Өлең, жыр, ақындар

Менің Әуезовым

Мұхтар Әуезов — қазақ әдебиетінің кемелденуіне, әлемдік мәдениетке шығармашылығымен өзінің орасан зор үлесін қосқан, қазақ халқының асыл перзенті, тұғырлы тұлғаларының бірі. М. Әуезов мағынасы терең туындыларымен келешек ұрпаққа өшпестей із қалдырды, оның шығармалары бүгінгі күнге дейін жетіп, тарих беттерінен, ұмытылмастай орынын ойып алды. Белгілі академик, ғалым Рымғали Нұрғалиев айтқандай: "Мұхтар Әуезов — сарқылмастай, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс". Сондықтан болар, уақыт өткен сайын тың қырларымен, жаңа сырларын біле түскендейміз. 

Ұлттың Әуезовы, қазақтың Әуезовы, ол менің Әуезовым! Әуезовтың туындыларын оқығанды өз басым жөн көремін. Қазіргі таңда "Абай жолы" романын оқу үстіндемін. Абай жолын оқи отыра қалай ойға шомып кететінімді білсеңіз ғой. Тәрбиелік мәні зор, адамды таң қалдыратын оқиғаларын оқыған сайын Абайды түсіне бастағандаймын. Менің Абайды ұғынуыма себепкер бірден бір жан — ол менің — Әуезовым. Осы жерде "Абай жолын" оқымаған қазақ, қазақ емес дер едім. Өйткені қазақтың тәрбиесі, салт-дәстүрі, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы, қазақтардың басына түскен қиындық, таршылық, қазақ басына келген қасірет пен қайғы қамтылған романды оқымаған адам - нағыз қазақ емес. Абай Мұхтарды әдебиеттің шы­ңына көтерді, Мұхтар Абайды әлемге танытты. Әуезов - ғасырда бір туатын жазушы болса, "Абай жолы" — ғасырлық туынды болып мәңгі қала бермек. Әуезовтың арқасында қазақ қоғамындағы тәрбие мен ұлттық, отбасылық құндылықтар жайлы тереңірек түсіндім.  Әңгімелерінің түпкі мәніне зер салсам, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғай отыра, адамға тәрбиелілік мәнін ұғындырады. Менің Әуезовым — ерекше тұлға. Менің Әуезовым — қазақ қоғамының ғасырлық ғұмырын біз сияқты жастарға, келешек ұрпаққа жеткізе білген даңқты қаламгер. Әуезовтың туындылары басқа ақын жазушыларға мүлдем ұқсамайды. Біріншіден, қазақ қоғамындағы әйелдердің тағдыры туралы сөз қозғай білді. Мысалы, Қорғансыздың күні  әңгімесінде қалай керемет жазылған.  Екіншіден, менің Әуезовым - өз заманындағы шындықты тіршілік-тынысымен айқын бейнелей алды. Үшіншіден, менің Әуезовым драматургия саласына бірталай жаңа пьесалар, туындылар сыйлай білді. Мәселен, "Еңлік - Кебек", "Түнгі сарын" секілді пьесалар әлі де театр сахналарында қойылып келеді, одан әрі қойыла бермек .

Қорытындылай келсем, менің Әуезовым — өз заманындағы ерен тұлға, даңқты қаламгер. Менің Әуезовым, Абай арқылы барша қазақты әлемге таныта білді. Аса құнды шығармалары ұрпақтан ұрпаққа жетіп, міне, бүгінгі күні бізде туындыларына зер салып оқып отырмыз. Әуезовтың асыл туындыларын оқыған сайын рухани дүниемізді байып, баға жетпес жан азығы болып қала бермек. Менің Әуезовым — ұлттың жанашыр Әуезовым!

Бағдат Ақнұр 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз