Өлең, жыр, ақындар

Қалдан шерін мен Ханабад туралы аңыз

Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Ташкент деген қалада, оңтүстігі Шыршықтың күн батыс жағында Ханабад деген хан болыпты. Бір жағы тоғай жер болыпты, бір жағы Шыршық жар болыпты, Шыршық пенен тоғайына мал толыпты. Бір жағы адыр-жантақты, сусыз шөл болыпты. Бір жағы — батпақ, ылайсаң көл болыпты. Күн шығысы — таулы өр болыпты. Терістігі жон болыпты, батысы Сыр мен сор болыпты. Хан қахарлы болыпты, уәзірлері захарлы болыпты, қатыны — ерке, сор болыпты.

Күндердің күнінде Қалмақ ханы Қалдан шерін /Серін болу керек/ көп қолмен баса көктеп келіп қапты. Алты күн аңдысып, алты апта айтысып, алты жыл атысып ала алмапты. Қанабад ханның қамалының беріктігін білген Қалдан шерін ақырында Ханабад ханының ерке тотай азғындаған әйелі Ханымға астыртын адам салып, сый-сипат беріп, айтқанын істеуге уәде жасапты.

«Ханабадты алсақ, хан сарайында сенің айтқаныңды орындаймыз», — деп серт беріпті. Бұл сертке сенген Ханым ханның сырын әшкерелеп айтып береді:

«Шыршық өзенінің бас жағында Бозсу деген су бар. Сол Бозсумен Шыршықтың түйіскен жерінде құбыр /труба/ бар. Хан ордасына сол құбыр арқылы су келеді. Соның амалын тауып, суын бітеп, суын тоқтатсаңдар, хан ордасындағы хауызға су келмей, су қоймасы /хауыз/ сусыз қалып, хан әскері шөлдеп, шұбырып далаға шығады. Сол кезде тарпа бас салып, хан әскерін жеңген соң, сарайға кіре аласыңдар», — депті ханым.

Қалдан шерін Шыршықтың оңтүстік жағындағы Қарабай — Қосқорғаннан түйемен, атпен, есекпен сабан тартқызып, құбырдың ауыз тесігінен суға қосып сабанды ағыза беріпті. Сонда қаппен де, бос күйінде де ағызыпты. Сумен араласқан сабан жібіп жентектеліп, біріне-бірі кептеліп, Бұжғынтөбе деген жерге жеткенде, жер астындағы құбыр жарылып, су Шыршық өзеніне қарай аунап ағып кетіпті. Сол күннен бастап хан ордасына су келмей қойыпты. Арадан бірнеше күн өткеннен кейін хауыздағы су саси бастапты. Ханбадтың әскері шөлдеп, далаға шұбырып шығыпты. Аңдып жатқан Қалдан шеріннің әскерлері ұмтыла шауып, тобын жазбай, ұзатпастан ұстап алып, қырып тастапты.

Содан соң хан сарайына кіріп, Ханабад ханды байлап алыпты. Ханабадтың жалғыз ұлы бар екен. Ол бір тұлпар тайға мініп қашыпты да кетіпті. Ханабадтың әйелі Ханым жаңа хан Қалдан шерінмен хан ордасында қалыпты. Су бұзған Бұжғынтөбе сол күннен бастап /Бұзғын төбе/, яғни бұзылған төбе атанып кетіпті.

Қалдан шерін Ханабад ханның ордасын бұзып, сарайына енген соң Ханым сұлуды шақырып алып, Ханымның түп мақсатын сұраған екен, сонда Ханым:

— Бұрынғы күйеуім Ханабад қырық боз биенің сүтіне шомылдырып, алпыс алабас ала сирақ саулық қойды сойып, жілік пашпайының сыбырлақ майына палау жасап беретін. Оны пісіретін аспазы қазанға күрішті санап салатын да, кәкпірмен қозғап, аударып, төңкеріп пісірген соң, күрішті тағы да санайтын. Сонда бір күріш жарылып кетіп, не көбеймейтін, не азайып, жоғалмайтын. Ет пен майдың салмағы да кемімейтін.

Ал енді сен алпыс атан түйенің сүтіне шомылдырып, отыз ор қоянның бүйрек майына палау жасатып бересің. Сонда бұрынғы ханның аспазындай аспаз табасың. Соның істегенін бұл аспаз да істейді, — депті. Мұны естіген Қалдан шерін:

— Еркектің қасы әйел болар ма? Ей, опасыз қатын, сен сүйткен байыңа не жақсылық еттің? Ал енді бізге не жақсылық істермін дерсің? — деп қынабынан қылышын ала ұмтылған екен, Ханым жалғызым деп шалқасынан құлай кетіпті. Мұны көрген Қалдан шеріннің бас қолбасшысы Зал:

— Сабыр етіңізші, мұның сыры бар көрінеді, соны анықтған соң өлтірерміз, — депті. Сонда барып Қалдан шерін ашуын басып, қылышын қынабына салыпты да:

— Билігін саған бердім, тексеріп анықтарсың да, жазаларсың, — депті. Апарып бір зынданға тастап, «Не айтар екен, бақылаңдаршы» деп қарауыл қойыпты. Есі-күшін жиып алған Ханым былай депті: «Құндыз як...»

«Бұл не сөз» деп Зал сұрастыра келсе, Ханабад ханның Құндыз атты жалғыз баласы болыпты. «Як» тәжік тілінде «жалғыз» деген сөз екен. Ханымның «Құндыз як» дегені —  «жалғыз Құндызым!» дегені екен. Ол шешесінің опасыздығына шыдай алмай, бетіне түкіріпті де, өзінің тұлпар тайын жалдап өтіп, тоғай аралап, оңтүстікке қарай жүре беріпті. Бір күн жүріп, ертесіне сәскеде ойлы-қырлы бір жерге келіп, тұлпар тайынан түсіп, көкке шалдырыпты.

Сол шақта, қой жайып жүрген ақ сақалды бір кәрия келіп, бала мен тұлпар тайға қарай беріпті. Баланың жүзінен хан баласы екенін, бір нәрсеге өте ызалы екенін, астындағы тайының тұлпар тұқымынан екенін шамалап, сұрау сұрапты:

— Кім боласың, қайдан шықтың, қайда барасың, қайсы ханның баласысың? Айт шыныңды, мен ата тұтынайын, ашулы аласың болса, ақыл айтайын. Жортқан жолыңа жөн сілтейін, жолаушы болайын, — депті. Сонда бала:

— Орны толмас опасыздық, алданған сатқын ана, азап тартқан ата, кемдік етіп, кекті қуған бала. Өзім жалғызбын —  «Құндыз як», — деп, сазарып отыра кетті.

— Балам, ата кегін аларсың, халқыңа басшы боларсың, анаң ауыр азабын тартар, оңтүстікті қой, шөл далаға, тау- тасқа кез боласың, шығысқа тарт — деп, екі қолын жайып батасын берді.

Сонымен Құндыз як күншығысқа қарай бет алды. Кешке таман бір төбеге барып түнеп шықты. Ертесіне сәскелік жерге барғанда шүйгін шөпке кездесіп, тұлпар тайын оттатып алды. Содан шөбі шүйгін болғандықтан, «Шүйгін төбе» атаныпты. Кіші бесін кезінде бір көлге жетіп, екі мергенге жолығыпты. Олармен бірге екі күн жүріп, аң аулап, құс атады. Үшінші күні құсы таусылған соң, ілгері қарай жүреді. Бұл жердің құсы бірде бар, бірде жоқ болғандықтан, «Бардан көл» деп атап кетеді. Одан шығып бір қара көреді. Соған қарай бет алып жүріп барса, үлкен бір төбе екен. Алыстан қарасын көргендіктен, мұны «Қара төбе» деп атап кетеді. Тағы да ілгері қарай жүрді. Алдынан үш-төрт адам жолығады. Олардан жөн сұрап еді, жөнді жауап бермеді. Тек қана біреуі «қытай» дегендей ашулы үн қатты. Баланың ұғымынша «Қытай төбе» болды да, сол атпен аталды. Жолаушылардың бәрі де Қалдан шеріннің артынан іздеп келе жатқан елшілері екен. Нақ сол шақта, қалмақтарға қытайлар соғыс ашып, соны хабарлауға келе жатқан беті екен. Енді біраз жүрген соң, ақ сақалды, ақ шашты кәрияға қарсы келеді де, «Ақ ата» екен ғой деп сәлем беріп өте шығады. Тағы жүреді. Жұма намазын оқып шығып келе жатқан бір топ өңкей ақ шашты, ақ сақалды, ақ сәлделі шалдарға кез болып, атынан түсе қалып, сәлем беріп, қолын қусырып тұра береді. Баланың әдептілігіне риза болған сексен ақсақал қолын жайып бата береді. Міне, сол жер «Сексен ата» аталып қалыпты.

Не керек, Ханабадтың жалғыз баласы Шыршық өзенінің шығыс түстік бетімен күн шығысқа кете береді. Барып-барып аяғы Іскендер Зұлқарнайынның атына қойылған жердің үстіңгі жағынан «Жаман жар» деген жар кешуден Шыршықтың терістік бетіне өтіп, сол бала Қазықұрт тауына қарай кетіпті. Қайда жүргені белгісіз, әлі жоқ.

Ал баяғы опасыз Ханымның тексеру, жазалау билігін қолына алған бас уәзір, қолбасы Зал жалғыз бала Құндыз яктың кеткен ізі-тозын сұрастырып білген соң, Ханым сұлуды ертіп алып, іздеуге кіріседі. Бұлар да түс мезгілі болған шамада, қой жайып жүрген шалға жолығып, «бұл қай жер? деп сұрайды.

— Құндыз як...

— Не дейсің, Құндыз як? Ол кім? Ол қайда? — деп Ханым еңіреп жылай береді. Қойшы шал бұл жерде көп жылдан бері қой жаятынын, осыдан он шақты күн бұрын дәл осында бір баланың келгенін, аты Құндыз як екенін баяндайды. Оның жол бағытын айтып берген соң, Зал мен Ханым бетті күн шығысқа аударады. Кештетіп бір төбеге жетіп, жатып демалады. Аттарын шалдырады. Екеуінің де боз балалығы ұстап, бірімен бірі жанасады. Сол күннен бастап ерлі-зайыпты адамдай болып кетеді. Бұлар да талай-талай төбеге кезігеді. Өздерінше ат қояды. Соңынан осы жерлер солар қойған атпен аталып кетеді. «Ат тұяғы жеткен жер» деп, бір төбеге «Тұяқ төбе» деп ат қояды. Кесірлі әйел болғандық — астындағы айғыры зорығып өледі. Сол төбені «Айғыр сойған» депті. Екеуі жалғыз атқа мінгесіп жүре береді де, ішіп-жейтін тамағын, қалтасындағы ақшасын тауысып алады. Сол жерді «Шонтай төбе» атайды.

Азып-тозып Шыршықтың терістік бетіне өтіп, Қазақ даласына ене бастайды. Сонда Зал тұрып:

— Мына жерге су шығарып, ел қондырса, егін салса, қандай болар еді, — деп армандайды. Ай жарымдай жүріп, баланы таба алмай, көңілдері өксіп қайтып келсе, Қалдан шерін тас-талқан болып ашуланып отыр екен. Атамекен еліне қытайлар шабуыл жасап, өздері сияқты зар жылатып жатыр екен. Орнына Залды хан көтеріп, өзі еліне асығыс жүріп кетті.

Мұнда қалған Зал мен Ханым өздері алғашқы қосылып, мейірін қандырған жері «Той төбеге» ел-жұртты жиып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, ат шаптырып, бәйге тігіп, балуан күрестіріп, би билетіп, жыр айтқызып, күй тартқызып бір-біріне қосылды. Осы тойға аттылы да, жаяу да шұбап бара берген. Кедей сорлыда не көлік болсын, көбіне жаяу барған. Содан сықақ ретінде: «Той төбе — ақымаққа не деген жол» деген мақал қалыпты. Баяғы той болған төбе «Той төбе» аталыпты. Хандық пен ханымдық қолына тиген Зал мен Ханым өз армандарын іске асыру үшін Шыршық өзенінен Келес өзеніне қарай арық қаздырып, су шығармақ болыпты. Мыңдаған адамды аяусыз істетіпті. Арық шабылып біткен соң Шыршыққа бөгеу салып, су қойса, Зал қаздырған арықтан су сарқырап ағыпты да, Ханым қазған арықтан су ақпай қойыпты. Ызасы келген Ханым: «Маған қастық істегенсіңдер, — деп, мыңдаған еңбекшілердің басын кесіп, қанын ағызыпты.

Содан Ханым қаздырған арық «Қан арық» атанып кетіпті. Отанына, ел-жұртына, адал жұбайына опасыздық істеген Ханым ақырында халық қаһарына ұшырап, жынданып өліпті.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Ер Жауғаш


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер