Өлең, жыр, ақындар

Алшын Қорлыбай батырдың Қалдан ханмен кездесуі

Қорлыбай батыр көп қолмен бір жауласқан жауын шауып еліне алып қайтып келе жатқанда, бір төбенің арасында Қорлыбай жаяу отырады. Біреу келіп: «Батыр, атың қайда, нағып жаяу отырсыз?» десе, қолға түскен бір жігіт: «Батыр-ай, бір арманда нәрсе қалып барады» деді. «Ол не?» деп сұрап едім: «Бір жерге бір кісі зорға көтеретін алтын тығып едім, қайда тығылғанын менен басқа жан білмейді, сол не кейінгі елдің пайдасына жоқ, не сіздің пайдаңызда жоқ, қалып барады. Соны мен арман етем» дегені, «соны алып кел» деп атымды соған беріп жіберіп, соны тосып отырмын», — дейді.

— Ой, батыр-ай, жау алтын әкелуші ме еді!? Атыңызды алдап мініп кеткен ғой, басқа ат әкелейік, жүріңіз, — десе,

— Жоқ жау өтірік айтпаса, мен өтірік айтпаймын, өздерің жүре беріңдер, мен уәдемді тосамын, — деп отыра береді.

Әлгі адам көшке барып Қорлыбайға ат алып, қасына кісілер алып қайтып келсе, әлгі жігіт алтынды алып о да келе жатыр екен. Қорлыбай:

— Жарайды, шырағым, жігіт екенсің, алтын өзіңдікі, өз басың азат, мына атты ер-тоқымымен мініп, аман-есен елің тап, өз атымды өзім мінейін», — деп, артық ат пен алтынды беріп, қош айтысып жүріпті.

Қорлыбай төрт ағайынды екен. Әкесінің інісінен үш бала бар екен, бәрі де батыр екен. Қорлыбай қамалға шапқанда, қалғандары қалмай дауам бірге шабады екен, бір қоныста жер жағдайына қарай бір сайда бөлек ауыл болып отырады. Бір күні Қорлыбайдың ауылына көп елден жан қатынамайды. Ертең бесінге дейін жан таппай: «Бұл не тамаша, ел аман ба екен, барып біліп кел!» — деп кісі жіберсе, Қалдан хан аттаныпты. Келе жатқан қолдың есебі жоқ дейді. «Қазақты қырғалы келеді екен, егер Қорлыбай естісе, алдынан қарсы соғысады да, елді қырғызып тастайды. Жауға әліміз келмейді, басамандап қашайық», — деп, Қорлыбайды жалғыз ауыл тастап қашып көшіп кетіпті. Бұл хабарды білген соң, «біз қайтеміз» деп өздері ақылдасады. Қорлыбай:

— Жалғыз қалып не бітіреміз? Не болсақ елмен бірге болайық, біздің де көшкеніміз мақұл», — депті. Бұл кезде күн батқан кез екен. Бір інісі тұрып:

— Мақұл, қане, тұрып түйеге жүк қояйық, — дегенде, бір інісі:

— Боса да көшетін болған соң көшеміз ғой, таң атқан соң көшейік. Түнде көшіп жатқанда үстімізге қалмақ келіп қалса, қалмақтардан ұят емес пе, не бетімізді айтамыз», — депті. Қорлыбай қарқылдап күліп:

— Дұрысы осы екен, ертең күн шыққан соң көшейік, — депті.

Ертең елдің соңынан көшіп келе жатады. Қорлыбай бастаған бесеуі малшылармен бірге жылқы айдасады. Екеуі көштің қасында болады. Күн бесін болады, арттарынан жау да көрінеді. Біреу: «Бесін болыпты ғой» — десе, біреуі: «Жау келіп қалды ғой» — десе, енді біреуі: «Не айтып тұрсың, Тәңірден қорықпай, жаудан қорқайын деп тұрмысың?» — дегенде, біреуі аттан түсе қалып азан айта бастайды. Бесеуі де түсіп саспай намаздарын оқи береді. Қалмақтардың қолы «мынау бір сәнді көш екен, осы көшті алайық» деп тұра шабады. Намаз оқып жатқандардың тұсына Қалдан хан тұра қалады. Шапқан қолға «Тоқтаңдар!» деп әмір беріп тоқтатады. Сырттан қара тұрып:

— Мына бес адам не істеп жатыр? — деп қалмақтардан сұрайды.

— Бұлар намаз оқып жатыр, — дейді. Хан тұрып:

— Осы адамдардың басы бар ма? — дейді. Көріп тұрғандар:

— Басы да, құлағы да бар, бәрі көрініп тұр, — дейді. Қалдан хан:

— Маған иығынан төмен ала жоғарғы бас жағы мұнарланып көрінбей тұр, сендер көшке тигенде шырқыраған баланың дауысы шыққан кезде қандай сезімде болатынын білесіңдер ме? — дегенде,

— Жоқ білмейміз, білгеніңізді сіз айтыңыз, — дегенде: «Мен айтсам тап қойға шапқан арыстандай болады ғой деп, біреуің де тыпыр етпеңдер», — деп, аттан түспей қарап тұрады.

Намаздарын жайлап оқып болған соң, Қорлыбай батыр қолын қусырып ханның алдына келіп:

— Түсіп қонақ болыңыз, — дейді. Хан:

— Құп, болады, дегенде, Қорлыбай атының шаужайын ұстап қолтықтап түсіреді де, көшті оралтып қондырып, ілгергі елге шапқыншы жіберіп қайтарып, ханды елге қонақ етіп, қайтарында «жолыңыз» деп, елден көп қып жинап қалың жылқы айдатып қайтарған екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Ер Жауғаш


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер