Өлең, жыр, ақындар

Сәмен батыр (І нұсқа)

Сәмендер Жоңғар тауына кеткенде, үйінде әйелі екіқабат қалған екен. Арада жарты жылдан асқанда бір дәруіш Сәмеге жолығып:

— Уа, батыр, не болатынын айтып берейін, — дейді. Сонда Сәмен тұрып:

— Сен одан Ақсеңгірге барып кел, әйелім босанып па, біліп кел, — депті. Дәруіш бірнеше күн жүріп келсе, Сәменнің үйінің төңірегі толған әйелдер, жаңа туған баланың дауысы шығады, кіндігін кесіп, құндақтап ораған баланы көрпеге төсеген қаптың үстіне жатқызса, сыймайды. Бала көтерген әйел: «Бала үлкен екен, қаптың үстіне салсам, сыймайды», — депті. Осыны естіген дәруіш Сәменнен сүйінші сұрапты. Сонда Сәмен: «Қаптың үстіне сыймаса, баланың аты Қапсалаң болсын, саған сүйіншіге бір тай берсін деп айтып бар», — дейді. Осылайша ел жиналып, азан шақырып, Сәменнің бірінші баласының атын Қапсалаң қойыпты...

Қалмақтар қайта шабуыл жасағанша біраз жыл өтіп, тыныштық болады. Осы тыныштықтың барысында қазақ- қырғыз бірігіп, үшқоңыр жайлауында үлкен той жасайды. Тойға екі жақ та мықтап дайындалады. Ат жарысынсыз той өтпейтін заман. Ел бәйгеге аттарын дайындай бастайды. Сәмен батыр өзімен жиырма жылдай жолдас болған шұбар айғырдың жал-құйрығын сүзіп: «Тұлпарым, талай қиындықты бірге өткіздік, осы бәйгені алып беру саған серт, осыдан кейін үстіңе ер салмай жіберу маған серт», — депті.

Қазақтар бәйгенің мәресін Үшқоңыр жайлауының етегіне белгілемек болады. Оған қырғыздар көнбей, Үшқоңырдың үстіне шыға берісіне белгілейді. Қырғыздар өздерінің аттары туада өрге қарай жақсы шабады, бәйге біздікі болады деп ойлайды.

Тойдың аламан бәйгесіне неше жүз ат жиналады. Әр аттың иесі аттары алысқа шапса, соның аты келетіндей көрініп, түнемеге айдап, Жаманты сайындағы Қарақұдықтан күн шыққанда жібереді. Көп ат ілесе алмай, жолда қалады. Бірнеше ат таудың жолынан құлап өледі. Жалғыз шұбар айғыр ғана үшқоңырдың жалғыз аяқ жолымен зорға көтеріледі. Ең биік жерінде бір-екі сүрініп, тоқтап қала жаздап, әйтеуір мәреден өтеді. Бәйгені шұбар айғыр алады. Басқа бір ат та мәреге жете алмайды. Шұбар айғырдың үшқоңырға көтерілген жалғыз аяқ жолын ел «Шұбар аттың жолы» деп атап кетеді. Аламен бәйгеден кейін Сәмен батыр шұбар айғырға ер салмай, тоғыз қысырақ қосып жібереді. Шұбар айғырды үйірге қосқан соң үйірімен өрісінен табылмайды. Өрісте шұбар айғыр үйірінен құлындаған бурыл бие ғана қалыпты. Жылқышылар бірнеше күн іздеп таба алмайды. Ақыры Сәмен батырға айтуға мәжбүр болады. Ол әлгілердің айтқандарын үнсіз тыңдап отырып-отырып барып:

— Осыдан жиырма екі-жиырма үш жылдай бұрын қырғыздардың жылқысын қалмақтар барымталап айдап келе жатқанда, қараңғыда бірнеше жылқы бөлініп қалып қояды да біздің жылқыға қосылады. Солардың ішінде осы шұбар тай да болады. Ол дөнен болады. Содан бір күні өзіме ат іздеп жүріп, сүйегі ірі, шоқтығы биік, асаусыған шұбарды бұғалық салып ұстап, үйретіп, ұзақ жаугершілікке мінетін атым болды. Шұбар айғыр қырғыздардың Талқан деген биінің жылқысының тұқымы, сол жақтан іздеңдер. Егер онда ит-құсқа аман, қолды болмай барса, алып келмеңдер», — деп табыстайды. «Өз жерінде қалдырып кетіңдер», — дейді.

Жылқышылар іздеп барса, шұбар айғыр үйірімен жылқылардың ішінде жүргенін көріп, қырғыздарға болған жағдайды айтып, оларға шұбар айғырды үйірімен қалдырып кетеді. Жылқышылар Сәмен батырға келіп айтқанда:

— Есті жылқы қоңы көтерілсе, көп жыл өтсе де, өз жерін табатыны осы екен ғой, — дейді. — Егер менің көп жылғы көрген түсім шын болса, шұбар айғырдың тұқымы біздің ұрпаққа тағы бітеді...

Аңырақайда ойсырап жеңілгеннен кейін қалмақтар жойқын шабуыл ұйымдастыра алмайды. Дегенмен, оқта-текте қазақтардың тыныштығын кетіріп жүреді. Сондай бір шайқас Арқарлының шығысында болады. Ертеңмен екі жақ бір-біріне жақындап қарсы келгенде, Сәмен батыр «жекпе-жек!» деп айғайлайды. Қалмақтардың бірінен соң бірімен жекпе-жекке шығып, жетеуін түсіреді. Жетінші батыры жеңілген соң қалмақтарды үрей билей бастайды. Сол кезде Доланқара он сегіз жауынгерін шақырып алып: «Қазір, сегізінші болып мен шығамын, бір-екі қағысып, Сәмен жақындағанда қарсы шауып, қоршап алып, найза түйреуді табыстайды да», өзі «Жекпе- жек!» деп айғайлап тұрған Сәменге қара тұра шабады.

Сәмен қалмақтарға жақындағанда, он сегіз қалмақ қоршап алады. Текебай сарбаздарымен лап қояды. Бірақ сегізінші жекпе-жекке шыққан Доланқара қазақ жауынгерлері жеткенше, Сәмен батырдың сауытының осал жері қолтығының астынан найза түйреп үлгереді. Қалмақтардың жасырын топтарын талқандап қайтқан Жоламан мен Байсерке екінші жағынан шабуыл жасайды. Сәмен батырдың ауыр жараланғанын естіген қазақ жауынгерлері қалмақтарды қаһарлана қыра бастайды. Сол күні күн ұясына таяғанда Сәмен қайтыс болады. Екінші топты талқандап қайтқан Тойшыбек, Қасаболат, Көтентай батырлар қайғылы қазаның үстінен шығады. Бүкіл ел болып, күңіреніп, Сәменді Кербұлаққа жерлейді.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Ер Жауғаш


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер