Өлең, жыр, ақындар

"Болмаған балалық шақ" қойылымына рецензия

Белгілі ақын Ақберен Елгезектің қаламынан туған «Болмаған балалық шақ» повесі қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық алып келген еді. Өз өмірін бүкпесіз ашып, балалық шағында бастан кешкен тағдырын еш бояусыз ақ қағазға түсірген автор көпшіліктің таңданысын да туғызбай қоймаған болатын. Осы шығармасымен өзімен тағдырлас өрендерге өз тағдырының қожайыны болар сәулелі, шуақты күндер туатынын жеткізуді мақсат тұтқан жазушы шығармасы сахнада көрермен көзайымына айналып та үлгерді десек қателеспеспіз. 21 наурызда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында алғашқы таныстырылымы өткен қойылымның әр шығарылымы аншлагпен өтуде. Екінші тынысы ашылған туынды жөнінде қойылым режиссеры мен кейіпкерлерді сомдаған актерлардың, театр сыншысының пікірлерін қалдырған болатын.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, инценировка авторы Фархат Молдағали ағамыздың айтуы бойынша:

«2021 жылы «Болмаған балалық шақ» повесінің желісімен жазылған спектакль Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының репертуарына қосылады деген шешім қабылданды. Сол жоспарды, мақсатты жүзеге асырудың сәті, міне, осы жылы түсіп отыр. Нағыз біздің театрға лайықты қойылым болып шықты. Алғашында спектакльді кіші залға қоямыз деп ойлаған едік, алайда репетиция барысында көлемді, ауқымды дүние екеніне көзіміз жетіп, үлкен залға ауыстырдық. Автормен кездесіп, повеске сахналық жаңа сипат енгізетінімізді айтып, рұқсатын алған болатынбыз. Ақберен аға рұқсатын беріп, біздің жұмысымызға мүлде араласпады, яғни автор тарапынан «былай, жасаңдар, былай сөйлетіңдер» деген секілді нұсқаулар көрсету болмады. Қойылымды көпшілікпен бірге келіп, премьерасында бір-ақ көрді. Бұл біздің еркін жұмыс жасауымызға үлкен ықпал етті. Повестің инсценировкасын жазу қарсаңында шығарманы бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Мазмұны өте бай. Актерларды да қарым-қабілетіне, табиғатына қарай таңдап, рөлдерін үлестіріп бердім. Бәрі де жанын салып дайындалды. Қойылым арқылы өткенімізге саяхат жасадық.

Спектакльдің басты қасиеті неде десеңіз, туындыға ең бірінші бәріміздің бойымызда бар сағыныш арқау болған. Ол – анаға, әкеге, балалығымызға деген сағыныш. Екінші, қойылымнан прозалық шығарманың – повестің драматургиялық жанрға қалай айналғанын көруге болады. Үшінші, кейіпкерлер болмысымен, туынды мазмұнымен бітеқайнасқан актерлық құрамның өнері де көрермен қауымға бөлек әсер сыйлары сөзсіз.»

Кез келген дəуірді алсақ та, ақын-жазушылар тіліне тиек еткен өзекті тақырыптың бірі – жетімдер тағдыры. Бұл тақырып əлем əдебиетінде үлкен орынға ие екендігін: ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері», «Дэвид Копперфилд», француз жазушысы Виктор Гюгоның «Аластатылғандар» тəрізді көлемді туындылары дәлел бола алады. Сонымен қатар, американ жазушысы Джек Лондонның «Жолдан тайған», орыс қаламгерлері А.М.Горькийдің «Жетімек», А.С.Серафимовичтің «Торғай түн», А.Чеховтың «Ванька», «Ұйқы келеді» əңгімелері мен дат жазушысы, ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің  «Шырпы сатқан қыз» әңгімесін айтуға әбден болады.  Ал, қазақ əдебиетінде де жетім балалар туралы қалам тербеген жазушылар аз емес. Тоқтала кетсек, М.Əуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», С.Дөнентаевтың «Көркемтай», Қ.Кемеңгерұлының «Жетім қыз», «Момынтай» əңгімелерін және А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» прозасын жатқызуға болады.

Адам өмірінде ең тәтті өмірлік кезең – балалық шақ. Ата-анаға еркелеп, асыр салып ойнайтын, қызыққа ешбір тоймайтын сәттер әрбір баланың маңдайына жазылмағаны рас. «Болмаған балалық шақ» шығармасы жетімдіктің тауқыметін көп тартқан баланың тағдырынан сыр шертеді. Туындыдағы бүкіл оқиғаны автор өз өмірінен алған. Дегенімен біреуді мақтау немесе даттау үшін емес. Өзімен тағдырлас жандарға демеу болып, өмірдің өткінші сынақтарына төтеп беру мақсатында қолына қалам алып тебіренген. А.Елгезек: «Бұл шығарманы жазудағы мақсатым – екеу. Біріншісі – мына ұланғайыр Отанымыздың бір түкпірінде менімен тағдырлас бала болса, осы хиқаятты оқысын. Балалық шағының әр күні ауыр өтіп жатса, бұл күйзеліске толы күндердің өтетінін білсін. Алда оны тек сәулелі, шуақты күндер күтетінін ұғынсын. Ол болашақта жеңімпаз болатынына, өз тағдырының қожасы болатынына шүбәсі болмасын деп жаздым. Екіншіден, бұл хиқаятты жетім баланы бауырына басып, тәрбиелеп отырған үлкендерге арнадым: балаға мейірімді болыңыздар, ағайын! Жылы сөздеріңізді аямай, жылы қабақ танытыңыздар жаутаңкөз тағдырларға» — деген екен. Расында да, өмірдің ащы сынақтарына толыққанды отбасынан шыққандардың өзі төзе алмай кететін жағдайларда, арқасүйер ешкімі жоқ жетімдердің халі тым мүшкіл екеніне көзің жеткізетін бұл шығарманың көтерер жүгі ауыр.

Қорытындылай келсек, қойылымның негізгі айтар ойы – Ақберен Елгезектің өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері мен қиялы сахнадан көрініс тапқан. Осынау өмірде ерте есейіп, қиындықтарды жеңуін шығармаға арқау еткен. Сол арқылы «жетім» балаларға өмір санақтарынан сүрінбей өтуге шақырады. Бүгінгі таңда бұндай тақырыптың көтерілуінің маңызы зор.

Мақала авторы - Азатқызы Альфия. «Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті», «Философия және Саясаттану факультеті», «Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы»,  «6B03102 -Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы, 4 курс студенті

Жетекшісі- Кудерина Айжан Нурхамитовна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз