Өлең, жыр, ақындар

Қарты бар үйдің – қазынасы бар. «Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік»

«Жас жүрген жер — мереке.

Қарт жүрген жер — береке» дейді дана халқымыз. Ата-әжелеріміз бар үй әрқашан ынтымақ пен берекеге толы емес пе? Үйімізден қонақ та үзілмей,әр күніміз мерекеге айналады. Сол кісілермен бірге бір дастарқан басында отырып, шер тарқасқанның өзі бір ғанибет қой. Төріміздегі қарттарымыз – шаңырақтың шаттығын сақтап, айрандай ұйытып отыратын кеңесшілеріміз. Ал ата мен әженің балаға беретін тәрбиесі мүлде бөлек әңгіме. Олар немерелерінен бар тәттісі мен дәмдісін аямаған, жақсы мен жаманды айыруға баулып, жарқын болашаққа жол сілтеген, мейірімді ұстаз, қамқор ата-ана бола білген алтын жандар. Салт-дәстүрімізді жастайынан бойына сіңіртіп, өр рухты азаматтар болуға септігін тигізген бірден бір тұлғалар. Осы кісілердің тәрбиесін алып, үлгі-өнегесіне сусындап өскен ұрпақ сөзсіз ибалы да, тәрбиелі болып ер жеткен. Бұлбалалардың өмірге деген құлшынысы да басқаларынан дара болған. Баламен кішкентайынан әңгіме – дүкен құру оның ой-өрісін дамытады, қоршаған ортамен танысып, тез тіл табысуға көп септігін тигізеді. Ата-әжесінің көзін көріп, қолында болған балаға халықтың мейірімі де әрдайым ерек. Осы секілді қазақ әжесінің идеал образын қалыптастырған ерекше тұлғамыз – Абайдай дананы тәрбиелеген Зере әжеміз.

«Қариямен жолдас болсаң, дана боларсың.» дегендей, сонау алыс замандардан қарттарын төбеге көтеріп,төрден орын беріп, қастерлеген халықпыз. Қария – ағып жатқан дария іспеттес. Қарияларымыздың ақылы мен тәлім-тәрбиесініңорны әрдайым бөлек болмақ. Жасы үлкенге құрмет көрсету,айтқан ақылын екі етпеу - бұрыннан келе жатқан дәстүріміз. Қарияларымыздың алдынан кесе өтпей, үнемі тек төрге шығарған. Айтшылап қонақ болып қалса, бар дәмдісін аямай, барынша көңілін күткен. Аталарымыздың бір ауыз ақылын есту үшін сонау алыстан келіп, айтқанын екі қылмаған. Сол заманда көрсетілген құрметті қазіргі күнге жеткен «Үлкеннің жолын кеспе!»,»Үлкеннің сөзін бөлме!» деген сынды тыйымдардан-ақ байқауға болады. Бұл сөздерді әлі күнге дейін өскелең ұрпақтың құлағына құюдамыз.

Ұлтымыздың мың ғасырлық тарихында үлгі тұтарлық,артымыздан ерген жастарға өнеге етіп көрсететіндей, елалдындағы адал қызметінен үлгі алатын тұлғаларымыз аз емес. Біздің халқымыз өмірде көпті көрген,айтар ақылы мол, ел арасында беделді, құрметті қарияларды «ақсақал» деп атап, ерекше қадірлеген. Ақсақалдар өзінің өмірден түйген құндылықтарын халыққа үйретуші, біздің ежелгі салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін дана жандар. Үнемі бәтуалы сөздер айтып, халықты бірлікте ұстауға ұмтылған кемел адамдар. Жастар сол заманның осындай бір туар тұлғаларын үлгі тұтқан. Ақсақалдар ауыл арасындағы дауларды шешіп, бұқараны үнемі ақылға шақырып отырған.

21 ғасыр – сөзсіз жаңа технологияның заманы. Барлығы білім алуға, бай болуға ұмтылып, алайда адами құндылықтарын жоғалтып алғандай әсер қалдырады.Ежелде ата-анасын төрінен түсірмей, аялап бағып қараса, осының барлығы уақыт өте келе өзгере бастады. Әрине, әркімнің басына жазылған тағдыры бірдей емес. Әр пендемаңдайына жазылғанын көреді. Кей қариялар мәнді де сәнді өмір сүріп, қартайған шағында балаларынан рахат көріп, отбасының ұйытқысы болып отырса, енді біреулері дәл қызық көретін шағында тысқары қалып, қу тізесін құшақтап қалатыны, қабылдағымыз келмесе де ащы шындық екені рас. Біз үшін көз алдымызда күліп-ойнап, тілекші болып, балаларына кеңесін, немерелеріне ғибратты әңгімелерін айтып, жанымызда аман-есен жүргеніне жететін ештеңе жоқболса, өкінішке орай , бала атаулының барлығы ата-анасының қолын ыстық суға малып, жағдайын жасап отырған жоқ. Жаңашылдыққа ұмтылған қаншама жастар қарт әке-шешесін күтуден бас тартып, қарттар үйіне қиып әкеліп, тоғыта салады. Басында білімі, қолында ақшасы болғанның мәнісі неде, ата-анасына бүйрегі жылымай, тастап кете барса ? Әке-шешесімен шүйіркелесіп, бірге ойнап күліп, ақылын тыңдамаған соң оның несі бақытты өмір? Ел аман, жұрт тыныш заманда қарт ата-аналарын жүректері сыздамай-ақ әкеліп, өткізе салатын жағдайға да жетіппіз. Шулаған немерелерінің жанында, арқаны кеңге салып жүре алмаса, дәл қартайған шағында қайдағы рахат өмір? Сондағы ақ жаулықты әжелер мен аталарымыздың жазығы не? Дүниеге алып келіп, бар өмірін балаларына арнап, қызық көремін деген қаншама қарияларымыз қазір көздері жәутеңдеп, терезеге телмірумен уақыт өткізуде.Осындай ақылы дариядай қарияларымыздың жақын жанының мейірімінсіз, бөтен адамдардың жанында күн көріп жатқаны жаныңа батады.

«Ақиқатты айқындап жариялар,

Бара жатыр азайып қариялар

Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,

Бара жатыр сарқылып дариялар», деп Мұқағали атамыз жырлағандай, ағынды дария, алтын қарияларымыздың азайып бара жатқаны жүрегіңе батады. Өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ұрпағын барлық жақсыға баулыған қарттарымыз біз үшін қашан да қымбат болып қала бермек. Еліміз осындай қарияларын жоғалтса, ұлтымыздың қасиеті де жоғалғаны. Қарттар – қашанда біздің баға жетпес алтын байлығымыз. Ақылды, дана қарияларымыз әрбір отбасыда, әр ауылда, әр қалада бар. Оларды өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетіп, бағалау – әрбіріміздің борышымыз. Қарттарымызды тек мереке күндері ғана ұлықтамай, әр кез ескеріп, есімізден шығармайық. «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» демекші, артымыздан еріп келе жатқан жалынды жас ұрпақ, ата-бабаларымыздың теңдесіз сөздерін бойына сіңірсе, еліміздің ертеңі жарқын болатынына кәміл сенеміз.

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің, журналистика мамандығының 3-курс студенті Жұмаділ Эльдана Әділетқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз