонда да жер қайысқан қалың көптің ортасынан шыбын жаны шарқ ұрып, тек соны іздеуде. Бәлкiм ол бәрінен мүлде бейхабар да шығар-ау?! Кім білсін... Алайда, өз қиялынан туған әлемде көңілін әлдилеген әуенмен күн кешкен сол жанды сыртынан бір көрмей қалай кетпек ана-о-оу жаққа!?. Ең алғаш онымен кездескен күнін бұл өлсе де ұмытар ма...

***

Иә, сол күні ол сақал-мұртын қырып, айна алдында бейғам тұрған. Ерке келіншегі үн-түнсіз кеп иығына асылды. Бұның сабын көбігі жұққан иегі мен жағын сүйір саусағымен шұқылап тұрып: «Ертең мамамыздың туған күні ғой,» — деді. «Бар ақша өз қолыңда ғой, алтын ба, бірдеңе алсаң...» «Ой, алтындары аз емес қой, бірақ онысын кім көріп жатыр?..» — деді де, сәлден соң, «Бұрын ауылда жұрттың бәрі радио тыңдайтын. Далада мал жайып жүріп те, жолда машинамен келе жатып та. Орталық көшеде радио дегенің күндіз-түні самбырлап тұратын». «Қазір де солай шығар, не өзгере қойды дейсің?!» — деді ол, әңгіме тақырыбының лезде өзгеріп кеткеніне іштей таңғалып. «Қызық болсын, мамамызды туған күнімен құттықтап, радиодан бір музыкалық сәлем жолдайық. Бәлкім ауылдағы тума-туыстар естір. Біреуі болмаса, біреуі,» — деді назданып. Наздана айтқанымен, үнінен “айттым — бітті, кестім — үзілді” деген бір нәндік байқалғандай.

Екеуін табыстырған оның осы еркін де өжет мінезі емес пе еді?! Онда бұл сүр бойдақ еді. Дүниенің қат кезі. Бірде ақ қар, көк мұзда көшеде сатылып жатқан жұмыртқаға кез болғаны. Жұмыртқа толы тор қалтасын ұстап, аяғын еппен басып, аялдамаға қарай келе жатқан. Ұзын сирақ, құмырсқа бел қыз екпіні тау құлатардай боп емпілдеп келе жатып, бұның тұсына келгенде мұрттай ұшсын. Сүйемек боп ұмтылған бұның да қолындағы торкөз қалтасы — бір жаққа, өзі бір жаққа ұшып кеткені. Қыз атып тұрып: «Жұмыртқаңыз аман ба?» — демесі бар ма. Сосын, ойланбай қойған өз сұрағын ерсі көрді ме, сықылықтай күлді. Сосын бұны пәтеріне дейін сүйемелдеп әкелді. Сірә, мұзға оңбай құлаған жігіттен өзіне төнер қауіп жоғын сезді ме: «Қозғалмай, төсегіңізде жатыңыз. Мен қазір...» — деп, көптен сыпырғыш тимеген шағын пәтердің ішін әп-сәтте айнадай қылды. Қимылы шалт, шаруаға икемді екен. Жуылмай үйіліп тұрған ыдыс-аяқтың да көзі ашылып қалды. «Анда-санда келіп тұр, жұмыртқа қуырып жейміз», — деп қалжыңдаған, студент қыз сыңғырлай күліп: «Міндетті түрде!» — деді...

Бір күні кітаптары мен киім-кешегін көтеріп, біржола көшіп келді. Осы үйде өмір бойы тұрып жатқандай. Қысылып-қымтырылған жоқ. Көп ұзамай, қошқардай қос ұл тапты да, билік тізгіні біржола қолына көшті. Егіз сәбиді бақтыру үшін анасын ауылдан көшіріп әкелген. Үнемі сіркесі су көтермей отыратын бұның аурушаң енесі қаз-қатар тізілген қалың базарды бір сүзіп шықса, бар кеселінен айығып кететін. Бүгін енді келіншегінің дәл қасында, күнде көріп жүрген адамды жалғанға жар сала құттықтайық дегеніне күлкісі келді. Бастапқыда, әлі күнге балалығы қалмағанға жорыған. Алайда оның түпкі мақсаты — алыста жатқан ауылдастары мен ағайын-туыстарының «ішін күйдіру» екенін кейін ұқты.

***

Радио студияның ені тап-тар, ұзын дәлізін бойлай алшаң басып келе жатқан. Кенет қарсы алдынан шыға келген талдырмаш келіншек имене жол берді. Сырт тұлғасы қылмыс әлеміндегі сұсты жігіттерге ұқсас, шымыр денелі, кірпі шаш бұдан қаймықты ма, кім білсін. Бұл өзінше джентльмендік көрсетпек болған, «Жоқ, ер азаматсыз ғой,өтіңіз!» — деді жолын кеспей. Көзден ұшқан қазақы қасиет осы заманда кімнің қанында жүр дейсің?!. Мұражайда қаңқасы тұрған атамзаманғы динозавр аяқ астынан тіріліп кеткендей қатты таңғалсын. “Ер-азаматсыз ғой” деген сөзді естімегелі қашан! Көңілі бір көтеріліп қалды. Ер-азамат демекші...Бұдан төрт-бес жыл бұрын үй-ішімен ауылға барған. Төрге төселген қызылды-жасылды терме алашаға аунай кетсін. Құс таңдай ою-өрнегі көнеріп, бояуы көше бастаған бедерінде бала күнгі табанының қызуы қалғандай, алақанымен аялай сипалап, бір түрлі жаны рахаттанғаны. Ауылға келісімен, өзінше “келін роліне” енген әйелі бұның аяғынан аттағанын көзі шалған шешесі шыдамай кетіп: «Ер-азаматтың үстінен аттағаның не? Айналып өтпейсің бе? Ер адамның киесінен қорықсаң етті!» — деп кейісін. «Ой, апашка, онда тұрған не бар? Сіздің балаңыз — современный, культурный адам. Ол анау-мынау ауылбайский әдет-ғұрыптарға пысқырмайды!» — деп келіншегінің сылқ-сылқ күлгені дәл қазір ойына оралған, жүрегі бір түрлі түршіккендей болды.

Қай ортаға болсын жатырқамай кіріп кететін жайнаң көз әйеліне мүлде ұқсамайтынын ұяң мінезді, ізетті келіншекті тағы да көргісі келді. Неге екенін қайдам... Ең шеткі есікті ашып еді: ол терезе алдында, жағын таянып, сыртқа ойлана қарап тұр екен. «Кешіріңіз, ертең мамамыздың туған күні еді. Келіншегім радиодан құттықтайық деген», — деп оның ойын бөліп жіберді. «Сіздей қамқор ұлы бар қандай бақытты ана!» дегендей, бейтаныс келіншек көзінің нұрын төге бұрылып, бұған сондай сүйсіне қарады. Сосын танымайтын адамға үздіге қарағанына ыңғайсызданды ма, бойын тез жиып алған ол: « Алдын-ала дайындап әкелген құттықтау сөзіңіз бар ма? Қандай әнді қалайсыз?» — деп сұрады. «Әйелім айтып еді, қазір әндері елдің ауызында жүрген Ақ Гүлдің әндерінің бірін сұра деп...» «Әйелім, әйелім дей беретін қызық жігіт екенсіз. Сонда немене, оған ұнаған, әлгі...Ақ Гүлдің әндері өзіңізге ұнамай ма?» — деді. Әшейінде ықты-жарды елемейтін, жігерлі жігіт неге екенін, оның мысы басқандай бір түрлі сасқалақтап: «Әйтеуір жұрт жақсы деп мақтағасын, таяуда Ақ Гүлдің әндерін сатып алғам. Кассетасын...Үнтаспа дейтін бе едіңіздер, соған жазылған әндерін. Енді алыс жолға шыға қалсам, сол Ақ Гүлді өзіммен бірге ала кетіп, бір армансыз тыңдармын», — деді. Сол сәт бейтаныс жанның жабырқау жүзі бұлт астынан шыққан күндей жарқ ете қалды.

***

Бірде көшеге ілінген жарнама көзіне жылы ұшырасын. Суреттегі қыз бір жерден көрген адамы сияқты. Таяуда әнші, сазгер Ақ Гүлдің өнер кеші өтеді екен. Есімі елдің ауызында жүрген танымал жанды ең алғаш көргенде танымағанына қатты қысылды.

Мың құбылған мұңды да сырлы ән тамыр-тамырын қуалап, бесіктегі сәбидей тербете әлдилесін. Мамықтай алақан маңдайынан аялап сипағандай бой-бойы балқып, бір түрлі маужырай бастағаны. Көк шыбықты ат қып мініп, көшесінде жалаңаяқ шапқылаған аядай ауылын кинодан көріп отырғандай... Бір көрпенің астында, бұйыға бірге ұйықтайтын інілері көз алдына елестесін. Ұялас күшіктер сияқты еді. Қыстың аязды түндерінде, шытыр-шытыр етіп, қызыл шоқтана жанған ошақтағы отқа қарап жатып, анасының әлдиіне құлақ түретін…Өткенде әскерден келген кенже інісі: “Аға, ауылда жұмыс жоқ. Бағатын мал да қалмапты бұрынғыдай. Екі қолымыз алдымызға сыймай, құр босқа сенделіп жүрміз. Жұрт қалаға кетіп жатыр. Барсақ, жұмыстың ыңғайы шығар ма екен?” — деп телефон шалған. Әңгімеге құлақ тігіп, қасында үнсіз жатқан келіншегі амандық-саулық сұраспастан: “Ой, Кенжетай, бұнда ненің жұмысы болсын? Одан да қазір ударный құрылыстар жүріп жатқан Астанаға бармайсыңдар ма?” — деп телефон тұтқасын қоя салғаны. Құдай-ау, неге сол кезде... Жүрегі бір түрлі шым ете қалды. Әсерлі әуен сан қилы ойларға батырды.

Кеш соңында жан дүниесі жаңбырдан соң ашылған жазғы аспандай жадырап сала берді. Тамылжыған тамаша әндері үшін Ақ Гүлге алғыс айтпақ боп, сахна сыртына таянған. Бұрын барған біреудің тосын әңгімесі құлағына түрпідей тиді: «Мені келді-ау, кетті-ау деп, елеп жатқан да ешкім жоқ…» деп біреу Ақ Гүлге қара қазандай өкпесін айтып тауыса алмай жатыр екен. Жартылай ашық қалған есіктен көзі кенет бұған түсті ме, боранды күні құтырған бурадай бар жынын төксін: «Иә, анау неғылған еркек? Есігіңнің алдында неғып тұр ербиіп?!» — деп. Сыныққа сылтау таба алмай тұрған бөтен біреу емес, ет жақын адамы, тіпті күйеуі екеніне дау жоқ. Егер бөтен біреу көшеде Ақ Гүлге тиіссе, бұл онда әлгінің қасына жетіп барып, мұрынын — бет, бетін қып-қызыл ет қылар еді...Әттең-ай, әттең!.. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі». Бала кезден білетін қазақы қағидаға қарсы шыға алмай, ләм-мим деместен, жалт бұрылды...

***

Соңғы кездері оның сұлу сазды сағыныш тұнған әндері қайда барса да алдынан шығады. Кездейсоқтық па, әлде тылсым тағдырдың адам түсінбейтін бір заңдылығы ма. Ертелі-кеш радио мен теледидардан шырқалады да жатады. Той-томалақтан да жиі естиді. Онымен жақынырақ танысу ойда болғанымен, қым-қуыт тірлік ырық берер емес. Сосын себеп жоқ, сылтау жоқ, не деп іздеп барарын өзі де білмейді. Бірде Құдай айдап Ақ Гүлдің өзі келе қалмасы бар ма?!. Құлағынан күн көрінетін қалақтай ғана баласын қолынан жетектеп алған. Келген шаруасы — жүрегінде ақауы бар дімкәс ұлын суға жүзуге үйрету көрінеді. Дәрігерлер үнемі суға жүзсе, бала дертінен біртіндеп жазылып кетеді десе керек. «Қайда барсам да, жұрттың бәрі: “Бойы тым аласа, өзі өте әлжуаз екен”, — деп маңы түгілі шаңына жолатпайды. Түу, кездескеніңіз қандай жақсы болды!» — деп, көктен іздегені жерден табылғандай мәз.

Дереу баласын бір жаттықтырушының қолына тапсырды. Асықпай әңгіме-дүкен құрудың бұндай сәті түспес. «Баласының...бізге келіп жүргенін білсе, әкесі тағы да сізге ренжімес пе екен?» « Тағы да деймісіз?» — Келіншек таңдана жалт қарады. Бұл айтсам ба, айтпасам ба деп екі ойлы боп сәл үнсіз қалды да: «Өткенде коцерттен соң рахмет айтқым келген. Мені көргесін, күйеуіңіз сізге қатты ренжіді ғой», — деді күмілжіп. Жаңа ғана жаз күніндей жайнап тұрған келіншектің жүзі лезде күзгі кештей күңгірт тартты. Осы әңгімені неге қозғадым дегендей, бұл қатты ыңғайсыздансын. Не істерін білмей, орнынан тұрып, терезеден сыртқа көз салды. Қар ұшқындай бастапты. «Биылғы қыстың алғашқы қары ғой. Көптен күткен...Жүріңіз, таза ауа жұтып, серуендей тұрайық. Жаттығу бітіп, балаңыз келгенше,» — деді балаша елпілдеп. Ондағы ойы — Ақ Гүлді ыңғайсыз халден құтқару еді. Қателеспепті. Ол ақ мақтадай үлпілдеген, ақша қарға алақанын тосып мәз: «Төңірек қандай әдемі. Тура көз алдымызда күллі әлем жаңарып, тазарып, сұлуланып бара жатқан сияқты! Біз осы жұмыс-жұмыс деп табиғатты тамашалаудан да қалып барамыз.» «Шынында да…қазір демалыс дегенді мүлде ұмыттық. Бизнеспен айналысқалы, күндіз-түні жұмыс. Қысы-жазы. Әйелім де: “Қазір бойда күш-қуат барда бәрін жасап алуымыз керек,” — деп мені қамшылап қояды. Ой, оның ойына келмейтіні де, ойлап таппайтыны да жоқ. Ең әуелі, контейнер сатып алдық, дүкен аштық. Енді оған сауна, бассейн, мынау спорт мектебі қосылды. Мамамыз да: «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дегенді жиі айтады бізге. Күнкөріс қиындай бастаған кезде ол кісіні, бала-келіндеріне қосып, қалаға көшіріп алғанбыз,» — деді бұл жоқ жерден шешілсін. « Әкеңіз... өмірден ертерек кетті ме?» «Құдай сақтасын! Әкем де, шешем де дін аман. Ауылда. Малдан айырылса, күндерін көре алмастай көреді. Әлі күнге сол, мал, мал деп... Тіпті қалаға жылына бір қыдырып келуге де мұршалары жоқ.» «Сонда қалай? Сіз жаңа ғана анаңызды қалаға көшіріп алдық деген сияқты едіңіз. Әлде... әкеңіз екі әйел алған ба?» «Әкем осы кезге дейін шешемнен басқа бір әйелдің бетіне қарамаған адам! Кезінде үлкендер атастырып әперіпті. Өмірі бір-бірін мүлде көрмеген кісілер ғой. Әкеміз қой ауызынан шөп алмайтын өте момын кісі. Ал шешемiздің пысықтығында шек жоқ. Ауылға бара қалсақ, сен келер деп сақтап жүргем, — деп сақырлай қатып қалған құрт-ірімшігін сандығынан шығарады. Бірде үлкен жеңгем, ой, Алла-ай, күні кеше ғана ауызымның дәмін алайын деп, бір түйір құрт сұрағанымда, ауызын қу шөппен сүртіп отыр еді. Қырық жылғы тастай құрт-ірімшігін тығып жүр екен ғой, неткен тас сараң еді, деп жағасын ұстады,» — деген, Ақ Гүлдің жаймашуақ үніне салқындық кірді: «Қырық жылғы қатқан құрт ол кісінің сараңдығын емес, сағынышын көрсетпей ме. Баласына деген жүрек түкпіріндегі сарытап сағынышын!..» — деді қабағын шытып. «А,а, өткенде радиоға сүйікті енеңізді..., кешіріңіз, мамаңызды құттықтауға келген екенсіз ғой», — деді Ақ Гүл. Сосын туысы емес, тумасы емес, бөтен біреуге қитыққаным қалай деп қысылды ма, үнсіз қалды. Сол күні бұл жұмыстан үйге қас-қарая қайтты. Жол-жөнекей радионы қосқані, тағы да Ақ Гүлдің әндерін беріп жатыр екен. Көлік ішінде ән тыңдап келе жатып, күндізгі әңгіменің бәрін ой елегінен қайта өткізді. Рас-ау, байғұс шешесі жырақта жүрген перзенті кіндік қаны тамған қасиетті шаңыраққа күндердің күнінде, әйтеуір бір ат басын тірер деп бұның сыбағасын сақтап жүргеніне жазықты ма?!. Ішінен шыққан өз баласы “тас сараң” деп ұқса, кеше келген келін-кепшігі не демейді? Қысы-жазы мал соңында жүрген әкесі биыл күзде, Алла жазса, жетпіске толады. Бар баласын оқытып, аяқтандыру оңай ма?!. Өмір бойы бел шешіп, жайбарақат отырған кезін көрмепті-ау. Шіркін, Айды аспаннан бір-ақ шығарып, дүбірлете той істеп берсе қайтер еді!? Кенет енесінің былтырдан бері: «Шалым марқұм соңғы кезде түсімнен шықпай жүр. Ел жаққа барып, ас беріп, басын жаңарту керек», — деп құлақ қағыс қып жүргені ойына орала кетті. Келіншегінің де көңілін қимай, уәде беріп қойған. «Уәде — Құдай аты». Бір түрлі әрі-сәрі боп, самсоз отырып қалған, күміс үнді тау бұлағындай сылаң қаққан сұлу әндер күнделікті күйбең тірлікті ұмыттыра, өзгеше бір әлемге жетелей берді.

***

Бірде жаттығудан кештеу шыққан Ақ Гүл мен баласы ақырған аязда автобус күтіп тұр екен. Үйлеріне дейін әкеп салды. Бұралаң көше. Жапырайған жаман үйлер... Әйгілі сазгер пеш жағатын жатаған ескі үйлердің бірінде тұрады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген... Ойпырмай, тамаша әндері осындай көне лашықта өмірге келгені ме сонда?!. Ертелі-кеш көз алдынан сол бір сұп-сұр сұрқай көрініс кетпей қойсын. Екі айрық жолда не істерін білмей, дағдарғалы қанша уақыт. Ақыры көңіліндегі көрікті ойын Ақ Гүлге айтуға бел буды. Асып-сасып, бірінің басы, бірінің соңы, сөздің басын құрай алсашы!

— Сен мүлде ешкімге ұқсамайсың. Бойыңда Құдай берген талантың бар. Сені бақытты етсем деймін, бірақ соны қалай істерімді білмей, басым қатады... Қалай, қайтып істесем екен?

— “Құдай берген талантың бар” дейсіз. Сол талант деген не өзі? Мынау маржан көзді жүзікке қараңызшы. Осынау асыл тас мұхит түбіндегі бір жәндіктің жарақатынан пайда болады екен. Балықтар тиісіп, жарасы ұлғайған сайын, тас та көлемді, қомақты бола түсетін көрінеді…Мен кей-кейде өзімді мұхит астындағы сол жәндік сияқты сезінемін. — (Ол ішінен сөз астарына үңілді: әндері сонда оның жан жарасы болғаны ғой. Соны бірақ кім түсінеді?!)

— Алғашқы ән кешім есіңізде шығар, — деп Ақ Гүл әңгімесін жалғастырды, — Менің соны қанша жыл армандап, күткенімді білсеңіз ғой! Жолдасым.., күйеуімді айтамын, қуанбақ түгілі... Оның шет-жағасын өзіңіз де байқапсыз.(Құдай-ау, ол дүлейге қайдан кезігіп жүрсің? — деп сұрағысы келген, алайда көңіліне келер деп, тілін тістеді.)

— Екеуміз студент кезімізде қосылдық. Қалада туып-өскен жігіт. Симфониялық музыка жазады. Өте еңбекқор, алайда өнерде бір жолы болмай-ақ қойды. Бәріне қолды бір-ақ сілтеп, шетелге кеткісі келеді. Оған мен көнбеймін. Сосын... кей-кейде бар ашуын менен алады. Менің кемем өрге жүзсе, оның салы суға кетеді. Сосын оның алдына түспейін деп, өмірі өзімді кейін тартумен жүретінмін... Жалпы, ер адамдардың бәрі әйелдің өзінен асып кеткенін ұната бермейді ғой. Бизнесте болсын, өнерде болсын. Мен соны ұқтым. (Әндері ел ауызына ілігіп, жұрт көзіне түсе бастағалы, байғұстың басынан қара бұлт кетпей қойған екен-ау деп ойлады бұл. Сосын, шыдамның да шегі бар емес пе?!. Оның азабы мен мазағына көніп, өмір бойы жапа шегіп жүре бергенше, айырылып кетпейсің бе? — деп айтпаққа оқтала берген, тағы да ойының үстінен түсіпті.)

— Айырылысу деген ой соңғы уақытта басыма жиі келетін. Бірақ әке-шешені ойлайсың. Қартайғанда, оларды жерге қаратқың келмейді. Бала жетім болмасын дейсің... Бірде қатты жәбірледі. Сосын ұлымды жетектеп, түн ішінде шығып кеттім. Шынымды айтсам, баламды біреуге табыстап, өмірмен қоштасқым келді... Түні бойы тентіредік. Сонда қаланың әр тұсынан, өзім ешқашан бас сұқпайтын жерлерден таныс әуендерге кезіктім. (Салтанатты сарайлар мен қымбат ресторандардан... Көп қабатты үйлер мен студент жатақханаларынан... Солардың айқара ашылған есік-терезелерінен өз әндерің сыртқа төгіліп жатқанын өз көзіңмен көріп, өз құлағыңмен естіген екенсің ғой, жаным!)

— Әуелете ән шырқап, тербеле билеп жүрген жандардың сыртынан сұқтанып ұзақ тұрдым. Мұңсыз-қамсыз бейтаныс жандар...терезе сыртында барар жер, басар тауы жоқ менің тұрғанымды қайдан білсін! — деді Ақ Гүл өткен күндерді көз алдынан қайта өткізе. Бала кезімде әжем: “Жақсы әйелде қыздың ибасы мен ер жігіттің қайраты болуы керек” деуші еді. Сол жалғыз ауыз сөз санамда қайта жаңғырықты. Жігерімді қамшылады. (Ашық күнде басыңа қара бұлт үйіретін күйеуіңді қайрақ деп елестетіп, өзіңді бір сәт... пышақ секілді сезінген екенсің ғой деп ойлады бұл. Екеуі бір-бірінің ойын үнсіз ұғатынына шынымен-ақ көзі жетті. Бұл жолы да оның айтар сөзінің үстінен дөп түсіпті).

— Болат кездік қайрақ тиген сайын өткірлене түседі, жасық темір мүжіле береді. Құдай маған елді қуантсын, тебірентсін, ойлантсын деп ерекше қабылет сыйлаған екен, не қиындық басыма түссе де езіліп, еңіремейін деп, райымнан қайтып, тәубеге келдім. Мені бақытсыз деп ойламаңыз! — деді ол күлімсіреп. Күліп тұрғанымен, көзінде терең мұң бар еді. (Сөйтіп, отбасы, ошақ қасыңа қайта оралып, маңдайыңа жазылған тағдырыңа мойын ұсынған екенсің ғой, жаным! — деді бұл ішінен.) Бұлқына буырқанған тентек жүрегіндегі алау сезімге сабырдың салқын суын себелеп, алып-ұшқан албырт та асау көңілін ақылмен тізгіндеуі үлкен жеңіс, теңдессіз ерлік деп кім ойлаған сол кезде.

Енді тіпті жүзінен шуақ төгілген, сынық мінезді сыпайы жан күндіз-түні ойынан шықпай-ақ қойғаны. Алғаш рет балауса сезімі оянған жасөспірім жігіт сияқты... Уақыт атты қалың кітаптың сарғайған парақтары арасындағы семіп қалған жалғыз қызғалдақ көктеммен бірге қайта тірілгендей. Жоқ, бұл «әсіреқызыл тез оңар» өткінші сезім де, көрсеқызарлық та емес. Бұл — өмірі бастан кешпеген ерекше сезім. Үйде оңаша қалса, тыңдайтыны соның әндері. Қалқан құлақ қалақтай баласы соңғы уақытта жаттығуға қаланың бір түкпірінен жалғыз өзі келіп жүр. Өңіне қан жүгіріп, бойы таралып, денесі шымырланып келеді. Бір күні ол қалалық жарыстан жүлделі оралды. Сол күні Ақ Гүлге телефон шалды:

— Ұлыңның алғашқы жүлдесі құтты болсын!

— Рахмет! Чемпион болмаса да... сіз сияқты қайратты азамат болса екен, — деді. Дауысынан оның толқып тұрғанын сезді.

— Соңғы кезде мүлде келуді қойдың ғой. Сені шошытып алдым-ау деймін, ә?! — деді күліп.

— Уақыт жоқ. Жұмыс көп. Оның үстіне, баламды қашанғы сүйрелеймін. Қоян да көжегін туа салып, “Қанжығада кездескенше!” — деп кеудесінен бір теуіп, жөніне кетеді екен.

— Апырмай-ә, “қанжығада кездескені“ қалай?

— Әйтеуір күндердің күнінде бір аңшы атып алары анық қой. Сонда екеуі соның қанжығасында кездеспегенде, басқа қайда кездеседі?!. Осы бастан өз басын өзі алып жүруге үйрене берсін. (Жеңіл күрсінгенін сезді. Одан әрі екеуі де үнсіз қалды. “Балаңның жүлдесін жумаймыз ба?” — деп әзілдеуге жүрегі дауаламады.)

— Жарайды, сау болыңыз! Қанжығада кездескенше! — деп Ақ Гүл қалжыңға сүйегендей боп, телефон тұтқасын қоя салды. Оның бұл сөзі ”О дүниеде кездеспесек, енді екеуміздің бірге жүруіміз мүмкін емес!” — дегендей естілді. Дың-дың еткен телефон тұтқасын ұстап, ұзақ отырды. Күн батып, қас қарайды. Әлі де отыра берер ме еді... Шамы жанбаған қаракөлеңке кабинетінің есігі дыбыссыз ақырын ашылды. Ішке кіріп келе жатқан әйел сұлбасын көріп, Ақ Гүл келген екен деп орнына ұшып кете жаздасын. Жүрегі де кіп-кішкентай торғай құсап, тыпырлай жоғары ұмтылып, ауызынан шығып кетуге шақ қалды. Жоқ, өз әйелі екен. «Соңғы кезде бір түрлі боп жүрсің ғой. Әдейі аңдып келгем! Оңашада бір сылқыммен құшақтасып отырса, үстінен түсейін деп», — деп сықылықтай күлді. «Қойшы, қайдағыны айтпай.» «Елдің бәрі кетіп қалғанда, сенікі не отырыс? Жүр үйге қайтайық!» — деп ол мойнына асылды. Үстінен қымбат әтірдің өткір иісі аңқиды. «Шаршап тұрмын, — деп оның жұп-жұмыр білегін ысырып тастады, — Жүр, үйге қайтсақ, қайтайық». «Осы сенікі ненің күйігі? Неге шылым шектің? Өмірі істемеген әдетіңді істеп... Не болды сонша? Анау ауылдағы жұмыссыз інілеріңді қайтсем қалаға әкелем деп, басың қатып отыр ма? Асырай алмайтыны бар, шешең неге туған оларды шұбыртып?

(Бұның жұдырығы қатты түйіліп барып ашылды). « Жоқ, қорықпа...Олар қалаға шұбырмас үшін, мен ауылға қайтамын. Осы шаруаның талайын ел жақтан да істеуге болады. Енді ертеңнен бастап, мынаның бәріне өзің ие боласың!» — деді шаршаңқы, бірақ кесімді үнмен. Осынау тосын ойдың қайдан басына келгеніне өзі де қайран...

***

Бірде ерте көктемде көкөніс өсіретін жылыжайда інілерімен бірге жұмыс істеп жатқан. Күні бойы бір тынбастан жер-көктің жаңалығын айтып самбырлап тұрған радио, ымырт үйіріле Ақ Гүлдің мұңды да сырлы әндерін төксін... Тұла бойына шым-шымдай еніп, тамыр-тамырын шымырлай кернеген әсерлі әуен сәл қозғалса, сап тиылардай қимылдауға жасқанды. Қанаты қайырылып, жапан далада жалғыз қалған сыңар аққу көзіне елестеді... Түпсіз терең аңсау мен алапат сағынышқа толы шексіз бір сезім ерік бермей, сол түні алыста жатқан арман қалаға асығыс аттансын. Көрген жұрттың айтуына қарағанда, құстай ұшып келе жатқан жеңіл көлігі жолдан шығып кетіп, күл-талқаны шығыпты. Түн қатып, түс қашып, ұзақ сапар шегу оңай ма, таңға жуық қалғып кеткен-ау, сірә!

...Жарлауыт жағалауға баяу лықсып кеп, үсті-үстіне күңірене соғылған зілбатпан мұхит толқындарындай оркестрдің зарлы сазы сай-сүйекті сырқыратады. “Сөзі мен ісі қабысқан мәрт азаматтың” тосын қазасына қабырғалары қайысқандар осыншама көп болар ма?!. Мақтау сөзден жолына мамық төсеуде. Сөздерінің бір өтірігі жоқ. Иә, адыра қалған ауылдан қалаға ағылған ағайынның аптығын бассам деп тыраштанғаны да рас. Талайдың ерінін аққа, тақымын атқа тигізуге талпынғаны да бекер кетпепті. Соның бәрін қайраңда қалған қайран жұрты түптің түбінде бір ұққанына да шүкі-і-ір!.. Алайда қаралы жұрт жіпке моншақ тізгендей әспеттеп айтып жатқан ізгі істерінің бәрін бұл елдің көзіне түсіп, атын шығару үшін қолға алмап еді ғой. Көктемгі нөсердей сіркіреп өте шыққан ғұмырының сәулелi сәтін тек санасынан өшірмеу үшін жан-тәнін салғаны өзіне — аян. Қысы-жазы тіршілік тегершігін тынымсыз айналдырған тасбауыр қаланың шынжыр табанына таңғы ауадай тап-таза, жаңа жауған қардай аппақ сезімін таптатпас үшін жыраққа кеткенін енді ұқты.

Бұрын-соңды бұлай емін-еркін ұшып көрмегесін, мамықтай салмағы жоқ, тәнсіз құр жанды игеру де оңай емес екен. Құс қанаты талатын шырқау биікке көтеріліп ап, төменге «көзі» талғанша қарады. Көрмегелі қанша жыл, қала қатты өзгеріпті. Тау етегі жыпырлаған қос қабатты сәнді сарайлар. Түрлі-түсті ойыншықтай. Түп-түзу, айнадай жарқыраған тас жолдар мен сәнді көпірлердің үстінен зу-зу-у өтіп жатыр... Қалбалақтап жүріп, басқа бір мемлекетке өтіп кеткеннен сау ма өзі?! Көңіліне күдік кірді. Әйнегі күнмен шағылысқан, бірінен-бір аумайтын биік үйлерден бір сәт бұның «басы» айналғандай болды. Құдай-ау, адасып кетуден аман ба?! Ақ Гүл енді терезелерінен Күн нұры төгілген, жап-жарық, жып-жылы, жаңа пәтерде тұрып жатқан болар. Қыс бойы түтіні тартпайтын жаман пешпен арпалыспай... Сыз үйде бүрсең қаға тоңып шықпай...Онда таппадым-ау деп ренжуге бола ма?!. Алайда, қаланың дәл осы мүйісі бәз-баяғы қалпында, еш өзгеріссіз мүлгіп жатыр екен. Жер-көктің бәрі жаңғыра жаңарғанымен. Сол бұрынғы қиқы-жиқы шолақ көшелер. Сол үй, сол аула.. Содан бері арада он шақты жыл өтті дегенге кім сенер?!. Таныс үйді сыртынан көріп, бұның «алқымына» өксік тірелді. Желдей ескен жүйрік уақыт тап осы жерге келгенде жүрісін баяулатып барып, мүлде тыншу тапқан сыңайлы. Есігін қағайын десе қолы жоқ, айғайлайын десе, үні жоқ. Тосылып тұрып қалды. Сосын терезенің ашық тұрған алақандай ғана желкөзінен лып етіп ішке енді. Ақ орамалмен бет-ауызын бүркеген шүйкедей біреу жайнамаз үстінде көзін жұма жүгініп отыр екен. Ән сүйер қауымның алақанында жүрген талантты жан дүния қызығын тәрк етіп, бәрінен баз кешеді деп кім ойлаған?!.

Намаз соңында тіріге — береке, өліге иман тілеп ұзақ күбірлеген ол бұның да аты-жөнін дұғасына қосты. Бала-шағасының қызығын көріп, жұмыр Жер үстінде аман-сау жүруін Алладан жалбарына сұрады...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз