Өлең, жыр, ақындар

Серғазы батыр (І нұсқа)

Қазақ-қалмақ соғысы заманында Жетісу жерінде қалмақтар бірер жыл табан тіреп тұрып қалады. Сол кездерде олар Суықтөбенің күнгейін қыстап, теріскейіне егін салып, таудың бөктерін, басын жайлаған. Осы жылдардың куәсі ретінде қалмақтан қалған жел диірменнің тасы  жатыр. Қалмақтар бұл маңайдан қуылып, Жоңғар қақпасына жетіп қалғанда, көріпкел-биі қолға түсіп, сол айтқан екен деген әңгіме бар:

— Алтайдан Таразға дейінгі ұланғайыр мол кеңістікте жүріп, мекен етіп, Суықтөбенің бауырына тең келетін аймақ көрмедім. Қалмақтардың бұл аймаққа қызыққаны сондай — мұндай сөздерді көп айтыпты. Ел арасында солар айтыпты деген бір ауыз өлең де қалыпты:

— Долан (жеті) жыл мекен еттім,
Болып Суықтөбе иесі.
Аңы бар арқар, аю, ұлар, барыс,
Ну бақша өрік, алма, шиесі.
Суықтөбе басында
Диірменнің тасы қалды.
Табиғаты ерекше жаратылған
Жер-ана ғой киесі.

Қалмақтар осылай жеңіліпті. Серғазы батырдың туған ағасы Сереңнің бірде індетке ұшырап, бес баласы бірдей өліп кетеді. Күллі Түкей ұрпағы қара жамылып, бауырының қайғысына батыр да қатты қиналған екен. «Япыр-ай, ағам болса жасы ұлғайып қалып еді, жеңгем де шар тартып кетіп еді, ұрпақсыз қалар ма екен?» деп қайғырады. Содан ары ойлап, бір үрдіске бет қояды.

Сол кезде Шапырашты Қарасай батыр ұрпағы өтеп руынан шыққан Есек деген жасы жетпістен асып қалған әулие кісі болған екен. Серғазы батыр әлгі әулиеге барып:

— Ей, әулие Есек, сен Алламен тілдесетін адам дейді. Менің ағам Сереңнің ұлдары өліп, тұқымсыз қалатын болды, соған Құдайдан бала сұрап бер, — депті. Серғазының батырлығынан хабары мол әулие оның ойлы-қырлы сөздерін көңіліне алмай, батырға ілесіп Серең аулына барып түсіпті. Сонда Есек әулие Серең әйеліне:

— Қарағым, келін, өзің барып бір қой алып келіп, бата сұра, — депті.

Сереңнің әйелі жаулығын салып, бір ақсары бас қойды жетелеп келіп, Есектен бата сұрапты. Мал сойылып, ет қазанға түскен кезде Есек әулие қисайып, мызғып алмақ болып, ұйықтап кетіпті. Арада сәл-пәл уақыт өткенде әулиеге:

— Тұрыңыз, бауыр пісті, — деп оятып жібереді. Сонда әулие:

— Ой, әттеген-ай, бекер оятып жібердіңдер ғой. Алладан бір ұл сұрап алып, ол жалғыз болмасын деп тағы біреуін сұрап жатқанда оятып жібердіңдер ғой, — деген екен.

Содан арада жыл уақыты өтіп, анамыз екіқабат болып, бір ұл тауыпты. Серғазы батыр ерекше қуанып, ырым жасап:

— Бұл баланы Құдайдан Есек әулие сұрап беріп еді, атын сол кісіге қойдырамын, — деп әулиеге қос ат жіберіп, алдырыпты. Сонда Есек әулие тұрып:

— Шапыраштыда Қарасайдың баласы өтептей болса, жаман болмас, әруақты адамның атын көтере алса, көтерер, көтере алмаса, тағы көреміз, — деп әлгі баланың атын өтеп қойыпты.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Ер Жауғаш


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер