Өлең, жыр, ақындар

Жоғары оқу орындарындағы дінтанулық білім қалыптасуы

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
«Дінтану» мамандығының
4 курс студенті Кутлымуратова Ж.М
Жетекші аға оқытушы Тунгатова.У.А

www.kaznu.kz

Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Еліміздегі дінтану мамандары бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде даярланады.

Дінтанулық білім тарихы 1992 жылы алғаш рет Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дін және еркін ойлау» мамандығының ашылуынан бастау алады. Қазір дінтану бакалаврларын еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің Дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды.

Қарағанды мемлекеттік университетінен өзге аталған оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша магистратура ашылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен «Нұр» Қазақ-египет ислам университеті дінтану мамандығы бойынша PhD докторларын даярлайды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «дінтану» мамандығына жыл сайын 65 мемлекеттік грант бөлініп келген болатын. 2013-2014 оқу жылынан бастап, оқу гранты 77-ге көбейтілді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етуде. Дінтану пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан аталған пәннің сағат санын көбейту мәселесіне мүмкіндігінше тереңірек маңыз берген жөн.

Сонымен қатар «Дінтану негіздері» пәнінің бағдарламасы қазіргі заманауи ахуал тұрғысынан біршама жетілдіруді қажет ететіні белгілі. Елімізде 2009 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетте «теология» мамандығы бойынша діни және дінтанулық салаларды астастырған жоғары білім беріле бастады. Бұл мамандықтың ерекшелігі – дінді тек сырттай талдау, бағалау, пайымдау арқылы тану және танытумен шектелмей, діндердің ішкі болмысын зерделей оқытатын курстардың үлес салмағы басым болуында. Дін ұстанушының сана-сезімінің динамикасын зерттейтін, түсіндіретін пәндер тағылымын тәжірибемен ұштастыруға, дінтану ғылымын өз кезегінде екінші бір шетін көзқарас болып табылатын атеизм ұстанымдарымен біржақты қаруландырудан сақ болуға мүмкіндік беретін аталған мамандықтың еліміздің діни және дінтанулық білім жүйесінде өзіндік орны болары сөзсіз.

«Исламтану» мамандығының дербес қалыптасуы Қазақстандағы діни және дінтанулық білімнің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Аталған мамандық «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің Исламтану кафедрасы базасында даярланады. Исламтану мамандығының дербес оқу стандарты бар, ол исламтанушы мамандарды, ислам дін қызметкерлерін, ғылыми кадрларды даярлауға бағытталған. Бұл мамандық бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім беріледі.

Қорыта келгенде, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім өзіндік базаға, тиісті білім үдерісі құжаттарына, қалыптасқан тәжірибеге ие, халықаралық ғылыми және білімдік байланыстарды жандандыруға өзіндік үлес қосып отырған қоғам өміріндегі маңызы жоғары білім беру саласы болып табылады. Өзге де білім салалары секілді дінтанулық білім уақыт талабына сай бағыттылығы жөнінен бірізділендіріліп, мазмұны тұрғысынан байытылып отыруға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз