Өлең, жыр, ақындар

Яссауи мен Абайдың үндестігі

Абайдың Яссауи хикметімен таныс екенін отыз бесінші қара сөзі баяндайды: «Махшарда Аллаһу та’ала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт — соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, жомарт болғанды, сопы болғанды, молда болғанды, шейіт болғанды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Аллаһу та’аланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді. Дүние үшін болғандарға «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған. Сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» дейді. Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» - деп айтар дейді».

Бұл қара сөз 1896 жылы жазылған. Бұл Абайдың ахирет үшін толғанысқа түскен кезеңімен сәйкес келеді. Адамның «Өмірдің мәні не? Не үшін өмірге келдім? Бұл дүниедегі атқарар борышым, артқан жауапкершілігім қандай? Ертең өмірден өткеннен кейін не болады?» деген сұрақпен бетпе-бет келетін сәті. Абай өзіне керек кіаптарды Семей, Түркістан, Омбы, ішкі Ресейден алдыртып отырған. Абай Шығыс даналығы, сопылық ілім туралы кітаптарды Мұхтардың атасы Әуез арқылы Түркістаннан алдырып отырған.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз