Өлең, жыр, ақындар

Ақша жайлы не білеміз?

ХІІІ ғасырдың басында Жетісу, Сырдарияның бойында орналасқан қалалар мен Мауареннахрды басып алған Моңғол мемлекеті бұған дейін өз ақша жүйесі болмауы себепті, ақша соғу ісін өзі жаулап алған, ертеден ақша соғу ісі дамыған елдердегі ақша жүйесі бойынша жалғастырды. Моңғолдар өздері жаулап алып отырған жерлердегі ақша сарайларының өнімдеріне алдыңғы кезеңдердегі ақшалардан аздаған өзгешеліктер ғана ендіріп, көпшілігінде билеушілердің аттары мен лауазым-атақтарын алып тастап, анонимді түрде ғана соғып отырды. Тиындар беттеріне адам аттарынан тек Халиф Наср лид-Дин Аллахтың аты ғана түсірілді. Бұл халифтің есімі оның өлімінен кейін де біршама уақыт түсіріліп тұрған. Дегенмен, бұл кезеңде аз көлемде болса да Шыңғыс хан, Үгедей, Мөңку қағандардың аттарымен алтын динарлар, күміс дирхемдер және күміс жалатылған мыс дирхемдердің соғылып отырғандығы белгілі [16, 73-б.].

Моңғолдың алғашқы хандары Шыңғыс хан, Үгедей мен Мөңке қағандардың билігі тұсындағы ақша айналымы тек 3 ақша металы негізінде жүрді (күміс ақшалар бұл кезеңде тек империяның шығыс аумақтарындағы бірнеше ақша сарайларында ғана соғылып, негізінен сол аймақтың нарығын ғана қамтып отырды.): 1 - төмен сынамды (580 сынамдық) алтын ақшалар, 2 - күмістелген мыс дирхемдер және 3 - мыс фельстер. Екі ғасырдай бүкіл Орта және Орталық Азияның ақша айналымында үстемдік еткен күміс тоқырауының әсері күміс ақшалардың алғашқы моңғол билеушілері тұсында бүкіл империя аумағында негізгі ақша түрінде айналымға енуіне мүмкіндік бермеді. Үгедей ханның билігі тұсында күміс ақша соғумен айналысатын бірнеше жаңа ақша сарайлары пайда болды. Бұл жаңа ақша сарайларының көпшілігі моңғолдар атажұрт атаған жерлерде ғана жұмыс істеді.

Моңғолдар атажұрт жері деп тек Моңғолия ғана емес, сонымен қатар, Шығыс Түркістан мен Жетісу жерін де қарастыратын [9, 64-б.]. Аталмыш жерлерде соғылған күміс ақшалар тек жергілікті нарықты ғана қамтамасыз етіп отырған секілді. Себебі, бұл ақша сарайларының күміс ақшалары тек ақша сарайлары орын алған аумақтардан ғана табылуда. Бұл кезеңде Шағатай ұлысы құрамына енген Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларда сауданың басым бөлігі негізінен күмістелген мыс дирхемдермен жүргізілді. Мөңке қаған тұсында, 1251 жылы өткен құрылтайда, адам басына салынған күпшүр салығы товар түрінде емес, алтынмен жиналсын деген шешім шығарылған соң, көпес-билеуші Масуд-Бектің алтын ақшалар соғып шығарып отыратын бірнеше жаңа ақша сарайларын ұйымдастыруына тура келді. Алтын динарлардың сынамы күнделікті саудада қолданылуға ыңғайлы болуы үшін әдейі төмен етіп белгіленді (500–580 сынамды) [13, 131-б.].
Бұл кезеңде де алтын динарлар салмақ көрсеткіштері бойынша ғана айналымда жүрген. Күнделікті саудада да алтын ақшалар белгілі көлемде рөл атқарған. Алтын ақшалардан қажет салмақтағы бөлігі сындырылып алынып, төлемдер жасалып отырған. Оны осы кезеңге тән алтын ақшалар мен бұйымдардан тұратын көмбелер құрамында динарлардың түрлі көлемдегі сынықтарының көптеп кездесіп отыруы растайды.

Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан қалаларда толыққанды күміс ақшалар тек 670 хижра жылынан (1271–1272 жж.) бастау алған, тарихта Масудбек реформасы аталып кеткен ақша реформасынан басталады. Әрине, реформаның қысқа мерзім ішінде іске асырыла алмайтындығы белгілі. Күміс ақшалардың сауда айналымына толыққанды енуі үшін бірнеше жылдар қажет болды. Реформа басталған алғашқы жылы, бұған дейін де күміс ақшалар соғып отырған Алмалықтан бөлек күміс ақша соғу ісіне жаңадан кіріскен Отырар ақша сарайы қосылды. Одан кейінгі жылы Отырардан бөлек Тараз, Кенжде ақша сарайлары да атсалысқан. Осылайша, хижраның 686 жылына дейін (1287–1288 жж.) бірі ерте, бірі кешірек 18-ден аса ақша сарайларында күміс ақша соғылып отырғандығы белгілі болып отыр.

Мұса Жібек Сәбитқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз