Өлең, жыр, ақындар

Жер-Ана мен Айсауле (көрініс)

Лэд экраннан мектеп ауласы көрсетіледі.​ Ал аулада кішкене ғана оқушы қыз,​ қолына пакет киіп алып, қоқыс теріп жүреді.​ Кенет сахнаға екі ұл бала шығып:

​- Ей, Қоқысгүл! Тағы да қоқыс теріп жүрсің бе? Мә! Мына қоқыстарды да тер - деп,  умаждалған қағаздарды лақтырып кетеді.

Қыз үндемей қоқыстарды жинап, жәшікке тастайды.​ Сосын сәкіге отырып,​ мұңайып,​ көз жасын сүртіп отырады. Осы кезде сахнаға Жер-Ана шығады.​ Ақырын ғана қыздың артынан келіп:

- Айсәуле! Менің бетімді қоқыстан тазартушы алтын қыз?! Сен қандай керемет балақайсың? Ата-анаң сені не деген мейірімді етіп тәрбиелеген?- дейді.

-​ Аа? Сіз кімсіз?

- Мен Жер-Анамын!

-​ Жер-Ана? Сіз тек ертегілер әлемінде ғана емес пе едіңіз?

-​ Жоқ, қалқам! Мен шын өмірде де бармын! Маған қиянат жасаушыларды жазып жүрмін...! Жақсы, қайырымды балаларға беретін сыйлығым мол! Оларды өз жеміс, көкөніс, дәнді дақылдарыммен қуантамын! Оларға ас атасы болған - "Нан"- ды сыйға тартамын! Ал салақ,​ нашар балаларға сыйлық бермеймін- деп отырмын.​ Егер олар өзгерсе, онда​ мен де оларды жақсы көретін боламын!

- Мәссаған..! Ал мен білмеген екенмін..

- Енді біліп жүр! Айсәуле... (мұңайып) менің жүрегім қатты ауырады...!

- Сізде жүрек бар ма?

- Әлбетте..! Мына экранға қарашы...? Адамдар менімен не істеп жатыр..?​ (Экраннан қырқылған орман, өртенген алқап, қырылған киік, балық, аң-құс, соғыс, ашаршылық, жағажайлардағы қоқыс,​ улы жемістер мен дәріленген алқаптар, қырылған жәндіктер көрсетіледі.​ Ар жағынан күй ойнап тұрады.)

- Сұмдық - ай! (Айсәуле жыламсырайды)

- Осындай апат жасаған адамдарға кейде ашуланып,​ мынадай мінез де көрсетемін! (Экраннан түрлі табиғи апаттардың видеосы көрсетіледі.​ Цунами, жер сілкінісі,​ вулкан,​ тау қозғалуы т.т.)

- Өтінемін... Жер-Ана...?! Бізге мұндай апат жібере көрмеші... Қазақ халқы обал-сауапты білетін, аң-құстың киесінен қорқатын халық. Бізге тек мейіріміңді ғана сыйлашы...?!

- Білемін алтын қыз! Бұрын қазақ қандай еді...? Еһ,​ шіркін-ай. Ғажап халық еді-ау?! (Сахнадан қазақ үйлер мен жайлау, мөлдір су, керемет табиғат пен әдемі көріністер көрсетіліп, соңы атом бомбасы жарылған Семей,​ тартылған Арал, қырылған марал көрсетіліп аяқталады...)

- Жер-Ана,​ енді біз саған қандай көмек бере аламыз? Сіз үшін не істей аламыз?

- Егер әр жерге қоқыс тастамасаңдар, өзен-көлдерді, тау мен тасты былғамасаңдар, жақсы бала болсаңдар,​ менің де жарам жазылады.

- Жарайды Жер-Ана! Мен енді тіпті де қоқыс теруді жалғастыра беремін. Өйткені бұл жер​ - менің Отаным! Аяулы Қазақстаным! Мен үшін​ - Жер Жәннаты!

- Бәрекелді! Ақылыңнан айналдым! Ата-анаңа мың алғыс! Онда мен өзіңмен қоштасайын. Бірақ алғыс айтуға келіп тұрамын. 

Гүлмекен Қасенбай
09.01.2020


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз