Өлең, жыр, ақындар

Анаң ауырса.. (Көрініс)

(Көрініс)

(Сахнаға жұмыстан келген анасы шығып, қыздарымен амандасады. Анасымен шұрқырай амандасқан қыздары, қайта улап-шулап, таласып, айғай-шумен ойнап кетеді. Киімін жылдам ауыстырған анасы, біресе тамақ жасап, біресе үйдегі шашылған заттарды жинап, біресе ыдыс жуып сәнсіреп кетеді.)

Анасы:

— Айжан, Айман, Шолпан! Қане, жылдам маған көмектесеміз?! Менің он қолым жоқ. Есесіне үш қызым бар. Неге маған жандарың ашымайды?

Айжан:

— Анашым, менде ертең тжб. Тестке дайындалуым керек! Айман мен Шолпанға айтыңызшы..! Менің міндетім тек төсек салу! (Кітабын алып шығып кетеді.)

Айман:

— Анашым, мен күнде кір жайып жүрмін ғой? Шолпанға айтыңызшы? Күніге мен істей беремін бе?

Шолпан:

— Анашым, мен үнемі қоқыс тастап, әрі дүкенге барамын. Сонда олар не істейді? 

Анасы (айқайлап):

— Болды,  жетеді!  Ешқайсың ешнәрсе істемеңдер! Барлығың жатыңдар телефон көріп. Мен өзім істей салам. Күні бойы жұмыста тікемнен-тік шапқылап жүремін. Екі сағат автобуста сығылысып, кептеліспен шаршап келемін. Келе сала сендер шашып даярлап қойған үйді жинаймын. Қолмен жуатын кірді жуамын. Ыдыс жуамын. Сабақтарыңды оқытамын.  Шомылдырамын. Ас дайындаймын! Мен — Құлтемірмін!  Мен — шаршамаймын! Барлығын істей беремін. Түнде үш-төрт сағат қана ұйықтап, таңғы алтыда жұмысқа барамын. Ал, сендер, демалыңдар,  барыңдар! (Кенет жүрегін ұстап, отырып қалады.)

Шолпан:

— Анашым, сізге не болды?

Айман:

— Анашым, қай жеріңіз ауырып тұр?

Айжан:

— Анашым, бізді кешіріңізші...?! Мен барлығын өзім істеймін! Тек, бізді қорқытпаңызшы...?!

Анасы:

— Қыздарым, мен кішкене жата тұрайыншы... Әкелеріңе айтыңдаршы, дайын ас ала келсін! (Сахнадан кетеді)

Айжан:

— Айман-Шолпан! Ешкім әкеге қоңырау шалмасын. Мен тамақ істеймін. Айман үй жинайды. Шаң сүртеді. Шолпан қоқыс тастап, нан әкеледі.

Айман:

— Мақұл әпке!

Шолпан:

— Жарайды (көңілсіз келісіп, есік аузында тұрған пакетті алып, сахнадан шығып кетеді.)

Айман:

— Әпке, біз осындай тату, бауырмал болу үшін, міндетті түрде анамыз ауруы керек пе еді?! Өтініш, бұдан былай салғыласпай,  ұйымшылдықпен үй тірлігін атқарайықшы?

Айжан:

— Айман, сен білесің! Мен биыл ҰБТ тапсырамын. Өтінемін, тамақ жасауды менен үйреніп алшы? Егер мен ҰБТ-дан аз балл жинасам, ақылы оқуға тура келеді. Ал ақылы оқысам, әкеміз бен анамыз сендерге ақша бере алмайды.

Айман:

— Әпке, маған тамақ жасауды үйретіңізші? Мен сізді үй жұмысынан толық босатайын. Бастысы жалқауланбай тестке жақсы дайындалыңыз!  Ертең ұят болып жүрмесін?! 

(Осы кезде әкесі келеді.)

Әкесі:

— Оо, бүгін біздің үйде бір өзгеріс бар секілді ғой? Аналарың қайда?

Айжан:

— Әке, жақсы жеттіңіз бе?  Анамыз кішкене ауырып қалды. Қазір тамақ дайын болады.

Әкесі:

— Тыныштық па? Қай жері ауырып қалды? Қатты ауырып қалмаған шығар? 

Айжан:

— Жүрегі секілді... Бірақ қатты уайымдамаңыз!

Әкесі:

— Қыздарым, алтын балапандарым!  Аналарың демалмағалы қанша болды? Кез-келген адам демалмай жұмыс істесе шаршап, ауырып қалмай ма? Ал сендер міне бойжеттіңдер! Енді аналарыңа үй тірлігін істетпеңдер! Ұят болады?!

Айжан (ұялып):

— Мақұл әке! Бұдан былай өзім қадағалаймын!

Әкесі:

—Айжан, сен қызым сабағыңа дайындала ғой. Бұдан былай Айман — басшы болсын! Шолпан — қосшы болсын! Мен — қажетті азық-түлікті таситын қамсыздандыру маманы боламын!

Айман:

— Мақұл әке! Онда мен сізбен бірге базарға барайыншы..?

Әкесі:

— Балмұздаққа тойып алайыншы? — дегің келіп тұр ғой, ия тәмпішім?! (Қызының басынан сипайды.)

Айман:

— Қалай біліп қойдыңыз, әке? (күледі)

Айжан:

— Әкешім, сізге алғысым шексіз! Осыдан ҰБТ-дан аман-есен өтсем, сіңлілеріме көмектесемін! Анама ешнәрсе жасатпаймын!
(Осы кезде сахнаға Шолпан шығып)

Шолпан:

— Анам бәріңізді шақырып жатыр. Жағдайым жақсы деп жатыр! — дейді.

Әкесі қыздарына қарап:

— Жүріңдер! — дейді. (Барлығы сахнадан кетеді.)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз