Өлең, жыр, ақындар

Өзгеру (Тіл жайлы қойылым)

Өзгеру  (Тіл жайлы  қойылым)

(Сахнада жеті оқушы тик-ток түсіріп, мобильді ойындар ойнап, жаргон, сленгтермен сөйлесіп отырады.)

Кука (телефон камерасына қарап):

— Сәлем роднойлар! Че там? Менде бәрі ауф!  Жизаға – риза, жүріп жатырмыз а так!

Гал (Кукаға қарап):

— Е, Кука!  Ляха-Муха! Тасташы тик-токты!  Геймер достарыңа қосылып, финишит етіп тасташы мына холиварды?! Маған сапорт керек?

Кука (камераны өшіріп):

— Че там Гал? Хилер керек болса отырмыз ғой жаныңда?! Юзи!

Мура:

— Че за адвенчура Кука? Канаға айтсайш, қатырады ғой?

Кана:

— Нет роднойлар! Я пас! У меня ФФ с хейтерами!

Сәния (видеоға түсіріп жүреді):

— Сәлем достар! Бұл әдеттегідей біздің сынып. Дәл қазір бізде – перемена, кругом – игромания!

Аза:

— Сани, не надо! Махоня көрсе натоция оқиды опять! Не снимай меня?!

Сәния:

— Пусть читает! Тебе не только натоцию... Фатиху надо читать. А то совсем виртуалды өмірге кіріп кеттің...

(Осы кезде сахнаға Аида жүгіріп шығады)

Аида:

— Ей,  Геймерлер!  АФК!  Училка идет!

(Барлығы телефондарын тығып, отыра қалады. Сахнаға мұғалім қыз шығады.)

Мұғалім:

— Сәлеметсіздер ме,  оқушылар!

Оқушылар:

— Сәлеметсіз бе!

Мұғалім:

— Сіздерге бір хабарландыру айтуға келдім. Жақында тәуелсіздік мерекесіне байланысты, мектепішілік қойылымдар жарысы өтеді.  Жарыста жүлделі орын алған сыныптар,  аудандық кезеңге өтеді.  Дайындалыңыздар! 

Меруерт:

— Кешіріңіз апай! Жарыста не істейміз?

Мұғалім:

— Шағын көрініс қоясыздар!  Тақырыпты өздеріңіз таңдап,  сценарийін құрып,  маған әкелесіздер! Уақыт  аз.  Сондықтан  жылдамдатыңыздар!

Гал:

— Ал қатыспасақ не болады?

Мұғалім:

— Қатыспасаңыздар... сыныптарыңызда қолынан түк келмейтін,  күні-түні телефонға телміріп,  милары уланып,  білім мен өнерден шет қалған тобырлар ғана оқитынын дәлелдейсіздер!  Сөздері — ешқандай ұлттың тіліне жатпайтын сленг-жаргон, күлкілері — дарақы, істері — жиіркенішті тобырлардан құралған нашар сынып атанасыздар! 

Аида:

— Апай, олай қатты айтпасаңызшы...?! (Бұртияды)

Кука:

— Е, маа! Жаман айттыңыз ғой апай?!

Мұғалім:

— Енді өздеріңе қараңдаршы? Қай қазақ «Көпжасарды – Кука, Ғалымды – Гал, Мұратты – Мура, Қанатты – Кана, Азаматты – Аза» — деп еді? Керісінше Абай, Мұқан, Шоқан, Шәкен деп қазақы атауларға ыңғайлап алмаушы ма еді есімдерді? Ал ауызекі сөздеріңді адам ұғып болмайды. Сырттан тыңдаған адамға өте сорақы естіледі...?! Жақсы, мен кеттім! Бүгін кешке дейін қойылым мәтінін жазып, менің жекеме жіберуді ұмытпаңыздар! (Кетеді)

Гал:

— Жақсы апай. Сау болыңыз! Қыздар, жігіттер! Не істейміз? Қандай көрініс қоямыз? Әлде «беспонтовый сынып» болып жүре береміз бе?

Аида:

— Келіңдерші, менде бір идея бар? (Барлығы сахнадан кетеді. Сосын Меруерт сахнаға қайта шығып, былай дейді) 

Меруерт:

— Құрметті көрермендер! Тәуелсіздік жылдарында туылған біздер, ол мейрамның қандай ұлы нығмет екенін біле бермейміз! Ендеше екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен қазіргі кезеңдегі қазақ елінің жағдайын  салыстырып көрелік? Бірінші көрініс: «Соғысқа келген қазақтар».

(Сахнаға дорба асынған, шапандары сүйретілген, шаршап-шалдыққан қазақтар шығады.)

Кана:

— Жігіттер, айтылған жерге келген секілдіміз. Біраз тынығып алайық? Осы жерден бізді тосып алады деген. (Барлығы жерге сұлай-сұлай кетеді)

Мара:

— Ау, ағайын! Біз мұнда не үшін келдік? Неге бізге мылтық бермейді? Неге бізді соғыстырмайды? Атаңа нәлет фашистерді қырып салайын?!  Өлсем – жаным садақа!

Кана:

— Мәке, ажалға асықпаңыз! Біз онсыз да өлімге айдалғандармыз? 

Гал:

— Айдалғаны несі? Не айтып тұрсың?

Кана:

— Мен кезінде орыс поселкесінде тұрғанмын. Аз-маз түсінетін орысшам бар. Кеше бізді қабылдап алған жат елдік офицер, түрімізге жирене қарап: «отправьте всех смертников на минную полю» — дегендей болды. Жанына жақындап, сөздерін естігім келіп еді, сезіктеніп кетіп қалды.

Мура:

— Ол не деген сөз? Түсіндіріп айтшы...?!

Кана:

— «Ажалдыларды мина жасырылған аңызға жіберіңдер!»— деді. Яғни, соғыс даласына алдымен жаяу-жалпылай, аш-жалаңаш біз барамыз. Егер минаға түсіп қалмасақ? Сосын жаудың оғынан аман қалсақ, қоян-қолтық ұрыс саламыз. Бірақ кімде жекпе-жекке шығар күш бар?

Кука:

— Тойып тамақ ішпегелі де бір ай болды. Суымыз да аз қалды. Әлсізбіз. Не істейміз? Елге қайтамыз ба?

Гал:

— Майдан даласынан қашсақ ше? Елге барайық?

Мура:

— Алашордашыларды атқандай тұтас атып тастасын барлығымызды сосын?! 

Гал:

— Енді не істейміз? Жоңғар мың қырды. Ақ патша жүз қырды. Қалғанын  большевик қырды. Екі рет аштықтан өлтірді. Көзі ашық сауаттыларды жойды. Егер неміс соғыс ашпағанда, түгел қырылып тынар ма едік? Не істейміз?

Мура:

— «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» — деген атам қазақ. Ажалымыз соғыстан болса, шейіт кетеміз. Ал сақтанып, дұға-тілек оқып жүрсек, бәлкім аман-есен елге оралармыз. Тәуекел! Мен соғыстан қашпаймын!

Мара:

— Дұрыс айтасың Бауырым!  «Батыр – бір өледі, қорқақ – мың өледі» — деген. Жанымызды Жаратқанға табыстап, дұшпанның табасына қалмай, басымызды тік ұстап соғысайық. Елдігімізге сын болмасын! (Барлығы бірдей «дұрыс», «жөн сөз», «соғысамыз!», «майдан даласынан қашпаймыз!»— деп шулап, сахнадан шығып  кетеді.)   

Аида:

— Екінші көрініс: «Егемендік алған жаңа қазақтар».

(Сахнаға  екі  қыз  шығады.)

Меруерт:

— Ой, Сәния! Келгенің қандай жақсы болды?! Бүгін менде ашық сабақ. Соған оқушыларды дайындап үлгере алмай жатыр ем... Сен маған көмектесетін болдың?

Сәния:

— Меруерт, құрбым! Қашанғы «мектеп-мектеп»  — деп жүгіре бересің?  Қашанғы шала қазақ оқушыларыңды уайымдап, солар «нағыз ұлтжанды ұрпақ болсын» — деп жанталаса бересің?! Жетеді болды! Бір уақыт өзіңді ойлашы?

Меруерт:

— Біріншіден, мектеп – менің екінші үйім! Екіншіден – оқушылар менің отбасым. Мен оларсыз өмірімді елестете де алмаймын.  Санасы отарланған ұрпақты, отарсыздандырып болған соң, мен бұл жерден өз еркіммен кетемін!

Сәния:

— Қияли құрбым! Сенің ғұмырың да жетпес, тұтас бір ұлтты тәрбиелеуге! Бұл – соғыс! Ақпараттық соғыс! Ақпараттық соғыста кім адам санасына әсер ете алады, сол ғана жеңіске жетеді. Ал сен ғаламтор ойындары мен тик-токтың бүлігінен, телефонға тәуелділіктен оларды қалай құтқармақсың? 

Меруерт:

— Көздерін ашамын! Ұлт ретінде жаһандануға жұтылып кетпей, өз мәдениетімізді сақтап қалуға, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге барымды саламын! 

Сәния:

— Жақсы, өзің білесің! Тек денсаулығыңды абайлашы..?!

Меруерт:

— Жақсы! (Сахнаның сыртына қарап): Оқушылар! 8 «а» (Айқайлайды. Сәния кетіп қалады. Оқушылар түгел сахнаға шығады.)

— Дайындалыңдар! Қазір сабақ басталады... Кука, ой-Көпжасар,  монологыңды қайтала! Мұрат, өлеңіңді дұрыстап оқы! Шатаспай... Дайындалыңдар! (Сөйлеп, оқушыларға бұйрық беріп, шығып кетеді.)

Кука:

— Құрметті көрермендер! Тәуелсіздік –  жер бетіндегі халықтарға берілген, ең Ұлы Бақыт! Ел егеменді болса – халық тыныш ұйықтайды. Еркін сөйлеуден, түнде жүруден, риясыз күлуден қорықпайды!

Мура:

— Ел бейбіт болса, халық тыныш ұйықтайды. 

 Бала – жыламайды, ана қабақ шытпайды. 

 Ерлері сүйген Отанның, ешкім туын жықпайды.

Рухы оянған өр халық, дұшпанынан ықпайды! 

Мара:

— Текті болса ұл мен қыз,

Тексізден үлгі алмайды.

Тілін, ділін қастерлеп, 

Тамырын ұлттың жалғайды.

Кана:

— Шұбарламай сөйлейді,

Шындықты жек көрмейді.

Шала қазақ болмайды,

Шешен сөйлеп, ерлейді.

Гал:

— Елге үлес қосады,

Езден аулақ қашады.

Ерінбейді ешқашан,

Еңбексүйгіш болады.

(Сахнаға қолына телефонын ұстап, өлең оқығандарды видеоға  түсіріп Аида мен Сәния шығады.)

Аида:

— Жарайсыңдар қыздар-жігіттер! Апайға ұнайтын шығар, ия? Қалай ойлайсыңдар? Маған ұнап тұр!

Сәния:

— Мына қойылымнан кейін ФФ ойнап, тик-ток түсіріп, жаргонмен сөйлеуді қоятын шығарсыңдар енді?!

Кука:

— Расында қыздар, жігіттер! Бізде намыс жоқ па? Неге ана тілімізде таза сөйлеуге арланамыз? Шындасақ барлығымыз шешен, көсем сөйлей аламыз ғой? Әлде жаргондатпасақ жақсы көрінбей қаламыз ба?  

Аида:

— Менде бір идея бар! Бұдан былай кім орысша, ағылшынша қосып сөйлейді, сол 100 тг айып төлесін. Ал кім уақытын ойын мен пайдасыз әлемжеліде босқа өткізсе, сыныптың еденін жусын!

Кана:

— Кука мен Гал бірінші айыппұл арқалап, еден жуатын секілді ғой?! (күледі)

Кука:

— Құрметті сыныптастар! Біріншіден мені бүгіннен бастап «Көпжасар» деп атауларыңызды өтінемін! (ооо, мәссаған, қоеее деп барлығы күледі) Екіншіден, егер мен жағымсыз бір қасиетімді тастаймын десем, оны тастау маған оп-оңай! Сондықтан мені аңдығанша, өздеріңді түзеңдер! (Көрерміз,  тек сөзіңде тұр! Барлығы тағы күледі.)

  (Көпжасар Ғалымды ертіп шығып кетеді. Барлығы бір-біріне қарап, иықтарын көтеріп, күліп, бастарын шайқайды.)

Аида:

— Болды ұлдар, қыздар! Сайыс басталды. Айыппұлға ілінбейін десеңдер, тез тараңдар. Пайдалы іспен шұғылданыңдар! Ал мен барлығын жазып жүретін боламын. (Барлығы жүгіріп-жүгіріп сахнадан шығып кетеді. Аида телефон көріп тұрып қалады. Сосын жан-жағына шошына қарайды)

— Қой, мен елге айыппұл саламын деп жүргенде, біреу мені сыртымнан түсіріп алып, өзіме айыппұл арқалатпасын. (Жылдам шығып кетеді.)

(Соңынан барлығы түгел сахнаға шығып, бастарын аз ғана изеп, көрерменге құрмет көрсетеді)

Гүлмекен Қасенбай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз