Өлең, жыр, ақындар

Қолтырауын мен піл үйленсе... немесе үйленген соң үйлесу керек

Баяғы өткен заманда қолтырауын мен піл бір-біріне ғашық болыпты дейді. Сосын олар дүниені дүр сілкіндіретін той жасап шаңырақ көтереді. Өзара махаббаттарының күштілігі сондай — бір-біріне өздері үшін ең құнды дүниелерін беруден жарысқа түсіпті. Қолтырауын суға сүңгіп кетеді де, ең керемет балықтарды ұстап, пілге әкеліп береді. Ал піл болса, көк майсаның ең жұмсақ жерлерін таңдап тауып ғашығына апаратын көрінеді. Бірақ нәтижеде екеуінің де көңілдері мұңды. Ет жейтін қолтырауынға пілдің сыйы, көк жейтін пілге оның сыйлығы ұнамайды. Сөйтіп екеуінің де ниеті адал, пейілі таза болғанымен, табиғат заңы тұрғысынан қате тірлік жасап жүрген екен. Осыны түсінген екеуі бұдан былай өздеріне емес, жарларына ұнайтын нәрсені сыйлауға тырысатын болыпты. Екі ғашық мақсат-мұраттарына осылайша бірге жетіпті.

Бұл әңгіме бүгінгі отбасылардың кейбір сырларын түсінуге көмек береді. Адам арасындағы ерлі-зайыпты піл мен қолтырауын сияқты сыртқы көріністері бөлек жаратылыс болмаса да, олардың табиғаттарында бір-бірінен көптеген ерекшеліктер бар. Еркек — күшті, әйел — нәзік. Әйел — сезімтал, ер адам — салқын қанды. Әйелдің сөзі жылдам, еркектің қолы жылдам дегендей. Одан бөлек екеуінің екі түрлі ортада өсіп, жетілуінің өзі арада бірталай айырмашылықтың болуын заңды етеді. Олай болса, олардың бір-біріне: «Неге сен дәл мендей емессің» деп өкпелеуге құқықтары жоқ. Сондықтан атам қазақ «Үй болу-оңай, үйлесу-қиын» деп бекер айтпаған.

Қысқасын айтқанда, отбасын құрған екі жарты бір бүтін болуы үшін бір-бірімен сол табиғи қалпында үйлесіп кетуі керек. Екеуі бір-бірінің табиғатын, мінез-құлқын, темпераментін, жақсы көріп ұнататын істерін зерттеп үйреніп алғандары дұрыс. Бірақ бұған міндетті түрде екі жақ та атсалысуы тиіс. Сонда отбасы мақсат-мұратына жетеді. Баршаңызға отбасылық бақыт тілейміз.

Е. Ертайұлы («Жұбайыңның жүрегін жаралама — жаула» кітабынан)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз